• 18.01.2015
  • 362 рет оқылды
  • Пікір жоқ

 

Қазақстан мен Әзербайжан арасында Трансеуразиялық суперақпараттық магистральдің (TASIM) су асты сегментін салу туралы келісімге қол жеткізілді.

Бұл туралы сенбі күні журналистерге Әзербайжанның байланыс және жоғары технологиялар министрі Әли Аббасов айтты, деп хабарлайды Trend.

Оның айтуынша, бірінші жартыжылдықта аталған екі ел арасында келісімшартқа қол қойылып, жыл соңында құрылыс  жұмыстары басталмақ.

Айта кетейік, TASIM жобасы Франкфурттан Гонконгқа дейінгі аралықта негізгі транзиттік байланыс желісін құруды қарастырады. Еуропа мен Азия елдерінің ірі ақпарат алмасу орталықтарын біріктіретін желі Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия және Қытай елдері арқылы Германияға дейін жүргізілмек. Ал солтүстіктегі екінші транзиттік желі Ресей, Украина және Польша елдерінің жерін басып өтеді.

Қазіргі сәтте Әзербайжан Қазақстанмен осы жобаның құрамдас бөлігі болып табылатын TASIM кабельді магистралінің су асты сегментінің құрылысы бойынша келіссөздер жүргізуге мүдделілік танытып отыр. Екі елдің келіссөздерінің белсенді кезеңі 2015 жылдың басына тап келеді деп күтілуде. Тараптар TASIM-ның каспийлік сегментінің құрылысын бастауды жеделдету, оның менеджментін, басқарылу жүйесін және жобаның басқа да техникалық аспектілерін ұйымдастыру мәселелерін қозғамақ. Дәл қазір TASIM жобасына Қазақстаннан «KazTransCom», Ресейден «Ресейтелеком», Түркиядан «TurkTelecom» және Қытайдан «ChinaTelecom» операторлары тартылып отыр.

Аталмыш жоба осы елдер экономикасын өркендетуге және оларды дамытуға ықпалын тигізбек. Жалпы, TASIM жобасы өз аясында 20 елді біріктірмек. Оның жүзеге асырылуы Батыс Еуропа елдері мен Тынық мұхиты бассейнінің арасындағы ақпарат алмасу жетімсіздігін жоюға мүмкіндік береді.

inform.kz

Алдыңғы «
Келесі »