Туабіткен қасиет қартаймайды!

  • 13.01.2015
  • 190 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Төлеуғалиев Бектұр Маңғыстау ауданы­ның Октябрьдің 50 жылдығы атындағы кеңшардың директорлығынан кәсіподақ жұмысына 1991 жылы ауысты. Облыстық агроөнеркәсіптік кешені қызметкерлерінің  кәсіподағы комитетінің төрағасы болып сайланды. Ол кез жекешелендірудің жүре бастаған уақыты еді. Жекешелендіру туралы елдің көбісінің түсінігі аз  болатын.

Осы жекешелендіруге байланысты 1993 жылдың басында Қазақстан кәсіп­одақтарының Құрылтайы шақырылды. Құрылтайға қатынасатын делегаттардың ішінде Бекең де болды. Құрылтайға Елбасының өзі қатынасады деп хабарлаған болатын. Сол күні түс қайта сағат үштердің шамасында кәсіподақтар кеңесінің басшысы Сиязбек Мұқашев келіп делегаттарды санаторияның залына жинап, қазір бір сағаттан соң Елбасы келіп сіздермен дидарласып, ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдайды. Ол кісі ертеңгі Құрылтайға ресми қызметке байланысты келе алмайтын болғандықтан, бүгін сіздермен кездесетін болып шешті. Оның уақыты аз, бәріңіз сұрақ қойып, сөз сөйлеп мазаламауларыңызды сұраймын. Пікірлеріңізді, сұрақтарыңызды жазбаша түрде бізге беріңіздер, біз жинақтап ол кісіге апарып берейік деп делегаттармен келісіп алды.
Біздер Елбасын осы залда отырып күтіп алдық. Қасында сол кезде Республиканың жекешелендіру жұмысына басшылық етіп отырған Кәріпжанов, содан соң Мұқашев бар, үшеуі келіп отырды. Отырған бойына Елбасы сөзін бастап делегаттарды ертеңгі болатын Құрылтаймен құттықтады, содан сөзін әрі қарай жалғастырып, қазіргі жағдайдың уақытша қиындықтарын айтып, бұл қиындықтың уақытша екенін, ауызбіршіліктің қажет екенін, көп ұзамай жағдайдың жақсаратынын егжей-тегжейлі түсіндіріп, біздердің көкейіміздегі көптеген сауалдарымызды айтқызбай, өзі толықтай түсіндірді.  Елбасы өзінің сөзін аяқтап болып, залдағы делегаттарға қарап өздеріңіздің маған айтатындарыңыз бар ма, болса мен тыңдауға даярмын деді. Залда тыныштық орнап қалды.
Сол кезде Бекең орнынан тұрып, өзін таныстырады да, қазіргі жүргізіліп жатқан жекешелендіруге байланысты кейбір түсінбестік жағдайлар туралы сұрады. Оның бірі – кеңшарда бұрын ұзақ жылдар бойы мал бағып, баласы өндіріске оператор, жөндеуші немесе жүргізуші болып жұмыс жасап жүргендіктен, кеңшар­дың жерінен көшіп, өндіріске жақындап қонғанына бір жыл да болмаған шопан-бақташыларға пайлары олардың кеңшардан кетіп қалғандығы себепті есептелініп бе­ріл­мейтіні, ал, кең­шарға малшы немесе зоотехник болып кіргендеріне бір жыл да толмаған адамдарға үлестерін есептеп беріп жатқандықтан, оған малшы-бақташылар наразылық білдіріп отырғаны болса, екін­шісі – кең­шардың орталығындағы үйлер иелеріне жекешелендіріп берілгенде, мал­шы­лардың үйлері қораның басында болғандықтан, оларға үйлерін ведомстволық үйлер деп бермей отырғанын, сондай-ақ мектеп жанындағы интернаттар жабылып жатқандықтан, малшы балаларының бұдан әрі оқуы қиын болып тұрғандығы еді. Бұл жайларды естіген Елбасы мұндай жағдайлардың орын алуына ренішін білдіріп, тиісті адамдарға жағдайды шұғыл түзетуге тапсырма береді.
Ертесіне Елбасы Б.Төлеуғалиұлын жеке қабылдап, әңгімелесіп, елдің жағдайын сұрайды. Сол жолы Бекең Президенттің өте қарапайымдылығы мен елжандылығына, елдегі жағдайларды түгелдей біліп отырған сұңғылалығына тәнті болып, оның көрегендігі мен ақылдылығының, үлкен парасаттылығының арқасында елі үшін әлі де көп пайда келтіретін Тұлға екендігіне нық сенім артып, оның еліме құрттай болса да пайдамның тигеніне қуанамын дегенін күні бүгінге дейін айтып келеді.
Бұдан басқа елге деген елеусіздеу болса да тағы бір қызметтің түріне тоқтала кетейін. Бұл да сол 1993-1995 жылдары болатын. Ол жылдары жағдайдың қиын екенін бәріміз де ұмытқан жоқ шығармыз. Облыс көлеміндегі мал шаруашылығымен айналысып отырған малшы-бақташылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары төмен­деп кетті ғой. Міне тап осы кездерде Бекең облыстағы ең ірі мұнай мекемесі «Маңғыстаумұнайгаздың»  бас директоры Сағын Қырымқұловқа барып ауылдың жағдайларын айтып, малшылардың балаларын демалдыру, емдеп-сауықтыру лагерьлеріне «Маңғыстаумұнайгаздың» есе­бінен тегін жіберткізуге көмектесуді сұрапты. Сағын ойланып қалады да, «жылына он балаға көмектесейін» депті. Сонда Бекең: «Жоқ, Сәке, – жылына кем дегенде елу балаға көмек жасаудың жолын табу керек. Сағын сонда: – Бектұр мен сені түсініп отырмын, мен де малшының баласымын, қазір ауылдың жағдайының қиын екенін де түсінемін, бірақ жылына 200 баланы Маңғыстаумұнайгаз мекемесінің есебінен жіберуге менің құқым жоқ, сондықтан да сен жоғарғы жақтарға шығып, бізің басшылықпен жолықсаң, мен де жоғарғы жағыма шығып сөйлесейін, облыстық партия комитетімен де сөйлесіп, хат жаздырып алсаң да артық болмас», – деді.
«Мен Сағынмен келісіп шыққаннан кейін – деді Бекең әңгімесін жалғастырып – облыстық партия комитетінің сол кез­дегі бірінші басшысы Ф. А. Нови­ковқа келіп, жағдайды айттым. «Маңғыс­тау­мұнайгаздың» бас директорымен келістім, енді сіздің хатыңыз керек болып тұр, – дегенімде: «Пожалуйста, қазір хат жаздырып беремін», – деп телефонды көтере берді – Кешіріңіз, Фёдор Афанасьевич, мен хаттың  мәтінін өзім жазып келіп едім, оқып көріңіз, жарайтын болса осыны бас­тыра қойсаңыз жақсы болар еді, – дедім де қағазды қолына бердім. Ол хатты оқып шықты да «жарайды» деп бастырып, қолын қойып қолыма берді. Сөйтіп Фё­дор Афанасьевичтің өте қарапайым, менмендікпен ауырмаған басшы екеніне көзім жетіп шықты», – деген әңгімесін де естігенбіз.
Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысының қолын қойған хатты алғаннан кейін жұмыс орныма келдім де, Қазақстан республикасы агроөнеркәсіптік кешені кәсіподақтарының орталық комитетінің  төрағасына шығып, жағдайды  айтып көмектесуін сұрадым. Ол кісі маған – ауылшаруашылық министрімен сөйлесейін,  шешудің жолдарын қарастыралық, қалай шешілгенін өзім хабарын айтамын деді. Ертесіне Сағынға қайта келіп, Новиковтың хатын беріп, хабарымды айттым. Сағын маған өз тарапыңыздан айналыса беріңіз, мен өз каналдарым арқылы шешуге тырысамын деді. Бір аптадай мезгіл өткенде орталық кәсіподақ комитетінің төрағасы телефон шалып, мұнай министріне хат жазылды, жауап алғанымыз жоқ, бұл жақтан қашан шешім шығады, ол белгісіз, сондықтан өздеріңіздегі «Маңғыстаумұнайгаз» мекеме­сінің басшысымен жолығып келісе берген дұрыс», – дегендей әңгімесін айтты.
Сонымен жоғарғы жақтан күдерімді үзіп, Сағынға қайта келіп хабарластым, келсем Сағын маған қарап: «Бектұр, сенің шаруаңды шешкендей болдым, енді баратын балалар сол малшы-бақташылардың балалары болуы керек, атағы ауылдың балалары болып, ал нақтысында Ақтаудың балалары болып кетіп, ұятқа қалып жүр­мейік», – деді. Сонымен Сағынның  өз еліне деген сүйіспеншілігімен зор адам­гершілігінің нәтижесінде төрт жыл­дың ішінде 200-дің үстінде ауылдың балаларын республикамыздың өз ішіндегі және республикамыздан тыс жерлердегі тынығу, емдеу-сауықтыру лагерьлеріне жіберіп, ішінен кейбір балалардың аурулары анықталып ем жасалып,  жазылып шыққандары болды. Маңғыстау ауданынан шопан Жиенбаевтың баласына және тағы бір-екі балаға Алматыдағы «Гүлдер» лагерінен медициналық байқау кезінде ауру екені анықталып, ота жасалып, ауылдарына құлан таза жазылып келді. Демалған балалардың көпшілігі көршілес Қырғыз республикасындағы Ыстықкөл лагерінде демалды.
Міне, Сағынның қол ұшын бергенінің нәтижесінде Маңғыстау малшыларынан мен де алғыс алып қалғанмын –деп Бекең Сағынға деген ризашылығын күні бүгінге дейін білдірумен келеді.
Бекең ағамызбен бірге өсіп келе жатқан­дықтан оның бойындағы жан-жақты жақсы қасиеттерін кішкентайымыздан көріп-біліп өстік. Бекең  Таушықтағы орта мек­тепті бітірісімен өзінің туған аулы Тұ­щы­құдықта – Аманкелді атындағы  кол­хозда шофёрлықтан бастап, техникум бітіргесін механик болып жасады. Сол кезде мәдени жұмыстарға үлкен мән беріліп, ауыл орталығындағы клубтарда күнде кешке дайындықтар болып жататын. Жылына «Творчестволық есеп» беріледі, әуелі ауылда дайындалып, одан кейін ауданға барып өнерлерін көрсетіп, ол жерден өнері үстем болғандары іріктелініп алынып, тағы дайындалып барып, облыс орталығына, одан әрі облыстардан іріктелінгендер республика орталығына, әрі қарай Мәскеуден басын бір тартатын болған. Бекең ол кезде колхоздың қоғамдық негіздегі Комсомол ұйымының хатшысы болатын. Колхоздың мәдени-көпшілік жұмыстары мен творчестволық есептерін де ұйымдастырудың бір жағында Бекең жүретін. Себебі Бекеңнің тұла бойы тұнып тұрған өнер еді.
Бекең кәсіподақ жұмысына келгеннен кейін барып төселіп жазушылық жұмысына кірісті. Махамбет туралы  «Балдағы алтын ақ болат» – деген повесі,  бұдан кейін көп ұзамай «Бас сардар» деген атпен қазақ-жоңғар соғысында бастан аяқ болған, елін жаудан қорғауда асқан ерліктер көрсеткен, Шотан батыр туралы тарихи повесі және «Адай тарихы сыр шертеді» деген роман -эссесі жарық көрді.  Бұл еңбектерді жұрт­шылық қауым қызығушылық танытып оқыды. Оқушылардың арасынан бұл еңбектерін жоғары бағалап, мемлекеттік сыйлыққа ұсыну керек деп облыстық, республикалық деңгейде шығатын газеттерге мақалалар да жарияланды.
Бекеңмен танысып сөйлескесін ол кісінің жазушы да, журналист те емес, маман­дығы инженер-механик, экономист, көп жылдар шаруашылық басқарған азамат екенін білдім. Жазушылық өнері бойына тумысынан құдайдың өзі тікелей дарытқан қасиет болып шықты. Шаруашылықтың біраз сатысында тәжірибе жинақтап, әбден ысылған, кәнігі маман ретінде кеңшарға директор етіп жібергенін, құдай көмектескен болар дейді Бекең өзінің бір сөзінде. Он жылдың үстінде кеңшар басқарған кезімде шаруашылықты жөнге келтіргендей болдым, содан да болар менің озат тәжірибем 1988 жылы Қазақстанның үш кеңшар директорының бірі болып «Дербестік және жауапкершілік» деген атпен «Қайнар» баспасынан жиырма мың тиражбен кітап болып шығып, бүкіл республика көлеміне таратылып насихатталды, – деп еді. Артынан ол кітапты да тауып, ақиқатына көзімізді жеткіздік.
Бүгінде басшы Төлеуғалиевті, қайраткер Төлеуғалиевті біреу білсе, біреуі біле бермес, ал жазушы Бектұр Төлеуғалиев есімі көзі қарақты қаймана қазақтың  көбіне таныс. Бұрын  қазақ, орыс тілдерінде тиіп-қашып  мақалалар, әңгімелер жазғаны  болмаса, шегеленіп отырып жазуға қолы тиген жоқ. Тек қана кәсіподақ жұмысына келгеннен кейін қолы босап, өтіп кеткен кездердің есесін толтырып қарқындата жазып, түйдек-түйдегімен бірнеше кітаптарды дүниеге әкелді. Алғашқы туындысы «Балдағы алтын ақ болат» Махамбеттің өміріне арналған. Бұл еңбекте Баба деген жас жігіттің Махамбетпен жолдас болып сенімді серікке айналуы тың дерек немесе түйенің құмалағын найзамен шаншып жауынгерлік іске машықтанып жүрген жас Махамбеттің ханның алдында қасқайып сөйлеген хас батыр болғанға дейінгі өсу эволюциясын айшықты тілмен нанымды суреттей білді.
Енді Бекеңнің «Бас сардар» деп аталатын құнды еңбегінің нәтижесінде еш жерде аты аталмай ұмыт болуға айналған Шотан Назарұлының ерлік істері бүкіл қазақ халқына паш етіліп жоңғар-қазақ, қазақ-жоңғар соғыстарындағы даңқты батырлардың қатарына барып қосылды. Бұны Бекеңнің тікелей еңбегі деп түсіне­міз.
Жазушының «Адай тарихы сыр шертеді» роман-эссесін қолымызға алғанда «Япырай, рулар бәсекесінің бәйгесіне бұл ағамыз да ат қосты ма?» деген күмән қылаңдап көкейімізде кесе көлденеңдегені рас. Қуанышқа орай, оқи келе ол күдігімізден айықтық.
Еңбек ету бар да, оның жемісін теру, әділ бағасын алу бар. Еңбегің еш, тұзыңның сор болғанынан сақтасын. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дейді. Бекең өз  халқы тарапынан еңбегіне лайықты бағасын алған кісі. Өзі көп жылдар еңбек еткен Маңғыстау ауданы мен облыс орталығы Ақтау қаласының «Құрметті азаматы» деген мәртебе кез келгенге беріле бермейді.
Бекең ағамыз туралы Махамбет сый­лығының лауреаты, ҚР журналистер одағының мүшесі, елге танымал жазушы Әбілқайыр Спанның «Шар қайрақ» атты мақаласы (Ана тілі газеті, 31 желтоқсан, 2009 ж.) жарияланды. Содан үзінді бере кетейін: – «Октябрьдің 50 жылдығы» атындағы совхоз шайыр ауылының ізінде. Осы шаруашылыққа сол жылдары директор құтаймай-ақ қойды. Ақыры облыстық партия комитеті, сол ауданда аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі болып отырған Бектұр Төлеуғалиевті шақырып, директорлыққа жұмсады. Сөйтіп, 1981 жылы ауылға жаңа директор келді. Әдетте, директор келген бойда жұмысын кеңседен бастайтын еді. Бекең ол шырықты бұзды. Орнында 1-2 күн отырып кеңшардың экономикалық цифрларына қаныққан соң, шаруашылықты түгел аралауға жүріп кетті. Содан 10 күн жүріп оралды. Оралған бетте шұғыл басқосу өткізіп, арнаулы комиссия құрды. Берілген тапсырма қатты. Ең алдымен жағдай малшы-бақташыларға жасалсын. Үйі мен қорасы сайлы болсын. Айтылған сөз, берілген тапсырма аяқсыз қалмады. Бас-аяғы екі жыл ішінде 39 малшы үйі мен 19 мал қорасы күрделі жөндеуден өтсе, 2 жанұялық 8 малшылар үйі, 3 жерден механикаландырылған электр қуатымен жасайтын қой тоғыты салынды. Тиіптік жобадағы елтірі дайындайтын пункт іске қосылды. Бұрын өнім өткізу жоспарын орындамай, басынан тоқпақ арылмай қойған совхоз мемлекетке 88-90 пайыз аралығында сапалы елтірі, 87-88 пайыз аралығында таза талшықты жүн тапсырып, республика бойынша жоғары деңгейден орын алды.
Бектұр Төлеуғалиев директор болған 10 жылда Шайыр ауылы он қыр асты. Сол жылдары Бекең үлгісі, Бекең үрдісі бұл ауылда кейбір зиялы азаматтардың қимас сағынышпен «Шіркін, басшы атаулы сондай болса ғой», – деген әңгімелері күні бүгінге дейін айтылып келеді», – деп Бектұрдың директор болған кезінде жұмыс жайын көзімен көрген Әбілқайыр осылай деп жазыпты.
Бекең 1995 жылдан күні бүгінге дейін Ақтау қаласының  «Қазақ тілі» қо­ғамын басқарып келеді. Бұл саладағы атқарылып жатқан жұмыстар өз алдына бір төбе. Бекеңнің бұл жұмысты да жемісті атқарғаны сондай, Ақтау қаласының «Қазақ тілі» қоғамының қызметі Республика бойынша жақсы жағынан орын алып тұрғандардың қатарында келеді. Оған өткен 2013 жылдың қортындысымен Ақтау қалалық «Қазақ тілі» қоғамының қызметін жоғары деңгейге көтергені үшін «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің Құрметті төрағасы М.Б.Қасымбековтың, «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің басшысы А.Қ.Әбішевтің қолынан «Тіл жанашыры» құрмет белгісі мен марапатталуы дәлел бола алады.
Қазірде облыс әкімінің келісімімен Ақтау қалалық «Қазақ тілі» қоғамы Маң­ғыстау облысының ауыл шаруашылығы жөніндегі энциклопедиясын Төлеуғалиевтің ұйымдастыруымен редакция алқасы құрылып жұмыстарын бастап кетті.
Бектұр Төлеуғалиұлы Маңғыстау облысы бойынша алғашқылардың бірі болып «Отан» партиясына мүше болды. Елбасын сайлаған өткен сайлаулардың бәрінде, референдумда  Елбасының сенімді өкілі болып қоғамдық қызмет атқарумен келеді.
Бектұр  Төлеуғалиұлы көп уақыттардан бері Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Құрметті журналисі және Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласының Құрметті азаматы атақтарының иесі.
Қуантқан ИСАЕВ

Алдыңғы «
Келесі »