КҮҢ ОҚИҒАСЫ

  • 05.02.2015
  • 562 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ұлы Жаратушының жаршысы Мұхаммед  ислам ақидасының негізін, мән-мағынасын, мақсатын, діндегі алар орнын баяндап толық жеткізді. Үзеңгілес серіктері – сахабалары да ислам ақидасының саф күйінше сақталуына, толық, әрі дұрыс насихатталуына бар күшін салды. Олардан кейінгі ақжал толқын табиғиндер және таба-табиғиндер, сондай-ақ, ислам ғұламаларының да ат салысуымен осы хақ сенім құдыретімен бүгінгі күнге дейін сақталып, «әһлү сүнна уал жамаға» ақидасы болып бекіді. Ал, Хақ Елшісі  қалыптастырған ақида шеңберінен шығушылардың пайда болуына әртүрлі саяси топтардың ортаға шығуы, ислам қоғамы шекарасының кеңеюі, сан алуан ұлттардың исламға кіруі әсер етті. Мұн­дай келеңсіздік һижраның алғашқы жүз жылдығында пайда болды.

Мұсылмандардың арасында көтерілген халифат мәселесі де олардың өзара бөлінуіне жол ашты. Бұл бөлінушілік саяси жағымен шектеліп қалмады, мұсылмандардың сенімі тұрғысынан да бөлінуге әкеп соқты. Осы орайда қазіргі таңдағы өзекті мәселеге айналған күң оқиғасы туралы хадистегі «Алла қайда?» деген сауалдың ас­та­рын, қан­дай мәнде айтылғандығын, сондай-ақ, сол хадистің өзін хадис ғылымы тұр­ғысынан кеңі­нен тоқталмақпыз. «Күң оқиғасы» туралы хадисінің 7-түрлі тізбекпен келіп, хадис іліміндегі дінімізді таза сақтап, жалған хабарлардың еніп кетуінен қорғау үшін негізделген «Ғилму риуаяһ» және «Ғил­му дираяһ» шарттарына сәйкес – әлсіз «дағиф», рауилерге қарама-қайшы «Шәз» және «Мұд­тариб» хадис болып табылады. 
Ислам ғұламаларының күң оқиғасы туралы хадис мәтінінің жеткізу жолдарына көз жүгіртіп, хадистің дәрежесін зерттеп, саралай отырып, салыстырып көрелік: Муслимнің жинағында Мағауия Ибн әл-Хакам әс-Сулламиден: 
1. «Қойларымды Ұхұд пен әл-Жаууания таулары арасында жаятын бір күңім бар еді. Бір күні жайып жүрген қойларының біреуін қасқырдың сүйреп бара жатқанын байқадым. Мен де адам баласымын ғой, ел секілді мен де ашуланып, қайғырамын. Әлгі күңімді бір қойдым. Содан соң Пайғамбарымыздың жанына келдім. Болған оқиғаны айтып бергенімде, Ол маған бұл істің үлкен күнә екенін айтты. Мен: «Уа, Алланың Елшісі! Күңімді азат етейін бе?», – дедім.  Ол маған: «Күңіңді алып келші», – деді. Сөйтіп, мен күңімді Пайғамбарымызға алып келдім. Пайғамбарымыз  оған: «Алла қайда?», – деп еді, ол: «Аспанда», – деп жауап берді. Пайғамбарымыз: «Мен кіммін?», – деді. Ол: «Сіз Алланың Елшісісіз»,-деп жауап берген болатын. Бұл рауилерге қарама-қайшы «Шәз» хадис тұрғысында Әбу Фадл Бин Сиддиқ «Әл-Фауаид әл-Мақсуда фи Баян Ахадис әш-Шаза әл-Мардудә» атты еңбегінде:
Ислам ғұламалары бұл хадисті «Шәз» деп қарастырған-ды. Өйткені, бұл хадистің мағынасы пайғамбарымыздың  жолмен жеткізгендеріне қайшы келеді. Пайғамбарымыз Исламды қабыл­дағысы келген адамнан – кәлима шаһадатты сұрайтын. Егер де, осы екі сөзді қабылдаған кезде, онда ол Исламды қабылдағаны дейтін.
2. Муаттада келген Убайдауллаһ Ибн Утба Бин Масғудтан: 
Ансарлардан болған бір кісі пайғамба­рымызға қара күң әйелді алып келіп: «Маған бір құлды азат ету міндет», – деді. Сонда: «Егер де, оның мұсылмандығына көзің жеткен болса, онда босат», – дейді. Сонда Алланың Елшісі құлға: Алладан басқа тәңір жоқ екендігініе күәлік етесің бе? Йә,–деді. Мұхаммед Алланың елшісі екеніне күәлік етесің бе? Йә,–деді.
Сонда, Алланың елшісі: «Оны босат»,-деді.
Әл-Хафиз Әбу Исмағил әл-Һарауи «Арбағин фи Дәләил Таухид» (Таухиттің 40 дәлелі) атты еңбегінде Сағид Бин әл-Марзабаннан, Икримадан, Ибн Аббастан:
Бірде пайғамбарымызға қара күң әйелді ертіп алған бір кісі келіп: «Бір құлды азат қылуым керек, мына құлды азат етсем, міндетім мойнымнан түсе ме?»,–деп сұрады. Сонда Ол: Алла қайда?,–деп сұрады. Аспанға саусағын қаратып тұрып: «Аспанда»,–деген болатын. Сосын: «Мен кіммін?». Сіз Алланың елшісісіз,–деген болатын.  Сосын пайғамбарымыз: «Оны босатыңдар»,-деді.
Бұл «Шәз» және «Дағиф» (Әлсіз) хадис. Өйткені, тізбектегі Сағид Бин әл-Марзубан – мәтрук хадис, яғни жалған хадиспен айыпт­алғандықтан хадисі қабылданбайды. Ал, мә­трук дегеніміз – тізбегінде жалған­дықпен айыпталған рауиі бар хадис [1/266-б.]. Хадистану ғылы­мына сай хадис жеткізуші – әл-Марзубан жалғандықпен айыпталған. Сон­дықтан рауиідің хадисі – мәтрук.  Сол сияқты, Мағауиядан жеткен хадиске қарсы екі хадис келген. Бұл хадистің «Шәздігін» қуаттай түседі. 
Әл-Байһақидің «Сунан» атты еңбегіндегі – Аун Бин Абдуллаһтан, Жудди: Бірде пайғам­барымызға қара күң әйелді ертіп алған бір кісі келіп: «Маған мұсылман құл азат ету міндет болды, мына құлды азат етсем міндетімнен құтыламын ба?»,–деп сұрады. 
Сонда пайғамбарымыз: Раббың кім?,–деп сұрады. Раббым – Алла,–деді. Дінің не? Дінім – Ислам. Мен кіммін? Сіз Алланың елшісісіз! Бес мәрте намаз оқып, маған Алладан түсіріл­генді мойындайсың ба? Йә,–деді. Пайғамбарымыз оның арқасынан қағып: «Оны босатыңдар», – деген болатын. Үшінші хадисте келген бойынша – Имам Ахмад «Муснадында»:
Абдур-Раззақтан, Муғаммардан, әз-Заһриден, Убайдулла Бин Абдуллаһтан, Ансарлардан болған бір кісі күң әйелінен келіп: 
«Уа, Алла елшісі! Мен бір күңді азат қы­лайын деп едім. Егер де Сіз оны мұсылман де­сеңіз, мен оны азат қылайын», – деді. 
Сонда пайғамбарымыз: Алладан басқа тәңір жоқ екеніне күәлік етесіз бе? Йә,– деді. Мені Алланың елшісі екеніме күәлік етесіз бе? Йә, – деді. Өлгеннен кейін қайта тірілуге сенесіз бе? Йә, – деді. Оны азат ет!, – деген болатын.
Бұл хадис «Муаттадағы» мурсалда келген.
Әл-Баззар: Мажид Бин Осман, Убайдулла, Ибн Әбу Ләйли – әл-Минһал Бин Омардан, Сағид Бин Жубайрдан, Ибн Аббастан: Пайғамбарымызға бір кісі келіп: Менің анам құл азат етуге міндетті, ал менің қара күңім бар еді. Сонда пайғамбарымыз: Онымен бірге кел, – деді. Пайғамбарымыз: Алладан басқа тәңір жоқ, мен Алланың елшісі екеніме күәлік етесің бе? – дегенде, ол: «Йә», – деп жауап бергенде, Ол: Оны азат ет!, – деген болатын. Шынтуайында, Хақ Елшісі Жебрейіл сауалдары хадисінде – иман рүкіндері жөнінде баяндаған болатын: «Маған иман жайлы айтып бер», – деген сауалына пайғамбарымыз: «Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне, ақырет күніне және тағдырға, оның жақсылығы мен жаман­дығына иман кел­тіруің», – дегенде: «Дұрыс айтасың», – деген болатын. 
Сондай-ақ, онда Алла Тағала аспанда деген ақиданы айтпаған болатын.
Мұндағы айтылған сенім тұғырында серік қосуды тыйып, таухидті бекітіп тұрғаны жоқ. Сондай-ақ, пайғамбарымыз оны қалайша сипаттады?
Кезінде мүшріктер Алланы аспанда деп сеніп, жердегі тәңірлерді серік қылған болатын. Хусейн Бин Атаба немесе Ибн Убайд Уалид Имраннан: «Қанша тәңірге табынасың», – деп сұрағанда, олар: «Жерде алтау, аспанда – біреу», – деп жауап берген болатын. 
Перғауын Алланы аспанда деген сеніммен һаманға (Ғафир сүресі, 36-аят): 
 «Перғауын: «Әй, Һаман! Маған бір мұнара жаса. Бәлкім жолдарға жетермін», – дейді. 
Мұнымен қоса ол қаумына (Қасас сүресі, 38-аят):
«Перғауын: “Әй бастықтар! Мен сендер үшін менен басқа тәңір барлығын білмей­мін».
Ислам ғұламаларының жамағатында «Құдай­дың аспанда» дегені тікелей мағынасында емес. Алайда, астарлы мағынасындағы «Үстемдік» ұғымын білдіреді.  
Әл-Бажи – күң оқиғасы тұрғысында: 
«Мұн­дағы аспанда сөзі – үстемдік мағы­насында сипатталған. Сондықтан үстем болған­дығымен сипатталған. Мәселен: Пәлен­шенің орны аспанда дегенінде – жағдайы мен халінің үстем бол­ғанын айтады», – деген. Осылайша Шафиғия табақатында келген [2/87-91-б.].
Әбу Фадл Бин Сиддиқтың (Алла рахымына бөлесін) «әл-Фауаид әл-Мақсуда» атты еңбегінде «Күң әйелдің – Алла аспанда» деген хадисін «Шәз» және «Әлсіз» хадистер санатына жатқызған болса, Имам Байһақи «Мұдтариб» хадистерге жатқызған. Ислам ғұламаларының дәйектеріне негізделе отырып, Имам Бәйһақи (Алла оны рахымына бөлесін) айтқандай Муслимнің әу бастағы нұсқасында жоқ болсын, не бар болсын, жалпы алғанда, бұл хадистің «мұдтариб» хадис екендігінде дау жоқ. Себебі, хадистегі Алла Елші­сінің күңге қарата қойған «Алла қайда?» деген сауалы Абдур-Раззақтың мұсаннафындағы сахих хадисте «Алланың бір екендігіне куәлік етесің бе?» деген сөзбен жеткізілген. Ал, Хиббанның сахихында күңге қатысты сауал «Раббың кім?» деген сөзбен риуаят етілген. Сондай-ақ, күң оқиғасы Ата ибн Иасардан жеткен риуаятта Алла Елшісінің күңнен «Алла қайда?» деп емес, «Аспанда кім» деп сұрағандығы айтылған [3/448-б].
Жоғарыда келтіргеніміздей дәрежесі дең­гейлес хадистердің әртүрлі сөзбен риуаят еті­луі­не «мұдтариб» хадис делінеді. Ал, мұдтариб хадисті жеткізушілердің тізбегі толық болса да, маз­мұнындағы аталмыш «мін» оның сахих болуына кедергі келтіреді. Сондықтан, «мұдтариб хадистің» ақида мәселесінде, оның ішіндегі ислам ғұламаларының бір ауыздан «Алла мекенсіз» деген берік ұстанымдарына қайшы көзқарасқа дәйек болуы былай тұрсын, жалпы мәселелерге де дәлел ретінде жарамайды. Ендеше, осындай бір ғана «мұдтариб» хадиске сүйеніп, мекенсіз Аллаға «мекен таңу» әсте дұрыс емес. Ал, енді хадисті «мұд­тариб» деп танымай-ақ, сахих хадис ретінде қабылдағанның өзінде ешбір ислам ғұламасы бұл хадис арқылы «Алла аспанды мекен тұтады» деген шешімге бармаған.
Имам ән-Нәуауидің (Алла рахымына бөле­сін) жоғарыдағы Муслимдегі хадиске қатысты түсін­­дірмесін келтірейік. Ол былай деген: Бұл – Алланың сипатына қатысты хадис. Мұн­дағы мәселе жөнінде екі көзқарас бар. Бұл екі көзқарас «иман» тарауында  талай рет айтылды. Біріншісі: Алла Тағалаға еш нәрсенің ұқса­май­тынын әрі Оның жаратылғандарға тән ерекше­ліктерден пәк екеніне сене отырып, ай­тылған сипаттың мағынасына кірместен жалпылай иман келтіру. Ал, екіншісі, Аллаға лайық келетін сипатта жорамалдау. Бұл көзқарастағылар былай дейді: «Пайғамбарымыз «Алла қайда?» деуі арқылы оның бір Аллаға сеніп, сенбейтінін анықтағысы келді. Яғни, барлық жаратылысты басқарып әрі барлық істі істеп тұрған жаратушының жалғыз Алла екендігіне, намаз оқығанда кі­сінің қағбаға бет бұратыны секілді, дұға жа­сау­шының тілек тілегенде қолын аспанға кө­теру арқылы мінәжат жасалатын бір Аллаға сеніп, сенбейтіндігін білгісі келді. Жүзді қағбаға бұрған уақытта Алланың қағбаның ішінде болмайтыны секілді,  қолды аспанға жайған кезде де Ол аспанның ішінде болмайды. Керісінше қағба намаз оқушылардың құбыласы болғаны тәрізді, аспан да дұға етушілердің құбыласы. Немесе пайғамбарымыз оның жердегі пұттарға табынушылардан болып, болмағанын білгісі келді. Ол: «Аспанда» деп жауап бергеннен кейін оның пұтқа табынушы емес, бір Аллаға сенетіндігін айқындады».
Имам ән-Нәуауий (Алла рахымына бөлесін) бұл мәселеге қатысты сөзін мәшһүр ғалым әл-Қади Ғиадтың былай деген сөзімен жалғастырды: «Мұсылмандардың фиқһтанушылары, хадистанушылары, сондай-ақ,  кәлам ғұламалары болсын, тіпті, діни үкімді басқалардан ала­тын қа­ра­пайым мұқаллидтері болсын бар­лығы дерлік «Аспандағының сен­дер­дің үстеріңе жерді төңкере салуынан қорық­пай­сыңдар ма?» деген аяттар секілді мұндай «Алла аспанда» делінген сөздер­дің тура мағынасының мұрат еместігін бірауыздан айтқан. Мұндай сөздердің тура мағынасы мақсат болмағандықтан, барлық ғұламалар бойынша астарлы мағынасында (тәуил) жасалған» [4/26-27-б.].
Муслимнің хадис жинағына түсіндірме жасаған ғалым әл-Мазири де жоғарыдағы хадис жайлы былай дейді: «Пайғамбарымыз күңнің мұсылман болып, болмағандығын білдіретін қандай да бір белгісін білгісі келді. Өйткені кәпірлердің табынатын құдайлары саналатын от пен пұт жерде орналасқан. Әрқайсысы қажетін өз құдайынан сұрайды. Ал, аспан болса, жалғыз Аллаға сене­­тіндердің дұға, тілектерінің құбыласы. Міне, сондықтан, оның неге иман келтіретінін анықтағысы келді. Сөйтіп, оның түсінетін тілімен сөйлесті. Сосын, ол жалғыз Аллаға иман келтірушілердің дұға жасаған уақытта қолдарын жаятын аспанды ишарат етті. Құбылаға бет бұру – Алла Тағаланың қағбамен шектеулі екенін көрсетпейтіні секілді, Аллаға иман келтірушілердің дұға жасаған уақытта қолдарын жаятын аспанды меңзеу де Оның белгілі бір жақта әрі аспанмен шектеулі екенін де білдірмейді» [5/23-33-б.]. Ендеше, хадис ілімі тұрғысынан аталмыш күң оқиғасы жөніндегі хадистің – «Шәз», «Дағиф» және «Мұдтариб» хадистер екеніне көз жеткізгеннен соң, хадистің бұл түрлеріне амал жасалып, жасалмауына анықтау үшін терминологиялық ұғымдарына тоқталамыз. «Шәз» дегеніміз – Қабылданатын рауидің өзінен сенімдірек рауиге қайшы жеткізген хадисі. «Дағиф» дегеніміз – Қабылданған (сахих немесе хасан) хадис шарттарының бірі яки бірнешеуі қамтылмаған хадис. Әлсіз хадистің үкімі – Алла Тағаланың есім сипаттарына қатысты риуаят етуге рұқсат етілмейді.  «Мұдтариб» дегеніміз – дәреже жағынан тең бір-біріне қайшы жолдармен жеткен хадис. Демек, бір немесе бірнеше рауи тарапынан бір-біріне қарама-қайшы бірнеше жолмен келген және дәрежелері тең болғандықтан дұрыстығын таңдау немесе мағыналарын біріктіру мүмкін болмаған хадис[1/278-б].
Қорыта келгенде, Ислам ғұламаларының дәйек негіздерін саралай отырып, Ислам ақидасының ақиқаты бойынша күң оқиғасында келген «Алла аспанда» сөзінің ұғымын айқындап, сенім негіздерінің рүкіні бола алмайтындығын бекітеміз. Сондай-ақ, бұл хадистің әлсіз, қарама-қайшы және  «мұдтариб» санатынан болғандығынан – үкім шығарылмайды. Ал, хадиске «мұдтариб» таңбасын баспай, сахих хадис деген басқа барша ғұламалар «Алла аспанда» деген сөзді жоғарыда имам ән-Нәуауидің (Оны Алла рахымына бөлесін) түсіндірмесінде көрсетілгендей «Алланың мекен­сіздігін» негізге ала отырып, ол сөзден нендей мағына мақсат етілгенін Аллаға тапсырып, үнсіз қалу жолын таңдаған, яки, Алланың ұлықты­ғына лайық мағынада жорамал (тәуил) жасаған [5/33-б].

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
 Қ.Құрманбаев. «Хадис ілімі». Алматы: Нұр-Мүбарак баспасы. 2010 ж. 300-б.
 Әбу Фадл Бин Сиддиқ. «Әл-Фауаид әл-Мақсуда фи баян Ахадис Шаза Мардуда». 152-б. /87-91-б.
 Ибн Хажар әл-Асқалани.«Талхис әл-Ха­бир». «Құртуба» және «Дарул-Мишкат» баспасы. 1995 ж.
 Мұхиддинән-Нәуауий, әл-Минһәәж Шарх­сахих Муслим ибнил-Хажжаж, 5-6 том, 26-27 бет.  «Дарул-мағрифа» баспасы, 2007 ж.
 Қ.Жолдыбайұлы. «Дін мен діл 2». Ал­маты. 
Серік ТӘЖІБАЕВ,
Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, магистр.
Ризабек БАТТАЛҰЛЫ,
Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің 
2-курс магистранты

Алдыңғы «
Келесі »