Астанада «Бәйтерек» монументі ерекше жарықтандырылатын болды

  • 21.01.2015
  • 579 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Астана қаласының басты көрікті орындарының бірі «Бәйтерек» монументі бүгінде жаңа келбетке ие болды. Аталған нысан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен салынған. Түрлі-түсті жарық диодтар саны 12 мыңнан асады, ал Лондондағы әйгілі Sharb зәулім ғимаратындағы жарық диодтар саны – 11 мың. Монументтің ерекше жарықтандырылуын мереке күндері тамашалауға болады. «Бәйтерек» монументінің шыңына шығып, 97 метр биіктіктен қаланың түнгі көрінісін де көруіңізге болады. Еліміздегі басты монументтің биіктігі ел ордасын Алматыдан Астанаға ауыстыру жылына байланысты таңдалған.

 Монумент ежелгі аңыз бойынша тұрғызылды. «Бәйтерек» орналасқан жері мен композициялық құрылысында көшпелілердің ерекше космогониялық түсініктері көрініс тапқан. «Бәйтерек» сөзі «өмір ағашы» деген мағынаны білдіреді. Ғимараттың өзі үш бөліктен тұрады. Нысанның жер асты бөлігі ұлттың тамыр жаюынан өзекті ой өрсе, екінші-үшінші бөліктері кейінгі өркендеу кезеңдерінен көріністер береді.

Сәуле Сүйіндікова, экскурсовод:

– Негізгі қызметі панорамалық залдар: жоғарғы және төменгі. Сол жағалаудың қоғамдық-әкімшілік орталығының макеті бар. 97 метр биіктікте екі композиция орналасқан – «Аялы алақан», бұл Президенттің алақанының ізі. Адамдар қолын қойып, Елбасымен амандасқандай болады, ниеттерін білдіреді. Сонда арман-тілегің орындалады деген наным бар. Келушілердің 70-80 пайызы Қазақстан тұрғындары, шетелдіктер де келеді, ТМД-дан келген туристер де көп.

«Жерасты әлемі» ұлттық мәдениеттің, көшпелілердің рухани әлемінің және тарихи өткеніміздің түп тамырының белгісі. Мұнда Ерболат Төлепбайдың картиналары ілінген. «Бәйтерек» сәулет және инженерлік нысан ғана емес, бұл Ұлы Даланың көпғасырлық дүниетанымының мифологиялық дәстүрлерін жеткізеді. «Бәйтерек» Қазақстанның өткені мен бүгінінің, болашағының белгісі. Бәйтерек – Астананың символы, жаңа заманауи технологиялардың және халықтың рухани мәдениетінің симбиозы.

«Бәйтерек» монументі күн сайын сағат 10:00-21.00 дейін жұмыс істейді. Ересектер үшін билет құны – 500 теңге, 15 жасқа дейінгі балалар үшін 150 теңге.

baq.kz

Алдыңғы «
Келесі »