Әлемді мойындатқан қазақ философы неге жоқ?

  • 13.01.2015
  • 1203 рет оқылды
  • 3

Әбдірашит Бәкірұлы, 
философ

Тәуелсіздік қазақ ұлты алдына:  «Ұлты­мыздың интеллектуалды өрісінің шоқ­тығы қандай?», «Қазақтың даналық ойын қалай дамытамыз?» «Ол үшін не істеу керек?», «Әлемдік философия иірімдеріне басыбүтін сіңіп кетпей, қазақы дүниетанымның ерекшеліктерін сақтай отырып, өзге мәдениеттермен тең дәрежеде диалог құруға қалай қол жеткіземіз?»  деген жаһандану заманы тудырған жаһандық мағынадағы сұрақтарды қойды. Шынында да, қазіргі қазақ философиясы  осы сұрақтарға жауап беруге дайын ба? Философия ғылымы тәуелсіздік жағдайында  өз келбеті мен зерттеу бағытын айқындай алды ма? 


Қазақ ақындығынан қазақ 
философия­сына қарай
Қазақ ақынжанды халық. Оның бар даналығы бізге өлеңменен өрнектеліп, афоризм түріндегі даналық сөздермен жетті. Сондықтан болар, ел-жұрттың назары күні бүгінге дейін ақындарына ауады! Бірде ақын Болат Үсенбаев: «Қазақта не көп, ақын көп. Байронмен, Пушкинмен, Есенинмен  терезесi тең келетiндер, солармен үзеңгiлеспiз деп кеуде қағатындар жеткiлiктi. Қазақ ақындары өздерiн «Мен» деп, кеудесiн кере алады. Ал, философтар, қайда? Әлемге «мынау көрнектi қазақ философы» деп айтатын кім бар? Өз бетiнше iргелi  еңбек жазып, бүкiл әлемдi мойындатқан  бiрден-бiр қазақ философы болса − атаңдаршы?» деп қара қазандай өкпесiн жайып салды… Ақынға не айтуға болады? Ақын – замана еркесi, өзi өмiр сүрiп отырған дәуiр мен заман сезiмiнiң квинтэссенциясы*. Оның үстіне, әлемдегі әр елдiң  ақындарын ажыратып  тұратын бөгет жоқ. Себебi, сезiм − адам баласына ортақ. Мысалы, музыкада тек  «музыка тiлi» ғана бар. Сол сияқты, поэзияда тiл болғанымен, поэтикалық қуаты керемет дүниелер өзге тiлде сөйлегенде де өз құдіретiн жоғалтпайды. Сезiмдi сезiм тербейтiнi сияқты −  бiр елдiң Ұлы ақыны басқа елдiң де ақынына айналып кете барады.     Ақында керемет аура бар. Ол көзі көрген құбылысты түсiндiрiп бермесе де, сол құбылыстың ең «әдемi жерiн» ойып алады да, адам жанының жалауына айналдыра қояды − «неге осылай болды екен-ау?» деп, оның себебiн іздеп бас қатырмайды.  Бұл – көбіне-көп өмiрде шын қуанып, шын күйiнетін ақынжанды адамға, сонымен қатар, «ақынжанды» ұлттарға,  халықтарға тән құбылыс. Құлай сүю, азалана күю, тiрiдей «тозаққа» түсу, жас балаша қуану, бақыттан басы айналып, «жұмақтың» төрiнде сайрандап жүру – ақындық болмыс! Бірақ, «өмiрбаянын өлеңмен жазып кететiн» ақындардың немесе «поэтикалық дәуірде» қалып қойған халықтардың өмірі тауқыметтi болатыны нелiктен? Мысалы, әр сөзіне астарлы мағына беретін қазақ халқының да? Оның басты себебін «дүниені поэтикалық жолмен тану» үрдісінде конструктивизм жоққа тән екендігімен түсіндіруге болады. Поэзияда сезім бастапқы болғандықтан, өмірдегі болып жатқан оқиғаларды тұтас бағалау, яғни, құрастыру кемшін. Ақындық − тығырықтан шығар жолды көрсетпейді, тығырықтың өзін бейнелейді. Сондықтан адамзаттың алға басуымен, ғылым мен технология дамуымен қоғам санасында «прагматикалық дүниетаным»  орныққан жағдайда − «поэтикалық формадағы» даналықтың (ақындықтың) рөлі төмендейді. Мұндай кез туғанда «өмір мағынасын»  ұғу үшін ақындық қоғамдық сана төрінде тұрған «алтын тағынан» түсiп, орнын философияға беруге мәжбүр. Қоғамның кемелдену кезінде бұл болмай қоймайтын құбылыс. Бұл процесте қайшылық болуы мүмкін емес. Себебі, ақындық − философияның алғы шарты болып табылады. Бұл екі дүниетанымның ұқсас: «ақындық» та,  «философиялық ой» да шығармашылық қабілеттен туындайды. Бiрақ, екеуi екi түрлi: «ақындықта» өмiрдiң тұтас бейнесі жоқ. Ол белгілі бір көңіл күйді, эпизодты бейнелейді. Ал, «философиялық ой» − есейген, өмірді түсінген, күнгей мен көлеңкені ажыратқан, одан шығар жолын ақылға салған «ақындық». Мысалы, әдетте, «ақындық жол» алдымен «Табиғат лирикасынан» басталып,  «Адам жанының лирикасына» ұласады, одан өте «Қоғам өмiрiнiң прозасына» және «Мәңгiлiк туралы толғауларға» бет бұрады. Сөйтіп, «поэтикалық сана» кемелденген сайын үздіксіз философиялық толғанысқа қарай ұмтылады екен. Қазақ ұлты қазір осы үрдісті бастан кешуде. Қазақ жұртының әлеммен қарым-қатынасының күрт артуы, қоғамның даму қарқыны мен өмірдің күрделенуі – қоғамдық сана мен мемлекет дамуын осы факторларға бейімдеуді талап етуде. Бірақ, осы кезеңде қоғам мен мемлекеттің күйзелісті жағдайларды жиі бастан кешуі – ұлттық сананың «ақындық формат» шеңберінен шиырлап шыға алмай жүргенін, ал, қоғамдық сананың күрделі философиялық конструкцияларға бара алмай отырғандығын көрсетеді. 
Жалпы, қазақ ой философияға біршама бейім. Өйткені, кең мағынасында − философияда «жаңалық ашу» жоқ. Философияның «жаңалығы» − қоғам мен адам болмысының үйлесімділігін зерделеу.  Осы тұрғыдан алғанда, философияны «қоғамның тұтас бейнесін конструкциялау арқылы қоғам мен мемлекет дамуының тұрақтылығына жол сілтейтін бірден-бір ілім» десе болады. Ондай ілімді меңгеруге «ақынжанды» қазақ ұлтының мәдени-рухани болмысы даяр болса да, ол мұндай дәрежеге көтеріле алмауда. Ұлттық сана мен мәдениет  әзірге тек «қазақ философиясы мен философтары қайда?» деген сұрақты қойып, соның жауабын күтуде. Әрине, оның жауабы  уақыт еншісінде екені түсінікті…
Қазақ философиясы әлемдік филосо­фиялық ой контекстінде  қарастырылуы тиіс
Ол туралы академик Ж. Әбилдин өзінің «Уақыт және мәдениет» атты еңбегін­де былай деп жазды: «Тоталитарлық қоғамда философия iлiмi шектеулi болды: бiрiн­шiден, марксизмнiң маңызы шамадан тыс әсiрелендi; екiншiден, бүкiл адамзатқа тән философиялық ой-дүние формальды тұрғыдан қарастырылып, философия жәй ғана абстрактiлi схемаға айналдырылды. Философиялық категориялар терең, диалектикалық логика тiптен зерттелмедi. Философия iлiмi марксизм түсiнiгiмен шектелiп, адамзаттың аса маңызды мәселелерi назардан тыс қалып отырды. Дегенмен, сол кезде қалыптасқан қазақстандық «философия мектебі» диалектика мен диалектикалық логиканы, категориялар мен таным теориясын, жаратылыстану iлiмдерiнiң философиялық мәселелерiн көбiрек зерттей бастады. Бiрақ, тоталитарлық бақылау жағдайында бұл жаңа леп, бәрiбiр, философиялық жүйенiң жаңаруына әкеле алмады. Философия, барлық басқа ғылымдар сияқты, қоғамдық сананың ерекше түрi ретiнде саналып, негізінен жетекші партияның шешiмдерiнiң дұрыстығын дәлелдеуге қолданылды. Мәселенi тереңiрек зерттеу талпынысы қоғамның ақыл-ой компасына айналған «партиялық бағыт» ауқымынан шығып кетсе – «ауытқу» деп саналып, қуғындалды. Бұл науқанда, әсiресе, философия тарихынан мақұрым, диалектика тарихын, соның iшiнде Платонның, Аристотельдiң, Спинозаның, Декарттың, Канттың, Гегельдiң және ол кезде аты да аталмайтын шығыс философиясын сезбейтiндердiң дәуренi жүрдi. Бұл жалған «философтар» өздерiне түсiнiктiлеу қарабайыр философияны және сол деңгейде ойлауды қызғыштай қорыды. Олар дөрекi түрде марксизмдi «адамзат ақыл-ойының шыңы» деп жариялады. Мұндай бағдар философияның дамуын өлшеусiз шегердi. Өз бетінше ойлау қабілеті барларды «идеализмге бой ұрды» деп айыптады. Тоталитарлық жүйе, осылай, кез-келген жаңа идея ұшқынын қағып тастап, талантты адамдардың еңбектерiн түгелге дерлiк жойып отырды. Себебi, бұл «философия саясатын» ұстағандардың өресi  «марксизм» деп аталған оқулық деңгейiндегi схемалық философиямен шектеулi болатын-ды».
Академиктің бұл сөзімен келіспеуге еш қисын жоқ. Алайда, қазiргі тәуелсiздiк алған қоғамда ол идеология келмеске кеттi. Ойды қанау жойылып, философия iлiмдерiне жаңаша қарауға, оның мiндетiн өзгеше түсiнуге мүмкiндiк артты. Бағымызға орай, философияға деген сектанттық, яғни, «дүниеде тек бiр философия дұрыс» деген көзқарастан арыла бастадық. Қазір кез-келген даналықты «әлемдiк мәдениеттiң бiр арнасы» деп қабылдау басты қағидаға айналып келеді. Мұндай көзқарас қазіргі қазақ философиясын замана талабына сай дамытуға бағдар береді. «Әлемдік мәдениет тұтастығы» принципін ұстана отырып,  қазақ халқының даналық қазынасын қалпына келтiру, дамыту, асқақтату мiндетiн алдыға қоя алады. Бірақ, бұл − «оны бізге біреу әкеліп береді» деп уақыт оздыруды көтермейтін мәселе! Бұл – ең алдымен, тәуелсіз қазақ мәдениеті мен тәуелсіз ғылымның алдында тұрған міндет, сондықтан − мемлекеттік маңызды шара. Алайда, осы уақытқа дейін осы бағытта жасаған көптеген реформаларымыз еш нәтиже берген жоқ. Ендеше, осы түйінді мәселенің себебін анықтап алмайынша – алға жылжи қоюымыз екіталай болмақ. 
Аса талантты философтардың барлығы да әлемдiк мәдениеттi игере отырып, өз деңгейлерiне жетеді. Сондай деңгейге жеткен ғұлама ғана өз халқының даналығын өзі жеткен биікке сүйрей алады. Мысалы, қазіргі қазақ философиясының алдында атақты әл-Фараби бабамыздың философиялық мұрасына жаңа уақыт тұрғысынан комментарийлер беру міндеті тұр (Кезінде әл-Фарабидің Аристотель іліміне комментарий бергені секілді). Бұл не үшін қажет? Ол, алдымен, әл-Фараби ілімін қазақ даналығымен біріктіру және оның ілімі мен ғылыми тұлғасын «қазақтандыру» үшін қажет. Екіншіден, осы комментарийлер арқылы біз қазақ даналығының «проблемалық тарихына» жол аша алар едік. Қазір болса, біз, қазақ даналығы тарихы (қазақ философиясы тарихы) туралы айтқанда шашыраңқы күйден аспай келеміз. Концептуалды деңгейге әлі де жете алмаудамыз. Қазір мұнымен Қазақ ҰУ-нің  «Әл-Фараби мұрасын зерттеу орталығы» айналысады. Өткен жылы университетте «Әл-Фараби оқулары» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Сол конференцияда біздің «философиялық ой» деңгейі білінді. Мысалы, конференцияда  басты «баяндаманы» ақын Олжас Сүлейменов жасады. Бірақ, оның мазмұнын «философия» емес, «Олжастың беделі» құрады. Конференция негізінен «Фарабидің кім екендігін еске салу», «Оның қанша кітабы шығарылды» деген анықтамалық сұрақтарға жауап беріліп, Фарабидің «қазақ екендігі» баса айтылды. Алайда, конференцияның аты айтып тұрғандай «Фарабиді оқу» мүмкін болмады. Одан «Әл-Фараби ұлы философ?» деп емес, «Әл-Фараби ұлы бабамыз!» деп шықтық. Ал, Фараби ілімінің кейбір аспектілерін қатты сынға алған Әзербайжан философына мәртебелі жауап берілмегені – намыстандырды. Бұл қазақ философиясына  сын болды.
Кезінде, «қазақ даналығы» мәселесімен жекелеген ғалымдар айналысты. Мысалы, қазақтың 20-шы ғасырдағы шын мәнісіндегі ұлы философы Ағын Хайроллаұлы Қасым­жанов алғаш рет қазақ философтарын біріктіріп, «Қазақ» атты философиялық жинақ шығарды. Онда ол қазақтың салт-дәстүрлері мен тарихына, дүниетанымдық ерекшеліктеріне философиялық көзқарасты қалыптастыру, сол арқылы ұлттың «бүтін болмысын» тануға деген талпыныс жасады. Өкініштісі,  А.Қасымжанов 2000-шы жылдары өмірден өтіп, ол бастаған үлкен жоба әрі қарай жалғасын таппай қалды. Себебі, одан кейін елімізде Қасымжанов деңгейіндегі ойшыл ортаға келген жоқ. 
Қасымжановтан кейін қазақтың филосо­фиялық ойын зерттеу міндетін өте дарынды философ, МГУ түлегі, профессор Мұқанмадияр Орынбеков өз мойнына алуға әрекеттенді. Ол «Протоқазақтардың алғашқы философиясы» атты шағын да мазмұнды монографиясын (орыс тілінде) жазып, Қазақ халқының көнеден келе жатқан тарихы мен салт-дәстүрлерінің, дүниетанымының қазіргі заманмен сабақтастықтығын зерделеуге талпыныс жасады. Бірақ, біздің тарихи ғылымның өзі осы уақытқа дейін «қазақ халқының тарихи тұтастығына» қол жеткізе алмаған себепті −  Мұқан ағаның еңбегі де өз бағасын ала алмады. Ұлағатты ұстаз М.Орынбеков қайтыс болып кетті. Оның бұл еңбегіне тек қана 2012-2013 жылдары,  Елбасы тапсыруымен «Қазақ ұлтының тұтас тарихын қалыптастыру» туралы мәселе көтерілгенде ғана, назар аударылғандай болды… Сол кездегі  мемлекеттік хатшы М.Тәжиннің  тарихшылар мен мәдениеттанушылар алдында жасаған «тарихи баяндамасынан» кейін тарихшылар мен философтар «бізге қандай тарих қажет екенін» ойлас­тыра бастағандай болды. Бірақ, соған қарамастан, М.Орынбековтың ол кітабы әлі де қазақ тіліне аударылған жоқ. Ал, М.Орынбековтың өзінің қайын атасы, әлемдік деңгейдегі қазақ ғұламасы Әлікей Марғұланның жеке архивіндегі құны жетпес деректерді қолданғаны мәлім. Еңбек философиялық мағынасынан бөлек, сонысымен де құнды! Әттең, Мұқаң ол ісін енді әрі қарай жалғастыра алмайды, ал, Мұқаң сияқты философ өмірге келе ме, келмей ме, келсе де Марғұлан сынды ғұламаның мұрағатына кіруге өресі жете ме, жетпей ме  – біз үшін беймәлім…
Мұқан Орынбековтың еңбегі туралы айтқанда, келесі бір мәселенің басы көрінеді, ол − тарихшыларға қатысты мәселе. Біздің тарихшылар «тарих» дегенді өздерінің  «меншікті ілімі» деп санауға бейім тұрады. Сірә, бұған тарихты зерттеуге деп бөлініп жатқан мол қаржының тікелей әсері бар шығар. Дегенмен, олар ұлттың мәдениеті мен дүниетанымы тарихын толық қамту, ең алдымен, «философиялық мәселе» екендігіне назар аударуы тиіс еді. Өйткені, «ұлттың бүтін болмысын» немесе тұтас тарихын құру объективті шындыққа жүгінгенде және соған сай оны философиялық-логикалық тұрғыда меңгергенде ғана мүмкін («тарихилық принципі» – «принцип историзма»). Себебі, тарихтағы барлық оқиғалар себепті-салдарлы. Оған жасанды конструкцияларды жапсыра алмайсың. Олай еткенде − «тұтас тарих» та өмірге келмейді. Ендеше, тарихшылар тарихты зерттеу барысында «тарихшы» ғана емес, бір мезетте «философ», «логик», «мәдениеттанушы «археолог», «деректанушы», «анотом» және т.б. ғалымдар ретінде көрінуі тиіс. Біздің тарихшылар әзірге ол деңгейден табыла алған жоқ. Сол себепті, олар әлі де болса «тарихты өзгелерден алып қашқанды» тәуір көреді…  Сөйтіп, тарихты философиялық тұрғыдан қорыту жетіспегендіктен, қазір «тарихшы көп,  ал, «мемлекеттілігімізді» тарихтың терең қойнауынан алып шығатын тарих жоқ» деген пікір айтылып жүр. Мұны жаны бар сөз десек болады: мысалы, биыл Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өткелі отырмыз. Біздің халық ретінде «қазақ» атануымыздың бастауы содан шығады. Бірақ, солай бола отырып, ол дата «хандықтың» бастауы бола ала ма? Тарихшылар бұған «иә» деуі мүмкін, себебі, бұл тарихи дерек («Хандықтың құрылуы»)  тарих ілімі заңдылығы бойынша нақты дерек – өзінің тарихи орнын тауып тұр. Ал, философтар ешқашан олай демес еді. Себебі, философия ілімі тұрғысынан «хандықтың құрылуы» – «өзіне өзі себеп бола алмайды»! Ендеше, философиялық тұрғыда «мемлекеттігіміздің» («хандықтың») шегін одан да тереңге жетелеу қажет болады… Сөйтіп, бұл «философиялық тұжырым» философияның өзін емес, тарих ғылымын кеңейтуге жол ашады.  …Міне, тарих пен философияның «бірігуінен» осындай мәселелер туындайды! Ал, ондай «ақтаңдақтар» біздің бүгінгі тәуелсіз тарихымызда толып жатыр. Олай болса, «тау Мұхаммедтен қашса, Мұхаммед оған өзі келеді» демекші, қазақ еліне қатысты тарихты зерделеу ісінде философтардың тізгінді өз қолдарына алуға ұмтылулары қажет-ақ! 
Тақырыпқа қайта оралсақ, осы мәселені зерттеуші ғалым, қазақ философия ғылымына өлшеусіз үлес қосқан, ұзақ жылдар философия факультетінің деканы болған Ораз Аманғалиұлы Сегізбаевты атамай кетпеуге болмайды. Ол Кеңестік идеология  қалыбындағы «қазақтың  ұлттық санасы ағартушылық деңгейден аспаған» деген кездің өзінде-ақ «Қазақ ағартушылығы» тақырыбын көп зерттеді. Әсіресе, оның «ағартушы» Шоқан Уәлихановтың еңбектерінің философиялық мазмұнын ашуы  − сол кезде үлкен ерлік болды. Сегізбаевтың арқасында біз Шоқанның «қазақ халқының ұлы ойшылы» болғанына көз жеткізе бастадық. Оның «ағартушылығы» ойдан құрастырылған «жасанды-идеологиялық конструкция» екенін О.Сегізбаев астарлы түрде айта білді. Ал, енді, тәуелсіздіктен кейін қоғамның өткір мәселесін философиялық тұрғыда көтере білген философтар саусақпен санап аларлық қана екенін айтпасқа болмайды. Соның бір емес бірегейі Алдан Айымбетов ағамыз еді. Ол өзінің терең білімінің арқасында ұлт пен мемлекет мәселелерін универсалды тұрғыда  ұғуға және зерттеуге қол жеткізді. Тек осы тәсілді игерген философтар ғана қателіктерінің ішкі мазмұнын көре алады. Сондықтан, қоғам болашағын болжау қабілетіне ие. Алайда, біздің авторитарлы жүйеге Алдан аға тақылеттес философтар аса қажет болмады. Бізге, керісінше, философтар емес, қателіктерді жымдастырушы риторларға деген сұраныс жоғары бола түсті. Ол туралы өткен жылы ҚазҰУ-де өткен «Қасымжанов оқулары» конференциясында ұлтшыл-мемлекетшіл философ, ф.ғ.д., профессор Мұрат Сәбиттің патриот азамат ретінде ащы шындықты айтқаны есте. Ол: «Біздің философия ақиқат жолынан алшақ кетті. Жарамсақтық басты тақырыпқа айналды. Әсіресе, философияны ұлттық мүддеге қарай бұру мүмкін болмай барады.Мәселен, Қазақ даналығының философиясынан бастап, Абай, Шәкәрім, Шоқан және тағы басқа толып жатқан қазақ билері мен абыздарының философиялық түйінді ойларын жинақтап, оған түсініктеме берілген жоқ. Тіптен, әлі күнге дейін «Қазақ философиясы» деген оқулық жоқ екені ұят емес пе? Философия ғылымы методологиялық бағытын жоғалтқанда, әркім өз бетімен философ болуға мәжбүр. Ондай мемлекетте ешқандай идеология өмірге келуі мүмкін емес» деді. Өте жаны бар сөз. Ол туралы аты-жөнін көрсетпеуді өтінген философия доценті «Бізде сыни философияға жасырын түрде тыйым салынған. Ақиқатты айтатындарға трибуналар барынша жабық» дейді. Осындай – философиялық еркін ойға қатаң цензура бар жерде − философия ілімі ғана емес, философтар да депрессиялық жағдайда болатыны кеңестік заманнан белгілі емес пе? Неге ол бізге сабақ болмайды? Сондықтан болар, еркін ойлы философтар тарыдай шашырап кетті. Ал, қазақ даналығын әлемге алдымен жетелейтін солар емес пе еді! Бірақ, «тамшы тас теседі» деген бар. Қазақтың тағы бір «ұлтшыл» философы, МГУ түлегі, ф.ғ.д., профессор, «Ақиқат» журналының тұрақты авторларының бірі − Жақан Молдабеков әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ-нің «Философия және саясаттану» факультетінің студенттеріне арнап «Қазақтану» курсын ашты деп естідік. Бұл өте оңды қадам − «Қазақтану» мәселесі университет студенттері үшін ғана емес, әлдеқашан «Қазақстан мемлекетінің ең өзекті мәселесі» болуы тиіс еді. Мемлекет оны әлі күнге дейін ескерусіз қалдырып келді. Мемлекет тарапынан осыған дейін жүзеге асырылған «Мәдени мұра» және өзге мәдени шаралардың бәрі де «қазақтану» ілімінің негізін құрайтын материалдарды жинақтады. Енді, сол бай қорды «философиялық қорыту» кезеңі келген сыңайлы… Егер, бұл істі бүгін бастамасақ – жиналған мәдени мұра ешқашан  ұлт үшін жұмыс жасамайды. Музейлер мен архивтердің қалтарысында қала береді. Сонымен қатар, бұл мақалада «қазақ философиясын» дамытуда біршама еңбектенген философтарды атап өткен ләзім, олар: мәдениеттану саласында Т.Ғабитов, диалектикалық даму заңдарын зерттеуде – А.Қасабеков. діни философияда – Ж.Алтаев. Сондай-ақ, А.Айталыұлы, Д.Кішібеков, Қ.Жүкешовтер өздерінше бір төбе. Сонымен қатар, қазақтың ұлттық ділі мен психологиясын, ойлау ерекшелігін жетік меңгерген Ғ.Есім Абай мұрасының философиясын зерттеуде біршама жетістіктерге жетті. Ал, Қазақстан мемлекетінің дамуын әлемдік тәжірибемен ұштастыра зерттеуші Сағади Бөлекбаевты осы саладағы бірегей философ десе болады.  Бірақ, өкінішке орай, мемлекет дамуы пен философиялық ой арасындағы сәйкестік бүгінде жоқ.  Мемлекет саяси және экономикалық қателіктердің нәтижесінде өзінің потенциалды даму мүмкіндігінен кеш қалып қойды. Сондықтан, біздегі ғылымда (философия ғана емес) прогресс қатты баяулады. Тіптен, кей салада регрестік жағдай кездеседі. Бүгінде осы тығырықтан шығу үшін: 1. Ой еркіндігін қамтамасыз ету; 2. Мемлекеттік тапсырыс; 3. Ақпараттық қолдау; 4. Білім беру жүйесін жетілдіріу; 5. Жастар мәдениетіне көңіл бөлу, таланттарды тауып, көзіне шырақ жағу және т.т. шаралар қолға алынуы тиіс. Ал, ондағы ең басты мәселе −  қазақтың философиялық тілін бір жүйеге түсіру, қалыптастыру міндеті! Ал, онымен мемлекеттік тапсырыс­пен арнайы топ ұдайы айналысулары қажет. Өйткені, қазақ философиясы әлемге тек «қазақы оймен» ғана таныла алады. Басқаша болуы мүмкін емес. 
Жарымжан философия дамудың көпастарлы ерекшелiгiн 
бейнелеуге қабiлетсiз
 Бірақ, философия онымен де шектеліп қалмайды. Қазiргi кезде философ атағынан үмiтi барлар өз санасында «философияны бiртұтас меңгеру қажет» деген талапты сiңiрiп отыру қажет. Шығыс ойшылдарының басты идеяларын түсiнбеген, Платон мен Аристотельдiң, Декарт пен Спинозаның, Кант пен Гегельдiң және көптеген ұлы фило­софтардың еңбектерiн оқымаған шалалар «философ» деген атауға келмейдi. Олар әлемдiк философия тарихында мойындалған философия принциптерi мен заңдылықтарды ұқпаса, онда қазiргi заман ерекшелiктерiн де, қазiргi ойдың даму тенденцияларын да түсiнуден тысқары қала бередi. Өйткенi, өмiрдiң өзi сияқты философия мен оның категориялары да үздiксiз даму үстiнде болады. Ендеше, біз өз дамуымызды қалт жібермей қадағалап отыра алатындай деңгейге жетсек қана − философиялық іліміміз  нақты мағынаға ие болды дей аламыз. Болмаса, шалажансар күйде қала береміз. Философия – қатып-семiп қалған ұғымдар жиынтығы емес. Ол да үздiксiз даму үстiндегi құбылыс. Оны әрбiр философ, әрбiр дәуiр өз ерек­ше­лiктерімен толықтырып, жаңа таныммен тереңдетiп отырады. Сондықтан, қазiргi заманның философы тарихтан нәр ала отырып, өзi де философиялық рефлексияға бара алмаса, онда ондай философия жалпылама абстрактiлi үстiрт түсiнiктердiң жиынтығынан әрi аспайды. Ол мәндi ашуға, яғни, нақты бiлiмге қол жеткiзуге, үздiксiз даму үстiндегi күрделi процестердiң мағынасын өз заманына сай ашуға мүмкiндік бермейді. 
Философияның дамуы адамзат мәдениетi мен дүниенi меңгеру тәсiлдерiнiң даму кезеңдерiмен сәйкес. Мұндай байланыс кездейсоқтық емес. Ол мән негiзiнде жатқан қажеттiлiктен туындап отырады. Сондықтан, бiз қазiргi зерттеулерiмiзде осы мәселеге көбiрек назар аударып: «бiздiң мәдениетiмiз қандай?», «өмiр сүру әрекетiмiз қандай?», «олар жан-жақты үйлесiмде ме?», «өрлей дамуға негiз боларлық нәрсе не?» деген сұрақтарды үнемі қойып отыруымыз қажет. Бұл сұрақтардың барлығы да бiз үшiн жаңа сұрақтар болса да,   өткенмен тығыз контексте тұрған мәселелер. Ендеше біз философиялық зерттеулерді олардың генезисiмен, қоғам мәдениетi тарихымен тұтастықта қарастыруымыз қажет. Ал, бұл проблема – мұхиттың  тереңi сияқты түпсiз нәрсе. 
Философияның саясатқа не жеке мақсатқа қызмет етуі – рухани 
дағ­дарыстың көрінісі 
Оны біз ең алдымен адами факторлармен байланыстырар едік. Себебі, жаңа өмір ағымында алдыңғы қатарға іскерлік қабілет шығып, рухани принцип ретінде материалдық құндылықтар басымдыққа ие болды. Бұл адамдарды төте жолмен прагматикалық қадамдарға бет бұруға итермелейді. Әрине, экономикалық тұрғыда бұл – алға басушылық болар. Бірақ, егер қоғамдағы философиялық сана осы бағытқа бет бұрса, онда бұл – қоғамның рухани дағдарысының, жаппай тоқырауға ұшырағанының белгісін білдіреді. Мәселен, бұрын қазақтан шыққан философтар аса көп емес-ті. Барлары халыққа біршама танымал болды. Міне, сол аздаған «күшпен-ақ» қазақтар өздерін көрсете білді. Өзгелер олардың пікіріне құлақ асатын. Ал, қазір ше? Қазір философ болу кім көрінгеннің қолындағы нәрсе. Бірде мен ҚазМҰУдегі диссертация қорғау Кеңесінің отырысына қатыстым. Онда бір қыз «Қуыршақ театрының балалар дүниетанымын қалыптастыруының философиялық мәселелері» аттас тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап жатыр екен. Сұрастыра келсем, ол қарындас елімізге танымал бір өнер қайраткерінің туысы екен. Сонда: «Қазір философия мәселелерінің өзі жеке адамдардың қалауына қарай туындайтын болғаны ма?» деп ойладым. Шынында да, ол жерде «қуыршақ театрының» ерекше бір қойылымы өтті. Мүйізі қарағайдай философтар «қуыршақтың философиядағы маңызы» туралы небір дәлелдер келтірді. Ақыры бәрі соған бас шұлғып, асығыс түрде банкетке аттанды. Әйтсе де, «бұл тақырыпты философияға енгізген жетек­ші кінәлі ме, әлде оны қараған Кеңес кінәлі ме?» деген көкейдегі  сүрақ жауап­сыз қалғаны рас. Ал, бұл тақырыптың «өнер­тану» немесе «педагогика» ілімдері сала­сы­ның тақырыбы екеніне ешкім назар аударған да жоқ.
Қаршадай қызға «философ» болу не үшін қажет болды екен?  Мұндағы мәселе төркіні осында секілді. Яғни, бұдан философияға деген қатынастың ма­ғы­насын анықтауға болады. Бұл − бірінші сатыдағы философтар – фило­­софияны кәсіп санайтындар, «фи­лосо­фияны ерттеп мінушілер». Олар үшін философиялық рефлексия маңызды емес − атақ маңызды, яғни, оның сыртқы кө­рінісі − алдамшы түрі ғана маңызды. Фи­лософия болса – үй күтуші ғана. Ондай саудамалы философияның (спе­кулятивная философия) «аты бар да заты жоқ». Мұндайлардың қатары қа­зір тым көбейіп кеткені рас. Әрі, қо­ғамдағы философиялық ойдың құнын түсірушілер де (дискредитациялаушылар) осы қатардан көптеп шығуда. Бірақ, олар фи­лософиядан аулақ болуы себепті – оның зиянын ұғуға қабілетсіз. Керісінше, іскер, пысық болуы себепті – өздерін «нағыз философтар» ретінде көрсетуге аса шебер. Екіншілері, олардан жоғарырақ тұрғандар – «философияның құмырсқалары» (Олардың қатарына өзімді де жатқызғым келетінін жасырмаймын – Ә.Б.). Олар күнделікті қызметінде студенттерді, өз оқырмандарын (халықты) философиялық ойлау мәдениетіне үйретіп, азды-көпті  ізгілікті істер атқарып жатқандар. Олардың саны біршама тұрақты: қатардағы оқы­тушыдан бастап, ғылым докторларын, журналистер мен публицистер қауымын қамтиды. Бірақ, бұл ортаны да философияны ілгерілететін, жаңа сапаға көтеретін саты дей алмаймыз. Себебі, ол ортада философиялық тұтастық жоқ. Әркім өз таңдаған проблема аумағымен шектеулі. Ал, үшінші, жоғарғы деңгейде тұратындар − «философияның бал аралары». Мінеки, философиялық ақыл-ойды дамытушылар нағыз осылар! Өйткені, олардың философиясы өмірлік мақсаттарымен біртұтас бірлікте. Мақсаттары да кең форматты: бүкіл қоғам болмысын және тарихты тұтас қамтуға ұмтылады. Бірақ ондай тұлғалар аз. Олардың арнайы философиялық білімі де болмауы мүмкін екендіктен (болғаны жақсы, әрине), олар қоғам өмірінің әр саласында жүруі кәдік. (Мысалы: Спиноза секілді етікші болып). Олар үшін философия кәсіп емес, міндет те емес – өмірінің діңгегі, алтын қазығы. Өмір ондай адамдарды қай арнаға апарса да, олар айналып жүріп философиясына қайта оралады. Тағдырдың жазуы солай болғасын, қайтеді… Яғни, бұлар Тәңір жазуымен адамзат (қоғам, ұлт, мемлекет) ақыл-ойын алға сүйреушілер. Олардың алдыңғы қатарында бүгінде өмірден озған қазақ философиясының қос тарланы, философия ғылымдарының докторлары, профессорлар Нұрлан Сейтахметов пен Бекет Нұржанов тұр. Әттең, ол екеуі де қазақ ғылымының маң­дайына бұйырмады. Бұл философ ға­лымдар өздерінің іргелі философиялық еңбектерімен енді ғана әлемдік философия кеңістігіне ене бастаған кезде, бірі – Нұр­лан алпысты алқымдап қалғанда, не­міс және ағылшын, бірі – Бекет алпыстан енді асқанда, француз және ағылшын тіліндегі еңбектерімен әлемге таныла бастағанда – екеуін де ажал арамыздан алып кетті… Ендігі жерде олардан қал­ған жүк өздерінің әріптестері, белгілі ғы­лым докторлары, профессорлар Сағади Бөлекбаевқа, Ғазиз Телебаевқа, Жақан Мол­дабековке, Серік Нұрмұратовқа, Мұрат Сабитке және бірқатар философтардың иығына түскелі тұр. Өкініштісі −  жоғарыда аты аталғандардың барлығы дерлік кеңестік білім беру жүйесінен шыққан философтар екен. Ал, соңғы толқыннан талантты философ, ҚазМҰУ профессоры Сейілбек Мұсатаев қарқынды еңбек етуде. Неге бұлай? Бұл, мүмкін, философиялық білім берудегі дағдарыстың салдары шығар? Ол, енді, бөлек мәселе… 
Кез келген ғылымның дамуы дәл осылай – сатылы түрде іске асады. Ондай «бөліну» қоғам өмірінің бар саласына да тән құбылыс. Бірақ, философия мәселесі − айрықша мәселе. Себебі, қазір біздің қоғамда интеллектуалдық құндылық ретінде ғылымды алға сүйреуші «бал аралары» мен оны таратушы «құмырсқалардың» құны тым түсіп кетті. Керісінше,  алдыңғы қатарға ғылымды «ерттеп мінушілер» шығып, ойқастап жүр. Тізгін қолға тигесін, олар «философия» деп аталатын ғылымды «есек етті» (тұлпар деуге қимайсың). Оңды-солды далақтап шапқылауда.  Мінеки, нағыз қасірет осында жатыр. Себебі, адамзаттың ақыл-ой жетістігінің шыңы саналатын бұл ілім күйбің тірлікті күйттейтін саясаттың «қызметшісіне», кейбір жалған концепцияларды алға сүйрейтін «бурлакқа» айналды. Өкінішке орай, мұндай «философияның» шындығында ешқандай шындық жоқ. Оның шындығы – ыңғайына қарай түсін өзгертетін хамелеон! 
Құрметті оқырман, жалпы, менің бұл мақалам тіптен де философия туралы емес еді. Өйткені, әрбір мемлекеттің, қоғамның шын мағынасы − адамдарының жасампаздығынан көрінеді. Ал ол жасам­­­паздықтың сипаты – қоғамның өзін өзі тани алуымен өлшенеді: егер жасам­паздық биік философиялық пафоста болса – ол қоғам жалған идеялардың жете­гінде кетпейді, өзінің бар мүмкіндігін әділеттілікпен  және шындықпен бағалай алады. Соған сүйене отырып, ондай қоғам өзінің көшбасшылығына, билік олимпіне асыл қасиеті мен қабілеті сай  келген, сұңғыла көрегендерін алып шыға  алады. Оған қол жеткізген қоғам −  өте бақытты қоғам. Ал, алып шыға алмаған қоғамнан өткен бақытсыз қоғам жоқ…  
Мақаланың айтайын деген ойы осы болатын… 
 *Квинтэссенция – лат. 1.болмыстың төрт мәнiнен (ауа, жер, су, от) жоғары тұратын, осы мәндерiң бәрiнiң мәнi болып табылатын  Мән (Эфир). 2. Кез-келген нәрсенiң негiзгi маңызы.

Алдыңғы «
Келесі »

3 Пікір бар

  1. Әбдірашит салем бердік,Ақиқат журналындағы “Әлемді мойындатқан қазақ филосфы неге жоқ№?” мақалаңды оқыдым ,тағы да қайталап оқыдым. Қазіргі қоғамды ойландыратын мәселелерді қозғапсың, Рахме саған.Әсіресе бізге дәріс берген ғұлама ұстаздарымды жылы еске,олардың ғибратты ойларын керемет қағазға түсіріпсің бауырым! Қоғамды ақша билеген заманда терең ойлайтын адамдардың азайып бара жатқаны менде білмей қалдым. Қоғамға сен үлкен ой салып отырғаныңа қуанып отырмын! Рахмет саған Рашит. Сәлеммен курстасың Мира

  2. Абеке, ойларынызды куптаймын. Бир кезде гылымнын бари философия деп аталатын еди. Окинишке орай маркистик камытты алып тастаганмен, тауелсиз гылымнын жолы кесилди. Адамзат ойынын дамуын тарк етип биз ешкайда бармаймыз, дурысы багыт багдарды аныктай алмаймыз. Барша галымга ой салатын макала екен.

  3. Әбдірашит Бәкірұлы тың идеяларымен, өзекті зерттеулерімен, өткір сын мақалаларымен танылған ғалым әрі шебер журналист. Көзі ашық, көкірегі ояу оқырмандар оның шғармашылығымен жақын таныс. Бұл жолы да толғақты мәселе көтеріпті. Философия ғана емес, барлық ғылым салалары қиын жағдайды бастан өткеруде. PhD докторантура ашылғалы бері қазақ ғылымы тоқырауға, азып тозуға көшті… Импакт фактор журналдардың көбісі аферситердің ақшща жасайтын құралына айналды. Қанша қазақ сондай басылымдардың құрбаны болып, қорғауға шыға алмай қалып жатыр… Дәстүрді сақтамай, ғылыми мектептердің қадірін білмей, реформалардың соңына жетпей батыстану, “Болондану” қазақ ғылымы үшін азап болды… өкінішке орай, білімі мен біліктілігі күшті ғалымдарымыз о дүниелік болып кетіп, қатарлары сиреуде. Ал жас ғалымдар туындауы тар жол, тайғақ кешуге мәжбүр…

Пікірлерге тыйым салынады.