Азаттық таңын «Ақиқат» журналының есігінде тұрып қарсы алдық…

  • 12.10.2011
  • 375 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Мен «Ақиқат» журналының тоқсаныншы жылдардағы журналист қызметкерімін. Басылымның кезекті мерейтойы тұсында өзім қадірлейтін қанаттас азамат – журнал қызметкері өтініш айтқан сәтте біраз ойланып қалдым. Өйткені, «Ақиқат» журналында қызмет істеген жылдарым туралы жазып беруім керек. Бұл тақырыпта шешініп қалам тартатындай ұзақ уақыт қызмет атқардым ба? Мемуарлық сипатта сөйлерліктей сол жылдары өзім де биіктеп еңбектеніп, журналды да биікке көтере (көтерістім) алдым ба? Жауап тілеген сұрау көп. Дегенде журнал қолқасын жолда қалдыра алмай қолыма қалам алдым. Ондағы ойым – кейбіреулер секілді бөркін аспанға атып мақтана жөнелу емес, басылымның тарихын өз тарапымнан таразылау, кезінде әріптес болған замандастар жайында сағынып еске алу, журналдың бүгінгі жайы, алдағы тағдыры туралы ойласу!
Бүгінгі «Ақиқат» бастауын «Қызыл Қазақстаннан» алады. Кезінде аталмыш журналдың тігінділерін ақтарып қарағаным бар. Әуел баста еліміздің тарихы, мәдениеті, экономикасы туралы мақалалар жиі жарияланып отырыпты. Алаш ардақтыларының да, оларды көзінен тізіп көрсетіп, атылып кетуіне себепкер болған қызыл большевиктердің де «жалынды» публицистикасын оқып таныстым. Бірі – қазақ ұлтының келешегін ойлап қамығып қалам тербейді, екіншісі – коммунистік қоғамға арқа сүйеп (сеніп) қоқиланып күш көрсете жазады. Кезінде большевиктердің коммунистік қоғамды мадақтайтын мақалалары дәлелді, қызықты сияқты оқылып еді. Енді ойланып қарасам қоғамды ұлттық бағдарда дамытқысы келген Алашорда зиялыларының ойлары орнықты да, орынды екен. Бәлкім, қазақтың мемлекет құрушы ұлтқа айнала алмай отыруы себепті ме, әйтеуір сол бір қиын кезеңде коммунизм деп кеңірдегін жыртып солақай сөйлеген большевиктерді әлі күнге қайраткер тұтудан, «көше сайын оларға ескерткіш орнатудан» (Д. Қыдырәлі) бір танбай келеміз. Солақай сілтеу кезінде большевиктік қоғам дерті болса, кезінде солақай сілтеген, содан да қоғам бағыт алған арнасынан бұрылып кетіп, қазақтың небір қасқа мен жайсаң ұлдары қан-қасап болса, ұлттың ұлы тұлғаларын набыт еткен коммунист тұлғаларды қайраткер тұтып ұлықтау дүниетаным қасіреті, бүгінгі қоғам дерті. Бүгінгі «Ақиқат» міне осындай журналдың мираскері. Біз «Ақиқат» журналында қызмет істегендіктен өзімізді Алашорда рухы алдында айыпты санаймыз. «Қызыл Қазақстан» журналында кезінде жарияланған большевиктік рухтағы публицистика үшін бас киімімізді шешіп қолымызға алып тұрып кешірім сұрағымыз келеді жәмиғаттан.
Отызыншы жылдардан КСРО-да коммунистік партия баспалары құрылды, коммунистік партияны тынбай насихаттайтын және оның теориялық базасын жасайтын институттар құрылды. Қазақстанда «Партия» баспасы 1933 жылы құрылып, оны Б. Кенжебаев басқарған. Отызыншы жылдардың аяғынан «Қызыл Қазақстан» коммунистік партияның методологиялық журналына айнала бастапты. Ол кезде журналдың бас редакторы Ж. Арыстанов. Тіпті елуінші жылдары аталған басылым теориялық журнал райында қалыптасып алған. Журнал тігінділерінен осы жәйтті аңғаруға болады. Әуел баста кім ойластырса да бұл журналдың қоғам ұстанған идеологияның жаршысы – методологиялық-теориялық басылым болмағы мақұл. Бүгінгі билік басындағы азаматтарға құлаққағыс райында айтып отырғанымыз. «Қазақстан коммунисі» журналы кешегі коммунистік қоғамның методологиялық журналы болса, оның мираскері «Ақиқат» журналы – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасының методологиялық (теориялық) баспасөзі болуға тиісті. Бүгінгі билік басындағы азаматтар осы журналға қарап ой түзеуге тиісті. Байлықтың буымен мансап биігіне көтеріліп, мансап буымен булыға сөйлейтін уақыт өтті. Бүгінгі билікте «Ақиқат» журналын қолына ұстап көрмеген азаматтар бар. Өкінішті.
Журналды кезең-кезеңде басқарған азаматтардан Жүсіпбек Арыстанов, Құрманбек Сағындықов, Кәкімжан Қазыбаев, Камал Смайылов, Сарбас Ақтаев, Нұрмахан Оразбеков сынды қаламгерлерді білдім. «Білдім» – үлкен сөз. Жақын танысып, әңгімелесіп білістім. Құрметім ерекше осы бір жандарға!
Өз басым журналға «Қазақстан коммунисі» аталатын кезеңінде қызметке барып «Ақиқат» атанған сәтінде азды-көп еңбек сіңіріп барып қоштастым. Екі бас редактормен Камал Смайылов және Сарбас Ақтаевпен қызметтес болдым. Екеуі бірін-бірі қайталамайтын, бірін-бірі толықтыратын бас редакторлар еді. Бұл шалап айтқанда 1991-1996 жылдар аралығын қамтиды. Күнделігіме қарап отырсам осы аз уақыттың ішінде екі рет қызметке кіріп, екі рет шығып үлгеріппін. Себебін бәлкім сол кезеңде жүргізген күнделік сөйлеп берер.
Мамырдың 20-ы 1992 ж.
Мамырдың 18-нен «Ақиқат» журналына жарты мөлшерлі жалақыға қызметке орналастым. Алпыс жылдығымен құттықтай барған едім, Камал Смайылов ұстап алды, қолқалап көндірді. Басыбайлы бүтін көнуге алаңдайтын арқамда ғылымым бар. Өйте алмадым. Дегенде, Камекең мұныма да риза.
Жағдай қысып барады. Не істейсің енді? Әйтпесе кісіде артық уақыт, артық күш-қуат, артық денсаулық бар деймісің, осы күні?! Жан қинап тығырықтан шығамыз дә!
Маусымның 29-ы, 1992 ж.
Түнде Камал Смайылов телефондады. Алпысқа толыпты, еліне (Ұлытауға) барады екен. Елінің шақыруына орай мені делегация құрамында қонаққа шақырды. Мен келістім.
Көрмеген жерімнің бірі Ұлытау еді, амандық болса 7-10 аралығында оны да көреміз.
Ертең (7.ҮІІ.1992) Ұлытауға ұшамыз. Камал аға Смайыловтың 60 жасқа толу тойына барамыз. Алла амандық берсе, құдай жол берсе өмірдің бірсыпыра сабағын алып қайтармыз. Делегация құрамында Шерхан Мұртаза, Қадыр Мырзалиев, Ақселеу Сейдімбеков…Әрқайсысынан өнеге алуға болатын атпалдай азаматтар, қалаулы қаламгерлер.
Сонымен Ұлытауға жол тарттық. Оның бәрін әңгіме ете берер болсам, оқырманды жалықтырып алармын. Бір-ер штрихпен шектелейін. Делегация шағын автобус ішінде келеміз. Шерхан аға Өзекең туралы әңгімелейді. «Е, билік деген қиын…»-дейді сосын. «Болмады. Қолымнан келмеді», – дейді тағы бірде. «Айтудайын айттым. Өзекеңнен аянатын нем бар? Тыңдамады». Сөй дейді де шерленіп Шерағаң татарша, башқұртша әнге басады. Шерлі әндер. Жүрегіңді суырып ала жаздайды. Ойпаңдау жазыққа жеттік. Ақ шағаладай ақ үйлер бір қала секілді ақшаңқан болып көше-көшеге тізіле тігіліпті. Көздің жауын алғандай. Аптал азаматтардың алпыс жылдығына алпыс-алпыстан жүз жиырма үй тіккен бе? «Не удобно. Черезчур…»-деп қалды Камекең. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар…»- Камекеңе жүрмеуші еді. Ол мақал Камекең буынынан кейін білегін сыбанды емес пе?!
Камекеңе еліктегенім бе, әйтеуір шағын қойын кітапшама бірдеңелерді түртіп-түртіп алыппын сол сапар.
«8 шілде 1992 жыл.
Ұлытау
Төрегелді Шарманов 60
Камал Смайылов 60 жаста.
(Біраз сөз жазыппын. Кейбірін өзім де ажыратып оқи алмаймын).
Бір парақ қағаз тағы шыға келді алдымнан. Ол да сол сапар жазбасы. Оны да оқырманмен бірге отырып оқығым келеді. «Маған Сейітжанның кішкене баласы: «Иманжанның Мұқаны «С.Қ»-ға көп жазып тұрады»-деп жазады. Мен қуанамын. Әйтеуір Қазақстандықтар Мұқан деп тұрса маған қандай қуаныш, төселте, жаным қаламыңды жаз, жаза түс.»
Баубек Бұлқышев.
21.3.43.
Мен сұрапыл жылдары түн қатып, жұрт жанын ойлап қан жұтып жүргенде, қалам қамын ойлап жүрген қыршын жас Баубектің эпистолярлық мұрасынан осынау жолдарды әдейі бөліп алдым. От-жалын Баубек айтып отырған «Сейітжанның кішкене баласы»-мынау алпысқа толып алдымызда отырған, алпысқа толып ауыл-аймағын ғана емес, исі қазағын қуанышқа бөлей келіп отырған Камал Сейітжанұлы Смайылов!
Самолетте, тоест ұшақта келе жатып Камекеңнен сұрадым: «Осы Сіз Баубек ілтипатына ілігіп хат жазып жүргенде қай жастасыз?»-деп. Камекең әдеттегісінше жымия күліп «Үшінші класта оқитын едім…»-деп. Үшінші сыныпта оқитын кішкентай Камал сол кезде «С.Қ»-ны, бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетін оқитын болып тұр-ау, асылы! Осы деректің өзі Камалтануда бұлжымайтын да, бұлжытпайтын да құжат! Қазақ мақалын сәл сәл өзгертіңкіреп айтсақ, «қазақтың болатын баласы он бесінде баспын дер»-болса Сейітжан ақсақалдың баласы үшінші сыныпта (9 жасар) оқып жүргенде баспын деп тұр ғой…
Баубек пен Мұқан. Екеуінің достығы кісі қызыққандай. Бір майданда, оқ пен оттың өтінде, екіншісі тылда, қалам қызметінде. Бір-бірінің жанына кіре «жаным» деп хат жазысады. Қандай тамаша?! Оларды байланыстырып тұрған не? Зор адамгершілік. Қаламгерлік мұрат.
Камал мен Төрегелді. Екеуінің достығы кісі қызыққандай. Бала жастан екеуі «ишай» деспей қатар жасап бірге келеді. Бірі қаламгер, бірі дәрігер. Екеуін байланыстырып тұрған не? Адамгершілік. Ізгілік. Қазақ елінің егемендігі, тәуелсіздігін алып тәубә деген елдің түлеуі, тіпті самғауы! Екеуі де бейне дәрігер секілді: бірі халықтың тәнін қорғайды, екіншісі елінің жанын қорғайды.
«Ешкім де өзінің туған жерінде пайғамбар емес» деген сөз бар. Екеуі де кіндік қаны тамған – туған жерге «пайғамбарсып» келіп отырған жоқ. Перзент болып келіп, ел бауырына бала болып еніп отыр қазақтың қос бірдей пайғамбар пейіл азаматтары. Екеуі де әбден қалыптасқан, екеуі де әбден толысқан азаматтар. Қалыптаспаған азаматқа әлі алар асуың алда-деп бастап талай жақсы үміт тілегін тілеуге болады. Ал, біздің ағаларымыз әбден қалыптасқан, қазақтың қайраткер ұлдары! Оларға не тілемек жөн?
Қызмет болды. Абырой бар. Енді тек ұзақ жас тілеу керек. Адамынан ба, заманынан ба, жасы келген адам талкүбідей айнығыш болып барады. Ал, Сіздер Камеке, Төке, қанша жасасаңыздар да айнымай, бөлініп-жарылып былықпай, абырой биігінде жасарларыңызға сенемін! Соны тілеймін! Ал, Камал аға Сіз өзіңіздің басты кітабыңыз – жалынды публицист Баубек Бұлқышев ағаңыз туралы басты кітабыңызды әлі жазған жоқсыз.
Жаспын. Сөздің ұзаймаған кезі. Сөйледім де мінберден түсіп кете бардым. Надля (Смайылова) және Мәриям (Мұртазаева) жеңгелерім «Қысқа да нұсқа да сөз сенікі болды, қайным»-десіп ризашылығын айтысып жатты.
Ұлытау Камекең мен Төкеңдей ұландарын сондай жақсы күтіп алып, жақсы шығарып салды. Ат мінгізді, шапан жапты, бөрік кигізді дегендей.
Р. С. Сол жолы түсірілген той салтанаты суреті қаламгердің үш томдығынан орын алыпты.
7-10 шілде (1992) аралығында Ұлытау елінде, Жезқазған жерінде болып қайттық. Біз тойлағалы барған той бір Камал Смайыловтікі емес екен, қазақтың үлкен дәрігері, академик Төрегелді Шармановтың да тойы екен. Бірі Иманжанов Мұқан туысы (Т.Шарманов), бірі Бұлқышев Баубек туысы (К.Смайылов) – бірге өскен Байқоңырлық қос құрбы тойы қызық өтті.
Елді соншалық тоқ деп айту да қиын. Әйтсе де қос перзентіне көрсеткен құрметі үлкен болды. Ат мінгізді, шапан жапты, кілем сыйлады. Құрметтің бір асқынған, толысқан сәтінде, жазушы Шерхан Мұртаза:
– Біз де келерміз алпысқа. Біздің еліміз осындай той өткізер ме екен, жоқ па екен? – деп ойланып қалды.

«18 ақпан 1993 ж.
«Сұлтанмахмұт социализмді қалай түсінді?»-деп аталатын мақала жазып, «Ақиқат» журналына апарып бердім.
Камал ағай жан-жүрегімен жақсы қабылдады.
– Сені летучка сайын айтамыз. Түрікстанға кетіп қалғаныңа қынжыламыз.
Қайта келсейші-деді.
Бірсыпыра уақыт әңгімелестік.
Сұлтанмахмұт жайында тағы бір мақала жазып беретін болып уәде беріп аттандым.
Марат (Мәжитов) редакцияға қызметке қайта оралуымды қалайды. Кім білсін? Жігіттердің ықыласына ризамын!
5 қаңтар 1994 ж.
Камал ағай (Смайылов) шақыртқан соң «Ақиқат» журналына бардым. Әй-шайға қаратпай, қызметке қабылдады.
– Ойбай-ау, мен «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеп жүрмін ғой-деймін.
– Істей бер!-дейді Камекең, – Тек бізге де аздап уақыт бөлсең жарайды.
Әрине, «Ақиқат» маған ыстық. Камекеңді ерекше қадірлеймін. Тартына алмадым. Құдай, өзің денсаулық бере гөр! Абырой бере гөр!»
Бірде Камекең: «Өзекең Англиядан келіпті. Тауда демалып жатыр екен. Барып қайтсақ қайтеді?»-деді. Мен қуана келістім.
5 тамыз 1995 ж.
«Ақиқат» журналының бас редакторы Сарбас Ақтаевта болдым. Ағалы-інілі болып емен-жарқын әңгімелестік. «Көтенші (менің руымның аты. Қ. Е.) маған орынбасар болып келуге қалайсың?»-дейді. Мен келе алмайтынымды айттым. Орынбасарлыққа лайықты жігіттерді атап-атап, жағымды жағынан мінездеп бердім. Ақырында кітап сөресінен қазақтың ғажайып мәдениеттанушысы Ілияс Омаровтың «Толғамдар. Раздумья» Алма-Ата, Жазушы, 1992.»-аталатын кітабын сұрап алып кеттім.
Кейін осы кітап бетіне мен мынадай қолтаңба түсіріппін:
«Бұл кітапты «Ақиқат» журналы редакторы Сарбас-аға Ақтаевтан сұрап алып, қайырып бермей кеттім. Інілік назым. Әрі қайыруға қимадым. Кітап дүкендерінен сатып алуға кеш. Ал, Ілекең кітабы керек. Үстел үстінде жатуға тиісті кітап. Ізгі ойларға толы. Кісінің жанын нұрландырады.» Қ. Ергөбеков. 5.08. 1996. Алматы.»
«Ақиқат» журналында үзіп-жалғап қызмет еткен бес-алты жылдың ұзын – ырғасы міне осындай! Журналда жайсаң ағалар (К. Смайылов, С. Ақтаев) таптым. Қанаттас, қатарлас қаламдас Ғ. Есім, М. Қойгелді, Т. Жұртбай, Н. Райхан, Т. Омарбеков сынды азаматтармен қоян-қолтық қызмет атқардым. Редакцияның М. Мәжитов, Б. Бабақов, М. Күлімбетов секілді «өз ұлдарымен» сырласа жүріп жұмыс істедік.
Ең бастысы азаттық таңын «Ақиқат» журналы есігінде қарсы алдық. Шығармашылық күш-қуатымызды зарығып жеткен Тәуелсіздікті нығайтуға, қазақ ұлтының ғасырлар бойы кеткен есесін аталған журнал бетінде түгендеуге, қайтаруға барымызды салдық. Аянып қалмадық. Өзіміз де бір саты жоғарылаған сияқтымыз. Шығармашылықтың бір бекеті – бір мектебі болған «Ақиқат» бізге ерекше ыстық. «Ақиқаттың» айтары арзандамасын, базары тарқамасын!
Құлбек ЕРГӨБЕК,
жазушы, профессор

Алдыңғы «
Келесі »