Қазақ мемлекетінің іргесін қаласқан қазақ

  • 05.02.2015
  • 2145 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, 
С. Демирел атындағы университет 
ректорының кеңесшісі, филология    
ғылымдарының докторы, 
профессор

Алты алаштың ақсақалы Ахаң (Ахмет Байтұрсынов) сонау бір ақтың ақ болмай, қара болып, қараның қара болмай, ақ болып, халқына адал қызмет еткендердің барлығы халық жауы атанып, дүниенің астан-кестеңі шығып жатқан аласапыран бір кездерде «Асықпаңдар, артымызда қазы бар, Сүйегіміз тексеріліп таразыға талай әлі тартылар» десе, алаштың ақтаңгер ақыны Мағжан «Елге еңбегін сіңірген ер қымбат. Ердің елге бағасы қаны бір болуда емес, жаны бір болуда; қуаныш-қайғысы ортақ болуда. Ердің бағасы елге еткен еңбегінің зор яки кішілігінде емес, ел деген жүрегінің таза болуында; ер өмірінің өрі мен көрі ел өмірінің өрі мен көрімен бір болуында» (Мағжан Жұмабаев, Шығармалары. Алматы, «Жазушы», 1989, 345-бет) – деп, бұл сөздердің мәнін аша түскендей  болған екен. Өздерінің, «елім» деп жүрген басқа да өз замандастарының басынан өтіп жатқан келеңсіз жағдайларға орай жазылған бұл сөздердің көрегендікпен айтылғандығын, өміршеңдігің бүгінгі күн дәлелдеп отыр. Соның бір мысалын аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұстаз, ғалым, қаламы жүйрік көсемсөзші, ақын, аудармашы, ең бастысы қазақтың біртуар айтулы азаматтарының бірі Сұлтанбек Қожановтың тағдырынан көреміз.  


Он тоғызыншы ғасырдың соңында Қаратаудың теріскейіндегі алыс ауыл Ақсүмбеде өмірге келген Сұлтанбектің тіршілік ғұмыры ХХ ғасырдың басында Түркістан өлкесінде өткен  аласапыран оқиғалардың қақ ортасында өтті. Бар саналы ғұмырын туған халқына адал қызмет етуге арнаған Сұлтанбектің тағдыры да елімен еншілес болды. Халқымен бірге оның жарқын болашағы үшін күресті. Осы жолда бақытын да көрді; халқы нәубетке ұшырағанда, осы жолда құрбандық болып кете барды. Сол себепті де ұлттық дамудың тарихи тегершігі кері айналған тұстарда, С. Қожанов та «ұлтшылдықпен» айыпталып, халық жауы атанды; ұзақ жылдар бойы есімі «жабық» болып келді. Сұлтанбектің есімі кеңес өкіметі жылдарында ақталғанымен де оның шын мәніндегі халқымен қауышуы еліміздің тәуелсіздік алған жылдарында болды. Қазір тәуелсіз Қазақстанның рухани көгінде Сұлтанбек Қожановтың жұлдызы жарқырай түсуде.
1937 жылы ұсталып, 1938 жылы халық жауы ретінде Мәскеуде атылған «қазаққа, жалпы түркі жұртына айтулы еңбек сіңіріп, өшпес із қалдырған ірі тарихи тұлға» (А. Шәріп) С. Қожановтың есімі жиырма жылдай жабық болып, заманның өзге­руімен 1957 жылдың 5-шілдесінде ақ­талды. Ақталды дегенмен де кеңес өкіметі жылдарында оның есімі халыққа еңбек сіңірген қоғам қайраткері есебінде емес, кө­бі­не ұлтшылдардың, компартиялық «сара жолға» қарсы шыққандардың  қата­рын­­­да аталып келді. Мысалы, С. Мұ­қа­­­новтың елуінші жылдардың соңы, ал­­пысыншы жылдардың басында жа­зылған мемуарлық «Өмір мектебінде»  С. Қо­жанов ту­ралы біршама шындықтың сілемдері  көрінгенмен де түптің түбінде оны антипартиялық бағыттағы қай­раткер ретінде бейнеленді. Десек те, «қып-қызыл коммунист» С. Мұқановтың ай­тып отырғандары сол көздің көзімен қарағанда, жағымсыз көрінсе де, бүгінгі күннің оқырманы тәуелсіздіктің көзімен қарағанда, Сұлтанбектей ардагерін тани түскендей болады. 
С. Қожановтың азаматтық, қайраткерлік, шығармашылық бейнесін, жалпы тұлғасын танытқан  Р. Бердібай, Т. Қожакеев, Ә. Тә­кенов, Т. Көлбаев, М. Қойгелдиев, Б. Қойшыбаев, Қ. Ергөбек, Ж. Әлмашұлы, А. Шәріп, Х. Тұрсын, А. Тасымбеков, Д. Сал­қынбек, Ж. Симтиков, Ж. Уалханова, А. Әбікей, т. б. еңбектері жарық көрді. Осы­лардың ішінде Сұлтанбек туралы арнайы зерттеу кітаптарын жазған Жолтайдың (Ж.  Әлмашұлы. Сұлтанбек Қожанұлы. Алматы, «Қазақстан», 1994, 128 бет), Амантайдың (А. Шәріпов. Сұлтанбек Қожанұлы – әдебиетші. Алматы, «Ер-Дәулет», 1994, 98 бет), Бейбіттің (Б. Қойшыбаев. Сұлтанбек Қожанов. Алматы, «Қазақстан», 2007, 320 бет) еңбектерін алдымен, атап өткен жөн. Соңғы жылдарда Сұлтанбектей сайып­қыранның қайраткерлік тұлғасын тануда  тарих ғылымының докторы, профессор Хазіретәлі Тұрсынның біршама жемісті еңбек етіп келе жатқанын айта кеткен лазым. Ол шәкірті А. Әбікеймен бірге  өмірі мен қызметінің негізі өткен Ташкент қаласының мұрағаттарынан көптеген деректер тауып, Сұлтанбектанудың деректік негіздерін байы­та түсті. Х. Тұрсынның жетекшілігімен дайындалып жатқан С. Қо­жановтың көп­том­дығының алғашқы шыққан бірінші томы түгелдей бұрын белгісіз болып келген мұрағаттық құжаттар мен материалдардан тұрады. Десек те, еліміз дамудың тәуелсіздік жолына түсіп ұзаған сайын  С. Қо­жанов мұрасының ұлттық қырлары жар­қырай түсуімен бірге  Сұлтанбектану да мұнымен тоқталып қалмайды. Уақыт өте­ді. Зымыраған уақытпен бірге заман да өзгеріп, алға жаңа міндеттер қойып отырады. Алда тұрған сондай міндеттердің бірі – ұлтымыздың ұлт болып, еліміздің ел болып қалыптасуына тарихи үлес қосқан ерен тұлғаларымыздың артында қалған мұрасына, үлгісіне бүгінгі күн сайын өзгеріп жатқан биіктен көз жіберу, топалаң уақыттардың басып қалған тозаңдарынан аршып, жаңадан жарқырай түскен қырларын аша түсу, ең соңында ұлы арыстарымыздың рухани мұрасын, асыл өсиеттерін бүгінгі ұрпақтың кәдесіне жарату мақсатымен насихаттау болмақ. Өтпелі кезеңде әрі-сәрі күйде тұрған бүгінгі қазақ елі үшін С. Қожановтың артында қалған мұрасы Шолпан жұлдыздай жарқырап, алға басар жолды нұсқап тұрғаны тарихи шындыққа айналып келе жатқанын әр­дәйім еске салып тұрғанның артық­тығы жоқ. 
С. Қожанов 1894 жылы қыркүйек айы­ның 10-шы жұлдызында қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының Ақ­сүмбе аулында өмірге келген. Көпбалалы отбасында өскен ол жастайынан пысық болып өседі. Ауыл молдасынан ерте  хат таныған Сұлтанбек Түркістан қаласындағы орыс-түзем бастауыш мектебін (1910), 3 сыныптық қалалық мектепті (1913) бітірген. Оқып жүрген кезінде әке-шешесіне салмақ түсірмеу үшін қосымша түрлі жұмыстар істеп, өз күнін өзі көруге ұмтылған. Осы­лайша ерте есейе түскен жас талап мектепті жақсы бітіріп, білімін жалғастыру мақсатымен Ташкентке аттанады. Сол кез­дегі Түркістан өлкесінің орталығы Ташкент қаласында Сұлтанбектің студенттік жылдары өтеді. Ол осындағы Мұғалімдер семи­нариясын, одан кейін Мәскеудегі БК(б)П ОК Марксизм-ленинизм курсын (1927) тамамдайды. Оның еңбек жолы Өз­­­бекстанда басталады; Ташкендегі үш жылдық мұғалімдер семинариясын үздік аяқтаған ол жолдамамен  Әндижан уезіндегі орыс-түзем мектебіне мұғалімдікке келеді. Осында бір жылдай жұмыс жасап,  туған жеріне оралып, ауыл мектебінде бала оқытады. Бозбала жігіттің Ташкентте, Мәс­кеуде білімнің, қызметтің соңында жүріп өткізген жылдарында ол азамат ретінде есейіп, қоғамдық-әлеуметтік көзқарастары қалыптаса түсті. Сұлтанбектің қоғамдық-саяси жұмыстары Ташкент қаласында «Кеңес» атты жасырын ұйым құрудан басталған. «Кеңестің» төрағасы генерал Сейітжаппар Асфендияров, орынбасарлары Мұстафа Шоқай, Садық Өтегенов, алқа мүшелері Санжар Асфендияров, Қоңырқожа Қожықов, Сұлтанбек Қо­жанов, Алдабек Мангелдин, Серікбай Ақаев, Зұлқарнайын Сейдалин, Әлмұ­хамбет Көтібаров болды. 
Осы үйірменің баспасөз органы ретінде «Бірлік туы» газетін шығарды. Оның ал­ғашқы редакторы Мұстафа Шоқай, редак­тордың орынбасары С. Қожанов болып, басылымның негізгі ауыр шығармашылық жұмыстарын атқарды; кейін біраз жыл редакторы болды. Осы уақыттарда Сұл­танбектің ұйымдастырушылық, көсем­сөзшілік қабілеттері жарқырай көрінді. «Бір­лік туы» басылымы бетінде Орта Азия, Қазақстан  халықтарының саяси-қо­ғам­дық, экономикалық, мәдени өмірі жай­лы көптеген материалдарын жариялады. Оның осы кезде қазақ әдебиетіне тікелей қатысты жазылған мақалалары көтерген мәселелерінің зәрулігімен, өткір­лігімен, негізділігімен, нақтылығымен, батыл­ды­ғымен ерекшеленеді. Ол Түркістан өл­ке­лік аштықпен күресу комиссиясының мүшесі (1918-19), Сырдария уездік рево­люциялық комитет төрағасының орынбасары, Түркістан уездік-қалалық атқару комитетінің, Сырдария облыстық рево­лю­циялық комитетінің төрағасы (1919- 20), Түркістан уездік атқару комитетінің төрағасы, Түркістан республикасы Ішкі істер комиссариатының комиссары, Түркістан Ор­талық атқару комитетінің орынбасары қыз­меттерін атқарады. 1921 жылы Түркістан республикасы  Халық ағарту халық комиссары, 1922 жылы Жер шаруашылығы халық комиссары, 1922-1924 жылдары Түркістан КП Орталық комитетінің хатшысы, атқару комитеті төрағасының орынбасары, РК(б)П ОК Орта Азия бюросының мүшесі болды.
Орта Азия мен Қазақстанды  аштық жай­лағанда, аштықпен күресетін орталық  комиссияның мүшесі ретінде оңтүстік Қа­зақстанның Қызылқұм, Түркістан, Со­зақ, Жаңа­қорған, Шиелі өңірлерінде ашық­­­қан адамдарды тамақтандыратын ар­­найы орындар ашуды ұйымдастырды. Қа­зақ халқының басына төнген осы бір ауыр шақ туралы Сұлтанбек «Түркістан ау­данының қазақтарының жайы күн санап төмендеп келіп, осы уақытта тым-ақ жаман болып тұр. Жұрт харап болуға айналды. Көшелерде шұбырып жүрген аш қазақ. Екінің бірінің аштықтан көзі іскен, беті іскен. Ана жерде де, мына жерде де аштан өліп жатқан адам. Осы кезде өлікті жинап алуға да шама келмей бара жатыр. Ақыры не болары белгісіз. Бұл бетпен бара берсе, Түркістанда қазақтан тұқым, ұрпақ қалуына көз жетпейді. Бір шараны құдай өзі таппаса, бұл жердегі жұрттың жақын арада жақсылық болар деп, үміті аз… Жұрттың күні не күн санап бетер болып барады. Аяғы неге тірелерін қайдам?» («Бірлік туы», 09.04.1918) – деп, күйзеле жазыпты. Бұл кезде ресми партиялық газеттер Ұлы Қазан төңкерісінің жасампаз жеңістерін «шабытпен» жазып жатса, ащы шындықты бүкпесіз жайып салған Сұлтанбектің  бұл әрекеті партиялық тура жолдан ауытқушылық та болатын. Шындығына келгенде, бұл халықтық трагедияны бар болмысымен жеткізе айтқан азаматтың жан айғайы да еді. 
С. Қожановтың Түркістан республи­ка­сының басшылығында атқарған қызмет­тері халықшылдығымен көзге түсіп, төңірегіне ұлтын сүйген азаматтарды жинады. Алашордашылармен тығыз байланыс орнатып, идеялас болды. Олар қуғынға түскенде, қолдап, өзіне шақырып, қорғады; қызмет беріп, шығармаларын бастырып шығарды.  Ол Түркістан автономиясының кеңес өкі­метінің әскер күшімен құлатылуын айыптап, мұны халықтың өзін-өзі билеу құқы­ғын мойындамаушылық деп бағалады. Әрине, Сұлтанбектің мұндай іс-әрекеттері боль­шевиктердің негізгі саяси бағыттарына сай келе бермейтін. Мұны аңғарған іштегі қызыл көздер  де қарап жатпады; С. Қожа­новтың «антипартиялық іс-әрекеттері» жайлы Кремльге қарай арыз-шағымдар ағылып жатты. Солардың бірін сөйлетіп көрейік. Ташкеннен Мәскеуге жөнелтілген бір арызда мынадай жолдар жазылыпты: «Біздің осы жөнелтпемен жолдап отырған құпия баяндамалық жазбамызда Қожанов пен оның адамдарының (түгелге жуық «Бір­лік туынан») бұрынғы буржуазиялық-ұлтшыл ұйым «Алаш-Орданың» аса көрнекті басшыларымен идеялық байланысы және бірлесіп атқарған жұмысы дәл анықталған. Осы «бірлік-туылық» ұйымның «солшыл» коммунизмді жа­мыл­ғы етіп, партия мен совет өкіметін ірітетін жүйелі контрреволюциялық жұ­­мысын біз құжатты-деректі түрде айқын­дап отырмыз… 
Қызметкерлердің қазақ бөлігінің басынан Компартияға жат адамдарды көр­генде, оларды іс жүзінде компартияға ымыраласпас-жау адамдардың, (формалды түрде) партияда жоқ адамдардың басқарып отырғанын  көргенде, олардың жастарды анық антикоммунистік рухта тәрбиелеп жүргенін, Партия мен Совет өкіметінің негізін туземдік халықтың өзінің қалың ортасында анық қажап-шай­қалтып отырғанын, партияның үл­кен материалдық шығындармен жа­са­ғандарының бәрін біртіндеп қауса­тып жатқанын, топшылдық ырың-жы­рың салдарынан партияның атын асыра пай­даланып жүргендерін көргенде – мұн­дай жағдайда кез-келген одан арғы  жұмыс әрбір адал партия мүшесі үшін мәнсіз және тіпті қауіпті болып кеткенін сезесің…
Ал, тура осы кезде артта қалған Түркістанда (қазақ бөлігінде) барлық саясатқа бұрынғы «Алаш-Ордашылар» басшылық жасауда. Өте қалыпты емес және шатасқан ахуал орнап тұр. Сон­дықтан біз: шетсіз-шексіз топ­шылдық-ұлт­тық қақтығыстар ахуа­лын­дағы жер­­­­­гі­лікті ұйымдар дегенмен біздің ары­зы­мызға сәйкес тиісті сауықтырғыш шаралар қабылдай алмайды ғой деп ойлаймыз, сондай-ақ тіпті біздің көтеріп отырған мәселемізді бүркемелеп тас­тай ма деп қауіптенеміз (оның үстіне қазір РКП ОК Оразбюросының (Средазбюро, Орталық Азия Бюросының – Б.Қ.) басшылары жаңа адамдар болып табылады).  Сондықтан бұл іске ОБК мен РКП ОК-нің тікелей араласуын күтеміз. Бірақ мынаны мәлімдейміз: қазақ қызметкерлерінің шын мәніндегі коммунистік бөлігі мен жастар арасында  мұндай бас көтеру пісіп-жетілді және оны басып тастау қиын.
Бұл мәселе жөнінен біз өз тарапымыздан ең алдымен ГПУ желісі бойынша Қожанов пен оның адамдарының, сондай-ақ Түркістанда және оның сыртында тұрып жатқан Алаш-Орда қай­раткерлерінің пәтерлеріне тінту жүр­гізуді талап етеміз. Бұл шара Алаш-Орда ұйымдарының  осы бағыттағы қыз­метін сөзсіз көзбе-көз анықтап береді. Шын­дап келгенде онсыз да фактілер жетіп артылады. Партияның саналы мүшелерінің тұтас бір қатары қандай да бір анти­коммунистік ұйым туралы айтып тұрса, тиісті мемлекеттік органдар шара қол­дануға тиіс, бұл шара адамдардың алып отырған лауазымына қарамастан жүр­гізілуі керек деп ойлаймыз.
Қалай болғанда да ОБК мен РКП ОК тарапынан не олай, не былай бағыт­талған шұғыл шешім мен іс-шарасы жасалуын күтеміз» (Б.Қойшыбай. Т. Рысқұловтың Сталинге хаттары. «Абай» ақпарат пор­талы). 
1924 жылы бұрын біртұтас Түркістан өлкесіне қарап келген Орта Азия халық­тарын ұлттық республикаларға бөліп,  терри­ториялық жағынан межелеу жүргізіліп, одан Жетісу мен Сырдария облыстары бөлініп алынып, Қазақстанға қаратылды. Бұл өзге­рістер қазан төңкерісінің барысында азат­тық алған әрбір ұлт өзін-өзі билеуі керек деген «лениндік ұлт саясатын» жүзеге асыру деген ұранмен өткені белгілі. Мұны бұ­рындары бодандықта болып келген Орта Азия халықтарының көпшілігі енді жеке азат ел боламыз деп, бөркін аспанға лақтырып, қуанғаны да, қолдағаны да рас. Солай бола тұра мұндай саясаттың шын мәніндегі азаттық, халықтық сыпатына С. Қожанов күмәнмен қарады. Отаршылдардың зымиян саясатына деген іштей  сенімсіздік көңілді күпті қылып, тұтас жатқан халықтың бөлшектенуге түсіп  жатқаны  алаңдатып, онша елпілдей қоймады.  Сөйтіп, ол біртұтас елді бөлшектеуден гөрі экономикалық және саяси-әкімшілік жағынан біртұтас Орта Азия федерациясын құруды жақтады.
С. Қожанов  «түркі тайпалары бірың­ғай түркі тектес халықтарды құра­ған»,  сондықтан да, түрлі түркі тайпаларынан тұратын біртұтас түркі халықтарын бөл­шектеуге болмайды; «оларды жасан­ды түрде айыруға болмайды» деп, жазды. Шындығына келгенде, мұның өзі бір­тұтас жатқан түркі әлемін іштей этностық белгілеріне қарай, бөлшектеп бұзу да болатын. Мұны алғаш рет сезіне білгендердің қатарында С. Қожанов та болды. Оның үстіне мұның өзі біртұтас Орта Азиялық экономикалық аймақтың бұзылуына алып келетіндігін де ескертті. С. Қожановтың осы кезде ұстанған бағыты оны тек өз ұлты­ның қамын ойлаған тар ұлтшыл ретінде емес, күллі түркі бірлігін ойлаған түркішіл қайраткер биігіне көтерді. Ол басқа амалдың жоқтығынан  жұртының жайын ойлап, жоғын жоқтауды жалғастыра берді. Осы кездерде жазылған «Осы күнге дейін бір болып келген, шаруа жағынан жігі ашылмаған Түркістан енді тозып, төрт-бес мемлекет болып отыр. Басқалар Орта Азия шаруа бірлігін жасап, бірден бөлініп кетпестен, шаруа істерін бір жөнмен жүргізбек болып отырғанда, Орта Азиядан қазақ облыстары шықты саналып отыр. Жетісу мен Сырдария шаруа жағынан, әлі де болса, Қазақстаннан гөрі, Орта Азия мемлекеттеріне байланысты» («Ақ жол», 14.11.1924), – деген жолдардан Сұлтанбектің осы мәселеге деген түркішілдік көзқарасы анық байқалады. 
С. Қожановтың қайраткерлігі 1924 жылы Түркістан республикасының Қа­зақс­тан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан болып бөлініп, ұлттық-территориялық межеленуі  кезінде ерекше көзге түсті. Ол 1924 жылы қараша айында жаңадан құрылған РК(б)П Қазақ обко­мының, 1925 жылдың ақпанынан өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы қыз­метін атқарды. Осы жылдары ол астананы Ақмешіт қаласына алып келді. Сұлтанбек қазақ елінің жаңа астанасы болатын қала бірнеше талаптарға жауап бере алатын болуы керек деп білді. «Қазақстан астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан қазақтың киіз үйінде болса да, қазақ ұлты жұртшылығына жуық болуы керек» («Ақ жол», 16.12.1924);  «Қайда болса да  Қазақстан кіндігі қазақ ішінде болсын. Киіз үйге орнаса да, қалың қазақтың ортасы болсын. Олай ойламай, әдемі үй, жайлы мекеме іздеп кетсек, бір күн де  болса кешікпекпіз. Бір мезгіл де болса, қазақтың ұлт тіршілігін, ұлт мемлекетін жасау игілік істерін кенже қалдырмақпыз…
Қазақстанның жаңа бас қаласы кін­дігі үлкен жолдың үстінде, қатынасқа ыңғайлы, барлық гүбірналарға байланысы бар орталық жерде болсын….
Аты аталып жүрген Ақмешіт қаласы түстігі Қарақалпақ облысы мен Сырдария гүбернасы, күншығысы Жетісу, теріс түстігі Ақмола мен Торғай, күнбатысы Ақтөбе мен Орал болып, үлкен жолдың үстінде тұрған ыңғайлы қала» («Ақ жол», 28.01.1925) – деп, Ақмешіт қаласын Қазақстанның астанасы қылуға, оның атының Қызылорда болып өзгеруіне мұрындық болды. Қазақ елі жеке мемлекет болып құрылған соң, оның  патша өкіметінің кемсітуімен «киргиз» аталып келгенін өзгертіп,  халықтың тарихи «қазақ» атауының қайта қалпына келуін жүзеге асырды. 
Қазақстанның басшылығында бір жыл­­дай ғана қызмет атқарған С. Қожанов азамат­тықтың, халыққа қызмет етудің асқан үлгісін көрсетіп, елінің есінде қаларлық талай-талай тарихи жұмыстардың басы-қасында жүрді. Жаңадан құрылған мемле­кеттің шегарасын межелеп, ел экономикасын өркендету, қазақ халқының ұлттық құндылықтарын сақтап, ұлттық дәстүрлерін, әдебиеті мен мәдениетін дамыта түсу жолында қы­руар жұмыстар атқарылды. Сол кезде жүр­гізілген пролеткультшілдік саясаттың зар­да­бы­нан ұлттық мәдениеттердің көп зардап шеккені белгілі. Осындай қауіп төнген Наурыз мейрамына Сұлтанбек сол кездің өзінде-ақ араша түсті: «22-ші март – Наурыз мейрамы. Күншығыс халқына тегіс мейрам қылып өткізу салт болған күн. Мұны көп білгіштер дін мейрамы деп жиреніп, лажы болса, құртып жіберу керек деп сопышылсынып, аңқау елге арамза молдалық соғатын қазақ коммунист жолдастардан бар екен. Наурызға арналған намаз жоқ. Наурызда құрбан шалынып, құран оқылмайды. Наурыз – жыл басы. Наурыз – күн мен түннің теңеліп, күннің асып кетіп бара жатқан уағына дәл келетін мейрам. Наурыз – мұсылмандықтан бұрын шыққан мейрам. Наурыз – ел шаруасымен күн кө­ріп, табиғат шарттарына тұрмысы көбірек байланысқан елдің тұрмысы тудырып отырған мейрам. Жұрт қысқы қысымшылықтан құтылып, малы жұт қаупінен құтылып, аман қалған малы балалап, қорасы көбейіп жатқан, өздері егін шаруасына қам қылып, қасиетті жаз маусымында байлығын молайтудың, табиғаттың иіп тұрған кезінде қолынан келгенше көп өндіріп қалудың шарасын істеп, абыр-сабыр болып жатқан ел шаруаларының талабы қозған ең көңілді уақыты – көктем. Сол көктемнің басы – Наурыз» («Еңбекші қазақ», 22.03.1925). Өкі­нішке орай, бір кездерде Сұлтанбектер осылайша бағалаған осы бір нағыз ха­лықтық мейрамның кеңестік кезеңде көп уақыттар бойы бағы ашылмай, өткен ғасыр­дың сексенінші жылдарына шейін жал­пы­халықтық деңгейде өткізілмей келгені тағы да шындық. Міне, осы сияқты халық үшін атқарған қызметтері үшін Сұлтанбекті он­ша жақтыра бермеген замандастарының өзі оның адамгершілік, іскерлік, ұйымдас­ты­рушылық,  қарапайымдылық, ұлтшылдық, қайраткерлік секілді жан-жақты азамат екендігін мойындауға мәжбүр болған. Со­лардың бірі Сәбит Мұқанов өмірбаяндық «Ме­­нің мектептерім» романдарының үшін­­ші кітабында былай деп жазыпты: «Сұл­­­танбекті «өзімшіл, кекшіл, шамасы келсе қырына алған адамды оң­дыр­май­ды, қузаған адамның қыр соңы­нан қалмайды, құртпай тынбайды» деп ес­тігем. Сондықтан «батырға да жан керек» дегендей, «барсам, барайын, – деген ой келген маған, – сөйлесейін, өзінің әуе­ніне қарай кеңесейін, аржағын көре жа­тар­мын. 
Обкомдағы кабинетіне барған мені Сұлтанбек жылы шыраймен қарсы алып, шүйіркелесе, теңдесе сөйлесті. Оның да өлең жазатынын сонда ғана біл­дім. Ташкентте қазақ тілінде шы­ғатын «Ақжол» газеті мен «Шолпан» журналындағы «Тоқпақ» және «Замандас» соның псевдонимі екен. Бірінші рет сөйлесуім демей, ол біраз пікірін ашық айтып салды. Саясат жайын, оның өткені, кәзіргісі, болашағы жайын айта кеп, менің баспасөзде жариялаған шығар­маларыма (ол жалпы әдебиетті, оның ішінде қазақ баспасөзін көп оқитын адам екен) бағасын бере кеп, былай деді (бұдан былай оны оқушыға түсініксіз тілмен сөйлетпей-ақ қоялық): 
– Сен, Сәбит шырағым,  – деді жасы үлкен ағалық ақылы сияқты дауыс­пен, – «пролетариат жазушысы болам» дегенді қойсайшы. Сәкен ғой осы жоқ нәрсені бар қылам деп жүрген. Ең алдымен, сол Сәкеннің өзі бола алмайды ғой пролетариат жазушысы. Қайдан болады ол? «Бай ұлы болсаң, Адай бол, Арғын болсаң, Алтай бол» демей ме қазақ? Сол Алтайдың ішінде Сәкен ең ірі атаның бірі Жәнібекке жататын көрінеді. Әкесі Сейфолла серілік құрғаннан басқаны білмеген. Сәкен соның мырза баласы боп өскен. Революцияға араласуы – әлдеқалай бір нәрсе. Мырзадан револю­цио­нер шыққан емес… Іштей толып жатқан таласым бола тұра, «бетін түгел көріп алайын» деген оймен Сұлтанбекке қар­сы жауап айтқан жоқпын. Менің өз жайыма келгенде, астыма көпшік қоя сөйлеп:
– Сен, әрине, талантты жастың бірі­сің. Биографияңнан да хабарым бар. Сенің әдебиетте де кедейшіл болмауға правоң жоқ. Өлеңдеріңнің көркемдігі жетіп болмағанмен, мазмұн жағынан өз бағытыңда жаман шықпайды. Көр­кемдік жағынан өсуге уақытың бар, әлі жассың. Қызыл езулікті қою керек те, шеберлену жағына күш салу керек. Бұл саған шын ағалық, адамдық жүректен айтып отырған сөзім, – деді» (С. Мұқанов. Таңдамалы шығармалар. Он бірінші том. Алматы, 1977, 131-132 беттер). Бұл Сәбиттің  С. Қожановпен алғашқы кезде­суінен алған әсері болса, екінші рет кездесуі жайлы төмендегідей жолдар қалдырыпты: «Содан кейін Сұлтанбек Қожановпен кездесуім – Орынбордан Ақмешітке жө­неп бара жатқан поездың үстінде. Оған да себеп – Сұлтанбек Қожановтың өзі болды. Ол мейлінше көпшіл адам болатын. Естуімізше, «үлкен қызметкермін» демей, бұрын да базарларға, мектептерге, студенттердің жатақ үйлеріне… дегендей, көпшілік жүретін жерлерге жиі араласады дейтін. Ол сөздің анығын Орынборда көрдік. «Қожанов онда барыпты, мұнда барыпты, олай депті, бұлай депті…»деген хабар күн сайын естіліп жатты. Бір күні біздің рабфактың жатақханасына келіп (мен жоқ едім), бөлмелерді аралап, студенттермен кеңесіп, қалжыңдасып, асха­наға барып, тамақ ішіп кетіпті. Бұ­ны­сын біреулер «көпшілдігі» десе, енді біреулер «көсем болуға даярланып жүруі, көптің ықыласын өзіне тартуы» деседі. 
Сұлтанбек осы көпшілдігін бір күні поезд ішінде де көрсетіп, состав жүйтки айдап келе жатқан шақта біздің вагонға да кіріп келді… 
– Бәріңді қонаққа шақыра келдім, – деді ол… Сонда көрсем, Сұлтанбек шынында да адамшылық қасиеттері мол, ойыншы, күлкіші, әзілқой, кеңесқор, әде­биет пен көркемөнерді сүйетін кісі екен» (сонда). Жалпы, С. Мұқановтың ұлт­шыл Сұл­­танбекті көзқарастық жағынан онша ұната бермегені белгілі. Солай бола тұра, өмірде өз көзімен көргенін жазған Сәбит өмір шындығынан ауытқымай, сол күйінде мөл­діретіп жеткізе алған. 
С. Қожанов республика басшылығын­дағы қызметінде негізгі саяси-ұйымдастыру­шылық, шаруашылық мәселелерімен бір­­­­ге қоғамдық өмірдің әсіресе ұлт, жер, оқу-ағарту жақтарына ерекше көңіл бөлді. 1924-1925 жылдардағы Қазақстанның сая­си-мәдени, экономикалық өмірінде С. Қо­жа­нов араласпаған, ізі қалмаған сала жоқ шығар, сірә. Сұлтанбектің  қайраткерлік қабілеті 1924-1925 жылдары Түркістан республикасынан Ортаазиялық ұлттық рес­публикалардың бөлініп шығып, ұлттық-аумақ­тық шекарасын межелеу кезінде айрық­ша көзге түсті. Қазір Еуразияда ұлан-ғайыр территоряны алып жатқан Қа­зақ­станның осыншалық аумаққа ие болып қалуына бір кездерде Сұлтанбектердің шырылдап жүріп ат салысқанын бүгінгі ұрпақ еш уақытта ұмытпауы керек. Бұл туралы ол «Орта Азиядан енші алыста ақы иесі екеу болса, бірі, санға кіретіннің ең үлкені болуы керек. Олай болмағанда, ұлт шегін ажырату тура жолмен жүргізілмегені болады», – деп мәселені ашық қойып,  «Қа­зақстан аспанда емес, жерде болмақ. Қа­зақ ұлты қоныс қылып пайдаланып отырған жердің барлығы Қазақстан мем­лекетіне кірмек» («Ақ жол», 08.08.1924);  «Шекара бөлінісінен, дүние үле­­сі­нен қа­зақ ұтып шықпағаны рас. Һәр ұлттың өкілдері өз ұлтының ғана пайдасын көз­деп, барлығы да даушы болды. Қазақ уә­кілдері дауласуда ешкімнен кейін қал­ған жоқ, оздырмаса…» («Ақ жол», 26.10.1924) – деп жазыпты. 
Барлық уақыттарда да жер мәселесі аса маңызды мәселе ретінде күн тәртібінен түспеген.  1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін орыс отарлығынан құтылып, тәуел­сіздік аламыз, жерімізге иелік етеміз деген халықтың үміті ақталмады; керісінше, билік басына келген большевиктер қазақтың жерін тартып алуды бұрынғыдан бетер үдете түсті. Әділеттілікті талап етіп, оған қарсы шыққандардың барлығы қуғынға ұшырады. Қазақстан Түркістаннан енші алып, жеке мемлекет болып, өмір сүре бас­та­ғанда да бұл мәселе барынша ушығып тұр еді. Мұндай жағдайға билік басында жүрген С. Қожанов та шыдай алмай, ашық қарсы шықты. Қазақтың жерін түрлі айла-амалдармен алдап алып жатқанын әшкерелеп мақала жазды: «Қазақтың жерін орыс алғанда, ескі хүкімет зорлығына жол тауып, закон жасап беру – қазақтың өзінен шыққан амалдылардың міндеті еді. Өзі арқасы қышып, жеріміз артық деп қазақ халқы приагуор бергені, жерімізге өрнек көрсету үшін орыс орнасын деген өтініштер, диқаншылыққа лайық жерлерді орысқа беріп, өзіміз мал қонысына көшеміз деген қазақ атынан ынтымақшылдық – барлығы атқамінерлер мен амалдарлардың өнері болушы еді… 
Пішпек уезі Ботпай болысында Әлі­құл, Қосшы деген атқамінерлер Шу бойын­дағы орыс поселкелерінің орыс­та­рына 50 десятина жерін сатты. Қа­зақ айдағалы барса, орыстар сатып алдық деп жуытпайды. Болыс исполком бастығы Желеу Алдабергенұлына, ауыл исполком бастығы Әбижан Әлі­байұлына қазақ арыз беріп барса, тың­дамай, өздеріне ұрсып жібереді. Ол жер бос жатқан соң, күші жеткен орыстар өз бетімен келіп егін егіп жатыр, тоқтата алмаймыз дейді. 
Бұл бір Ботпай болысында емес, һәр жерде болып жатқан болса керек. Бір жерде амалдарлар, бір жерде атқамінерлер, бір жерде жұрттың өзі керікеткендік қылып, теңсерікке иә басы бүтін жерлерін орыс байларына өткізіп жатқаны. Мысалы, Жетісуда көп болса керек. Мұны алдын алып ескеріп, себебін түсініп, шарасын қарастырмаса, ана жылғы жер реформасы, «жер жетпейді» деп күнде дауласып жүрген әрекет – барлығы далаға кететін түрі бар» (Тілші, 1924 жыл, 21 сәуір, №105) – деп, қазақтардың алданып қалып жатқанын ашына айтқан. Тіпті, осы жерде жерді сатуға болмайтынын ескерткендей де болады. Ары қарай осындай жағдайдың әлі де жалғасып жатқанын, бұған қарап отыра беруге болмайтынын  айта келіп, жерден айрылмаудың жолдарын көрсетеді: «…берсе қолынан, бермесе жолынан қылып, баса-көктеп шеттен келіп жатқан орыс­тар көп екен. Оның үстіне әлі келмегендер болып, атқамінерлер болып жер өткізіп, орыс жуан жұдырықтарын бұрынғыдан бетер жуандатуға себеп болып жатқанға ұқсайды. Орнығып отырмай, қадағалап артына түспей, ерінбей еңбек сіңірмей, ие боламын демек, «жер менікі» деп таласпақ, пішен қорыған иттік екенін қанша таңдайына татса да, жұрт түсінбегенге ұқсайды. Жер түгілі, отырған үйіне ие бола алмағандар да бар екен. 
Дегерес болысы, Көлқамыста айуан Колесников деген жуан жұдырық бір Әбжан деген қазақ кедейдің баспанасына жала қылып, соттасып жүр екен. Үйі өз билеуінде, ішінде өзі отырып, Әбжанның зәресі ұшып отыр. Айуан бір зәкүн тауып, айдап шыға ма деп» (сонда).     Мақаланың соңғы жағындағы «айуан Колесников деген жуан жұдырық» деген жолдарды оқығанда, қарапайым қазақ кедейіне жасап жатқан зорлықтарға деген автордың ашу-ызасын анық сезінгендей боласыз.    
С. Қожановтың  есебінше, осы кезде «Бүкіл Қазақстанда 2.229.310 қазақ бар екен. Бүкіл Қазақстанның 47 процент жарымы ғана қазақ екен. Сөйтіп, қазақ емес ұлттар – көпшілік. Бұлар – орыс пен ноғайға ұқсаған шаруасы мықты, мәдениеті жоғары, жұртшылығы ор­нықты, саясатқа қазақтан гөрі же­тік халықтар» (Сұлтанбек Қожанов. Шығармалары. Алматы, «Арыс», 2009,  62- бет). Енді не істеуіміз керек? «Аз екенбіз» деп, басқа жақтан келген келім­сектердің айтқанына көніп, айдауына жү­ре береміз бе, не қыламыз? Сұлтанбекті тың­дайық: «Мемлекетіміздің аты Қа­зақ­стан болғандықтан, «сендер көп бол­саң да түк қылмай, біздің бетімізге қарап отыр деуге болмайды. Қазақтың елден шығып, орыстыққа шалдығып кеткен аз ғана шолақ етектері өздері орыстан кем болмаған соң, жалпы қазақ халқы да орыспен теңдес деп санауға болмайды. Сөйтіп, Қазақстанды ұлт мемлекеті қылып жасау мәселесі әлі түгел шешіл­меген. Қазақ ұлт мемлекетін жасау біт­кен жоқ, алдымыздағы іс» (сонда, 63-бет). Кезінде С. Қожановтар көтеріп, қолға ал­ған қазақтың ұлттық мемелекетін жасау мәселесі күні бүгінге дейін күн тәртібінде тұр. 
Қазақстан жеке мемлекет болып, Түр­кіс­таннан енші алып шыққанда, оның мем­лекеттік тілі қазақ тілі болады дегенді алғаш көтерген де  С. Қожанов болатын. Ол Қазақстан жеке республика болып өмір сүре бастаған алғашқы күндердің өзінде-ақ «Мемлекет тілі Қазақстанда қазақ тілі болмақ. Осы күнге дейін бұған кесір болып келген – Қазақстан халқының көбі орыс болғандығы һәм үкімет басын­дағы, кеңсе қызметіндегі қазақ азаматтары орыстыққа жаттығып, орыс болып кеткен адамдар болғандығы. Кө­бісі қазақша білмейді. Қазақшаны осы күні орыстармен бірге үйреніп жүрген­дері екінің бірінде көресің» («Ақ жол», 26.10.1924) – деп, бұлтаққа салмай, турасын айтып беріпті. Өкінішке орай, формасы өзгергенмен, мазмұны өзгермеген Мәскеудің отаршылдық саясаты осы бір заңды мәселенің жүзеге асуына жол бермеді. Ең өкініштісі сол – осыдан бір ғасырдай бұрын бодан кездің өзінде-ақ  заңды түрде көтерілген тіл мәселесінің бүгінгі еліміз тәуелсіздік алған уақытта да жүзеге аспай келе жатқандығы. Сұлтанбектің жан-жақты білімдар қайраткер болғандығы оның орыс тілінде жазылған «Әдеби тіл мен терминология хақында» (О литературном языке и терминологии. «Правда Востока», 06.06.1929) атты тіл тазалығына арнап жаз­ған мақаласынан айқын көрінеді. Өзбек тілінің шамадан тыс арабиланып кеткеніне назар аударып, шеттен енген сөздерді термин ретінде қабылдағанда, тіл заңдылықтарын сақтауға шақырды. 
С. Қожановтың «Қырғыз-қазақ арасында халық ағарту жұмысы» («Шолпан», 1923, №4-5) жайлы айтқан мына бір пікірлері оны Ахаңдар (Ахмет Байтұрсынов) бастаған ұлттың ұлы ұстаздары қатарына қояды. «Қырғыз-қазақ халқының бір заманда қолы жетіп, бір жөнді мектептері бола қалса, солардың барлығында оқыту тілі – ана тілі болуы міндет. Әзірде қырғыз-қазақ халқының ең болмағанда бастауыш мектептері ана тілінде болуы керек һәм саны жеткілікті болуы керек. Қырғыз-қазақ еңбекшілерінің балалары тегіс әуелі ана тілі мектептерінде тәрбие алуы тиіс. Мезгілсіз жат тілге байланып, мың қате болып, сорлағаны дұрыс емес. Білім – тілде емес, түсініктерде; тәрбие – орысша шүлдірде емес, жақсылыққа жаттығуда. Бұлар жас балаға ана ті­лінде,  ұлт мектебінде табылады. Бас­қа жерден табылмайды, табылса да қым­бат түседі. Жат тіл – тәрбие ісіне пай­дасыз, түсінуге ыңғайсыз, құр жол бөгеу. Осы айтылғандардың барлығы қырғыз-қазақ арасында халық ағарту жұмысының ең бірінші кезектегісі, ең үлкені – бастауыш ұлт мектебін жасау, жөндеп жасау,  жеткілікті қылып жасау һәм жас балалар ұлт мектебінен аттап өтіп, жат тілге түсіп, сарсаң болмайтын қылу дегенді түсіндіруге жеткілікті болса керек…» (Сұлтанбек Қожанов. Шығармалары. Алматы, «Арыс», 2009,  123-125 бет­тер). Ұлттың болашағын оқу-білім­нен, тәрбиеден көрген Сұлтанбек осы негізгі ойын нығарлай түсіп, мақаланың соңында: «…мәдениеттің түп қазығы, жұртшылықтың тірегі, бостандықтың шын құралы – бастауыш мектеп; қыр­ғыз-қазақтың ана тіліндегі ұлт мектебі. Халық ағарту мәселесінің негізі де – бастауыш мектеп мәселесінде. Осыны ұмыт­пау керек» (сонда)  екендігін тағы да қай­талап  ескерткен. Өткен ғасырдың басында айтылған Сұлтанбек көтерген осы бір мәселе бүгінге дейін күн тәртібінен түспей, өзінің логикалық шешімін таппай келе жатқандығы – бүгінгі күн ұрпақтарының алдында тұрған үлкен бір сын. 
Қазан төңкерісінен кейін әдебиет майданында пролеткультшылдар үстемдік етті. Олардың ойынша,  әр дәуірдің өзіне сай әдебиеті болады; байлар заманында байшыл әдебиет болса, енді пролетариат билігі кезінде пролетариаттық әдебиет қана өмір сүреді; басқа әдебиетке жол жоқ. Пролеткультшілдер ескі әдебиеттің барлығын тарихтың тастандысы еткісі келіп, «ақ жағалы» қаламгерлерді «байшыл» деп, қуғынға ұшыратты. Ресми биліктің осындай бағытты ұстануы салдарынан алашорда маңына топтанған қазақтың ұлт-азаттық бағыттағы қаламгерлерінің барлығы қуғынға ұшырады. Қазақстаннан қашып, бірсыпырасы Ташкенге барып паналады. Мұндағы Н. Төреқұлов, С. Қожанов сынды азаматтар бұларға қолынан келген көмектерін жасап, қамқорлық көрсетті. С. Қожановтың редакторлығымен осы жылдарда Ташкенде шығып тұрған «Ақ жол» газеті шын мәніндегі қазақтың шығармашылық  зиялылары топтасқан орталыққа айналды. Мысалы, мұнда Мыржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Абдолла  Байтасов, Ілияс Жансүгіров, Біләл Сүлеев, т. б. қаламгерлер жиі соғып, шығармаларын жариялап тұрды. Нәзір мен Сұлтанбектің  Ж. Аймауытовтың Шымкенттегі педагогикалық техникумға директор болып орналасуына септігі тиді; қудаланған М. Әуезовке пана болды; Мағжанды Мәскеу асырып, Әдебиет институтына оқуға түсіруге ықпал жасады.  
Ұлтжанды қоғам қайраткерлерінің туған халқының тарихын, мәдениетін жақсы білетіндігі, мұның өзі оларды ұлттық ауқымға көтеретіндігі сияқты С. Қожанов та өз елінің өткенін, мәдениетін, әдебиетін жетік біліп, өмірін ұлтының болашағына қызмет етуге арнаған. Ол замандастары Абай туралы саяси тұрғыдан әртүрлі сөз айтып жатқанда, оны өзіне рухани әке тұтты; Ахмет Байтұрсыновты  ұлы ақынның дәстүрін, ісін жалғастырушы  деп танып, өзі де осы жолға түсті. Төңкерістен кейінгі билік жүргізген шолақ саясаттың салдарынан өткен заманның мәдени мұраларының барлығына топырақ шашылып жатқан кездің өзінде-ақ Сұлтанбек Абайға, Ахметке ара түсіп, былай деп, жазды: «Қазақтар арасындағы революция туралы мәселе қозғағанда, Абай Құнанбаев пен Ахмет Байтұрсыновты айналып өтуге болмайды. Олар қазақтар арасында революцияның дамуына көп еңбек сіңіргеніне күмән келтіруге болар ма? Қазіргі революционерлердің барлығы да Абай мен Ахметтің шәкірттері болып табылады» («Ақ жол», 04.05.1923). Еліне, халқына «Қазақ» газетінде жарияланған өлеңдері арқылы кеңінен танымал болған Мағжанның өлеңдерін Сұлтанбек Қожанов алғысөз жазып, 1923 жылы Ташкентте бас­тырып шығарды. Мағжанның өлеңдерін бастырмақ түгілі ол туралы əңгіме козғаудың өзі саяси тұрғыдан аса қауіпті болғандығын ескерсек, Сұлтанбектің бұл ісін саналы түрде істелінген асқан ерлік деп санауға болады. Кітапқа жазған «Мағжан өлеңдері туралы бір-екі ауыз сөз» тақырыпты алғысөзінде С.Қожанұлы сол кездегі Мағжан дегенде күйіп-жанып тұрған ресми саясатты ескерген болу керек; ақынның өлеңдерін талдамайды, идеялық жағын сөз қылмайды. Негізгі ойды сол кезде көтеріліп жатқан қазақ тіліне мемлекеттік мəртебе беріп, оны қоғамдық өмірдің барлық саласында қолдану көтеріліп жатқандықтан, осылай қарай бұрған. С.Қожановтың Мағжан туралы ойы ашық: «М.Жұмабайұлының өлеңдері қазақ əдебиетінде үлкен орын алған деп басып отырмыз. Мағжан Жұмабайұлының өлеңдері әдебиет тарихындағы соңғы 10-15 жылдағы ағымдарды тексеруге де жақсы құрал бола алады деп ойлаймыз… М. Жұмабайұлы өлеңдерінің тіл жағынан, әдебиет тану жағынан пайдасы көп болады деп сенеміз». Мағжанмен оқушылар бұрыннан да таныс» деген негізгі ойын білдіріп алған соң барып, қойшылар тілі саналып келген қазақ тілінің бай, жатық, өткір, əдемі тіл екенін Мағжан өлеңі көрсете алатындығын ескертеді: «Әдебиеті жаңа аяқтанып, әдебиет тілінде жасалып  келе жатқан жұртта Мағжандай ақындардың қызметі зор екені анық. Осы күнге дейін Түркістанда қойшылар тілі саналып келген ресми қағаздар жазуға, кітаптар жазуға жарамсыз делініп келген қазақ-қырғыз тілі іске асуы былай тұрсын, өнерге асатын бай, жатық, таза, өткір, әдемі тіл екенін Мағжан өлеңдері көрсете алады». Сұлтанбек «Мағжан өлеңдерінің марксизм дүниетануына ұйқаспайтын жерлерін оқушылар көре салып үрікпей, көркемдік жағына, сыршылдық жағына көбірек көз салуы керек, тарих мәнісіне жете түсіну керек» – деп,  пікірлерін саяси жағынан негіздей отырып білдіреді. Автор ақын өлеңдерінің идеялық жағына емес, көркемдік сипатына, тіл кестесіне назар аударғанын «Мағжан өлеңдерінің саяси мәнінен гөрі, әдеби мәнісін көбірек көзде тұттық» – деп,  ескертеді. Мағжанды Абайдан кейінгі қазақ əдебиетіндегі өзіндік орны бар ірі тұлға деп бағалайды.  
Келесі 1924 жылы «Ақ жол» газетінде    жоғарыда біз тоқталып өткен Сұлтанбектің М. Жұмабаевтың кітабына жазған алғы сөзінде айтылған пікірлермен сарындас, осы ойларды өрбіте түскен «Мағжан» атты мақала жарық көрді. Мақаладан «Абайдан соңғы шыққан ақындардың тілдері  аса дөкір болған жоқ. Бірақ соңғы ақындардың ішінде өлеңге тәтті күй, нәзік сезім, майда тіл тудыру жағынан Мағжаннан артық қызмет істегені жоқ» («Ақ жол», 01.04.1924) – деген мазмұндағы жолдарды оқимыз. Сұлтанбектанушы профессор А. Шәріптің пайымдауынша, «бұл мақала не Сұлтанбектің ұсынысымен жазылған,  не оның қаламынан туған» (Сұлтанбек Қожанов. Шығармалары. Алматы, «Арыс», 2009, 311-бет). 
Ж. Аймауытов «Мағжанның ақындығы» туралы көлемді мақала жазып, ұлы ақынның поэзиясын жан-жақты талқылағанда да Сұлтанбек жүрген жолмен жүргендігі байқалады. Сөйтіп, осынау бір мың құбылған аласапыран кездерде С. Қожанов Мағжантанудың тура жолда дамуына негіз салып, тарихи еңбек сіңірді. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының алғашқы жартысында, С. Қожановтың республика басшылығында істеген кезінде  қазақ əдебиетінің алдында шешімін күткен сан алуан мəселе тұрды. Əсіресе, ұлттық əдебиеттің даму жолдарын саралап, алда тұрған міндеттерді айқындау, қазақ əдебиетінің тарихы, бүгіні, болашағы сияқты мəселелер баспасөз бетінде зəру көтерілді. Қазақ əдебиетінің тарихын зерттеуге кіріскен С.Сейфуллин «Қазақ əдебиетінің қысқаша тарихы» («Еңбекші қазақ», 19.2.1924) атты мақала жазып, əдебиет тарихын жасау мəселесін көтеріп, осыған қатысты ойларын ортаға салды. Осы мақалаға байланысты «Ақ жол» газетінде бірнеше пікір шықты. Соның бірі Темірбайдың «Қазақ əдебиетінің тарихынан» («Ақ жол», 1924, №132) атты мақаласы еді. Оңда Темірбай Сəкеннің пікірлеріне қарсы бес түрлі дау айтты; жеке басына тиіскен жерлері де бар. Темірбайдың осы мақаласына орай Ғ.Мүсірепов «Қисық сынға əділ төре» («Еңбекші қазақ», 24.ІІІ.1924) атты ескертпе мақала жазды. Онда Темірбай айтқан сындарды түгел келтіріп, осының дұрыс-бұрыстығына өздерің төрелік етіңдерші дегендей қылады. Ғабит: «Темірбайдың жұмысы əдебиетті сынауда емес,  Сəкенді сынауда… бұл мақаладан Темірбайдың Сəкенге дұшпандығын, аяғынан қа­лай шалуды аңдып жүргендігін, оны көре алмайтындығын ұқтым» – деп, Темірбайдың дəлелсіз біреуге күйе жаққанын, осындай мақаланы жариялаған «Ақ жол» басшыларына қайран қалғанын білдірген. Көп ұзамай-ақ осы тақырыпты əрі қарай жалғастырған  С. Қожанұлының «Жақындық па, жалақорлық па?» («Ақ жол», 3.IV.1924) деген мақаласы шығып,  тағы да Сəкеннің жоғарыдағы айтылған мақаласы сынға алынды. Мұнда Сұлтанбек сөз болып отырған мақаладағы әдебиеттің тарихына қатысты айтылған пікірлеріне қарсы 8 пунктпен нақтылы дау айтқан. Алдымен, «Зарқұм», «Сал-сал», «Кербалаға» ұқсаған қиссалар қазақтың ұлт әдебиетіне һәм жазба әдебиетіне жатар ма? Қазақтың ұлт әдебиетіне орыс тілі кіріп кетті қылып, бір-екі қылжақпас тілмаштың өлеңін келтіріп, мұны әдебиеттің бір дәуірі деп, санауға бола ма?» – деп, Сәкен мен Сәбиттің әдебиеттің тарихына байланысты ойларына күмән келтіреді. 4-ші пунктпен  «Қазақта жазба әдебиеттің ағасы Абай болмаса, Ахмет болмаса, кім болады? Басқа да аға бар ма? Бар болса – кім?» – деп мәселені төтесінен қойған. Сұлтанбек Сəкеннің «Төңкеріске дейін жасап келген  əдебиет дəуірінде алға шығып бəйге алатын кісі қазақта жоқ. Көптің күшімен атау алып, отырғандарды əдебиет ағасы деп санауға болмайды» дегеніне «Бұл пікірді Сəкен айтты ма, жоқ тағы да Төңкерісұлының жаласы ма? Бұл өзі оза алмағанға ыза болғанның сөзі ме…? Ұлт əдебиетінің түп қазығын мықтап қағуға еңбегімен себеп болған, қазақ ұлт мəдениетінің бірінші қай­раткері Байтұрсынұлы Ахметін Омар Қараши муфтиге неге қоңсы қон­­дырмайды?» – деп, дауыс көтереді. Мақа­­ланың соңы «Жоқты жазып, бар əде­биет маңайын былапыттап, басына бір, аяғына бір Сəкен жолдастың атын келтіріп, өзі жазушы болып қол қойған Төңкерісұлының бұл қылығы Сəкенге жақындық па,  жоқ жалақорлық па?» Осы сұрауларға не лекция оқыған Сəкен, не көшіруші Төңкерісұлы, не мақаланы басып отырған «Еңбекші казақ» басқармасы берген жауабына қарай əдебиет тарихы һəм əдебиетшілердің жайынан білгенімізді ортаға салмақпыз» – деген жолдармен аяқталған. Сөйтіп, «Ақ жол» газетінің редакциясы алдағы уақыттарда қазақ əдебиетінің тарихы, жалпы əдебиет мəселелері жайында пікірталасулар ұйымдастырмақ ниетін білдірді. Көп ұзамай-ақ басылым бетінде көркем əдебиет дегеніміз не, қазақ əдебиеті қандай бағытта дамуы керек,  кімнен үлгі аламыз деген сауалдар төңірегінде пікір алысулар жүріп кетті.
Ж.Аймауытовтың «Əдебиет мəселесі» («Ақ жол», I.IV.1925) атты мақаласында сол кез əдебиеті алдында тұрған бірсыпыра өзекті мəселелерді қозғап, парасатты пікірлер ұсынған.  Өткендегі қазақ əдебиетін «Төңкерістен бұрынғы қазақ əдебиетінің бағыты – ұлт теңсіздігіне, мəдениетке тал­пыну, ішкі мазмұны – қазақтың халіне қайғыру, патша үкіметінің отаршылдық саясатына, қала берсе орыс атаулыға ереуіл жа­сау еді» – деп сипаттап, «Əдебиетіміздің ен­дігі беті төңкерісшілдік, бұқарашылдық болуы керек. Бұрын оянған ұлт сезімін тұншықтыру емес, тегістік, теңдік жолына икемдеп, дұрыс жүйеге, қалыпқа түсіру керек» – дей келіп, сол кезде бас көтеріп келе жатқан тапшылдарға қарсы «тап өзіндік ерекшеліктері ескерілуі тиіс» – деді. Автор əдебиетті бағалауға таптық тұрғыдан келуге қарсы екендігін ашық білдірген. «Ақ жол» газеті осы пікір-талас барысында әдебиеттің таптық өлшемін жоққа шығарған Сұлтанбекті қолдаған осы сияқты бірнеше мақала жариялады. С. Қожановтың әдебиет жайлы жазған мақалаларынан оның қазақ әдебиетін таптық тұрғыдан пролетарлық, байшылдық бағыттағы деп, бөле-жара қарауға мүлдем қарсы болғандығы көрінеді. Сондықтан да, ол Қазақстандағы пролетарлық әдебиеттің көшбасшылары саналған С. Сейфуллин мен С. Мұқановпен аралары принципті түрде күрделі болған. Әдебиет, саясат мәселелеріне келгенде, екі жақ принцип ұстап, ымыраға келмей айтысып өткен. Бұл пікірімізді жуыр­да табылған С. Қожановтың мына бір мақаласы да дәлелдей түскендей. 1929 жылы «За партию» журналында жарық көрген «Жылтырағанның барлығы алтын емес» деген мақаласында С. Мұқановтың өлеңмен жазылған «Сұлушаш» романын қатал сынға алыпты. Мақаланың авторы алдымен, шығарманың оқиға желісімен, кейіпкерлерімен таныстыра келіп, романда әлеуметтік мәселелер дұрыс көтерілмеген деп табады. Орыс жазушысы И. С. Тургеновтің «өмірдің мәні әйелге деген махаббат деп түсінген азамат емес, еркек қана, керек десеңіз адам да емес, хайуан» дегенін алға тарта отырып, Сәбиттің бүкіл романында бір ғана Алтайдың Сұлушашқа деген ғашықтығын тап күресінің жоғары формасы түрінде  суреттелуін сынға алады. Сұлтанбектің романды сынауы төмендегідей бағыттарда өрбіген: «В свете такой оценки роман С. Муканова надо отнести к разряду идеологически вредных произведений. …это извращение понятия о классах и классовой борьбе обязывает судить строже. Круглое невежество автора и скудость его творческой фантазии не могут быть возмещены не к месту пришитными заплатами из текста азбуки политграмоты.
С. Муканов написал вне времени и пространства, вне конкретных возможностей, вне реальной жизни романтическую дребедень в стиле фантастических сказок, сохранив и даже увеличив характерные для этих сказок суеверность сюжетов, оценку женщины, как низшего существа для забавы мужчины-героя, и скабрезность стиля до нецензурности и т.д. Налицо – полный животный подход к женщине; по роману – в красоте и любви вся человеческая функция женщины.

(Жалғасы бар)

 

Алдыңғы «
Келесі »