Азаматтық ала алмаған бір топ қандасымыз Қытайға қайтадан көшпекші

  • 28.01.2015
  • 471 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Алматы облысы Ескелді ауданы Абай ауылында тұратын қандастарымыз бір ауыл болып атажұртынан кері қайтуға мәжбүр. Себебі, көші-қон туралы Заңға енгізілген соңғы өзгерістердің кесірі тиюде дейді.

Азаматтық ала алмаған бір топ қандасымыз Қытайға қайтадан көшпекші
Олар бірнеше айдан бері не тұрақты тіркеуге тұра алмауда, не азаматтық ала алмауда, не ықтияр хат қолдарына тимепті. Құжатсыз жұмысқа орналасып қаржы табу мұңға айналса, мектепке баратын балалары оқудан қалған.

Әбден әуре сарсаңға түскен қандастарымыздың кері қайтудан басқа амалдары қалмаған.

Мүтән Оқапұлы Қытай елінің Шыңжан аймағынан атамекенге қолындағы бар мүлкін сатып, қоныс аударған. Тек, көшіп келгелі құжаттарын құшақтап сенделуден шаршадым дейді.

Тұрақты тіркеуге тұрып, азаматтық алу оны әбден қажытқан. Бүгінде шарасыз күйге түскен ол, екі күннен соң атажұртынан кері қайтпақшы.

"Қазақ деген біздің ұлтымыз, қазақ шаңырағымыз деп сол жерден бәрін бітіріп, келгенбіз. Артынып, тартынып, шашылып отырып жеттік. Міне әлі күнге дейін бір тиімділік жоқ. Елім бар деп еміреніп жеттік. Балалар ары жүгірді, бері жүгірді нәтиже жоқ", – дейді Мүтән Оқапұлы.

Абай ауылында тұратын қандастарымыздың саны көп. Бір ауыл болып олар да кері қайтуға мәжбүр болыпты. Мешіттің алдына біртіндеп жинала бастаған ағайынның қарасы көп. Барлығының айтары бір. Құжаттардың рәсімделмеуі.

Біздің қандастарымызға  сол талап етілген құжаттардың ішінде біреуі, яғни,  сол мемлекеттен сотталған, сотталмағандығы туралы анықтама керек.

Тұрғындардың бірі әке-шешесінің құжаттарын бітіре алмай, Қытайға қайтып кеткенін айтады. Енді бірі құжат реттейміз деп барлық қаражатынан айырылыпты.

Ал Алматы облыстық көші-қон полициясы өкілінің айтар өз уәжі бар. Айтуынша, заңдағы өзгерістерге байланысты облыс аумағында бірнеше рет түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Олар  әрбір қандасымызға арнайы түсіндіру жұмыстары да жүргізілді дейді. Тек, талап етілген анықтамаларды әкелсе болғаны, еш қиындығы жоқ көрінеді.

"Біздің қандастарымызға  сол талап етілген құжаттардың ішінде біреуі, яғни,  сол мемлекеттен сотталған, сотталмағандығы туралы анықтама керек. Содан соң, сол мемлекеттің келісімі немесе ТМД мемлекеттеріне шығу парағы болу керек. Сол екі анықтаманы әкеле алмауының себебінен осындай қиыншылықтар боп жатыр", – дейді  полиция подполковнигі Нұрмұхан Босқынбаев.

Шетелден келетін қандастарымыздың оралман мәртебесі мен азаматтық алудың машақатынан құтылатын күннің қашан туатыны белгісіз.

Тек, Қазақстан төлқұжатының алу мүмкіндігінің жаңа Заңы күшіне енгенше, қаншама отбасы кері қайтып кетуі мүмкін.

Себебі, олардың құжатсыз жұмысқа орналасып, қаржы табуы мұңға айналған. Ал  балалары метептегі оқудан қалған, өйткені өзге мекемелер секілді олар да құжатсыз қабылдамауда.

nur.kz

Алдыңғы «
Келесі »