Қоғам тазалығы тәрбиеден

  • 05.02.2015
  • 465 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Біз информациялық қоғам заманында өмір сүрудеміз. Ол Батыс елдері мен Шығыс елдері арасындағы қазіргі ғылыми-техникалық прогреске негізделген қатынас. Батыс Европа елдері соңғы 3-4 ғасырда тездеп дамығаны белгілі. Ол техникаға, ғылымға байланысты даму. Көп нәрсені Батыс елдерден үйренудеміз. Бірақ, соны­мен қатар, Батыстан түрлі моральдыққа жатпайтын нашақорлық, секс, адам өлтіру, еркек пен еркек, әйел мен әйел тұрмыс құру сияқты адамгершілікке жатпайтын қылықтар бізге тарай бастады.

Оның бастауын ХХ ғасырдың бірінші онжылдығында неміс философы Освальд Шпенглер (1880-1931) өзінің «Закат Европы»(Еуропа құлдырауы) кітабында жазған болатын. Содан бері жүз жыл өтті. Кезінде ол Шпенглер байқаған қоғамның Еуропада байқалған рухани кеселдері бүкіл әлемді жайлады. Табиғаты таза қазақ елінде жайлап ха­лық санасын уландыруда. Себеп неде? Алдымен тойымсыз сауда қатынасында. Бір замандарда алып сатуға негізделген тауарлы – ақша қатынасы әлемді жалмап жатқан тажалға айналды. Біріншіден, ғылым мен техника жетістіктеріне сүйенген ірі өндірістер тынымсыз күндіз-түні жұмыс істеп, пайда келтіру талабына сай, табиғатты жалмап құртып, керек пе, керек емес пе зат, бұйым техника шы­ғаруда. Бұл табиғатты құртуға әкеле жа­тыр. Бұл бір. Екіншіден, сауда қатынасы барлық адамдарға ерік, мүмкіндік берген сияқты миллионер болуға әркімнің де еркі бар дейді. Бірақ, іс жүзінде олай емес. Ат төбеліндей миллиардерлер ғана әлемді билеп, қолында ұстауда. Миллиардтаған қалған адамдар үнсіз, тілсіз соларға жұмыс істеуде. Өршіп дамып отырған өндіріс табиғатты ғана күйзелтіп жатқан жоқ, ол адамдарды да күйзелтуде. Миллиондаған адамдар даму қарқынына іліге алмай, ағыммен сендей сығылып барады. Олар өзінің кім екенін де білмей ұмытуда. Олар болашағын білмейді. Бір кезде Артур Шопенгауэр айтқан болатын: «Бо­лашақ күңгірт, қазіргі кез трагедия, өткен өмір мағынасыз» деп. Сол өмір бүгін бәрінің басына түсті. Мұны байқаған Батыс елдер философтары Э.Тоффлер, Э. Фромм, Хосе Ортэга и Гассет, Ф. Фукояма айтқандарына қанша уақыт болды? Олар әлемді тек күйреу, ақыр заманды күтуде деп жазуда. Егер, Ф.Ницше құдайлар өлді, енді оның орнын «шектен тыс» зор адам басты десе, қалғандары «Библия Құдайы» орнын «капитал Құдайына» босатып берді деп, жазуда. Ақша қатынасы аяусыз, рақымсыз пайда табу қатынасы. Оны қалай тапсаң олай тап, қандай жол ұстасаң еркің дейді. 
Қазіргі жағдайда адамдар көпшілігі ойыннан, күлкіден, бірін-бірі іздеп, ой бөлісуден қалып барады. Неше түрлі сорақылық мінездер қаптап барады.  Мектепке келіп, оқушыларды, не демалыс орындарында саялап жүргендерді, не аялдамада тұрғандарды атып өлтіру сияқты әрекеттер пайда болды. Жалпы, қоғам бұзылуда. Мұның бәрі Батыстық елдер көрінісі. Әсері болмайды дей алмаймыз. 2014 жылғы 30 шілдеде «Егемен Қазақстан» бетінде жарық көрген «Иманды қоғам идеясы» деген мақаласында жазушы Смағұл Елубай елді имандылыққа шақырады. Өте орынды пікір, құптарлық іс. Бірақ, мәселе онда ғана емес. Алдымен, осы қоғамдық міндеттің себебін ашу керек. Әзірше, Батыс идеологтары да, біздің ғалымдар да оның себебін ашып көрсеткен жоқ.  Тек көрінісін, салдарын айтады. Себебін білмейінше қоғамды емдеу мүмкін емес. Ол бір. Екін­шіден, қоғам қай заманда да тәрбиеге негізделген. Тәрбиесіз қоғам жоқ. Ашық сауда қатынасы тәрбиені ұмыттыруда. Сауда өзі үйретеді деп түсінеді. Бұл қате. Тәрбие алда тұруы керек. Онсыз өртеу, қирату, секс т.б. түрлі жемқорлық, мемлекеттік мақсаттан жеке бастық мақ­сатты жоғары қоюдан құтылу мүмкін емес. Олай болса, тәрбие мемлекеттік тұрғыда жолға қойылмайынша қоғамда тәртіп, тазалық болмайды демекпіз. Тәртіптің басы тазалық. Алдымен тазалық. Адамды қинау – қауіпті. Кішкентай адамда қайраткер. Басқадан талап ететін адам алдымен өзі кіршіксіз болуы керек. Әйтпесе, бәрі бос. Бастық сол кішкентай адамның тілін тауып сөйлесе алатын болса, бәрі орын­далады. Оның негізі – әділдік. Осыған байланысты тағы бір құбылыс қолы, ойы таза емес адам айналасына таза адамды жолатпайды. Бұл да шындық, өмірде бар, кездеседі. Сонымен қоғам негізі тәрбие. Ол көп салалы және үздіксіз жүргізіледі. Қатаң талапта, өнеге де – тәрбие. 
                        Досмұхамед Кішібеков, 
академик

Алдыңғы «
Келесі »