Елімізде заңдастыру науқаны күткендей нәтиже бермеді

  • 26.01.2015
  • 233 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Елімізде заңдастыру науқаны күткендей нәтиже бермей жатыр. Әсіресе, капиталды жариялау жағынан ақсап тұр. Ұлттық банктің қаңтарға жасаған есебі бойынша, осы шара басталған 5 ай ішінде айналымға небәрі 9 миллиард 6 миллион теңге түскен.


Бұл 51 салымшының есебінен жиналыпты деп хабарлайды КТК арнасы.

Ал мүлік бойынша, 16 мың 46 өтініш жасалған. Ол ақшамен 125 миллиард теңгені құрайды. Десе де жыл соңына дейін жалғасатын шарадан әлі де қор еселенер деген үміт бар. Үкімет бұл жолғы заңдастырудан $12 млрд  шамасында қаржы түсіруді жоспарлаған болатын.

Максим Попов – Каскелең қаласына қарасты аумақтағы мына шағын үйдің иесі. Қолында 8 сотық жерді иеленуге құқық беретін мемлекеттік актісінен өзге құжаты жоқ. Қазір заңдастыру науқанының аясында соны реттеумен жүр. Бірақ 4 айдан бері ісі бітер емес.

"2014 жылдың 14-қазанында құжаттарымды Қарасай ауданының заңдастыру бөліміне өткізгем. Міне, 4 ай болды, бітер емес. Келсең, әне-міне деп, қайтарып жібереді. Ал заң бойынша, 30 жұмыс күнінің ішінде бітуі тиіс", – дейді  Қаскелең қаласының тұрғыны Максим Попов.

Тілшілермен бірге келген соң ба, Максимнің 4 айда реттелмеген құжаты шұғыл реттеле қалды.

Заңдастыру комиссиясы мұнда келгеннің барлығының да құжатын кешіктіріп жатыр екен. Жауапты мекемедегілер оның себебін өтініштің тым көптігімен түсіндіріп отыр.

"Қарасай ауданы – Алматы облысы бойынша ең көп құжат қабылданған аудан. Бүгінгі күнге 2 мың 224 құжат қабылданды. Оның сомасын санағанда – 15 млрд 92 мың теңге етілді. Соның заңдастырудың өткен құжат саны 608 құжат", – деді  Қарасай аудандық заңдастыру косиссиясының хатшысы Жұмағали Төлбаев.

Ал Алматының өзінде жағдай мүлдем басқаша. Әйтпесе, заңдастыруға өтініш түссе, осы аймақтан "ең көп түсер" деп күтілген еді. Әсіресе, 8-ші болып, Наурызбай ауданы қосылғандықтан. Бірақ мұнда 5 ай ішінде небәрі 805 адам мүлігін рәсімдеуге келген.

"Оның 761-і тіркеуден өтті, 34-і тіркеуден бас тартылды. 9-ы мемлекеттік тіркеуден тоқтатылды. Оның түрлі себептері бар. Алматы қаласы бойынша ең көп мүліктер жария етіліп жатқан Алатау аданында, ең азы Наурызбай ауданында", – деді  Алматы қаласы Әділет департаментінің жылжымайтын мүлік бойынша бас маманы Талғат Тойбаев.

Қаңтарға жасалған соңғы есепке қарағанда, ел көлемінде 16 мың 46 адамнан мүліктік рәсімдеуге өтініш түскен. Одан түскен қаржы шамамен 125 млрд. теңгеге жуықтау.

Ал капиталды жариялау жағына келсек, Ұлттық банк әзірге 9,6 млрд  теңгенің жиналғанын айтады. Науқанның аяқталуына әлі жылға жуық уақыт бар.
 

nur.kz

Алдыңғы «
Келесі »