КҮНДЕЛІК БЕТТЕРІНЕН

  • 13.01.2015
  • 413 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Герольд БЕЛЬГЕР,
жазушы

17.08.13 
Қазақтың талантты ақын қызы, поэ­зиядан өзге жанрларда да кілтін тауып жазуға мәшһүр Жадыра Дәрібаеваның Оразбектің (С) рисалары хақындағы терең мәнді аналитикалық мақаласын айызым қана оқып, ғажайып әсерге бөлендім. Шынын айтсам, Жадырадан дәл мұндай дүние күтпеп ем. Көкейге дөп тиетін ойлы-күйлі, қонымды, шебер жымдасқан, нақты, білікті, айшықты, әйбат сөйлемдер, сөз тіркестерінің ұнағаны сондай, оқып шыққан замат телефон соғып, пікірімді жеткіздім, алғысымды айттым. Жараған! Апырай, білмейтініміз көп екен-ау! Бір-бірін сирек оқитын не Ханбибі айтатындай, оқымайтын, жеті жүз жазушының бұрын жетеу, қазір үш-төртеуі ғана «жарамды» (біреуі өзі), өзгелері «әлжуаз» деп шұнаңдайтын қасқалар не дер екен бұған? Жадыра жөнінде бір-екі ауыз жылы лебіз білдіргеніме іштері күйіп, тұз жаламас па екен? Сөйтеді, әлбетте. Олардың қасында Жадыра деген кім бопты, тәйірі? Ал, менің айтарым, қазақ әдебиеті өсу, өркендеу, шарықтау үстінде. Аузын қу шөппен сүртетіндердің байшыкештермен ынтымағы артып, әкімқаралармен достықтары нығая берсін! Пах!..


… Түнде балконға жиі шығып, көкжиекке көз тігемін, айналаға құлақ түремін. Раушанов дұрыс айтады: соңғы жылдары Алматы аспанынан жұлдыз көрмейсің. Бірлі-жарым «адасқандар» болмаса. Ал, кейде жападан-жалғыз шақырайған Шолпан ғана көзге ілігеді. Бұл қалай? Не болған? Баяғыдағы қол созым биікте жалт-жұлт етіп, көз шағылысатын сансыз жұлдыздар қай­да? Жоғалып, жоқ болған ба? Неге? Өкінішті!..
Және осы күндерде біздің аулада көгершін, сары шымшық, бозторғайлар да жоқ. Тек қаптаған ауғандық арсыз қараторғайлар. Терезе алдына ентелей ұшып келіп, жаңалықтар жеткізіп тұратын сауысқандар да құм. Өңешін кере қарқылдайтын қара қарғалар қайда кеткенін ит білсін, олар да жоғалған ба? Қазір ауғандық сансыз қараторғайларды айтпағанда, ұрыншақ қаражалақтар ғана қалған. Олар да көп емес. Тіпті, биылғы жазда шегірткенің шырылы да естілмейді. Жабырқау, көңілсіз, жетімсіреп, қараң қалған қу өмір, мәнсіз тіршілік.
19.08.13 
Петр Классен туралы мақала жазып жатырмын. Гессе мен Вольдемар Гердттің  шығармаларын оқыдым. Барнаулдық басылымдарды бағамдаған болдым.
21.08.13 
Александр Бектің кітабын қайталап оқыдым. Енді Эвальд Каценштейннің кітабын қарау ойда бар. Ермек Тұрсыновтың «Кемпір» атты сценарийін оқып шықтым. Басыма ресейлік немістердің әдебиеті мен мәдениеті жөнінде кезекті кітапша шығарсам ба деген тың идея келді. Қалай атауды да ойластырып қойдым. «Тағдыр ырғақтары» деп. Е, шіркін-ай, алқын-жұлқын небір керемет жоспар көп те, күш-жігер мен уақыт шіркін сарқылған үстіне сарқылып барады емес пе? Сонда да, үмітсіз шайтан. Қайтейін.
23.08.13 
Барнаулдық басылымдар жайлы мақаланы тамамдадым. Ұзын-ырғасы 21 бет. Мұны да бір біткен іске балап, өзімше құрсан болдым. Әйтеуір, сіз де, біз де қатыржан бола берейікші, өзгесін көре жатармыз. Қайсыбір жолы миыма келген тың идеяға орай, алда шыға ма деген неміс кітабына енуі ықтимал жазбаларды бір папкаға салып, буып-түйіп қойдым (қайта қарап, өңдеу, баспаға әзірлеу болашақтың шаруасы). Шамамен 9-10 баспа табақ болатын шығар. Бірақ, демеушіні қайдан табамын, ойбай-ай? Сәуле компьютерде теру үшін «О, менің қазақтарым!..» деген кітаптың қолжазбасын алып кетті. Оны, бәлкім, «Олжас кітапханасынан» шығарармын.
Досановтың ұлы қайтыс бопты деп естідім. Сұмдық-ай! Сәбитке сабыр, төзім берсін. Бекем бол! Ой, Алла-ай, пенделеріңді өстіп те қинайсың-ау кейде.
25.08.13 
Қарқаралыда тұратын ескі танысым Шәкәрім телефон тастады. Жеті айдан бері сырқат құсайды. Лайым да, тезірек сауығып кетсін. Қазақ «ауырып тұрдың – аунап тұрдың» демей ме? Құдай қолдап, аруақ жебесін сені, Шәкәрім туысқаным! Әмин! Аллаһу әкпар!
Алтайда тұратын атышулы аға дос Бошай Кітапбаевтың туғанына 90 жыл толуына байланысты оған төмендегідей мақамда қазақша хат жазып, поштамен  салып жібердім. Ұзын-ырғасы былай:
«Аса құрметті, қадірменді абзал ағам Бошеке! Рухани абыз көнекөз досым! Неміс ағайындардан таяуда тоқсанға келген Лео Кошут деген берлиндік досым бар. Қазақ ағайындардан 90-ға аяқ басқан шоң ағам әзірше сіз болдыңыз. Орыстардан ондай жастағы дос әлі көрінбей жүр. Менің пайымдауымда тоқсан жасаған адам – ерекше  ғұмырлы, Құдайдың сүйген құлы, адамның шынайы ұлы болмаққа керек. Сізді ежелден жақсы көремін, қадір тұтамын, Сізбен мақтанамын. Абыройлы ғұмырыңыз есі бар қазаққа да, неміске де үлгі. Шын жүрекпен құттықтаймын, басымды иемін. Сіздің кейбір монологтарыңызды өз кезінде қағазға түсіргенім бар. Түбінде реті келгенде сол жазбаларды ойнатып, Сіз жайында очерк жазатын шығармын. Ал, Сіз қасарысып алып, ауырмай-сырқамай жүзге келіңіз. Жәкең (Жамбыл) жалғызсырамасын дегенім ғой.
Бәйбішеңізбен аман-сау болғайсыз.
Ініңіз Герольд Бельгер».
Таңертеңгілікте Қалмұқанға (Исабаев) телефон шалдым, бүгін оның жасы 88-ге толды ғой. Бұйырса, екі жылдан соң ол да 90-ға келеді. Соған жазсын (дейік). Бірге тойлайық. Өзім қазақ болсам да, (қазақ) сізді немістей көремін. Сіз неміс болсаңыз да, (неміс) мені қазақтай көретініңізге мақтанамын. Аман болайық, Қалеке! Сүйегі алтын адамсыз, бір бокал шарапты тартып жіберетін шығарсыз енді, әрине. 
26.08.13 
Абатбай (К) маған – Войновичтің Солженицын туралы («Портрет на фоне мифа») және өзінің «Ұзақ жасаудың сыры» деген – екі кітап әкеп берді. Екеуін де оқимын. Войновичтің шындықтан гөрі жалақорлығы мол кітабы туралы жазуым да ғажап емес. Ал, Абатбай ұстамды, сауатты, қазақтың жершілдік, рушылдық, бұра тарту тәрізді жарамсыз әдеттерінен жұрдай абзал адам.
29.08.13 
Кеше газеттерден Президенттің Сенат орынтағында ырзық-мерзімі сарқылып, құйрықтары жауыр болғанша отырған Ахметов, Есім, Жылқышиев, Қасымов, Судьин, Әбдікәрімов, Цхай секілді салбөкселерді айдап шыққаны жайында білдім. Апырай, осылардың, тым болмаса, бірлі-жарымының не тас қайрақтай тындырған іс, не сөйлеген  сөзі есте қалмауы қалай? Іштерінде біздің сенат ресейлік екінші дума емес, мемлекеттік тілде сөйлейік деп дауыс көтергендер болды ма өзі? Әй, қайдам. Бұл мықтылар өзбек Қалмұратов, Асанғазиевадай (азын-аулақ) қазақша сөйлейтіндерді жазғырушылармен қосыла жамырасқан жоқ шығар, әйтеуір. Ал, егер, жамырасса – масқараның көкесі сол. Құндары көк тиын.  Ал, не болды? Келді, кетті. Соңдарында жарқын із қалды ма? Атама. А, айтпақшы, жылы орында мүлгіп отырып, мыс-мыс жалақы алғаны бар екен. Пах!  Халық қалаулылары! Халық та біледі, ә? Еркіндік өздерінде болған соң, сеніп сайлаған да, қайтсін. Білгенін істеп, жұртқа ырық бермей, билеп-төстейтін әкімқаралар тыныш жерде әмәнда солай  болады, сайлаушылардың бағы жанады. Тәуба! Тәуба!..
Тағы да ойладым: сенаттық мерзім біткенше Оралбай коррупцияға қарсы күресті ме, күресті, Ғарифолла көрікте онша қызбаған көпірме сөз сөйледі ме, сөйледі, Ғани сестене секеңдеп, баянсыз баяндама-мәлімдеме жасады ма, жасады, онда не керек, ал, қалғандар түк бітірген жоқ, әйтсе де, бәрібір, (өз-өзіме) текке күнәһар болма, байғұс (деп) басу айттым.
Енді жаңадан сайланатын сегіз сенатор сайлаушыларды қалай қуантар екен десейші! Дәмеленбе! Қуанудың аулы алыстау шығар. Назарбаевтың қалаулылары орташадан асатын ба еді, сірә?! Жеке пікір! Сенатта қазақы жүрек, қазақы намыс, ұлтжанды, батыл, ел иесі қазақ екенін білетін сенаторлар көбірек болса екен деп жатқаным да. Әлемдегі күллі мемлекет, мәселен, орыс, неміс, вьетнам, абхаз, өзбек, грузин, латыш, украин, молдавандар сияқты… Бізге өзге диаспоралармен сыйласу, санасу керек, әлбетте. Өзіңді сыйлау өзгелерді бөтенсіту емес. Бізді өзге халықтар сыйлайды ғой. Ресей, мәселен, қазақтарды қазақстандық емес, қазақ деп атайды. Біздегі өзге ұлт өкілдерінің бәрін, орыстарды да керек жерде қазақ деп атайды. Өтірік пе? Ойлан, қазақ! Оян! Тезірек!..
30.08.13 
Аспаннан шұға жауған жоқ: Глазгода әліне қарамай жергілікті «Селтикамен» шайқасқа түскен қарағандылық – біздің – «Шахтер» тырбанбай жатып тыраң қақты, ойбай-ай, ойбай! Қазақтардың алаулаған көңілі  су сепкендей басылады, ұятқа қалды. Арықтан аттамай жатып «әуп» деме! «Аяз әліңді біл!».
Үш кеш бойы телевизордан философ Григорий Померанц пен әйелі Зинаида  Миркинаның әңгімесін тыңдап, кереметтей әсер құшағында болдым. Не айтары бар, екеуі де өзгеше жаралған кемел ойлы, ақылды жандар ғой.
Ал, түнде (Померанц) түсіме кіріпті. Екеуміз әлдебір кітаптарды бірге ақтарып, парақтап отырған-мыс. Мәтіндерді жатқа соғатын ол асқан білгірлікпен талдап, ештеңенің байыбына бармайтын мен пақыр тек аузымды ашып, бас шұлғи беремін. Оның алдақашан бақилық екенін білемін, бірақ, түсіме тірі күйде еніпті.
31.08.13 
Ұйықтар алдында Жарасбай Нұр­қановтың өлеңдерін оқыдым. Табиғи дарын иесі. Өзіндік бет-бейне, қолтаңбасы айқын сезімтал ақын. Филология маманы, әдебиеттің ұңғыл-шұңғылын пістедей шағады, білімді, сауатты. Туған ауылы туралы өлеңдері  шымыр, шынайы, тіліп түскендей. Әртүрлі адамдарға арнаған жырлары бір қауым. Олардың ішінде менің әкем мен маған бағыштағандары да бар. Таныс, жанға жақын әуен-ырғақтар. Сәтін салса, Жарасбайдың өлеңдері туралы мақала жазамын. Жарасбайға шексіз құрсанмын. 
01.09.13 
Екі күннен бері әкемнің Ташкенттегі үй-жай, қора-қопсысы бір сәт көз алдымнан кетпей, елестейді де тұрады. Рая екеуміз қонақшылап барғанда ондағы кең-мол, үлкен аулада 30 жылдан астам уақыт бойы түп тамыры бір кемі 18-20 ниеттес жандар у-шу боп, тірлік оты қазандай қайнап жатушы еді-ау, о дүние-ай. Мінеки, енді солардың бірі жоқ, жан-жаққа қоныс аударып –  біреу ойға, біреу қырға дегендей – тарап кеткен. Әке-шешем мен екі қарындасым қайтыс боп, сонда топырақ бұйырды. Немере қарындасым әке-шешемнің Ташкенттегі үй-жайын сатып, Ресейдің көз көрмес алыс түкпіріне көшіп кетті. Аянышты да өкінішті. Қазір бізге кезінде ұжмақтай болған сол алтын ұя әлдебір бөтен өзбектің иелігінде. Ата-анамның үй-жай, қора-қопсысы енді бізге санада сақталған қиял күйде елестейді. Енді Ташкентпен бізді байланыстыратын сондағы (төрт бірдей) қымбат жандардың зираттан орын алған молалары ғана. Тамам!..
Уақыты келгенде Рая екеуміз тұрып жатқан үй де сол кепті киеді. Біз кетеміз, бізден қалған заттарды бөтен біреулер жуынды жәшігіне лақтырып, не талан-таражға салып, үптеп әкетеді. Ал, бір аптадан кейін біздің үйдің жаңа қожасы әлдеқалай бізді іздеп келе қалғандарға: «Бельгер деймісіз? Ол кім?» – деп беді­рейеді.
Е-е… өлдің Мамай, қор болдың деген осы …
02.09.13
Күні бойы архивымды аударып-төңкеріп, бар-жоқты ақтарып, ретке келтірген болдым. Байғұстар қожырап, бытысып-шытысып кетіпті. Үйілген қағаз. Ненің не екенін айырып көр. Сайтанның сапалағы (дерсің). Ал, енді, «19 сағат» деген әңгімемді таба алсамшы. Жоқ. Жер жұтқан ба? Әйтеуір, түпнұсқа болмағанмен, қазақша тәржімасы бар екен, оған да тәубе деп, жақсылыққа жорыдым. Бұл да жаман емес шығар, қайтейін.
Кешкі жаңалықтардан Президенттің Жұмағұловты министрлік тақтан тайдырғаны жайлы білдім. Жараған! Баяғыда сөйту керек еді! Анандай лауазымға лайықсыз, құр көкірек еді ғой. Рас болса, естіген құлақта жазық жоқ, құлқыны кең, тойымсыз, беретінін жөндеп бермеген шығыстағы екі ай істеп шаң қапқан әлдебір ректор сияқты кадрларды оп-оңай жұлып тастай береді дегендей өсек-аяң желдей есетін, байғұсты сондайдың киесі ұрмаса бопты да. Бірақ, басы ашық бір нәрсе – оның Қазақстандағы мектеп мәселесін былықтырып, батпаққа батырғаны. Ғылымды түп тамырымен суалдырды, құртты (десе болады). Назарбаев мұндайларды тезірек жөніне жіберіп отырса ғой, шіркін. Айналасында дарынсыз сужұқпастар қаптап жүр. Кіл сырларын ішіне бүккен (әлгі қазір темір тордың аржағында қатықсыз қара көжемен қоректеніп жүретін генералдар секілді) мырқымбайлар.
03.09.13 
… Жуырда Назарбаев ақордалық қаймақтар алдында Қазақстан қазірдің өзінде дамыған отыз елдің қатарына енді деп жіберді. Қыздымен он ел демегеніне бәрекелді. Оқасы жоқ, екі жылдан соң оны да айтады. Одан соң міне, енді – АҚШ, Германия, Жапония, Англиядан кейін бес елдің бірі біз деп жар салады. Несі бар? Ойна Күзембаймен!
07.09.13 
«Айқындағы» әлдебір қазақтың Әкім туралы мақаласы көлгірси көсілудің көкесіндей көкіме-көбік, нәрсіз-мәнсіз, татымы жоқ бәдіктеу сөздер (екен). Сабазым-ай, неткен кең, жомарт едің!? Ғарыштың ар жағынан бір-ақ шығарған хас шеберге не айтары бар. Ура…а…а!…
Болжампаздар Харуки Мураками 2013 жылдың Нобель сыйлығын қалпақпен соғып алады деп сәуегейсиді. Сондай-ақ, кандидаттар тізімінде америкалық әйел қаламгер Джойс Кэрол Оутс (айтпақшы Асқар С. екеуміз оның шығармашылығына бұдан жиырма жыл бұрын «көз салған» болатынбыз), венгр Петер Надаш, кәріс Ко Ун, канадалық әйел Элис Мунроның (оларды білмеймін) есімдері аталады. Ресейліктерден тізімге енген тек Евг.Евтушенко ғана (оның мүмкіндігі 100-ден біреу).
Мураками 64 жаста. Ал, басын тау мен тасқа соғып, күні-түні зыр жүгірген әйгілі қазақ жазушысы тізімге ілікпей қапты. Өкінішті! Оны (су жаңа Нобель сыйлығының лауреаты ретінде) аэропортта Дулат Исабеков гүлдестемен қарсы алмақшы еді. Арманы орындалмай қалды. Бірақ, қазақ үмітсіз сайтан дейді ғой. Күмәнің болмасын. Түбі алар. Е, Алла! Пенделеріңді жарылқай көр! 
11.09.13 
Ұйықтар алдында «Ақиқаттың» №7 санын парақтап шықтым. Әрі қуанып, әрі таңдандым. Журнал мықты. Материалдар актуальды, тұшымды, өткір. Тиражы – 3380. «Просторда» небәрі – 1100. Бұл не? Бұл орыстар оны оқымайды деген сөз. Қазақтарға екі бастан керек емес. Журнал (Простор) редакцияның өзіне ғана қажет. Ал, көңілі көлдей, кісіге тек болса дейтін аңқылдаған ақкөңіл, жаны жайсаң, әділ, өсек-аяң, ғайбаттан аулақ, ақылдымсып бөспейтін, аз сөйлеп, көп тыңдайтын Аманханға (қашанда) тәнтімін. Оған редактор ретінде де ризамын. Жұртқа адам жаға ма? Сондай Аманханды да біреулердің олай-бұлай дейтініне түсінбеймін. Ей, қазақ. Аманхан журналды көтерді емес пе? Бізде мәрт, уәдеге берік сайыпқырандар көп пе соншалық? Аманханмен мақтану лазым. Менің ұстанымым солай. 
14.09.13 
Кешкі ұйқы алдында Александр Чаковскийдің өмірбаяндық романынан үзінділер оқыдым. Ол кезінде «Иностранная литература» журналы мен «Литературная газетаның» мықты редакторы болды (жасы шау тартқанда түпнұсқадан оқу үшін ағылшын тілін үйренді). Мен оны «Дубулты» шығармашылық үйіне демалуға барғанда – асхана, бас корпустың есігі алдында түтікпен түтінін бұрқылдата темекі тартып отыратын кезінде – ұдайы көріп жүрдім. Әлбетте, жанына жақындамайтынмын. Айналасында үйіліп-төгілген үйірсектер менсіз де жыртылып-айырылатын.
Михаил Есенәлиевтің жесірі Майя Ивановна телефон соқты. Бір-бірімізге шынайы құрметпен жылы әңгімелестік. Даусы жақсы сақталыпты, баяғыша сыңғырлап тұр. Ой, жалған-ай! Есенәлиев асқан зипа, текті адам еді-ау. Бір басында тасып-төгілердей энциклопедиялық білім болатын.
16.09.13 
«Айқыннан» телефон тастаған әлдебір журналист қаралы хабар айтып, көңілімді әлем-тапырық етті. Дүкенбай Досжанов қаза бопты. Апырай, а? Кім ойлаған? 71 жаста. Таяуда сөйлескенбіз. Сап-сау сияқты еді. Журналист, шамасы, мені біледі деп ойласа керек, бір-екі ауыз қоштасу сөз айтуымды өтінді. Қалай жоқ дейін, бірдеңе-шірдеңе дегенсідім.
Қайран да қайран Дүкеш! Сирек ұшырасатын еңбекторы еді. Оны жарты ғасырдан бері білетінмін, көптеген туындысын орысшаға аудардым. Өзі жөнінде де жаздым. Мен жөнінде ол да жазды. Әйелдері мен балаларын да білетінмін. «Ақорда» романы мен өзге де кейбір  жалпақшешейлікпен астасатын жайдақылау жазбаларына қатаң қарап, оны өзіне де ашық айтатынмын. Бірақ, шығармашылық жанкештілігі мен белсенділігіне қашанда қайран қалып, пәлі дейтінмін. Сәулеге көңіл айтамын.
Енді Дүкенбай жоқ. Кітаптары қалды. Әлбетте, оның қаламынан шыққандардың біразын оқылатын дүние дей алмаймын.
18.09.13 
Сафар Абдуллоға телефон соқтым. Ол салған жерден ізет білдіріп, осы жылы тағы да «О, қазақтарым менің!» деген қолжазбамды кітап етіп шығаруға рай білдірді. Қалай қуанбасқа! Олесяға телефон тастап, менің барша немісше материалымды дискіге жазып беруін сұрадым. Ол да сөзге келмей мақұл деді. Одан сайын құрсан болдым. Ананьевамен хабарласып, Қазақстан немістері конференциясының бағдарламасы жайлы кеңінен әңгімелестік. Ықылас-құрметінде шек жоқ, шынайы, табиғи.
Демек, бүгін сәтті күн. Шүкір, тәуба! Қалимен хабарлассам ба деймін. Бірақ, жұмысбасты адамды мазалап қайтем. Бәлкім, өзі хабарласар.
19.09.13 
Көптеген ізбасарлары мен достарына (ішінде менің де атым аталады) алғысын айтып, Болат Әбілев саясаттан кетті.
Және жылдың соңына қарай Сәруар да кетеді-мыс деп жазып жатыр. Алайда, бұл арандату, бос сөз, дүрегей долбар. Тіпті, сондай ниеті болса да, «ЭКСПО-17»-ні өткізбей қайдан кетсін. Әйтпесе, не үшін арамтер боп жүр? Осындай бүксік әңгімені ауызға алудың өзі ыңғайсыз. Елбасында нелерің бар, арпабайлар?! Ауыздарыңмен орақ ормай, жүрмейсіңдер ме жайларыңа!!!
22.09.13 
Түс әлетінде үйге екі иінінен демалып елпең қаққан екі қазақ сау етіп кіріп келді – бірі Қарағанды, бірі Талдықорғаннан (екен). Алдын-ала хабарласпастан, өздерінше қолымды алып, суретке түсу үшін қазақбайшалап соққан беттері құсайды. Мен сипай қамшылап… өстуге бола ма… ауырамын… жексенбі… жұмыс істеп жатыр едім дегендей еттім. Ал, сендер баса-көктеп жетіп келесіңдер. Оларды құлықсыздау қабылдап, қысқа сөйлестім, суретке түстік, келесі жылы 80 жасқа толғанымды құттықтайтындарын айтқан (уәде берген) қос ноян төбелері көкке жете мәз болып, алғыстарын айтып аттанды үйден.
Міне, бізде осындай да келім-кетім боп тұрады. Не деуші еді әлгі, сыпайы қонақ дейміз бе, орысша визит вежливости. Жараған! Рахмет!
23.09.13 
Кешкі сағат 8-ден кейін Өскеменнен Бошекең телефон берді. Менің «Гул степи под копытами коней» деген рецензиям төңірегіне біраз шүңкілдестік. Бір аяғы әзелден кемтар абыздың енді екінші сау аяғы да сырқат па, немене, сол жайында айтты. «Тоқсан деген қиындау екен. Сен тоқсанға кел. Аржағын көре жатамыз». «Мен 90-ға келгенде, сіз, Бошеке, маған телефон шалыңыз». «Оған қанша жыл керек?» «Он бір-ақ жыл ғой». «Ай, енді он бір жылға мен шыдамаспын. Амандық болсын, айналайын…»
24.09.13 
«Чаадаев, Гефтер, Асқар» деген мақала жаздым.
25.09.13 
Леонид Гирш телефон соғып, Сағадат Нұрмағамбетовтің қайтыс болғаны туралы хабарлады. О, тоба! Шын ба? Қайран, Сәке, Сағадат! Кең-байтақ қазақ жерінің мен өскен өлкесімен шектес – солтүстік – аймақтан шыққан есіл ер! 90 жасқа сегіз ай жетпей демі үзілді, ойбай-ай! Айбынды, сымбатты, батыр тұлғалы, шоң қазақ еді. Сәкеңмен сан рет кездесіп, әңгіме-дүкен құратынбыз. Оны мақтан тұтатынмын. Әдебиетті көп оқып, жаңғақтай шағатын, бүге-шігесін қапысыз саралайтын. Қарапайым, кішіпейіл, жайдары-тын. Баршаға тең қарайтын. Сирек кездесетін жаратылыс, текті тұлға! Халық пен Отанға адал қызмет етті. Жаны жәннатта болсын.
26.09.13 
«Жас Алаштан» Қабдештің ақын Несіпбек Айтов пен кезінде «қазақтың Станиславскийі» атанған тұңғыш кәсіби театр режиссері Асқар Тоқпанов туралы екі мақаласын оқыдым. Айғақтауға да, ғайбаттауға да жетік Қабдештің бұлары алда у-шу, дау-дамай тудырмас па екен? Сондайдан сақтасын (дейік).
«Оу, әдебиет кімнің қатыны» деген мақала жаздым.
27.09.13 
«Мәңгілік… тақырып: Суреткер және Өкімет» деген мақала жаздым. Қазан айында баспаларға «О, менің қазақтарым!» және онысы «Тағдырлар ырғағы» атты екі қолжазба өткізбек ойым бар.
Қоғам «НұрОтанның» төтенше съезін күтулі. Күлбілтелеусіз айтайын: онда сөз жоқ, «Доктрина» туралы улап-шуласады және көпке бармайды.
30.09.13 
Марқұм библиограф Александр Сергеевич Данилов жөнінде мақала жаздым. Бүгінде оны мүлде ұмытты ғой.
01.10.13 
«Семья жағдайына байланысты» деген желеумен Марченко қызметінен кетті. Басалқалы кадр десетін. Әй, қайдам. Жолы болсын.
02.10.13 
Кеше егде адамдар күні мереке ретінде аталыпты. Ал, мені ешкім құттықтаған жоқ. Сонда мен егде адамдар қатарына жатпайтын болғаным ғой, сірә! 
03.10.13 
Астанадан Марал Амалбекова – мен жөнінде жарияланған – жазған-сызғандарының тізімін жіберіпті. Ұзын саны 15 баяндама және хабар-ошарлар. Өзімнің библиографиямда 515 атау қордаланыпты. Бұл 4-5 том деген сөз. Тіпті де жаман емес!
05.10.13 
Телжанов, Ахметов сынды белгілі адамдар тым-тырыс о дүниеге аттанып, бақилық боп жатыр. Ал, кеше Бақытжан Момышұлының жылдық асы беріліпті. Кеше бар, бүгін жоқ деген осы шығар.
06.10.13 
Ұйқыға жатар алдында «Новая газетаны» парақтап, А.Ф.Лосевтің екі фотосуретіне ұзақ үңілдім. Осынау ерекше жаралған ғажайып тұлға мені жеке басымен де, ұзақ ғұмыр кешуімен де, ақыл-ой, еңбекқорлық, энциклопедиялық ғалымдығымен де әрдайым қызықтырады, толғандырады, ойландырады. Данышпан философ! Антикалық эстетика бойынша сегіз том кітап жазған. Бір қарағанда ақылға қонбастай құбылыс!
Оның туғанына 120 жыл (94 жыл жасаған) толды. Әйелі Тахо-Годи әлі тірі (жасы 90-нан асқан). Әбден қартайған Алексей Федорович оған (әйеліне) өмірінің соңғы жылдарында (екі көзі мүлде әз) өз еңбектерін ауызша айтып бастырып отырған. Иә, бұл фәниде небір ғаламат жандар болған! Бола да бермек!..
08.10.13 
Ахметовті қабылдаған Назарбаев оның миын түзеген болды. Тәуелсіз елдің президенті мен премьер-министрі – екеуі де қазақ – көп алдында орысша сөйлеседі. Біртүрлі оғаш, анайы көрініс, ұят. Мұндай төменшіктеу жер жүзіндегі басқа бірде-бір елде жоқ екенін неге ойламайды екен, шіркіндер? Осындай бола ма? Әлде, бұлары ұлтаралық татулық сақтаудың нышаны ма? Қазақ еліндегі қай ұлт пен ұлыс өкілдері оларға неге өз тілдерінде сөйлесесіңдер дей қояр екен? Намыс кәне? Әлемдегі қай мемлекетті алсаң да көпұлтты, тіпті, баз бірі Қазақстанды жолда қалдырады емес пе? Мәселен, Германияда қазір кемі 6 млн түріктер бар. Қытай, кәріс, жапон, қазақтар да бықып жүр. Әне, немісше білмесе, әлгілердің бірде-бірі онда жер басып жүре алмайды. Қайда да ел мен жер иелерінің үстем болуы табиғи құбылыс. Және заңды. Қазақтарға не болған? Жалтақ па, сорлы ма? Қазақтардың ондайға жүректері дауаламайтыны қызық. Бүкіл халық басшыларға қарайды. Өз-өзіңді тұқырта берме. Қарсылық жоқ, өзгелермен санас, сыйла, бірақ, жөні болады. Сен өзіңді сыйламасаң, сені де ешкім сыйламайды. Оян, қазақ! Бұл сөздерді айтып отырған мен, Бельгер, неміс десең неміс, қазақ десең қазақ!
Швед академиясы 2013 жылдың Нобель сыйлығын физика саласы бойынша екі ғалым – ағылшын мен бельгиялық азаматқа берді.
10.10.13 
Ұйқыға жатар алдында Елена Зейферттің Ницще туралы және оның орысша тәржімалары хақында толғамдарын оқыдым. Содан соң түсімде түні бойы философтардың кеңесінде боп, небір керемет лепестер тыңдадым. Таңертең көзімді ашар-ашпаста Ленаның тағы да екі материалын оқыдым. Қандай ақылды! Неткен алғырлық, неткен ауқым! Ол мені ата дейді. Мен, әрине, Мәскеу университетінде дәл осындай филология докторы, профессор «немерем» барына шүкір деймін, мақтанамын, марқаямын. Оны он жылдан бері жақсы біліп, ерекше жақын санаймын. Ғаламат білімпаз және тас қайрақ белсенді.
Кристиане Лихтенфельд (Германия) маған арнап хатпен қоса  Christa, Wolf, Stadt der Engel  деген роман жіберіпті. Әлбетте, оқимын. Қазақтарды қашанғы оқи беремін. Ал, осы айда Кельнде менің «Das Haus des Heimatlosen» романым бойынша оқушылар конференциясы өтеді.
Әдебиет бойынша Нобель сыйлығы 82 жастағы канадалық новеллашы әйелге (Мунро?) берілді деп жариялады. Телевизор мейлінше қалың кітапқа қолтаңба жазып жатқан әлі біршама жас дерлік, бет-аузын баттастыра бояған әйелді үсті-үстіне көрсетумен болды. Шамасы, Чеховтің үлгі-салтымен жұмыс істейтін болса керек.
Ал, мен болсам, Нобель сыйлығы, бәлкім, ойламаған жерден Нұрпейісовке бұйырар ма екен деп есек дәмеленген ем. Оның өзі де сол сыйлықты 10 жылдан бері армандап, тіпті, біреулер түні бойы «Нобыл, Нобыл» деп сандырақтап шығады екен десетін. Онысын қайдам, бірақ, хас суреткер ретінде Солженицыннен де, Айтматовтан да жоғары екенін жан сала дәлелдеп әлектенбеді ме? Жазекең өзінің патриарх қана емес, данышпан, корифей, көркем сөздің ұлы өкілі екеніне бек сенімді. Егер алда-жалда  Нобель сыйлығы қолына қона қалғандай болса, онда оны Дулат Исабековтің аэропортта гүлдестемен қарсы алмақ дәмесі зор-ақ еді. Дулатпен бірге мен де бармақ едім. Қайтерсің, болмады. Тәтті арман жеткізбей кетті. Мені, әсіресе, Әбеге фрак киген жараса ма, жоқ па, сол жағы көбірек мазалаған-ды. Ойбай-ай, ойбай! Неткен қорлық! Шұнақ құдай-ай! Жарылқай салсаң қайтер еді? Неге сонша тарылдың екен? Үһ…һ….һ!..
11.10.13 
Ресейлік немістердің тағдыры жөнінде «Бір жолы ұшқан бес аққу» атты эссені ақ қағазға қайта көшірдім.
«Даттан» Мағауиннің қазақ билігінің 22 жыл ішіндегі халықтың хал-ахуалымен сиыса бермейтін хам-қарекеттерін нақты айғақ-дәлелдермен айшықтайтын аса мықты, қанын шығара жазған уытты мақаласын оқыдым. Бұлтақтайтын саң­лау қалдырмай, жалпы, ауаны белгілі болғанмен, ұтымды тіркестермен сойып салыпты. Осы құралпас ойлы дүниені Нұрпейісов пен Кекілбаев жаза ма деп дәмеленіп ем, әзірге ол үміт ақталар емес. Сірә, тістері батпайтын болар. Ал, Ма­ғауин тағы да ерлік жасап, принципшілік танытыпты. Жараған! Әсілі, ел мен жер, халық қамын ойлайтын жаужүректер осылай болса керек-ті. Қазақтың бағына жаралған жампоз! Сөз емес, істің ерені! Классик! Тұлға!
Кешкілікте теледидар Назарбаевтың министрлер мен әкімдерді сілкілеп жатқанын көрсеткенсіді. Пай-пай-ай! Не үшін дейсіз бе? Ойлары тайыз, бос белбеу, біліксіз, икемсіздік, қай нәрсеге де бейқам қарайтын найсаптықтары үшін. Тек қалта қамын күйттейтін мешкейліктері үшін емес (меніңше, әрине). Президент жүндеген сайын мұрындарынан су тамшылаған олар өң-түстері бозарып, жандары шыға жаздап отырды. Саналарына бірдеңе жетіп, өкінген сыңай танытады. Бәрі жау кеткен соң қылышыңды жауға шаптың кері. Дұрысырағы, мысық-тышқанның ойыны, спектакль (десе де болғандай). Көз алдау. Президент ашуланған болады, ал, жандайшаптар кінәлі баладай мөлиеді. Өйдөйт! Өңшең оқыған-тоқыған, сөйлейтін сөз, баяндамаларын (Өзбекәлі Жәнібеков құсап) ешкімге жүктеместен, өздері жазатын, Абай мен Мұқағалиды пір тұтатын сабаздар! Марқасқалар! Байтұрсынов, Бөкейханов, Дулатов, Рысқұлов, Шоқаевтай жанашырлар! Олай болса, алға! (тек құлқынға абай бол).
12.10.13
Ұйықтар алдында «Әуезов  және кітап» деген көлемді мақала оқыдым. Керемет деректер! Әуезовпен тек қана мақтану лазым. Пешенесіне жазылған 64 жылғы ғұмырында 50 том шығарма жазып, бірнеше жерде жұмыс істеді, лекциялар оқыды. Жарты әлемді ара­лады, белсенді тіршілік етті, күресті, қуғын-сүргін көрді, түрмеде отырды, қыруар кітап оқып, ой түйді, бірнеше тіл үйренді, қонақ қабылдау, қонаққа бару, кербез сұлу арулардың көңілін табуға да уақыт тапты – апырмай дерсің! Неткен жаратылыс! Заманынан озық туған ақсүйек. Тас тұлға!
Ал, қазір… қайда қарама, қаптаған шәлдірек «корифейлер». Ешкім де, ештеңе де ұнамайтын тайқы маңдай тасыраңбайлар. Біреу-міреуге жасайтын болмашы жақсылығын жағы талмай жариялап, жарыла жаздап жүретін жартыкештер. Тіфу!..
15.10.13 
Әр күні кешкілік ұйықтар алдында (мәскеулік) Елена Зейферттің «Ой сара­лайтындар немесе мәдениетті қауымдар» деген кітабын үсті-үстіне қайталап оқимын. Және тасып-төгілген ризалықтан бір сәт шаршамаймын, жалықпаймын.
Зейферт жөнінде кеңінен аты мәлім гармонист, тәржімеші, Золотой Делсвич лау­реаты Юрий Архипов былай деп жа­зады:
«Елена Зейферт – орыс-неміс әдеби байланысындағы бақытты құбылыс. Елден-ерек сирек ұшырасатын синтез-адам. Неміс тегінен тарайтын орыс әдебиетшісі. Ақын және филология ғылымдарының докторы».
Ал, бұларға менің өз тарапымнан қосарым: ол сыншы, тәржімеші, редактор, ұйымдастырушы, лектор, әдебиеттанушы, прозашы. Ғажап жан!
Менің осындай есімді екі немерем бар және екеуі де өте-мөте талантты: бірі – не­міс Лена Зейферт (оған мен Гера атамын), екін­шісі – қазақ, Жанна Есқуатова (ол мені «Гер-ата» дейді). Тамаша «немерелер».
17.10.13
Шығыстанушы-профессор Сафар Аб­дулло келіп «О, менің қазақтарым!» деген еңбегімнің қолжазбасын екі-үш апта­да шығарамын деп алып кетті. Сөзінде тұратын, уәдеге берік жігітке мен де риза­лықпен қараймын, сенемін.
«Караванның» тілшісі Маринаға сұхбат беруге келістім.
19.10.13
Гүлжан Ерғалиева әкесінің (Хамит Ерғалиев) бес томдығын және олардың тұсаукесер рәсіміне шақыру қағаз жібе­ріпті.
Шәкеңнің болжаулары:
1. Ұзамай Сағынтаевты премьер-ми­нистр етіп тағайындайды.
2. Ахметовты Мәжіліске спикер етіп жылжытады.
3. Нығматуллинді Астанаға мэр жа­сайды.
4. Иманғали Мемлекеттік хатшы тағына отырады. 
5. Тәжин Мемлекеттік қауіпсіздік сове­тіне қонжияды
Ал, енді Шәкеңнің қаншалықты сәуегей екенін алда көретін боламыз. Тек босқа білгірсіп, тирақсымаса бопты да. Ал, енді жаман айтпай, жақсы жоқ, осы болжам­дарының бірде-бірі жүзеге аспаса ше? Өй, олай деме, асықпайық!..
21.10.13 
Асқарбек Құсайыновтың кітабына рецен­зия жазуға кірістім. Ол деген бүкіл әлем және Қазақстандағы оқудың сапасы жайлы біршама салиқалы еңбек.
Қайрат Бақбергенов Германиядан қа­зір өз атамекендерінде тұрып жатқан біздің бұрынғы немістердің прозасы мен поэзиясы туралы жазылған «Kreszhatik» деген кітап әкеп берді.
23.10.13
Таңертең тұрған бойда алдағы жақын айлар ішінде оқитын кітаптарды іріктеп, бір бөлек жинап қойдым:
1. Герман Гессе. «Игра бисер» (үшінші рет оқитын боламын).
2. Chzisfa Wolf Stadt der Engel.
3. Gedichite uber dic Liebe.
4. Kreschatik.
5. Халел Сулейменов о Майхы би.
6. Nota bene Нуржана Бектура.
7. Адольф Арцишевскийдің бес кітабы.
8. Хамит Ерғалиевтің бес томдығы (қарап шығамын).
Енді бұларға қоса, міндетті түрде оқылатын үш тілдегі газеттер мен журналдар да тау-тау дегендей. Әй, тегі жынданбасам болғаны! Әләуләйға мұрша жоқ.
Әлдебір қазақтар менімен жолыққысы келеді-мыс.
25.10.13
Бірнеше «бірқақпайлар» жаздым және Анатолий Штейгердің дүниелерін қарап шықтым.
26.10.13 
Адольф Арцишевский келіп «Central Asia Monitor» үшін қазіргі интеллигенция туралы интервью алды. Адольф – қарапайым, білімді, түсінігі мол адам, онымен әңгімелесу қашанда қызықты, әсерлі.
«Қазақ әдебиетінен» Дүкенбайдың «Жазбайтын жазушы» деген әңгімесін оқыдым.
Қайран Дүкенбай-ай! Дүкешім-ай! Сені бұл өмірде жоқ дегенге қалай көндігермін?!
28.10.13
Ал, міне… кезекті туған күнім де жетті, іншалла. Бүгін 79-ға келдім. Мейлің жыла, мейлің күл. Тұтқаны қойысыммен ізінше тағы да без-без. «Туған күніңізбен!» «Рахмет!». Осылайша қырықтан астам телефон түсті. Білемін: алда тағы да үш-төрт күн құттықтайды. Бүгін телефон бергендер: Алматы, Астана, Петропавл, Тараз, Мәскеу, Қарағанды, Қарқаралы, Берлин, оңтүстік Ресейдегі тілектес-ниеттестер. Иә, не десін. Сол денсаулық, амандық тілеу де баяғы.
Ирина алтын сағат жіберіпті. Әйбәт. Айгүл Ключевскийдің орыс тарихы бойынша 86 лекциядан тұратын, көлемі 75 баспа табақ қалың біртомдығын әкелді. Оны қыс бойы оқимын. Айтпақшы, менің атыма интернетте де ыстық ықылас, жылы лебіздер пішен. Барлығына рахмет, шексіз алғыс.
Аллаға тәуба, бұл туған күн де артта. Көңіл шіркін енді қашанғыдай үн-түнсіз, тып-тыныш қана отырып жазу-сызу, кітап, газет-журнал оқығанды қалайды. Сөз сапыруға тойып біттім.
29.10.13 
Гамбургтен Константин Эрлих телефон тастады. Шын пейілмен құттықтап, онан соң ресейлік немістерге арнап өзі шығарған немісше, орысша гимнін шырқап берді. Онан соң Гейнцтің рухына бағыштаған өлеңін оқыды. Онан соң Германияда да шаң беріп тұратын «біздің» кандастар арасындағы дау-дамай, кикілжің, өсек-аяң, базбір сілімтіктердің арандату әрекеттері хақында айтты. Бір сағаттай жағы тынбай сөйледі. Оны айызым қана тыңдап, керемет әсер-сезім, мейір-шапағатқа бөлендім. Эрлихты әрқашан жақсы көретінмін, әлі де жақсы көремін.
Сағынгерей келіп кетті. Оған авансымен қоса, неміс тақырыбына жазған кітабымның қолжазбасын бердім.
01.11.13 
Қолында менің кітабым бар отставкадағы КГБ полковнигі Құдайберген (66 жаста) деген біреу келіп, автограф жазып беруімді өтінді. Одан соң өз кітабына мен жазған рецензияны алып кету үшін Асқарбек (Қ) келді. Асқарбектің өзі де, кітабы да керім. О, шіркін-ай, қазақта әлі дұрыс танылмаған талант, кісілікті жандардың аз еместігі қандай жақсы еді. Көңілге медеу, дәтке қуат қой! 
Орыс тілінен аударған: 
Зәкір АСАБАЕВ

Алдыңғы «
Келесі »