«Бір ел – бір кітап» акциясының қоғамдық мәні

  • 05.02.2015
  • 918 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Елбасымыздың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында айтылған «Мәңгілік Ел» па­триоттық актісі Қазақстан қоғамының рухани тірегіне айналып, патриоттық рух пен биік адамгершілік өнегеге бағытталып отыр. Ескі қағидаға сүйен­­сек – «халық өткенін бағамдамай, бо­ла­­­шаққа жылжи алмайды». Сондықтан дәс­түр, тарих, мәдениет сияқты рухани құн­дылықтарға баса назар аудару қажеттігі туындауда. Осындай құнды  байлық,  тіл шебер­лігін арттырып, сөйлеу мәдениетін үйрететін, оқырманның рухани – кітап оқуды кеңінен насихаттау мақсатында, елімізде «Бір ел – бір кітап» акциясы жыл сайын  өткізіліп келеді. Бұл акцияның идеясы АҚШ-ның «Бір кітап, бір Чикаго» және «Егер де бүкіл Сиэтл бір кітапты оқып шықса» атты кітапханалық жобалардан негіз алған. Осы акцияға АҚШ-ның басқа да Чикаго, Буффало, Ро­чес­­тер қалаларының кітапханашылары кеңінен қолдау көрсетті. Қазіргі кезде «Бір ел – бір кітап» акциясының жобасы Ұлы­британия, Испания, Латын Америкасы, Ко­рея мемле­кеттерінде ойдағыдай тарады. Ал, Қазақстанда республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы, ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен, Астана қала­сындағы Ұлттық академиялық кітап­хана, Қазақстан Кітапханашылар Ассо­циа­циясының бастамасымен 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді. 


«Бір ел – бір кітап» акциясының мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұраны сақтау, сондай-ақ, жастарды отаншылдық пен өнегелілікке тәрбиелеу. Сонымен қатар, қоғамның отандық әдебиетке, оның ішінде классикаға, қазіргі әдебиет пен поэзияға деген қызығушылығын әрі қарай дамытуына мүмкіндік туғызу болып табылады [1]. Алғаш рет көп­шіліктің ұсынысымен жал­пы­ұлттық оқу­ға Абайдың «Қара сөздері»  таң­далды. Респуб­лика кітапханаларында Абай­­дың өмірі мен шы­ғар­­машылығына байланысты 400-ге жуық іс-шаралар өтті.  Барлық кітапханашылар кәсіби білік­тілікпен Абай тағы­­лымын  өскелең ұрпаққа  дәріптеуге ат са­лысты. 
2008 жылы М. Әуезовтің «Қилы заман» повесі таңдалды. Бұл шығарманың таңдалуының өзінде де терең мағына жатыр. «Қилы заман» кейіпкерлерінің мінез-құлқы мен заман тартысы – жастарды Отаншылдыққа үндеп, бойларындағы ұлт­тық намыс пен жігердің оянуына ықпал етіп, тарихқа жаңаша көзқараспен қарауға септігін тигізді. Мысалы,  Батыс Қазақстан облысында 245-ке тарта түрлі шаралар, ақын-жазушылармен кездесулер, әдеби кештер өтіп, оған 6600-ге жуық оқырман қатысты. Мұның өзі оқырмандардың  қатарының  көбейгенінің көрінісі [2]. 
2009  жылғы оқу акциясына Ұлттық  поэ­зия дегдары – Мағжан Жұмабаевтың «Жан сөзі» жинағы таңдалып алынды. Бұл жылы өткен акцияның ерекшелігі ең алғаш поэзия жанрының таңдалуы болды. М.Жұмабаевтың қай жинағын алсаңыз да өлеңдері жанымызға жақын, санамызға таныс,  әсіресе, жалындап тұрған жастарға үміт артқан «Мен жастарға сенемін» өлеңі жастардың өз Отандарын шек­сіз сүюге, патриотизмге тәрбиелейді. Мағ­жан шығармашылығын танытып, насихаттауда республика аймағында поэзия түні, оқу марафондары, фестивальдар, радиоақпараттар, интернет-сайттар шолуы, оқырмандар конференциясы, түрлі байқаулар, атап айтсақ жалпы саны 750 іс-шара өтті. 
2010 жылы белгілі ақын Жұбан Молда­ға­лиевтың отансүйгіштік жырлары және «Мен қазақпын» поэмасы оқырмандарды рухтандырды. Бұл поэма қазақ халқының елдігі мен салтын, ұлттық қасиетін сақтап қалғанын мақ­тана, асқақтата жырлады. Оқырмандарын жігер­лендіре, ерлік, күш, қуатты жырға қосып, өзінің қазақ екенін тағы да жүрек жара, жан даусымен қуана, шаттана жеткізе Отансүйгіштік жырларымен халық жүрегінен орын алды. Жұ­бан ақынның шығармашылығын насихат­тауда рес­публика бойынша жалпы саны 700-ден астам іс-шаралар ұйымдастырылды. Оқыр­мандармен жұмыс жасау кезінде оқу марафоны, автокеруен, автомарафон, флэш-моб және т.б. жұмыстың жаңа түрлері қолданылды [3]. 
2011 жылы төл әдебиетіміздің тамаша клас­сигі Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақ­бі­лек» романы таңдалып алынды. Бұл жыл­ғы акция тәуел­сіздіктің жиырма жыл толуымен тұспа тұс келді. «Ақбілек» романы ұлттың талайлы тағдырын, қазақ өмірінің қиын да, күрделі кезеңін, басты тұлғаның ауыр да сындарлы сәттерін тағы сондай нақтылы көрініс, шынайы оқиға, бедерлі бейнелер арқылы көрсетті. Осы романды оқыр­ман­дарға терең ұғындырып, ақын мұрасын толығырақ зерттеу мақсатында Ә. Тәжібаев атын­дағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Оқып болсаң, өзге­ге ұсын» ұраны­мен «кітаптың еркін саяхаты» – «букроссинг» жүргізілді. Бар­лық кі­тапханаларда қазақ қызының тағдыры туралы роман оқырмандар арасында үлкен қы­зығушылықпен оқылды. Республика бойын­ша кең көлемде мыңға жуық іс-шара өт­кі­зілді. 
2013 жылы өткен «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, поэзия падишасы атанған Фариза Оңғарсынованың «Дауа» атты жыр жинағы оқырмандарға жол тартты. Бүгінде Фариза Қазақстанда ең көп оқылатын авторлардың бірі болып саналады. Ақын жырлары елжандылық рухты оятып, туған халқын сүюге, құрметтеуге, оның дәстүрі мен мәдениетін қастерлеуге шақырады. Осы­ған орай, республика кітапханаларында ақын­ның шығармашылығына арналған поэзия кеш­тері, әдеби байқаулар, кітап көрмелері, жыр сағаттары, оқу марафондары, флэш – моб, оқырмандар конференциясы, нақтырақ айтсақ  екі мыңға жуық іс-шара өтті. Ақынның өлеңін жатқа оқыған оқырмандар  көп болды. Мәселен, Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында № 61 мектеп оқушылары Кенжебаева Айнұр Фариза ақынның 80 өлеңін, ал, Еркебаева Оразгүл Фаризаның 161 өлеңін жатқа біле­тіндігін көрсетті. Астана қаласындағы Ұлт­тық Академиялық кітапханада тұңғыш рет «Жауһар жыр планетасына түнгі саяхат» атты кітапханадағы поэзия түні өтті. Ол туралы анонс­ты алдын-ала республикалық теле­арналардың көпшілігі таратты. Бұл әлеу­меттік-мәдени акцияда бір мезгілде 24 іс-шара өткізіліп, 700 адам қатысты. Бір мезгілде бірнеше жыр кеші, домбыра тартудан күй жарысы, әдеби сұхбат және т.б. іс-шаралар болды. Оқырмандар қай шараға қатысарын білмей, кітапхана залдарын араласап кетісті. Сөйтіп, осы ерекше думанға сүйсіне қарап, тарқасты. 
Жыл сайын өткізіліп отырған оқу акциясы өзінің оқырмандарға қажет екендігін, өмір­шеңдігін дәлелдеп отыр. Әдеби шығарма оқу тек қана оқу емес, ол өзіңді-өзің тәрбиелеу, парасаттылыққа апарар жол іздеу. Елімізде жыл сайын өтетін «Бір ел – бір кітап» оқу ак­циясы өз жалғасын тауып, табысты өтіп, жазба мәдени мұраны насихаттау мен оқыр­ман­дардың кітап оқуға деген көзқарасын жақ­сартуда, қоғамда үлкен жетістіктерге жетіп отырғаны сөзсіз. Ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік туындыны оқыту және насихаттау жас­тардың жан дүниесін әде­биетпен сусындатып,  отаншылдыққа әрі өнеге­лікке тәрбиелеу бүгінгі күнгі басты мәселе. 
Айзада Байдарова,
Абай атындағы Қазақ Ұлттық 
педагогикалық университетінің  
1 курс магистранты
Пайдаланылған әдебиеттер: 
1. http://www.cbssemey.kz/
2. Сейілова А. «Бір ел – бір кітап» акциясы 2011// Кітап патшалығы. -2011. – №5-6. – 26-29 б.
3. «Бір ел – бір кітап» акциясы: Зерттеу мақа­лалар. Құраст.: Б.Қарағызұлы. – Астана: «Хұсният», 2009. – 188-195 б.

Алдыңғы «
Келесі »