Самурай

  • 05.02.2015
  • 585 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Шарафат Жылқыбаева,
Жапонияның Еуразия жазушылары мен ғалымдары одағының мүшесі

Самурайдың қорасы
«Кура деп ертеде самурайдың дүние-мүлкiн сақтайтын сарайды айтқан» деп түсiндiрген едi, Шығыс тiлiнен сауаты­мызды ашқан Мидзутани Харунобу сэн­сэй. Жапон әдебиетiнiң әртүрлi жа­нр­дағы шығармаларын оқығанда ку­ра­ның бiрнеше түрлi иероглифпен таң­баланатынын бiлдiм. Қазақ тiлiндегi малға арналған қора, аула мағынасындағы қора, зат сақтайтын орын мәнiне ие қора.

Полисемантикалық сөзбен туыстас, бүгiнде қолданылмайтын курува деген таңбасы да кездестi көне жазбалардан. Курува деп самурай сарайының сыртқы  қоршауын айтқан. Бүгiнде кура астық сақтайтын қойма деген мағынада қолданылады. Бiрақ, самурайлар дәуiрiн келмеске кеттi деуге болмайды. Жапониядағы ең үлкен Бива көлiнiң Солтүстiк Шығысындағы Хачиман  тауының баурайы ежелгi самурайлардың iзi қалған ерекше жер. Самурайлар туралы фильмдер негiзiнен осы орында түсiрiлген. Тау етегiндегi Оми Хачиман шаһарының дәстүрлi асы сүр­ленген ет ежелгi ерлер тұрмысының көрiнiсiн көз алдыға әкелiп, көшпендi ел тағамының дәмiн сездiргендей. Оми Хачиман қаласын Тойотоми Хидэйоши деген ел көсемi салдырған. Бұл шаһардың халқы сүрленген сиыр етiн тұтынатын себебi, «жылқы сойсаң бiр ай үйден шықпа, сиыр сойсаң бiр ай үйiңе жолама» деген көшпендi сақтардың тағамтанудағы ұстанымын берiк сақтаудан деп бiлген жөн. Соғымға сойылған сиыр етiн әбден сүрлеп сары суын ағызу арқылы микробтардан арылту әдiсi жүзеге асқан. Жылқы малының ең таза мал екенiн, ал, сиырда цепен сияқты құрттардан бастап сан-алуан зиянды микробтардың көп болатынын ХХ ғасыр ғалымдары дәлелдегенге дейiн, биологиялық, зоологиялық бiлiмге көне Шығыс иелiк еткен. 

Сабыр жолы
Сонау ықылым заманда Жапонияда Кiсi үңгiрi деген үңгiрлер болыпты. Түбi белгiсiз сол үңгiрдiң iшiнде бұл дүние мен өзге бiр дүние шектеседi екен. Үңгiрге кiрген жан бар болғанмен, қайтып шықпайды екен. Түбi шыңырауға ұласқан Кiсi үңгiрiнiң құпиясы тылсым аңыздарға арқау болыпты. 
Шинано елiндегi (Нагано префек­турасындағы ел) Татэшина тауының қойнауында бiр таңғажайып Кiсi үңгiрi бар. Қашан екенi белгiсiз сол таудың етегiн Тароу, Дзироу, Сабуроу деген ағайынды үшеу мекендептi. Бiрде тауға барған кенжесi Сабуроу ғажайып бiр сұлуға кездесiп, үйленедi. Бұл әйел шебер тiгiншi екен. Сабуроудың үйiнен тiгiн мәшинесiнiң дыбысы естiлмеген күн болмапты. Тароу мен Дзироу Са­буроудың бақытын қызғанып, бiр күнi екеуi Сабуроуды тауға аң аулауға ша­қырады. Татэшина тауындағы Кiсi үңгiрiне келгенде  ағалары: «Сабуроу, мына үңгiрдiң аумағы қаншалықты екен? Кiрiп көршi», «Үңгiрде жұмақ елi бар деседi, мына глицинияның сабағынан ұстап түс» дейдi. Сабуроу үң­гiрге кiргенде екеуi глицинияның сабағын қанжармен үзiп жiбередi. Сабуроу шыңырау түбiне түседi. Тароу мен Дзироу Сабуроудың әйелiне «Күйеуiңдi аю жарып кеттi. Ендi, екеумiздiң бiрi­мiзге ти» дейдi. Әйел Сабуроуды iздеп, тау кезiп кетедi.
Шыңырау түбiндегi Сабуроу есiн жиғанда екi ағасының қастандық жаса­ғанын бiледi. Ол жер бетiне шығар жол iздеп келе жатқанда алдынан жарық түсiп, аппақ жол көрiндi. Жолмен бiр кейуана аяңдап келедi екен. Сабуроу жер бетiне қалай шығуға болатынын сұрады. Кемпiр Сабуроуға мочи (күрiш күлше) берiп, «Мына мочидi жеп, ақ жолмен жүре бер» дедi. Мочидi жеген соң Сабуроу әйелiн де, ағаларын да естен шығарды. Аппақ жолмен жүрiп келе жатып, шағын өзенге кезiктi. Өзендi бойлап бара жатса боз тұман iшiнен шаһар көрiндi. Шаһар ортасында күмiс сарай тұр. Сабуроуды сарай алдында көп кiсi қарсы алды, «күйеу бала» деп күттi. 
Сабуроу мен ханшайымның үйлену тойы өттi. 
Дүниеге нәресте келдi. Сегiз жыл өтiп, тоғызыншы жыл туғанда Сабуроудың есiне жер бетiндегi тiршiлiк түстi. Сұлу Татэяманың бөктерi, келiншегiнiң жүзi, тiгiн мәшинесiнiң дыбысы… Өткен күндерi елестеп, көзiне жас үйiрiлдi. Ханшайым «Неге мұңайдыңыз?» деп сұрады. Сабуроу туған жерiн бiр көргiсi келетiнiн айтты. Ханшайым күрiш бұқтырып, тоғыз күлше иледi. Ханшайым жанары жасқа толып, Сабуроуды шаһар шетiнде шығарып салып, жер бетiне бiрнеше айдан соң жететiнiн айтты. Сабуроу ақ жолмен келе жатып, артына қараса, боз тұман iшiндегi ғажайып шаһар ғайып болыпты. Жер бетiнде тоғыз жүз жыл уақыт өткен едi. Тароу да, Дзироу да бұл дүниемен қоштасқалы қашан. Татэяма тауын бөтен жұрт жайлап отыр. Жазғы жауын Шинаноға төккенде Асама тауының етегiндегi Шинракудзидiң үлкен суынан атылып бiр айдаһар шықты. Ғибадатханадағы дiндарлар «айдаһар» дегенде, мақұлық судан өз бейнесiн көрдi. Жер асты елiнен жер үстiне оралдым деп ойлаған Сабуроу айдаһарға айналып кеткен едi. 
Айдаһар алып денесiн Татэяманың егiз көлiне дейiн созғанда құйрығы тау­дағы самырсынға тидi. Сабуроу Татэяманы жетi айналып, көз жасын жаңбыр ғып төктi. Ормандарды жайпап, тауды күй­реткен айдаһардың екпiнiнен сел жү­­рiп, айналадағы ауылдар суға ақты. Сабуроудың зары тау-даланы жаңғыртып, жер күңiрендi. Осы сәтте Батыстан жалғыз сәуле жарқ еттi де, бұлт iшiндегi жарық көлге түстi. Көл жалт-жұлт етедi. Бұл батыстағы Сува көлi едi. Сабуроудың атын атап бiреу шақырды. Сабуроу әйелiнiң даусын таныды. Айдаһар жай отындай жарқ еттi де, алып денесiмен  көлге төндi. Тоғыз жүз жыл бұрын Сабуроудан айрылған әйелi таудан тауды кезiп жүрiп Сува көлiне батып, айдаһарға айналыпты. Тоғыз жүз жылдан соң айдаһар боп кездескен екеуi үлкен көлдi қоршай қосылды.  Көл суы көкке шапшып жатты. 
Қос айдаһарды халық Пiр ретiнде әс­петтейтiн болды. Қазiрде қыстың күнi Сува көлiне мұз тоңғанда бiр түнде ай­даһар үн қатып, көл бетiнде мұз дiңгегi түзiледi. Жоғарыдағы ғибадатханалы Накасу ауылының көлi маңынан  төменгi Сува ғибадатханасына дейiн бiр түнде  мұз таулар түзiледi. Осы тау тiзбегiн жылына бiр рет жер бетiндегi жары мен жер астындағы ханшайымға баратын Сабуроудың жолы дейдi. 
Нагоя префектурасының бұл аңызынан түйетiнiмiз, Самурай ұғымы Сабыр философиясына тiкелей қатысты екендiгi. Сабыр уақытты қажет етедi. Қазақтың «Сабыр түбi сары алтын», «Сабыр сақтау» тәрiздi тiркестерi жайдан жай ауызға түспесе керек. Лингво-философиялық ас­тары терең ұғымдар. Жапон ұлына Са­буроу деген есiм тақса, қазақ Сабыр деп ат қояды. Жапондар үшiншi ұлы­на Сабуроу деп ат қоятын себебi, бұл таң­ба үш санының философиялық мән-ма­ғы­насымен байланысты. Самурайлар дәуi­­рiндегi айдаһар образы бейнеленген аңыз­дардың акиталық нұсқасында додекаймоно (дөкей мақұлық) дейдi. Үлкен, iрi, дәу сөздерiмен мағыналас дөкей сөзiн Кереку қазақтары жиi қолданатыны белгiлi. Самурай сөзi самурау (сабурау) деген бүгiнде қолданылмайтын, «Хэйкэ моногатари» тәрiздi көне шежiрелiк еңбектерде ғана сақталған сөзбен байланысты. Сабыр, сабурау, самурай сөздерi лингво-философиялық тұрғыдан барлық жағынан байланысты. «Хэйкэ моногатари» эпопеясында Сабуроу деген антропоним  Сабурау деп оқылу керектiгi жазылған. Мысалы, Мусашиносабураудзаэмонари­куни, Охобаносабураукагэчика деген тә­рiздi ұлы батырлардың есiмдерiнен көптеген сөз­дердегi а дыбысы уақыт өте келе о болып дыбысталғанын көремiз. Сабуроу деген ер бала есiмi самурайдың поли­семантикалық мағынасын ашып тұр. Жал­пы жапон лингвистерi сакура, сакэ сөз­дерiнiң са бөлiгi Ұлы дала пiрi деген мағына беретiнiн мойындайды. Тек сакура, сакэ ғана емес, самурай сөзi мура ие­роглифiмен бейнеленсе, оның самурай мен сабурау (сабуроу) сөздерiне қатысы бар. Ұлы мағыналы сөздi ер балаға есiм етiп қойған жапон дүниетанымына, ұл баланы мұрагер деп бiлген көшпендi қа­зақтың даналығына табынуға тура келедi. 

Мұрагер
Мура дегенде жапон ауылы көз алдыға келедi, самурай дегенде ел мен жер қорғаны ерлер елестейдi. Күншығыстың көркем әдебиетiнде ер тұлғалы ұғымын ририший деп таңбалауы ердiң көне заманнан сақталған қос халыққа ортақ сөз екенiн бiлемiз. Самурай сөзiндегi мура нелiктен айға ұласқанына мән берсек, Цукими – Айдан қуат алу жапондық дәстүрiне бойлаймыз. Ай күнтiзбесi бойынша джюгоя түнiнде (15-нен 16-на қараған түн) ай толады. Жапон отбасы  данго (тоқаштың түрi) әзiрлеп, айға қарап отырып сиынады.  Бұл дәстүр ежелгi самурайлар заманынан берi бар. Доспамбет, Шалкиiз, Қазтуған жыраулардың кезiндегi самурайлардан қалған айды көркемдiк бейнелеу ретiнде жиi қолданған жырлар жеттi бүгiнгi заманға. Ай – жапон дүниетанымындағы бiр символ. Оғыз дәуiрiндегi «Кагуяхимэ» ай нұрынан жаралған қыз туралы жырдан бастап, елу мың жетпiс сөзi бар «Манъйосю» жинағында, он мың он бес таңбадан тұратын «Кокинсюде», жиырма тоғыз мың екi жүз он екi семантикалық бiрлiктен құралған «Оокагамиде», жапон әдебиетiнiң жауһарларының барлығында ай сәулесi  түсiрген тiркестердi көруге болады. Ай нұрынан қуат алып жыр жазған самурайлар мұрасы ғибадатханаларда сақтаулы. 
Отэра – Будда ғибадатханасы. Тэра таңбасының алдына хито (кiсi) таңбасы тiркелгенде ғибадатхана ұғымы шы­ғады. Шығыс тiлiнде самурай мен отэра сөздерiнде бiрдей таңбаның болуы философиялық астарға ие. Ал, тэраның алдына гэн таңбасы келгенде жыр, өлеңдi бiлдiретiн ши иероглифi көрiнедi. Жыр мен самурай ғибадатханаға тәуелдi ұғымдар. Сан-алуан зiл-залада, ғибадатханалардың бүтiн қалуын жапондар осы қасиеттi үйдiң киесiнен деп бiледi. Көне жыр орамдары осы ғибадатханаларда сақтаулы. Самурайдың Еуропа зерттеушiлерi жаз­ғандай «иесiне ерiп жүрген қызметшi» деңгейiмен өлшенбейтiн өте биiкте тұр­ғанын, ХV-ХVI ғасырда өзара шайқаста бiр-бiрiн қырып-жою функциясын ғана атқарған қоғамдағы орны белгiсiз, орны тұрақсыз қылыш ұстағандар емес. Сақ дәуiрiндегi жауынгерлiктiң архипелагтағы мұрагерлерi екендiгiн тура айтуымыз керек. Әдiлдiк, өрлiк, ерлiк мұрагерi – самурайлар. Iшкi әлемi таза, әдiл, адал адам ғана батыр болады. Самурайдың ғибадатханамен байланысты таңбалануы осыдан. 
Нағыз дiн қағидаларын ұстанатын тура жолдағы ер – самурай. Дiндi кокоро – көкiрек көзiмен түсiнiп, жүрегiмен сезiнетiн, жанымен берiлген тектi ер – самурай. Бұл күрделi жолдардан, қиын өткелдерден, сан-алуан  сатылардан көтерiлу арқылы жететiн биiктiк. Самурайға тән нәзiк сезiмталдық, қа­ғылездiк, қайсарлық оның мұраларынан – сөз өнерiнен, сәулет өнерiнен, ерлiк мек­те­бiнен көрiнiс тапқан. «Баяғыда Ториитоугэ деген асуды бiр қарақшы иектептi. Бұл асуда Джидзоусан (Жолаушылар мен балалардың жебеушi пiрiнiң мүсiнi) бар едi. Бiрде Джидзоудың қасына бiр са­мурай тоқтап темекi шегiп тұрғанда қарақшы аңдып тұрып өлтiредi. Қарақшы самурайдың ақшасын алып мүсiнге қараса Джидзоу бұған тесiлiп тұр екен. Самурай мүсiнге: «Әй, Джидзоу, көргенiңдi ешкiмге айтпа!» дей салыпты. Сонда тас мүсiн: «Мен айтуын айтпаймын ғой, сен өзiң жария қыласың» деген екен. Қарақшы ашуланып, қылышын сермеп қалғанда мүсiннiң бiр жақ бетiн шауып түсiрiптi. Он жыл өтедi. Сол қарақшы дәл сол асудан өтiп бара жатады. Жартыбет Джидзоу ғана қақшиып тұр дейдi. Қарақшы мүсiннiң қасына келгенде «осы жерде самурайды өлтiргенiме де он жыл болыпты-ау» деп күбiрлептi. Сол сәтте Джидзоудың артынан жас самурай шыға келiп, «Әкемдi өлтiрген сен екенсiң ғой» деп қарақшының басын шауып тастайды. Бұл баяғы самурайдың ұлы едi. Басының жартысын қылыш шапқан Джидзоу Ториитоугэ асуында әлi күнге тұр» дейдi, Фукуока префектурасының аңызы. 
Самурайлар салған сарайлар Жа­по­нияның әр қаласында бар. Саму­рай­лардың прозалық, поэзиялық шы­ғар­малары жапон әдбеиетiнiң бай қа­зы­насы. Самурайлардың ұстанған қы­лыштары мен сауыт-саймандары жапон мұра­жайларында сақтаулы. Мәселен, Му­­ро­­мачи дәуiрiнiң алтынмен апталған до­омари деп аталатын сауыт-сайманы То­кио мұражайында. Ал, самурай тура­лы аңыздар жапон фольклорының терең тарихы бар екенiн дәлелдейдi. Самурайлардың басынан өткен сан-алуан оқиғалар ғажайып аңыздар арқылы сақталған. Чюбу аймағында мынандай бiр аңыз айтылады: 
Баяғыда бiр атақты самурай болыпты. Бiрде ол құлы екеуi жолға шығады. Жаздың аптап ыстығында кенезесi кеуiп келе жатқан самурайдың көзi қауын бақшасына түседi. Сайдың тасындай теңкиген қауындардың пiсiп тұрған шағы екен. Самурай ойланбастан бiреуiн қылышымен жарып жiберiп шөлiн қандырады. Қауынды жеп болғанда бұл әрекетiнiң ұрлық екенiн сезедi. Самурай құлы екеуi ары қарай жүре бередi. «Екеумiз бiреудiң бақшасынан қауын ұрлап жегенiмiздi ешкiмге айтпа» дейдi, самурай құлына. Құл «тiс жармаймын» деп уәде бередi. Күн ұясына батып, түн болғанда екеуi бiр тауға жетедi. Тауда түнемек болады. Самурай «Құлдың аузында сөз тұрмас. Ертең-ақ менiң ием ұрлық жасады деп елге жайып жiберер. Одан да бұның көзiн құртайын» деп ойлайды да, ұйықтап жатқан құлдың басын шауып тастайды. Атақты самурайдың құлы жолда өлдi деген хабар бүкiл елге жайылады. Құлдың шешесi еңiрегенде етегi жасқа толып, баласының басы шабылған жерге келедi. Ананың зарлағандағы даусы бүкiл елдiң сай-сүйегiн сырқыратыпты дейдi. Баласының басын құшақтаған әйел өзеннiң жағасына келiп, «Егер, өз кiнәңнан өлсең, суға бат, кiнәсiз болсаң су бетiнде қалқып ақ» деп, басты өзенге тастапты. Бас суға батпай, бiрден  өзен ағысына қарсы жоғары қарай қалқып барады екен. Бұл көрiнiске куә болған  жұрт қатты таңқалыпты дейдi. Сол түнi бас шабылған жерде оттың ұшқыны пайда болып, әуеге көтерiлiптi. Самурайдың ауылының төбесiнде күркiреген үн шы­ғарған ұшқын елдiң зәресiн алыпты. Тыл­сым құбылыс самурайдың үйiнiң тө­бесiнде найзағайдай күркiреп тұрып алыпты. Күндiз күлкi, түнде ұйқыдан айы­рылған самурай көп ұзамай жынданып өлiптi дейдi. Самурай туралы сан-алуан аңыз­дар – жапон әдебиетiнiң алтын дiң­гегi. Самурай тақырыбы әр кезеңдегi өнер адамдарының шығармашылық шабытын оятты. Мысалы, ел тарихы мен самурай тағдырын астастыра бейнелеген ХХ ғасыр жазушысы Сюсаку Эндоның «Самурай» романын атауға бо­лады. Самурайдың сәйгүлiгi мен қару-жарақ, сауыт-сайман, ат әбзелдерi гунки (ерлiк жырлары) мен моногатари (эпос, ертегi-жырлар) жанрындағы әдебиетiнде кеңiнен суреттелген. Жапон самурайларының қайсақ батырлары сияқты қылыштарының өз атауы болған. Қы­лышқа ат қою «Қырымның қырық батырында», «Манас», «Аттила» жырларына тән көркемдiк детальдар. 

Алдыңғы «
Келесі »