«АЛАСАРМАС АСҚАР ТАУДАЙ АРДАГЕР»

  • 20.04.2012
  • 471 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Медеу Сәрсеке,
жазушы

− «Қазақ КСР тарихы» ұшыраған қастаңдықтың бетін әрі қаратқан соң-ақ, байқауымша, Ерекең көкейкесті шаруасына жедеғабыл кірісіп, 1946 жылдың күзінде докторлық диссертациясын Мәскеуде сәтті қорғапты, келесі жылы Кенесары қозғалысын сипаттаған кітап етіп шығарыпты. Қызметі де өскен: Тарих, археология және этнография институты директорының орынбасары болып әрі ҚазМУ-де тыңнан ашылған «Қазақ КСР тарихы» кафедрасына меңгерушілікке тағайындалыпты. Бұл турасында пәлендей сұрауым жоқ, оны қуғындап, сізді де қорғаушысы деп, қызғаншақ әріптестерінің БК(Б)П Орталық комитетіне, ВАК-қа, «Правда» газеті мен «Большевик» журналына жолдаған «домалақ хаттары» туралы да білемін… − дедім түс ауа әңгімеміз қайыра жалғасқанда. − Мен үшін түсініксіз гәп − Қазақстанда 1947 жылы өрбіген әдебиетші ғалымдарды қудалау. Соның себеп-салдары неден туды?..
− Сұрауыңды конкретно айт, жалпылама сөзге жауап беру қиын…
«Сол науқанды қоздырып, науқан жасаған сіз дейді. Сол рас па?» деген ойымды тура айта алмай, «Қазақтың Қанышы» деп атаған, 1999 жылы жарық көрген роман-эссемді портфельден шығарып, соның «Қиянатта» тарауын ашып, алдына қойдым.
Мұхаң мен нұсқаған беттерге үңілді…
«…Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметұлымен сұхбат келеңсіз сөгіспен аяқталып, діттеген ойын өткізе алмай көңілі құлазыған академия жетекшісі есекдәме үмітпен Орталық Комитеттің идеолог-хатшысы Мұхамеджан Әбдіқалықовқа соққан-ды. Өмірде көрген-білген оқуы екі басқышты орыс-қазақ училищесі, бағынышты қызметкерлерге дөңайбат жасап бұйыра сөйлеп, күш көрсетуді ОГПУ органында істеген жылдарында машық еткен бірінші хатшыдай емес, Мұхамеджан Әбдіқалықұлы жоғары білімді зиялы әрі қолынан кітап түспейтін оқымпаз. Онымен саясат қана емес, өзге де жайттар турасында емін-еркін пікірлесуге болатын.
Әйдік хатшы Қаныш Имантайұлының қату қалпын аңдаған соң-ақ өзінен едәуір үлкен әрі ғылыми атағы зор ғалыммен дауға түспей, әрқайсының сыртында «Құпия, тек қана қызмет бабында пайдалану үшін!» деген ескерту жазылған құжаттардың бірнешеуін сейфтен суырып, алдына қойды. Бәрі де БК(б)П ОК-нің идеология мәселелері жайында соңғы жылдары қабылдаған қаулылары: 1944 жылғы «Татар обкомының идеология­лық жұмысы туралы» қарарда «Едіге батыр», «Шора батыр» дастандарының со­ғыс­құ­марлықты, ел тонаушылықты дә­ріп­тей­тіні «әшкереленген», демек, түрік тіл­ді халықтардың қаһармандық рухын мадақтауымен-ақ ұлтшылдыққа ұрындыратын мәні зиянды дастандар; Компартияның бас идеологы А. А. Жда­новтың «Звезда», «Ленинград» журналдарының әдеби бағытын сыпыра қаралаған, А. Ах­матова мен М. Зощенко шығармаларындағы өмірден түңілу, жатты аңсау сарындарын бадырайта көр­сетіп, кеңестік тұрмыстың жарқын сипаттарын қасақана көрмегенін аяусыз сынаған баяндамасына екі журналды да жабу жөніндегі қаһарлы қаулысы қоса тіркеліпті…
Қаныш Имантайұлы сол құжаттардан «тал­­қылансын», «басшылыққа алынсын» деген сілтемелерді, «шетелге табыну, ұлт­шылдық ниеті айқын немесе ескі өмір­ді көксеу пиғылы байқалған жат элементтерді аяусыз жазалап, түп-тамырымен жұлып тастау» туралы тармақтарды жаны түршіге оқыды. Идеолог-хатшының күнделікті жұмысында осы қарарларды үлгі-нұсқа ететінін академия президенті бірден ұқты. Демек, партияның сара жолынан ауытқушыларды іздеуді жер-жерде жаппай өрістетуге нұсқау Мәскеуден өрбіген. Жұмабай Шаяхметов өзінің қазақ филологтарын қорғаған уәжіне өре тұруының түп себебі − осы нұсқауларды өзгертуге дәрменсіздігі. Ал, Мұхамеджан Әбдіқалықұлы сол гәпті түнерген қабақпен аңғартып, қатаң қаулы-қарарларды алдына жайып салуымен иландырмақ… Сөйтсе де? Сол үшін академия­ны жазықты етуге бола ма? Ең шатағы, ескіні аңсаушылар деп, «ағаш атқа мінгізіп», жабыла дүрелейтін адамдары − Тіл және әдебиет институтының білімі ұшан-теңіз айтулы ғалымдары. Оған қоса ақылға сыймайтын гәп − институтты тексеру ой-өрісі таяз, күншіл жалақорлардың «домалақ арызына» мән беруден туындап отыр…
– Мұха, түйсігім жетер емес, академиялық институтқа шүйлігудің мыналармен байланысы қанша? – деді Қаныш құпия құжаттарды хатшыға қайтарып.
– Қанеке, осы мәселеге бізден жоғарыдағылар бел шешіп кіріссе оның аяғы немен аяқталарын ойладыңыз ба?.. – Әбдіқалықов сұқ саусағымен төбені көрсетіп, бұлттан асып, түпсіз аспанның күнбатыс шебін меңзегендей ишарат жасады. – Тегінде оның бетін әрі қаратсын! Қазір сіз талқылауға бермеймін деп жанталаса қор­ғап отырған Әуезов, Жұмалиев, Ысмайылов емес, соларды жақтаушы қаншама жайсаңдарымыздан біржола айырыламыз. Оған титтей шүбә келтірмеңіз!.. Ал, біз сол «күнәкарларды» өзіміз талқылап, саяси бағалауда қателескендерін қауым алдында әшкерелеп, институттың ғылыми қызметкерлері мен Қазақстан әдебиетшілері арасында тәлім-тәрбие жұмысын жүргі­зген боламыз. Әлбетте сын тезіне түскен ғалымдар жаза тартады, дағдылы жұмысынан шеттетіліп, бірер жыл жәбір-жапа шегеді. Бейнелеп айтқанда, сақал-мұр­тын күзей­міз. Басы аман қалған соң мұрт та, шаштары да қайта шықпай ма?.. Сіз мұны, Қанеке, нақақ жаза дейсіз. Мен соны − уақытша амал, ғұлама ғалымдарымызды аман сақтаудың шарасы деймін…
Академия президенті басын шайқады. Кө­­ңіл-күйі әлем-тапырық болып, өзіне тұнжырай қа­раған хатшыға не дерін білмей дегбірі қаш­ты. Республиканың бас идеологының сойқанды мәселенің бүге-шігесін мәністеп түсіндіргені есін тандырып, екіұдай ойға жетеледі: естіге­ніне сенбеуге қақысы жоқ, Мұхамеджан інісі – ешкімге жалтаңбайы жоқ ақжүрек адам; сөйтсе де саясатқа жүйрік, қайрат-жігерін де мығым санайтын қайраткердің Ғылым ордасындағы ең білікті, ең қомақты институтында ойда жоқта өрбіген, шындығында ұсақ-түйек сөзге үйір соғындылар қоздырған күйкі даудың себеп-зиянын да біле отырып, сол шіркіндерге тыйым салудың орнына мынадай кереғар әрекетке жол бергені мүлдем түсініксіз.
– Академияны едел-жедел құрып, қарабайыр жұрт­тың бойы да, ойы да жет­пей­тін Олимп шыңын сіз бен біз қолдан жасадық, Қанеке. Сол шыңның басына шығуға енді емен де, семен де ұмтылады. Өзіңіз білесіз, ғылыми дәрежені иелену қазір де қиын емес, тек ынтаңыз болсын… – Қадірменді академиктің өзіне түйіле қарап, қарны ашқан кісідей қыржиып отырғанын аңдаған кабинет иесі түп ойын одан әрі тарқата сөйледі. – Олимпке жетуді шынайы ғылым иелері мұрат етсе – құба-құп. Алайда, дарқан өмір ғылымды кәдесіне жаратып, сауын сиырдай сауатын пысықтар­ға да даңғыл жол ашып отыр. Сол шіркіндер өзіңіз, Мұх­тар Әуе­зов­, Әлкей Марғұлан, Есмағанбет Ысмайылов көтерілген биікке бірге шығып, мен де неге қатар тұр­май­­­мын… деп көксейді, соған қайткен күнде жетудің айла-амалын қарастырады. Ұқтыңыз ба, сіз әлгін­де науқан деген дүрмектің түп себебін?.. Әгәрәки сіздің талабыңызды құп алып, жалақорлардың арызын аяқасты еттім бе, ол найсаптар сірәда тоқтамайды. Көрдіңіз бе, тоғышар ойларын жүзеге асыру үшін қандай уақытты таңдағанын?.. – Хатшы алдындағы құжаттарды нұсқады. – Мен сізге, Қанеке, ақыл айтып, солармен күресу әдісін үйретпеймін. Ғапу етіңіз, ондай ниеттен аулақпын. Сөйтсе де бұқ­­па­да тұрып, аяқтан ша­­латын жымысқы әрекеттерге келешекте әзір болыңыз. Ондай соққылардың әлі талайын көре­сіз…
– Рахмет, Мұха! Бұйырғанын көрерміз, – Қаныш Имантайұлы бәсең үнмен сөзін жалғады. – Шынымды айтсам, халқымыз ғасырлар бойы өзіне рухани азық еткен асыл мұраларымызды зерттеген кәнігі ғалымдардың ұлан-ға­­­й­ыр еңбектерін саяси қарармен тежеудің қажеттігіне мені иландыра алмадыңыз. Мына амалды мен қия­наттың дөрекісі деп білемін, мүлдем әбес әрекет! Тарих соты оны ақтамайды, халқымыз да мұны кешірмейді! Шаяхметов жолдасқа да тура солай дедім, ендігісін өздерің біліңдер…
Әбдіқалықов бүгежектеп төмен қарады. Ақ­құба өңі қарауытып, қарақошқыл дақтар бетіне теуіп есеңгірегендей хал кешті. Ға­лымның бетіне тура қарай алмай, төмен қарап:
– Көп жайт сізге беймәлім, Қанеке, мені де сол үшін жазалап отырсыз… − деді.
– Олай десеңіз, айтарым жоқ. Бірің сот, бірің прокурор болып, Жұмекең екеуің білгендеріңді істеңдер! Ал, мен бұл қиянатқа қатыспаймын! – деп Академия президенті қоштасу мезіретін де жасамай, томсырайған қалпы шығып кетті…»
Одан әрі роман-эсседе өңкей ұрда-жық, өздерін шынайы большевик санайтын идеологтар қатысқан комиссияның тексеру қорытындысы 1947 жыл­ғы қаңтардың 21 күні Орталық комитетте талқыланып, «КСР ҒА-ның Тіл және әдебиет инс­титутының саяси өрескел қателіктері туралы» деген, қаһарлы атынан-ақ адамды қарадай шошытар жойқын қаулы қабылдаумен аяқталғаны сипатталған-ды. Яғни, «ҒА-сы мен Тіл-әдебиет институтының басшылары кадр таңдаудың боль­шевик­тік ұстанымдарын өрескел бұз­ған-мыс, сол себепті зерттеу ұжымы қо­ғамға пиғылы жат, ғылыми жұмыстың саяси бағыт-бағдарын аңғармайтын кездейсоқ қызметкерлермен былыққан…» дегендей қату сөздер жазылған қаулы бойынша ин­с­титут директоры Есмағанбет Ысмайылов қызметінен босап, ұжымдағы әдебиетшілердің білікті тобы зерттеушілік жұмыстан аласталған. «Жат пиғылды буржуазиялық элементтер» немесе «қазақтың емін-еркін өмір сүрген бұла заманын көксеушілер» тобына жатқызылғандар бірнеше ай бойы жоғары оқу орындарында қызу жүрген талқыға ұшырап, үл­кен­ді-кішілі газеттер бе­тінде аяусыз «әшкереленгені» − кешегі өмірдің ащы шындығы. Сол науқан кезінде Сақтаған Бәйішев «Социалистік Қазақстан»газетінің 1947 жылғы 14 наурыз күнгі санында «Профес­сор Әуезов өткендегі қателіктердің шырмауын­да» деген мақала жариялап, академик жазушының әдебиет саласындағы еңбектерін жоққа шығарып, со­циалистік қоғамға зиянды зерттеуші еткен…
Мұхаң кітапты ұзақ оқыды. Байқауымша, кейбір тұсын екі-үш қайтара. Әлден уақытта кітапты жауып, бетіме ожырая қарады.
− Ауыр сипаттама, сірә, сізге дерек бергендер сол уақыт турасында талай жайтты көйіткен?.. − Мен ләм-мим дегем жоқ, тым-тырыс отырмын. − Жә, турасын айтайын, тұжырымың, шырақ, негізінен дұрыс. Заман аужайы солай болды. Оның қатыбастығын Қанекеңнің ауыр сөзімен көрсетіпсің, менің тактикам туралы ойың да қисынды. Сол кездегі қатаңдығымды кейбір жолдастар бертінде өзіме де айтты, дінің қатты, аяуды білмейсің, бізді нақақтан қуғындадың деп, дөңайбат көрсеткендер де болды…
− Сөйтсе де сізді ақтайтын уәжді маған Ісләм ағай түсіндіріп еді.
− Оған да рақмет, дұрысын айтқан!.. Шы­нында да 37-жылдың шерлі қырғыны қайталанған жоқ, бастары аман қалған соң Әбдіқалықов күзеген шаш қайтадан шығады дегенің абсолютно дұрыс. Тек сол науқанның неден өрбігенін нақты білмегенсіз, мен сізге соның неден туғанын айтайын: 1946 жылдың аяқ шені, әлде 47-жылдың басы ма, әйтеуір «Правда» газеті Александр Фадеевтің, КСРО Жазушылар одағының Бас хатшысы болғанын білетін шығарсыз, Кеңес әдебиетінің хал-күйі туралы мақаласын жариялады. Соның бір жерінде Есмағанбет Ысмайыловты күйрете мінеп, «барлық еңбегінде ескі өмірді жырлаушы қазақ ақындарын әсірелеп дәріптейді, осы күнгі заманның ақындарын сірәда көрмейді…» деген сарында сын айтып, бізді де түйреді… «Правданың» сынына үндемей қалу саяси қателікке есептеледі. Жұмекең бірінші хатшының кабинетіне ие болған кезі, әлгі сынды өзіне айтылғандай қабылдап, күн сайын маған дікілдейтін болды. Академия басшылығын, Әдебиет институтын күйреткен қаулы сол кісінің талабымен қабылданды, Есмағанбет сорлының ерекше таяқ жеуінің де сыры сонда. Тумысынан дімкәс, бірақ білімпаздығы айқын әдебиетшіні жазалаушы органға сол жолы бергеміз жоқ. Ал, кейін, алты жылдан соң Есекеңнің алғашқы кезекте, Ермұханнан да бұрын түрмеге түскенін білетін шығарсыз? Так что, қарғаш, 1947 жылғы менің тактикам дұрыс деген ойдан мені қазір де айныта алмайсыз. Иә, айтпақшы, үйіміз соңғы кезде ұрымтал болып, көшеге шыққан серуенде Есекеңмен талай кездестік. Бірде ол маған: «Саған мен басты ұлтшыл еткеніңе өкпелеп едім, кейіннен сол іс үшін қайтадан қудаланғанда, қатерден қызғыш құсша қорғағаныңды түсіндім. Өкпем тарқады…» деп ағынан жарылған-ды. Нендей оқиғаны болсын, шырағым, салыстырумен бағалау шарт: 1947 жыл мен 1952 жылғы қуғынды таразыға тартсаңыз − айырмасы жер мен көктей екеніне дау айта алмайсыз…
− Осы жерде тағы бір сұраудың төбесі қыл­тиып тұр, ағасы. Жүз жылдық тойы қарсаңында Мұхтар Омарханұлының И. В. Сталинге 1947 жылы жолдаған арызының қолжазбасы біздің Семейде шығатын «Абай» журналында 1997 жылы жарияланды. Сол хатта жазушы: «Орталық комитеттің хатшысы М. Әбдіқалықов мені ескілікті көксеуші деп мейілінше ғайбаттайды, қыр соңыма түсіп, шығармашылық ісіме үнемі араласады…» − деген реніш білдірген. Бұған не дейсіз?
− Ол хатты көргемін жоқ, бірақ сондай бір әрекет іс болғанын естідім. Хатты жария­лаушы, сірә, үйінде сақталған қолжазбаны пайдаланған… Ал, мен Орталық комитеттің хатшысы кезімде сол хаттың Мәскеуге жолданған, машинкаға басылған, орысша нұсқасын оқығанмын, онда менің фамилиям аталмаған, тек Орталық комитеттің өзін қорғамайтынына шағым айтқан жалпылама сөздер болатын… − деп ақсақал алдындағы жеміс шырынын ішіп, сәл тыныстап, әңгімесін жалғастырды. − Мен сізге осы арыздың неден туғанын айтайын, қорытындыны өзіңіз жасаңыз: «Абай» романының бірінші кітабы жарық көрген соң-ақ Мұхаңның дұшпаны көбейді, әсіресе өзімен қаламдас серіктері, әрине, бәрі емес, іші тар, дарыны кемдері қызғаныш отын қыздырып, ол кісі туралы неше түрлі әреке сөзді тарата бастады. Әлбетте, басты желеуге айтатындары − қазақтың ескі салт-дәстүрін, байлар ауылының шат-шадыман тұрмысын суреттегенде қаламы тежеусіз жорғалап сүйсіне жазады, ал, Дәркембай сияқты кедей-кепшікті сипаттағанда тасырқаған атқа ұқсайды… деген сынды сыңаржақ сын. Тіпті қазақтың ескі тұрмысын коммунизм белгілеріне ұқсатып төндіре суреттейді дегендер де болды. Ондай сынды, қарғаш, үстел соғып ескертумен тоқтата алмайсың. Оған қоса «домалақ арыз» жолдаушылар мені де қосады, екеуі де Орта жүздің қазақтары, Әбдіқалықов үнемі сүйеп, қолпаштап отырады… деген сияқты жолбике сөздер…
− Түсінікті. Өзім де солай шығар деп ойлаған едім.
− Мұхаң мені өмірден озғанша зиялы інім деп сыйлаудан жаңылған жоқ. Өйтуінің де себебі бар: Мұхтар Омарқанұлының 1932 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне түрмеден жолдаған хаты туралы естіген шығарсыз?
− Білемін, профессор Әлімхан Ермеков екеуі бірге жазған. Бұрынғы саяси бағытымыздан айныдық, бұдан былай кеңестік платформаны қабылдап, еңбегімізді сол жолға арнаймыз… деген сыңайда.
− Примерно солай, білдің, − деді Мүхамед­жан Әбдіқалықұлы езу тартып. − Сол хат бойынша Мұхаң бостандыққа шықты. Шы­ғар­машылық жұмыспен шұғылданып, халқымыз сүйсініп оқитын еңбектер жазды. Алайда, саяси жөнінен біржола ақталмаған… Мен соны хатшы кезімде әлдекімнен естіп, Мұхаңды шақырып: «Арыз беріңіз, сізді саяси қаралаудан құлантаза ақтау мәселесін шешеміз», − дедім. Мұхаң бірден: «Ой, пәлі-ай, Мұхамеджан жолдас, сол істі қайыра қозғаудың қажеті қанша, ел жадынан ұмыт болған шаруа», − деп қарсылық білдірді. Мен айттым: «Мұха, міне, сіз «Абайды» жазып, қазақ қаламгерлерінің түу алдына шықтыңыз, сізді құрметтейтін, әр түрлі марапатқа ұсынатын жақсы күндер туады. Бюроның қаулысы Сізді саяси ақтап, нағыз совет жазушысы екеніңізді айғақтайтын ресми документ болады. Бас тартпаңыз, айтқанды істеңіз…» Мұхаң қолма-қол арыз жазып берді. Біз соны бюрода талқылап, ресми ақтадық. Солай істемесек − Мұхаң Ғылым академиясына толық мүше болып сайланбас еді, Сталиндік сыйлықтың иегері атануы да неғайбыл іс. Ол кісіні күллі халық жақсы көрді, қадірледі, Мұхаң да күллі қазақтың даңқын дүниежүзіне үздік өнерімен әйгіледі…
− Мына жайтты қазіргі әдеби жұртшылық білмейді, Мұха.
− Бюроның шешімдері жеті құлыптың астында сақталады. Іздесең − табасың. Ал, мен сөйтіп едім деп кімге мақтанамын?..
− Мұхтар Омарқанұлымен қарым-қатына­сыңыз осыдан соң мүлдем оңалды ма?
− Ол кісіні мен ерекше құрметтедім, әрине, ғажап таланты үшін. Соны Мұхаңның өзі де, өзгелер де білді. Жұмабай Шаяхметов бірде маған: «Мұхамеджан, сен ылғи Әуезовке шаң жуытпай мақтап отырасың, ал, оның шыққан тегі − қожа, ақсүйектер тұқымынан, ондай адамдарға сенуге болмайды. Мен одан гөрі Сәбит Мұқановқа пейілмін. Өйткені, ол − сіңірі шыққан кедейдің баласы, өзі де батырақ болған әрі большевиктік белсенділігін сөзі мен ісінде көрсетуден жаңылған емес…» − деп әзілдеген болып, маған зілі ауыр кінә артты. Мен де жорта күліп: «Жұмеке, сіздің туған ауылыңыз Сәбеңнің Жаманшұбарына ұрымтал, сірә, жерлес болғандықтан іштартасыз… Ал, мен Мұхаңды қайталанбас ғаламат дарыны үшін құрметтеймін. Ондай тұлға екінші рет қазақтан туа ма, тумай ма − неғайбыл!..» − дедім. Мұхаң да соны жүрек ділімен ұғып, маған дос пейілмен қарады. Сізге соны нақты айғақпен дәлелдеймін…
15 сәуірде қайыра кездескенімізде Мұха­меджан ағай “Абай” романының 1942 жылғы бірінші басылымын ала келіп, алдыма қойды. Алғашқы бетіне автор латын әріптерімен: «Әдебиет досы − жолдас Мұхаметжанға! Біздің ЦК мен Совнарком 1939 ж. қаулысында қазақ тілінде проза жанры дамуы қажет деп еді. Сол қаулыға жауап есебінде жазылған шығармам осы еді. Оқып, сынап, жолдастық пікір айтуыңызды күтемін. М. Әуезов, 22.VII. 42 ж.» − деген лебіз жазылыпты. Әрине, ресмилігі көзге түртіп тұрған қолтаңба. Ал, хатшылық қызметтен босап, үйінде жұмыссыз отырған партия қайраткеріне 1947 жылдың 6 желтоқсанында Мұхтар Омарқанұлының «Абай» романының 2-кітабына жазған қолтаңбасындағы: «Қымбатты Мұхаметжанға! Көп жылдар бір майданда өткен еңбектер ескерткішіне, жазушыдан» деген сөзін ресмилік десек − қисынсыз уәж болмақ…
* * *
− Ерекең докторлығын 1946 жылы қорға­ғаннан кейін-ақ басынан бұлт арылмай, келесі жылы нақақтан ғайбаттаған «домалақ арыздардан» ақталып, ал 1948 жылы Кенесары қозғалысы туралы монографиясы үшін үш мәрте ғылыми талқыға түсуге мәжбүр болғаны мәлім…
− Анығында төрт мәрте, қарғаш, − деді Мұхаң. − Алғашқысы − 1946 жылғы, Тарих институтының ғылыми кеңесіндегі ресми талқылау, яки докторлық диссертациясын қорғау үстінде. Одан абыроймен өтті. Екіншісі − 1948 жылдың басы, сол кезде білгір тарихшылар саналған, тарих ғылымының кандидаттары Мұсатай Ақынжанов, Тілеуқажы Шойынбаев және Хадиша Айдарова үшеуі Мәскеуге, «Правда» газетінің редакциясына, ВАК-қа үстемелеп жолдаған арыздары бойынша, яки хан тұқымын халық қаһарманы етіп теріс-қағыс түсіндіріп, анығында буржуазиялық-байшылдық мәнде жазылған еңбегі үшін докторлық атақ алды, оны бекітуге болмайды… деген жалалы арыздарын тексеру мақсатымен Мәскеудің Тарих институты айтыс ұйымдастырған. Әрине, арыз жолдаушылар ғылыми талқыға әзір емес, қарсыласын бұқпада отырып жалған ақпармен күйретуге үйренген… Қысқасы, екі серігі Мәс­кеуге бармаған, Мұсатай мен Тілеуқажыны жақсы білемін, орысшасы өте нашар, жаза да, сөйлей де білмейді. Мәскеудегі айтысқа Хадиша жалғыз барып, масқара болып қайтты. Айтысты қорытқанда институт директоры, академик Греков: «Қымбатты қазақтар, тарихтарың − қордаланып жатқан мол қазына, әрқайсың он-ондап монография жазсаңдар да таусылмайды. Ал, сендер, дүниеге келген алғашқы монографияны құртпақ болып, қымбат уақыттарыңды текке зая етіп жүрсіңдер. Ғылыми монографиядан саяси астар іздеу тегінде жақсы емес, түбінде бәрің сорлайсыңдар…» − деген ескерту айтыпты.
− Үшінші айтыс қашан болды?
− Хадиша Айдаровамен мен Партия тарихы институтында бір кабинетте отырып, жиырма жылдай уақыт бірге істедім. Білімді адам, орысша да, қазақша да бірдей жазады. Ол байғұс «өзімбілемі» көптігінен сорлады. Алматыға келген соң тағы да топ жинады. Жоғарыда есімдерін атаған екі серігіне Бек Сүлейменовті, Аяп Нұрқановты, тағы біреулерді қосып алып, дауды қайта өрбітті. Айтатындары − Мәскеуде мен жалғыз болып, ойымды өткізе алмадым (сеніп барған даукестерінің бірі А. Якунин, сол қарсаңда ол Мәскеудегі Жоғары партия мектебінің доценті болатын, докторлық диссертация дайындап жүрген кезі, ол шіркін бұрынғы қарсы позициясынан жалт беріп, Ермұханның ұстамын жақтапты), ал ақиқатқа жету үшін бізге үлкен аудитория керек… Он шақты тарихшылар қол қойған арызды жауып тастау қиын. Менің орныма хатшы болған Ілияс Омаров та оңай жаңғақ емес, арызды оқып, ҒА-ның вице-президенті Нығмет Сауранбаевты шақырып алып, мына дауды қайтадан талқылаңдар, сайып келгенде, бізге көп талқысынан өткен шешім қажет деген. Сөйтіп, 1948 жылдың көктемінде, Ғылым академиясы Президиумының кеңейтілген мәжілісінде үшінші талқы өтті. Естуімше, соған шақырылған тарихшылар бірін-бірі мүйіздеудің соңында Грековтың айтқаны жөн, айтысуды доғарып, монографияларды көбейтіп, доктор атануды ойлайық… деген уәжбен тарқасыпты.
− Жөн-ақ! Бірақ, ағасы, менің қолымда одан өзгерек деректер бар…
− Иә, дұрыс айтасың, қарғаш. Сол қарсаңда біздің оқымыстылар арасында даукестер көбейіп, соларды зиялы деуге тіпті болмайды. Ермұханға өшіккендер тағы да бас қосып, президиумдағы талқылауға көптеген тарихшылар әдейі шақырылған жоқ, айтыс әділ өтпеді, Бекмахановтың сөзін сөйлеушілер ғана қатысты… деген арызды Мәскеуге, ЦК-ға жөнелткен. О жақтан да осы дауды қашан тоқтатасыңдар деп нығыртқан білем…
− Сонда оларға: «Әй, қойсаңдаршы! Ұят бар ма?» деген жан болмаған ба?
− Болғанда қандай! Мысалы, мен қасым­да отырған Хадиша Галимқызына неше мәр­те: «Біріңді-бірің жамандаумен ғылым өрістемейді. Осы дауда сенің нең бар, докторлық тақырыбыңды қаузап, тыныш отырғаның әлдеқайда тиімді емес пе? Шоқанның өмірін ерінбей қазып, ғылым кандидаты атандың, саған да, бізге де абырой болды. Ермұханға не үшін өшігіп жүргеніңді білемін: директордың орынбасары қызметімді тартып алды, ең құрғанда, бір жыл істеткен жоқ деген күйкі өкпе сенікі. Сол қызметке Ермұхан сұранып барған жоқ, бұл жұмысты доктор дәрежесіндегі адам атқаруға тиіс деген академия президиумының шешімімен тағайындалды. Ақырында сол мансаптан мезі болып, әрең құтылғанын білесің…» − деп ескерту жасағанымда, сірә, басқадай айтары болмаған соң, маған ренжіп: «Әй, Мұха! Ермұханға ылғи шаң жуытпай қорғап сөйлейсіз. Оның мына кітабы, кандидаттық, докторлық диссертациясы да партия саясатына қарсы сарында жазылған. Менің ғылыми танымым, партиялық ожданым мұндай залалды еңбекті қабылдамайды. Сондықтан мен оны тақыр жерге отырғызбай тоқтамаймын!..» − деп, өлермендік аңғартып отырғанда не дейсің?! Заман солай еді, қарғаш. Қолында қаламы бар екі қазақ бірі-біріне жаулық жасағанын көзбен көрдік, соған көңіл қарадай түршіксе де еріксіз көндік…
− Сонда, ағасы, Ерекеңнің соңына шам алып түсушілердің бекем ұстанған желеуі − Кенесары қозғалысын таптық көзқараспен талдап, мұрагерлік тағын көксегісі келе ме?
− Иә, сол. Оларды да осал деме, соншама өрекпуі де тегін емес: Сталиннің ұлы орыс халқының жетекшілік рөлі туралы 1945 жылғы сөзін арқаланып, Кенесары бастаған бүліншілік патшаның отарлау саясатына ғана емес, күллі орыс халқына қарсылық… десіп даурықты, әрине, оның артында Ермұханды тарих ілімінен аластау ниеті тұр…
− Сонымен 1948 жылдың жазында 4-ші айтыс басталды. Алматыда тұратын тарихшылар оған түгел қатысыпты, тарихқа бей-жай емес тыңдаушыларға да есік ашық болған. Бес күнге созылған ұзақ талқының хаттамасының ксерокөшірмесі менде бар, 560 бет шамасы. Тарих институты былтыр арнайы кіріспе жазып, 24 сөйлеушінің ғылыми өмірбаянын көрсетіп, айтыстың хаттамасын жинақ етіп жариялады. Өзіңіз сол талқыға қатыстыңыз ба?
− Қатыстым, бес күн ұдайы тапжылмай отырып тыңдаушы болдым. Барлық мәжіліс түстен кейін, көбіне жұмыс аяғында басталып, түнгі сағат 10-11-ге дейін созылатын еді…
− Онда, ағасы, өзіңіздің әсеріңізді айтыңыз. Деректі ғұмырнама жазатын қаламгерге бұл да керек. Әрі сіз жайбарақат тыңдаушы емессіз…
− Содан бері, қарғаш, 53 жыл өтті, көптеген эпизодтардың жадымнан өшуі − табиғи құбылыс. Сөйтсе де өзім қатты түршіккен, жүрек түбінде сақталғанын жаңғыртып көрейін… − деп Мұхамеджан ақсақал саусағымен үстелді тықылдатып, біршама уақыт үнсіз отырды. − Әсілі, сол айтыста тіл безеген шешендерді үш-төрт топқа бөлуге болады: біріншісі, Ермұханның қас жаулары, олар аянған жоқ, жалпақ тілмен айтқанда, аузына келгенді оттады, кімдер екенін стенограммадан көресің; екінші топты мен кәдуілгі сөзсоқтылар деймін… Олар да өздерінің білгіштігін, саяси бағытының дұрыстығын көрсетіп даурыға сөйледі. Мысалы, ҚазПИ-дің директоры Серғазы Толымбеков, көпшілік жұрт оны білімпаз, нағыз эрудит деп көпшік қоя мақтайтын. Сол шіркін мінбені алғашқы күні 3,5 сағат ұстады. Залдағы жұрт мезі сөзден жалығып: «Әй, қойсаңшы!» деген ескертуін кәперіне алған жоқ. Не дегенін дүрелесең де айта алмаймын, есімде жоқ.
− Жинақта ол кісінің сөзі 24 бет, кәдуілгі кітап форматына аударсақ, сірә, 48 бетке сөз айтпас.
− Исаак Будовниц деген жебірей ғалымның, Мәскеуден келген тарихшы: «Толымбеков жолдастың кешегі мезі сөзіне мен қатты ұялдым, «Орыс патшасының жерін отарлауы қазақ халқы үшін жақсы болды, соның арқасында, біз, міне, социализм құрып жатқан бақытты елміз, демек, бір кезде құлдық қамытын кигеніміз ақырында пайдаға шықты…» деп сайрағанын естігенде, Толымбеков жолдас, осынау масқара уәжді қалай айттыңыз? Сіз үшін мен ұялдым…» − дегені есіме түсіп отыр, қарғаш. Иә, сонсоң, залдағы көп бұл сөзге дүркірей қол соқты… Осы сияқты, не айтқанын білмейтін екінші топтағыларға өздерін идейный тарихшы санайтын Сергей Покровский, Виктор Шахматов, Әбді Тұрсынбаев пен Мұсатай Ақынжановты қосамын. Бұлардың нені айтып тұрғанын ұғу қиын, әр нәрсенің басын шалып, тіл безейді. Ермұханға қарсы топтан Бек Сүлейменов пен Сәрсен Аманжоловты даралап атаймын: екеуі де айғақпен сөйледі, тек ниеттері теріс: олардың «Бекмаханов қателескенін мойындап, монографиясынан бас тартсын, әйтпесе дүйім жұртты шатастырады…» деген тұжырымын залдағылар қабылдамады. Ал, айтыс «күнәкарын» жақтаушы топ өте күшті: Әбіш Жиреншин, Елтоқ Ділмұхамедов, Ақай Нүсіпбеков, Исаак Будовниц, тағы бірнеше адам даулы кітапты қорғап, өз ұстанымдарынан айнымай сөйлеп, тыңдаушы жұрттың ризалығына бөленді.
− Көңіліңізді түршіктірген, иә күлкі туғызған әбес жайттар болды ма? Мұндай қақтығыстарда біздің жазушылар қыза сөйлеп, кейде не деп тұрғанын білмей қалады…
− Біреуін айтайын, Нұрқанов деген шала­ғайлау тарихшы болды, есімі − Аяп. Кандидат атағы бар, орысшасы мүлдем нашар, мысалы, Ц мен С әріптерін ажырата алмайды, басқадай да кемшілігі көп. Естуімше, Ермұхан оны Тарих институтында істей алмайсың, білімің жетпейді деп жұмыстан шығарып жіберіпті. Сол шіркін үшінші күні мінбеге шығып: «Тауарыш Бекмаханов настоящый пиеодальный нассионалыст, он сысшитает гылавным казахскым батыром только Кенесары. А других нашых батыров сысшитает не ностояшыми. Например, у нас, кыпшаков, был исвестный батыр Амангельды Иманов. Он мне савсем близкий родиш. Его знает все казахи. Так вот однажды мы поругались с таваришем Бекмахановым, так как он сысшитал, чтто Амангельды много раз во слабу уступает Кенесары. Он мне сказал, чтто все войско Амангельды по сшиленности равен только одному из отрядов Кенесары. Разве можно так унижать кыпчаков?..» деп үтір, нүктеден хабары жоқ, әр сөзді белінен басып, өзінің қыпшақ екенін, Амангелдіге туыстығын неше мәрте қайталап, жұртты қыран күлкіге қарқ қылып, жарым сағат сайрады. Мәжілісті басқарып отырған Нығмет Сауранбаев оны тоқтатып: «Жолдас Нұрқанов, сіз екі заманның қаһармандарын өзара салыстырып тұрсыз. Кенесары Қасымов XIX ғасырдың адамы, ал Амангелдінің көтеріліс бастағаны − 1916 жыл. Менің естуімше, Кенесарының шолғыншы жасағын Амангелдінің атасы Иман батыр бастаған…» − деп ескерту жасағанда, ана сорлы одан әрман долданып: «Міне, сіз де Амангелдінің рөлін төмендетіп тұрсыз…» деп, Нығметпен де айқаса кетті… Медеу шырақ, осындай да шатпақтарды естіп, күлкіге қарқ болып сергіген де сәттер болды.
− Жә, Ерекең қайтты, күткен үмітіңізді ақтады ма?
− Ақтады! Айтыс стенограммасы алдымда болса талай қызық жайтты еске түсірер едім, амал қанша, қарайып қалыппын. Сондықтан мені бұдан әрі қинама… Келістік пе? Ермұхан бесінші күні, жұрттың ең соңында, біржарым сағаттай сөйледі. Жазып келген ештеңесі жоқ, не айтарын алдын-ала жобалап алған тәрізді. Әредік соған қарап тұрып, мейілінше сыпайы, ешкімге тиіспей, кейбір қарсыластары сияқты ар-намысына тимей, бірақ әрбірінің неден қателескенін, нендей деректі бұрмалап көрсеткенін, енді бірінің ой топшылауының әлсіздігін ашты. Бұрын да білетін едім, сөйтсе де сол жолы мен Ермұханның шынайы білгір, сұңғыла тарихшы, құдай жаратқан дерлік жампоз екеніне біржола иландым. Әр сөзін тереңнен суырып, тапқырлықпен айтады. Келтірген айғағын даусыз қабылдайсың. Бір мысал айтайын: Сергей Николаевич Покровский Қазақстанға соғыстың алдында келді. Тарихшы профессор деген атағы бар, тек доктор емес. Келген бетінде ол Алматы облысының прокуроры болып, талай жайсаңды сорлатқан тазартуға бақылаушы ретінде қатысты. Сол қызметін ҚСЭ-дегі өмірбаянында көрсетпеген… Сергей Николаевич үнемі ақылгөйсіп сөйлейтін-ді, сол жолы да: «Өзінің монографиясында Бекмаханов жолдас Қазақстанды отарлауға белсене қатысқан Ресей шенеуніктерін, әсіресе губернаторлар мен әскер басыларын аяусыз мінеп-сынайды, жөн делік. Алайда орыс халқының сол кезде өмір сүрген алдыңғы қатарлы перзенттері Герцен, Огарев, Белинский туралы ләм-мим демеуіне өз басым таңғалдым. Солардың бостандық үшін күреске шыққан қазақ халқына игі әсері жайында ештеңе айтпауы − кешіруге болмайтын «ұмытшақтық!..» дегенде, біздің жағымпаздар ризалық білдіріп, Покровскийге қол соқты. Ермұханның сол сынға не дегенін тыңдағын: «Сергей Николаевич, сіз ескерткен демократтардың есімін Дала қазағы түгілі, Ресейдің өзінде де өткен ғасырдың 50-жылдарында санаулы адамдар ғана білді. Мен енді сіз айтты екен деп, сайын далада мал соңында жүрген сауатсыз қазақтың аузына олардың ұлы идеясын қалайша саламын, мұныңыз тарихты қисынсыз бұрмалау» дегенде, біздің пәтуасыз көп Ермұханға да дүркірей қол соқты…
− Шамалауымша, сол айтыстан кейін Ерекеңнің жағдайы түзеліп, біршама уақыт мазалы тұрмыс кешкен тәрізді. Төрт айтыстан кейін докторлық диссертациясы бекіп, ВАК-тан куәлік алыпты. Профессор атағы да беріліпті.
− Менің соған да шүбәм бар, қарғаш. Қазақстан К(б)П Орталық комитеті 1947 жылы «Қазақ КСР тарихының» екінші басылымын шығару туралы қаулы қабылдады. Оның жауапты редакторлары болып, қалыптасқан дәстүр бойынша, Орталық комитеттің хатшысы Ілияс Омаров пен А.М.Панкратова бекіді. Ілияс – тарихшы емес, мамандығы бойынша − экономист. Бірақ, білім-танымы жөнінен сол кездегі қазақ азаматтарының үздігі, ең бастысы, кітап оқығыш және өзіндік айтары бар, жалтаңбайы жоқ қайраткер. Жұмекең сол жігітті менің орныма қойып, обалына қалды-ау деген өкініштен мен осы күнге дейін құралақан емеспін. Өйткені, сол қарсаңда ол Шығыс Қазақстан обкомының бірінші секретары болатын, Кенді Алтайдың кен қазынасын молдап алуға қам жасап, өндіріс қазанының құлағын ұстап отырған азамат-ты. Со бетінде отыра берсе, кім білсін, республиканың да бірінші басшысы болуға үміттілердің бірі еді. Амал қанша, Жұмекең бұл мәселені өзінше шешті. Ең шатағы, жарық көре сала дау-дамайға түскен «Тарихты» қайыра шығаруды соның мойнына артты. Ілияс болса «Тарих» алқасы мен соны «түзейтін» авторларды пәлендей өзгертпей әрі біз ұстанған тұжырымдарды бетке ұстап, тек түбегейлі редакция жасатқан. Кенесары қозғалысы туралы тарауды қайта қарауды тағы да Ермұханға тапсырды, тек көтерілістің түп себебін тұрмыс қиыншылығын баса көрсету арқылы ашуға нұсқау берген. Осы жайт та ескі даудың қайта өршуіне түрткі болған. Сөйтіп, «Тарихтың» 2-басылымын жазуға үміттілер тағы да нәумез қалған. Қысқасы, Ермұханға қарсы топ іштен тынып, қолайлы сәтті күткен…

Алдыңғы «
Келесі »