ҚАЗАҚТЫҢ «БІЗДІКІ» ЖӘНЕ «ӨЗГЕНІКІ» ДЕГЕН ҰСТАНЫМЫ НЕГЕ СОҚТЫРАДЫ? немесе халық пен биліктің «біз» және «олар» болып жіктелуі

  • 18.12.2014
  • 681 рет оқылды
  • 4

Сейілбек Мұсатаев,
саяси ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 
Саясаттану кафедрасының 
профессоры

Талдауға арқау болған жікшілдік

Адамзат тарихының кез-келген кезеңіндегі қоғамдық қатынастар мен әлеуметтік жіктелудің (стратификация) негізінде жатқан «біздікі» және «өзгенікі» дейтін  әмбебап психологиялық айқындауыштар болып табылады. Адам баласы тумысынан жікшіл. Біздің жіктелетін белгіміз көп: ұлтымыз, дініміз, тіліміз, еліміз, жынысымыз, жасымыз, кәсібіміз т.с.с. толып жатыр. «Біз-өзгелер» болып жіктелу қоғамның дамуына ғана емес, түрлі соғыстарға да, қуанышпен қатар, қайғы-қасіретке де, өрлеу мен құлдырауға да, жалпы, адамның бүкіл өміріне өзінің әсерін тигізіп келеді. «Біз-өзгелер» жіктелісінің егемен елдігімізге ықпалы қандай деген мәселе азамат ретінде баршамызды ойландырып, толғандырары сөзсіз. Саясаттанулық тұрғыдағы талдауға осы жікшілдік мәселесінің кейбір өзекті тұстары арқау болып отыр.

Ұлттың өзін-өзі айқындауындағы «біздікі» және «өзгенікі» ұстанымы
Алғашқы қауымдық құрылыстағы ру-тайпалық тәртіптің де, одан кейінгі дәуірлердегі діни, мәдени, ұлттық ерекшеліктердің де астарында «біздікі-өзгенікі» дихотомиясы (грекше «ди» – екі, «томия» бөліну, жарылу) жатыр. Адам баласының психологиялық тұрғыда «біздер» және «өзгелер» болып жіктелуі түрлі соғыстармен қатар, геноцид (грекше «ген» – тек, ұрпақ, «цид» – өлтіру, қырып-жою), нәсілшілдік, апартеид (африкаанс тілінде «шеттету, бөлу»), дискриминация (латынша «бөлу», «түртпектеу»), ксенофобия (ксено – бөтен, фобия – қорқыныш), исламофобия (мұсылмандардан қорқу), синофобия (қытай атаулыдан қорқу), шовинизм (француз солдаты Николя Шовеннің есімімен байланысты туындаған ұлттық астамшылықты, өзге ұлттарды дискриминациялау мен қанауды білдіретін ұғым), антисемитизм (семит тіл тобындағы еврейлерге қарсылық), экстремизм, терроризм сияқты толып жатқан жағымсыз «фобиялар» мен «измдер» адамзатқа қарсы жасалатын қылмыстардың да бірден бір себебі. 
Әлеуметтік психологияны зерттеуші ағылшын ғалымы Гарри Тэджфел  «біздер-өзгелер» жіктелуінің әсерінен туындайтын ерекше құбылысты сынақ жүзінде айқындап, «топ іштілік фаворитизм» (In-group favoritism) және «сыртқы топқа (out-group) бағытталған агрессия» деген ұғымдарды ғылымға енгізген. «Топ іштілік фаворитизм» (грекше «favor» – игі ниеттілік, тілектестік) деген ұғым – өзің мүше болып табылатын қандай да бір топқа тілектес бола отырып, қарсылас бөгде топқа (аут-груп, сыртқы топқа) «мысық тілеу» болуды, оған қайтсе де нұқсан келтіруді білдіретін топаралық мінез-құлықтың құйтұрқы стратегиясы. Алайда, қарсылас екі топқа да ортақ, топ үстілік жалпы мүдде мен құндылықтар туындайтын болса, онда топ іштілік фаворитизм өзінің мәнін жоғалтады. Мысалы, бір елдің ішіндегі түрлі аймақтың спортшылары команда-команда болып өзара жарысқа түссе, жанкүйерлер де аймақтық белгімен тілеулестік біл­діріп, аймақаралық қарсыласу мен бәсекелестік қызады. Ал, әлем чемпио­натына немесе олимпиадаға жолдама алған ұлттық құрама жарысқа түс­се, ел ішіндегі барлық аймақтардың жан­күйерлері дереу бірігіп, бүкіл елге ортақ команданың тілеуін тілейді. Тап осы теңеуді ел азаматтарына да қатысты қолдануға болады: ел халқын құрайтын әр адам, қандай ұлттың немесе қай діннің өкілі болмасын, өзі азаматы болып табылатын мемлекеттің мүддесін көздеп, қорғауы тиіс. Бүкіл елге ортақ құндылықтар тұрғанда, жалпыұлттық һәм халықтық мүдденің даңғыл жолын соқпақтай тар топтық мүддемен көлденең кесуге тырысу – ақылға сыймайтын іс. 
Осы жердегі баса назар аударарлық жәйт – ұлт мәселесіне келгенде, топ іштілік фаворитизм теріс пиғылдың туындауына ықпал етуі жиі кездеседі. Бұған қандай да бір елдің ішіндегі диаспора өкілдері өздерін өздері мекендеп отырған елдің азаматы ретінде идентификациялаудың орнына, шет елдегі тарихи отандарымен, нәсілдік немесе ұлттық тегімен айқындап, өзге елдің мүддесін көздеп кетуін жатқызсақ болады. Мәселен, кейбір диаспора өкілдері күнде қасында жүрген, аралас-құралас болып кеткен өзінің жерлес отандастарын, кіндік қаны тамған отанын «бөтенсініп», «аут-груп» ретінде санайтыны жасырын емес. Оның есесіне, басқа елдегі, өзі мүлдем танып-білмейтін қандастарын «біздікілер», яғни, «менің ин-групым» деп айқындап, өзге елдің сойылын соғып, намысын жыртуға даяр. Сәйкесінше, ондайлардың идентификациясы да керісінше, тәні басқа елде жүргенімен, жан-жүрегі басқа елді аңсайды. Шетелдегі қазақ бауырларымыздың көк байрақты Қазақ еліне бүйрегі бұрып тұратыны сияқты, өзімізбен отандас өзге ұлттардың диас­пораларына да өзіндік топ іштілік фаворитизм тән. Яғни, «біз» дейтін «ин-груп фаворитизм» мен «өзгелер» дейтін «аут-груп агрессияның» орындары ауысып, бөгделену орын алады. Мұндайда халық даналығы «Қасқырды қанша қолға үйретіп, мәпелеп асырасаң да, бәрібір орманға қарап ұлиды» дейді. Психологиялық бөгделенудің нәтижесінде азаматтық идентификацияның дағдарысы туындайды. Ұлт саясаты осындай дағда­рыстардың алдын алып, ұтымды шеше білуі тиіс. «Біз-өзгелер» ұстанымының азаматтық өзін-өзі айқындауды тығырыққа тіреуі соғыс (екі ел арасындағы немесе бір ел ішіндегі азаматтық соғыстар) кездерінде де орын алатын қиын жағдай. Яғни, соғыстың аты соғыс, азаматтығы басқа болғанымен, бір ұлттың немесе бір тіл тобының, бір діннің өкілдері бір-біріне қарсы қару кезеніп, оқ атуға мәжбүр болады. Ал, соғысудан бас тартып, топ іштілік фаворитизмге берілу – туып-өскен өз еліңнің заңды азаматы бола тұра, өзге елге тілеулес болумен тең. Онда Отаныңды сатқан болып саналасың, өзіңнің азаматтық парызың мен арыңның алдында сатқын, азғын болып шығасың. Өкі­нішке орай, азаматтық соғыстар өршіген араб елдерінде, «гибридтік соғыс» жүріп жатқан Украинада мұндай қайшылықтар жаппай орын алуда. Атам қазақтың «Ішіңнен жау шықса, екі көзің сонда шығады» деуі тегін емес: ел ішінде «біз» және «өзгелер» болып жіктелуге жол беруге болмайды, себебі, оның аяғы жақсылыққа әкелмейді. Мұндай жіктелуден «бізің» де, «өзгең» де сорлап, азап шегеді, нақақтан қан төгіліп, адам өміріне қауіп төнеді, құқықтар мен бостандықтар жаппай бұзылады. Сондықтан да, мемлекетіміздің ішкі істеріне  арам пиғылды сыртқы күштердің қол сұғуына жол бермей, бірін «өзіміз», екіншісін «жауымыз» деп, халықты тілге, дінге бөлетін арандатушылық жымысқы әрекеттерді ешбір тайсалмастан қатаң тыйып тастауымыз керек. Мейлі ол жириновскийшіл айдап салушы идея болсын, Лимонов пен Штыгашев сияқтылар сандырақтап айтқан шағыстыру болсын немесе теріс идеялы топ іштілік фавориттердің, яғни, ішімізден шыққан кейбір «шұбар жылан» шовинистердің сепаратистік, экстремистік пиғылдары болсын, дер кезінде орнына қойып, ондай ылаң салушыларға тиісті жауап пен жазаны бере білуіміз қажет. Қоғамды өзіндік ағзамен (организм) теңесек, ауруды асқындырмай, уақытында ем-дом қабылдау науқас ағза үшін аса қажет шара болып табылады. Кез келген елдің ішінде оның біртұтас халқы, яғни, азаматтары ғана бар, оны бөліп-жаруға ешқашан да жол беруге болмайды. Әрбір қазақстандық азамат осы ақиқатты саналы түрде ұғынса ғана жұмылған жұдырықтай болып, «Біз – Қазақстан азаматымыз, қазақстандық халықпыз» деп, бірігіп іс-қимыл жасайды, бейбіт елде бірге өсіп-өнеді. Мемлекет халқының идентификациясы дұрыс болса ғана қоғамдық келісім орнап, саяси тұрақтылыққа қол жеткізуге болады. Яғни, ел азаматтары шығу тектерінің қандай екеніне қарамастан (ұлты, діні, жынысы, әлеуметтік жағдайы т.б.) өздерінің тағдырларын тұрып жатқан мемлекет пен сол мемлекеттің негізін қалап отырған төл (титулды) ұлттың тағдырымен тікелей байланыстырып, азаматтық сана-сезіммен өзін өзі айқындауы тиіс. Бұл жерде ерекше атап өтерлік мәселе – мемлекет құрушы төл ұлттың топ іштілік фаворитизмге бой алдырмауы. Қазақ ұлты мұны үнемі есінде ұстауы тиіс: тарихи дәстүрі тереңде жатқан рушылдық, кейінірек пайда болған жершілдік, нарық туындатқан әлеуметтік теңсіздік сияқты жікшілдіктің түрлері топ іштілік фаворитизмге арқау болатын,  жоқ жерден «өзге қазақты» іздететін, ұлттық сана-сезім мен ішкі бірлікті бұзатын деструктивті факторларға жатады. Абайламасақ, мұндай жікшілдік түрлері қазақ ұлтын іштен ірітіп, бір-бірін «біздің адам» және «өзгенің адамы», «бөтен» деп алалайтын, өзара аңдысқан қарсылас топтарға бөліп жіберуге қабілетті. Елбасымыздың ұсынысымен Қазақ елінің ұлттық идеясына айналған Мәңгілік ел деңгейіне жету үшін қазақтар алдымен өзінің ұлттық идентификациясын мықтап алуы тиіс: ұлттық сана-сезімін, ана тілін, өзіндік ділі мен дінін нығайтып, ұлтшыл-мемлекетшіл идеология қалыптастырып, титулды этнос ретінде ішкі бірлігін күшейтуі қажет. Жұмылған жұдырықтай, біртұтас титулды ұлт қана мықты ұлттық мемлекет құра алады, елдегі өзге ұлттардың диаспораларын ұйыстырып, біртұтас халыққа айналдырады. Егемендік пен мемлекеттілік сонда ғана нығаяды, ел халқында өзара сенімділік пен отаншылдық сезімі арта түседі. Қазіргі алмағайып заманда тар ұлттық мүддені ысырып қойып, жалпыұлттық мүддені, азаматтық сана-сезім мен халықтық ұстанымды, ұлттық идея мен мемлекетшіл идеологияны дамытқан ел ғана өзінің тәуелсіздігі мен егемендігін, территориялық тұтастығы мен конституциялық құрылысын сақтауға қабілетті. Халқының ауызбіршілігі бар, ынтымағы жарасқан бірегей ел ғана терроризм, экстремизм, агрессия, экспансия, ғаламдану, дағдарыс сияқты толып жатқан жаһандық сипаттағы қауіп-қатерлердің бәріне төтеп бере алады. 

Халық және билік: 
«біз» кім, «олар» кім?

Адамдарды ежелден қызықтыратын тақырыптардың қатарында халық пен биліктің қарым-қатынасы ерекше орын алады. Саяси ілімдер тарихында бұл мәселені талқыламаған ойшыл жоқ болар. Тарихи даму барысында биліктің де неше түрі туындап, тіптен, оны арнайы зерттейтін кратология ғылымы да  қалыптасты. Жалпы алғанда, халық пен биліктің арақатынасын басқару мен бағыну психологиясынсыз көзге елес­тету мүмкін емес. Билік психологиясы халықты өздеріне сендіру, көндіру, мәжбүрлеу, мойындату негізінде басқаруға негізделсе, бағыну психологиясы билеушілерге үміт арту, сену, көну, ынталану нәтижесінде олардың айтқанын істеп, бұйрықтарын орындаумен анықталады. Сәйкесінше, бұл арақатынаста да «біз» және «олар» дейтін антогонистік жіктелу өте ерте кезден қалыптасқан. Бағзы заманнан бері билік пен халықтың қарым-қатынасы көрінбейтін баррикаданың екі жағындағы қарсыластарға ұқсайды. Сондықтан да, ежелгі дәуірден қазіргі кезеңге дейін биліктің жақсысы мен жаманын, дұрысы мен бұрысын іздеу барысында оның сан-алуан түрлері туындады. Бірақ, биліктің қаншама түрлері болғанымен, адамзат қауымының басым бөлігі демократиялық билікті таң­дап, демократиялық саяси жүйені қалады. У.Черчилль бұл тұрғыда: «Бұл күнә­һар әлемде басқарудың көп түрлері қолданылды және әлі де қолданыс табар. Демократияның кәміл еместігін бәрі түсінеді. Түрлі уақытта оқтын-оқтын қолданылғандарын қоспағанда, демократия – басқарудың ең жаман формасы деген ой дұрыс айтылған» деп, демократияның да кемшіліктері көп екенін, бірақ, өкінішке орай, одан жақсысы жоғын айтқан. Антикалық дәуірдегі афиналық демократия мен римдік республикадан бастау алатын халықтық басқару түрі дами келе, бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Тіпті, кейде, республика (латынша res – іс, publica – бұқара, халық) мен демократия (грекше демос – халық, кратос – билік) құдды бір егіз ұғым сияқты қабылданады. Қазіргі кезде БҰҰ мүше 193 мемлекеттің 140 ресми түрде республика саналса, олардағы биліктің қайнар көзі халық деп танылған. Бұл елдер демократиялық құндылықтарға сүйенеді, заңнамалары да адамның құқықтары мен бостандықтарын барынша қорғауға бағытталған, толып жатқан демократиялық институттар қызмет атқарады. Сөйте тұра, өздерін демо­кратиялық республикаға жатқызатын елдер­дегі демократияның деңгейі әркелкі. Таң­қаларлығы сол, олардың бәріндегі басшылыққа алынатын құндылықтар мен ұстанымдар, қолданыстағы заңнамалары, қызмет атқарушы саяси институттары мен лауазымдары, қысқасы, мемлекетке қатысты белгілерінің бәрі бірдей және демократиялық сипатта (президент, парламент, конституция, үкімет, сот, сайлау т.б.). Бірақ, іс жүзіндегі нәтиже әртүрлі: бірінде демократия күшті, екіншісінде әлсіз, енді бірі демократияның атын жамылған биліктің өзге түрімен басқарылуда. Әлемге әйгілі «The Economist» апталық экономикалық журналы дүниежүзінің 167 еліндегі демократияның деңгейін 5 топтағы (сайлау әділдігі және пікір әр-алуандығы, азаматтық бостандықтар, үкіметтің қызметі, халықтың саясатқа қатысуы, саяси мәдениет деңгейі) 60 түрлі көрсет­кіштермен анықтап, Economist Intelligence Unit атты рейтинг жасап, жер жаһанға жариялайды. Оны басқаша, «Демократия индексі» деп те атайды. Демократия индексі бойынша рейтингке кірген елдер үлкен төрт топқа бөлінген: Бірінші, толыққанды демократиялық елдер; екінші, жетілмеген демократиялы елдер; үшінші, өтпелі режим жағдайындағы елдер; төртінші, авторитарлы режим орнаған елдер. Толыққанды демократиялық елдердің қатарында негізінен Еуроодақ (әсіресе, Скандинавия елдері), АҚШ, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты 25 ел тұр. Сонымен қатар, Коста-Рика, Маврикий, Мальта, Уругвай сияқты елдер де толыққанды демократияға қол жеткізіпті. Тағы бір қызық нәрсе, толыққанды демократиялық елдердің бәрі бірдей республика емес, олардың ішінде конституциялық монархиялы елдер де баршылық, бірақ, олардың барлығына ортақ ерекшелік – парламенттік демократияның болуы. Әрине, Демократия индексінен бізді қатты қызықтырғаны посткеңестік кеңістіктегі тоталитаризмнен демократияға өткен елдердің рейтингісі болды. Сөйтсек, ТМД елдерінің көрсеткіші төмендегі кестедегідей екен:
Economist Intelligence Unit рейтингіне сүйенсек, ТМД аумағында толыққанды демократиялы ел жоқ, жетілмеген демократиялы төрт ел, өтпелі режимдегі төрт ел, авторитарлы режимдегі жеті ел бар екен. Демократия индексі бойынша Қазақстан 167 елдің ішінен 143 орын алып, авторитарлы елдердің қатарына қосылыпты. Бұл рейтингтің көрсеткіштеріне талдау жасамас бұрын, мына ерекшелікке назар аударуымыз керек: демократияның жағдайы бір аймақтағы бір елде ғана нашар болып тұрған жоқ, бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған елдердің тең жарымы авторитарлы, ширегі әлі өтпелі жағдайда тұр. Бұдан қандай қорытынды жасауымызға болады? Посткеңестік халық демократияның не екенін, яғни, халық билігі деген ұғымның мән-жайын әлі толық түсінбейтін сияқты. Адам өзгермей, қоғам өзгермейді. Махатма Ганди айтқандай, «Әлемді өзгертемін десең, өзіңнен баста». Ширек ғасыр уақыт өтсе де, кеңестік тоталитарлық жүйенің кезінде қалыптасқан сыңаржақ ойлау стереотипі халықтың саяси санасына әбден сіңіп, қасаң болып қатып қалғаны сонша, күні бүгінге дейін біздің халық өзін «біз» деп, билікті «өзгенікі» деп бөтенсінеді. Себебі, халқымыз демократиялық даму жолын таңдағанымен, оның мәні мен мазмұнын білмейді. Бейнелеп айтсақ, қандай да бір жаңа бұйымды қолданар алдында оған қоса берілетін нұсқаулығын (инструкция) оқып таныспасаңыз, ол бұйымның не үшін жасалғанын, қалай пайдалану керектігін, пайдасы мен зияны қандай болатынын білмей дал боласыз. «Өзім білемге» салып, бұра тартсаңыз, не жаңа бұйым бүлінеді, не өзіңіз зардап шегесіз. Тап сол сияқты, демократияның да қыр-сырын біліп, меңгеру керек. Біздің қоғамның басты кемшілігі – демократияны әркім өзінше түсініп, әр адам өз білгенін істеуге көшті. Қит етсе билікті кінәлап, «Демократия жоқ!» деп, билікті сынап-мінегіш болып алды. Ал, сонда халықтың сынынан көз ашпайтын билік қайдан шықты? Демократиялық қоғамдағы билік сайлау барысында халықтың дауыс беруімен, ерікті түрде, еркін сайланған халықтың өкілдерінен жасақталатынын, сәйкесінше, билік өкілдік жолмен халықтың атынан жүзеге асырылып отырғанын біле бермейді. Демократияның басты механизмі саналатын сайлауға салғырт қарап, абсентеизмге салынып, сайлауларға қатыспайды, дауыс беруге бармайды, нәтижесін қадағаламайды. Демократияда билікке халықтық бақылау жасаудың мүмкін екендігін, халықтың сенімін ақтамаса өкілеттікті қайтарып алуға болатынын, сөз бостандығы бар екенін ойлап, бастарын қатырмайды да. Заманында Цицеронның өзі «Республиканың әл-ауқаты азаматтардың мінез-құлқында жатыр» деген екен. Демократияны халық билігі деп білсек, бізде оның дамымай отырғанына ең алдымен халқымыздың өзі кінәлі. Бұл жерде үйреншікті әдетке басып, бас салып билікті кінәлаудың қажеті жоқ, Жозеф де Местр «әр халықтың өзіне сай үкіметі бар» деп әділін айтқан. 
Халық пен биліктің «біз» және «олар» болып жіктелуінен халық ақырындап саяси өмірден бөгделенеді, ал, билік болса, бірте-бірте халықтан алшақтап, ажырай түседі. Осыдан келіп, халық билігі саналатын демократия өзінің мәнін жоғалтып, автократия, бюрократия, олигархия, плутократия, монархия, криптократия сияқты «архиялар» мен «кратияларға» өзгеріп сала береді.  Сондықтан да, елімізде демократияны дамытамыз десек, ең алдымен халықтың саяси санасын дұрыстауымыз керек. Социалистік лагерь елдерінің қатарынан шықса да, қазір әлемдегі толыққанды демократиялық елдердің рейтингісінде 17-ші орын алатын Чехияның алғашқы президенті Вацлав Гавел «демократияның жұмыс істеуі үшін білім беру жүйесіне көп назар аудару қажет. Бұл күшті экономикалық жүйенің негізін салады, сондай-ақ, бұл күшті саяси жүйе үшін де берік негіз болады» деп тұжырымдап, чехиялық азаматтардың бойында демократиялық саяси сана мен мәдениетті қалыптастыруға әу бастан-ақ бар күшін салған. Демократиялық құндылықтарды насихаттау мен санаға сіңіру ісіне барлық саяси әлеуметтендіру институттарын жұмылдырған. Нәтиже көп күттірген жоқ, Шығыс Еуропа елдерінің ішінен тек Чехия ғана толыққанды демократиялы елге айналды. Қазақстан да чехиялық тәжірибеден үлгі алып, демократияны жоғарыдан, яғни, билік тарапынан жасалатын жолдау, бағдарлама, нұсқаумен ғана емес, төменнен, яғни, халықтың сана-сезімінен, азаматтық бастамашылығы мен саяси өмірге қатысуын дұрыс жолға қоюмен де дамытуы керек. Демократия өзіндік қоғамдық құрылыс саналады, олай болса, кез келген құрылыстың бастауы берік іргетастан бастап қаланатынын ұмытпайық. Демократияны дамытуға барлық саяси әлеуметтендіру институттарын тартып, қоғамдық ғылымдардың әлеуетін кешенді пайдалануымыз қажет. Мысалы, бір ғана саясаттанудың әлеуетін дұрыс қолданып, мектептің жоғары сыныптарынан бастап, арнаулы және жоғары оқу орындарында жаппай міндетті түрде оқыту арқылы демократиялық саяси сана мен мәдениетті қалыптастыруға, азаматтарды саяси қатысуға жан-жақты дайындауға болар еді. Саяси өмірге қатысудың негіздерін игеріп, саяси құқықтар мен бостандықтар, сайлау, саяси партия, өкілеттілік, мемлекет, билік түрлері мен бөлінісі, саяси жүйе, азаматтық қоғам, идеология сияқты басты ұғымдарды білетін саяси сауаты бар азамат демократиялық қоғамның дамуына бір кісідей үлес қосары сөзсіз. Біздің бұл айтып отырғанымыз жай ғана ұсыныс емес, қоғамдағы саяси сауатсыздықтан туындап отырған өткір қажеттілік, билік осыны дұрыс түсініп, тиісті саяси шешім қабылдап, оқу бағдарламаларына өзгерістер енгізер деп үміттенеміз. Қоғамның саяси санасы мен саяси мәдениеті дұрысталса, халық пен биліктің арасындағы «біз» кім, «олар» кім дейтін жіктелу жойылып, оның орнын «Биліктің қайнар көзі халық» деген конституциялық қағида басады. Сонда ғана Қазақ елі толыққанды  демократиялық мемлекеттердің рейтингісіне ілініп, Елбасымыз межелеген әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылуға мүмкіндігі арта түсер еді.

Командалық-кландық жіктелудегі «біздікілер» мен «өзгелер»

Саясат әлеміндегі «біздер» және «өзгелер» болып жіктелудің жағымсыз түрлеріне «команда» және «клан» болып топтасу жатады. Бұл өзі барлық мемлекеттерде орын алып отырған келеңсіздік, тек кейбірінде оның ауқымы тар әрі астыртын болса, кейбір елдерде командалық-кландық жікшілдік кең ауқым алып, ашық жүретін деңгейге жетіп отыр. Командалық-кландық жүйені оның басында тұрған көшбасшысыз көзге елестету мүмкін емес, яғни, қандай да бір лидер өзінің төңірегіне мүдделес топты жинайды, ал, мүдделі топ лидерді пір тұтады. Бұл жерде де, жеке тұлғалық «Мен» дейтін сана-сезімнің эгоистік мақсат-мүддесіне сай келетін, «Біздікі» деп қабылдайтын топты айқындап, соған қосылуға тырысатын өзіндік идентификация жатыр. Қарапайым өмір жағдайында адамдардың басым бөлігінде «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» дейтін өзімшіл, жеке тұлғалық  сана-сезім басым болады. Бірақ, өмірдің өтпелі немесе дағдарысты кезеңдерінде, ауыр жұмыс немесе жауапты қызмет жағдайларында, қоғамдағы кернеу күшейген сәттерде жеке адам тек өз күшіне сеніп алысқа бара алмасын сезінеді. Басына қиындық түскен адам айналасынан тірек боларлық, өзіне көмек беретін адамдарды іздеп, жекеше әлеуметтік және психологиялық көкжиегін кеңейте бастайды. Осылайша, жеке тұлға өзінің «Мен» дейтін шектеулі сана-сезімін бұзып-жарып, өзін саналы түрде қандай да бір қауыммен немесе топпен байланыстыруға жанталаса кіріседі. Мұндай процесті кезінде Карл Густав Юнг психикалық инфляция (латынша «inflation» — үрлеу, көпірту, кеңейту) деп атаған.  Яғни, жалғыз жүрген адам өзінің жеке тұлғалық шекараларын кеңейте отырып, мүдделес адамдар тобын табу арқылы сол топтың ішінен өзіне қорғаныс, тұрақтылық пен жаңа мүмкіндіктер табуы арқылы жеке идентификациядан топтық идентификацияға өтуі. Осылайша, бір топ ауқымында жағдайы жасқарып, өзін қауіпсіз сезінген сайын, жеке тұлғалық шекаралар да қалыптан тыс ұлғайып, топтық гиперидентификацияға ұласады. «Жалғыздың даусы шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген мақал мұндай адамдардың ұранына айналып, жеке тұлға өзін топтан тыс жайсыз сезінетін, топсыз өмір жоқ сияқты көретін психологиялық тәуелділікке ұрынады. Қазақстанда әкім ауысса да, министр ауысса да артынан бүкіл командасының еріп жүруін психологиялық тұрғыда осымен түсіндіруге болады. Ал, топтық мүддені басшылыққа алғандар үшін ұлттық мүдденің құны көк тиын екені белгілі жәйт. «Сенген қойым сен болсаң, күйсегенің бар болсын» демекші, халықтың сеніп тапсырған аманатына қиянат жасап, демократияны жеке бас­тарын байытуға пайдаланып жүрген «командалар» Қазақ елінің көсегесін көгертпесі де белгілі. Әкімдіктер мен министрліктердің қаншама лауазымды тұлғалары сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша ұсталып, қылмыстары дәлелденіп, бас бостандықтарынан, мал-мүлкі мен атақ-дәрежесінен айырылып жатыр. Сонда да тоқтам жоқ. Коррупция дендеген еліміздегі аянышты жағдай қасқырға қой баққызған күлкілі көріністі көзге елестетеді. Өйткені биліктегі командалық-кландық құрылымдардың «бізі» мен «өзге бөтені» мүлдем бөлек.
Әлеуметтік құрылымдарды зерттеген австриялық қоғамтанушы Альфред Шютц гиперидентификацияға бой алдырған индивид топқа кірмейтін өзге қоғам мүшелеріне сенімсіздікпен қарап, бүкіл қоғамды жаудай көріп, үнемі қорғаныс жағдайында жүретінін көрсеткен. Әсіресе, топтық-командалық гиперидентификацияға ұрынған адамдар үшін дәл өздері сияқты топтарға біріккен гиперидентификациялы «өзгелер» жаудай көрінеді. Ғалымдардың пікірінше, кез келген топаралық жанжалдардың, командалық тартыстар мен кландық «соғыстардың» астарында осындай психикалық ойлау ерекшеліктері жатады екен. 
Саясаттағы «команда» құбылысын алғаш байқап зерттеген неміс қоғамта­нушысы Макс Вебер болды. Ол «Саясат әуестік және мамандық ретінде» атты еңбегінде батыстық демократиядағы мына бір ерекшелікке мән береді: сайланған президенттің тілеулес командасы немесе сайлауда жеңіп шыққан саяси партияның ұйымдасқан бір топ белсендісі мемлекеттік биліктің шешуші тұтқаларынан түрлі жоғары лауазымдарға ие болады. Сөйтіп, бүкіл билік ым-жымы бір командалық басқаруға өтеді, мұның соңы коррупцияның кең етек жаюына әкеліп соғады деп көрсеткен. Милован Джилас та саясаттағы осындай келеңсіз құбылысты зерттеген. Ол «Жаңа тап», «Жетілмеген қоғам» атты еңбектерінде билік басына келген лидермен бірге еріп келген команда өз кезегінде көптеген ұсақ командаларды туындататынын айтқан, яғни, лидердің командасына мүше әр чиновник өзінің жеке командасы болуын қалайды, одан төменгі лауазымды тұлғаның да өз командасы бар. Осының нәтижесінде, мемлекеттегі бүкіл билік «жаңа билеуші таптың» қолына өтеді, бұл қоғамның жетілмей қалуының басты себебі деп көрсетеді. Сондықтан да, батыстық ғалымдар саяси лидер мен билеуші партияның команда құруын қауіпті үрдіс санап, бюрократиялық аппараттағы шенеуніктерді кәсіби маман ретінде қарауды, кәсіби мемлекет құруды ұсынды. Команда мен клан жүргізген саясатта алдымен топтық мүдде жүреді, ұлттық мүдде оның көлеңкесінде қалып қояды. Кезінде «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасының бір мұраты – кәсіби мемлекетке қол жеткізу болатын, солай бола тұра, әлі күнге дейін командалық-кландық құбылыстан арыла алмай келеміз. Елбасымыз қаншама рет ескертсе де, әкім-қараларымыз командалық психологиядан бас тартпай келеді, билік басында бірнеше кландар бар екені де қоғамдық пікірде көп айтылады. Соның зардабынан сыбайлас жемқорлық өршіп тұр, коррупциямен күрескен сайын бұл қоғамдық дерт асқынып бара жатқан сияқты. Transparency International халықаралық ұйымы жыл сайын коррупцияны аңғару индексі (Corruption Perception Index) бойынша әлемдегі 180 елдегі сыбайлас жемқорлықтың деңгейін анықтап, нәтижесін жариялайды. 2012 жылы Қазақстан коррупция деңгейі бойынша 180 елдің ішінде 133 орында болса, 2013 жылы 140 орынға түсіп кеткен. Бұл ұйымға сенбесек, онда тағы бір басқа ұйым – TRACE International ұйымының 2014 жылғы көрсеткіші бойынша Қазақстан коррупция деңгейі бойынша 197 елдің ішінен 141 орын алған. Көрсеткішіміздің төмендеп кетуінің мәнісі мынада: біз коррупциямен күресіп жатырмыз, бірақ, басқа елдер де қарап отырған жоқ қой, олар да күресуде. Коррупциямен күресте жақсы нәтижеге қол жеткізген өзге елдер алдымызды орап кетуінен біздің рейтингіміз кері кетіп, төмен қарай сырғудамыз. Бұдан қандай ой түюімізге болады? Қа­зақстандағы коррупциямен күресу ай­тарлықтай тиімді емес деген сөз, себебі, біз коррупцияның себептерімен емес, оның зардаптарымен ғана күресіп келеміз. Еліміздің коррупцияға қарсы күресу стратегиясын жетілдіру қажет, коррупцияға арқау болып отырған себептерді жоймасақ, сыбайлас жемқорлықты жеңу жоқ. Ең алдымен командалық-кландық жүйеге ойсырата соққы беріп, мемлекеттік биліктің ашықтығына, мөлдірлігіне, бірізділігіне қол жеткізуіміз қажет. Екіншіден, мемлекеттік сатып алу мен мемлекеттік тапсырыс беру жүйелерін қайта қарау қажет. Бұл салада олқылықтар өте көп, сыбайлас жемқорлыққа себеп боларлық кемшіліктер жетіп артылады. Түрлі тендерлер мен байқаулардың қалай өтетінін, «откат» пен «ставканың» не екенін, мемлекеттік тапсырыстың, атқарылған жұмыстарды өткізу мен қабылдап алу процесі қалай жүретінін білмейтін қазақстандық жоқ шығар. Үшіншіден, мемлекеттік шенеуніктердің мәртебесі мен әл-ауқатын көтере отырып, жауапкершілігі мен адалдығына қол жеткізуді ойластыру қажет. Шенеуніктеріміз командалық ауыс-түйіске, күн көрістің қамына алаңдамай, өздерінің атқаратын жұмыстарын уайым-қайғысыз, асқан жауапкершілікпен, кәсіби түрде атқаратындай етуіміз керек. Мемлекеттік қызметке іріктеу жүйесін де жетілдіре түсу қажет. Барлық жағдайы бола тұра сұғанақтық жасап, коррупциялық қылмыс жасаса, қайсы «команда мен кланда» екеніне қарамастан, аямай жазалап, арам жолмен жинап-терген мал-мүлкін мемлекет пайдасына тәркілейтіндей етсек… Шенеуніктің «Біз» дейтін идентификациясы команда емес, өзінің елі, халқы, ұлттық мүддесі болатындай жағдай жасай білсек қана шенеуніктер ұлттық мүддені ойлайды, жұмысын адал атқарып, жемқорлықтан аяғын тартатын болады. 

Мәселенің әлқиссасы

Қазақстан қоғамында орын алып отырған көптеген проблемалардың астарында «біз» және «өзгелер» деген психологиялық жіктелу жатыр. Ондай жіктелудің болуы адамның табиғатына тән, өмірдегі жіктелу бұрын да болған, қазір де бар, ертеңдері де бола бермек. Бірақ, ұлттық мүддеге қатысты, ұлтымыздың, мемлекеттілігіміздің болашағына қатысты мәселелерде «біздер-өзгелер» жіктелісіне орын жоқ. Дамыған әрі демократиялы Мәңгілік ел боламыз десек, Қазақстан азаматтары өздерін «Біз» біртұтас халықпыз, ал, бұқара мен билік «Біз» біргеміз деген демократиялық тұрғыда идентификация жасап, билік басындағылар «Бізді» команда немесе клан емес, отаным, өз елім, туған халқым деп түсінуі тиіс. 

 

Алдыңғы «
Келесі »

4 Пікір бар

  1. Саке салеметсіз бе !Пікірініз өте дұрыс.жікшілдіктің де қоғамға зияны бар гой.

  2. Ассалаумагалейкум, біздегі кландардың болинулерин білсеңіз, жеке почтага жиберуинизди отинем!

  3. Саяси жүйенің диагнозын анықтап тапқан, емдеу жолдарында көрсеткен, қолында билігі бар азаматтар оқыса көп жаңарулар болар еді. Өкініштісі солардың ішінде қазақша оқитындар саусақпен санарлық. Мақала салыстырмалы түрде жақсы жазылған, жалғасын асыға күтеміз.

  4. Әрине жікке бөліну, немесе трайболизм мәселелері Қазақ қоғамында әлі де болса белең алуда. Егер “біз”, “өзгелер” деп бөлінбей, билік тарапынан жүргізіліп отырған саясаттың мөлдірлігі байқалса, онда “қоғамымыздың” шын мәнісінде даму тенденциясы байқалар еді. Осы мақаланың шындыққа негізделіп жазылғандығын көруге болады. Салыстырмалы түрде де жақсы жазылған.

Пікірлерге тыйым салынады.