Қазақстанда ақпан айы қарлы әрі аязды болады

  • 22.01.2015
  • 447 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазақстанда ақпан айының ауа райы аязды болады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Қазгидромет" кәсіпорнына сілтеме жасап.

Қыстың соңғы айында ауа температурасы нормаға сай, тек Атырау мен Маңғыстау облыстарында нормадан 1-2 градусқа төмен болады деген болжам бар. Аязды күндер әсіресе Қостанай, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында жиі болады. Ал Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында жауын-шашын көп түседі. Синоптиктердің хабарлауынша, Қарағанды мен Павлодар облыстарында аз мөлшерде жауын-шашын болады.

Бұған дейін хабарланғандай, 23 қаңтарға дейін Қазақстанның барлық аумағында қалың қар жауып, боран соғады, тұман түсіп, көктайғақ болады. Еліміздің солтүстігінде ауа температурасы 25-27 градусқа дейін төмендеп, оңтүстікте 7-13 градусқа дейін аяз болады. Соңынан арктикалық антициклондардың әсерінен "Крещение аязы" бір аптаға кешігіп келеді. Бұл кезде еліміздің барлық аумағында жауын-шашын тоқтайды. Ауа райы республика бойынша жауын-шашынсыз болғанымен, солтүстіктегі ауа температурасы 30-35, кей жерлерде 43 градусқа дейін төмендейді. Еліміздің оңтүстігінде 20-25, кей жерлерде 30 градус аяз болады.

Еске сала кетейік, соңғы кездері Қазақстанда нормаға сәйкес келмейтін жылы күндер сақталып, соның әсерінен Алматыда ерекше табиғи құбылыс – қарлы найзағай болды. 15 қаңтар күні таңертең ауа температурасы күрт төмендеп, конвективті бұлтты ауа райы байқалды. Жылы ауа мен суық ауаның қатынасынан электр байланысы болып, найзағайдың күркірі естілді.

tengrinews.kz

Алдыңғы «
Келесі »