ХАЛЫҚҚА ҚАРАТА АЙТЫЛҒАН СӨЗ

  • 18.12.2014
  • 384 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әр облыс­та, әр ауданда кездесу кездерінде сөйлеп жүр. Ал, қасиетті Ұлытауда табиғат аясында, саябақта халыққа қарата кемеңгерлікпен сөйлегені бұл құбылыс. Мен ол кісінің айтқан әр сөзіне мән беремін. Нұрекеңнің Ұлытауда Тәуелсіздікті ұлықтап, ұлттық сана рухты дәріптеп, ағынан жарылып айтқандары қазір елдің жүрегінде тұр. Қашанда біздің ұлттық рухымыз мықты болуы керек. Біз өз дінімізді ұстанып, өз тілімізде сөйлесуге тиістіміз. Елбасы сөзінде Ата Заңымызға жазылған «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген бапты тағы да текке қайталап айтқан жоқ. Олай болса, мұны терең түсінуге тиіспіз. «Тілді қолданып батыл сөйлеуіміз керек. Тілдің майын тамызып сөйлеп, басқа жұртқа үлгі болуымыз керек» деген сөзді дәл Ұлытауда, қазақтың ежелгі Дала билік ордасында айтқаны көрегендіктің белгісі. Мен өзім қазақ мектебін бітірдім, әдебиет, тарихқа өте жақын адаммын. Мамандығым инженер болса да «рухани әлемді» бірінші орынға қоямын. Сондықтан, Нұрекеңнің Ұлытаудағы айтқандарын қолдап, елді бірлікке, ізгілікке және ынтымаққа шақы­рамын. 


Көпсекбай ТӨЛЕБАЕВ, 
ҚР Мемлекеттік 
сыйлығының иегері.


НҰРЕКЕҢ АЙТҚАН БЕЙБІТШІЛІК ОРНАСЫН
Қазір әлем алай-дүлей сойқанды, дау-дамай мен шайқас-жанжалды бастан кешіріп жатыр. Оған Украинадағы соғыс куә. Араб елдерінде «Мәңгілік соғыс» жалғасып, күнде қан төгілуде. Ресей болса империялық ұстанымын ашық білдіруде. Осындай алмағайып заманда Елбасының Ұлытауда сөйлеп, көшбасшы ретінде қауіп-қатерді сездіріп, ұлттық рухты көтеріп, тілшіге сұхбат беруі ол кісінің шын мәнінде көреген саясатшы екенін дәлелдесе керек. 
Әлем қазір ауыр экономикалық жағ­дайды бастан кешіруде. Біздің ежелгі көршілеріміз Қытай мен Ресей ғой. Әсіресе, Ресей қазіргі жағдайда экономикада дағдарысты, саясатта өктемдікті сездіруде. Екі алып елдің ортасында жатқан біздің жағдайымыз қалай болады. Бұған Елбасы Ұлытаудағы сөзінде: «Сондықтан, қиын жағдайға қалмау үшін алды-артымызды ойлап, қадам жасауымыз керек. Мұның ақырын күтуіміз керек. Дүниеде қандай соғыс болса да, ылғи келіссөзбен бітеді, ылғи бітімгершілікпен бітеді» деп жауап береді. Бұл сөзді шын көрегендік дер едім. Мен өзім құрылыс саласы бойынша кәсіпкер болғандықтан Нұрекең айтқан бейбітшілік тез орнаса екен деп тілеймін.
Дәулет ЖАЙНАҚОВ,
«Абақ-Жайнақ» ЖШС-нің 
директоры


ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ ҰЛАҒАТТЫ ІС
Қазақтың өткен тарихындағы данала­рымыздың бәрі ұрпақ қамын ойлаған. Ата-мекен Отанды сүюді өсиет еткен. Ұлытауда ұлағатты әңгіме айтып, сұх­бат берген Елбасы Отан сүйгіштік тәрбие жөнінде ерекше айтты. Болашақ ұрпақ біздің асты алтын, үсті күміс қазына даламызға мәңгілік ие болуы тиіс. Ол үшін әрине, Отан сүйгіштік, патриоттық тәрбие керек. Бұған байланысты Нұрекең көрегендік әңгіме-сұхбатын: «Мысалы, Отан деген үлкен ұғым, Отанды қорғау дегенде, әрине, адам баласы алдымен өзінің шаңырағын ойлайды. Әкеңді-шешеңді, бауырларыңды, немерелеріңді ойлайсың. Сол жүрекпен, сол тілекпен отанды қорғайсың…» деп жалғастырады. Елбасы аузынан шыққан бұл сөз ұстаз, тәлімгерлер үшін тәрбиелік қағида, өсиет болуға тиіс. Мен өзім білім ордасында еңбек еткендіктен ұлттық тәрбиеге ерекше мән беремін. Ал, Елбасымыздың Отан сүйгіштікке байланысты Ұлытауда айтқан сөзінде зор мән бар екенін білуге тиіспіз. 
Шаймұрат ӨТЕПБЕРГЕН,
ғылым кандидаты, Абай атындағы ұлттық университетінің оқытушысы.

Алдыңғы «
Келесі »