Нұрғали Құлжанов – үлгілі ұстаз әрі қоғам қайраткері

  • 28.04.2012
  • 1768 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әсем Садықова,
Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетінің
магистранты

Нұрғали Құлжанов аласапыран ауыр күндерде өз халқының болашағы үшін күрескен қоғам қайраткерлерінің бірі. Ол өткен қаратүнек заманда орыс мәдениетінен нәр алып прогресс жағында болды, қазақ жастарының оқып білім алып, азамат болып қалыптасуына айрықша көңіл бөліп еңбек сіңірді.
Нұрғали Құлжанов сияқты жайсаң жанның таңғажайып тұлғасын, өмір жолын бір мақалада түгел қамту, әрине, мүмкін емес. Сондықтан біз бұл жерде ұстаздың жүріп өткен ізін, халық үшін аянбай істеген қызмет жолын шолып қана өтуді дұрыс көрдік.
Нұрғали Құлжановтың балалық шағы қазақ аулында, еңбекші бұқараның арасында өтеді, білімі артып, сана-сезімі өсіп, ұлғая келе оның дүние тану дәрежесі де биіктей түседі, өзін қор­шаған шындыққа сыншыл көзбен қарап, өз халқының өміріндегі құбылыстарды ұға бастайды.
Бостандыққа білім мен әлеуметтік про­греске ұмтылған өршіл қайсар Нұрғали Құл­жановтың бет алысы билеуші үстем тап өкіл­деріне, патша чиновниктеріне ұнамайды. Қа­зақ даласын емін-еркін билеп төстеген бай-феодал­дарға алдына тосқауыл болатын Нұрғали Құл­жанов сияқты қайсар көзі ашық жастың ізіне түседі, айтқанына көніп, айдағанына жүріп келген қазақ аулының «тыныштығын» бұзатын Құлжановтарды ертерек елден айдап шығып, көзін жоғалтудың қамына кіріседі. Оның үстіне, орыстың алдыңғы қатарлы таңдаулы дәстүрінде тәрбиеленген Нұрғалидың зайы­бы Нәзипа Құлжанова жұрттан бұрын азаттық жолына түсіп бостандық, теңдік туын көтерген, күң болып қасірет шеккен, ошақ басындағы қазақ әйелдеріне игі әсерін тигізеді. Бұл жағдай қазақ аулын билеп-төстеушілердің ашу ызасын келтіреді. Сондықтан жаңалықтың батыл жаршыларының соңына түсті, оларды қуғынға ұшыратты. Патша жендеттерінің улы тырнағына ілініп кетпеуі үшін Құлжановтар өз қонысын тастап, Семей қаласына келді.
Олардың Семейді қалауы ол кездейсоқ емес еді. Өйткені ол үлкен облыстың ор­талығы ретінде оған Қарқаралы, Павлодар, Өс­ке­мен, Зайсан, Се­мей уездері қарады. Семейде орыс, қазақ оқу орындары басқа жер­мен салыстырғанда көп еді. Жас қазақ интеллигенттері өсіп келе жатқан дала өлке­сіндегі мәдениет орталықтарының бірі сана­латын.
Оның үстіне Ресейдің алдыңғы қатарлы ойшылдарын, олармен пікірлес азаматтарды Семейден жиі кездестіруге болатын еді. Бұлар жергілікті қазақ халқына, оның озық пікірлі оқыған жастарына игі ықпалын тигізіп, оларды артынан ертіп, алғы арман мақсаттары үшін күреске бастады. Сол орыс халқының демо­кратиялық, революциялық бағыттағы аяулы ұлдарының қатарына қазақтың ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты ағартушыларының жолын қуған про­гресшіл ағартушы, демократ қазақ инте­ллигент­терінің тобына Нұрғали Құлжанов та енді.
Көптеген ұлттар мен халықтарды қыспаққа ұстап отырған патша үкіметі тұсында мектепке қазақтың ана тілін оқытудың қаншалықты қиындыққа түскені өзінен өзі мәлім. Қазақ тілінің оқулықтары, көмекші құралдары әлі жасалмаған кезде, ұлы орысшыл шовинистер «бұратана» халықтың тілі деп қарайтын кезде, әртүрлі ұлттан құралған оқушылардың сүйікті мұғалімі болу Нұрғали Құлжановтың аса білімді, оқыту, тәрбиелеу жұмыстарының методикасын жете меңгерген озат педагог болғандығын аңғартады.
Н. Құлжанов кезінде Алтынсарин бастаған дәстүрді одан әрі дамытып, қазақ балаларына арнап сауат ашу мектептерін ұйымдастырды, және сол мектептер үшін қазақ тілінің «әліппесін» жазу жұмысымен шұғылданды [1].
Қызметтес болған жолдастарының және өз қолында оқып білім алған шәкірттерінің ай­туынша Н. Құлжанов жазған қазақ тілінің «әліппесі» өзінің мазмұны және құрастыру прин­ци­пі жағынан жақсы туынды болған. Мұнда ав­тордың орыстың атақты педагогтарының оқулықтар құрастыру жөніндегі методикалық табыстарына сүйенгендігі байқалады. Бірақ, әртүрлі себептермен «Әліппе» басылмаған. Алайда оны қазақ мұғалімдері кезінде қолжазба ретінде бірінен бірі көшіріп алып, тіл құралы ретінде пайдаланып жүрген.
Нұрғали Құлжановқа мамандығы жағынан жақын, пікірлес дос, жолдас болғандардың ішінен Мұстахим Малдыбаев, Бекенғалиды (Бекмұхамбет Жақыпұлы) атап кетуге болады. Осылармен бірігіп Н. Құлжанов 1913 жылы Семейдің Заречная слабодкасында қазақ бастауыш мектебін ашады [1]. Мұндай мек­тептер ол кезде «Ашық типті мектептер» деп атайтын. Бұл мектептерге қазақ тілінің оқу құралы өте қажет еді. «Әліппені» жазуға басты себептің бірі де осы.
Сонымен қатар, Нұрғали Құлжанов сол кезде Семей қаласында жетім балаларға арналып ашылған «Жамияти Хайрия» (садақа қоғамы) деп аталатын тәрбие үйлерін ұйымдастыруға да белсене қатысады. Онда қазақтың бір­сыпыра жетім балалары тәрбиеленді. Өйт­кені «Жамияти Хайрия» негізінен халықтан жи­налған қаржымен күн көретін. Сол қаржыны қазақ азаматтарынан жинау жұмысына Нұрғали Құлжанов белсене араласады [2].
Нұрғали мен Нәзипа екеуі де өздері өскен ортасында жайсаң мінездері, жолдасқа, досқа деген адалдықтары, турашыл, әділетті, адам­гершілік қасиеттері ерекше көзге түсіп, көп­шіліктің құрметіне бөленген.
Құлжановтар оқу іздеп Семей қаласына даладан келіп жататын қазақ жастарына қолынан келгенінше қамқорлығын жасап, оларды оқуға орналастыруға, қаржымен көмектесуге көп күш жұмсады. Тіпті көптеген жастар оның үйінде тұрып оқыды. Нұрғали мен Нәзипаның осындай көмегі тиген адамның бірі – қазақтың белгілі жазушысы Сапарғали Бегалин. Ол алғаш рет Семейге оқу іздеп келгенде, бір жылдан астам сол Құлжановтардың үйінде жатып оқы­ғанын айта келіп: «Күндіз жұмыс істеп кешкілікте бір-екі сағат Нәзипаның өзі, кейде Нұрекең де сабақ үйретіп, жазу жаздырып, есеп шығартады» [4] деп жазды. Сапарғали осы үйде жүріп сол кездегі жаңа шыққан кітап, журнал, газеттермен танысып, оларды оқып үйренеді. Нұрғалидың тікелей көмегімен «қызыл школ» деп аталатын орыс мектебіне түскен Сапарғали сабақты жақсы оқиды. С.Бегалин көзбен көрген, бастан кешкен жайларға құрылған өмірбаяндық романы «Замана белестерінде» жоғарғы айтылған жағдайды еске ала келіп: «менің осы мақтана айтып отырғанымның ерекше бір нәрі – Нұрекең мен Нәзипа жеңгейдің үйінде тұрған бір жылдық өмірім еді. Өйткені, ол үйде Нұрекең мен Нәзипа жеңгейдің адамгершілік ерекше қасиеттерін өзіме өнеге етсем, оның үстіне сол үйде тұрғанда жаңа заман сәулесін ана тілімді құрметтей оқитын газет, журнал болды» [4, 28] деп зор шабытпен жазды.
Октябрь революциясының алғашқы жыл­дарында Зайсан уезінде алғаш уездік халық ағарту бөлімінің меңгерушісі, сауатсыздықты жою және балалардың панасыздығымен күресу жөніндегі төтенше комиссияның председателі болған Георгий Михаилович Хамутов – Құлжановтар семьясының жақын досы болған. Семейдің мұғалімдер семинариясында оқып жүрген кезінде ол екі жыл (1906-1907 жылдары) Құлжановтардың үйінде тұрып, тәрбиеленген. Өз ұстаздары Нұрғали мен Нәзипа туралы 1967 жылы жазған естелігінде: «Мен 1906-1907 жылдары Семейдің мұғалімдер даярлайтын семинариясында оқып жүргенде Құлжановтан сабақ алдым. Орыс тілін аса жақсы сөйлейтін, оқымысты қазақ көргенім осы еді… Мен Құлжановтардың үйінде екі жыл пәтерде тұрғанымда тағы да бір білгенім, олардың саяси және әдеби кітаптарды өте көп оқитыны. Мен алғаш рет А. С. Пушкиннің «Капитан қызы» повесін Нәзипаның қолынан көріп: «Бұл неғылған кітап?» – деп сұрағанымда, Нұрғали қатты ренжіп: «Пәлі, оны білмесең несіне орыс болып жүрсің», – деп артынан мазмұнын ұзақ әңгімелеп бергені бар». Өзінің Құлжановтар туралы пікірін қорыта келіп, Г.М. Хамутов: «Менің олармен бірге өткізген уақыттарымды өмірімнің ең бір жақсы кезеңі деп есептеймін. Жасымнан жетім өскен мен бұл үйде таза әкелік көзқарасты, күнделікті аналық қамқорлықты кездестірдім. Ол екеуінің мейрімі кеудеме нұр құйды. Мен олардың алдындағы адамгершілік парызымды қалай өтесем деп терең ойға қалушы едім. Бұларды құлай сүйгенім, құрметтегенім сонша, Нұрғали Құлжанұлы оқытқан қазақ тілін бар ықыласыммен оқып, мұқият үйренуге бел будым. Менде қазақ тілінен әр уақытта «өте жақсы» деген баға болды … Нұрғали мен оның әйелі Нәзипа сол кездегі жоғары мәдениетті, прогресшіл көзқарастағы кісілер еді».
Адам баласына жақсылықты ғана ойлайтын жаны кең, бауырмал Нұрғали мен Нәзипа өзде­рінен дәріс алып жүрген оқушыларға және Семей қаласында тұратын, оған сырттан келіп кетіп жүретін ойшыл талапты жастардың бәрі­не де ақылшы ұстаз, жаттығы жоқ жақын жол­дас, жанашыр дос болды, оларға кішіге – аға, апа, үлкенге – іні, қарындас болды. Мысалы, халық­тың сүйікті ұлы бола білген дарынды ақын Сұлтан­махмұт Торайғыров 1914 жылы Семейге келіп, орысша білімі жетпей, оқуға түсе алмай қиналып жүргенде оған жылы лебіз білдіріп – мұғалім бол, бала оқыт, сөйтіп жүріп орыс учителінен сабақ ал, Томск қаласына барып бір жылдық курске түс, орыс тілінен қосымша сабақ алып дайындал, келесі жылы гимназияға түс деп кеңес бергендердің бірі осы Құлжановтар болатын. Бұл секілді пайдалы кеңес көңіліне қонған Сұлтанмахмұт Томскідегі бір жылдық курсты бітіреді, оқып жүріп орыс тілінен қосымша сабақ алады, гимназияға түсетін болады. Не керек ауыр науқасқа шалдыққан Сұлтанмахмұт одан әрі оқуын жалғастыра алмайды. Нұрғали мен Нәзипа Сұлтанмахмұттың талантын жоғары бағалады, оның дарынды ақындық қабілетіне қатты сүйсінді, қанаттана беруіне тілектестігін білдірді. Сұлтанмахмұттың өзі де Нұрғали мен Нәзипаға жиі-жиі кездесіп, өзінің жаңа өлеңдерін оқып та тұрды. Ал Құлжановтар да одан ақыл-кеңестерін аямады.
Қазақ жастары сүйіспеншілігіне бөленген ардагер азаматтар Нұрғали мен Нәзипаның адам­гер­шілік қасиеттерін Сұлтанмахмұт Торайғыров жоғары бағалады. Өзіне кезінде үлгі, өнеге болып өшпестей із қалдырған ізгі мақсаттарына игі ықпал жасаған Құлжановтар туралы Сұлтанмахмұт: жақын үшін жанын құрбан қылатұғын, ел үшін еңбек еткен кемеңгер Нұрекеңдей ұл қазақта туа бермес деп оның бостандық, теңдік, әділдік принциптерін қолдаған, барынша жаңашыл, халқын сүйетін гуманистік қасиеттерін паш етеді [7].
Нұрғали және Нәзипа Құлжановтар, жоғарыда айтылғандай, озық ойлы, биік мәдениетті жаңа­шыл жайсаң жандар еді. Олар қоғамдық саяси кітаптарды көп оқып, көркем әдебиет, әсіресе орыс классиктерінің шығармаларынан рухани нәр алған білімді, білгір ұстаздар болды. Сондай-­ақ, олар екі тілде (орыс-қазақ) бірдей таза сөйлейтін шешен кісілер еді. Сондықтан да бұлардың есімін «қос қарлығаш» деп халық үлкен құрметпен атайтын.
Нұрғали Құлжанов қашаннан-ақ жұрт­шылықтың үлкен құрметіне бөленген, зор абырой­ға ие болған ұстаз, тәрбиеші, ағартушы, қоғам қайраткері болса, оның сүйген жары Нәзипа Құл­жанова елін, халқын сүйген қа­зақ­тың сол кез­дегі мәдениетті, оқымысты, журналист қы­зы еді. «Кезінде, – деп жазды жазушы Камен Оразалин, – Семейдің «Қос қарлығашы» атанған Құлжановтардың есімі зор құрметпен аталуы заңды да еді. Нәзипа Құлжанова сияқты бірен-саран жақсы білім алған қазақ қыздары сол кезде де болған шығар. Бірақ, олардың бірде-бірі Нәзипаның шыққан биігіне көтеріле алған жоқ» [8, 36-37].
Эстетикалық сезім, образды ойдың иесі Нұрғали, Нәзипа Құлжановтар қазақ халқының өмірі үшін көркем өнердің қаншалықты қажет екендігін жақсы түсінді. Өйткені, өнер өмір шырағы, өнері жоқ елдің өмірінің мәні де, тірші­лігінің сәні де болмайды. Басқа елдер сияқты қазақ халқының да өз денесінен өніп, өсіп шыққан, өзіне тән, өз пішінін көрсететін өнері бар. Жылы күннің шуағы өмірге қаншалықты керек болса, қазақ халқына, оның бүгінгі тіршілігімен тамаша болашағына өнер де соншалық керек еді. Осы ойға, осындай шешімге келген Құлжановтар ол жұмысты қазақ халқының өмір сүретін өнер айнасына түсіруден бастады.
Қазақ театр өнерінің ірге тасы әлі қалыптасып болмаған, драматургтер мен композиторлар тума­ған заманда Құлжановтар халықтың өзі жасаған шығармаларды – ел арасындағы, от басындағы, киіз үй төріндегі, той жиынындағы айналып қойылып келген ойын өрнектерін ой елегінен өткізіп, өз мақсаттары үшін кеңінен пайдаланды. Әрине Нұрғали мен Нәзипаға қазақша алғашқы театрлескен ойын өткізу оңайға түскен жоқ.
Патша үкіметінің қазақ даласына орнатқан қатаң тәртібі жағдайында үлкен көлемді ойын-сауық өткізуге рұқсат алу Құлжановтарға өте қиынға түсті. Олар қазақ оқығандарынан 30 адамның қолын қойдырып, өтініш жазып, Семей әскери губернаторы Тройницкийдің есігін тоздырып бақандай екі ай жүрді. Бір күні рұқсат берілді деген хабар да алды. Оған жүректері жарылғанша қуанды. Осыдан кейін қазақша ойын кешін өткізуге дайындық жұмы­сына кірісті. Ойын-сауық болатын күнге дейін Құлжановтардың үйі мәжіліс, басқосу, жаттығу өткізетін орынға айналды. Нұрғали мен Нәзипа қазақ ойын кешінің жүргізу тәртібін, екі тілде (қазақша, орысша) программасын жасақтап, оны қаладағы, даладағы ойын сауық көрермендер қауымына таратты.
Қазақша театрлескен ойынды ұйым­дасты­рушы әрі қоюшы Нұрғали мен Нәзипа өз маңына қазақтың алдыңғы қатарлы оқыған өнерлі жас­тарын топтастырды. Мұғалімдер семинариясы мен қалалық 5 класты училище оқушылары, кейін­гі біздің Совет заманында аса көрнекті сөз зергері, Советтік Қазақстанның мәдениеті мен ғылымының дамуына, молығуына орасан зор үлес қосқан қоғам қайраткерлері Мұхтар Әуе­зов, Қаныш Сәтбаев ол кезде Семейдегі орыс мектебінің оқушысы, қазір белгілі қазақ жазушысы Сапарғали Бегалин ойынды дайындау мен өткізуге бірдей қатысып, Нұрғали мен Нәзипаның белсенді көмекшісі болды. Қаныш бірнеше күй тартып, ән салса, Мұхтар ойынның программасын жасақтауға, Біржан-Сара айтыс дастанын сахнаға ыңғайлап әзірлеуге көмектесті, Абай елінен әншілер мен күйшілерді шақырып, оларды ойынға қатыстырды [10].
Демек, қазақ мәдениетін, оның ішінде театр өнерін өсіріп-өндіруде Нұрғали, Нәзипа Құл­жановтар өздерінің игілі істерімен көркемдік ойға елеулі жаңалықтар алып келді. Олар жаса­ған Біржан-Сара айтысын инсценировкасы, өнер­паздардың шебер ойнағаны, көрермендердің ойын­ды жылы қабылдағаны туралы баспасөз бетін­де көптеген пікірлер айтылды. Осы қазақша бастапқы ойын жөнінде Томск қаласында орыс тілінде шығатын «Сибирская жизнь» газеті (1915, № 52), Орынборда шығатын «Қазақ» газетінде де (1915, 9-май) басылды.
Н.Құлжановтың педагогикалық және қоғам­дық қызметі 1900 жылдардан басталды. Алғашқы кезде ол Семей қаласындағы мұғалімдер семина­риясында, одан соң сол Семейдегі жоғарғы бас­тауыш училищеде қазақ тілінен сабақ берді. Ал, 1917 жылы Ұлы Октябрь революциясы жеңгеннен кейін Семей гимназиясында оқытушылық қызмет атқарады.

Алдыңғы «
Келесі »