Еліміздегі соттар өз жұмыстарын жеңілдетуге шындап кірісті

  • 30.01.2015
  • 392 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Дауды шешудің орнына, бастары сыннан арылмайтын Қазақстан соттары өз жұмыстарын жеңілдетуді шындап қолға алды. Өйткені, халықтың дені болмашы келіспеушілік үшін де сотқа арыздануды әдет қылған.

Сондықтан, көршісімен дауласып, ағайынмен араздаса беретіндерді бітімгершілік арқылы ымыраластыру жоспарланып отыр. Бұған дейін сынақ түрінде қолданылып келген медиация әдісі енді заңмен бекітілмек. Қазақстандағы кез келген кәсіпкерден не істеп жүргенін сұрасаң "біреумен соттасып жүрмін" дейді екен.

Бұл – басқа емес, бас прокуратура өкілдерінің келтірген дәйегі. Бірі ақшасын даулап, екіншісі көршісінің иті аулама кіріп кетті деп шағымдануға үйреніп алған. Жағымсыз үрдіс отбасындағы кикілжіңді шешу барысында да белең ала бастапты.

"Ағасы інісімен, әкесі баласымен соттасып жатқан жағдайлар өкінішке орай, аз емес. 2014 жылы соттарға 750 мың талап арыз түскен екен. Әр іс бойынша кемінде 2 тарап болса, сот әуресіне шамамен 1 жарым миллион адам сабылып жүр", – дейді  Бас прокурордың орынбасары Жақып Асанов.

Ең өкініштісі – осындай азаматтық істердің соңы қылмысқа ұласатын кездері де болады екен. Сот шешімімен келіспей, есесін өзі қайтарғысы келгендер туралы бас прокурордың орынбасары ертегі оқығандай баяндап берді. Осыларды ескерген құқық қорғаушылар, мұндай келеңсіздікті болдырмау үшін сотқа дейінгі бітімгершілікті жолға қоюды ұсынып отыр.

"4 мың іс бойынша медиация өткізілді. Ол бүгінгі кезде 8 мың адам бітімгершілікке келді деген сөз.  Қазір экспериментті тоқтаттық. Жаңа кіргізіп жатқан жаңалықтар іске асады", – дейді Жоғарғы сот судьясы Ұлболсын Сүлейменова.

Ұлболсын Сүлейменованың айтуынша, 1999 жылдан бері қолданылып келген азаматтық процессуалдық кодекске бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, сотқа дейінгі бітімгершілікке азаматтарды ынталандыру үшін медиаторлардың құзырын кеңейтіп жатыр екен. Осылайша, соттардың жүктемесін жеңілдетпек.

Алайда, бұл азаматтардың бәрі сотсыз мәмілеге келеді деген сөз емес. Егер тараптап бітімге келмесе, сот басталады.

Сондай-ақ, жаңа заң жобасында адвокаттарға басымдық беретін артықшылықтар қарастырылған. Атап айтқанда, заңгерлік көмек көрсету үшін мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардан қажетті анықтаманы сұрата алады.

Бастысы – қорғаушылар мәселені бейбіт жолмен шешуге ұмтылуы тиіс.

Жаңа заң жобасымен танысқан депутаттар көп сұрақ қойып, қызу талқыға сала қоймады. Тіпті осы құжатты дайындау барысында мәжілістегі жұмыс тобы әрбір азаматтың пікірін ескереді, сондықтан өз ойларыңызды жазыңыздар деп үндеу тастады.

Кейінгі кездері қабылданған біршама заңдарды қоғамның қатты сынағанынан ауыздары күйсе керек.

nur.kz

Алдыңғы «
Келесі »