Тағы да Қазақстан тарихы жайлы

  • 13.01.2015
  • 375 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазіргі уақытта Қазақстан тарихын оқыту, оқулықтар жазу жұмысы күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналды. Бұл мәселенің бас­ты себебі, қазіргі тарих ғылымының ізденіс кезеңіне көп уақытты жұмсап алуында. Көп тарихшыларымыз бұл пікірмен келісе қоймас, алайда тарих ғылымының мектеп оқулығын жазуға шамасы келмей жатса осы пікірдің рас екендігін мойындауға тура келеді. 2013 жылдың жаз айындағы мемлекеттік хатшы М.Тәжин мырзаның тарих ғылымын дамыту туралы жобаларының іске аспауы. Неліктен ? Қоғамдық ғылымдарда жаңалықтар мен алға басулар болды.


Тарих үшін ақыл-ойдың азаттығы керек. Тәуелсіздік жылдарындағы мұрағаттардағы құжаттарды ғылыми айналымға енгізіп, тарих ғылымы дамып жатыр деп айту орынсыз. Бұл әрекетпен тарих ақтаңдақтарын толтырып еркін ойлайтын болашақ ұрпақтың ой азығы ғана дайындалды. Кеңестік дәуірде қалыптасқан тарихшылар мен қазіргі оқулықтармен тарихи білім алған ұрпақ тарихи ойда жаңалық алып келмейді. Қазіргі тарих ғылымын дамытудағы тарих философиясы, тарихтың теориясы мен әдістемесін жасау, жаңа оқулықтар жазу әрекетін бейнелі сөзбен айтсақ, «тұрып жатқан үйдің ірге тасы шайқалды енді жаңа үй салу керек деп, сол үйдің қабырғаларын ғана бұзып, дәл сол ірге тасқа қайта жаңа үй салып жатқан» адамдардың әрекетін көргендейміз. Қазіргі тарих оқулықтары формациялық көзқарас аясынан шыға алмай жүр. Тарихи ғылымдардың қазіргі жағдайы ел тарихын төл философияға негізделген оқулықтармен қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан, қазіргі жағдайда қайта-қайта оқулықтар жазбай сол оқулықты жазатын, тарихи ойды қалыптастыратын буынды тәрбиелеуді қолға алған жөн деп ойлаймын. 
Енді, мәселені шешу жолдарына келер болсақ. Қазіргі жаратылыстану бағыттарында білім беріп жатқан «Назарбаев Зияткерлік мектептерінде» бір гуманитарлық бағыттағы сынып ашса. Бір сынып деп отырғаным тағы да науқаншылдыққа беріліп мектептер ашу емес. Бұл мектептердің мүмкіндігі осы жұмысты атқаруға жеткілікті деп ойлаймын. Себебі, осы мектептің бағдарламасы оқушылардың барлық дағдыларын дамытуға арналған және бұл сыныптарда ағылшын тілімен қатар шығыс тілдері оқытылса болашақ тарихшылардың шығыс деректерімен тікелей жұмыс істеуіне мүмкіндік ашылып, жоғарғы оқу орындарында тілді оқытуға уақыт жібермей тарихпен айналысуға жағдай жасар еді. Назарбаев Университетінде осыған ұқсас факультет ашылса, тәуелсіз ой иелерін тәрбиелеуге мүмкіндік туар еді.Сонда ғана Қазақ елі тарихының теориясы мен философиясы қалыптасып, марксизмге жалтақтамайтын, батысқа еліктемейтін, керісінше өзгені тәнті қылатын тарихи ой иелері тәрбиеленетін еді. Жалпы, мектептер тарихқа бейімі бар оқушыны тәрбиелеп шығаруға дәрменсіз. Себебі, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындаймыз деп фактілер тесті жаттатумен ғана шектеліп қалады. 
Тәуелсіз елде туып, «құлдық психологиядан» азат ұрпақ қана тәуелсіз тарих жаза алады. Бұдан аға буын тарихшыларымыздың қажеті жоқ деген ой тумау керек. Осы жұмыста сол кісілердің қолдаулары мен тәжірибелерінсіз жетістікке жету мүмкін емес. Қоғамдық ғылымдардың нақты ғылымдардан ерекшелігі немесе артықшылығы деп те айтуға болады, ол адамдарды бір идеяға біріктіріп артына ерте алатындығында. Сондықтан да, технократтық бағытқа бас ұрмай, адамның жан дүниесін басқаратын қоғамдық ғылымдарды да назардан тыс қалдырмау керек. 
ҚАЗАҚ ТАРИХЫН КІМ, ҚАЛАЙ ЖАЗУ КЕРЕК? – деген сұраққа жауабым.

Жанат Аманғожин

Алдыңғы «
Келесі »