Антиамериканизм: аңыз бен ақиқат

  • 05.02.2015
  • 9134 рет оқылды
  • 4

Сейілбек Мұсатаев, 
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Саясаттану кафедрасының профессоры, саяси ғылымдарының докторы

Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс?
Қазіргі заманғы қоғамдық-саяси ой-пі­кірде исламофобия, антисемитизм, сино­фобия, антиамериканизм, американо­фобия, НАТО-фобия сияқты түрлі фобиялар, яғни, қор­қыныш ұялататын ұғым-түсініктер мен жеккөрушілік сезімдер туындап отыр­ға­ны жасырын емес. Сонымен қатар, ан­ти­гло­балистік, евроскептиктік, антиеу­разия­лық пиғылдар да, ұлтшылдықты фашизмге те­ңеу­ші антиукраиналық көзқарас та бе­лең алып тұр.

«Ақиқат» журналының алдыңғы нөмірлерінде осындай фобия­лардың бірі – Исламофобия мәселесі жан-жақты талқыланып, оның мән-жайы мен ақ-қарасы ашылған еді. Қа­зақ­станның ақпараттық кеңістігінде ресей­лік бұқаралық ақпарат құралдары үстемдігін жүргізіп отырғандықтан, қазір антиукраиналық ұстаныммен бір­ге «модаға» айналған «фобиялардың» бірі – американофобия немесе антиамериканизм болып отыр. Идеологиялық бұрмаланған саяси үгіт-насихат салдарынан қоғамдық пікірдің де сыңаржақ болып қалыптасуы заңдылық. Сондықтан, қазіргі қоғамда Америка десе, аза бойы қаза болатын, АҚШ-қа қарсы жағымсыз ой жетегінде жүргендер жетіп артылады. Ал, Америкаға барып, ондағы өмір­ді өз көздерімен көріп, білімін алып, жұ­мысын істеп, ақшасын тауып келіп жат­қандардың пікірі мүлдем бөлек – олар АҚШ-тың жақсы жақтарын айтып, жаппай мақтайды. Америкаға қатысты қоғамдық пікір амбивалентті (екіұшты) болып тұр. Осыдан келіп: «Ау, сонда бұл фәнидегі демократияның эталоны саналатын АҚШ шын мәнісінде зұлым ел ме?» дейтін, көпшілікті ойландыратын сұрақтардың бірі туындайды. 
Бұрын да, Кеңестер Одағы дәуірінде АҚШ құбыжық, соғысқұмар, отаршы, адам­ды қанаушы ел ретінде насихатталатын. Себебі, түсінікті, ол кездегі әлем екі полярға бөлінді: бір жағында – дүниежүзін тоталитарлы коммунизмге айналдыруды көксеген, КСРО ықпалындағы, Варшава шарты ұйымына кірген социалистік  лагерь елдері; қарсы жағында – демократия мен либерализмді ту еткен, АҚШ бастаған НАТО-ға мүше елдер. Бипо­лярлық теке-тірескен «Қырғи-қабақ соғыстан» соңғылардың мерейі үс­тем болып шықты. Осылайша, «Ядро­лық паритет», «Айға ұшу жарысы», «Кариб дағдарысы», «Жанталаса қарулану» сияқты саяси-тарихи процес­тер мен ғаламдық ауқымдағы геосаяси, идеологиялық, әскери, экономикалық  конфронтацияға арқау болған екі полярлы әлем құрылысы ыдырап, жаңа әлемдік тәртіп қалыптасты.  Ал, оның бас­ты ерекшелігі – алып державаға айналған АҚШ-тың әлемдік саяси аренадағы үс­тем­дігіне (гегемондығына) негізделуі.  Ке­­зін­де «Темір леди» атанған Маргарет Тэтчер «Мемлекетті басқару өнері. Өз­геріс үстіндегі әлем үшін стратегиялар» атты еңбегінде қырғи-қабақ соғыс пен Американың жеңісі туралы ой толғай келе, АҚШ қана әлемдік лидер болудың моральдық құқығына ие және оған материалдық негізі де бар деп қорытынды жасайды. Оның ойынша, АҚШ пен НАТО ғаламшарда демократиялық құрылыс орнауын, адамның құқықтары мен бостандықтары қорғалуын бақылаушы «Әлемдік жандарм» рөлін ойнауы уақыт талабынан туындап отыр.  Өйткені, көптеген мемлекеттерде адам құқықтары аяққа тапталуда, авторитарлы немесе тоталитарлы билік орнауда, ксенофобия, геноцид, терроризм, азаматтық соғыстар, әскери агрессия сияқты адамзатқа қарсы әрекеттер мен әскери қылмыстар жасалуда. Бұлардың бәрін халықаралық деңгейде реттемесе, жеке-дара мемлекеттер мен ұлттардың шамасы жетпесі анық.  Алайда, М.Тэтчер АҚШ-ты егеменді елдердің ішкі ісіне қол сұғатын, яғни, гуманитарлық көмек берумен бүркемеленген күш қолданудан сақтануға шақырады. 
Саясаткер ретінде өзінің ұстанымшыл қаталдығымен қатар, прагматикалық кө­ре­ген­дігімен де ерекшеленген марқұм М. Тэтчердің әлемдік саясаттағы АҚШ-тың рөлі туралы пікірінде ақиқат бар екені даусыз. АҚШ пен НАТО блогының қырына ілігетін мемлекеттердің тізіміне көз салсақ, олар негізінен демократиялық құндылықтарға пысқырып та қарамайтын авторитарлы, тоталитарлы немесе дес­поттық саяси билік орнаған, ғаламдық қауіпсіздікке қатер төндіретін жаппай қырып жоюшы қаруға құмар, экстремизм мен терроризм қозып тұрған, адам құқықтары мен бостандықтарын бұзатын, ксенофобия, дискриминация, геноцид, әскери қылмыстар белең алып отырған елдер. Яғни, АҚШ экс-президенті,кіші Дж.Буштың тілімен айтсақ, «зұлымдық осінде» орналасқан Солтүстік Корея, Ирак, Иран сияқты мемлекеттер. Кейінірек АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Болтон бұл тізімді Куба, Ливия, Сирия сияқты антидемократиялық елдермен толықтырды. 2005 жылы Кондолиза Райс ең антиамерикандық режимдер деп Куба, Иран, Солтүстік Корея, Беларусь, Зимбабве  мен Мьянманы атады.
Екі полярлы әлемнің қалыптасуы ІІ-ші Дүниежүзілік соғыстан кейін бас­тау алса, геосаяси гравитациялық тартылыстың күшті әсерін бірінші болып сезген Германия болды.  Потсдам конференциясы негізінде екіге бөлінген неміс елінің Батысы АҚШ бастаған батыстық елдердің ықпалында қалса, Шығыс бөлігі КСРО жетегінде кетті. Фашистік фюрермен империя құруға дәмеленген, ариялық ұлт саналған немістер екіге айырылып қоймай, ортасынан қыл өтпейтін Берлин қабырғасы арқылы қақ бөлінді. Қырық жылдан астам уақыт бір ұлт екі түрлі тәртіппен өмір кешті: елдің батысындағы  не­містер евроамерикандық демократия принциптерін, шығыс немістері ком­мунистік идеологияны басшылыққа алды. 1980 жылдардың ортасында Шығыс Еуропада «шошытып емдеу», «барқыт төңкерістер» жүріп, антикеңестік көңіл-күй өрістеді. Оған қоса, КСРО-да билік басына М.С. Горбачевтің келуі, «қайта құру», «жариялылық» сияқты саяси өзгерістер социалистік лагерь елдерін дүр сілкіндірді. 1989 жылы 9 қарашада Берлин қабырғасы құлатылып, Германия бірікті, екіге айырылған ұлт қайта табысып, біртұтас ел-жұртқа айналды. Міне, сол кезде әлемдік қауымдастық қатігез саяси эксперименттің нәтижесін көріп қайран қалды. Қырық төрт жыл екі түрлі саяси жүйеде бөлектеніп өмір сүрген бір ұлттың өкілдерінің саяси санасы мен мәдениеті, психологиясы мен менталитеті бір-біріне мүлдем ұқсамайтын дәрежеге жеткен. АҚШ ықпалындағы батыс немістері қай жағынан алсаңыз да, әлдеқайда дамып кеткен, ал, КСРО «тәрбиесіндегі» шығыс немістері мешеу күйде қалып қойған. Содан бері де ширек ғасыр уақыт өткенімен, бұл ерекшелік әлі күнге дейін теңеспей келе жатқан көрінеді. Егер де, АҚШ жаман болса, батыс немістері соғыстан қираған қалаларын қалпына келтіріп қана қоймай, одан сайын гүлденіп, жан-жақты дамып, еуропалық бетке ұстар елдің деңгейіне қалай жеткен?
Тура осындай аналогияны (теңеуді) ко­рей ұлтына қатысты қолдануға болады. ІІ-ші Дүниежүзілік соғыста гитлерлік Германияның одақтасы болған жапон ми­литаристері жаулаған Кореяны азат етуге екі дүлей саяси күш –  КСРО мен АҚШ білек сыбана кірісті. Бірі елдің солтүстігінен, екіншісі оңтүстігінен Корей еліне көмек қолын созып, жапон басқыншыларын қуып шықты. Кеңес  Одағына Қытай жақтас болды, АҚШ-қа Ұлыбритания, БҰҰ бітімгершілік күштері мен НАТО блогы қолдау жасады. Жапон басқыншыларынан құтылған соң, одақтастар уақытша басқару режимі туралы келісім жасап, Кореяны қақ ортасынан бөліп жатқан географиялық 38 белдеу (параллель) бойымен КСРО ықпалындағы Солтүстік Кореяға және АҚШ ықпалындағы Оңтүстік Кореяға бөлуді ұйғарады. Уақытша басқару режимі біткен соң, екі тарапты біріктіру көзделді. Солтүстік Кореяны басқаруға коммунист Ким Ир Сен тағайындалса, Оңтүстік Кореяны басқаруға Ли Сын Ман сайланды. Бірақ, көп ұзамай, Корея екі алып державаның саяси ойыншығына айналып, корей ұлтының тағдыры тәлкекке түсті. Екіге жарылған корейлер бірікпек түгіл, бір-бірімен соғысып кетті. 1950 жылы 25 маусымда басталған Корей соғысы 1953 жылғы 27 шілдеге дейін жалғасты, ал, соғыстың бітімі туралы ресми келіссөз әлі күнге дейін жасалмаған. Корей соғысының зардабы орасан зор болды: түрлі деректер бұл соғыста жалпы саны 5-6 млн. адам  қаза тапқанын көрсетеді, мыңға тарта ұшақ жойылған, атылған оқ-дәрі мен қаржы-қаражат шығынында қисап жоқ.
Корей соғысынан кейін екі полярлы әлемдік саясаттың құрбанына айналған бір ұлт екіге бөлініп, КСРО мен Қытай коммунистік партияларының ықпалындағы Солтүстік бөлік – Корей халық демократиялық республикасы (КХДР), Оңтүстік бөлік АҚШ ықпалындағы Корей Республикасына айналып шыға келді. Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, коммунист корейлер мен  демократ корейлердің басы бірігер емес, бір-бірін жаудай көреді. Дамуына келсек, тағы да сол, КСРО ықпалында болған Солтүстік Корея артта қалды, билігі әскери авторитаризм болғандықтан, өмірлері жанталаса қаруланумен, ықтимал соғысқа дайындалумен өтуде. «Тентек шоқпар жинайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Ал, АҚШ ықпалына өткен Оңтүстік Корея демократиялық жолға түсіп, қарыштап дамып, өркениетті елге айналды. Қазір оңтүстік корейлік ғылым мен техника дамуы жағынан әлемдегі алдыңғы орынға шықты, басқасын айтпағанда, корейлік Samsung  компаниясы америкалық Apple компаниясымен ашық бәсекелесетін деңгейге жеткен. Бұдан басқа да бәсекеге қабілетті брендттері жетіп артылады. Корейлік электроника мен тұрмыстық техника әлемді жаулап барады, авто-мото, ауыр машина жасау, жеңіл өнеркәсіп те күшті дамуда. Оңтүстік Корея кеме жасау саласында да әлемдік лидер. Сауда-экономикалық бағыттағы портты қала Пусанда әлемдік жиындар мен спорт додалары өтсе, астанасы Сеул – Азия-Тынық мұхиты аймағындағы ірі қаржылық және мәдени орталыққа айналған. Осы жерде тағы да орынды сұрақ туындайды: АҚШ жаман болса, оның ықпалындағы Оңтүстік Корея қалай жақсы ел болып отыр? Немесе АҚШ-ты жау көретін Солтүстік Корея неге артта қалып қойды?
АҚШ-тың әскер қолданып, бөгде мемлекеттің ішкі ісіне қол сұққан кездері көп-ақ, мұны антиамериканизм өкілдері үнемі бетке басады. Бірақ, АҚШ бет-албатты, ешбір себепсіз басқа елдерге қатысты әскер күші мен қаруды қолданып отырған жоқ. Біз АҚШ-ты ақтағалы немесе жақтағалы отырған жоқпыз. Әйтсе де, фактының аты факт. Объективті жазылған арнайы әдебиетке талдау жасау арқылы АҚШ немесе НАТО әскері көп жағдайда амалсыздан, кейде, өткір қажеттіліктен түрлі жанжал ошақтарына қатысқанына көз жеткізу қиын емес.Мысалы, Гренада жерінде АҚШ қарулы күштері 1983 жылы «Urgent Fury», яғни, «Қаһарлы ашуға булығу»деген шартты атаумен әскери операция ұйымдастырып, қарулы күштерін ендірді. Мұндай қадам жасауға қолқа салып, өтініш білдірген Америкалық мемлекеттер ұйымы болды. Себебі, 1979 жылы 13 наурызда Гренада қарулы төңкерісті бастан өткерді. КСРО қолдауымен Морис Бишоптың «New Jewel Movement» атты қозғалысы Гренаданы басқарып отырған Эрик Гейридің үкіметін құлатып, әскери авторитарлық билік орнатты. КСРО, Куба мен КХДР сияқты социалистік елдердің берген 100 млн.$ жуық қаржылық көмегі мен озық қару-жарағының арқасында М.Бишоп гренадалықтарды бақайшағына дейін қаруландырып, 1983 жылға таман Кариб теңізі бассейніндегі ең мықты қарулы күш жасақтады. КСРО Гренадамен ғана шектелмей, Никарагуадағы сандинистер мен Сальвадордағы солшыл партизандарға да жан-жақты қолдау жасауға тырыс­ты. Осылайша, Орталық Америкадағы жағдай күрт шиеленісті. Бастапқыда АҚШ Гренадаға байкот жариялаумен шектелді. Бірақ, КСРО-ның Гренада арқылы аймаққа өз ықпалын арттыруға дәмелі екені анық сезіле бастауы, қандықол М. Бишоптың өз оппоненттерін қатаң жазалап қоймай, қырып-жоюы, американдық туристердің өміріне қауіп төндіруі, жалпы, Кариб теңізі аймағындағы тұрақсыздықты шайқалта бас­тауы Америкалық мемлекеттер ұйымын ойландырып, жоғарыда айтылғандай, аяғы АҚШ-тан көмек сұрауға алып келді. АҚШ көп ойланбастан әскери операцияны бас­тап, М.Бишоп тиісті жазасын алды. Осылайша, 1984 жылдан бастап Гренаданың қоғамдық-саяси өмірі тұрақтанды. Бүгінде Гренада Ұлыбританияның құрамындағы конституциялық монархиялы мемлекет. Туризмі дамыған, аграрлы ел, Кариб теңі­зіндегі қауіпсіз өмір аймақ саналады. Егер, АҚШ араласпаса, М. Бишоптың әскери режимі Гренадамен қоса, Орталық Америка аймағын қан қақсатар еді. 
Американы жек көрушілердің АҚШ-қа қарсы шүйлігетін тұсы – Балқан дағдарысына қатысты. КСРО тұсында Югославия деген атауы бар дардай мемлекет Кеңестер Одағымен бірге ыдырап, тоз-тозы шықты. Югославияның территориясында 1991-2001 жылдар аралығында этникалық және діни жанжалдар негізінде тұтанған қарулы қақтығыстар серия-сериясымен жүрді. Ресейдің қолдауына ие болған сербтер (негізінен, православтар) бір жақ, хорваттар (католиктер), босниялықтар мен косоволық албандықтар (негізінен мұ­сылмандар) қарсы жақ болып бір қырылды. Онымен қоймай, хорваттар мен босниялықтар өзара қы­рылысты. Бұл аздай, албандықтар мен македондықтар бір-бірімен атысып-шабысты. Осылайша, Югославия со­ғысы ІІ-ші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңдегі Европада болған ең үлкен соғысқа айналды. Слободан Милошевич бастаған Югославия ұлттық армиясы сербтерді қолдап, жүгенсіз әрекеттерге барды. Этникалық тазалау, атып-асу, геноцид, зорлық-зомбылық жаппай орын алып, айуандық әскери қылмыстар жасалды. Әсіресе, Сараево мен Сребренице қалаларында адамзатқа жат, жан түршігерлік қанды қырғындар болды. Әлемдік қауымдастық араласып, ара-ағайындық етпесе, тым ұзаққа созылған Балқан жанжалы өз-өзінен шешілмейтіні анық еді. 
АҚШ-тың ара-ағайындық етуімен 1994 жылы Вашингтон келісімі жасалып, Босния мен Герцеговина Федерациясы құрылды. 1995 жылы босниялық сербтердің қанқұйлы армиясына қарсы НАТО әскерін енгізуге тура келді. 1995 жылы 21 желтоқсанда АҚШ-тың Огайо штатында, Дейтон қаласында кезекті бейбіт келіссөздер өтіп, жанжалды реттеуге мүмкіндік туды, ол тарихта Дейтон келісімі деген атпен қалды. Осы сұрапыл соғыста адамзатқа қарсы жасалған әскери қылмыстарды тергеу мақсатында Бұрынғы Югославия жөніндегі халықаралық трибунал құрылды (Гаага трибуналы). Бұл әскери сот 2008 жылға дейін 45 сербті, 12 хорватты, 5 босниялықты әскери қылмыскер ретінде соттады. Олардың қатарында С. Милошевич те болды. Жалпы, Балқан конфликтісінде қайтыс болғандар саны 130 мың адамнан асып кетті, жапа шеккен 2,2 млн адам босқынға айналды, ондаған миллиард доллар материалдық шығын шықты. Егер де жанжалды шешуге АҚШ пен НАТО араласпаса, БҰҰ атсалыспаса, Балқан соғысының зардаптары бұдан да қайғылы, шығыны әлденеше есе көп болар еді…
АҚШ-тың шетелдегі әскери қаты­суында ерекше орын алатыны – Парсы шығанағындағы соғыс, Иракқа қарсы ұйымдастырылған «Шөлдегі дауыл» әскери операциясы. Оның мәнін түсіну үшін алғышарттарын білуіміз қажет. Иран-ирак соғысы кезінде Саддам Хусейн Сауд Аравиясы мен Кувейтке шаш етектен қарызға батады. Көршілес жатқан Кувейттің өзіне Ирактың қарызы 17 млрд. АҚШ долларына жеткен. Қарызын қайтсе де қайтармауды көздеген Саддам Хусейн Кувейтке Ирак мұнайын ұрлаушы, келісімшартты бұзушы сияқты негізсіз жала жауып, қарызды қысқарту туралы талап қояды. Онымен қоймай, С.Хусейн Кувейтке қарасты аймақтағы стратегиялық маңызы бар Варба және Бубиян аралдарын тартып алғысы келді. Өзінің егемендігін қорғамақшы болған Кувейтке Ирак соғыс ашып, басып алды. Парсы шығанағында туындаған халықаралық шиеленісті реттеуге БҰҰ арнайы мандат арқылы АҚШ-қа  әскери операция жүргізуге рұқсат берді. 1990 жылы 29 қарашада БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қарар қабылдап, Иракқа қарсы ықпал етудің барлық мүмкін шараларын Жарғыға сәйкес қолдануды мақұлдады. АҚШ бастаған көпұлтты НАТО әс­кері «Шөлдегі дауыл» операциясын сәтті жүргізді, нәтижесінде, Кувейттің тәуелсіздігі қалпына келді, Ирак БҰҰ талаптарын мойындауға мәжбүр болды. 
Кувейтке шабуыл жасамас бұрын соғысқұмар С.Хусейн Иранмен ұзақ жыл соғысты. Көрші елдермен соғысып қана қоймай, қанқұйлы билеуші Ирактың ішіндегі өзге ұлттарға қатысты геноцид жасап, әскери қылмыскер атанды. Ол 1983 жылы жаз айларында күрдтердің барзан тайпасының 15 жасқа толған еркек кіндіктілеріне қарсы жаппай өлтіріп, геноцид жасады. 1987-1989 жылдары Солтүстік Иракты мекендейтін күрдтерді қырып-жою мақсатында Анфаль атты (арабша«олжа» деген мағына береді) жасырын бағдарлама жүргізіп, оған С.Хусейннің туысы Али Хасан әл-Мәжид (лақап аты «Химиялық Али») басшылық етті. Ол Балисан, Карадаг, Яхсомер, Халабдж атты күрдтердің елді мекендерін аса улы иприт,  зарин, табун, VX газдарын қолдану арқылы бом­былатып, жаппай қырды. Мұндай бас­сыз­дыққа бүкіл әлем наразылығын білдіріп жатқанда, КСРО ғана үндемей, қалыс қалды. Human Rights Watch және Халықаралық амнистия ұйым­дарының есебі бойынша қанішерлік әрекеттен 182 мың күрд өлген, 5 мың күрд ауылы жермен жексен етіліп жойылған, 4700 күрд концлагерьлерге тоғытылған, 1 млн. ас­там күрд босқынға айналған. Жоғарыда аталған қылмыстардың бәрі БҰҰ арнайы қарар қабылдап, АҚШ пен НАТО әскеріне «Шөлдегі дауыл» операциясын жүргізуге рұқсат беруіне ықпал етті.
С. Хусейн жаппай қырып жоюшы атом қаруын иеленуге бірнеше рет талпыныс жасады. Ирактың Франциядан сатып алған атом реакторларын АҚШ Орталық барлау басқармасы мен Израильдің «Моссад» барлаушылары бірігіп жүргізген «Опера», «Вавилон» операциялары арқылы жойған. 1981 жылы 7 шілде күні «Осирак» атом реакторы бомбаланып, жойылды. «Шөлдегі дауылдан» кейін тәубесіне келген С. Хусейн айтқанға көніп, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің №687 қарарына сәйкес жаппай қырып жоятын қаруды қадағалау талаптарын орындайтынын мәлімдеді. БҰҰ Арнайы комиссиясы Иракқа келіп, химиялық, ядролық, бактериологиялық қаруларды, алыс қашықтыққа ұшатын зымырандарды әзірлеуді доғару мен жою бағытында   жұмыс жүргізді. Комиссияның белсенді жұмыс жүргізуінен қауіптенді ме, әлде басқа себеп болды ма, Ирак билігі 1998 жылы БҰҰ ынтымақтасудан бас тартты. С.Хусейннің бұл әрекеті әлемдік қауымдастық тарапынан күдік пен қауіпті күшейтті. 2011 жылғы 11 қыркүйектегі АҚШ-та орын алған те­рактілер сериясынан кейін Иракқа қатысты күдік одан сайын күшейе түсті. Бұған қоса, С.Хусейн «Аль-Кайда» террористік ұйымымен байланысы бар деген қауесет те тарап кетті. Одан кейінгі хал-ахуалдың қалай өрбігені баршамызға белгілі. АҚШ және оның одақтастары 2003 жылы 20 наурызда «Ирак бостандығы» атты әскери операцияға кірісті. Бұл операция партизандық соғыс, терактілер жасау сияқты қиындықтарға тірелді. Соған қарамастан, С.Хусейннің әскери-саяси режимі талқандалды, 2003 жылы 13 желтоқсанда Тикрит қаласынан 15 шақырым жердегі Ад-даур елді мекенінде 2 метр тереңдіктегі бункерге тығылған С.Хусейн жаныдағы екі серігімен бірге қолға түсті. Олардан екі автомат, бір пис­толет, 750 мың АҚШ доллары тәркіленді. 2005 жылғы 19 қазанда С.Хусейн 14 түрлі айыптаумен сотталды. Айыптаулардың көбісі әскери қылмыстарға, геноцид пен репрессияға қатысты болды. Жасаған қылмыстарының ауырлығына байланысты сот оған дарға асу арқылы орындалатын өлім жазасын кесті. Үкім 2006 жылы 30 желтоқсанда орындалды.
2004 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі №1637, 1723, 1790 қарарларын қабылдап, Иракта шетелдік коалициялық әскер ендіруге санкция берді. 2007 жылы 10 қаңтарда «Үлкен толқын» атты жаңа операция басталды. 2008 жылы БҰҰ мандаты бітуіне байланысты коалициялық әскердің басым бөлігі Ирактан шығарылды, Ирактың қауіпсіздік органдары елдегі жағдайды тұрақтандыратын жағдайға жетті. 2010 жылы 1 қыркүйекте «Ирак бостандығы» операциясы ресми түрде аяқталып, «Жаңа таң» атты операциясы іске қосылып, елдің қауіпсіздігін Ирак әскери күштеріне тапсыру басталды. 2011 жылғы 15 желтоқсаннан бастап АҚШ 9 жылға созылған ирактық компанияны аяқтады. АҚШ-тың Ирак соғысына қатысуы, С. Хусейнді жасаған қылмыстары үшін сот арқылы жазалауына қатысты пікір де кереғар. Біреулер АҚШ-ты жақтаса, енді біреулері айыптайды. Бірақ, Америкаға жағымсыз көзқарастағылар мына бір ақиқат жағдайды көпе-көрнеу ес­кер­гілері келмейді: егер де, С. Хусейн демократияны қолдап, заңды сақтап, геноцид пен репрессия жасамай, гуманды да бейбіт саясат жүргізген болса, АҚШ-тың да, НАТО-ның да, БҰҰ-ның да Иракта шаруасы болмайтын еді. 
АҚШ-ты айыптаушылардың жақсы көретін тақырыптарының бірі – Ауғанстан. «Халықаралық терроризммен күрес, әл-Кайда мен Усама бен Ладенді жою сияқ­ты желеумен американдықтар ауған еліне басқыншылық жасады» дейтін пікірлерді жиі естіп жатамыз. Алайда, «демократиялық ауған халқына көмек», «интернационалдық борышты өтеу» деген ұрандармен кезінде КСРО да Ауғанстанға әскер ендіріп, оның аяғы онжылдық соғысқа (1979-1989) ұласқанын антиамериканистер естерінен шығарған сыңайлы. Соғыстан көз ашпаған, кедейліктен сіңірі шығып, білім мен мәдениеттен мақұрым қалған Ауғанстанға шетелдіктер неге әскер кіргізуге құмар? Кейбіреулер Ауғанстан маңызды геосаяси аймақ, Қытай, Үндістан, Пакистан, Ресей сияқты ядролық клубқа мүше, әлеуеті де зор елдердің қолтығына кіріп кетіп, кеңірдекке қанжар тіреуге қолайлы дейді. Алайда, АҚШ-тың Ауғанстанға әскер енгізуінің алғышарттарын тал­дасақ, геосаяси фактордан гөрі, әлемді алаңдататын, ғаламдық қауіпсіздікке қатер төндірерлік дәрежеге дейін шиеленіскен ішкі проблемалар шешуші рөл ойнағанын байқау қиын емес. КСРО 1989 жылы әскерін шығарып әкеткен соң, Ауғанстандағы «демократиялық» биліктің дәурені бес-алты жыл ғана болды. Өмірден де, саясаттан да жақсылық көрмеген халық тек дінге үміт артатын деңгейге жетеді. Ауған халқы арасында Талибан исламистік қозғалысының тез арада бедел мен билікке ие болуына осындай рухани-саяси дағдарыс қосымша әсер етті.
Талибан – (пушту тілінде «медреседе тәлім алушылар, тәлімгер» деген мағына береді) ауғандық пуштундардың арасында 1994 жылы туындаған исламистік қозғалыс. Талибандар 1996-2001 жылдары «Ауған ислам әмірлігін құрып», Ауғанстанды билеп-төстеген саяси күшке айналды. Дипломатиялық тұрғыда Біріккен Араб Әмірліктері,  Пакистан, Сауд Аравиясы олардың мемлекеттілігін мойындады, өзге елдер ала көзбен қарады. Талибан өзінің бақылауындағы аймақтарда діни тоталитаризм орнатып, қоғам өміріне шариғат нормаларын енгізді. Шариғат заңдарының сақталуы талибтер тарапынан қатаң бақылауға алынып, теледидар көруге, музыка тыңдауға, музыкалық аспаптарда ойнауға, сурет салуға, алкоголь тұтынуға, компьютер мен интернетті пайдалануға, шахмат ойнауға, арсыз әңгімелер айтуға тыйым салынды. Сондай-ақ, талибтердің туы ақ болғандықтан, ақ түстік аяқ киім кигендер жазаға ұшырады. Ер адамдар белгілі бір ұзындықтағы сақал қоюға міндетті болды. Ал, әйелдер қоғамдық орындарда бетін жауып жүруі тиіс, жалғыз емес, туыс ер азаматқа еріп жүруі керек. Әйел затына жұмыс істеуге тыйым салынды, қыз-келіншектер тек қана әйел дәрігерге қаралуы қажет. Нәзік жандылардың білім алуына да шектеу қойылды. 2001 жылы 26 ақпанда молда Мохаммед Омар Ауғанстандағы барлық ислами емес ескерткіштерді қирату туралы жарлық берді. Сол жылы 2 наурыздан бастап Бамиан алқабындағы ЮНЕСКО қорғауындағы әлемдік мәдени мұра саналатын тарихи ескерткіштер – тауға қашалған Буддаға арналған екі алып ескерткіш (бірінің бойы – 55, екіншісі – 37 метр) талқандала бастады. Талибтер ескерткіштерді неше түрлі қару-жарақпен атқылады, минамен жарды, ракетамен де атты. Бұл айуандық әрекет әлем назарын аудартып, барша адамзаттың наразылығын туғызды.Талибандар шетелдердегі экстремистік, террористік ұйымдарды, сепаратистік қозғалыстарды қолдайтындарын ашық мәлімдеді. Екінші шешен соғысы кезінде, 1999 жылы күзде Талибан басшылығы Ресей федералды әскерімен соғысып жатқан шешен сарбаздарына 4 миллион АҚШ долларын, 24 зениттік-зымырандық кешендер жіберу туралы шешім қабылдаған. Онымен қоймай, әлемдегі барлық мұсылмандарды Шешенстанның тәуелсіздігін мойындауға, орыс кәпірлеріне қарсы қаситетті соғысқа (жиһадқа) қатысуға шақырды. 2000 жылы мамыр айында Ресей президентінің көмекшісі Сергей Ястржембский Ауғанстандағы террористер базаларына соққы беру мүмкіндігі туралы мә­лімдесе, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Иванов талибандар Тәжікстан, Қырғызстан сияқты одақтастарына қысым жасайтын болса, Ресейдің әскери іс-шаралар жасайтынын айтты. Бірақ, ол кезде Ресей өте әлсіз болатын, билік басына жаңадан келген В.Путин шешендермен күресуге басымдық беріп, Ауғанстанмен алысуға шамасы да, мұршасы да болмады. Осылайша, исламды ту етіп, шариғатты қалқан еткен талибтік Ауғанстан ха­лықаралық терроризмді қолдаушы әрі дайындаушы ел дейтін қоғамдық пікір қалыптасты.БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі де талибан қозғалысын террористік ұйым деп айқындады.
Талибтер зайырлы білім беретін мек­тептердің барлығын жауып тастауға тырысты. Олар өздерінің саясатын қаржы-қаражатпен қамтамасыз ету үшін наркотик өндірісіне кең жол ашты. Өйткені, ондаған жылдық соғыстардан Ауғанстан экономикасы да, халқы әбден титықтап қалжыраған еді. Ислам мен шариғатты бетперде етіп жамылған талиб өкіметі харам әрекеттерге дейін барды: опиумды мак өсіріп, героин өндіруден басқа ауғандықтардың қолынан келер кәсіп түрі жоқ екенін сезіп, адамзатқа ажал себуші наркобизнесті өздерінің бақылауына алды. 1999 жылы 15 қазанда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі №1267 қарарын қабылдап, талибтер бақылауындағы Ау­ғанстанда опиум өндіру күрт өсіп кетуіне алаңдаушылық білдірді. Талибандар Ауған­станды героин өндіруші әлемдік лидерге айналдырды. Ресей стратегиялық зерттеулер институтының мәліметіне сүйенсек, Ауғанстанда 1996 жылы 2248 тонна героин өндірілсе, 1999 жылы 4565 тонна героинға, яғни, екі есеге өскен. Ал, шетелдік сарапшылар Ауғанстан 1999 жылы әлемдегі барлық героиннің 79% өндіргенін, опиумды мак егетін егістік көлемі 57 мың гектардан 91,5 мың гектарға артқанын көрсетеді. Тіптен, шаруаларға бидай егуге тыйым салынса, апиын магын егушілер керісінше, ақшалай сыйақы алатын болған. Талибтер мак егу мен сатуға 10%, опиум өндіру мен сатуға 20% ресми салық ендірген. Осындай бассыздықтан Орталық Азия, Ресей, Шығыс Еуропа елдерін басып өтетін наркотрафиктер күшейіп кетті. Наркобизнес дамып, әлемдегі наркомандардың саны күрт өсті. Айналып келгенде, мұның барлығы наркоқылмыстардың артуына, ғаламдық тұрақтылық пен қауіпсіздікке қатер төндіре бастады. Осылайша, талибандар әлемдік қауымдастықтың ортақ жауына айналды, оларды орнына қоятын жалғыз ғана күш – АҚШ бастаған НАТО екені белгілі бола бастады. 2011 жылғы 11 қыркүйектегі АҚШ-та орын алған терактілер сериясы шыдамның шегіне жеткен қайғылы жағдайға айналды. АҚШ көп ұзамай ха­лықаралық терроризммен күресуге бағыт­талған «Бұзылмайтын бостандық» атты кешенді әскери операцияны бастады (бес бағытты: Ауғанстан, Филлипин, Африка мүйісі, Батыс Сахара, Грузиядағы Панкис шатқалы). АҚШ-тың бастамасын әлем қолдады. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі №1386 қарарын қабылдап, АҚШ бастаған Ау­ғанстандағы қауіпсіздікке жәрдемдесуші халықаралық күштердің әскери операциясына рұқсат берді. Яғни, Ауғанстандағы талибтердің режимін әскери күшпен жоюды, оның орнына демократиялық басқару жүзеге асатын, заң мен құқыққа негізделген бейбіт қоғам құруды жалғыз АҚШ емес, бүкіл әлем қалап отыр.
АҚШ-ты басқыншы деп санаушылар «Түрлі-түсті төңкерістер» мен «Араб көктемін» американдықтар ұйымдастырды деуден де тайынбайды. Әдетте, кінә тағушылар мәселенің байыбына бармай жатып, байбалам салғыш келеді. Шынына келсек, «Түрлі-түсті төңкерістердің» де, «Араб көктемінің» де түпкі мәні – биліктің халық сенімінен айырылып, өзінің легитимділігін жоғалтуы. Мұны саяси тілде делегитимдену деп атайды. Делегитимденудің, яғни, би­ліктің халық сенімінен айырылып, өз легитимділігін жоғалтуының басты себептері: 
1) қоғамдағы әмбебап құндылықтар мен билеуші элитаның эгоистік мүд­делерінің қайшылыққа түсуі. Ше­неуніктер қарақан бастарының мүддесін ұлттық мүддеден жоғары қойып, сыбайлас жемқорлыққа салынуы қоғамның наразылығын туғызады; 
2) демократия идеясы мен әлеуметтік-саяси тәжірибенің арасындағы қай­шылық. Билік өзінің легитимділігі азай­ған сайын жанталасып, биліктен айырылып қалмаудың жолдарын іздес­тіре бастайды, адамның құқықтары мен бостандықтарын аяққа таптап, сөз бостандығын шектеп, оппозицияға қатты қысым көрсетеді, бөгде ойдағыларды (диссиденттерді) қатаң жазалауға көшеді. Демократиялық идеялар мемлекет террорының тасасында қалады; 
3) саяси жүйе ауқымында халықтың мүддесін көздейтін механизмдердің болмауы; 
4) сыбайлас жемқорлық пен бю­рократияның белең алуы;
5) көп ұлтты мемлекеттерде шовинизм, этникалық сепаратизм, эстремизм сияқты жағымсыз құбылыстардың туындауы; 
6) билеуші элитаның өзіндік сенімі жоғалып, кландық, трайбалистік жік­шіл­діктің тереңдеуі; 
7) билік тармақтары арасындағы қайшылықтар, ведомство аралық теке-тірестердің көбеюі;
8) билік органдары мен қылмыс әлемінің сыбайласып, ауыз жаласып кетуі.
Билік легитимділігінің дағдарысына алып келетін себептер сан-алуан, бірақ, олардың барлығына халықтың билікке қатысты наразылық (протестік) көңіл күйі тән. Мысалы, сайлаудың, референдум мен плебисциттің әділ өтпеуі, инфляция мен девальвацияның әсерінен болатын қымбатшылықтан тұрмыс тауқіметінің қиындауы, жұмыссыздық, қылмыстың өршуі, өмір сапасының төмендеуі т.б. саяси, экономикалық, әлеуметтік сипаттағы түрлі себептер халықтың наразылығын тудырады. Билік легитимділігінің ресурстары сарқылған сайын халық наразылығы өсуімен қатар, оппозициялық күштердің қоғамдық қолдауға ие болып, тез күшею­іне ықпал етеді. Наразы халық пен оппо­зицияның мақсат-мүддесі түйіскен кезде ресми билікке талап-тілектер қою бас­талады. Әдетте, «халықтың сені­мін ақтамаған билік отставкаға кетуі тиіс»,  «жалақыны, түрлі әлеуметтік төлемдерді көтеру керек», «салықтарды төмендету қажет» т.б. талаптар қойылады. Билік мұндай талаптарды қанағаттандыра алмаса, наразылық одан сайын күшейіп, ашынған тобыр радикалды іс-әрекетке көшеді. Мұның соңы жаппай бұзақылықтар, ереуілдер, қарсылық акцияларына ұласып, асқынған жағдайда төңкерістер мен азамат соғысына дейін өршіп кету қаупі бар. Бұған соңғы жылдары әлемнің түрлі елдерінде орын алған Қырғызстан мен Грузиядағы түрлі-түсті төңкерістер, «араб көктемі», украиналық майдан мен «гибридті соғыс», Еуроодақ елдеріндегі кәсіподақтардың ұйымдастыруымен өтетін жұмысшылардың жаппай ереуілге шығуы жатады. Енді, осыларға қысқаша тоқтала кетейік.
Түрлі-түсті төңкерістер – билікті күш қолданбай құлатудың технологиясы саналады. Түрлі-түсті аталу себебі – әр елдегі билікке қарсы шығушылар белгілі бір ашық түсті (сары, қызғылт, ал қызыл, көгілдір, ақ, ашық жасыл) бостандық үшін күрестің символы етіп таңдауы. Осындай төңкерістердің нәтижесінде постсоциалистік лагерь елдердің көбісінде (КСРО, Шығыс Еуропа, араб әлемі) саяси режимдер ауысты. Олардың хроникасын ретімен айтсақ мынадай: 1989 жыл – Чехословакиядағы барқыт революция; 2000 жыл – Югославиядағы бульдозерлік революция; 2003 жыл – Грузияда «раушан төңкерісі» – «вардебис революция»; 2004 жыл – Украинадағы қызғылт революция; 2005 жыл – Қырғызстандағы мақпал революция; 2005жыл – Өзбекстанда түрлі-түсті төңкеріс жасауға талпыныс жасалды; 2005 жыл – Ливандағы кедр революциясы; 2006 жыл – Белоруссияда василек (көктікен гүл – егін арасында өсетін ашық көк гүлді арамшөптердің бір түрі) революциясын жасауға талпыныс жасалды; 2008 жыл – Арменияда түрлі-түсті төңкеріс жасауға талпыныс жасалды; 2009 жыл – Молдавияда түрлі-түсті төңкеріс; 2010 жыл – Қырғызстанда екінші төңкеріс – Қауын революциясы – (Халық төңкерісі). Бұл аталған елдердің барлығындағы халық наразылығының себептері биліктің әділетсіздігі мен жауапсыздығы, біліксіздігі мен ашкөз жемқорлығы. Яғни, негізінен ішкі саяси себептер шешуші рөл ойнады. Егер, билік әділетті, ұлтжанды, патриотты болып, ел-жұртын ойласа халық та ондай билікті құрметтейді. Халық билікке разы болса, АҚШ тұрмақ, сайтан келіп азғырса да, ешқандай төңкеріс жасамайды.  
2014 жылы «Евромайдан» деп аталған, Украинада туындаған жаңа төңкеріс Еуроодақ пен Кеден Одағының қайсысына қосыламыз деген саяси даудан туындады. Оның аяғы Ресейдің ықпалымен Украинаның Батыс Шығыс болып бөлі­нуіне, Қырымды Ресейдің аннексиялап, өзіне қосып алуына ұласты. Ресей өзінің басқыншылығын ешқашан мойындаған емес, мойындамайды да. Халықаралық құқық нормаларын аяққа таптаған бұл әділетсіздік әлемдік қауымдастықтың нара­зылығын туғызып отыр. Тағы да сол, күшті ел әлсізіне әлімжеттілік жасай бастаса, оған АҚШ бастаған Батыс елдері қарсы тұрады. Қазір Ресейге қарсы экономикалық санкциялар жасалуының да сыры осында. Егер, Ресей бәлелі жерге бармағын сұқпай, бүлінген жерден бүлдіргі алмай, Украинаға тиіспесе, оған АҚШ та, Еуропа да тиіспес еді. Экономикалық дағдарыс та, аласапыран соғыс та болмас еді.
Ал, «Араб көктемі» болса, араб әлемінде 2010 жылдың аяғында бастау алған демонстрациялар мен бүліктердің (бір топ адамның мемлекеттік төңкеріс жасау мақсатымен еткен әрекеті) толқыны. 2010 жылы 18 желтоқсанда Тунисте Мохаммед Буазизи елдегі коррупция мен алым-салықтардың ауыр­лығына наразылық ретінде өзін-өзі өртеп жіберді. Оның жанқиярлық әрекеті тунистік халықтың жаппай бас көтеруіне ықпал етіп, аяғы төңкеріске ұласты. Қысқа мерзім ішінде халық наразылықтары көрші араб елдеріне жайылып, 2011 жылы көктемде Алжир, Иордания, Египет, Йемен елдерінде төңкеріс болды. 
«Араб көктемінің» кең етек жаюына әсер еткен факторлар: араб елдерінің көбісінде елді билеушілер 30-40 жыл бойы ауыспай ұзағынан отыруы, сыбайлас жемқорлықтан мемлекеттік аппараттың іріп-шіруі, экономиканың құлдырауы, халықтың  әлеуметтік хал-ахуалы төмендеп кетуі. Әсіресе, мұсылмандар жұма күні мешітке жұма намазына жаппай жиналатын күн болғандықтан, діни ғибадаттан кейін күшті ұйымдасқан шерулер мен қарсылық акциялары көп орын алған. «Араб көктемінің» нәтижесінде халық толқуынан төрт елдің билігі құлады:Тунис президенті 2011 жылғы 14 қаңтарда Зин әл-Абидин Бен Али бас сауғалап Сауд Аравиясына қашты. Египетте 2011 жылғы қаңтардың ортасынан бастап 18 күнге созылған халықтың қарсылық акцияларынан соң  2011 жылғы 11 ақпанда 30 жыл ел президенті болғанХосни Мубарак отставкаға кетті.  Ливияны 40 жылдан астам билеген харизмалы лидер Муаммар Каддафи 2011 жылы 23 тамызда билігінен айырылып, сол жылы 20 қазанда өзі дүниеге келген Сирт қаласында Ұлттық өтпелі кеңестің сарбаздары қолынан қаза тапты. Йемен президенті Али Абдалла Салех 2012 жылы 27 ақпанда өзінің билігінен айырылды. Сонымен қатар, Оман, Марокко, Иордания, Судан, Мавритания, Джибути, Ливан, Батыс Сахара, Кувейт, Сауд Аравиясында билікке қатты қарсылық көрсеткен халық толқулары болды. Иордания, Кувейт, Сауд Аравиясы сияқты кейбір экономикасы күшті, бай араб елдері халыққа қаржылай көмек беру, қомақты өтемақылар төлеу арқылы бұқара араб наразылығының бетін қайтарды. «Араб көктемінің» зардаптары әлі күнге дейін жойылған жоқ, араб елдері дағдарыс пен азамат соғысы жағдайын бастан өткеруде. 
Қорытып айтар болсақ, бүгінгі таңдағы әлемдік саясатта АҚШ-тың гегемондығы анық байқалады. Әлемдік саясаттағы Американың араласқан дау-жанжалдары көбінесе халықаралық қауымдастықтың мақұлдауымен, өткір қажеттіліктен туындап отырады. Адам пенде болғандықтан, заң болмаса, «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» болмаса, ойына келгенін істеп, жайылып кететіні бар. Сол сияқты, «бұзық» мемлекеттерді де қадағалап, бассыз­дықтарын тежеп отыратын бір күш қажет. Өкінішке орай, осындай игі мақсатта құрылған БҰҰ көп жағдайда дәрменсіздік танытады. Сондықтан, «әлемдік жандарм» рөлін көбінесе АҚШ пен НАТО елдері атқаруға мәжбүр. Бұл – бұлтартпас факт. 

 

Алдыңғы «
Келесі »

4 Пікір бар

  1. Өте терең ойлы, әр сөз дәйектілі фактілерге сүйенген, адамдардың саяси сауатын ашатын және тереңдетін сараптама мақала. Бұндай мақалалар өте қажет, себебі қоғамда көп бұрыс пікірлер, жағымсыз іс-әрекеттер мәселенің түпкі мәні мен себебін білмегендіктен туындайтыны белгілі.Өзіме келсем, бұрыннан түсіне алмай жүрген көп сұрақтарыма саяси білімді маманнан жауап алдым. Сондықтан, авторға үлкен ризашылығымды білдіре отырып, мемлекетімізде осы автор сияқты білімді және білікті мамандар көп болғанын тілеймін. Өркеніңіз өссін, автор мырза!

  2. Әлемдік саясатың қайсысы дұрыс қайсысы бұрыс? деп бөле отырып, терең саяси сараптама жасаған.Мақалада түсінікті фактілер келтіріліп саяси қақтығыстардың пайда болу шешілу жолдары көрсетілген, АҚШ әлемдік мәселерді шешудегі рөліне басымдылық бергені байқалады. Тартымды жалғасын күтеміз.

  3. Тэтчер өліп қалды ма? Өлмеген, тек алжып қалған дегенді естіп едім.

  4. Керемет мақала. Әлемдік саяси жағдайға қарапайым тілмен терең талдау жасалған. Жақсылап оқыған адамға “әттең-ай десейші” қазіргі ел жағдайына қатысты “ғибрат” алуға болады. Сөзсіз, әлем елдері бүтін бір ағза. Ағзаның бір жеріндегі “дерт” бәрін де шарпиды. Автордың ойына 100 пайыз қосыламын. Осындай қазақтың білімді жігіттері бар екенін мақтан етемін.

Пікірлерге тыйым салынады.