УСУЛ ФИҚҺ ІЛІМІНІҢ НЕГІЗГІ ДӘЙЕГІ – ҚҰРАН КӘРІМ

  • 13.01.2015
  • 1665 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Имам Қауам ад-Дин әл-Итқани – усул фиқһ саласы мен лингвистика дәйектерін – Құран Кәрім аяттарына негіздеген. Сондай-ақ, Ханафи мәзһабының қағидаттары бойынша үкім шығаруда еңбек сіңірген бірден-бір ғұлама. Оқымысты усул фиқһ және лингвистика ілімдерін зерттеп, зерделей келе Ханафи мәзһабының Құран аяттарынан үкім шығару әдіснамалық негіздерін пайдалана отырып, ыждағаттылық танытқан-ды. Деректерге қарағанда ғалым кімге болса да өз ойын тайсалмай ашық айтатын және әміршілерден де ықпайтын бірбеткей, өршіл адам болған. Оның усул фиқһ саласындағы күш жігерін Дамаскіге барып, онда дәріс бере жүріп ғалымдардың қатысуымен өтетін түрлі пікірталастарға қатысқандығынан байқауға болады. Осы орайда әл-Итқанидың «ат-Табиин», «аш-Шамил», «Ғаят әл-баян уа надира әл-надира әл-акран фи ахир аз-заман» атты іргелі еңбектері негізінде араб елдерінде оннан астам диссертациялар жазылып, қорғалды. Десек те атақты тұлғаның әлем кітапханаларында зерттеушісін күтіп жатқан еңбектері аз емес [1/7-б]. 


Ендеше, усул фиқһ және кәлам ілімдері салаларына танымдық анықтамалар бере кеткеніміз жөн болар. 
Усул фиқһтың тілдік және терминдік мағынасы:
Усулул фиқһ сөзі екі тіркестен құралған, усул – негіз, ал фиқһ – анық түсіну деген мағыналарды қамтиды.
Расында, усул фиқһ саласы – усул әд-дин (дін негіздері) ілімінен кейінгі ғылымның ардақтысы болып табылады. Қоғамдық қарым-қатынастарды ретке келтіретін үкімдерді білу үшін, толықтай күші мен жігерін жұмсаған, ілгеріде өткен ғұлама-имамдардың артынан еру қажет. Ол үкімдермен харам мен халалдың ара-жігін ажыратып бөле аламыз. Осыған орай, Алла Тағала өзінің нәзіл еткен аятында былай деп сөз қозғаған: 
وَمَن يُؤْتَ الْحِكْمَةَ فَقَدْ أُوتِيَ خَيْراً كَثِيراً
 «Алла Тағала кімге хикмет яғни білім берсе, оған көптеген игілік берілген болады».
Кез-келген ғылым саласының сүйенер өзге де салалары болатындығы секілді усул фиқһ ілімімен бірегей пәндер:
Усул қағидаттары: Құран, сүннет, ижмағ және қияс.
Кәлам ілім және ақида: Алла Тағаланы танып, жеткізушінің шыншылдығы турасында.
Логика ілімі: Үкім шығару барысында, шариғи үкім шығару барысында кездескен дәйекнама негіздерінің орнын ақыл мен ой-санаға қайшылық туғызбауы.
Араб тілін жетік білу: Құран Кәрім мен сүннетті түсінуде, дәйекнама ахуалын, сондай-ақ орынды үкім шығарудағы ықпалы [4/24-б].
Ислам ғұламаларының усул фиқһ саласындағы негізгі дәлелі – Құран Кәрім. Құран Кәрім – барлық шариғи дәлелдердің дәлелі. Демек, мұндағы кітап – Алла Тағала тарапынан өзінің пайғамбары әзіреті Мұхаммедке (с.ғ.с) араб тілінде түсірілген, кітап халіне келтірілген, бізге дейін мутауатир жолымен жеткен, «Фатиха» сүресімен басталып, «Нас» сүресімен аяқталған Құран Кәрім [5/19-б]. 
Демек, «усул» деген сол дәлелдер және оған қатысты нәрселер. Сондай-ақ, усулдың негізі – Құран Кәрім ілімінен тараған лингвистикалық тұрғыдағы араб тілін зерттелуінің басты дәйегі екені сөзсіз. Сондықтан да усул ілімінің тереңдігі соншалықты Құран аяттарынан кез-келген ғибадат мәселелеріндегі шариғи үкімін шығару болып табылады. Ендеше, усул қағидаттарына тоқтала кеткеніміз жөн болар. Өйткені дәлел-дәйек болып саналатын сөздердің мағыналарын, ғаммен (жекеше түрдегі, көпше мағынаны қамтыған сөздер) хастығын (әрбір жеке мәселеге арналған, белгілі мағынаны білдіретін сөз), муқаййадпен (шектелген, яғни шектеу қойылмаған діни мәтін мағынасының екінші бір мәтінмен шектелуі) мутлағын (шектеу қойылмаған). 
Үкімдерге қатысты сөздердің құрамын пайдаланып қиястарды (өлшеу, салыстыру, теңестіру. Құран аяттары мен хадистерде және ижмағда ашық үкімі жоқ қандай да бір қалыптасқан ахуалды Құран мен хадисте сөз болған қандай-да бір жағдаймен салыстыра отырып, ұқсастығына қарай шешім шығару) қарастыру. Берілген үкімнің орнын басынан қарастырып түзету. Сипаттарға қарап үкімді тоқтата тұру яғни шегіндіру. Сылтауратудың жолдарымен тәсілдерін баяндау. Үкімге дәлел болатын айғақтың болмысында бүркеме олқылығын (илла-себебін) зерттеу болып табылады. 
Заһир мен Насқа мысал:
Заһир дегеніміз– тыңдаушының мағынасы терең ойлануды қажет етпейтін, сондай-ақ, анық болған әрбір сөз. Алайда, сол мағына мәтінді келтіруден мақсат етілмеген.
Мысал (Бақара сүресі, 275):
قوله تعالى: « وَأَحَلَّ اللّهُ الْبَيْعَ وَحَرَّمَ الرِّبَا»
«Алла Тағала сауда-саттықты адал, өсімқорлықты арам еткен» .
Бұл аят жолының түсудегі негізгі мақсаты – сауда мен өсімқорлықтың арасындағы айырма­шылығын баяндау. Демек, сауда мен өсім бір-біріне ұқсамайтынын, кәпірлердің:  إِنَّمَا الْبَيْعُ مِثْلُ الرِّبَا «Сауда да өсімқорлықтың өзі ғой», – деген сынды сөздерін жоққа шығару үшін болып табылады. Сондай-ақ, аят жолында«Заһир» мағынасы сауданың адал, ал, өсімқорлықтың арам екенін ашық баяндаған-ды.
Заһирдің үкімі – мағынасына амал жасау уәжіп. Негізгі ережесі: егер заһир  ъамм болса тахсисқа, заһир мутлақ болса мүқаййадқа, хақиқат болса мажазға ықтималы бар. Сол сияқты «Заһир» насхты қабылдайды.
Ал, «Нас» дегеніміз – мағынасы терең ойлануды қажет етпей, анық болған сөздер.
Сауда мен өсімқорлықтың ара-жігін түсіндіру мәселесі. Бұл аят ережеге сай «Нас» болып саналады. Аят жолындағы«Заһир» ашық мағынасы:«сауда адал, ал, өсімқорлық болса арам»,– екенін түсінеміз. Настың  үкіміне келер болсақ – мағынасына амал жасау – міндет (уәжіп) [4/39-40-б].
Сондықтан даусул ғұламаларының анық­тамалары бойынша, усул фиқһ дегеніміз: «Үкімдер шығарылатын, әр бір мәселеге арналған, арнайы дәлелдерді зерттеу мен зерделеуге және пайымдауға жеткізетін қағидалар ғылымы». 
Усулул фиқһ саласының мамандары келісе отырып берген анықтамасына тоқталсақ, олардың көзқарастары бойынша усулул фиқһ деген: «Шариғат үкімдері сүйенетін қағидалар, пәтуа шығарылатын негіздер, ыждағаттылық пен үкім шығарудың сүйеніші және ақылмен басымырақ көзқарас заңнамалары. Демек, Ислам мазһа­б­тарының заманауи пәтуаларына қазы және хақ Ислам дінінің шариғатынан алынып, орнатылған заңнамалар дерекнамасы (бұлағы)», – деген [4/22-б].
Түйіндей келе, усулул фиқһ ілімінің: «Барлық нәрсені қамтыған сондай-ақ шариғи ішінара үкімдерді, тафсили (бір мәселеге арналған) шариғи мәтіндерден шығаруда қолданатын қағидалар жиынтығы». Сондай-ақ, сол үкімге жетелейтін қағидаларды үйретуші ғылым саласы. 
Ислам ғұламалары аталмыш ғылым саласын егжей-тегжей зерделеген еңбектері жарыққа шыққандығы мәлім. Усул саласының алғашқы жүйелі түрде зерттелуі жайлы профессор Ш.Т.Ке­рімнің «Сығанақ саңлағы» атты еңбегінде бы­лай деп баяндайды: «Усул іліміндегі алғашқы кітаптарды шафиғилар жазған. Имам Мұхаммед ибн Идрис аш-Шафиғидің «ар-Рисаласы» дәлелдерінің ке­сімді бұлтартпастығы мен көкейге қонымдылығы жағынан ғана емес, усул-фиқһ саласындағы тұңғыш арнайы кітап ретінде бағаланады. Аш-Шафиғи Құран туралы, үкімдерді түсіндіріп,  Құранды сүннамен түсіндіру, ижмағ, қияс, насих (күшін жою­шы), мансух( күші жойылған), әмір(бұйрық), наһи (тыйым), бір хабардың дәлелділігі туралы қозғап, аам (жалпылаушы), муштарак (бірге), мужмал(ықшамды мағына), хас(даралаушы), муфассал (егжей-тегжейлі) сынды ұғымдардың семантикасына үңілген. Шафиғилар мен ханафи ғалымдары ғылыми бәсекелестікке   түскен. Шафиғилердікі сынды ханафилік бағыттағы усул-фиһқтың кітаптары  көп те, олардың ішінде танымалдары да баршылық. Ханафи ғалымдарының үкімдер шығару, усулдың  мыңдаған мәселелерге қатысты тұжырымдары   олардың түрлі еңбектерінде бытыраңқы түрде әр жерде шашылып жүретін.  Міне, осындай жүйесіз, шашыраңқы  мәселелерді бір жерге топтап бір ізге түсіріп, жүйелеу ісі ІХ ғасырда басталды. Ханафи ғалымдары арасында усул-фиһқке арналған алғашқы «Рисалат» атты еңбектің авторы – имам Әбу Хасан әл-Кархи (260/874-340/952). Одан кейінгі «әл-Фусул фил-усул» атты кітап жазған Әбу Бәкр әл-Жассас (305/917-370/980). Оның бұл еңбегі ханафилер арасындағы бірінші орындағы кітап болып есептеледі, онда берілген мәселелерге қатысты  нақили мен ақили дәлелдер келтіріледі, усул-фиһ­қтың көптеген тақырыптардағы мәселелері жан-жақты қамтылған, ұстазы әл-Кархидің пікірлері ауызға алынып, оған қосылатынын, не қо­сыл­майтындығын айтады. Бұдан кейінгі ханафи усул-фиһқындағы  екінші орындағы еңбек деп саналатын «Тақуим әл-адилат» кітабының авторы  Әбу Зайд Убайдуллаһ әд-Дабуси (430/1039 жылы қ.б), усулшылардың ойлары, мазһаб имамдарының пікір алшақтықтары кеңінен  берілген. Ханафи ғалымдары бұл еңбекке ерекше көңіл аударады [6/112-113-б]. 
Ханафи ғалымдарының көрнекті өкілі Фахр әл-Ислам әл-Баздауи (400/1041-482/1123) «Канз ал-усул илә мағрифат әл-усул» атты еңбегінде усул фиқһ саласын кеңінен зерделеген. Әл-Баздауи осы еңбегінде ең алдымен  әр мәселеге өз мазхабының ұстанымын  қысқартып береді, сонан соң қарсылас мазхабтың ойлары мен дәлелін, сонан кейін өз дәлелін келтіреді де, қарсыластарының дәлеліне өз тарапынан жауап қайтарады. Оқымысты өзінің шархын усул ад-дин туралы бастап, сонан соң көзқарас пен мақсаты туралы айтады, онан әрі Ханафилердің ең лайықты адамдар екенін сипаттаған соң усул ул-фиһқ хақындағы зерттеуіне көшеді, усулдің  біріншісі – Құран Кәрім, одан кейін оның бөлімдері, назым мен мағынаны төртке  бөліп қарастырады: 1-бөлім: Назымның тәсілдері: формалық, тілдік жағы: оның  бөлімдері: хасс(даралаушы) амм(жалпылаушы), муштарак (ортақ), мууауалл (ең ықтымал болжам).
2-бөлім: Назымды түсіндірудің тәсілдері, оның тараулары: заһир (көрнекі) мағына, муфассар (түсіндірілген мағына),  муккам (нақтыланған мағына).
3-бөлім: Назымның қолданыс тәсілдері: оның тараулары, хақиқа (тура мағына), мажаз (ауыспалы мағына), сарих (айқын мағына), киная (тұспалды мағына). 
4-бөлім: Дәлел іздеу, ізделген мағынаны біл­ді­руші, оның тараулары: ибарат насс (мәтіндегі нақты түсінік ), ишарат насс (мәтін меңгерген түсінік), далалатуһу оның (мәтіннің мағынасы), иқтидауһу оның (мәтіннің) дұрыс мағынаны қажетсінуі). Әл-Баздауи жоғарыдағы  тақырыптарды  аша отырып, үкімдердің, яғни шариғи нормалардың, оның сипаттарын ауызға алады [6/138-б]. 
 Имам әл-Баздуидің усулына түсінік жасағандар: Ала-ад-Дин  Абд ул-Азиз бин Ахмад бин Мұхаммед әл-Бұхари (хижра бойынша 730/1329/ қайтыс болған), ас-Сығнақи, әл-Итқани, әл-Кәки, әл-Ғурлани,  әл-Бабарти.
Соның бірі ұлы фиқһтанушы, шоқтығы биік тұлға – Қауам ад-Дин әл-Итқанидің. Қауам ад-Дин әл-Итқанидің «аш-Шамил» атты еңбегінде Имам Фахр ад-Ислам әл-Баздауидің «Канз ал-усул илә мағрифат әл-усул»  кітабының ықшамдалған түріне түсіндірме жазған.  
Қауам ад-Дин әл-Итқани «аш-Шамил» атты еңбегінде әл-Баздауидің (400/1041- 482/1123) усул ғылымына жазған шархында усул мен кәламға арасындағы байланыс қырларына тоқталар болсақ, «باب تقسيم السنة فى حف النبى سلى الله عليه وسلم» «Пайғамбар (с.ғ.с) хақысындағы сүннетті бөлу» бабында пайғамбарымыздың (с.ғ.с) кейбір мәселелердегі өз ақылымен ыждағаттылығымен үкім шығару тұрғысындағы уахи мен илһам жөнінде қарастырылады. Онда аталмыш мәселе турасында усули жағынан зерттей келе, усул ғұламаларының көзқарастарымен салыстыра отырып, пайғамбардың (с.ғ.с) кейбір мәселелердегі ыждағаттылығын үшке бөліп қарастырған. 
1) Пайғамбар (с.ғ.с) ақыл-ыждағатты­лы­ғымен үкім шығарған.
2) Пайғамбар (с.ғ.с) ақыл-ыждағатты­лығымен үкім шығарып, кейде шығармаған.
3) Пайғамбар (с.ғ.с) ақыл-ыждағат­тылығымен үкім шығармаған [7].
Мұндағы мәселенің үшке бөліп қарастыры­луының өзі Қауам ад-Дин әл-Итқанидің усул саласындағы әдіснама тәсілі болып саналады. Өйткені, ол усулдағы Ханафи ғұламаларының көзқарастарын зерттей келе, өзіндік әдіснама тәсіліне сала отырып, Ханафи ғұламаларының көзқарастарын усулдық тұрғыда жіктей алған. Сондай-ақ, усулдық тұрғыда жіктей келе, кәлам ілімін зерделеген Ханафи ғұламаларының да көзқарастарын байланыстырған. Яғни, зерделеп отырған тақырыбымыз уахи мен илһам мәселесі болғандықтан, аталмыш мәселеде бірнеше Исламнан бөлініп шыққан топтардың да көзқарастарын сынға алған. Мәселен: Муғтазилиттер, Захириттер және Шиғалар сынды адасқан топ көсемдерінің негізгі дәйектерін бұрыстығын дәлелдеп, оларға усул мен кәлам әдіснам тәсілдерін пайдалана отырып, толыққанды қанағаттанарлықтай жауап берген-ді.  
Демек, мұнымен біз әл-Итқанидің Ханафи мәзһабының қағидаттарын жатқа біліп, усул мәселелерінің үкімдері мен әдіснама тәсілдері Ханафилік бағыты бойынша екендігіне көз жеткіздік. 
Кейбір деректерде – Қауам ад-Дин осы имам Ағзам мектебінің жәй өкілі ғана емес, сондай-ақ нағыз насихатшысы болғандығын аңғарамыз. Тіпті, оның өзіне Әбу Ханифа атты лақап ат алғанының  өзі-ақ көп жайдан хабар берсе керек. Ол үйленген, ұлды, қызды болған [9, 121-б]. 
Сөзімізді қорыта келе, Қауам ад-Дин әл-Итқанидің усул саласында әл-Баздауидің усулына жасаған түсіндірмесінде усул фиқһ қағидаларын егжей-тегжей зерттей зерделей отырып, усул фиқһ көптеген ғылымдармен көне әрі жаңа пәндердің басын қосып жинаған бір бау-бақша тақылеттес болған кәлам ілімімен байланыстырған. Усул фиқһ хадис, таухид, Ислам пәлсапасы, бәләға, логика, наху және лингвистикамен байланысты кейіннен шыққан мәселелердің зерттеулерін қамтиды. Оның ауқымдылығы өте кең. Онда мәзһаб ғалымдарының арасындағы айырмашылықтарымен түрлі-түрлі пікірлерінің кең көлемді еңбектерін қамтиды.
Усул фиқһ ғылымын терең меңгерген адам бір мәселенің шешіміне жету жолында өте терең ойлануы қажет. Демек, усул маманының алғырлығы – кез-келген пәлсапашыдан артық болуы қажет.
Расында, фиқһ саласы және усул фиқһ ғы­лымымен оған қатысты нәрселерге өте қатты мұқ­таж. Үкім шығарудың негіздері мен себептерін және шариғи үкімнің дұрыс тарапын түсінбей екі шариғи үкімдердің арасындағы қарама-қайшылықтарды қарастырып жатқан кезде қателесіп, қателік жасап қоюдан дайын үкімдермен фиқһ ғылымын оқыған абзал.
Әл-Итқанидің «аш-Шамил» атты еңбегін зерделей отырып, оның әдіснамалық тәсілдері анықталды. Демек, жумһур арасындағы Шариғи үкімдері бар дәлелдердің дұрыстығына және қолдануға келісімдері бар. Сондай-ақ, Исламдағы үкім шығаруды қамтыған жалпы шариғат құрылымы негізделген. Және адамдардың ұрынып қалған мәселелерімен әр ғасырда шығып жатқан жаңа мәселелердің шешімін табу үшін сол негіз болған дәлелдерге оралады.
Ғалымның түрлі пікірталастар мен диспут­тарда тайсалмағандығына қарағанда, оның Ханафи мәзһабының дәйекнамаларын тереңінен меңгергендігін аңғарамыз. Дегенмен, талас-тартыстар мен пікірталастар тек сыртқы бейнеде жүзеге асады. Талас-тартыс пен пікірталас мәз­һабтардың әр-түрлі зерттеу әдіснамалары және орын­далуы жарамды дәлелдердің қолданыстарында ғана көрініс табады. Олардың қайсыбірін қол­данатын болсаң – дұрыс. Өйткені, оларды қолдануға болады деген мәзһаб иелерінің арасында келісім бар. Фиқһ ғылымының негізі болып саналатын «Усул фиқһ» маңызды ғылымдардың бірі. Фақиһтар, мужтаһидтердің шариғи үкімдерді қай жолмен шығарғандарын (истинбатты) осы ғылым арқылы біледі. Усул фиқһ ғылымы ғұламалардың назарларын өзіне қаратқан. Олар осы салада біздің күнімізге дейін құнды болып саналып келе жатқан еңбектер жазып қалдырған. 
Әл-Итқанидың «аш-Шамил»атты еңбегіндегі усул мен кәлам арасындағы байланысы кейбір баптарында ғана кездесіп, онда усул терминдері баяндалғанынан соң, кәлам ғалымдарының анықта­малары баяндалады.
Ендеше, осындай қазақ даласынан шыққан усултанушы – Қауам ад-Дин әл-Итқани сынды ғұламаларымыздың еңбектерін зерттей, зерделей отырып, бүгінгі күні шешімі табылмаған көкейкесті мәселелердің негізгі себептерін Ханафи мәзһабының әдіснамалық нормалары аясында үкім ала отырып, мужтахид ғұламалардың үкімдерін орынды пайдалануға тырысып бағуымыз қажет. 

Сансызбай Чуханов, 
Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университеті, «Исламтану» факультетінің 
ІІ-курс докторанты

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
Дербісәлі Әбсаттар. Отырарлық Әмір Катиб әл-Итқани (Иқани) әл-Фараби ат-Түркістани әл-Ханафи//Исламтану және араб филологиясы мәселелері/Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конфереция материалдары/2011/,VІІІ, Алматы. 2002. 7-66 б.
Муртада Ибн Зейд әл-Махатуари. «Усул фиқһ – әл-Хукм шарғи уа мутағаллақатиһи». Марказ Бадр. 2007. 167-б.
«Мухаммед Абдул-Латиф. «Усул әл-Фиқһ әл-Ислами». – Александрия. «әл-Азһар» университеті. 167-бет.
Уали ад-Дин әл-Фарфур. «Аш-Шафи ала усул аш-Шаши». Дарул-Фарфур. 2001 ж. 371-б.
Тұрар Түгелұлы, Б.Тұрғанбекұлы. «Мәзһабтар туралы таным». «Достар медия груп». Алматы. 2011. 175-б.
Керім Ш.Т. «Сығанақ саңлағы». «Нұр-Мүбарак» баспасы Алматы 2012. 240-б.
Али Ибн Сағд Дуайхи. Қауам ад-Дин әл-Итқанидің «аш-Шамил» әл-Баздауи усулына түсіндірме. Саудия Араб Әмірлігі. Усул фиқһ бөлімі. 1424. 428-б.
Дербісәлі Ә. «Қауам ад-Дин әл-Итқани өмірі мен мұрасы». Алматы 2013. 243-б.

Алдыңғы «
Келесі »