Келімбетов Назарбаевқа айырбас бағамының күрт өзгеруін болдырмауға уәде етті

  • 16.01.2015
  • 346 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ұлттық банк биыл айырбас бағамының күрт өзгеруін болдырмауға ниетті. Бұл туралы еліміздің бас банкирі мемлекет басшысының төрағалығымен өткен елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңес барысында айтты.

Бұл туралы Ақорданың ресми сайтынан хабарланды.

Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов өткен жылдың қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған макроэкономикалық саясаттың негізгі бағыттары туралы баяндады. Ол 2014 жылы Қазақстан экономикасының беріктігі едәуір нығайып, елдің алтын-валюта резерві 102 миллиард долларға жеткенін, соның ішінде Ұлттық қор 73 миллиард долларға дейін өскенін мәлімдеді.

Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев негізгі үш сценарийді әзірлеу барысында мұнай баррелі құнының түрліше нұсқасы қарастырылғанын айтты. 

"Бүгінде мемлекет басшысының Жолдауда қойған міндеттерін жүзеге асыруға қажетті барлық құралдар бар. "Нұрлы жол" бағдарламасы биыл үкіметтің контрциклдық экономикалық саясатын іске асырудың негізгі "өзегі" болады. Сонымен қатар, практикалық сипаттағы шаралар жиынтығы, соның ішінде өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдаудың 2015 жылға арналған жоспары, мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту, жаңа және тұрақты жұмыс орындарын ашу шаралары әзірленді", – деді Досаев.

Өз кезегінде қаржы министрі Бахыт Сұлтанов бюджет саласындағы былтырғы жылдың алдын ала қорытындылары, фискальдық органдар алдында тұрған 2015 жылға арналған міндеттер туралы баяндады.

"2014 жылдың нәтижелері бойынша мемлекеттік бюджеттің өлшемдері орындалды. "Нұрлы жол" бағдарламасының аясында бөлінетін қаражат және Ұлттық қордан алынған 1 триллион теңге көзделген мақсатқа жетеді. Бұл орайда бақылаушы және салық органдарының жұмысы қамтамасыз етіледі", – деді Сұлтанов. 
 

nur.kz

Алдыңғы «
Келесі »