ӨТКЕНГЕ ӨКПЕ ЖҮРМЕЙДІ 1939-1956 жылдары Оңтүстік Қазақ­стан облысының құрамында болған Фрунзе ауданының жылнамасы

  • 13.01.2015
  • 411 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Нұрмахан ОРАЗБЕК,
журналист, қоғам қайраткері

Белгілі журналист, «Ақиқаттың» 2000-2002 жылдардағы бас редакторы Н.Оразбек бірталай жылдардан бері өзі туып өскен ауданның жылнамасын жазып жүр екен. Біз сол еңбектен үзінділер алып, Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 70 жылдығы қарсаңында жариялай бастауды ұйғардық. Жеңіс мүшелдері аталып өткен сайын, әдетте, майдангерлерге қатысты, олардың ерліктерін баяндайтын материалдар жарық көреді ғой. Соған орай Жеңістің бір тірегі – тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық жұмысы оншалық көп сөз бола бермейді. Ал, біз қалап алған үзінділер түгел дерлік төрт жылға созылған зұлматтың ел ішіндегі алқынысына арналған. 

ӨКІМЕТТІ ХАЛЫҚҚА ЖАҚЫНДАТУ
…Совет өкіметінің тарихы В.И.Лениннің сырт қарағанда әбден дұрыс деуге болатын «революция өзін қорғай білуге тиіс» деген қағидасын малданып, бөгде ойлы қайраткерлердің, азаматтардың көзін жою, қудалау саясатын әу бастан жүргізе бастағанын, бұл саясат әсіресе Иосиф Сталин түрлі амалдармен «дұшпандарының» түбіне жеткен отызыншы жылдары (өткен ғасырдың) масқара сыйпат алғанын, сол саясат, түптеп келгенде, оны компартияның басшысы ғана емес, «халық көсемі» атағына жеткізгенін жас ұрпақ білуге тиіс. Нақ сол саясаттың салдарынан компартия қайраткерлері бұрынғыдай «серіктер», «жолдастар» емес, Сталиннің нұсқауларын «іске асырушыларға, орындаушыларға» айналған-ды. Олар революция мұраттарын жергілікті жерлердегі нақты жағдайларды ескере отырып, дұрыс жүзеге асырушылар емес, тек «атқарушыларға» айналуға мәжбүр болған еді.
Міне, осындай жағдайда 1939 жылғы наурыз айында Бүкілодақтық коммунистік «большевиктер» партиясының ХVІІІ съезі өтті. Оның шешімдеріне қарап, өкімет тұтқасын ұстаған жалғыз партия енді партиялық демократия ұстанымына көшетіндей көрінген… Тіпті, Сталин мен Жданов өз сөздерінде «партия құрамына бұрынғыдай тазалау жүргізілмейді» деп жариялады… Партияның жаңа реформаланған Жарғысы қабылданып, оған жаңа тарау енгізіліп, онда коммунистің құқықтары мен міндеттері: партияның кез келген қызметкерін сынау құқығы, партия органдарын сайлау және соларға сайлану құқығы, өзі туралы шешім қабылданатын барлық жағдайда тікелей өзінің қатысуын талап ету құқығы, кез-келген ең жоғарғысына дейін, партиялық инстанцияға кез-келген мәселемен, арызбен жүгіну құқығы атап-атап көрсетілді…
Сталин өзінің есепті баяндамасында «басшы органдардың басшылық жұмысын, оперативтілігін, нақтылығын неғұрлым арттыратын болып, мәжілісшілдікті, кеңсешілдікті неғұрлым азайтатын болып, басшы органдарды төменгі жұмысқа жақындату керек», «ұйымдарды ықшамдап, олардың мөлшерін кішірейту ісі партия органдарының бұл ұйымдарды басқаруын жеңілдетуге, ал басшылықтың өзін нақты, іскер, оперативті етуге ең жақсы құрал болып табылады» (аударма заманында жасалған күйінде алынды – Н.О.) деді. Бұл, айналып келгенде, өкіметті халыққа жақындату деген сөзі еді. Нақ осы мәселе БК(б)П Орталық комитетінің мамыр пленумында да сөз болып қана қоймай, нақты шешімін тапты. Сол пленумның шешімдеріне сәйкес 1939 жылғы қазан айында Қазақ ССР Ұлы Советінің жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысы ықшамдалып, Жамбыл облысы құрылды, 1932 жылы құрылған Шығыс Қазақстан облысы Семей және Шығыс Қазақстан облыстары болып бөлінді. Сонымен бірге облыстардан жаңадан 21 аудан құрылды. Соның бірі – Фрунзе ауданы еді. Сол ауданды құру туралы жарлық былай сөйлейді: 
«Түркістан ауданын кішірейтудің есебінен Фрунзе ауданы құрылсын. Фрунзе ауданының составына мына ауылдық-селолық советтер кіретін болсын: Аша, Бабайқорған, Балтакөл, Бозбұтақ, Қандөз, Сауран, Теке, Үшқайық, Шорнақ, Шерт советтері.
Қазақ ССР Ұлы Советі Президиумы Пред­седателінің орынбасары       П. Орехов
Қазақ ССР Ұлы Советі Президиумының  секретары      Ә.Тәжібаев
Алматы, Үкімет Үйі, 1939 жылғы октябрьдің 16-сы
Сонымен, Жарлық жарияланды, заңдық негіз қаланды. Ендігі шаруа нақты ұйым­дастыру жұмысына кірісу ғой. Ол үшін арнайы комитет, бюро, комиссиялар құрылуы тиіс. Қолыма түскен бір құжат – облыстық атқару комитеті құрған ұйымдастыру комитетінің құрамы. Оның төрағасы болып Тасжанов Жолдасбек, орынбасарлығына Нарметов Мұхаммед, мүшелігіне облпартком құрған ұйымдастыру бюросының бірінші жатшысы Пірімбетов Достыбай (кейбір құжаттарда Достан), НКВД аудандық бөлімінің начальнигі (құжатта солай) Малаев Төлеғали бекітілген. 
Жаңа аудан ғұмыры осылардан басталады. 1939 жылы 24-желтоқсанда жергілікті советтердің сайлауы өтіп, аудандық өкімет құрылған. 1940 жылдың ақпанында бірінші партия конференциясы өтіп, онда бірінші хатшы болып Пірімбетов емес, Медетов сайланған. Бір жыл өтер-өтпесте оның орнына Мырзашов келген. 1941 жылдың аяғында оны М.Пошанов алмастырған…
Бірінші арна
АЛҚЫМНАН  АЖАЛ  АЛҒАНДА
1941 жыл тыныш басталды. Ішкі жағдай да, сыртқысы да солай секілді. Батыс Украина, Батыс Белоруссияны, Балтық жағалауы республикаларын қосып алғанбыз. Финляндиямен бітіскенбіз. Бейбіт күнде әңгіме тақырыбы – бейбіт еңбек…
22-маусым күні аудандық «Стахановшы колхозшылар» газетінің 33-саны жарық көрген.
Нақ сол күні таң ата Совет Одағына неміс фашистері басып кірген. Бірақ әлі хабар түспеген. Аудандық газет түгілі, «Правда», «Известия» газеттерінің де бұл күнгі саны бейбіт еңбекке арналған. Біраз бұрын Жамбыл облысындағы Меркі ауданының «Сурат» колхозының белсенділері «Ауыл-селомызды ірі көрікті, әрі мәдениетті етейік!» деп ұрын көтерген екен. Ол республиканың басшы органдары тарапынан қолдау тапқан. Сондықтан да «Стахановшы колхозшылар» осыны пайдаланып бас мақала жазып, сын нысаны етіп аудан орталығын алған. Сол кездегі жағдайды оқырман анығырақ аңғару үшін мақаланы кеңірек келтірген жөн-ау деп ұйғардым.
Сонымен, «Шорнақ селосында мәдени құрылыс осы уақытқа дейін ескерусіз қалып келеді. Мұнда мекеме, квартир үйлердің қолайсыздығы мен көріксіздігі мәлім. Көшелерде, үй іргелерінде егілген ағаштар аз. Түркістан көшесінің бойында биыл егілген майда жас талдарды кім көрінген сындырып, уақтылы су жіберілмей, мал жеп, өсірмей тастады. Көшелер бойы күл-қоқырсық, жарамсыз заттардан түгел тазартылған жоқ. Жел тұрса, тозаң-топырақ кісінің қойны-қоншынан орын алады. Көшелер тегіс емес, ой-шұқыры көп.
Аудан орталығындағы клубтың мәдени жұмыстары өте нашар. Клубтың сынбаған терезесі жоқ, кешкілікте жарығы аз, сығырайған шам жанып тұрады… Аудан орталығында осы бүгінге дейін монша жоқ. Осы уақытқа дейін қабырғасын да қалап болған жоқ.
…Асхананың жайы айтпай-ақ белгілі; 20 адам зорға сыяды. Отыратын орындықтар, үстелдер жеткіліксіз, ыдыстар таза емес, тәртібі нашар. Осында бір радио бар, оны да күтіп ұстамайды. Соның салдарынан жуырда радио бұзылып қалды. Ашық айту керек, асхананың бастығы Самалықов Бекет берекелі жұмыс істемейді.
Әр жексенбі сайын болатын базар орны бір ескі, құлаған қорғанның ішінде. Онда айран-сүт сататын колхозшылар да жерде отырады. Осы сияқты продуктылар сатылатын арнаулы орын, дүкендер жоқ. Баспана, орындықтар орындалмады. Колхоз базары аудан орталығында үлгілі орын алуы керек еді. Бірақ сауда орындары бұл жұмысты халық мүддесіне сай етіп, мәдени түрде ұйымдастыра алмай отыр. Соның салдарынан базар таңертең болып, күн қыза тарқап кетеді. Алыс жерден әдейі арнап келген кісілер жұмысын бітіре алмай да қалады. Аудандық сауда бөлімінің бастығы Ибрагимов, базарком Сүйінбаевтар базарды оңдауға көңіл бөлмейді.
Шорнақ селосын сумен жабдықтайтын арықтардың тазалығы жоқ. «Аша» көшесінің бойындағы үлкен арықтың бас жағында үйеннің 18-і күні суға салынған кірлі қызыл алаша жатты. Ол арықтың суын көпшілік пайдаланатыны сөзсіз». Боямасыз сурет.
Соғыс деген сұрапыл сұмдықтың лап ете қалғанын аудан жұртшылығы негізінен маусымның 27-інде шыққан «Стахановшы колхозшылардың» №34 санынан білді. Онда Халық Комиссарлары Советінің басшысы В.Молотовтың 22-июнь күні сөйлеген сөзімен, ауданның жер-жерінде өтіп жатқан митингілердегі лебіздермен, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің «Советтік Социалистік Республикалар Союзын» қысқартып «ССРС» деп, «Ұлы Совет» дегенді «Жоғарғы Совет» деп жазу туралы указымен танысты.
Соғыс дегенді он тоғызыншы ғасырдың алпысыншы жылдарындағы орыс отаршылдарының қанды шабуылынан, бірінші жаһан соғысына жергілікті халық жастарының алынуынан, азамат соғысы дейтіннен кейін бейбіт күндерге бейімделіп қалған қарапайым халық абдырады, басшылар, сауаттылар «Жауға жерден бермейміз жалғыз вершок» деген Сталин сөзін ту қып көтерді. Ең бастысы ел ішіндегі еңбек майдандағы қырқыстан кем соқпайтын қарқынмен атқарылуға тиіс деген міндет қойылды.
Газетте сол ұран алдымен ту етіліпті. Оны төмендегі хабарлар айғақтайды.
* «Фрунзе» колхозында 30 әйел тракторист болмақшы. Юлдашова, Исаханова, Құдайбергеновалар отлично оқып жүр. Жуырда трактористка болып шығады.
* Қаражон ауылсоветі мектептерінің оқушылары «Ынталы», «Майдамтал», «Қаражон» колхоздарына жазғы демалыс­та көмектесіп жүр. Олардың арасында Мейірманова, Битұрсынов, Ақылбеков, Аяпов – озаттар.
* «Абай» колхозының малы жақсы бағылып келеді. Былтыр отызшақты ірі қара болғанмен, бұзаулы сиыр аз еді. Биыл 28 сиырдың 26-сы бұзаулап, 69 басқа жетті. 60 ешкіден 79 ылақ, 156 саулықтан 176 қозы алынып, уақ мал 534-ке жетті. 16 бие құлындады.
* «Игілік», «Абай» колхоздарында 2 комбайн, ремонт сапасыз болғандықтан, жүрмей жатыр. «Игілікте» бір комбайн екі рет орағытып, 12 гектар орнына 4 гектар бидай орып, 4 центнер-ақ өнім алды.
* «Куйбышев» колхозының Раметов басқаратын бригадасында Ырысов Сүйіндік, Шіметова Назым, Сағындықовалар алты айдан бері бір де еңбеккүн тапқан жоқ.
* Аудан еңбекшілері 470105 сомның заемына жазылып, 72885 сомды қолма-қол төледі.
«Стахановшы колхозшылар», №35, 29.VІ.
* «Фрунзе» колхозындағы стахановшы Зейнеп Әбдіназарованың звеносы мақта баптауды, суаруды ұқыпты жүргізеді. 3,5 гектар қоза түгел гүлдеді.
* «Ерназар» колхозында Арыстанов, Жүсіпов басқаратын звенолар мақтаның үшінші шабығын бітірді. Қорғанбаева Шолпан, Сыздықова Қатша, Арыстанов Пайыз күндік нормасын екі-үш есе орындайды.
* «Игілік» колхозында стахановшылар қатарына тағы 11 адам қосылды. Былтыр сол атаққа жыл бойында 12 адам ие болып еді.
«Стахановшы колхозшылар», №36-№41, 3-6 июль.1941.
* «Ынталы» колхозында митинг болып, колхозшылар «Ұлы Отанымызды қорғауға әрқашан дайынбыз. Отанымыздың күш-қуатын барынша нығайту үшін социалистік еңбек өнімділігін мейлінше арттырамыз. Дәнді егінді төкпей-шашпай тез жинап, мемлекетке астықты жедел тапсырамыз. Мақта және мал шаруашылығын, колхозымыздың барлық шаруашылық жұмысын жақсартамыз» деді.
* «Абай» колхозында митинг болып, стахановшы Жәрменова былай деді: бұрын күндік нормамды 120 процент орындаушы едім, енді 200 процентке жеткіземін. Сонымен қатар трактор, комбайн техникасын үйреніп, тракторшы болып шығамын. Біз, колхозшы әйелдер, дұшпандарға осылайша жауап береміз.
* Шорнақтағы митингіге 200 адам қа­тысты. Промкомбинат директоры Атабеков: мен запастағы политрукпын, інім партия мүшелігіне кандидат, керек десе екеуміз де майданға барып, отанымызды қорғауға әзірміз.
Хикметова: күйеулеріміз кетсе, біз барлық шаруашылық жұмыстарын белсене тындырамыз.
* Июльдің жетісіне дейін «Ленинкеріз» (пред. Пірмашов), «Құсшы» (Кенжетаев), «Ынталы» (Ұзынтаев), «Ақсары» (Байменов), «Абай» (Жұмабаев) мемлекетке астық тапсырып болды.
* Бабайда әскер жасына жеткен 82 ұлан бір ауыздан «біз майданға аттануға әзірміз» деді.
* МТС-та болған митингіде слесарь Мырзабаев, темірші ұста Тоғаев күндік жоспарын 145% орындауға уәде берді, комбайншылар Қаражанов, Арков жылдық тапсырманың 71 процентін орындап үлгерді.
* «Жамбыл» колхозы мемлекетке  ет, астық, май, шөп тапсыру (колхоздарға сондай да салық болған) планын орындады.
***
* Шілде айының ішінде ССРС Жоғарғы Советінің Президиумы «Ауылшаруашылық салығына және  халықтан алынатын кіріс салығына соғыс кезінде уақытша үстеме қосу туралы» жарлық шығарған. Ол бойынша ауылшаруашылық салығына 100% үстеме қосылған. Екі адамы әскерде болған адамға ол қосылмаған, бір адамы әскердегілерге 50%. Кіріс салығы бойынша 300 сомнан 500 сомға дейін жалақы алатындарға 50%, 500 сомнан асса 100% үстеме қосылған, 300 сомға дейінгі жалақыға қосылмаған.
***
Шілде айының ортасынан ауа ауданда алғашқы «Құрмет тақтасы» ілініп, оған «Абай» (пред. Жұмабаев), «Жамбыл» (Бейсебаев), «Максим Горький» (Ешімов), «Ақтөбе» (Құттыбаев) колхоздары, Аша ауылсоветі (пред. Баймырзаева), сондай-ақ қол орақшылар Құрманбаев Бекболат («Абай» колхозы, 20 күнде 5 га орнына 10,25 га), Шойтанов Әбдірәсіл (5,2 га орнына 10,75 га), Шыныбеков Ерназар, Оразбақов (25 күнде 5 га орнына 9,35 га) енгізілген.
***
Тамыз айынан бастап «Стахановшы колхозшылар» ең шағын форматпен  (кәзіргі бір бет жазу қағазын) шыға батады.
«Стахановшы колхозшылар», №45-52, 1-24-тамыз.
* «Үлгілі» колхозының мүшесі Тайыров Бегмат 63 жаста. Баласы Қалыбай қызыләскер қатарында. Өзі нормасын үш есе асыра орындайды. Егін оруда ерекше көзге түсті, енді таусағыз жинау жұмысына өзі сұранып кетті.
* «Абай», «Ақтөбе», «Куйбышев» колхоздарының әйелдері трактор айдауды үйренуде. Салайдинова, Оспанова, Жақыпова өзгелерге үлгі.
* «Құсшы» колхозындағы 65 жастағы Доспанбет арба айдап, үлгілі еңбек етті, Мұздақ, Кемел секілді қарттар нормасын 120% орындайды.
* «Фрунзе» колхозынан Сары 64-те. «Тамағымыз тоқ, киіміміз бүтін… Кәзір 2 балам Қызыл армия қатарында. Биыл тағы екі баламды өз қолыммен аттандырғалы отырмын» дейді. Өз жолдасы Ханымай, келіні Нархан, қызы Аманкүл, үлкен баласы Жамантай колхозда істеп, нормасын 150-200% орындайды.
* «Ынталы» колхозының бұрынғы стахановшы комбайнеры Оспанов Нұсқабек 1938 жылы Қызыл армия қатарына алынған еді. Елге жазған хатында ол былай дейді: «Мен кәзір майданда танкиспін. Германия фашистеріне қарсы жауынгерлік ерлікпен жау­ды сан рет соққылап, қиратқаным үшін, Сталин үшін жауды жаншып, алға ұмты­лудамын. Сіздер де Отан мүддесіне аянбай еңбек етіп, жеңіске жетуді көздеңіздер».
* «Игілік» колхозында мақталық 6 рет шабықталып, 7 рет суарылды, екі рет көректендірілді. Шыңғысбаев, Қолдасов, Құрмантаев звенолары алда. Солардың ішінен Дүкенбаева, Қожақаева, Тұрабаева шабықты сапалы істейді.
* Құдайбергенова Алма 70 жаста. «Қаражон» колхозында ол аз күнде 80 еңбеккүн тапты.
* Қаратауда сағыз жинаушылар (ол кез әлі шина жасауға жасанды каучук қолданыла қоймаған. Сондықтан табиғи каучук жиналатын, К.Мыңбаев басшылығымен көксағыз өсірілетін – Н.О.) – Майдамталдан Тұрғанбек Әжібеков 20 кг орнына 150 кг жинап, нормасын 750%, Жидебаев Мылтықбай 300% орындап жүр.
* «Үлгілінің» тракторшысы Бекжанов өз мамандығына Әлима Шерменованы үйреткен еді. Жауырда ол Қызыл Армия қатарына алынды. Ал Шерменова «Бекжановтың орнына трактор айдап, екі кісінің жұмысын бір өзім атқарамын» – дейді. Қалыбаевтың басқаруымен Ержанова, Мұртазаева, Тұрсынбаева трактор айдауды үйреніп алып, 12-августан жаңа мамандығымен жұмысқа кірісті.
* Фрунзе мектебінің оқушылары – пионерлер Әшіметова, Досметова, Әбдіназарова күніне 100-105 кг масақ теріп, тапсырманы 350%-тен асыра орындап жүр.
* Аудандық мекемелерден 216 кісі «Қызыләскер», «Фрунзе» колхозында масақ терді, орталықта жол жөндеді. Оқу бөлімінен Алтынбеков 120, Юлдашева 100, Тұрсынбеков 73 кг масақ терді. «Фрунзе» колхозына барған 130 кісі 3815 кг масақ теріп, отан қорғау қорына 383 кг астық, 123 сом ақша, «Қызыләскерде» 186 кісі 110 кг астық, 84 сом ақша, «Ворошиловта» 235 адам 870 сом ақша, 229 кг астық өткізді.
* Байметов Аллаберген Шорнақта туып өсті, оқытушы болды, былтыр әскерге алынды. Ол қызмет ететін бөлімнен хат келді: «Қымбатты Шерматов Баймет! Сіздің балаңыз Байметов Аллаберген Қызыл армия қатарында социалистік саналы тәртіпке нағыз адалдықтың, коммунизм ісіне берілгендіктің үлгісін мұндағы жолдастарға, командирлерге, коллективімізге іс жүзінде көрсетті. Осындай адал, шын пейілді жастарға рахмет айтамыз! Балаңыздың үлгілі ісіне сүйінумен оған алғыс айтып, біз – коллектив, бөлім бастықтары сіздердің да социалистік отанда коммунизм жолында бақытты ұзақ өмір сүруіңізге тілек білдіреміз. Бөлім командирлері Баштавой, Ырсымбетов, комсомол ұйымының секретары Айтбаев».
* Отан қорғау қорына Бабай мектебінің мұғалімдері бір апталық жалақысын, балалар 400 сом, «Октябрь» колхозының 118 мүшесі 228 кг астық, 228 сом ақша, Буденный орта мектебінің барлық оқытушылары бір апталық, колхозшылар 2 күндік табыстарын қосты.
* Оңтүстік Қазақстан облысының колхозшылары Мемлекеттік қорғаныс комитетінің председателі И.В.Сталинге бағалы шикізат – каучук (таусағыз) жинау жөнінде рапорт берді: «20 күнде жоспарды орындадық. «Майдамтал» колхозынан Әжібеков 908 кг қазып, жоспарын сегіз есе, «Қаражон» колхозынан Әшірбеков 5-6 есе, комсомол мүшесі Байжанов бригадасы күндік тапсырманы 4-5 есе орындап отырды. Еңбекке берілген 5 милион сом қаржыдан 500 мың сом Отан қорғау қорына аударылды (Хат 4 мың адам қатысқан митингіде қабылданған).
***
Тамыздың жиырмасында облпартком пленумы болып, онда Түркістан және Са­рыағаш аупарткомдарының соғыс уақы­тындағы жұмысы, мақта теру, күздік егу және басқа ауылшаруашылық жұмыстары, кадр жөніндегі қаулының орындалуы секілді мәселелер талқыланған. Екі аупарткомның есебі тыңдалғанымен, мәселе баршаға, ең алдымен аупарткомдарға қатысты. Сондықтан да аупартком пленумындағы Мырзашовтың баяндамасы алдымен сол күндері тындырылған тірліктерді атап-атап көрсетуден басталады.
Соғыс жүріп жатқан соң сол соғысқа жауынгер дайындау бірінші кезекке шығатыны даусыз. Ол аупартком бюросының 5-шілдеде болған мәжілісінің қаулысынан да көрінеді. Соған сәйкес ағымдағы жылдың аяғына дейін Осавиахим советі арқылы 500 «Ворошилов атқыштарын» даярлау, химиялық әуе шабуылынан қорғану әдістерін 7741 ересек адамға, 3004 балаға үйрету міндеттелді, 350 ПВХО нұсқаушылары, 60 адамнан санитарлық бекет қызметшілерін, 325 спорт кадрлары даярланып, іске кірісті. 
Партия, совет, шаруашылық ұйымда­рының мобилизациялық жоспары қайта жасалып, бюроның жабық, ауаткомның тиісті кісілер ғана қатысқан мәжілістерінде қаралып, бекітілген.
Әрине, бұлар аз жұмыс емес. Дегенмен, қырғын соғыстың басталып кеткеніне, соған байланысты жіті қимылдап, жеткізе тындыру қажеттігіне қарамастан, кежегесі кейін тартып тұратындар да бар. «Ворошилов» колхозы астық тапсыруды белгіленген мерзімнен 15 күн кешіктіріп орындады. Оның председателі Ташметов ахуалды түсінбестен, ұйымдасып арақ ішуге салынды. Колхоз мемлекетке борыштарынан әлі құтылған жоқ. Сондықтан Ташметов партиядан шығарылды. «Фрунзе» колхозының председателі Үдербаев, партия ұйымының хатшысы Көбеев бейқамдыққа бой алдырып, күзетке, өртке қарсы шараларға мән бермегендіктен 6 гектар бидай, бір комбайн өртеніп кеткен. «Шорнақтөбе» колхозында (председателі Баубеков), кәзіргі ахуалға мән берілмей, 21-тамыз күні той жасалып, жиналғандар арақ ішіп, ән салып, ақырында төбелеспен аяқтаған. Белсене қатысқандардың бірі Баубеков.
Аудандық жер бөлімі, уаполнаркомзаг, тұтынушылар одағы, оқу бөлімі (Қоқанбаев, Нұрсейітов, Баймұратов, Әзілбеков) соғыс жағдайына қарай жұмысын қайта құруда жайбарақаттыққа жол берген. Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бастығы Н.Елтаев қызыләскерлер отбасына қаржылай жәрдем беру жөніндегі Указға сүйеніп берген 20 адамның арызын жоғалтып алған…
Ауданда мақталық 1900 гектар, одан 28500 центнер мақта теріліп, өткізілуге тиіс. Терімге колхоздардағы жұмыс қолының 80 пайызы, яғни 1610 кісі қатысуы керек. Іс жүзінде олай болмай шықты, терімшілер аз әрі күнделікті нормасын орындамайды. Терімнің басталғанына 4-5 күн болса да, «Куйбышев» 44, «Үлгілі» 79 центнер ғана мақта өткізген. Мақтаның 30 проценті жоғары сортты болуы жөніндегі нұсқау сақталмай, аралас терілгендіктен таза болмауынан «Абай» колхозының тапсыруға әкелген мақтасы 2-3 күн бойы қабылданбай тұрған. Терімшілер санын 80%-ке жеткізу талабы жайына қалған. Қарттар мен ересектер терімге тартылмаған. Таңның атуы мен күннің батуына дейін істеу деген принцип болған заманында. Сол сақталмапты.
Күздің аты – күз. Жауын-шашын деген бар. Сондықтан терілген мақтаны құрғататын орындар қажет. Бұрыннан барын жөндеп қою деген тағы бар. «Фрунзе», «Куйбышев», «Октябрь» колхоздары бұл шаруаға әлі кіріспеген. Олай болатыны, оңтүстіктің бұл өңірінде тамыз, қыркүйекте жауын-шашын ілуде бір болады. Басымыздан өткен – білеміз. Әлгі колхоздардың басшыларының ойы да біздікімен төркіндес шығар.
Ал, күздік егістің жайы мынадай болып шықты. Тамыздың 11-інде болған аупартком бюросы мен ауаткомның біріккен мәжілісінде осы мәселе қаралып, күздік егудің күнтізбелік жоспары бекітілген, ол колхоздарға жеткізілген. Жоспар бойынша аудан 1800 га күздік, жаздық егіс есебіне 1700 гектар, барлығы 3500 га егуге тиіс. Оны орындау үшін күздіктен 2142,5 центнер, жаздықтан 1879,5 центнер тұқым себілуі керек. Дайыны – 1061 центнер ғана. Оның да 775 центнері ғана өніп шығатын дәрежеге жеткізілген. «Куйбышев», «Үлгілі» колхоздарында тұқым мүлде дайындалмаған, «Крупская» колхозында жеткіліксіз. Жоспар бойынша шаруашылықтарға 32 трактор бөлінуге тиісті, олар да колхоздарға жеткізіліп біткен жоқ, құрал-саймандардың жөнделу сапасы да қарын аштырады.
Аудан бойынша мемлекетке міндетті түрде тапсырылатын астық пен натурплата (заттай ақы) 18416 центнер болса, соның 16952 центнері тапсырылған, яғни 92%. Ал мемлекетке ерікті түрде сатылатын 1500 центнер астықтың 907 центнері ғана сатылған. Қандөз ауылсоветіне қарасты колхоздар мүшелері оның жоспарын 15-20% қана орындапты. Мемлекетке аудан бойынша 7755 центнер шөп өткізілуге тиіс. тапсырылғаны 2322 центнер ғана. «Қандөз», «Қаратөбе», «Көктөбе», «Ворошилов», «Андреев» колхоздары бір де центнер тапсырмаған.
Ет тапсыру 85% қана орындалған. Артта қалғандар – жұмысшылар мен қызметкерлер. 74-ақ%.  Жүн – 63% қана, жұмысшы, қызметкерлерден 14%. Май тапсыру – 75%, жұмысшы, қызметкерлерден 45%. Жұмыртқа тапсыру 52% қана. Малы жоқтың есебіне жататын жұмысшылар мен қызметкерлер етті, майды, жүнді қайдан тапсын. Әрине, бұған дайындаушы мекемелер де кінәлі. Тұтынушылар одағының төрағасы Баймұратов пен Дайындау халық комиссариатының аудандағы жаңа уәкілі Нұрсейітов.
Кадр іріктеу мәселесі аупарткомның VІІ пленумында талқыланған. Ол туралы жазғанбыз. Содан сәл ғана ілгерілеу бар. Жер бөлімінің жанынан бір айлық есепшілер курсы ұйымдастырылып, онда 27 әйел оқып жатыр, оқу бөлімі жанындағы мұғалімдік курсты 51 әйел, тұтынушылар одағы жанынан құрылған сатушылық курсты 7 әйел бітірген. МТС-тың комбайншылар курсына 18 әйел, Түркістан тракторшылар курсына 33 әйел, Шымкент есепшілер курсына 10 әйел жіберіліп, оқып жүр. Жағдайдың күрт өзгергені осы цифрлардан-ақ байқалады.
Кадрларды тұрақтандыру ауатком мен жер бөлімінде нашар, соның салдарынан аупартком номенклатурасына жататын 27 адам әлі бекітілмеген.
Пленум бюро мәжілісі емес, онда жарыс­сөз міндетті түрде болады. Шешендер, әрине, тындырған істерін ортаға салады, кемшіліктерін түзетуге уәде береді. Екі жайтқа назар аударсам жеткілікті болар. Дайындау халық комиссариатының аудандағы жаңа уәкілі Нұрсейітов аудандағы дайындау мекемелерін тізіп беріпті – Заготконтор, Заготскот, Живсырье, Маслопром. Шағын ауданда осының бәрін құрудың керегі бар ма еді? Біріктіруге де болатын сияқты… 
VІІ пленумда екінші хатшы Ахметовтің мәселесі сөз болғанын, оның алдындағы бюро мәжілісінде партиядан шығарылғанын айтқанбыз. Ол шешімді бекіту обкомнан сұралған. Оның нақты қандай байлам жасағаны маған беймәлім. Бірақ пленум хаттамасында былай жазылыпты: «ҚК(б)П аудандық комитетінің екінші секретары ж. Ахметов басқа ауданға ауысқандықтан, аудандық комитет және бюро мүшесі құрамынан шығарылсын. Екінші секретарь міндетін атқарушы етіліп ж. Абдулқасымов өткерілсін».
***
«Стахановшы колхозшылар», №54, 24.VIII.41 – №71, 12.ХІ.1941.
* «Үлгілі» колхозы. Қадыров Үбайділла 7 айда 412, Мамырайылов Әбиболла 447, Баймахамбетов, Әбдікәрімов, Мырзабаев әрқайсысы 400-ден еңбеккүн тапты. Оспанова, Бөбенова, Ерменова, Әбидинова Ұлбосын, мал өсіруде Жолдасова Шарапат, Әзизов – 250-400 еңбеккүн. Қадырова, Мұртазаева, Тұрсынбаева тракторшы мамандығын үйренуде.
* «Ынталы» колхозы. Оқытушылар Өтепбергенов 15 күндік, Оралбаев, Садуа­қасов 10 күндік жалақысын Отан қорғау қорына аударды.
* Отан қорғау қорына ауатком председателі Тасжанов 1000 сомдық заем, 1 етік, бір фуфайка, бір мақталы шалбар, Саңғылбаев бір пальто, бір пима, Момбеков 200 сомдық заем, бір фуфайка, аудандық сауда бөлімінде Шойтанов 2 ылақ, бір құлақшын, Сүйінбаев 100 сомдық заем, бір құлақшын, аупарткомда Мырзашов 1230 сомдық заем, екі фуфайка, бір пима, Қалмырзаев 500 сомдық заем, бір пима, Құрманбеков бір фуфайка, бір қысқы көйлек, бір қолғап, 200 сомдық заем, Нәлиев бір түлкі терісін, 500 сомдық заем, мақталы шалбар, қолғап, Сұлтанбеков екі түлкі, құлақшын, қолғап, 3 қой терісін берді.
* «Каганович» колхозы. Тұрсынбаева күн сайын 88 кг мақта тереді.
* «Андреев» колхозы. Омарова, Әкбарова, Маяқов 82 кг мақта тереді. Патаева бір күнде 93 кг мақта тапсырып, жоспарды үш есе асыра орындады.
* «Ақсары» колхозы. Шағыр, Несібелі секілді кейуаналар да мақта теруде. Несібелі Төлепова күніне 75 кг-ға дейін жинайды.
* Фрунзе мектебінің комсомолецтері үш жексенбілікте «Фрунзе» колхозында 4186 кг мақта теріп, 417 кг таза бидай, бір пальто, 8 тері, 6000 сом ақша, 1955 сомдық заем, 5 тонна металлолом берді.
* Баспахана жұмысшылары әр ай сайын бір күнгі табысын Отан қорғау қорына қосады. Елғонов бір шапан, мақталы шалбар, құлақшын, 250 сомдық заем, басқалар 190 сомдық заем, тері құлақшын, бәтіңке, көйлек берді.
* Жер бөлімі 560 сомдық заем, 100 сом ақша, 5 көйлек, бір ылақ қосты.
* М.Горький колхозшылары 27 қой терісін, 8 тон, 5 фуфайка, шалбар, 2 пима, 4 ешкі терісін қосты.
* Аша ауылсоветінің председателі Баймырзаева бір пима, бір тон, екі тері, бір қолғап, колхозшылар Жұманов, Жарқынбеков бір-бір ешкі берді.
* МТС жұмысшылары 6735 сом облигация, 21 тері, 2 пима, 1 қой, екі ылақ берді. Директор Жұмабаев 500 сомдық заем, 1 пима, Әуезов 1000 сомдық облигация, бір фуфайка, 2 тері, Әуелбеков 1 қой, Найманбаев бір ылақ, 200 сомның облигациясын қосты.
* Сентябрьдің 13-і күні ауылсовет, колхоз председательдерінің, перме бастықтарының аудандық кеңесі болды. Январьдың бірінен сентябрьдің 15-іне дейінгі социалистік жарыс қортындысы бойынша ауыспалы Қызыл Ту «Майдамтал» колхозына берілді.
* Аупартком жанынан қызметкерлердің үй шаруашылығындағы әйелдерін тігіншілікке үйрететін екі үйірме ұйымдастырылған еді. Сентябрьдің 18-інен 35 әйел Қызыл Армияға жылы киім тіге бастады. Тұрсыметова, Елубаева, Құрманбекова, Парманқұлова үлгі көрсетуде.
* «Ленин» колхозы 6 жылы киім, 5 тері, 6 мал, 300 сом ақша берді. Дүйсенбаев, Беркімбаев, Дәулетбаев, Жүзенов бір-бір мал қосты.
* Шорнақ пошта бөлімшесі бір тон, 3 шалбар, 3 тері, живсырье Байсақалов бір фуфайка, Жәуенов 5 метр мата, Сейәлов бір пима берді.
* 28-сентябрьде «1-май», «М.Горький», «Ақсары» колхоздары мақта тапсыру жоспарын орындады. Олардың қатарына «Ынталы», «Қаражон», «Құсшы» қосылды.
* «Куйбышев» колхозы. Комсомол мүшесі Атанова Патан күніне үш кісінің нормасын орындап, 90-95 кг мақта тереді, соңғы аптада бір апта ішінде 750 кг жинады. Жаңа алфавитті де үйреніп жүр.
* Келісімшарт бойынша мақта тапсыру жоспарын «М.Горький» колхозы 150%, «Ақтөбе», «Үлгілі», «Игілік», «Куйбышев», «Абай» асыра орындады.
* «Октябрь» колхозы (партия ұйымдас­тырушысы Юсупов, председателі Омаров) тігіншілерді ұйымдастырып, машинка алып, фуфайка, қолғап, жылы байпақ тігіп жатыр.
* «Майдамтал» колхозы (председателі Мырзабаев, партия ұйымдастырушысы Қосмағамбетов) тері илеп, тон тігуді ұйымдастырды.
* «Ақтөбе» колхозында (партия ұйым­дастырушысы Сауранбаев, председатель Құттыбаев) 8 әйел, «Абай» колхозында 6 әйел ұршық иіріп, байпақ тоқып, жылы киім тігіп жатыр.
* Қандөз советінің (пред. Еспембетов) 4 колхоз мүшесі, мұғалімдер бір күн ішінде 46 тері, 6 қолғап, 7745 сомдық заем облигациясын берді. Әсіресе «Қандөз» колхозы (пред. Ерғараев) 14 тері, 869 сом ақша, 1000 сом облигациясын берді.
* «М.Горький» колхозы мақта жоспарын 300% орындаймыз деп серт берді.
* «Ынталыда» комсомолец Күзембаев басқаратын трактор бригадасы сүдігер жыртып, 75 гектар күздікті егіп бітірді. Әлібаев Сары екі жоспар орындады.
* «Каганович» колхозында Абылаева, Арысбекова күніне 110 килограмнан мақта теріп жүр. 15 жасар Кенжеқыз Сапақова 97,5 кг терді.
* Аупартком жанындағы киім тігетін әйелдер (басқарушысы Парманқұлова) 60 тон, 8 фуфайка, 8 мақталы шалбар, 5 көйлек, 2 ішкиім, 50 пар шұлғау, 90 жастықтыс, 12 төсектыс, 12 матрац, 5 тері қолғап тікті.
* Ауданымызда биыл 43 сиыр қора, 27 қой қора, 38 жылқы қора, 18 түйе қора салынып, жөнделді. «Құмайлықас, «Ақтөбе» мал азығын ерте бастан дайындап қойды. «1-май», «Ақсары», «Андреев», «Жамбыл» колхоздары да.
* «Андреев» колхозы мақта жоспарын 33 тонна асыра орындады. Әкбарова, Омарбекова, Ахметова, комсомолка Маякупова 90-120 кг мақта терді. 7 қыз трактор курсын бітіріп, үйреніп шықты. Бабажанова, Әбділиева 85 гектар күздік жер айдады.
* М.Горький орталау мектебінің оқу­шылары 16576 кг мақта теріп берді. Колхоз басқармасы мектепке 45 метр мата, 100 кило астық сыйлады.
* Аудан мектептерінің оқушылары 30.ІХ – 5.Х аралығында 147 тонна 996 кило мақта теріп берді.
* «Ақсары» колхозының председателі Байменов: октябрьдің 25-іне дейін бір түйір мақта қалдырмай теріп аламыз. Осы күннің өзінде әр гектардан 17 центнер жиып, тапсырдық. Қызыл ту алдық. Оны басқаға бермеу үшін түсімді 20 центнерге жеткізбекпіз.
* Таусағыз қазу жұмысына ауданнан 691 колхозшы қатысты, 230-ы стахановшы атанды. «Майдамталдан» Әжібеков Тұрғанбек 20 кг орнына күніне 105 кило қазып, тапсырманы 525% орындап отырды. «Игіліктен» Орақбаев Нұржігіт, «Ақсарыдан» Еркебаев Шегебай 450% орындап жүрді. Аудан жос­парды 140% орындап, ауыспалы Қызыл туға ие болды. Өткізілген 142 тоннаға тиесілі ақшаның 75 проценті Отан қорғау қорына өткізілді.
* Аудан бойынша Отан қорғау қорына 24380 сом ақша, 99430 сом облигация, 8350 кг астық тапсырылды. «Қызыләскер», «Фрунзе», «Андреев», «Ворошилов» колхозшылары үлгі көрсетті.
* Аудан бойынша мақтаның келісімшарт жоспары 24-октябрьге дейін 131% орындалды. 19 колхоз келісімшарт жоспарын, 9 колхоз өнім планын асыра орындады.
* Тракторист Айтметов 564 га жер айдап, өндірістік жоспарын 150% орындады, 2220 кг жанармай үнемдеді. Бесбаев бригадасы 1520 га жер айдап, 148% орындады, 6520 кг жанармай үнемдеді. 
***
Соғыс өрті ұлғая түскен. Жау Мәскеуге тақаған. Қуантарлық жақсылық әлі естілмейді. Нақ осы кезде, қазанның 13-інде аудандық советтің сегізінші сессиясы шақырылды. «Советтер жұмысын соғыс жағдайына бейімдеп қайта құру» туралы атком председателі Ж.Тасжанов баяндама жасаған. Алдымен, әрине, тілге табыс ілінеді. Аудан мақта тапсыру жоспарын артығымен орындап үлгерген. «Ақсары», «Фрунзе», «М.Горький», «Майдамтал», «Крупская», «Құмайлықас», «1-май», «Андреев» колхоздары ерекше көзге түскен. Теке ауылсоветінің депутаты, «Крупская» колхозының звено жетекшісі Асанова Дәмелі 575 центнер орнына 1250 центнер мақта тапсырған. Сол ауылсовет депутаты Шәрипа күніне 40 кг орнына 100-120 кг мақта терген. Бабай ауылсоветінің депутаты, «Ақтөбе» колхозының бригадирі Ырыскелдиев Бектас 35 гектар ақ егістің әрқайсысынан 10 центнер орнына 13 центнер өнім жинаған. Сол ауылсовет депутаты Жәрменова Мәрия 20-октябрьге дейін 1700 кг орнына 2300 кг мақта терген. Сауран ауылсоветінің депутаты, «Ленин» колхозшысы Пайызмет Дүйсенбаев 4 га мақта егіп, әрқайсысынан 50 центнерден өнім алған.
Дегенмен, бұл салада да кемістіктер бар. «Үлгілі» (пред. Қадыров), «Каганович» (пред. Өтелов) колхоздарының мақта тапсыру жоспарын орындай алуы неғайбыл.
Мал шаруашылығында тек жылқы саны ғана шамалы асыра орындалды. Ал басқа түліктен белгіленген меже алдырар емес. «Ворошилов», «Буденный», «Фрунзе», «Қызыләскер», «Майдамтал», «Құмайлықас», «Ақсары» колхоздары ғана мал санын көбейту жоспарын орындай алған. 
Салада айтарлықта табыстар бар. «Құ­майлықас» шопандары 772 саулықтан 968 қозы, «Буденный» падашысы Тасыбаев Әлімбай 22 сиырдан баспа-бас бұзау алды. Сол колхоздың сауыншысы, Үшқайық ауыл советінің депутаты, сауыншы Балтабаева Тұрдыкүл жоспарды 165% орындады. Дегенмен, кемшіліктер жетерлік. Жоғарыда мал саны жоспарын орындаған жеті колхозды атадық. Қалған 28-і межеге маңайлағанымен, алынбас асуға тірелгендей. Ал, Қандөз ауылсоветіне қарасты «Көктөбе», «Қаратөбе», «Қандөз», Үшқайық ауыл советінен «Иіркөл» тіпті маңайлай алмай келеді.
Мал болғасын оны шығынсыз қыстату деген де бар. Аудан бойынша талай қора жөнделуі, жаңалары салынуы керек. Ал, «Фрунзе», «Қызыләскер», «Каганович», «Куйбышев» бүгінге дейін қора жөндеуді бастаған да жоқ. 10 колхоздың малын Қызылқұмда қыстату жоспарланған, мал жеткізу мерзімі белгіленген. «Фрунзе», «Қызыләскер», «Жамбыл», «М.Горький» малын бүгінге дейін жеткізбеген. Тіпті «Ворошилов» (Абдрахманов), «Қызыләскер» (Құлаев) мал қыстататын жерін де білмейді. Шабылған шөптің жартысы әлі күнге далада жатыр. Әсіресе, «Буденный», «Иіркөл», «Ақтөбе» колхоздарында.
Анабазис (итсигек) дайындау деген де бар. Жоспар 46% қана орындалған. Қаржы жинау, заттай өнім тапсыру істері, тауар айналымы қуанта қоймайды.
Енді «қайта құру» деген мәселеге көшейік. Бұл жөнінде республика Халкомсоветінің, облсоветтің қаулылары бар. Ауаткомда 2 рет қаралған. Біріне барлық бөлімдердің басшылары, екіншісіне барлық ауылсовет председательдері мен секретарлары қатысты. Кемшіліктер жасырылған жоқ. Ауаткомның кейбір бөлімдері соғысқа байланысты жұмысты қайта құра алмағаны тексеруде анықталды. Атап айтқанда, келіп түскен қатынастарға, директиваларға дер кезінде жауап берілмейді. Мысал: тұтыну одағының басшылары Баймұратов пен Деткинге 5-сентябрьде обком мен облаткомнан тауар айналымы жоспарының орындалмау себебін түсіндіру жөнінде телеграмма келген. Әлгі басшылар оны Құрбанов дегенге ысыра салған, ол тек 15 күннен кейін жауап дайындаған. Тауар айналымы жоспарының 72% қана орындалуы, 240 мың сом әлі жиналмағаны осындай жауапсыздықтың салдары. Сондықтан да Деткинге соңғы сөгіс жарияланды.
Ал, ақша бөлімінің бастығы Сәркеев жұмысты қайта құру орнына, талай рет сотталған Омарбеков сияқтыларды аппаратқа алған, шаруа салығы, заем тарату мәселелерін салық төлеушілерге түсіндірмеген, көптеген қожалықтар салық төлеушілер тізіміне енгізілмеген, малының санын жасырғандар бірталай. Осының бәрін былай қойғанда Сәркеевтің өзі бас болып, ауылшаруашылық уставынан сырт мал жинап, жекеменшіктікке салынған. Осылардың бәрі ескеріліп, ауатком мәжілісі оны қызметтен босатты.
Аудан орталығындағы кәсіпшілік ком­би­натының құрылғанына 7-8 ай. Жергі­лікті ресурстар бар екеніне қарамастан, халықты көпшілік қолды тұтыну заттарымен қамтамасыз ете алмады, директоры барып тұрған мылжыңдыққа салынды. Сондықтан Атабеков босатылды. Бұл сияқты жағдай аудандық советтің өз аппаратында да кездесіп отыр. Ауаткомның жауапты хатшысы Райысов аппаратта қызмет істегеніне бірқатар уақыт болса да, өз қызметін қайта құра алмады, ауылдық советтермен, депутаттармен тығыз байланыс жасап, оларға совет-көпшілік жұмысы жөнінде басшылық ете алмады, жоғары орындардан келген қатынастарды төменгі орындарға жеткізуде бүтіндей жауапсыздыққа салынды, сол қатынастардың екі ай бойы жатып қалуы орын алды, кейбір қатынастарды жоғалтып жіберген, еңбекшілерден түскен арыздарға үстірт қарап, олар екі-үш ай бойы жауапсыз жатқан. Колхоздарға уәкіл етіп жіберілсе, өзі бас болып ішкілік ұйымдастырып, маскүнемдікке салынған, сондайымен «Ленин» колхозындағы мақта терімі мен басқа жұмыстарға кесір келтірген.
Осындай сорақылықтар ауылдық советтер аткомдарында да кездеседі. Бүкіл жұмысты Ұлы Отан соғысында жеңіске жету жолына жұмылдыру, бұқарамен байланысты бұрынғыдан да күшейте түсу орнына, уақыт талабын түсінбейтіндер бар. Мысалға ауылсовет председателі Әлиевті келтіруге болады. Ол депутаттармен тығыз байланыс жасау, олардың шаруашылықтардағы міндетін абыроймен орындауына көмектесу, тұрақты комиссиялардың жұмысын кеңірек пайдалану орнына, көпшіліктен қол үзген. Әлі күнге дейін сайлаушылар алдында бірде-бір рет есеп бермеген депутаттар бар. 
Аудандық совет аткомы председатель мен оның орынбасары арасында міндеттер бөлініп, жедел басшылық ету әдісіне көшті. Ауатком мәжілісінде қаралатын мәселелер алдымен тиісті бөлім бастықтарында қаралып, атком мәжілісіне тек күрделі мәселелер шығарылатын болды. Мәселен, соғыс жағдайындағы пошта жұмысы 8-сентябрьдегі мәжілісте қаралып, жұмысты жеделдету мақсатында жаңа график бекітілді. Сол бойынша пошта тасу жұмысы әлдеқайда жақсарды. Сол мәжілісте қаржы жинау барысы да қаралды. Сол кезде жоспарлы қаржы 78% қана жиналған еді, кәзір 97,1%-ке жетті. 
18-сентябрьдегі мәжілісте суландыру мәселесі қаралып, Сасықбұлақ, Шерт тоғандарының кемістіктерін түзету, «Қаражон», «Үлгілі» су қоймаларын салу, «Буденный» каналын қазу жөнінде шешімдер қабылданып, сол жұмыстар қызу жүріп жатыр. Дегенмен, Сасықбұлақ тоғанына бөлінуге тиісті күш көлік пен жұмыс қолы толық жеткізілген жоқ. Бабай, Шорнақ, Аша ауылсоветтеріндегі колхоздардан.
Баяндамашы социалистік жарыс, қаржы жинау, сауат ашу, әскери  дайындық оқуы секілді мәселелерді де толық қамтып, олардың барысын тәп-тәуір талдапты.
Жарыссөзге қатысқандар өз саласына қатысты мәселелерді қозғайды. Бабай ауылсоветінің председателі Тұрсыметов ауылдық совет депутаты Ырыскелдиевтің звеносы 10 центнер орнына 35 центнер мақта бергенін, колхоздардағы стахановшылар саны бұрын 78 болса, енді 248-ге жеткенін, МТС директоры Жұмабаев «Қызыләскер», «Үлгілі» колхоздары келісімшарт жоспарындағы мақтаны әлі өткізіп болмағанын, бірқатар шаруашылықтардың күздік егіп бітпегенін, финанс бөлімінің меңгерушісі Қалыбеков қаржы жинаудағы кемшіліктерді, әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі Н.Елтаев көзбояушылық фактыларын – Үшқайық ауылсоветі ПВХО емтиханын 55 адам үздік тапсырды деп есеп беріп, тексере келгенде ондай кісі алтау ғана екенін, Аша орталау мектебінің әскери жетекшісі Омаровтың сабаққа келмеген колхозшыларды 2-3 сағат қамап қоятынын, кейбіреулерін милицияға айдап келетінін, Дайындау халық комиссариатының уәкілі Нұрсейітов өнім тапсырудың сылбырлығын тілге тиек етіпті.
Сессия ауатком председателінің орынбасары Мұхаммед Нарметовті денсаулығына байланысты босатып, орнына Нұсқабаеваны, Сәркеевті босатып, орнына Ержігіт Қалыбековті бекіткен, Райсовты қызметінен босатқан.
***
Октябрь революциясының 24 жылдығы атап өтілді. Сталин 6-ноябрьде салтанатты жиналыста баяндама жасады, ертеңінде Қызыл алаңдағы парадта сөйледі. Баяндама «Стахановшы колхозшыларда» 16-ноябрьде басылды. 25-ноябрьде аупарткомның тоғызыншы пленумы болып Сталиннің баяндамасында алға қойылған міндеттерді іске асыру жөніндегі нақты шаралар туралы Н.Мырзашов баяндаған. Біз оның кіріспесіне тоқталмай нақты істер жағына бірден көшейік.
Ақ егіс. Оның жалпы көлемі 4852 га болған. Агротехникалық шаралар түгел қолданылса, гектарына 9 центнерден өнім алу мүмкіндігі болды. Бірақ тұқым тазарту, дәрілеп егу жеткіліксіз жүргізілді. Жер айдау мен тұқым себу арасында үлкен алшақтық болып, себу мерзімі ұзап кетті. Әсіресе «Қызыләскер», «Крупская», «Ворошилов» колхоздарында. Тұқым трактор сеялкасымен емес, қолмен себілді. Тракторлардың нашарлығынан «Октябрь», «Үлгілі» колхоздарында жер көлікпен жыртылды, сапасы нашар болды. «Қаражон», «Андреев», «Крупская» колхоздарында отақ жүргізілмей, арам шөп басып кетті. Уақтылы суарылмағандықтан «Қызыләскерде» 10, «Абайда» 15, «Куйбышевте» 15 гектар тары қурап кетіп, тұқымы да алынбады. Сондықтан гектарынан 8,37 центнер ғана өнім алдық. Демек, аудан бойынша 9613 центнер астық жоғалттық.
Мақта. Жердің бере алатын өніміне қол жеткізе алмадық. Гектарына «Крупская» 25, «Фрунзе» 24,8, «Андреев» 20 центнерден алды. 19,77 центнерден өнім алсақ, 37680 центнер мақта жинар едік. Кемшілік – тағы да агротехникалық шаралардың толық орындалмауы. 1940 жылы 584 гектар ғана сүдігер жыртылып, сондықтан шит 1316 гектар сүдігер жыртылмаған жерге себілді, жергілікті және минералдық тыңайтқыштар толық қолданылмады.
Сол сияқты 1942 жылғы мақта егісі үшін жыртылуға тиісті 1700 гектар жердің 25-ноябрьге 713 гектары ғана жыртылды. «Майдамтал», «Ақтөбе», «Қызыләскер», «Ленин» колхоздарында бір гектар да жыртылған жоқ.
Мақтадан мол өнім алудың тағы бір шарты – уақтылы баптау, жегенелеу, түп санын түгелдеу. Бұл шаралар да толық қолданылмайды. «Куйбышев» колхозында (пред. Мәмбетов, партия ұйымының секретары Бейсенов) әр гектарда 105 мың түп орнына 79 мың түп болған. Егер колхоздың 120 гектар мақталығында тиісті түп түгел болса, 1819 центнер мақта жинар еді, оның орнына 607 центнер мақтадан айрылып отыр. Осы тұрғыдан келсек, түп санының кемдігінен ең озатымыз «Крупская» 85, «Фрунзе» 475 центнерден айрылды. Уақтылы суармаудан, сапасыз шабықтаудан да бірталай зиян шегеміз. Алдыңғылардың, кейінгілердің кемшіліктері салдарынан 8158 центнер мақтаны кем алдық.
Жоңышқа. Осының егіс көлемін көбейту, қанша айтылса да, орындалмай келе жатқан тірлік. Жыл басында бізде 346 гектарға жететін тұқым бар еді, 216 гектар жерден ғана тұқым жинадық. 1,2 центнерден. Уақтылы суармаудың, малға жегізудің, жөндеп қарамағандықтың салдары. Егер дұрыс істеп, 346 гектардан 2,5 центнерден тұқым алсақ, 865 центнер бағалы тұқымға ие болар едік, алғанымыз 260 центнер ғана. «Куйбышев» 25, «Ынталы» 5, «Ленин» 10 гектар тұқымдықты малға жегізді.
Көкөніс. Ауданымызда небәрі 25 га көкөніс болды. «Ворошилов» 1 га картопты суармай, күтпей құртып жіберді. «Ынталы» 3 га көкөніске су беретін бұлақты мүлде пайдаланған жоқ. Ол 7 га көкөніс егуге тиіс еді, басқасын еккен де жоқ. Мұндай көзқарас барлық колхоздарда бар.
Су шаруашылығы. Ауданда су аз әрі өте қымбат. Соған қарамастан үнемді пайдалану, ұқыпты қарау жоқтың қасы. Мақта жүйектеріне су құбырмен жіберілмейді, шағын арықтар кезінде тазаланбайды, колхоздарда, әсіресе «Куйбышев», «Қызыләскерде» жүйектер шектен тыс ұзын, сондықтан су баяу ағады, үй іргесіндегі бау-бақшаға суды бұрып алу жиі.
Трактор паркын пайдалану. МТС трактор паркы көктем егісіне, ораққа бүтіндей дайындықсыз келді. Сапасыз жөндеу салдарынан ақ егіс, шит себу кезінде тракторлар тұрып қалды, жерді трактормен айдау, шитті трактор сеялкасымен себу орнына күш көлікпен айдалды, себілді. Ақ егіс орағы кезінде тракторлар, комбайндар, молотилкалар өз міндетін орындамады. Комбайнмен 2400 га егіс ору жоспарланған еді, орғаны 1700 га, 15 аттық күші бар бір трактормен кемінде 700 га жер айдауға болады, біздегі МТС тракторларының жыртқаны 316,5 гектар, яғни 45,2%. «Игілік», «М.Горький» колхоздарында комбайн, молотилка бір айдан аса тұрып, түк бітірмей қайтты.
Техниканы пайдалану тәртібін колхоз басшылары өрескел бұзады.
Мал шаруашылығы. Қызыл Армияны тиісті өніммен қамтамасыз етудің көзі осы. Ауданда мал шаруашылығын өркендету мүмкіндігі бар, кемшіліктер бөгет. Барлық мал саны 33139 болуға тиісті, бары 31172, яғни 94,1%; қой жоспары – 22982, бары 21974, 1008 бас жетпейді. Ірі қара жоспары 4499, бары 3690, 809 бас кем. Жылқы межесі 4309, бары 4214, 95-і жетпейді. «Октябрьде» 120 ірі қара болуға тиісті. Бары – 100. Жуырда онда бір сиыр, 4 баспақ өлген. 2 сиырды ауру деп бағалап, 400 сомнан сатқан, сойылғанда 2000 сомнан өтті. «Қызыләскерде» 24 ірі жылқы, 11 құлын өлген, 2 бие іш тастаған, 14 жылқы сатылып, 15-і сойылған, біреуі арам өлген. Барлық шығын 57. «Иіркөлде» 44 қой-ешкі өлген, 30 саулық іш тастаған, алтауы сатылған, төртеуі сойылған. Шығын – 84. Колхозда жоспарға 183 ешкі жетпейді.
Пермені толықтыру. Мал санын өсіруге тоқталғанда осы мәселенің шетін шығарғанбыз. Қайталамайық. Баяндамашы пермелерде малдың нормаға жетпейтіндігі туралы алты мысал келтіріпті. Соңғысы мынадай: «Қандөз», «Қаратөбе», «Көктөбе» колхоздары сиыр пермесін толықтырмай отыр. Бұл колхоздарда пермеде бар болғаны екі-үш сиыр. Көрсетілген колхоздар сиыр пермесін толықтыруда колхозшылардан мал сатып алу шараларын қолданбай, бос сөзге салынып отыр. Мұның себебін де ілгеріде айтқанбыз. Қайталамайық. Бір ғана ескертпе. Сол колхоздарда сиыр ұстайтын адамдар да болмаған. Қайдан сатып алсын?!
Құс, қоян пермелері. Аудан бойынша тауық пермелерінде 3660 тауық болуға тиісті екен, бары – 2361. «Қаражон» колхозы 250 тауық ұстауы керек еді, бары – 48. «Буденный» 250 тауық ұстауға тиіс, әлі ұйымдастырмаған.
Ауданға 3120 қоян ұстау жоспарланыпты, бары 1725. Қоян пермесін ұйымдастырған «Құсшы», «1-май», «Шорнақтөбе», «Құмайлықас», «Ленинкеріз», «Крупская», «Андреев» колхоздары мен Қандөз, Балтакөл ауылсоветтеріндегі колхоздар бар мүмкіншілікті пайдаланбайды. Тез өсетін ешкі, тауық, қоян пермелерін ұйымдастыру соғыс уақытында әрі майданға көмек, әрі мал шаруашылығының жоспарын орындауға сеп. Бұл жоғары органдардың шешімдерінде де көрсетілген. Ол шешімдерді орындамау – қылмыс. Керек десе, Сауран, Шорнақ, Қандөз ауылсоветтерінің председательдері Көпбаев, Ташметов, Еспембетов, «Октябрь», «Ынталы», «Құсшы», «Иіркөл» колхоздарының председательдері Омаров, Ұзынтаев, Кенжетаев, Қарабалаев жолдастар ауылдарындағы, колхоздарындағы малдың санын, түрін білмейді, «Ворошилов» колхозының председателі Абдрахманов атан мен бураны туады дейді.
Промкомбинат, промәртел жұмысы. «Ауданымыздағы байлық ресурстарын пайдаға асырып, халықтың керегін өтеуде комбинат үлкен рөл атқаруы керек еді. Өз міндетін атқара алмады. Мүмкіндігі бар қыш, әк зауыттарын ұйымдастырып, кемінде 50-60 мың сом пайда келтіруге болар еді. Оның орнына промкомбинат ұйымдасқан күнінен бастап тек 3588 сом кіріс кіргізді де, 14016 сом зиян шекті. Промәртел өндіріс планын 33% орындап, 1685 сом зиян жасап отыр».
Дайындау орындарының жұмысы. Соғыс басталғалы бері ауданда аң, құс етін дайындап, малды азайтпау, Қызыл Армияға өнімді молырақ беру мүмкіндігі бар еді. Бірақ заготконтордың орашолақтығынан 674 кг ғана құс, аң еті дайындалған. 132 мың жұмыртқаның 81 мыңы ғана өткізіліп,  жоспардың 61,8 проценті ғана орындалған. Аудандық потребкооперация жоспар орындау былай тұрсын, 2000 жұмыртқаны шірітіп тынған. Баймұратов, Жаманқұлов айыптыларға шара қолданбаған. Ауылдық тұтынушылар қоғамдарының жұмыртқа жинаушылары квитанция жазбай алған. Кімнен қанша алғаны белгісіз. Соның салдарынан 3300 жұмыртқа жоқ…  «Үлгілі» 1058 жұмыртқа орнына 483, «Крупская» 2042 орнына 1398 дана тапсырған. Ауданда кемінде 20-30 тонна май дайындау мүмкіндігі бар, жоспар 6,5 тонна, тапсырылғаны 46 кг. Шөп тапсыру жоспары 8400 центнер, өткізілгені 71 пайызы.
Байқаған шығарсыз, баяндама нақты, кемшіліктерді туындататын себептер анық. Содан кейін Н.Мырзашов алдағы жылдың жоспарына сала-сала бойынша тоқталыпты. Ол жағын біз әзірге қозғамай-ақ қоялық, уақыты келгенде айтылар.
Ал, жарыссөзге келсек, мәселе дау, айтыс тудыратын тақырып емес. Сондықтан елеулі деген кейбір жайттарға ғана тоқталайын.
Әдетте, қай жиында болсын обком уәкілдері жарыссөздің аяғына қарай сөйлеуші еді. Бұл жолы обком уәкілі Қожамбердиев алдымен сөз алыпты. Тоқталған мәселесі МТС жұмысы, оның ішінде социалистік жарыс. Шорнақ МТС-ы Түркістан МТС-ымен жарысқа түскен. Ал, оның барысы тексерілмеген. Өз ішінде 6 кісі жарысқа қосылмаған. Живсырье директоры Бай­сақалов (бұл газеттің бұрынғы жауапты редакторы секілді, өйткені соңғы кездері газеттің бірталай сандарына Қ.Құрманбеков, 1-ноябрьден бастап жауапты редактор ретінде Ж.Елғонов қол қоя бастаған) жүн тапсыру жоспары 101, қаракөл дайындау 100 пайыз орындалғанын хабарлайды да, колхоз басшыларынан көмек күтеді.
Промкомбинат (бұл «промысловый комбинат» деген атаудың қысқартылған нұсқасы, қазақшасы «кәсіпшілік комбинаты». Көп газет «өнеркәсіп комбинаты» деп қате жазады – Н.О.) директоры Рақымжанов әуелі бұрынғы директор Атабековті айыптап алып, алдағы жылы «мемлекетке 30 мың сом пайда енгіземіз» деп шалқиды, МТС директоры Жұмабаев та келесі жылы жұмақ орнатпақшы. 
***
Кезекті аудандық газетке берейік.
«СК», №74–№84–83, 26.ХІ – 28.ХІІ.1941.
* Отан соғысы басталғалы бері қыз-әйелдерден 30 тракторшы, 17 комбайншы даярланды.
* Шерт тоғанының стахановшы құрылысшысы Еркебаев: нормамды үш есе асыра орындап жүрмін.
* «Игілік» тоғанында «Игілік», «Ақтөбе» колхозшылары Абдуллаев, Қорғанбаев, Жүсіпов, Тасболатов, Шойтанов күндік нормасын 200% орындап жүр.
* Танк бөлімшесін құруға МТС еңбек­шілері 3-10 күндік табыстарын бөл­мек. Олардың арасында коммунист Дағмырзаев, комсомолецтер Ахметов, Исабеков, Әуелбековтер бар.
Фрунзе мектебінің комсомолецтері 1500 сом жинады. Әбдіраманов, Төреева, Төреханова 20 сомнан берді.
Аудан комсомолецтері Тоқмырзаев 5 күндік, Нарбекова, Мырзахметов 3 күндік, Аблаева 1 күндік жалақысын берді.
* Танктар жасауға аупартком комму­нистері мен комсомолецтері 1000 сом, ауаткомның комсомол ұйымы 450 сом, «Андреевтің» комсомол мүшелері 464 сом, 133 кило астық, денсаулық сақтау бөлімі 500 сом, «Майдамтал» комсомолецтері 301 сом, 370 кг астық, 2580 сом облигация жинады.
* Мал санын өсіру жоспары аудан бойынша 105, бұзау алу – 106, құлын – 115,3, қозы – 114,2, бота – 115,4% орындалды.
«Майдамтал», «Қаражон», «М.Горь­кий», «Ворошилов», «Буденный», «Ынталы», «Октябрь», «Фрунзе», «Крупская», «Ақсары» колхоздары қой, сиыр пермелерінде мал саны жоспарын орындады.
1941 жылы 568490 литр сүт, 19513 кг жүн алынды. Сауыншылар Әлібекова, Отарбаева, Нарымбетова, Бекбергенова, қой жүні, ешкі түбіті үшін Құлымбетов, Исаев, Тоқбаев, Мұздақбаева, сиыр санын көбейткені үшін Молдабергенов, Батымова, Масақбаев, Сырымбетова, Қошқаров қосымша ақыға заттай сыйлық алды.
* Қандөз советіндегі «Ақтөбе» кол­хозы­ның актив жиналысы жекеменшік жоңышқаны колхоз пермесіне беру бастамасын көтеріп, 30 тонна құнарлы жемшөп берді. Перме бастығы Алдажұманова 1500, өндіріс бригадирі Оңалбаев 1200, колхозшы Нұрбаев 1000 кг тапсырды.
Колхоз мүшелері сондай-ақ әскерге жылы киім жинауға қатысып, 14 шолақ тон, 3 фуфайка, 7 қолғап, 1 матрац, 6 құлақшын тапсырды.
* Аудандық совет қызметкерлері 3 кило шай, 15 кг қант, 3 сабын, 10 әтір, 10 тіс жуғыш, 5 опамай және сақал алатын 2 бритва жинады.
* Аудан еңбекшілері 19-декабрьге дейін 80 мың сом лотереяға жазылып, 15 мың сомын нақты төледі. Қандөз ауылсоветіне қарасты  колхоздар 2500 сомға, Фрунзе мектебінің оқушылары 2300 сомға жазылды.
***
Декабрьдің 24-інде аупарткомның Х пленумы болды. Н.Мырзашов әскерге шақырылғандықтан бюро мүшелігінен босатылды. Бірінші хатшы болып Мырзахан Пошанов сайланды. Бюро мүшелері – Пошанов, Абдулқасымов, Құрманбеков, Ташов жолдастар сайланды. Пошанов жаңадан, Абдулқасымов екінші хатшы болып жаздың аяғында келген, үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Қ.Құрманбеков Қалмырзаевтың орнына хатшы болып сайланған секілді, Ташов Қаражон ауылсоветінің мүшесі. Бюро қайтадан 7 адам құрамында сайланды.
(Жалғасы бар)

 

Алдыңғы «
Келесі »