БІЛІМ БЕРУДЕГІ МУЛЬТИМЕДИАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРдың мүмкіндіктері

  • 05.02.2015
  • 2853 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында [1]: «Сапалы білім беру Қазақстанның индустриалдық-инновациялық дамуының негізі болуы тиіс» деп атап көрсетілгендей қазіргі кездегі білім беру жүйе­сі әлемдік өр­ке­ниет көшіне сай, жан-жақты, ақ­парат­тық-коммуникациялық, соның ішінде мульти­медиалық технологиялармен қамтамасыз етілуі керек. Қазiргi таңда дидактикалық оқыту жүйе­лерiн қалыптастырудың  перспективалық бағыттарының бiрi – мультимедиалық технологияларды оқыту процесiнде пайдалану.

Оқытуда мультимедиалық технологияларды пайдаланудың теориялық және практикалық аспектiлерiн Ю.Н.Егорова [2], дидактикалық аспектiлерiн Н.В.Клемешова, тұжырымдамалық аспектiлерiн  О.Г.Смолянинова, орта мектептiң информатика, математика пәндерiн оқытуда мультимедианы пайдалану әдiстемесiн С.С.Кравцов, Т.Г.Пискунова, жоғары оқу орындарында студенттердiң өзiндiк жұмыстарын дамытудағы мультимедианың мүмкiндiктерiн Д.Э.Френки, студенттердiң болашақ кәсiби iс-әрекетiнде мультимедиалық технологияларды пайдалану даярлығын қалыптастыру мәселелерін О.Г.Смолянинова, О.В.Лобач, А.И.Гридюшко, Е.Я.Шипнягова, жоғары оқу орындары оқытушыларының оқу-әдiстемелiк  iс-әрекетiнде мультимедианы пайдалану әдiстемесiн Т.Ю.Волошинова,  В.Г.Казаков,   мультимедиалық оқыту кешендерiн бағдарламалық  жабдықтау  жолдарын   И.В.Голубятников секілді ғалымдар өз  еңбектерiнде зерттедi.
Бiлiм беру жүйесiнiң жаңа талаптары мен жоғарыдағы ғалымдардың зерттеу еңбектерiнiң нәтижелерiн ескере отырып, мынадай тұжырымға келуге болады: үздiксiз бiлiм беру жүйесiн жетiл­дiрудiң негізгі бағыттарының бiрi ретiнде муль­тимедиалық технологияларды қолдану бүгiнгi күннiң басты талабы. Сондықтан да, оның техни­калық және дидактикалық мүмкiндiктерiн дамыту, онан әрi зерттеу маңызды болып табылады.
Ең алдымен, ұлы дидактик Я.А.Коменский «Алтын ережеге» балаған көрнекілік ұстанымы­ның талаптарына толық жауап бере алатын мультимедиалық технологиялар ұғымдарын қарастырайық. Олай болса мультимедиа ұғымына талдау жасап көрейік. Мультимедиаға зерттеушi ғалымдар түрлiше анықтама бередi: Мультимедия – әр түрлi типтi ақпараттарды компьютердiң ұсыну мүмкiндiгiн дамытатын    және адамның мультисенсорлық табиғатына негiзделген технология (D.Little).  Мультимедия – екi не одан да көп типтi ақпараттарды интерактивтi формада бiрiктiру (D.H.Jonassen). Мультимедия – әртүрлi формада ұсынылған ақпараттарды бiрiктiруге мүмкiндiк беретiн ком­пьютердiң аппараттық және бағдарламалық құралдары кешенi (И.И.Косенко). Мультимедия – графика, гипермәтiн, дыбыс, ани­мация, бейнемәлiметтердi пайдалануға мүм­кiн­дiк туғызатын аппаратты-бағдарламалық құрал (И.Вернер). Мультимедия терминi латын тiлiнiң «multy» (көп) және «media» (орта) деген сөзде­рiнiң бiрiгуiнен құралған. Сондықтан да, мульти­медиалық жүйеге арналған оқулықтарды, ғылыми еңбектердi саралай келе  бұл   терминге «ақпараттық орта»  деген мағына беруге болады. Ал, ақпараттық орта түсiнiгiн белгiлi бiр ортада ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы ақпаратты ұсыну мен өңдеуге бағытталған арнайы ұйымдастырылған процесс деп қабылдай аламыз. 
Мультимедиалық технологиялар – әр түр­лi типтi мәлiметтердi дайындау, өңдеу, бiрiк­тiру, ұсыну әрекеттерiн аппараттық және бағдар­ламалық жабдықтарды пайдалану арқылы жүзеге асыратын технологиялар (әдiстер мен тәсiлдер) жиынтығы.
Бiлiм берудегi мультимедиа – бiрiншiден, таным процесiнiң жоғарылауына септiгiн тигiзетiн, екiншiден, бiлiм беру мазмұнын интерактивтi формада ұсынатын дидактикалық аппаратты-бағдарламалық құрал. Мультимедианың бағдар­ламалық құралдары – кез келген типті ақпаратты интерактивтi режимде пайдалануға мүмкiндiк беретiн компьютердiң бағдарламалық жабдықтары. Мультимедиалық ресурстар – мультиме­диалық құралдар және арнайы бағдарла­малық жабдықтар көмегiмен дайындалған ақпараттық өнімдер. Мультимедианың дамуы бейнетехникалық және дербес компьютерлiк технологиялардың өркендеуi нәтижесiнде жүзеге асуда. Мультимедиа статикалық (мәтiндiк, кестелiк, графиктiк), дина­ми­калық (анимациялық, бейнелiк) және дыбыстық ақпараттарды талапқа сай дәрежеде ұсынуды iске асырады. Мультимедиалық технологияларды пайдалану негiзiнде жүргiзiлетін оқыту әдiсi оқытудың тео­риясы мен технологиясын бiр-бiрiмен байла­ныс­тырып отыруды қажет етедi. 
Әрбір оқытушы өзінің педагогикалық қызметін жоғары деңгейде көрсетуі үшін мультимедиалық технологияларды пайдалана білуімен қатар, сол аталған технологияларды тікелей оқыту процесінде қолданудың қажеттіліктерін анықтай білуі керек. Бірінші қажеттілік – дәстүрлі оқыту әдісінде тәжірибелік дәлелдеулері жүзеге асырылуы мүмкін емес заңдылықтар мен теорияларды, ұғым­дарды, макро және микроәлем жөніндегі түсініктерді, пәнаралық байланыс сипатындағы күрделі оқу материалдарын оқыту үшін студенттер мен оқушыларда қажетті білімдер жүйесінің болуы. Екінші қажеттілік – студенттер мен оқушыларда репродуктивті дағдының қалып­тасуы. Мұндай қажеттілік оқу экспе­риментін жобалау, оқу мазмұнына қатысты мәліметтерді жинақтау, жүйелеу, жіктеу, талдау секілді іс-әре­кеттер кезінде байқалады. Үшінші қажеттілік – студенттерде, оқу­шыларда шығармашалық (креативтілік) дағ­дының қалыптасуы.  Бұл қажеттілік күрделі есеп­терді шешу, зертханалық эксперименттерді жүргізу, объектіні модельдеу,  қандай да бір про­цестің өтуіне әсер етуші факторларды анықтау кезінде байқалады. Төртінші қажеттілік – студенттер мен оқу­шыларда белгілі бір тұлғалық сапаның қалып­тасуы. Бұл қажеттілік әлеуметтік мәселе­лерді шешу арқылы жас жеткіншектерді адамгер­шілік­ке, ізгілікке тәрбиелеу кезінде көрініс береді.  Жастар­да тұлғалық сапаның болуы оның қоғам алдында жауапкершілігін күшейтеді.
Мультимедиа құралдарына оқыту процесінде әртүрлі типті ақпараттарды ұсынушы кез келген оқыту құралдарын жатқызуға болады. Атап айт­қанда: дыбыстық құралдар (CD-ойнатқыш, магнитофон т.б.); телерадио жүйелері (телеқабылдағыш, радио­қабылдағыш, оқыту теледидары, DVD-ойнатқыш т.б.); проекциялық құрылғылар (графопроектор, мультимиедиалық проектор, оверхед проектор, бейнепроектор, интерактивті проектор); интерактивті тақта; ақпарат көбейткіш құралдар (микрофильмдеу құралдары, ксерокс, ризограф); компьютерлік құралдар; телекоммуникациялық жүйелер мен желілер (кабельдік, спутниктік, оптоволокондық желілер т.б.) [7]. Сонымен қатар, мультимедиалық технология­лардың таным процесін жетілдірудің тиімді құралы ретінде қарас­тырып кетейік.
Білім беруде қолданылатын тиімді әдістердің бірі – ақпарат берудің сөздік-логикалық және көрнекілік тәсілдерінің үйлесуі, яғни, оқытушының сөзбен түсіндіруінің сәйкесті көрнекі құралдармен бекітілуі. Үздіксіз монотонды әңгіме тыңдап отыр­ған адамның назары тітіркендіргіштің бір­кел­кілігінен – сөйлеушінің даусынан 20 минуттан кейін-ақ басқа жаққа ауа бастайды екен. Егер, әңгіме қандай да бір объектілерді көрсетумен қатар жүрсе, естумен қатар көру анализаторы да жұмыс жасайды.  Адамның көз алдына көр­некі образдың пайда болуы ұсынылған мате­риалды толықтай меңгеруге септігін тигізеді. Көрнекілік әдіс «жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық» деген нақылдың бекер айтылмағандығын айқындай түседі. 
Мультимедианы пайдаланудың артық­шы­лығы мынада: мысалы, кескін немесе сурет – адамның ой-санасында белгілі бір бейнені, ұғым-түсінікті қалыптастыруға, мәтін және дыбыс – қозғалыстағы бейнелік әрекетті онан әрі дамыту негізінде образдың ішкі болмысын аша түсуге, музыка – эмоционалдық көңіл-күйдің көтерілуіне әсер етеді.
Қорыта айтқанда, таным процесінің заңды­лық­тарын зерттейтін таным теориясының атқа­ратын мынадай міндеттерін оқыту процесінде мультимедиалық технологияларды пайдалану арқылы түсіндіруге болады: объектінің болмысын, даму заңдылықтарын ашып көрсету; объектінің ішкі табиғатын ашу арқылы оның болашақтағы даму бағытын айқындау; объектілерді зерттеу жөніндегі ғылыми сала­ның дамуына ықпал жасау; заңдылықтардың практикада қолданылуын ұғын­дыру т.б. [8].
Зерттеу­шілердің пікірі бойынша дәстүрлі оқу әдісімен берілген материалдың 25%-ы, көру арқылы 33%-ы, көру-есту арқылы 50%-ы, ал, мультимедиялық интерактивті оқыту бағдарла­масы көмегімен берілген материалдың 75%-ы есте сақталады екен. 
Қорытындылай келе, мультимедиалық техно­ло­гиялар: әрбір пайдаланушының қабілеті мен ерекше­лігін ескере отырып, олардың оқу мотивациясын арттыруға септігін тигізеді; түрлі типті ақпараттарды біріктіріп ұсыну арқылы оқытудың интерактивтілік ұстанымын қамта­ма­сыз етеді, өйткені, әр түрлі типті ақпаратты пайдалану адамның әр түрлі сезім мүшелері арқы­лы оқу материалын жан-жақты қабылдауына ықпал етеді; нақты, күрделі де қиын, белгілі көлемде шығын мен ұзақ уақытты қажет ететін экспериментті модельдеуді жүзеге асырады; құбылыстар мен процестерді динамикада көрсету арқылы  абстрактілі ақпараттарды көрнекі тұрғыда ұсына алады; макро және микро әлемдегі нысандарды визуалдауға мүмкіндік береді; бiлiм беруге жұмсалатын шығынның азаюына ықпалын тигізеді.
Аяулым Зәбірова,
      Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің 
магистранты.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашақ­тың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауы.
2. Егорова Ю.Н. Теоретические и практические аспекты мульти-медиа-технологий: монография.-Ч.:НАНИ ЧР, 2000. -189 с.
3. Little D. Іnteractive video and the control of learning. Educational technology. 1991. P.7-15.
4. Jonassen D.H. Computer in the classroom. Englewood cliffs: Prentice Hall. 1996.
5. Косенко И.И. Изучение мультимедии в процессе подготовки учителя информатики: дисс. канд.пед.наук. -Москва, 1999, -119с.
6.  Вернер И. Все о мультимедии. Уч.пособие.-Киев:BHV, 1996. -157c.
7. Досжанов Б.А. Тұлғаның танымдық іс-әрекетін мультимедиалық технологияларды пайдалану арқылы дамыту. Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің хабаршысы.  –Түркістан. 2007. -№3. –Б.176-180.
8. Досжанов Б.А. Мультимедиа және оның тех­ни­калық құрамы. Оқу құралы. –Қызыл­орда: ҚМУ, 2004, -81 б. 

Алдыңғы «
Келесі »