Қараүзген қаламгер

  • 13.01.2015
  • 457 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Мархабат Байғұт, 
жазушы, Қазақстанның еңбек 
сіңірген қайраткері, Халықаралық 
Алаш әдеби сыйлығының лауреаты 

Қолымызда Несіпбек Дәутайұлының қос томдығы. Біріншісі «Айғыркісі», екіншісі «Мінез» деп аталады. Алғашқы томында «Құдірет пен Қасірет» романы, «Ақкүшік» повесі және «Айғыркісі», «Батыр» атты әңгімелері, екінші кітабында «Жол», «Ақкөгершін» хикаяттары мен он төрт әңгімесі топтастырылған.


Ойхай, қос кітап, қос томдық Қор­дай қыранының қос қана­тын­дай ғой, бағамдасаңыз. Бағала­са­ңыз. Бой-болмысы бөлекше, түр-тұрпаты тіп-тік, желкесінде жел­кілдер шашы, қос қапталы қай­тарылған қалпағы қымтаған басы бар бұл жазушыңызды қыран де­сеңіз-дағы, құлжа десеңіз-дағы, арқар атасаңыз-дағы, жарасар. Жорта қолпаштау емес біздікі. Тү­сінген кісіге қазіргі, тәуелсізді­гі­ңіздің тұсындағы, заманауи әде­биетіңіздегі, бүгінгі таңдағы та­лант­ты тұлғаңыз Несіпбек Дәу­тайұлы туралы айту, оның есімін атау, шығармашылығын сөз етпек едәуір жауапкершілік жүктейді. Несіпбек Дәутайұлының егіздейін екі кітабы − романы, повестері мен әңгімелері − қазіргі қазақ әде­биетінің орасан олжасы. Құлжа­ңыз құйған қазына. Қыраныңыз­дың қырағылығын танытар туындылар. Тәуелсіздігіңіздің туындылары. Осы күнгі ұлттық роман десе, Несіпбек Дәутайұлының «Құ­дірет пен қасірет»  атты дүниесін, қазіргі қазақ хикаяты десе, «Ақ­кү­шік», «Жол» және «Ақ көгер­шін» повестерін, қазіргі қазақ әңгімесі десе, тағы да «Мінез» «Батыр», «Көгілдір көйлекті келіншек», «Шал», «Көрбай», «Қанқызыл жал­қын», «Тәңірінің сыйы», «Репетиция», «Бейғам дүние» сынды әңгімелерін мысалға келтіреміз. Несіпбек Дәутайұлының көп­те­ген хикаяттары мен әңгімелерін былай қойғанда, Мемсыйлыққа ұсынылған қос томдығындағы шы­ғармалары қандай-қандай қыр­ларымен құнды дерсіз? Ол  − қа­зіргі қазақ прозасында жанрлық жаңалықтар, жанрлар үшін жаңа­ша өрістер ашқан жазушы. Әлем­дік әлеуметтік-психологиялық әде­­биеттің жауһар жетістіктері мен ұлттық уызды, дәстүрлі про­заңыздың гауһар дүррилерін шебер үйлестіре, жарастыра жазатын, шығармашылықтың шоң шы­ңына биіктей білген суреткер. Қараүзген қаламгер. Александр Пушкиніңіз пайымында: «Сам свой высший суд». Екін­ші кітабының соңындағы «Оқырманға сырында» Дәутай­ұлы ағынан жарылады, тұтас тө­гіледі. Әдебиетіңізді де, кешегі һәм бүгінгі оқырманыңызды да, өзін де аямайды. Ұлтының құ­діреті мен қасіреті неде екенін де, әлеуметтік себептер мен салдарды да, кешегі һәм бүгінгі қалам­гер­лерде кемшін соғатын көркем зерт­теу мен зерделеудің, көркем түйіндемектің, пәлсапа-парасат­тың жай-жапсарларын да жайып салады. Кей реттерде кейбір жағдаяттарыңызды сойып салады. Осы «Сырында» ол алаштың ар­дақ­тысы, теңдессіз талант иесі Асқар Сүлейменов туралы орнық­ты ой толғап үлгереді. Бұл-дағы тегін болмаса керек-дүр. Несіпбек Дәутайұлының «Құ­ді­рет пен қасірет» романы да осы ешқашан ескірмейтін ерекшелер­дің, қай заманда да аласармас ай­рықшалардың арасынан табылар. 
Роман «Иосиф Сталиннің демі тү­гесілуге үш күн қалған» деген, сыз бүріккен суық сөйлеммен бас­талады. Шығармадағы өмір-өзен, тұтас тағдырлар, түрлі де түрлі мінез-құлықтар, махаббаттар мен зұлымдықтар, сатқындықтар, опа­сыздықтар, адамгершілігіңіз бен азаматтығыңыз, суреткер философиясы, бар-барша әлеуметтік-пси­хологиялық әдіптеулері сол сұ­ра­пыл Сталиннің демі таусылмақ қар­саңдағы үш күнге сыйып тұ­рыпты. Несіпбегіңіз нағыздың нағызы ғой. Модернист-пос­т­мо­дер­нистігі қырғын дә. Оқырманы­ңыз­ды һәм дірілге буып, қалты­рата қинап, сонау елу үшінші жыл­дың ерте көктеміндегі сұп-суық үш күнге орап-түйіп тас­тайды-ай. Автор бір жағынан, сол авторыңыз «әкелген» тергеуші екін­ші жағынан, бас кейіпкер Дос­­мағамбеттің досы болған сат­қын, опасыз, домалақ арызшы Әбжал Қойбасов үшінші жағынан буады-ай бүгінгі оқырманыңызды. Оқтын-оқтын Сталиніңізді төбе­ңіз­ден төтеншелеп төндіретінін қайтерсіз. Әлсін-әлсін тағы да «Иосиф Сталиннің демі бітуіне екі күн қалған…», «Иосиф Ста­линнің өлуіне бір күн қалған» деп үрей үйіріп алады-дағы, білгенін істеп бағады. Жазушыны айтамыз да. Оқырманды да, кейіпкерлерін де, өзін де аяусыз қинап, қал­ты­ратады. «Қалтырат оқырманды!» демеп пе еді Асқар Сүлейменов?! Адам психикасын ақтаруда бұл қаламгеріңіз сызылып-созылмайды. Адамның, қоғамның, ұлттың құдіреті неде, қасіреті қайдан? Тектілігі мен тексіздігі, опасыз­ды­ғы, сатқындығы неден туындайды немесе қалай қабынады? Осындай сауалдардың бәріне моральдық ақылгөйсу, уағыз айту арқылы емес, суреткерлік ой-жүйесі арқы­лы, көркемдік құпиясындағы қат­парлардың қайталанбас қалта­рыс­тары арқылы жауап қатады. Отызыншы жылдардың басын­дағы ашаршылық алапаты алаш баласын жабықтырып, қазақ ұл­ты­ның рухын жасытып, жадынан жаңылдырды. Ашаршылық ха­қын­­дағы көркем дүниелер бар. Бірақ аз. Солардың ішінен сана­ңызды дүр сілкіндіретін дүниені табу қиындау. Мына роман қып-қысқа бола тұра тап солай, сана­ңызды, жан дүниеңізді дүр сілкін­діретіндігімен құнды. Несіпбектің «Құдірет пен қасірет» романы ашаршылықтың астарын ашып көрсетеді. Көркемдікпен. Осынау ғасырлық, бәлкім он ғасырлық опат-обырдың қазақ тағдырын­да­ғы қасіретін де, адамдық пен абзалдықтың құдіретін де тосын әрі тың тыныспен ашады. Жиырмаға енді толған, тұла бойы түгел оттай жанған жас жігіт Досмағамбет. Романның бас ке­йіп­кері. Төніп кеп қалған Гә­лөшекін лаңынан, ашаршылықтан Ақбұлың ауылының адамдарын құтқармақ мақсатта көзсіз ерлікке басын тігеді. Төс қағыстырып, дос болған Әбжалды көндіріп, жанына жан жолдас етеді. Әрекеттері іске асады да. Өзі бой тасалап, Аспанқо­раға көтеріліп кетеді. Әб­жал досы сатады. Опасыздық жасайды. Содан не көрмейді десе­ңізші Дос­мағамбет?! Қожанияз, Құдабайлар­дың қорлығы. НКВД-ның зорлы­ғы. Жалпы, бұл жазу­шыңыз милиция бастығы Қожа­нияз­дың да, Қо­жанияздар мен Құдабайлардың да, НКВД-ның да тұр­паттарын терең ашады. Іште­ріне кіріп отырып ала­тындай-ақ ақтарады. Тотали­тар­лық жүйе мәң­гүрттендіріп тастайтын тасбеттер мен безбүйректерді бейне­леуі бөлекшелеу. Солардың кесі­рінен, кесепаттығынан елім, же­рім, ауылым деп аһ ұратын адал адамыңыз, жалын атқан жас жі­гітіңіз Досма­ғамбет не күйге түс­педі? Айдалды. Азапталды. Тундрада тоң қазды. Мұз жас­танды. Қиыр Сібірдің суығына ұрынды. Соғыста қан кешті. Қордайын са­ғы­нып, Ақбұ­лыңын аңсап, қан­ша­ма қанқасап­тардан қайтып оралды. Бәрібір. Қаншама қасірет ше­гіп, қорлық көріп, айдалып, азапта жүрсе де, Досмағамбет бақытты. Ол Отанын, адамдарды, балаларды, Ақбұлыңын сүйеді. Оны ба­ғалайтындар баршылық. Қыз-ке­лін­шектер де жақсы көреді. Қыз­балтай сынды сұлу әйел сүйеді. Ақтамақтайын ару қыз ғашық. Ал, Әбжал күйеді. Күйінеді. Күн­шіл­дікпен, іштарлықпен домалақ арыз айдайды. Несіпбек Дәу­тай­ұлы − әйелдер характерлерін, әйел психологиясын бедерлемекте һәм белес-белестерге көтерілген суреткер. Қызбалтай мен Ақтамақ − жаңалығы көп, жасандылығы жоқ, тың тұлғалар. Бірегей бейнелер. Көркемдіктің көкжиегін ке­ңейт­кен кейіпкерлер. «Жалт етіп өте шығатын жалғанда жалғыз рет сүйгені үшін кінәласаңдар, кінәлаңдар. Керек десеңдер, Дос­мағамбет сияқты азаматтарды сүймеу, жолына құрбан болмау − күнә. Мұндай азаматты сүю аз, мұндай азаматтың тұқымын өр­біту керек. Дүниеде Дос­мағамбет­тердің көбейгенінен асқан бақыт жоқ…» − дейді Қызбалтай. Сталин өлген күні дүниеден қайтқан Досмағамбетті елемес­тен, ұлы көсемге еңіреген елдің, ауылды ашаршылықтан арашалаған, тентіреген жетім балаларды қана­тының астына алған, айналайын адамгершіліктің алтын туын жел­біретуден танбаған текті ұлдың, ұлтым деген асыл азаматтың асыл денесі арыстай сұлап жатқанда, оның шаңырағына жоламай, клуб­қа жиналып, КСРО кемеңгеріне жылаған жұрттың кінәсі мен күнәсін беттеріне басқан сол Қыз­балтайыңыз еді. 
Иә-иә, Қызбал­тай. Жаман клубтың жаман есігін теуіп ашып Қызбалтай кірген. «Өй, өңшең тексіз! Елдігін, кісі­лігін жоғалтқан өңкей құл-құтан!» − дейді-ай Қызбалтай. Еңкілдеп-өңкілдеп отырған жұрт тына қалады. «Әй, қаншық! − деп Әб­жал қамшысына жармасады. − Әй, қаншық, Сталин көсем өлді ғой». «Сталин көсем… Өй, өңшең қарабет!» − дейді Қызбалтай. Әб­жа­лы­ңыз тұра ұмтылып, қамшы сілтейді. Қызбалтай қамшыны жұ­лып алып, Әбжалды құлақ-шекеден бір тартып, тізеге салып қақ бөледі. «Қамшының керегі не енді сендерге?! Қамшы ұстайтын Ақбұлыңда еркек қалды ма, қараң қалғыр өңшең!» − деп клубтан далаға дауыс салып шықты» деп бір түйеді авторыңыз. Сол Қызбалтайыңыз бен ару Ақ­та­мағыңыздың әйел ретіндегі қы­лық-құлықтарын, махаббат құ­діретін, төсек рахатын, еркек пен әйел сүйіспеншілігінің сырларын суреттемекте де Несіпбегіңіз әлем әдебиеті шеберлерінің шебінен та­былады. Бұл бағыттағы автор­дың ой-жүйесі мен «ұрғашының ұлы әуені» дегендейін пәлсапалық пайымдары − өз алдына өзгеше­леу өрімдер. Қазіргі қазақ әдебие­тінде, көркем прозада әйел мен еркек арасын алабөтен әдіптейтін әйдіктер­дің аса көрнектісі Бексұл­тан Нұрже­кеұлы ғой. Міне, Несіп­бегіңіз іштей Бекеңмен бәйгеге түсетіндей. Бір жағында − Мопассан, бір жағында − Бексұлтан. Үшеуі жарысатындай. Тағы да бір тосындық таңыр­қатар. Романда. Ол − тергеуші­ңіз­дің сіз күткендегіден, оқырман ойлағандағыдан еректеу ерен боп шығатындығы. Мұны жазушы ро­манның аяғына дейін ашыңқыра­май, құпиялаңқырап, қымтап ба­ғады. Мұнысы да − шеберлік. Опа­сыз Әбжалды да сол тергеу­шіңіз ат құйрығына байлайды. 
Қаламгеріңіздің «Ақкүшік» ата­­латын повесіне аз-кем аялда­масқа болмас. Ойлап байқасаңыз, бүкіл дүниенің жүзіндегі көркем әдебиетіңізде мықты жазушылар­дың ит туралы жазбағаны жоқ сияқты. Несіпбегіңіздің Ақкүшігі небір классиктеріңіздің қаламда­рына ілескен ірі иттерден қай жағынан да қалыспас. Адамның иттігі мен иттің адамдығы ха­қында хикаялағанда, абайлама­саңыз, қай­талауға ұрынуыңыз бек бәлкім. Ал, Дәутайұлы Ақкүшік арқылы адамнан артық иттердің әлемдік әйбат тізімін тамаша то­лықтырған. Ешкімді де қайтала­ма­ған. Қазақ­тың құлдырыңдаған Ақкүшігі өзі­нің иелері Қалдыбай мен Бекзат сияқты аса адал, аңғал, бүкіл болмысы мейірімге тұнып қалған. Қалдыбайдың тегінде өнер де бар, өнеге де бар. Адам­гершілік парыз­ға құштарлық та қалың. Алайда жолы болмаған жігіт. Жуастау, момындау жаратылысы көп нәрсеге кедергі. Бірақ, Бекзаттайын жардың жолығуы бақ-берекесі еді. Амал нешік, алты жылдан аса бала сүйе алмады. Сөйтсе, кінә Бекзатынан емес, өзінен екен. Келіншегіне се­бебін сездірмей, білдірмей, үйінен кете­ді. Ауылға әудем жердегі дядя Пашаның диірменінде жасырынып күнелтеді. Самогонды сүйе­ніш етеді. Дядя Паша әкесімен дос болған. Әкесі диірменшіге көп жақсылық жасаған. Бірін бірі қалтқысыз сүйетін, қимайтын қос мұңлықтың басындағы қиындық­тар, бірінен бірі таяу тұста ғана, араларын өзен мен көпір бөліп тұрған ерлі-зайыптының қасіреті ауыл адамдарынан гөрі Ақкүшік­ке қатты батады. Адамдар қайта табалайды. Қалдыбайды. Бекзат сұлуға Өрікайдар сынды бүгінгі­нің бай-бағланы көз салып, сөз айтады. Тоқалдыққа алғысы бар. Ақкү­шігіңіз көп жағдайда көлде­нең кесепаттардан қорғауға сеп­теседі. Бекзат пен Қалдыбайды. Екі арада аласұра шапқылап, адам­нан артық қасиеттер танытады. Тілсіз Ақ­күшікті авторыңыз аса шебер «сөйлетеді». Біресе диірменде − Қалдыбайдың қасын­да, бірде ауылда − Бекзаттың маңында жан қинап, адалдық пен адамдық қы­лық танытқан Ақ­күшігіңіз ақы­рын­да тасқынға тап болып, суға кетеді. Қос мұңлық қос қапталда қараңдайды. Әуелгі кітапқа аты қойылған «Айғыркісі» әңгімесін «Қазақ әде­биеті» газетінен оқып, таңғал­ған­дардың біріміз. Жылқы жайында жазыңқыраған Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов, тағы басқа­лар­мен іштей салыстырасыз. Жыл­­­­қы жөнінде жазбаған қазақ жазушысы кемде-кем. Алайда «Ай­ғыркісі» алапат әсер етер. Бү­гінгі күн биігінен бәдізделген бұл шығарма хақында әдебиетші іні­міз Рафат Әбдіғұлов кезінде әдеби газетімізге бір бетке жуық талдама рецензия жариялаған. Есқұл қартыңыз, Жалғастайын аяулы балаңыз, оның әкесі − өз ұлы­ның өліміне себепкер, қаратөбелді қыр­­ғыздарға қымбатқа сатып, аудан орталығынан базар алмақ Бұл­диыңыз, жалпы тектілік пен киелілік ұғымдарының ұлт бол­мысындағы бәсі мен бағасы, жа­зушының көркемдік әдіс-әдібі туралы нақышты да нанымды, бі­лікті қорытындылар жасап, байыпты баға береді. Рафат сын­шы­ның рентгендік райдағы сараптамасына бірдеңе қоса қою қиындау. Екінші кітабындағы «Жол» по­весін алыңыз. Ол «Маусымның ал­ғашқы сенбісінде Төлеп қарт төсек­те тілсіз жатты…» деген сөйлеммен басталады. Жалғыз сөй­леммен бі­рінші бөлім тәмам­далады. Тағы да таңырқап, «Жол­ға» шығасыз. Іле­сесіз. Бара-бара бас алмай оқып кете барасыз. Баян­ды таудың басына шақырар шақырымдар, «жолдан өзгемен ісі жоқ» Имансерік,  жазушы оның жанына әдейілеп қосқан Әтей. Жолшылар пір тұтатын, төсек тартып жатқан, есі біресе кіріп, бі­ресе шығатын, әлсін-әлсін әл кір­генде тағдыр-талайын көз алдынан өткізетін Төлеп сынды тек­ті жан… Имансеріктің толғанысы, тебіренісі. Бейнеті. Жолға, тауға, ұрпақтық са­бақтастыққа деген ықы­ласы, Төлеп­терден дарыған тектілігі… Аңырақай жұртының арман-аңсарлары. Автор­дың өзі ой­лап шығаратын, халықтан қай­нап жеткендей қабылданатын ше­жіре-аңыздар, мифтік мәністерді көркемдік өрім-өрнектерімен хас шебердей қабыстыра алуы − міне­киі­ңіз, мұның бәрі «Жол» по­весіне тән табыс­тар. Әсіресе, «Баян­­дытау шежіресі» немесе «Ше­жіретас туралы мұң-нала» ылғи да жолшылар көкейінен кетпейді. Қос томдыққа топтастырылған әңгімелердің әрқайсысы турасында  ұзақсонар әңгіме қозғауға болады. Әң­гімеле­рінің бә­рі бүгінгі заманыңыз, қазіргі қада­мыңыз туралы. «Ро­ман­­ға айырбас­тамайтын әңгіме­лер болады» де­генді Тәкеніңіз тәптіш­теген. Автор қос қанатта­йын қос кітабын «Ай­ғыркісі», «Мінез» деп, әңгімеле­рімен әдейі атаған ғой. Уақыты­ңыздың үні, қоғамыңыздың құны, адамыңыз­дың сұры әңгімеле­рінде бөлекше бедерлі бейнеленеді. «Несіпбектің соңғы кездегі өзіндік үрдіспен жазылған хикаят, әңгімелері замана кейпін нақты байыптайды, бірақ бұл − бүгінгі күн, қазіргі ахуалға қатысты бүр­кемесіз шындық. Жаңа қазақ про­засының жоғарғы деңгейіндегі дү­ниелер», − дейді Мұхтар Мағауин. «Театр гардеробтан басталса, проза сөйлемнен басталады. Жазу­шының сөз мәдениетінен басталады. Салдыр-салақ прозашыны оқи бастағаннан қолыңа қалам алып түзете бастайсың. Ал, Несіпбекке біз тиісе алмадық. Сөйлемдері шы­мыр, шебердің қолынан өріл­ген кірпіштей мінсіз. Бұл, әрине, талантты қаламға тән қасиет», − дейді Әбдіжәміл Нұрпейісов. Шеберлік шыңына салған жол­дарың жемісті бола бергей, қара­үзген қаламгер! 

 

Алдыңғы «
Келесі »