ҚОЛДАНБАЛЫ ӨНЕР ТУЫНДЫСЫ – ойыншық

  • 28.04.2012
  • 1692 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Мөлдір НүрпеЙіс,
Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық

Өнер Академиясының PhD докторанты:

XIX-XX ғасыр ойыншықтар тарихындағы ерекше кезең. Ол бүлдіршіннің логикалық дамуына, есептеу, ойлау, есте сақтау қабілет­терін жетілдіруге үлкен әсерін тигізетін ойыншықтар ойлап тауып, қазіргі ойыншықтар әлемін ашуға ықпалын тигізді. Әр халықтың ойыншықтарының өзіндік өрнектері, ұлтқа тән нақыштары болғанымен, бәрінің де балаға берер тәрбиелік мәні зор.
Ойыншық дегеніміз не? Бұл сұраққа «ойыншық деген балалар ойнау үшін жасалған зат» деп жауап беруге болады. Әйткенмен, ойыншықтар балалар әлеміне, тіпті үлкендер әлеміне де тән зат. Демек, ойыншық ежелден келе жатқан қол өнердің бір түрі. Белгілі суретші Н. Д. Бартрам «Ойыншық – өмір айнасы» деген. Ойыншықтар әлемін зерттей отырып, осы сөздің растығына көз жеткізуге болады. Егерде бір ойыншық ертеден келе жатқан дәстүрді білдірсе, кейбіреулері өмірде болған тарихи жағдайларды паш етеді.
Балалық шақтан бастасақ, өзінің ойлау және тану қабілеті жетілген жасқа дейінгі шақта, бала үшін, оны қоршаған ортадағы нәрсенің бәрі жұмбақ. Ал бұл жұмбақты шешуге көмектесетін құралдың бірі ойыншық, бала ойыншықтар арқылы дүниені тани бастайды. Олар ойыншықты өзінің жан ашыр жақыны тұтып, жүрегіне жақын ұстайды. Сондықтан болар, бала ойыншығын жазатайым сындырып немесе жоғалтып алса сол үшін қатты қапаланады. Сәби ойын кезінде жан-жануар да, ұшақ та, ағаш та, балық та, тіпті найзағай да бола отырып, солардың жүрісін, дауысын, қимылын салып, ғажайып әлемге еніп кетеді. Осының арқасында ойыншық баланың жеке тұлға болып қалыптасуына зор әсерін тигізетіні анық. Себебі бала ойыншықты күнделікті ермек қана емес, өмірді, қоршаған ортаны түсінуге қажетті оқу құралының бірі ретінде жанына жақын тұтады. Ал ересектер үшін де ойыншықтар балғын балалық шақты еске салатын, уайымсыз күн кешкен оралмайтын сәттермен жалғастыратын алтын көпірдей қымбат.
Ерте замандағы ойыншықтың бір түріне қуыршақ жатады. Ең көне египет қуыршақтарына төрт мың жыл толған. Сол сияқты ежелгі Грек пен Римде де қуыршақтардың көптеген түрлері табылған. Олардың көпшілігі мәдениеттік сипатқа тән болған. Сол сияқты ағаштан, балшықтан жасалған қол аяқтары қимылдатуға келетін ойыншық қуыршақтардың да болғаны анық­талған.
Сонымен қатар, ойыншықтардың нақышы­на келтіре салынған ою-өрнектері мен түрлі-түсті өңдері бала қуанышы емес пе? Мысалы, суретті, санды, әріптер салынған сияқты бірнеше түрлері бар кубик ойыншықтарын алайық. Суретті кубиктердің барлық жағына әртүрлі бейнелер мен ертегі кейіпкерлерінің суреттері салынған. Бала ол кубиктер арқылы үйлер, қорғандар, сарайлар құрастырып ойнайды. Алайда бұл ойын үшін бала құмды пайдалануына да болады, бірақ бала құмнан және кубиктерден тұрғызылған қорғандар мен үйлерді құрастыру кезінде олардың айырмашылығы мен артықшылығын байқай білуі шарт. Мысалы, кубиктер қатты ағаштан жасалғандықтан одан тұрғызған үйлер, әртүрлі бейнелер тікбұрышты немесе шаршы тәрізді болып құрастырылады. Ал құмнан дәл сол заттарды дөңгелек, конус, цилиндр тәрізді етіп те тұрғызуға болатындықтан, бала осыларды салыстыра отырып айырмашылықтарын ажыратуға тырысады. Санды кубиктердің әр жағына 0-ден 9-ға дейінгі сандар жазылады. Балалар кубиктердегі сандарды ретімен орналастыру немесе әр қабырғасындағы сандарды қосу, алу арқылы дұрыс санай білу дағдыларын қалыптастырады. Бала кубиктермен ойнай отырып, әріптерді таниды, бірте-бірте сөз құрастыратын дәрежеге жетеді.
Тағы да бір ойыншықтар арқылы (мысалы, текшелер) баланы өлшемді анықтай алуға, түстерді ажырата білуге үйретуге болады. Ағаштан немесе пластмастан жасалған ұзын таяқшаға түрлі-түсті дөңгелекшелер кигізілген ойыншықтардың бір түрі. Бала таяқшаға түстерді ретімен кигізе отырып, олардың түсін, үлкен немесе кіші екенін анықтай алады. Текшелерді құрастырған кезде таяқшаға түстерді рет-ретімен орналастырылуын қадаға­лау қажет: ең алдымен астына қоңыр түс (жер белгісі) түседі, содан кейін жасыл түс (адамзат, тіршілік белгісі), келесі көгілдір түс (аспан белгісі), қызыл түс (пәктік, адалдық белгісі), сары түс (періштелер белгісі), ең үстіне ақ түс (жаратушы белгісі) бойынша кигізілуі тиіс.
Ал енді жұмсақ ойыншықтарға келетін болсақ, олар қол өнердің нағыз өзі. Себебі бұл ойыншықтарды ойлап тапқан автор өз қолтаңбасын қалдырумен қатар, әр қуыр­­шақты бар мейірімін төге отырып жасайтыны анық. Шүберектен тігілген қуыр­шақ түріндегі мәнерлей жасалған әртүрлі жұмсақ ойыншықтар балаларды нәзіктікке, мейірімділікке, қайырымдылыққа тәрбиелейді. Жұмсақ ойыншықтар көбіне піл, қоян, аю сияқты жан-жануарлар бейнесінде болады. Бұл ойыншықтармен ойнау арқылы бала табиғат әлемімен, ондағы жан -жануарлармен танысады. Мысалы, орман аңдарының патша­сы аю, бала қолында жұп-жұмсақ пүліш ойыншық. Бала оны отырғызып қойып қасықпен тамақ береді, өзінше әңгімесен айтады. Ал өсе келе сол аюды жануарлар паркінен көргенде «соншалықты үлкен болғанымен оның жүрегі менің пүліш аюым сияқты жұмсақ екен» деп ойлауы мүмкін. Осылайша баланың табиғатқа деген сезімі оянды. Сол себепті баланы қуанышқа бөлейтін, ойыншықпен дос бола отырып қоршаған ортаға бейімделуіне, жеке тұлға ретінде қалыптасуына көмектесетіндей ойыншықтар қол өнердің негізі болуы тиіс.
Тағы да бір айта кететін жайт, қыз бала қуыршақ ойыншықтармен ойнай отырып тігуді, тоқуды, өрнектеуді үйренді. Ал бұл әрекет қыз балаға дәстүрлі түрде киіну өнерін меңгеруге септігін тигізген. Сонымен қатар ол қуыршақ болсын, болмаса басқа ойыншық болсын баланың болашақ қоғам мүшесі ретінде қалыптасуына себеп болатын, үлкеннен кішіге берілетін зат. Өйткені бала үшін ойыншық оның ең жақын досы. Ойыншық ойнай отырып балалар бірімен бірі араласуды, қиялдауды, ойлауды, миын жаттықтыруды, біреуге жаны ашуды үйренеді.
Жоғарыда айтып өткендей, әр елдің халық ойыншықтарының белгілі бір өзіндік нақышы бар. Сол нақыш баланың психикасына қалай да әсер етеді. Психологиялық зерттеулерге сүйенсек, адам геометриялық фигураларға, олардың түстері мен түрлеріне психологиялық тұрғыда әр түрлі көзқараспен қарайды екен. Басқаша айтқанда, балаға ойыншықты бер­мес бұрын, ойыншық баланың жасына, қалып­тасқан мінез-құлқына, көңіл-күйіне сәйкес келуін байқау керек. Мысалы, қара немесе қызыл түске боялған ойыншықтар қызба мінезді баланы психологиялық жағынан жаралауы мүмкін. Орыс халқында осы түстер қайғымен байланысты.
Кезінде неміс ғалымы философ және психолог Юнг түстердің адам психикасына, әсіресе қалыптасып үлгермеген бала психи­касына әсерін өзінің көптеген еңбек­терінде атап өткен. Біздің кезімізде де Жапон ғалымдары зерттеу жүргізіп, адамдар сөйлесуге аз уа­қыт кетіру үшін, телефон қораптарының ішін қызыл түспен бояуды ұсынған. Сол сияқты Испания мен Латын Америкасында өгіздерді ашуландыру үшін қызыл орамал қолданған. Ал аспан тәрізді көк түсті іштей тыныштандыру үшін психологиялық тренинг ретінде қолданған.
Сонымен қатар, геометриялық символдар да адам психикасына әсер ететіні дәлелденген. Мысалы, толқын тәрізді сызықты өрнектер тек қыз балаларға арналған ойыншықтар мен әйел киімдеріне ғана салынады. Сол сияқты ұл балалардың киімдері мен ойыншықтарына салынатын өрнектер де басқаша болатыны анық. Демек, басқа жыныстық символикасы бар ойыншықтарды пайдалану баланың мінезінің өзгеріп, оның тұлғалық жетілуіне кері әсерін тигізу мүмкіндігі белгілі.
Алайда ондай ойыншықтарды сатып ала бермей әркім өзі қолдан жасаса да болады емес пе. Егерде ата анасында қол өнерге деген икемдігі бар болса, балаға арнап неге ойыншық жасап шығармасқа (қуыршаққа киім тігу, оның үйіне ағаштан жабдық дайындау, машина, көтергіш крандар, киіз доп, шашка және т.б.)? Бұл баланың қол өнерге деген қабілетін оятып, өнерге баулыр еді, өйткені ойыншық жасау барысында бала да соған еліктеп үйренер еді. Балшықтан иленіп, ағаштан ойып жасалған, ши мен жіптен тоқылып, жүннен, киізден илектеліп адам қолының табымен, жүрегінің жылуымен, шеберлердің ою өрнегімен нақышына келтіре отырып жасалған ойын­шықтар бағзыдан адамзатқа жылылық беріп, махаббат сыйлаған.
Біз, балалар мен ата-аналардың сүйіс­пеншілігін тудыратын өзіміздің халық ойын­шықтары өндірісін жолға қойған дұрыс болар еді деп ойлаймыз. Сондықтан қазақ халқына тән тәрбиелік мәні бар ойыншықтар жасап шығаратын «қолданбалы өнер шеберханасы мен сату тораптары өндіріс кешені» ашылған болса балаларға жарқын болашаққа жол салған болар едік. Балдырғандарды халық қол өнері­мен таныстыра отырып, жарқын өмір­ге кіруге, табиғи мәдениеттілікке, табиғаттың әдемілігін сезінуге баулу арқылы, бала жүре­гіне сүйіспеншілік пен қуанышты өмір сүру қажеттілігін себер едік. Қазіргі, техниканың жетілген заманында шығарылып жатқан бала­ның ойлау қабілетінің жетілуіне себеп болатын ойыншықтар, болашақта оның ғылым­мен айна­лысып, үлкен жаңалық ашып, тұлға ретінде танылып, елінің елеулісі болатынына септігін тигізбесіне кім кепіл?
Қорытындылай келе, айтарымыз, ойын­шықтар халық шығармашылығының ерекше түрі болып табылады. Себебі ойыншық өздігінен пайда болмайды, оны да адам жасап шығарады. Ол өзін ойлап тапқан адамның қиялы мен ойлау санасына байланысты өмірге келеді. Адамзат өнерінің бір бөлігі ретінде ойыншықтар сол халыққа тән сипатты сақтайды. Демек халық өнеріндегі дәстүрлі ойыншықтардың да негізгі құндылығы осында.

Алдыңғы «
Келесі »