ОҢТҮСІКТЕГІ ОҢДЫ ІСТЕР

  • 05.02.2015
  • 383 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Рабат ЖӘНІБЕКҰЛЫ,
спорт журналисі

Еліміз тәуелсіздік алғалы жиырма үш жылға жуық уақыт өтті. Жиырма үш жыл дегеніңіз тарих биігінен қарасақ қысқа ғана кезең. Осы қысқа уақыт аралығында еліміз ғасырлар бойы атқарылатын жетіс­тіктерге жетті. Қазақстан әлемдік қарқынды дамудың сара жолына түсті. Өмір­дің барлық саласындағы Қазақстанның бүгінгі таңдағы табыстарына бүкіл әлем таңдана да, тамсана да қарауда. 


Қазақ деген ұлтты бүкіл әлемге танытуда спорттың алар орны ерекше. Қазақтың ұлттық намысын, ұлттық рухын әлемге паш етуде еліміздің атақты спортшыларының ерен жеңістерінің маңызы зор.Міне, тәуелсіз Қазақстанның спорт саласындағы қол жеткен табыстарына ерекше үлес қосып отырған аймақтардың бірі – Оңтүстік Қазақстан облысы.
Бұл облыс Қазақстан спортына талай-талай таланттарды берген өлке. Облыс спортының қол жеткен табыстары мен алға қойған межелі мақсаттары жайын­да толығырақ мәлімет алу мақса­ты­мен Оңтүстік Қазақстан облысы денешынықтыру және спорт басқар­масының бастығы Әлібек Нұртаевқа жолығып, сұхбаттасқан едік.
Тілші: – Әлібек Нұрбайұлы облыс көлемінде спортты бүгінгі өмір талабына сай дамыту жолында қандай іргелі істер жүр­­гізілуде. Атқарылған жұмыстар қандай деңгейде жүзеге асырылды. Әңгімені осыдан бастайық.
– Ия, бұл орынды сұрақ. 2014 жыл да аяқталды. Жылды қорытындылауды алдағы күндердің үлесіне қалдыра тұралық. Өткен жылдың да біздер үшін жемісті жыл болғанына сенімдіміз. Алдымен, өткен 2013 жыл туралы айтатын болсақ, 2013 жыл шынында  облыс спорты үшін ерекше табысты жыл болды деп толық сеніммен айта аламыз. Біздің облыстың көптеген спортшылары олимпиада, әлем чемпионаттары, Азия біріншіліктерінде, сондай-ақ, көптеген халықаралық турнирлерде еліміздің ұлттық құрамасы сапында бақтарын сынап, өздерінің толағай табыстарымен ел мерейін үстем етті. Оған дәлел Ресейдің Қазан қаласында өткен Бүкіләлемдік универсиадада Қазақстан намысын қорғаған құрама команда қатарында 43 спортшы қатысып, 1 алтын, 2 күміс, 7 қола медальдарды жеңіп алды.
Алматы қаласында өткен жасөспірімдердің ІІІ-ші Еуразиялық ойындарында біздің облыс өкілдері 12 алтын, 5 күміс, 4 қола медальдарға қол жеткізді. Биылғы жылы Қытайдың Нагано қаласында облыстың еркін күрес шебері Қазақстан қоржынына алтын медальді салды. Азия деңгейінде өткен чемпионаттарында ел намысын ту етіп ұстай білген спортшыларымыз 34 алтын, 19 күміс, 29 қола медальдарды өңірлеріне тақса, осы кезеңдерде өткен әлем біріншіліктерінде облыс өкілдері 9 алтын, 7 күміс, 16 қола медальдарға қол жеткізді. Республика көлемінде өткен барлық жарыстардың барысында біздің спортшылар 281 алтын, 270 күміс, 270 қола медальдарды еншіледі. Міне, осындай еселі табыстары ескеріліп, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері атағы 4-спортшыға берілді. 29-халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 130-Қазақстан Республикасының спорт шебері дайындалды, 600-ге жуық адам спорт шеберлігіне үміткер атанды. Әрине, бұл табыстардың бәрі өздігінен келе салмағаны белгілі. Табыс жолында тынбай еңбек етіп, шүмектеп тер төгудің нәтижесінде келгені белгілі.
– Жоғарыда келтірілген медальдар тасқынын еселеген спортшылар мен оларды тұғыр биігіне көтерген бапкерлердің кімдер екенін көпшіліктің жақынырақ білгені артық бола қоймайтын сияқты. Бәрінің аттарын атап, түстерін түгендеп жату мүмкін емес шығар, дегенмен толағай табыстарымен көзге түскендерін атай кетсеңіз.
– Бұл орайда, «Спорт десе ішкен асын жерге қоятын облыс әкімі Асқар Исабекұлының атына шын жүректен облыс спортшыларының алғысын білдіре кеткен жөн болар. Облыс әкімінің тікелей бастамасымен «жылдың үздік спортшысы» номинациялық жүйесі енгізіліп, жеңіс тұғырынан (2013 жыл) көрінген облыс спортшыларына құрмет көрсету дәстүрге айналды. Өткен жылы үлкен спорттағы табыстары үшін, жылдың үздік спортшысы атанғандар көшін белгілі былғары қолғап шебері Біржан Жақыпов пен ескек есуден Сергей Емельяновтар бастады. Сондай-ақ, боксшы Қайрат Ералиев, мылтық атушы Юрий Юрков, балуан Есен Самат, былғары қолғап шебері Айда Аралбаева, қол күресінен әлем чемпионы Талғат Рүстембек «Қазақстан Барысы – 2013» республикалық бәсекесінің қола жүлдегері Жұманазар Ерсұлтанов, фристайлшы Жібек Аралбаева, сондай-ақ, Арман Оспанов, Нұркен Өтегенов, ауыр атлетші Жазира Жаппарқұл, параолимпиада ойындарында оза шауып бәйге алған Бекжан Есіркепов сияқты спортшылар 2013 жылдың үздік спортшылары қатарын толықтырды.
2013 жылдың «үздік жаттықтырушысы» көшін бокстан Қазақстан құрама коман­дасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов бастады. Ол орынды да, М. Айтжанов облыс қана емес бүкіл әлемдік бокстың көшбасшысы әлем чемпионы, биылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері Біржан Жақыповтың ұстазы. Биылғы 2014 жылғы АЙБА-ның шешімі бойынша бокстан Қазақстан құрама командасының мүшесі боксшы Данияр Елеусінов пен бапкер Мырзағали Айтжанов әлемде үздік деп танылды. Каноэ түрінен ескек есуде әлем чемпионы Сергей Емельяновтың ұстазы, бапкер Сергей Строков жемісті еңбек етіп келе жатқанын атап өткеніміз абзал. Жақында ғана Кореяның Инчхон қаласында аяқталған Азия ойындарында С.Строковтың шәкірттері екі алтын, бір күміс медальді Қазақстан қоржынына салды.
Өткен жылы облыс әкімі Асқар Мырзахметов Сергей Емельяновтың кеудесіне «Ерен еңбегі үшін» медалін тақты. Оңтүстік Қазақстан облысының мергендері халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүр. Оларды осындай шеберлікке баулып жүрген Садулла Юнусметов елімізге танымал бапкер.
Біздің облыста ұлттық намысты өзінің жеке басынан жоғары қоятын бапкерлер баршылық. Олардың қатарынан Бауыржан Оралбеков, Болат Тұрмағанбетов, Алмас Қуанбеков, Жаңабай Әшірбеков, Вячеслав Ню, Арман Қарсыбаев, Камал Ешметовтарды көреміз. Үздік спорт мектептер мен мекемелер арасындағы бәсекелестікте су спорты түрлерінен олимпиада ізбасарларын дайындайтын спорт мектебі (директоры С.Оңғарбаев) жылдың үздік мектебі номинациясына ие болды. Елімізде майталман боксшыларды берген облыстық №1 олимпиадалық спорт мектебі (директоры Қ.Татубаев) 2 орынды иеленсе, өз ісінің хас шебері атанған Балғабай Елшиев басқаратын жоғары спорт шеберлігі мектебі таңдауы үштіктің қатарына енді. Жыл соңында (2014 ж) нәтижесі шығарылатын жаңа номинациялық байқауда осы аталған орталықтардың тағы да үздіктер қатарынан көрінулеріне толық мүмкіндіктер бар.
– Үлкен спортта табысқа жету үшін бүгінгі өмір талабына сай спорт кешендері мен нысандарының көп болып, олардың тиімді жұмыс істеуі алғы шарт болып табылатыны айтпаса да түсінікті. Бұл орайда қандай көрсеткіштер бар?
– Өткен жылы облыс тұрғындары арасында бұқаралық спортты дамыта отырып, салауатты өмір салтын қалыптастыру орайында біршама іс-шаралар жүзеге асырылды. Облыс көлеміндегі барлық спорттық мекемелерде 1800 жаттықтырушы еңбек етіп, спортты өз өміріне серік еткен 45 мың 958 адам жаттығу шараларына белсене аралас­ты. Тек қана соңғы үш жылда облыстық жергілікті бюджет есебінен және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында облыста 840 жаңа спорт нысандары ашылды. Олардың ішінде Шымкент қаласында жеңіл атлетика спорт кешені, футбол базаларынан бөлек, облысымыздың аудандары мен қалаларында 724 спорт алаңдары салынып, пайдалануға берілді.
Өткен 2014 жылы спорт кешендері мен нысандарының қатары молая түсті. Мысалы, ҚР спорт және денешынықтыру істері мен агентігінің (яғни мәдениет және спорт министрлігі) ұсынысымен, облыс әкімідігінің қолдауымен Арыс, Сарыағаш және Бәйдібек аудандарында денешынықтыру, сауықтыру кешендерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұдан бөлек Сайрам ауданында «Ордабасы» футбол клубының оқу-жаттығу базасы күрделі жөндеуден өтті. Шымкент қаласы Қ.Мұңайтпасов атындағы Орталық стадион аумағындағы жоғары спорт шеберлігі мектебінің ғимараты, оқу-жаттығу базасы, Түркістан қаласында жүзу бассейні пайдалануға берілді. Былтырдан бері облыста бірқатар спорт кешендері халық игілігі үшін пайдалануға берілді. Атап айтсақ, халықаралық тенис орталығы, Ордабасы футбол орталықтары. Сондай-ақ, биылғы қыркүйек айының басында екі спорт кешені бой көтерді. Су спорты орталығы, садақ ату кешендері көпшіліктің игілігіне жұмыс істеуде.
– Спорт және денешынықтыру туралы Заңның 21-ші бабы ұлттық спорт түрлерін дамыту мәселелеріне арналған. Олай болса, ұлттық спорт түрлерін ұлықтау Оңтүстік өңірде қандай дәрежеде деген сұрақ өзінен өзі сұранып тұрғандай.
– Елімізде соңғы жылдары ұлттық спортқа мән берілуі тектен-тек емес. Онық басты себебі, әлемді әр халықтың өзіне тән ұлттық құндылығымен ғана таңдандыруға болады. Құдайға шүкір оңтүстік өңірді ұлттық спорт түрлерінсіз көзалдыңызға келтіру мүмкін емес. Ұлттық спорттың біздің елімізде дамуы табиғи заңдылық. Қазақ деген халықтың биіктікті, бекзаттықты, дархандықты таңдайтыны, аспандағы құсты қолына қондырып, тілін тауып аңға салатын кереметтілігі, міне, осының бәрі ұлттық спорт арқылы тапқан өнері мен қуаты. Елімізде ұлттық спорт түрлерін олимпиада және Азия ойындарының бағдарламасына енгізу жолында көптеген бастамалардың қолға алынып жатқаны қуантады.
Қазақ күресі, тоғызқұмалақ, көкпар, аударыспақ сияқты ойын түрлерін халық­аралық деңгейге көтеру мәселелеріне біздің облыстың ұлттық спорт өкілдері зор үлес қосуда. Оған бірден бір айғақ, көкпардан өткен Азия біріншілігі. Осы дүрмекті сында Қазақстан көкпаршылары бас жүлдені олжаланды. Сол табысқа оңтүстік шабандоздары да өзіндік үлес қосты. Азия деңгейінде өткен аударыспақ сынында Қазақстанның атынан түскен алаштың арда азаматтары намысты қолдан бермеді. Үш салмақ дәрежесінде өткен бұл айқастың үшеуінде де Қазақстандық жігіттердің мерейі үстем болды. 70 келі салмақта Қазақстандық Ермек Жәпішев бастаған жеңісті жолды 90 келіде Сырым Ізбасаров, ауыр салмақта Біржан Қосалиевтер жалғастыра білді. Сырым мен Біржандай апайтөс азаматтардың оңтүстік өңірінің  тумалары екенін мақтаныш етеміз.
Жалпы, ұлттық спорт түрлері оңтүстікте кемшін тартып көрген емес. Ұлттық спор­тымыздың мәйегі – ол қазақ күресі болып табылады. Міне, бұл орайда «Қазақстан барысы» жақында ғана өткен «Еуразия барысы» бәсекелері қазақ күресінің құдіретін әлемге паш ететін тамаша жоба, яғни, қазақ күресінің жаңа дәуірі басталды деген сөз. Енді, қазақ күресін әлемдік деңгейге көтеріп,  Жапон, Қытай сияқты елдердің төл күрестерінің дәрежесіне жеткізуіміз керек.
– Кореяның Инчхон қаласында ХVІІ жазғы Азия ойындарында Қазақстандық спортшылар бұрын-соңды тарихта болмаған тамаша нәтиже көрсетті. Қазақ спортшылары 28 алтын, 23 күміс және 33 қола медальдарды жеңіп алып, жалпы командалық 4-ші орыннан көрініп Қазақстанның мерейін көтерді. Жақында ғана Мәдениет және спорт министрлігінің спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қана­ғатов осы дүрмекті бәсекені қор­тындылай келіп Алматы қалалық спорт басқармасымен Оңтүстік Қазақстан облыстық спорт бөлімінің атына ерекше жылы лебіз білдірген болатын. Олай болса, Азия ойындарындағы ел табысына қосқан үлестеріңіз жайында өз аузыңыздан естісек?
– Рас, бұл додадағы Қазақстан спорт­шыларының ерен табысқа жеткені даусыз. Сол табысқа Оңтүстік Қазақстан облы­сының өкілдері айтарлықтай үлес қоса білді. Қазақстан қоржынына біздің облыстың спортшылары 5 алтын, 6 күміс, 14 қола медальдарды салды. Алтын медальдарды жеке спортшылар басына шақсақ 9 спортшымыз алтыннан алқа тақты. Бұл табысқа ерекше үлес қосқандар су спортының өкілдері, олар байдарка және каноэ түрлерімен ескек есуде 4-алтынды жеңіп алса, 5-ші алтынды қабырғаға оқ ату мергендері сыйлады. Олардың бәрінің аттарын атамай қояйық, бірақ, ағайынды Михайл, Тимофей, Александр, Сергей Емельяновтарды бөле-жара атаған артық бола қоймас. Осындай талантты ескек есуші нарқасқаларды дайындаған олардың бапкері Сергей Строковқа мың да бір алғыс.
Олжалы оралған спортшыларды облыс әкімі Асқар Мырзахметов қабылдап, оларды жеңістерімен құттықтап, Қазақстан спортының жаңа табысына сүйіспеншілік білдіріп, сол толағай табысқа үлес қосқан облыс спортшыларына алғыс хат пен ақшалай сыйлықтар табыс етті. Қазақстан құрама командасының сапында облысымыздың 62 өкілі ел намысын қорғап, 25-тен астам медальдарды жеңіп алды. Әлемдік маңызы бар спорт сынында 9 чемпион даярлау оңай шаруа емес. Біздің бір облысымыз алған медальдар тасқынына ілесе алмай бірде-бір алтын медальға ие бола алмаған Қырғыстан мен Түркіменстан спортшылары оңтүстік өрендеріне қуанышпен қол соқты.
– Жоғарыда айтып өткеніміздей, облыс спортының жыл бойғы табысын таразы басына салатын уақыт жыл соңында болатыны белгілі. Дегенмен, облыстың спорт басшысы ретінде өзіңізді ерекше қуантқан табыстардың бір-екеуін атай кетсеңіз?
– Мені ерекше қуантатыны облыс әкімінің облыс спортына үнемі қолдау жасауы, соның арқасында өңірімізде спорт нысандарының көбейіп, спортшыларымыздың  сайыстарға қатысуына барлық жағдайды жасап отырғаны. Нәтижелер де баршылық. Биылғы жылы облыс спортшылары Азия чемпионаттарында 26 алтын, 21 күміс, 9 қола медальды иеленсе әлем біріншіліктерінде 7 алтын, 6 күміс, 5 қола медальдарды жеңіп алды. Облыс әкімі оңтүстік футбол федерациясының президенті, соның нәтижесінде бүгінгі таңда үш командамыз ел біріншілігінде өнер көрсетуде. Ордабасы командамыз биылғы біріншілікті төртінші орынмен аяқтады.
Келесі маусымда УЕФА кубогі үшін сынға түсу бақытына ие болды. Бұл мүмкіндікті біздің командамызға Алматының «Қайрат» командасы сыйлады. Олар 2014 жылғы футболдан Қазақстанның кубок иесі ретінде Еуропа кубогын сарапқа салды. Биылғы маусымда «Ордабасыдан» бөлек ел чемпионатында Шымкенттің «Қыран» және Мақтарал ауданының «Мақтарал»  командалары еліміздің жоғарғы тобында өнер көрсетті. Облыс халқына ерекше қуаныш сыйлаған оқиға, ол, Алматыда жақында аяқталған ауыр атлетикадан әлем біріншілігінде әйелдер арасында 69 келі салмақта оңтүстіктің өжет қызы Жазира Жаппарқұлдың  күміс жүлдегер атануы болды. Оған осы табысы үшін «Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері» атағы берілді.
Алдағы мақсатымыз жастарымыздың шеберлігін шыңдап, 2016 жылы Бразиялияда өтетін олимпиада ойындарының жеңіс биігінен көріну. Негізгі мақсат осы.
– Әңгімеңізге, рахмет!

 

Алдыңғы «
Келесі »