ҚАЗАҚТАР МӘДЕНИ ЖӘНЕ ТІЛДІК ТҰРҒЫДА БІРТҰТАС ҰЛТ БОЛМАЙ ОТЫР

  • 05.02.2015
  • 990 рет оқылды
  • 2

Жарас Сейітнұр,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің
 жалпы және этникалық психология кафедрасы

Қазақстанның автохтон этносы болып табылатын қазақтардың өз елінің мәдени, саяси және әлеуметтік стратегияларын таңдауға әсері бар ма деген сауалға бір мәнді жауап беру қиын. Өйткені, бүгінгі таңда қазақтар мәдени және тілдік тұр­ғыда біртұтас ұлт болмай отыр. Параллель екі тілді әлемде (орыстілді және қа­­зақтілді) өмір сүріп жатқан қоғамның ұлттық мүддені түсі­нуі де кереғарлық сипат­та болады. Мұ­ны БАҚ-та жарияланған қоғамдық пі­кір­лерден айқын көреміз. Мемлекеттің күллі саласында функцио­налдық тұр­ғыда басым тіл рөлін атқарып отырған орыс тілі өзі қаласын я қала­масын қазақ тілі­нінің өркен жаюына кедергі келтіруде. Әсіресе, полиэтностық қала­лық жерде оның барлық салада үстем­дігін анық байқаймыз. Осыған сәйкес, орыс тілін қолданушылар қазақ­тілді­лерге қара­ған­да қоғамдағы ықпалы тұрғы­сынан ана­ғұрлым қуатты әрі пәр­менді.

 
Жетпіс жылдық бодандық тарихи  жағ­дайға байланысты қазақтілділер қуып же­туші және қайталаушы рөлде қалуға мәж­бүр болуда. Шешім шығарушы жо­ғары эшалон, саяси элита қазақ тіліндегі ақ­параттарға екінші сұрыптағы дүние деп қарайтыны еш құпия емес. Мұндай жағ­дайда ең алдымен кімнің арман-мұраты мен мұң-зарына құлақ асатыны айтпаса да түсінікті. Шенеуніктердің пайымдауында кәсіби құзыреттілік тұр­ғысынан да орыстілділер қазақтіл­ділерден артық делінеді. Бұл таптаурын болған көзқарас болса да адамдардың санасында әжептәуір орын алған жаңсақ наным болып отыр. Отар­шылдық зардабының салқынын әлі сезінудеміз. Қазақстанда ғана орын алған пародокс жағдай: тілдік кемсітушілікке мемлекетке өз атын берген этнос ұшырап отыр. Де-факто орыс тілін міндетті түрде білу, оған қосымша ағылшын тілін білу талабы қосылған соң әлеуметтік сатыда көтерілу этнофор қазаққа үлкен мұң. Тек мемлекеттік  тілді ғана білетін монотілді қазақ үшін атамекенінде өзін өзі жүзеге асыру («самоактуализация») еш мүмкін емес. Ға­лам­тор билеген заманға аяқ басқан уа­қытта қазақ баласы қаншалықты өз төл тілінде қажетті ақпарат ала алады? Әдетте, студент­тер мен магистранттар тарапынан қазақ тілінде ақпарат өте аз деген шағымды жиі естиміз. Мәселен, психология мамандығы бойынша қазақ тілінде жарық көріп жатқан оқу құралдары мен әдебиеттерге айтылар сындар көп. Оқушы студенттер сөздер мен сөз тіркестерінің ұйқасы болмағандықтан мәтіндерді тү­сін­бей қиналамыз дейді. Расында да, ғы­лыми қазақ тілі орыс тіліндегі сөздерді мағынасына қарамай тура аударып алынғандықтан калька тілге айналып кетті. Мына әлемдік тілдер тарапынан лингвоцид жүріп жатқан заманда  қазақ тілі толыққанды даму үшін мемлекет тарапынан бұрын-соңды болмаған үлкен қолдау қажет. Тіл дамуына арналған қаржы түрлі тү­сініксіз шараларға жұмсалып жатқан қар­жылардан анағұрлым ұлт үшін пайдалы. 
Бұл жерде өзіміз үшін басын ашып алатын бір мәселе бар: неге халықтар же­ке мемлекет құруға ұмтылады? Тек қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк болуды ғана ойласақ, онда алпауыт бір дер­жаваның қанаты астында қамсыз жүре беруге болар еді. Мұндайда жеке адам ретінде тыныш өмір, тіршілік қауіп­сіздігің қамтамасыз етіледі, бірақ, рухани еркіндіктен бас тартасың, психо­логиялық қорлыққа, кіріптарлыққа кө­­­нуге тура келеді. Әрине, онда ұлттық өркендеу (тілің мен мәдениетің) жайлы сөз де болмайды. Ресейді мекендейтін Сібір, Қиыр Шығыс және Солтүстіктің байырғы халықтары (якуттар, тувалықтар, хакастар, алтайлықтар, тофалар, шорлар, удэгейлер, нанайлар, эвенкілер, чукчалар және т.б.) тағдырын бастан кешесің.  Не үшін еврейлер екі мың жылдан кейін мемлекетін қалпына келтіруге ұмтылды? Өйткені, мемлекет этносты жойылудан сақтаудың ең мықты кепілі! Ұлттың басты мұраты – мәңгі болу, жер бетінен із-түзсіз құрып кетпеу. Адамзат жылдан жылға азайып не жойылып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктерді қорғайтын Қызыл кітапты ойлап тапқанымен, жойылу қаупі бар халықтарды қорғайтын   арнайы тізімді жасамай отыр. Халықтың этномәдениеті мен тілін қорғайтын төл мемлекеті болмаса ол дәл біреудің есі­гінде күн көрген адамның күйін ке­шеді. Қожайынның қабағына қарап өмір сү­реді, соның көңілін табуға тырысады. Ал, конфедерация, жартылай отар мемлекет болу кредитке алған пәтерде өмір сүретін отбасы өміріне ұқсайды. Борышын төлей алмаған жағдайда одан айырылып қалу қаупі бар. Есі дұрыс халық қайсысын қалайтыны айтпаса да түсінікті. Жалпы, адамзат тарихынан жеке тәуелсіз  мемлекеті жоқ этностардың тағдыры өте аянышты екендігін білеміз. Бүгінгі жаһандану дәуірінде қаншама тілдер мен мәдениеттер, халықтар жер бетінен жойылып кетті жә­не жойылу үстінде. Қазіргі уақытта әлем­де геосаяси және экономикалық теке­тірестермен қатар мәдениет пен тілдер арасында да майдан жүріп жатыр. Бұл мылтықсыз майданда жеңіске жету үшін не істемек керек?  Соңғы бір ғасыр төңірегінде біржола жойылып кеткен сансыз тілдердің тарихынан хабардармыз, ал, бірақ, жаңадан пайда болып жатқан тіл туралы естігеніңіз бар ма? Ондай фактілер жоқ. Демек, ақыр аяғында тек өзін мойындатқан тілдер ғана қалады. Өзін мойындатқан тіл ғана өмір сүруге құқылы. Қазақ тілі туралы ол өзін мойындатты деп айта аламыз ба? Шын мәнінде қазақ тілі ұлттық валютамыз – теңге сияқты Қазақстанның кез келген түкпірінде қолданыста болса ғана қазақтар психологиялық тұрғыда өзін тәуелсіз ұлт өкілі ретінде сезінер еді. Оралмандардың өздерін тарихи Отандарына емес Ресейдің оңтүстік бөлігіне келгендей сезінетінін  енді ұққандаймыз. Бірыңғай мемлекеттік тілдегі мәдени-ақпараттық кеңістік құрудың маңыздылығын айтпаған елде адам  қалмаған шығар. Базбіреулер жазғандай ұлты мен жұртына жасаған сатқындық ешқандай таразымен өл­шен­бейді. Ақпараттық қауіпсіздіктің тәу­ел­сіз ел үшін маңыздылығын түсін­ді­ріп жатудың өзі артық. Орыс философы, жазушы, әдебиет сыншысы Н.Г. Чер­нышевскийдің мынадай айтқан бір сөзі бар екен: «Өз Отанына салқын адам бүкіл адамзатқа да опа бермейді». Қазақтардың арасында өз ұлтының перзенті бола алмай жатып әлемнің азаматы боламын деп жүргендердің кездесетіні еш құпия емес. Әдетте, отансүйгіштік, патриотизм ұғымына анықтама бергенде оны гректің «patris» – отан, атамекен сөзінен шыққанынан бастайды. Яғни, отансүйгіштік – өзінің жеке және топтық мүдделерін, жалпы, елдің мүдделеріне бағындыратын, оған адал қызмет етіп, қорғауды мақсат тұтатын өз Отанына, Атамекеніне деген терең сүйіс­пеншілік сезімі. Әмбебап құндылықты уа­ғыздайтын дін өкілдерінің өздері патрио­тизмді мойындайтынын көрсетті. Мәселен, патриарх Алексей ІІ мына сөзі жұртшылыққа кең тарады: «Человек без патриотизма, по сути, не имеет своей страны. А «человек мира» это то же самое, что бездомный человек». Космополиттерді үйсіз, баспанасыз адамға теңеуінде үлкен мән жатыр. Менің ойымша, отансүйгіштікті өтпелі сезім деңгейінде емес, тұрақты тұлға қасиеттері ретінде негіздесек жөн болар еді. Әйтпесе, біздің жастардың пір тұтып жүрген жандары – кез келген жолмен ақша жасайтын алаяқтар, ұсталмаса ұры болып саналмайтын жемқорлар мен банкирлер. Нарық экономикасы тұтынушылық психологиясын жарнамалап адамдардың құндылықтарын өз­гертіп жіберді. Кейде ұлтшылдық пен отан­сүйгіштікті қатар қою қажет сияқ­ты көрінеді. Кезінде ұлтымыздың адал ұлы Жүсіпбек Аймауытұлы: «Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне,  Германия, Япония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін, күшін өз жұртының күшеюіне жұмсайды. Олардың әр адамы  – мемлекеттің керегі, қызметкері» деген екен.
Тәуелсіз Қазақстан – қазақтардың ғасыр­лар бойы армандаған жалғыз мемлекеті. Біз одан не үшін айырылуымыз керек? Әлі күнге дейін, тіпті, тәуелсіздіктің дәмін дұрыс татқан жоқпыз. Тіліміз, мәдениетіміз, демографиямыз, экономикамыз керемет гүлденіп отыр дей алмаймыз. Қазақ атымен билік пен байлыққа жетіп алған саяси элитамыз мемлекетқұрушы байыр­ғы халықтың мүддесін қорғағысы кел­мейді. Керісінше, ұлттық мүддеге қарсы әрекет жасап өзге мемлекеттердің сойы­лын соғып жүргендей. Халық жазушы Мұхтар Мағауин «Ұлтсыздану ұраны», «қазақсыз Қазақстан» атты мақалаларында ұлт рухының жарымжан екендігіне тоқталып, өз көсемдері қорлап отырған жұрт – қазақтар деген ащы пікірін де білдірді. Саяси элита халықтан, оның мүддесінен алыстай бастаса ішкі сүйенішінен, өзінің басты тірегінен айырыла бастайды. Сыртқы күштерге  оңай жем болады, құрбанына айналады. Ұлт мүддесін қорғаған саяси қайраткерді сын сағатта халықта қорғап қалады. Мәселен, өз халқы мен зиялылары тарапынан үлкен қолдау болмаса Ресей президенті Путин Батыспен ашық текетіреске барар ма еді? Жоғары рейтинге ие болғанның арқасында ол батыл қимылдарға барып отыр. Ресейдің федералды мемлекет екендігін біле тұра әрі оның этникалық шұбарлылығына қарамастан,  «Валдай» пікірсайыс клубында сөйлеген сөзінде президент Путин ашық түрде: «Самый большой националист в России – это я. Но самый правильный национализм – это выстраивание действий и политики так, чтобы это пошло на благо народа» деп жариялады. Біздің  саясаткерлердің ашық түрде ұлтшылмын деп айтуға жүректері дауаламайды.  Еуропаның көп­теген ұлттық мемлекеттері (Германия, Италия) ұлтшылдардың арқасында ғана қалыптасқанын мойындай бермейміз. Израиль үкіметі  2014 жылдың қараша айында Израильді «еврей мемлекеті» деп жариялаған заң жобасын мақұлдады. Ұлттық мемлекеттер мүмкіндігінше мә­дени және тілдік біртектілікке ұм­тылады. Тәуелсіздікті ұстап қалудың маңызды шарттары – халық пен билік­тің бір-біріне тірек болуы, өзара сенімі болуы. Халық бәрібір үлкен күш. Түбі санасасың. Ұлттық идеяны қазақ хал­қының түпкілікті мүдделерінен тыс жерден іздеу еш нәтиже бермейді. 
Есімі әдебиет саласындағы қауымға жақсы таныс, «Ақшам хаттары», «Ырауан», «Қас Сақ Аңқымасы» атты кітаптардың авторы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Тыныштықбек  Әбдікәкімұлы «Қа­зақ әдебиеті» газетінде жарық көрген бір мақаласында мынадай бір ой айтады: « Өкінішке қарай, біздің қоғамда Сөзді дұрыс ұғынбау һәм дұрыс қолданбау дерті – мемлекеттік масштабқа дейін асқынып кеткен қасырет». Ол кісінің айтуынша, қазіргі қолданыстағы «Үштұғырлы Тіл» саясаты» деген сөз тіркесі «мемлекеттік Тілмен өмір сүру және қос тілді қоса меңгеру» аталуы тиіс. Өйтпейінше, қазақ тілінің мемлекеттік айрықша мәртебесі мүлде ескерусіз қалып, ағылшын, орыс тілдерімен бір деңгейде қолданылар, қатар­дағы тіл болып қалып кетпек. КСРО заманында да «үштілділік» (қазақ, орыс және бір шет тілі) саясаты болған; нәтижесінде, «коммунизм тілінің кереметтілігінен» қазақтың тең жартысына жуығы түбегейлі орыстанып тынды. Автордың бұл алаңдауын негізсіз дей алмаймыз. 
Мемлекеттік тілдің мүшкіл жағдайы бәрімізге белгілі. Мұндағы мәселелерге ерекше құлақ түріп назар аударып жатқан билік жоқ. Қанат белгісі үшін жаса­латын кезекті іс-шаралар көзбояу үшін жасалғандай сананы селт еткізбейді. Биліктің тек ағылшын тілін көтермелеп қолдаған саясатының ғана әсері бар сияқты. Оны қазақстандықтардың балалары мен немерелерін тілдік курстарға беріп жатқандығынан, ақылы ағылшын тіл курстарының саны ұлғаюынан байқауға болады. Бүгінгі таңда ғылыммен айналысу үшін де ағылшын тілін мін­детті түрде меңгеру керек болып тұр. Жоғары оқу орындарындағы қазақтілді оқытушылар біреуге ақысын беріп аудартса да ағылшын тілінде мақала жазуға мәжбүр. Ең өкініштісі, оны адамның өзі жазбаған соң оның мағынасы дұрыс па, қате ме автор түсіне де, бағалай да алмайды. Кез келген ойды, тұжырымды өзге тілге аударғанда мағынасы мүлде өзгеріп кететіні белгілі. Мысалы, қазақтың мінез -құлқын реттеуде маңызды рөл алып отырған обал, сауап, шүкір, қанағат деген сөздерін өзге тілге аудару дәл өз мағынасындай бола бермейді. 
Қоғамдық өмірден байқағанымыз, елі­міз­дің орыстілді азаматтары мемлекеттік тіл боп саналатын  қазақ тілін білмесе де ағылшын тілін тәуір меңгеріп алған. Кәрісі бар, орысы бар дегендей…ал, қазақ тіліне пысқырып та қарамайды. Басшылары керек қылмай отырған тілді олар да қайтсін?! Ағылшын тілін білсең әлемдік кеңістікке шығасың, жоғары жалақылы жұмысың болады, ал қазақ тілін білгеннен саған келіп-кетер ештеңе жоқ. Мемлекеттік мекемелерде жиі көрініс алып жатқан жай: көзбояушылық сипатта жиналысты қазақша бастап ары қарай орысша желдірте жөнеледі. Көптеген профессорлық-оқытушылар құ­рамы тарапынан, әттеген-ай, Ресей империясының отары болғанша Үндістан сияқты Ұлыбританияның отары болғанымыз анағұрлым дұрыс болар еді деген пікірлерді жиі естіп жатамыз. Онда кем дегенде әлемдік тіл дәрежесіндегі ағылшын тілін емін-еркін білер едік деген өкініш ойлар айтылады. Қазір бюд­жеттегілердің онша да жоғары емес жа­ла­қыларынан бөліп-жарып ағылшын тілі курстарына барып жүргендері тілді түсіну деңгейіне жеткенімен, ағылшын тілінде ойын жетік жеткізетін мақала жазу деңгейіне жете алмай жүргендерін айтып шағымданады. Кейбір жоғары оқу орындарының басшылары ағыл­шын тілін білуді құр ғана талап етіп қоймай, қол астындағы қызметкерлері, профессорлық-оқытушылар құрамына арналған ағылшын тілдік курстарын ашып оның ақысын университет тарапынан төлеп жеңілдік береді екен. Бірақ, ондай оқу орындары ілуде біреу ғана. Ақыры мемлекетіміз  «үштұғырлы Тіл» саясатын қолға алған екен бұл тәжірибені еліміздің барлық жоғары оқу орындарына таратса өте абзал болар еді. 
ХХ ғасырдың ең бір көрнекті ойшылы, австриялық философ және логик, ана­литикалық философияның негізін қалау­шы  Людвиг Витгенштейн (1889-1951) өзінің «Логикалық – философиялық трактат» атты еңбегінде тіл мен әлемнің өзара байланысын өте терең зерттеп кетеді. Оның ойынша, тіл – адамның мекені, тұрағы. Сөздің мән -мағынасы оны қолдануға байланысты анықталады. Аналитикалық философияның негізі әдісі – тілдік тұжы­рымдарды талдау. Адам дегеніміз – тіл. Түсіну – ең алдымен тілдің өзін түсіну, ұғыну.  Ой тіл арқылы білдіріледі, демек тіл-ойлаудың шекарасы. Айтылатын нәрсе айқын айтылуы тиіс. Сөйтіп, ол тілді әлемді бейнелеу ретінде сипаттады. Психология ғылымында кезінде американдық ғалымдар Э. Сепир  мен Б.Л. Уорф жасаған лингвистикалық салыстырмалық болжамы зерттеушілер арасында үлкен пікір-таластар тудырды. Бұл болжам бойынша, сыртқы дүниені қабылдау және ойлау тілдің құрылымы арқылы анықталады. Демек, әр алуан тілде сөйлейтін адамдар әлемді де әр түрлі қабылдайды және түрліше ойлайды. Шындықтың танылу сипаты оны танып білуші субъект ойлайтын тілге байланысты. Адамдар дүниені болшектеп, оның ұғымын жасап, мағынасын түрлендіреді. Танымның объективті жалпы мағыналық сипаты жоқ; физикалық ұқсас құбылыстар тіл жүйесінің қатыстылығына байланыс­ты әлемде ұқсас көріністердің жасалуына мүмкіндік береді. Сепир – Уорф болжамы тілдің ұлттық ерекшелігіне назар аудартады. Рас, өзге тілі ана тіліндей болмайды. Ойды бөгде тілде жеткізу үлкен қиындықтар тудырады. Тіпті, ана тіліңде мақала жазғанда да көңілдегі айтар ой қағазға түскенде түсі қашып ойдағыдай болып шықпайды. Ал, өзге тілде шығарма жазсаң жұтаң, білетін сөздеріңді ғана қолданатындықтан ол қарабайыр бір мақала ғана болып шығады. Біздің саяси элитаның  аталмыш «үштұғырлы Тіл» саясаты»  мем­лекеттік мәдени бағдарламасы арқылы не көздейтінін аяғына дейін түсінбедік. Олар күллі халықты полиглот жасамақ па, әлде осылай мемлекеттік тілді дамытпақ па, оны ажырата алмай жүрміз. 
Қорыта, айтсақ бізге кеңес заманында тұжырымдалған ақын Қадыр Мыр­залиевтің «Өзге тілдің бәрін біл, өз Тіліңді құрметте!» деген қанатты сөзін  ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының  «өзге тілдің бәрін біл, Өз Тіліңмен өмір сүр!» формуласына ауыстырудың уақыты кел­­гендей. Сонда ғана қазақтардың өз ата­мекенінде ұлт ретінде шынайы ық­палы болмақ.

 

Алдыңғы «
Келесі »

2 Пікір бар

  1. Жарас Сейітнұрдың мақаласы өте маңызды. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғандықтан өмірдің барлық саласында емін-еркін кеңінен қолданыста болғанына не жетсін. Шіркін, ана тіліміз еркін қанатын жайса екен дейсін. Жарастың мақаласы өмірдегі көріністі айна қатесіз дұрыс бейнелеген. Мақаланың шынайылығына тәнтімін. Тұшынып оқып шықтым. Толық қосыламын. Мақала авторына шығармашылық табыс тілеймін!

  2. Мақала тамаша жазылған толықтай қосылам.Менде сол шетелдік компанияда жұмыс жасаймын, ағылшын тілін толық болмаған мен, менгеріп алдым.Күн көріс… әрдайым қазақ жігіттер бар жерде міндетті түрде АНА ТІЛІМ ҚАЗАҚ ТІЛІМЕН бастап содан кейін ғана ағылшынша аударам.Бірақ кейбір қара көз бауырларым орысша сөйлегенді сұрайды өкініштісі.Бізде Атырауда ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ сонғы жылдары шет елдіктер үйреніп жүр,Қате түсінбеңіздер бұл жерге, жүзге, руға бөліну емес.

Пікірлерге тыйым салынады.