ӨТКЕНГЕ ӨКПЕ ЖҮРМЕЙДІ

  • 05.02.2015
  • 300 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Нұрмахан ОРАЗБЕК,
журналист, қоғам қайраткері

Төртінші арна
ӘРКІМГЕ САЛМАҚ ТҮСКЕНДЕ
Сонымен, аудан жаңа жылды жаңа бірінші хатшымен қарсы алды. Жаңа басшы басқарған бюро мәжілісі жаңа жылдың екінші күні өтіпті. 
Соғыс кезінде жаудың басып алу қаупы төнген аймақтардан талайлардың Шығысқа, оның ішінде Қазақстанға да көшірілгені белгілі. Ондайлар, әрине, Фрунзе ауданына да келген. Сондықтан бюро «Соғыс даласынан көшіп келген жұмысшы, қызметкерлер мен әскери қызметкерлердің семьяларына жәрдем беретін» комиссия құрып, оның құрамына ауатком председателі Тасжановты, аупарткомның екінші хатшысы Абдулқасымовты, халық шаруашылығының есебі (статистика) мекемесінің басшысы Қалабаевты, әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі Елтаевты, ауат­комның құпия бөлімінің меңгерушісі Құрман­баевты енгізген.


Жылдың алғашқы айында өткізілген тағы бір жиынға көңіл аудару орынды секілді. Қаңтардың жиырмасында аупартком бюросы мен ауаткомның біріккен мәжілісі Қандөз ауылсоветіне қарасты «Ақтөбе», «Көктөбе», «Қаратөбе», «Қандөз» колхоздарын басқа ауылсоветтерге көшіру туралы (колхоз мүшелерінен, ауыл адамдарынан пікір сұралды ма, жоқ па – біле алмадым, өйткені содан бір күн бұрын «Қандөз» колхозының председателі Ерғараев ауатком мәжілісінде есеп берген, ертеңіне қаралатын мәселе туралы ешкім жақ ашпаған) жоғарыға жазылған ұсыныс мәтінін бекіту. Онда «Ақтөбені» «Фрунзе», «Қаратөбені» «Қызыләскер», «Қандөзді» «Куйбышев», «Көктөбені» «Жамбыл» колхоздарына көшіру ұйғарылған (соңғысы Ашадан Қаратаудағы мемлекеттік қор есебінде тұрған Егізқара дейтін жерге қоныс аудару туралы өтініш берген екен, сол мәселе шешілгеннен кейін). Ұсы­ныстың орынды екендігіне мынадай уәж келтіріліпті: көрсетілген колхоздардың экономикалық дамуы суарылатын жерлерді сумен қамтамасыз етуге байланысты, Сырдарияның арнасы тұрақсыз, тұрақты суаруға кепілдік бере алмайды, сол шаруашылықтардағы жерлердің жартысынан астамы шығырлармен суарылады. Шығырлар орнатуға көп қаржы кетеді, ол өзін ақтамайды, төрт колхоздың бәрі өнім өткізуден де, салық төлеуден де қарыз, «Көктөбеде» 26 гектар ғана егістік бар, ол тек шығырмен суарылады, шаруашылықтағы жұмыс қолы 33 қана болатын, 1942 жылдың бірінші қаңтарына 54. Басқа үш колхоздағы жағдай да сондай. Қоғамдық малды көбейтудің мемлекеттік жоспары ұдайы орындалмайды. Пермелерге мал сатып алу жоспары да. Бөлінбес қор жоспары да. Еңбеккүнге бөлінуге тиісті кіріс жоқ.
Осындай толып жатқан себептерді санамалай келіп, біріккен мәжіліс обком мен облаткомнан аудан шешімін бекітуді сұрайды.
Бірақ ол бекітілмеді. Өйткені облыстың жоспары басқалай екен. Оған сәл кейінірек, уақыты соққанда тоқталамыз.
***
Ауаткомның қаңтар айында болған кезекті бір мәжілісінде көптеген мәселелер қаралыпты. Біріншісі – ауылсоветтердің өзара салық қаржысына жасалған кіріс-шығыс сметасын бекіту. Финанс бөлімінің меңгерушісі Қалыбековтің есебі тыңдалып, смета бекітілген. Жай бекітіліп қоймай, сол салықты әлі жинап үлгере алмаған Шорнақ  ауылсоветінің председателі Ташметовке ақырғы ескерту берілген, 3-ақпанға жинап бітіріп, финанс бөліміне тапсыру міндеттелген. Басқа председательдерге салықты 15-ақпанға дейін жинап бітіру, қаулының дер кезінде орындалуын бақылау Қалыбековке тапсырылған.
Екінші мәселе – бойдақтар, соқа бастылар, перзентсіздер төлеуге тиісті 1941 жылғы салықты жинау қортындысы және 1942 жылға белгіленген салық. Баяндамашы тағы да Қалыбеков.
1941 жылы бұл салық 878 адамға (бұған жұмысшылар мен қызметшілер кірмейді, оларға жалақы берілгенде ұстап қалынады) 21350 сом көлемінде белгіленген, содан 1-қаңтарға жиналғаны 14900 сом, Бабай – 430, Шорнақ – 765, Қаражон – 485, Аша – 445 сом қарыз.
1942 жылғы салыққа тартылған азаматтар 634 (көп бойдақ соғысқа аттанған), салық 61160 сом. Жинап бітіру үшін түсінік жүргізу Қалыбеков пен ауылсовет председательдеріне тапсырылған.
Ауатком жанынан әкімшілік комиссиясын құру мәселесі де сөз болыпты. Бұл комиссияның міндеті – жергілікті совет органдарының міндетті қаулыларын бұзушыларға шара қолдану, оны әкімшілік жолмен іске асыру. Оған кінәліге салынған айыппұлды өндіру, айыппұл есебін жүргізу, түскен материалдарды әр он күн сайын қарап отыру міндеттелген.
Аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің және Қызыләскер семьяларына жәрдемақы мөлшерін белгілеу комиссиясының жұмысын тексеру жөнінде тағы бір комиссия құрылып, оған тексеруді 10-ақпанға дейін аяқтап, ауатком мәжілісінде талқылауға дайын ету тапсырылған.
Өте маңызды бір мәселе – пошта жұмысы. Әсіресе майданнан хат күтетіндер үшін. Мәжілістің байламы: жұмысын қайта құра алмады, ауылдағы пошта бөлімдеріне жеткілікті басшылық ете алмайды, Үшқайық, Бабайқорған пошталарының бастығы етіп оқушылар алынған, көбіне жабық тұрады, пошташылардың аттарды күтіп ұстауына мүлде көңіл бөлінбейді, газет-журналдар жазылушыларға дер кезінде жеткізілмейді, онсыз да санаулы телефондар дұрыс істемейді. Қысқасы, жұмыс қанағаттандырмайды. Әлгі кемшіліктер аудандық байланыс бөлімінің бастығы Батырбековке (осы кісі аудан ашылғаннан жабылғанға дейін 16 жыл бойы бір жұмыста табан аудармай істеген жалғыз кадр – Н.О.) көрсетіліп, жұмысты қайта құру, тиянақты адамдарды сұрыптап алу соның өзі мен ауаткомның кадр бөлімінің меңгерушісі Саңғылбаевқа міндеттелген.
Тазалық, денсаулық сақтау мәселелері баршаға қатысты. Соғыс алдында  ауданда 29 монша салу белгіленген екен, салынғаны 11 (бұл да күмәнді). Бит өлтіретін моншаларды барлық ауылдарда салу ауылсовет, колхоз басшыларына, ақшаны уақтылы бөлу Қалыбековке, медициналық насихат денсаулық сақтау бөліміне, жұқпалы дертке ұшырағандарды аудандық ауруханаға тез жеткізу, жергілікті медқызметкерлерге жағдай жасау ауылсовет басшыларына міндеттелген.
Келесі бір мәселе – аудан көлемінен малды басқа жаққа айдап кетуге тыйым салу туралы ауатком председателі Тасжановтың өзі баяндаған. Бұл құбылыс соңғы кезде көбейіпті. Одан, біріншіден, мал басы кемиді, бағасын қымбаттатып, саудагершілік жасауға жол ашылады, екіншіден, мал індеттерінің (аусыл, қотыр, топалаң) таралуына септеседі,  үшіншіден, мал дәрігерлері мен ауылсоветтерден анықтама алмай мал сатуға, союға жол беріледі. Үшқайық, Қандөз ауылсоветтерінде мал сойып құдайы беру, той жасау әдет-ғұрыптары жоқ емес. Ауылсовет председательдері мен милиция ондайларға тиісті шараларын қолданбайды. Салдар – мал өсірудің мемлекеттік жоспары орындалмай келеді.
Қаулы: басқа жаққа мал алып кетуге, сатып жіберуге тыйым салынсын; жер бөлімінің, мал дәрігерінің, ауылсоветтің анықтамасынсыз союға, сатуға рұқсат етілмесін; бұл тәртіпті бұзатындарды, қылмыс заңының тиісті баптары бойынша, мал басын жоюшылар қатарында жауапқа тарту тергеу орындарына тапсырылсын; әрбір ауылсовет орталығынан сойылатын малға арнаулы орын (құшқана) ұйымдастырылсын, бұған басшылық колхоз председателіне тапсырылсын, бұл ережені бұзатындарға аудандық советтің 13-қаңтардағы міндетті қаулысында көрсетілген шаралар қолданылатыны ескертілсін; рұқсатпен сойылған малдың етін аудан орталығында сату үшін дүкен ашу тұтынушылар одағы мен сауда бөліміне тапсырылсын, еттің бағасы колхоз базарының нарқымен сатылатын болсын, осыларды көпшілікке түсіндіру ауылсовет басшыларына тапсырылсын.
Мәжілісте сондай-ақ «Құсшы», «Куйбышев», «Қаражон», «Будённый», «Жамбыл», «1-май», «Қызыләскер», «Фрунзе», «Крупская», «Андреев», «Қаратөбе», «Көктөбе» колхоздарының кіріс-шығыс есептері бекітілген.
***
Ауаткомның тағы бір мәжілісі ақпан айының басында өтіп, бес мәселені  қараған. Сүйсінерлігі, бірінші мәселе – аудан орталығында ойын-сауық үйірмесін ұйымдастыру туралы. Оқу бөлімінің бастығы Ағыбаев пен клуб бастығы Сырымбетованың баяндауын атқару комитеті бірден мақұлдап, үйірменің кіріс-шығыс сметасын бекіткен, ауылдарға барып тұру үшін ат, арба сатып алуға 37 мың сом бөлген. Үйірмені басқару тапсырылған Сырымбетованың айлық жалақысы 150 сом (клуб меңгерушісінің жалақысы ескерілген болуы керек), ойнаушылардың бірінші дәрежелілеріне (3 адам) 250, екіншілеріне (4 адам) 225 сом, үшіншілеріне (2 адам) 200 сом жалақы белгіленген, клубқа бюджеттен тыс түсетін қаражат көлемі, ойын, концерт, спектакль саны бекітілген.
Ауданда итсигек (анабазис) дайындау жоспары да бар екенін ілгеріде айтқанбыз. 1942 жылға жоспар 2300 тонна. 220 тоннасы екінші, 1930 тоннасы үшінші, 150 тоннасы төртінші тоқсанда тапсырылуға тиісті. Итсигек өсетін жерлері бар 14 колхозға міндеттелгені: «Будённый» – 150, «Иіркөл» – 300, «Жамбыл» – 400, «Қаратөбе» – 200, «Қандөз» – 400, «Ақтөбе» – 300, «Көктөбе» – 175, «Игілік» – 25, «Шорнақтөбе» – 75, «М.Горький» – 75, «Құмайлықас» – 25, «Ақсары» – 25, «Қызыләскер» – 50, «Каганович» – 100 тонна. Бәрі «Лекрасконторға».
Жұмысшы болсын, колхозшы болсын, қызметкер болсын, жеке шаруа болсын, мемлекетке заттай салық төлеуге тиісті заман ғой. Дайындау халық комиссариатының облыстық уәкілдігі 22-декабрьде жіберген қатынасымен сарымайдан басқа заттай салықтан (ет, жуа, жұмыртқа, т.б.) басшы қызметкерлерді босатыпты. Ауатком сол салықтан босатылған 30 адамның тізімін бекітіп, облыстың мақұлдауына жіберіпті.
***
Февраль (кәзіргіше – ақпан) айының 18-19-ында аупарткомның ХІ пленумы болды. Оның мүшелерінен он адам қатысқан. Тұңғыш конференцияда сайланғаны 19 болатын. Демек, тоғыз адамның басқа аудандарға, әскерге кеткені. Жартысы бар екеніне шүкіршілік дейсің.
Пленумның күн тәртібіне үш мәселе қойылған. 1. КҚ(б)П Орталық Комитеті мен облпартком пленумдарының қаулыларын орындау шаралары және көктем егісіне дайындық. 2. Мал шаруашылығын өркендетудің 1941 жылғы жоспарының орындалу қортындысы және мал қыстату барысы. 3. Ұйымдастыру мәселелері. Демек, күнделікті шаруалар.
Бірінші мәселе жөніндегі Пошановтың баяндамасынан анықталатыны мыналар. Өткен жылы аудан дәнді егістен де, мақтадан да мол өнім жинап, облыста алдыңғылардың бірі болған. Қайталамайық. Күздік егу жоспары 109% орындалған, көктем егісіне керекті 3087 центнер жаздық егіс тұқымы қолда. Жаңадан 18 арба жасалған. Негізгі құрал-саймандар жөнделіп біткен. 58 трактор жөнделіп, 50-і колхоздарға жіберіліп болған. МТС өз шеберханасында 76 түрлі қосалқы бөлшектердің 1226 данасын дайындап қойған. Тіркелетін 164 мәшиненің 110-ы жөнделген. 
Қызыл Армияға 5000 жылы киім, жылқы, арба жөнелтілген. Партия қатары өскен, 25 үгіт коллективі ұйымдастырылған, олардың құрамында 229 үгітші бар. Өндірістен қол үзбей 83 әйел тракторшы, 12 әйел комбайншы болып шыққан. Керемет!
Бірақ кереметтің де кемшілігі болса керек. Тіпті жетіп артылады. 8 трактор, тіркелетін 43 мәшинә болмашы себептермен жөнделіп бітпеген. «Жамбыл», «Андреев», «Үлгілі» колхоздарында бірталай ауылшаруашылық құрал-саймандары жөнделмеген. «Қызыләскер», «Ақсары» колхоздарында оларды жөндеу сапасыз жүргізілген. Алдыңғысында 9 соқа, кейінгісінде 4 соқа қайта жөнделуде. Аудан бойынша көктемгі егіске қатысатын мал ішінен 115 жылқы, 69 өгіз, 81 түйе әлі бағымға алынбаған. Әсіресе «Ленин», «Каганович», «Октябрь», «Игілік» колхоздарында. Қолдағы тұқымның 2815 центнері зертханадан өтпеген, шығымдылық дәрежесі анықталмаған. Ондай тұқым «Крупскаяда» 106, «Куйбышевте» 60, «Абайда» 55, «Көктөбеде» 45 центнер. Аупартком бюросы шығымдылығы жақсы тұқымды онысы жетіспейтін колхоздарға ауыстыруды міндеттеген болатын. «Ленин» (Пірмашов), «Ақтөбе» (Құттыбаев), «Құмайлықас» (Ержанов) оны орындамай, тұқым бермеген. Көп тұқымның шығымдылық дәрежесіне жеткізілмеуі содан.
Жоспар бойынша егістік жерге 3791 центнер минералды тыңайтқыш, 48 мың тонна көң төгілуге тиіс. Төгілгені 1488 центнер минтыңайтқыш, 20433 тонна көң. «Куйбышев», «Үлгілі», «1-май», «Ленин» әсіресе артта. Көптеген колхоздар қысқы жер суару, арық тазалау ісін тоқтатып қойған.
6 жерде біліктілікті арттыратын стахановшылар курстары ашылған, бірақ колхозшылар толық қамтылмайды. «Қызыләскерде» бес-ақ рет сабақ өткен. Активтерден 60 кісі техника үйренуге тиіс деп ұйғарылған. Қатысатындар үштің біріне жетпейді. 
Өткен жылы ауылшаруашылық жұмыс­тарына 2081 әйел қатысып еді, соның 86-сы еңбеккүн минимумын орындамаған. Басты себеп олардың жалқаулығы емес, балалар яслиінің ұйымдастырылмауы.
. Әр колхозда монша салу тапсырмасы орындалған жоқ.
Сасықбұлақ тоғанын жөндеу жұмысы әлдеқашан бітуге тиіс еді. «Қызыләскердің» Құлаевы тиісті  күш көлік пен жұмыс қолын толық бермей, тоған жөндеу жұмысы осы күнге дейін аяқталмай келеді.
Пленум  әрине, жарыссөзсіз өтпейді. Кейбіреу ақталады, уәде береді, жама­натқа қалмаудың амалын істейді, кейбіреу төтесінен тартады, әсіресе басшы орын­дағылар. Қалай десек те 14 адам сөйлепті. Тақырып – көктемгі егіске дайындық жайы.
Екінші мәселе – мал жайы ғой. Баяндаманы Тасжанов жасаған. Нақты жұмыс мынадай: Аудан колхоздарында малдың барлық түрі – сиыр, жылқы, қой-ешкі 10-15%, шошқа тіпті 400 процент көбейіпті, Сауран ауылсоветінің колхоздары 116, Аша – 44, Шерт – 47% көбейткен. Ет тапсыру, сату жоспары мерзімінен бұрын асыра орындалған. Сүт, жүн  орнына 1940 жылдан мал тапсыруға рұқсат етілген,  орындалғаны содан. Мал қыстатуға даярлық анағұрлым жақсы жүрді. Мал азығы сақтық қорымен қамтамасыз етілді. Пермелер толықтырылды.
Дегенмен, Бабайқорған, Үшқайық, Қандөз ауылсоветтерінің колхоздары мал шаруашылығын өркендету ісінде өте нашар, мал санының азаюына жол берді.
Былтырғы мал қыстатудан қортынды шығарып, үстіміздегі қысқа жақсы даярлану орнына, оны нашар жүргізіп, «Куйбышев», «Крупская», «М.Горький» шөп дайындау жоспарын орындамады. «Ворошилов», «Қызыләскер», «Жамбыл», «Иіркөл» қыста жайып бағуға мән бермеді. Малды қолдан ұрықтандыру ісімен бригадирлер, перме бастықтары өте нашар шұғылданды.
***
13.3.42. Ауаткомның келесі мәжілісі. Алдымен қаралғаны – көктемгі егіс маусымына байланысты колхоздарда балалар бақшасын, алаңын, яслиін ұйымдастыру. Күн тәртібіне жоғары жақтың шешіміне байланысты енгізілген. ҚК(б)П Орталық Комитетінің VI пленумы «Отан соғысы кезінде әйелдердің еңбек күнін толық пайдалану үшін» сондайлардың ұйым­дастырылуын міндеттеген. Әбден орынды, амалсыз берілген нұсқау. Бөріктінің броньмен қалғандары болмаса, бәрі дерлік қанды қырғында. Жау Мәскеу түбінен шегінгенмен, түп мақсатынан тіпті де бас тартпаған кез. Ендігі қара жұмысты тындыратын қыздар, әйелдер. Неге екенін кім білсін, осы шаруаны тындыруда алғашқы сын ызғары аудандық оқу бөлімі мен денсаулық сақтау бөлімін қалтыратыпты – «Жеткілікті қызмет істемеген. Керек десе, кейбір колхоздарда ашылған бала­бақшалар мен яслилер туралы толық хабары жоқ. Олардың қолында бар күш-құрал мен келешек керекті заттар есебі жоқ. Балабақшалардағы тәлім-тәрбие жұмысы нашар. Оларда істейтін қызметкерлердің көбінің тәжірибесі аз. Аудандық оқу бө­лімі ешбір программа жасап бермеген. Ұйымдастырылған бақшалар мен яслилерде дәрігерлік көмек көрсету жұмысы мүлдем жеткіліксіз». Неге бұлай, алдымен пленум қаулысын орындамаған «МТС»-пен «барлық колхоздарға» шүйлігу керек емес пе?» деп өзіме-өзім сауал қойғам. Сөйтсем, бар ызғар қаулыда екен. «Барлық колхоздарда 20-мартқа дейін балабақшалар, алаңдар, яслилер ұйымдастырылып, оларда болатын балалар санының есебі алынатын болсын… Бақшалар мен яслилер үшін үй бөлу, меңгерушілер тағайындау, түрлі мебельмен, ойыншықтармен, азық-түлікпен, қаржымен қамтамасыз ету колхоз председательдеріне тапсырылсын». 15-25 март аралығында колхоздар есебінен бала бақшалар, яслилер, алаңдар меңгерушілерімен он күндік семинар өткізу оқу, денсаулық сақтау бөлім­деріне, оқу программасын жасау тағы да оқу бөліміне (Ағыбаев), дәрігерлер бөліп, медициналық көмек көрсету денсаулық сақтау бөліміне (Қалабаевқа, бұл кісінің ауданға келгелі үшінші қызметі, алдымен дайындау халық комиссариатының уәкілі, одан соң статистика саласының басшысы болып істеген), керекті заттарға тапсырыс беру сауда бөлімінің меңгерушісі Шонтықов (алғашында жер бөлімінің бастығы болып істеген) пен тұтынушылар одағының бастығы Тәжібаевқа міндеттелген.
Төл алудың шарты малдың уақтылы шағылысуы ғой. Атқару комитеті бұл жолы түйені қайыту мәселесін қарапты. Бұл жұмыс оңай тындырылатын шаруа еместігі тағы белгілі. Сондықтан шығар, 297 інгеннің 169-ы ғана қайытылған, яғни 53% ғана. Олқылық жұмыстың қиындығынан ғана емес екен. «Фрунзе», «Жамбыл», «М.Горький» колхоздары іске көңіл қоймай, бураларға жем бермепті. «Ленин», «Ақтөбе» шағылыстырылуға тиіс малды әлі күнге жұмысқа пайдаланып келеді. Оған басшылық етуге тиіс жер бөлімі мен оның зоотехниктері бүтіндей сырт қалып қойған. Тіпті қай колхозда қанша түйе қайығанын да білмейді. Баяғы қырсыздық. Сондықтан да бөлім бастығы мен бас зоотехник Ақымбековке қатаң ескерту жасалып, аталған кемшіліктерден тез арылу міндеттелген.
Егін шаруашылығының бір жауы – зиянды жәндіктер. Солардан сақтану – жауапты шаруаның бір қыры. Былтыр бұл тірлікке мән берілмеген, «Иіркөл», «Будённый» колхоздарының дәнді егісінің көбін шегіртке жеп қойған. Атком сондайға биыл жол бермеу жоспарын бекітіп, қолданылатын қажетті дәрілерді, саймандарды 1-апрельге дейін сатып алуды міндеттеген.
Осындай толып жатқан тірлікті атқару­дың түпкі мақсаты не? Біздіңше – бекітілген жоспарларды орындау және колхозшылар тапқан еңбеккүнге тиісті ақысын төлеу. Жоспардың орындалуы дегенде ауатком бұл жолы бірінші тоқсанда ет тапсыру және мемлекетке ет сату жоспарын орындау шараларын талқылап, бұл үшін 27 жылқы, 3 түйе, 177 сиыр, 918 қой-ешкі, 204 тауық дайындау керектігін белгілейді. Жиыны 436 центнер ет өткізілуге, оның 54 центнерін колхозшылар беруге тиіс. Бұған әлгі мал керек. Бірақ бәрі емес. 6 жылқы, 2 түйе, 20 қой-ешкі аудан орталығының қажетіне, 45 қой-ешкі колхоздардың өз мұқтажына қалдырылған. Осынау цифрларды неліктен қаптатып отырмыз. О заманда, күні кешеге дейін, кеңшарлар мен ұжымшарлар біржола жабылғанша, «браковка» деген болған, яғни енді өсім бермейді деген малды етке дайындау. Цифрлар сыры сол. Сондықтан да екінші тоқсанда етке өткізу үшін 10 жылқы, 3 түйе, 39 сиыр, 292 қой-ешкіні толық күтімге алу міндеттеліп, «браковка» малын жер бөлімінің рұқсатынсыз пайдаланғандар жауапқа тартылатыны барлық колхоз бастықтарына ескертілген.
Мал демекші, аудан малында қотыр бар екенін айтқанбыз. Одан сақтанбаған жан малдан да, жүннен де айрылады. Амандық амалы – қыймай екен. Оның қалай алынатынын өз басым білмеймін. Ал ауатком: «Осы жылдың 25-мартына дейін қыймай істей білетін азаматтарды іріктеп алып, тізімін жер бөліміне беру ауылсовет, колхоз басшыларына тапсырылсын» депті. Демек, бұл қазақтың ежелден қолданып келе жатқан бір амалы болғаны ғой. Бұл енді, алдымен малға, түбінде адамға керек тірлік қой.
Адамға керек тағы бір нәрсе де ауатком назарынан тыс қалмапты. Ол – сабын. Бір-екі шөптен қайнатып жасалатын су сабын дайындауға соғыс кезінде өзім де қатысқанмын – даладағы ошаққа от жаққанмын. Ауатком кәсіпшілік комбинатынан сабын цехын  1-апрельге дейін ұйымдастырып болуды Безродный дегенге тапсырыпты. Бірақ оған шикізат та керек. Оны табу жолы былай: Аңшылар арқылы дайындалатын тышқанның және иттің майын промкомбинатқа өткізу живсырье директорына, арам өлген малдың майын күнделікті өткізіп отыру колхоз бастықтарына, комбинат қоймасында жатқан 1300 кг шитті 3 күн ішінде шарт арқылы сығып беру «Қызыләскер» бастығына тапсырылған.
Аудан тынысын, қарапайым халықтың тірлігін нобайлап көрсету үшін осы арада «Стахановшы колхозшыларға» жол бергенім жөн болар.
«С.К.», 1942 ж., №№2–44.
* «Андреевте» жылдық табысты бөлуге даярлық қызу жүріп жатыр. Колхоз­шылардың барлығы қосымша табыс алады. Звено жетекшілері Атаханов 691 сом, 519 кг астық, Бабажанова 5030 сом, 8030 кг бидай, Өскеев 6314 сом ақша алатын болды.
* «Үлгілі» колхозшылары колхоз пермесіне 20 мал өткізді. Досанов бір қашар, Егембердиев, Қадыров, Мырзабаев, Ахметов екі ешкіден берді.
* Қызыләскер семьяларына 1941 жылы 66 мың 830 сом көмек берілді. Майданнан әкелінген балаларға 15 пима, 13 пальто, 143 қолғап, 62 құлақшын, … барлығы 629 жылы киім жиналды. 
* Шорнақта монша ашылып, жұрт пайдалана бастады.
* «Ақтөбе» колхозы 280 га егістік жеріне 1100 тонна көң төкті, 28 тонна минералдық тыңайтқыш сатып алды. Тұқым тазаланып, кондицияға жеткізілді.
* Стахановшылар мектебінде 235 адам оқып жүр.
* Бабайқорған орталау мектебінің оқушылары танк бөлімшесін құруға 500 сом ақша, 1 тонна металл сынықтарын жинап берді.
* «Крупская» бір еңбеккүнге 3 сом 40 тиын, «Ворошилов» 3 сом 45 тиын беруде. «Құмайлықас» 162 колхозшыға 213 центнер астық беретін болды.
ЖЫЛЫ КИІМ БЕРЕЙІК
Берейік жауынгерге жылы киім,
Үстемеле, көбейсін берген сыйың.
Майдан үшін көмекті күшейтейік,
Қалыспа «Ақтөбеде» Өмірбектен.
Көрнекті көмек етті ол озып көптен, 
Бір өзі бір жауынгерді киіндіріп,
Орындады ол уәде, айтқан сертін.
Колхозшы еркек, әйел аналарым,
Аянба Отан үшін қолда барын.
Берейік жауынгерге жылы киім,
Жылы жүрсін майданда балаларың.
Өтеміс, Нұртай, 
«Көктөбе» колхозынан.
* «Ленин» колхозындағы бастауыш мектеп оқушылары көктем егісіне көмектесіп, 5 тонна көң төкті. Оны тасуда Беркімбаев, Атажанов, Тәженова, Садуақасова нормаларын 2-3 есе орындады.
* Қандөз. «Ақтөбе» колхозшылары Қызыл әскерге 49 тері, 14 қолғап, 3 құ­лақ­шын, 5 тон, 8 байпақ, 24 қоян, 30 қырғауыл берді.
* «Каганович» колхозының мүшесі Нұрышева Халипа бірден үш бала туды – екеуі қыз, біреуі ұл. Балалардың денсаулығы жақсы.
* Фрунзе атындағы орта мектептің 6б класы социалистік жарыста озып шығып, Қызыл Ту алды. Майданнан әкелінген балаларға 60 сомдай ақша жинап, тапсырды. Әрбір оқушы 15 кг темір сынықтарын жинауға кірісті. Ысмаилов, Сариева, Төре­ева, Сексенбаева, Әбдіраманов қоғам жұмысына, ойын-сауық үйірмелеріне белсене қатысады, сабаққа кешікпейді, отлично оқиды.
* «Ынталы» комсомолецтері жексенбілік өткізіп, 70 адам 81 еңбеккүн тапты. 98 кг астықты, 142 сом ақшаны Отан қорғау қорына қосты. Қарабеков, Керімбаева, Бәкірова, Шораева, Әлібеков, Асанова, Әбілова сапалы жұмыс істеді.
* «Үлгілі» колхозы жоспардан тыс 4 гектар бидай егетін болды. Өнім Отан қорғау қорына өткізіледі.
* Ауданға Қазақ мемлекеттік филармо­ниясының күйшілері Оқап Қабиғожин, Тұяқов, Дәулетбаев, әншілер Қали, Қамбаровтар, Байқадамова келді. Олар Шорнақ, Аша, Теке, Үшқайық, Шерт, Бабай, Қаражон, Сауран ауылдарында концерт береді.
* «Каганович» колхозының 4-бригадасы әбзелдерді айрауықтан істеп алған. Кендірден кем емес. «Құсшы» да солай істей бастады. Айрауық Сыр жағасында көп өседі.
* Бабай. «Ақтөбе» колхозы егіске әзір­лік жоспарын орындап шықты. Күш көлік жақсы бағылды, соқа-сайман ремонтталды, арық тазартылды. Көң төгу әлі жүріп жатыр. «1-май» колхозы да.
* «1-май» колхозында Қалкөзова Ұлтуған, Сұлтанбердиева Сейсенкүл трактормен жер айдап жүр.
* «Қызыләскер», «Фрунзе», «Андреев», «Ворошилов», «Жамбыл» колхоздары ет тапсы­рудың бірінші тоқсандық жоспарын асыра орындады.
* Қандөз. Ақтөбе бастауыш мекте­бінің оқушыларының үлгерімі 3-тоқсанда 98,8%, қатысуы 96,5% болды, отлич­никтер саны 28-ге жетті.
* «1-май» өткен жылы төрт түлік мал өсіру планын 100% орындаған еді. Кәзір  мал шығынсыз төлдеп жатыр. 177 қойдан 225 қозы, 79 ешкіден 103 ылақ алды, 2 түйе, 4 бие, 26 сиыр төлдеді.
* «Будённый» колхозы мемлекетке ет тапсырудың жылдық планын 100% орындады. 
* Аудандық Құрмет тақтасына «Ақсары» колхозынан Құдиярова Шайкүл, Шегебаева Тұрғанкүл, Дүйсенбиев Шайзада, Өтегенова Құндызай, Қуандықова Керім, «Ақтөбе» колхозынан (Бабай ауылсоветі) Күзембеков Қазыбек, Бегімбетова Зылиха, Оразбеков Сейсен, Қарынтаев Өтеген, «Игілік» колхозынан Құрмантаев Ақтай, Айдаров Нұрбай, Шыңғысбаева Ұлжан есімдері енгізілді. Олар дәнді егісте нормасын 110-125% орындаған.
* «Игілікте» коммунист Батырбекова Әптіш былтыр 500 еңбеккүн тапқан еді, биыл 700-ге жеткізбек. Тоған жұмысында, көң тасуда, арық тазалауда, жер айдауда өнеге көрсетті.
* «Будённый» колхозының мүшесі Бейсенбаев Сарман мақталық жер айдауда күндік нормасын 2,5 есе орындап жүр.
* «Құрмет тақтасы». Бригадирлер «Ынталы» колхозынан Шораев Жаһуда (жоспар 134%), Әйтпембетов Ағмаш (113%), «Майдамталдан» Салыбеков Нұртаза (112%), Жұмантаев Сағындық (звено жетекшісі, 137%), «Көктөбеден» Сынбай (105%), Еспембетов Тұрсынбай (101%), «Андреевтен» Жүнісов Әзім (101%), «Ақсары» председателі Байменов Әбдіжәлел, «Игілік» колхозының председателі Қазанғапов Бердібай көктемгі егістегі көрсеткіштері үшін жазылды.
* «Абай» колхозында Мамырайымова нормадан артық 5 га жер айдады. Нартаева Күлайым 10,5 гектар орнына 15 га жыртты. Сыздықова Қалия да өнімді еңбек етті.
* МТС. Май мерекесіне токарь комсомолец Ерманов жоспарын 130%, слесарь Кенжебеков 150%, Жүсіпов 200%, медник Асылбеков 159%, трактор бригадирі Досымов 140%, сол бригада мүшелері Пердебаев 165%, Тұрабаева 142% орындады. Тракторшы Мұса Байменов 140 кг жанармай үнемдеді. Бекжанова, Әбуова, Сейсенәлиева, Ысмайылова еңбегімен көзге түсті.
* «Куйбышев» колхозында Шағатаев, Өтегенов, Нартаев, Назаров, Мәуленов бір бескүндікте 20 еңбеккүннен тапты. Еңбек минимумын көбейту туралы қаулы қамшы болды.
* Аудандық клубтың ойын-сауық кружогы «Ленин» колхозына келіп, «Ана» спектаклін көрсетті, концерт берді.
* «Будённый» колхозында Бесбаевтың трактор бригадасында 5 қыз істейді. Солар­дың бірі Ысмайылова Айхан 274 гектар дәнді егіс жерін және пар айдады. Бабажанова, Құбатаева да курстағы оқуын отлично игерген еді, жұмысты да сапалы орындап жүр. Бесбаев жақсы үйретеді.
* Аудан орталығында соғыс өнерін үйрену курсында 30 қыз-келіншек оқиды. Күніне 3 сағаттан. Взвод командирі Раметов, политрук Парманқұлова оларды жұмылдыра білді. Қарабаева, Нұрсейітова, Қабылова, Нарбекова, Щербакова сабаққа мұқият дайындалып келеді. 
* Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі 115 қызыләскер семьясына ай сайын жәрдем береді. Былтыр бас-аяғы 70 мың, биыл бес айдың ішінде 76 300 сом берілді.
***
Маусым айының 13-күні ауаткомның кезекті мәжілісі өткен. Шаруашылық науқандары уақыт әмірімен жүреді. Мына тұс сондай науқан – дәнді егісті жинау мәселесі қаралатын дер шақ. Тек көктемнің былтырғыдан кеш келуіне байланысты науқан кейінірек басталмақ. Бұл науқанға 10 комбайн, 4 молотилка, трактормен сүйрелетін, 10 атқа тіркелетін 13 лобогрейка, 1199 қол орақ, 4 суырғыш, 5 триер, 2 БИМ, 53 таразы, 60 қойма, екі көлік жегілетін 80, бір көлікті 52 арба керек екен. 1 комбайн, 1 молотилка, 1 БИМ, 2 триер, 13 таразы, 10 қойма, 35 арба жөнделмеген. Жөнделді деген комбайндардың өзі колхоздарға жеткізілмеген. МТС шабан. «Құмайлықаста» дайындық жоқтың қасы, егін жинауға 51 адам қатысуға тиісті, дайындалған орақ небәрі 40. Бауланған астықты қырманға таситын күш көлік күтімге алынбаған, екі қойма, екі таразы бір-бірден ғана жөнделген.
«Октябрь» колхозы екі таразының біреуін, 4 қойманың екеуін ғана жөндеген, бірақ дезинфекцияламаған, 40 орнына 30 қол орақ бар, «Фрунзенің» председателі Бабажанов астық тасылатын қап дайындамаған.
Қаулы да сол кемшіліктерге орай, үйлес. Колхоз бастықтарына, жер бөлімінің бастығы Отаубаевқа дайындық нашар екені көрсетілген. Комбайндарды, молотилкаларды колхоздарға 15-июньге дейін жеткізу тапсырылған. Қоймаларды 2-3 күн ішінде жөндеп, міндетті түрде дезинфекциялау міндеттелген. Күш көліктің жетіспейтіндігі ескертіліп, «Жамбыл», «М.Горький», «Шорнақтөбе» колхоздарынан 32 түйе мобилизациялап, колхоздарға бөлу тағы да Отаубаевқа тапсырылған.
Емтихандар аяқтала қоймаса да (ол кезде емтихан төртінші класты бітірерден басталып, онжылдықты бітіргенше созылады), оқу жылы біткен. Демек, ілкі қортындыны шығаруға болады. Өткен оқу жылымен салыстырғанда көрсеткіштер недәуір жақсарған. Үлгерім 91 процент, үздік оқушылар 400-ден 523-ке жеткен, түрлі үйірмелер ұйымдастырылып, оларға 1192 бала тартылған, 7 рет спектакль қойылған, 1758 рет әңгімелер, кітап оқып беру ұйымдастырылған. Отан қорғау қорына оқушылар 19350 сом өткізген, 21400 сомның заемына жазылған, 32 тонна металл қалдықтарын жинаған, 1-июньнен бастап 1150 оқушы колхоз даласында еңбекке кірісіп, алды 50-70 еңбек күн тапқан.
Жетістік шуағынан кемістік дегеннің көлеңкесі қалмайтынын бұрын да айтқан сықылдымын. Амал қанша, Куйбышев, Фрунзе, Иіркөл, Ленин бастауыш, орталау, орта мектептерінде оқу программасының толық орындалмағанын былай қойғанда, оқу-тәрбие жұмысында да кемшіліктер болған. 544 оқушы түрлі себептермен мектепті тастап кеткен. Әсіресе, Фрунзе, Куйбышев мектептерін. Будённый, М.Горький мектептерінде тарих (5-7 кластарда) мүлдем сапасыз оқытылған. Иіркөл, Ленин, Көктөбе, Игілік бастауыш мектептерінде 70-80 бала ғана үлгерушілер қатарына қосыла алған.
Дегенмен, ауатком жұмысты қанағатта­нарлық деп тауып, жақсарта берсін деген тілекпен қортындылаған. Әйтсе де керекті кадрларды осы бастан іріктеу, алдағы оқу жылында мектепке баратын балалардың толық тізімін алу, оқу құралдарымен қамтамасыз ету, мектептерді жөндеуге ақшаны тезірек беру, колхоз жұмысына қатысатын балалар үшін демалатын орын ұйымдастыру секілді шаруалар тиісті адамдарға тапсырылған.
Жылнамашыңызға ұнағаны қаулының екі тармағы – бірінде балалар қоятын концерт, ойындарды ұйымдастыру мектеп директорларына, екіншісі – жасы жетпегендіктен ауылшаруашылық жұмыстарына қатыспай­тын балаларға мектеп лагерьлерін ашу, сол заманда болған. Кәзір тым қиын шаруа шығар, көп мектептерде жоқ.
Ризашылық тудыратын бір шешім – Бабайқорғанда екі айлық пионер легерін ұйымдастыру. Онда бірінші кезекте 80, екіншісінде 70 бала демалуға тиісті. 25-июньнен 25 авгусқа дейін. Оған колхоздардан, кәсіпорындардан 37500 сом аударылуға, бір сом да артық жұмсалмауға тиіс. Азық-түлікпен қамтамасыз ету Шонтықовқа, лагерьге бір денсаулық қызметкерін бөлу Қалабаевқа тапсырылған.
Бұл шешім соғыстың ең қиын кезеңінде қабылданған. Талай ұрпақ жаз күндерінде сол лагерьлерде дем алған. Кәзір басқаша – мемлекеттік пионер лагерьлері жоқтың қасы, жеке меншік лагерьлерге балаларын жіберуге әке-шешелердің басым көпшілігінің қалтасы көтермейді.
(Жалғасы. Басы өткен санда)

 

Алдыңғы «
Келесі »