КӨЗДІҢ СОҚЫРЛЫҒЫ ТҮК ЕМЕС, КӨҢІЛДІҢ КӨР СОҚЫРЛЫҒЫ ҚИЫН…

  • 13.01.2015
  • 826 рет оқылды
  • 14

Айнұр ТӨЛЕУ, 
журналист

Жоғалтып алған жағалау
Біздің түп-тамырымыз тереңде жатыр. Ауада қалқып тұрған қазақ жоқ. Іргеміз мықты қаланып, тамырымыз тереңге бойлап кеткен. Сондықтан болар, біреу тексізсің десе өре түрегеліп, өршелене сөз бастаймыз. Бабамыздың батыр болғанын, атамыздың ақын болғанын түгендей жөнелеміз. Бабасы батыр емес қазақ жоқ. Бірақ, батырлар да руға бөлінеді. Біз қазақтың Райымбегі дегеннен көрі, албанның батыры дегенді құп көреміз.

Одан қалса Махамбетті қазақ емес, Қарасайды ойдан сомдалған батыр дей саламыз. Неге? Себебі, бір ру бір руды басуы керек қой. Солай болуы тиіс. Олай етпейін десең  батыры бар ру күллі қазақ жерін, соның ғана бабасы қорғағандай кекірейеді келіп. Қалай намыстанбайсың? Намысыңа тиіп кеткен соң аласың да, әрбірден соң, ол қазақ емес деп шыға саласың. Нәтижесінде жер біздікі деп кердең басып жүрген қазақтарға бұл мекенді қазақ емес батырлар қорғаған болып шығады. Өзіміздің арамыздағы көре алмастық осындай нәтиже шығаруға итермелейді. Ал, бұл нәтижеге өзге ұлттар мүдделі. Енді, біраз жыл өткен соң, «саяси қуғын көріп жер аударылып келгенсіңдер, біз құшағымызды аштық, тамағымызды тостық» деп айта алмай қаламыз. Себебі, олар «ашсаң қайтейін, бұл жерді де өзге ұлттың батырлары қорғаған» деп шыға келеді. Ұлы тұлғаларды қазақ емес деген гипотезалардың ұсынылып жатқандығының түпкі саясаты осы деп ұғамын. Бір ұлтты жоқ қылып жіберудің астыртын әрекеттері жүріп жатыр. Алдымен сүт бетіндегі қаймағың қазақ емес болып шықса, бізге де қазақ болудың қаншалықты қажеті бар? Ол ол ма? Өзімізді жер бетінен жоғалтудың түрлі амал-тәсілдерін өзіміз жасап жатқанымызды біз аңғармаймыз да, байқамаймыз. Ел арасында «Қазақтың қазақ аяғынан тартпаса, көңілі көншімейді» деген сөз бар. Оны бәріміз білеміз. Осы мәселеге бетпе-бет келейікші. Неге қазақтың қазақ аяғынан тартады? Мен бұл сұраққа жауап іздеп тауып көрдім. Бәлкім сіз келіспейтін боларсыз. Келіспесеңіз сіз де ізденіп көріңіз, толықтырыңыз.
Айнадағы келбет
Өзім құралпы замандастарымның бала­­ларының алды мектепке барды. Бала көрсем сөйлеткім келіп тұрады. Олардың сөзінен ертеңіміздің бағдарын, бүгініміздің келбетін аңдауға болады. Олар – біздің ай­намыз. Сол айнаға қарап тұрып мен бір күні қазақтың бейнесін көріп қалдым. Әлгі балдырғандардың көбі «Кім боласың», – деген сауалға «Президент» немесе «Депутат боламын», – деп жауап қайырады. Енді бірі, «Бастық» боламын дейді. Арман деген  адамды келешекке талпындыратын, өмір сүруге құштарландыратын – «қару». Ал, енді, оның барлығына өскенде приезиденттік «тақ» пен депутаттық орынды қайдан тауып береміз? Әлбетте тауып бере алмаймыз. Ілуде біреуі суырылып барып аппақ арманына қол жеткізер. Ал, бала арманына қиянат кел­гендері қайтеді сонда? Президентті жаман­дайды, сәл қияс кеткен тұсын күтіп отырады, қысқасы билікке таласады. Демек, аяқтан шалуды біз бойымызға бала кезде-ақ бағдарлама ретінде енгізіп қойғанбыз. Бұл індет бізге бұл ғасырда ғана келген жоқ. Бұрыннан бар. Билікке таласушылар аз болса, Абай «Болыс болдым мінекей, бар малымды шығындап» деп жазбас еді. Ол рас, билікке таласпайтын да топ бар. Олар бала кезінде президент болуды армандап жүрген жоқ. Бірақ, оларды біз тым жасық етіп өсіріп жатырмыз.
Жалсыз жылқы – жалтақ
Тағы да сол тәрбие туралы толғау ғой. Қоғамдық көлікте қазақтың баласы тып-тыныш отырады. Қазақтан өзгенің баласы ата-анасымен сөйлесіп, өз пікірін ашық түрде айтып келе жатады. Неге? Себебі, біздің бала сөйлей бергенде, несие мен қу тірліктен басы қатып жүрген анасы «тыныш отыр, анау тәте ұрысады» деп қайтарып тастайды. Осыдан соң бала аузымды ашсам ұрысқақтар анталай жөнеледі екен деп ойлайды, ашылмайды, іштен бұғып, тұйық болып өседі. «Кісі келсе бала мен ит құтырады» дейтін қазақ, баланы мейманмен де қорқытып алады. «Өз бөлмеңе кіріп отырмасаң, ана ағада укол бар екен, саған салу үшін келіпті, тығыл!» Үрейлендіру – жасықтық пен жалтақ адамның өсіп шығуына  кепілдік береді. Жасық қазақ өз құқығын қорғай алмайды, несібесінен қағылып, Жетім бұрышты жағалайды. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген Б. Момышұлының сөзін көбіміз білеміз ғой. Ұлт үшін білімсіздік – қасіретке бас­тайтын жалғыз аяқ жол. Ал, Жалтақтық пен Жасықтық – білімсіздіктен де асып түсетін маңдайға жабысқан шөңгемен тең. Сондықтан, заманнан қалмасын, ағылшынды білсін, компьютерді түсінсін деген ұрпағымызды жасықтықтан адалап өсіретін сәт жетті. Рас қой, ақыл айту әсте оңай. Қым-қуыт күйбең тірлікте баласын аш-жалаңаш қалдырмағанына қуанып жүргендер де бар. Бірақ, біз аз ғана қазақпыз. Әлқисса, азымызда сапа болғаны жөн. Сапалы ұлт қана ғылым жаратып, ақыл-ойын капиталға айналдыра алады.
Қара мұнай … аппақ ми
 Ала дорба арқалаған күшті ақшаға айналдырғаннан көрі, қара шаштың арғы жағындағы аппақ мидан тамған ақылды ақшаға айналдырған жақсырақ емес пе? Сондықтан, әр қазақтың шаңырағының астында «Мен президент боламын» деген балаға қарағанда, «ғалым болғым келеді» деп армандайтын келешек өсіп жатуы керек деп есептеймін. Ғылым-шексіз, әрі шетсіз. Президенттің орны секілді бір ғана тақтан тұрмайтын, ғылымда қазақ балаларына орын молынан жетеді. А, біз әлі «Ғылым таппай мақтанып, құмарланып шаттанып» (Абай) жүрміз.
Идеология исініп кетсе…
Қай ауылға бармайын елуден асқан, жұмыссыз отырған әкелерді көремін. Барлығының дипломдары бар, ақылдары да аз емес. Олар неге жұмыссыз? Себебі, олардың мамандықтары сұранысқа сай емес. Бір кездегі зоотехниктер мен мал дәрігерлері, агрономдар қазір қала мен ауылдың арасында адам тасып күнелтіп жүр. Бұлар басқа мамандық таппай қалғандай, барлығы неге ауыл шаруашылығы саласына түскен деп ойлаушы едім. Оның да жауабын тапқандаймын.  Қазақтың сүт бетіндегі қаймағын сыпырып алған Кеңес үкіметі қара халықты құлдыққа салудың тамаша әдісін тапқан. Ол жер жыртқызып, орақ орғызу және мал бақтыру. Озат қойшы, үздік диқаншы деген мадақтамаларды айтып, мақтап қойып аямай жұмысқа салады-ай келіп. Мал төлдетіп, шаруадан қолы тимейтін қойшының баласына арнап интернат ашып қойған. Олар сонда жасасын Кеңес одағы деп оқи береді. Озат та белсенді оқыған баланы жоғарғы оқу орнына түсіру керек. Басқа емес ауыл шаруашылығына қатысты мамандықты оқытқан жөн. Сонда қазақ қалаға келмейді, оқуы біткен соң қайтадан ауылға қайтады. Малдың соңында құрғақ мақтауға малданып жүрген әкесі мен шешесінің қасына барып мал дәрігері болып шыға келеді. Осындай көзге көрінбес «әдемі» жүйе болған екен. Қазақтың көзі ашылып, оқыды дейміз. Қазақ сол кезде не оқыды? Ауылға барып мұғалім немесе агроном болуды оқыды. Үкімет құлады, өкімет өлді. Нарықтық жүйеге негізделген мемлекетте маман тапшылығы деген тықыр таянды. Ауыл шаруашылығын бітіргендер сеніп жүрген совхозы мен көріп жүрген колхозының күлі көкке ұшқанына көндігуге тура келді. Көнбегендері әлі де Кеңес одағын мақтап,  шырт түкіріп қазіргі саясатты талқанын шығарып талқылап жүр. Оларды да түсінуге болады. Кеудеме алтын жұлдыз қадаймын, мен шындықты сүйетін коммунистпін деген мақсат пен мұратты күйретіп алу оңай ғой дейсіз бе? Адал бол деп алқымына алқа тағып беретін үкіметтің өзі қазаққа қатысты осындай құйтырқы саясат жүргізгеніне олар әлі де сенгісі келмейді. Исініп кеткен идеологияны тартқылай бергеннен сүт шықпайды.
Тобықтай түйін
Өткеннің өнегелі тұстарын жоққа шы­ғаруға да болмас. Көздің соқырлығы түк емес, көңілдің көр соқырлығы қиын ғой. Әлі талай рухымызды түсіруге бағытталған әрекеттер болады. Барымызды бағалап, жоғымызды түгендейтін кез келді. Риза болған баласына «Молда бол» балам деп бата беретін аталардың ақ тілегі енді «Ғалым бол, қарағым» деген тіркеспен ауысатын шақ туды. 

Алдыңғы «
Келесі »

14 Пікір бар

  1. Алла разы болсын!
    Шынайы жазылған шығарма!
    Мамандық алу керек қой!

  2. Ащы да болса шындық. Ойланатын, дұрыс шешім, біз үшін емес, ұрпағымыз үшін дұрыс болатын шешім жасайтын кез кеді

  3. Айнұрдың басқа да жазбаларын қайдан оқуға болады? Мен бүгін әкеме бірінші рет әйелден журналист шықпайды деген кереғор пікірін қайтып алғыздым. Өзі мал дәрігері емес пе, отырып ойланып қалыпты. Ол да кеудесіне қызыл жұлдыз қадауды сондай армандаған)))

  4. Ақиқатын айтайықшы

  5. Айнұрды Жандос досым коп мақтаушы еді, мақалаларын оқып болып менде мақтағым келіп отыр.
    Айнұр! шығармашылығың шыңдала берсін, саған еліктеген жазушы сіңілілерің көп болсын! бұл енді тіліек.

  6. Мен гой мен.

  7. Осы шындықты кеңес одығы кезінде білгендер болды мекен

  8. Менің әкем аграном. Қазір мектепте қарауыл. Кеңес Одағы кезінде ол Ауыл кеңесінің төрағасы болған. Әлі күнге дейін сол күндерін аңсап отырады. Айнұр бүгінгі ауыл қазағының болмысын дөп басыпты. Соған риза болып отырмын.

  9. Дұрыс, неге біз неміс пен жапонның машинасына отыруымыз керек?Неге кәрістің соткасын ұстауға, қытайдың киімін киеміз.Малдың соңына салып қойыпты бізді. Енді баламызды ғалым болуға тарбиелеу керек. Қазақ ойлап тапқан нарсе тутынгым келеді

  10. Келіспейтін пікір:
    Қазақтың сүт бетіндегі қаймағын сыпырып алған Кеңес үкіметі қара халықты құлдыққа салудың тамаша әдісін тапқан. Ол жер жыртқызып, орақ орғызу және мал бақтыру…
    Керісінше, малдан ажыраған қазіргі қазақ тәрбие жүйесін жоғалтып алды. Ол уақытта ауылдық жерде “резервацияланған қазақ” сол арқылы өзінің төл тәрбиесі мен дәстүрін сақтады. Ар, намыс, ұят, сый-құрмет дегенді білді. Ауыл жастарының арасынан небір ғалымдар, ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері шықты. Дала қазағы тамырынан қол үзбеді. Мәселе “оларды жаппай қалаға көшіруде” емес. Мәселе – ауылды модернизациялау арқылы олардың өмір сүру деңгейін қаламен теңестіру еді. Біздің мемлекет оны жасаудың орнына – ауылды толық қиратып тынды. Қираған ауылда бұрынғы тыныс-тіршілік тоқтаған соң, қазақ ұлты “дүбәралық” – не қазақ емес, не батыс-шығыс емес күйге түсті. Тәрбиедегі сабақтастық күйреді. Осы жағдаймен жеке-жеке отбасы күресуге қауқарсыз, себебі – ортаның тарту күші тәрбие мәнін жоққа шығаратын жойқын күшке айналды, белең алып кетті. Тәрбие қауқарсыздануда!Ауыл болса – одан әрі деградациялануда. Ал “қазақы қалыпты” сақтау Қаланың қолынан бұрын да келмеген, қазір тіптен алшақтай түсуі мүмкін. Сондықтан, ендігі жерде өте күрделі ұлттық ерекшеліктерді қарапайым етіп, оның 7-8 үлгілік белгісін жасау қажет. Оны ұрпақ бойына сіңіру, орындалуын қадағалауды – ұлттық намыс пен мақтаныштың өзегіне айналдыруға тиістіміз. Кім онымен айналысуы тиіс? Әрине, жастар! Өмір – сендердікі!

  11. Ащы болса да шындык. Бала тарбиесине катысты жазганына кадимгидей ойланып калдым. Алдынгы буын окитын макала екен. Озиме де коп нарсе туртип алдым. Осынын бари меннен,сеннен,бизден жане сизден басталады,кадирменди окырман!

  12. Айнур, жарайсын! Котерген маселен – жуги ауыр, озекти маселе. Болашак ушин деп канша косилгенимизбен кобимиздин ойымыз бул теренге жете бермейтини рас!

  13. Карындасым елу жылда ел жана демейме озгеристер калайда болу керек Ол кезде заман баска зан баска болды емеспе халык кеншилик заманда омир сурди Асык ойнаган азар доп ойнаган тозар бариненде кой багып котен жеген озар демеппеди Казир бари керисинше акша футболисте калды емеспе кой баккан бабаларымыз панасыз калды алган награда керексиз калды Казир бала емес жалпы улкендер катыгез болып алды осип келе жаткан урпакка емес кинани озимизден бастаган дурыс шыгар кашанда балык басынан шириди гой орта тузелмей урпактын тузелуи киын шыгар Казирги бала китапты колынада алмайды Казакта ен биринши байлвгы ауыз адебиети емеспе урпактан урпакка гасырдан гасырга барлык байлыгымызды жеткизген осы кештеу калып барады

  14. Жарайсыз женгее тамаша мақала))

Пікірлерге тыйым салынады.