ДҮНИЕҚОРЛЫҚ: ЖАҚСЫ MA, ЖАМАН БА?

  • 18.12.2014
  • 720 рет оқылды
  • 1

Секен ДОРЖЕНОВ,
саясаттанушы

«Нәпсінің құлына айналғандар 
тәнін де, жанын да ластайды».
Сократ.

Дүниеге қызықпайтын оны жинамайтын, жек көретін пенде де жоқ емес пе? Алайда дүниеқорлықты ылғи жаман десек, әділетті бола қояр ма екен? Жұрттың бәрі тек қана тамағын тауып ішіп, киім киіп қана, ештеме жинамай өмір сүре берсе, онда да бірсәрі. Қойылып отырған сұраудың жауабы да түсінікті болар еді. Үйленіп отбасын құрағаннан кейін, әркім шамасына қарай дүние-мүлік, дәулет жинайды. Ол тіптен жақсы қасиет болып есептелінеді. Тезірек құралғандар қашанда мақтауға ылайықты болған. Сондықтан да, қазағым: «түстік өмірің болса мал жи» дегенді айтқан. Абай атамыз: «Әрбір жинақылықтың түбі – кеніш» екенін ескерткен. Олай болса, адам баласы түгел дерлік белгілі бір дәрежеде дүниежанды болғаны емес пе? Адам дүниені неге жинайды?


Біріншіден, бала-шағасының тұрмыстық керек-жарағын қамтамасыз етсем деген ниеттің болуы; екіншіден, өзінше баспаналы болып, жұмыстан соң дем алып,  қонақ күтіп,.. деген сияқты мүмкіншіліктер жасауға қаражат жинау; үшіншіден, ең­бекке уақытша жарамай қалғанда (тіптен он күндеп; айлап) ешкімге алақан жаймау қамы; төртіншіден, отбасында, той-томалақ, өлім-жітім болғанда, соған тиісті қаражатым болса екен деген тілек; бесіншіден, туған-туысқанның, жолдас-жораның жақсылық-жаманшылықтарына жәрдем (қосымша) жасау пейілі; алтыншыдан, өзің дүниеден өте қалғанда артыңда «мал да қалсын, тал да қалсын» дегендей бала-шағаға қолдан келгенше материалдық жағдай жасап кетуге ұмтылу. Сондықтан да, данышпан қазағым: дүниенің соңына түсемін деп, адамгершіліктен жұрдай болып қалмау үшін, таза еңбегімен, білімімен, іскерлік қабілетімен жиналған аздыкөпті дәулетіне қанағат ету жағын кімнің болса да әсте шығармауды талап етіп отырған. «Бала-шағаның қамы» деген пердемен араны ашыла бермесін деген қазағым: «дүниеге келген әрбір нәрестенің ырыздығын құдай өзі жаратады, өзі береді», «әкенің малы балаға мал болмайды» – дегенді де қатты ескерткен. Ал, Исламның қасиетті Құран кәрімі болса: «біріңнің малыңды бірің нақақ жеп кетпеуді (4-сүре, 29 аят)» сендер бақдәулеттің бәсекесіне түсіп жүрсіңдер»  (102;   1-2), деп одан аулақ болғанға үндейді.
Дәл қазіргі біздің жағдайымыздағыдай, әртүрлі қылмыс, күнә жолдарымен дүние-мүлікті жинап алып: «біздің дәулетіміз де, әулетіміз де жеткілікті. Бізге азап жуымайды» (34,35) деп күпірлік жасағандарға, Алланың түбі бір қарғысы сөзсіз тиетіндігінде қатаң ескертеді. Қазекем болса,  «дәулетке мас болған айықпайды» деген қауіпті де естен шығармауды жөн көрген. Шынында да, табан ақы, маңдай термен келген байлыққа ешкім де мас бола бермейді, ал, оны арамнан жинаса, мас болудың да,  құтырудың да әкесі сонда. Сөйтіп түптің түбінде бір азғындайды да. Осындай жағдайларды ескерген елім: «көп асқанға бір тосқан» боларын да білген. Әлбетте, елдің бәрі бірдей халықтың аталы сөзімен, талабымен ғана өмір сүрмегендіктен, дүние жинауда адамгершілік шегінен шықпайтын шекараны елдің бәрі біле бермеген де, білсе де оны әмісе құптауды жөн көрмеген. Сол себепті халық дүниеқорлықтың жақсы емес екендігін қанша ескерткенімен, күлкіге мазаққа айналдырғанымен (Плюшкин, Қарабай образдары жасалғанымен) байлық соңына түсушілік кімге де болса көп уақытта (кейде әділетсіз де) «дүниеқор» деген атты тануға мәжбүр еткен. Бірақ, бала-шағаның, отбасының мұқтажына ғана емес, одан жүз, мың есе асып тасып жататын байлық табан ақы маңдай термен, білімділік, іскерлік қабілетімен, үнемділікпен, ұқыптылықпен қаражат атаулыны көзін тауып жұмсаумен қо­сыл­ған үстіне қосылып, ондаған тіптен жүздеген жылдар бойы, ұрпақтан-ұрпаққа қор жиналса, оның атын «дүние», «қор» демегенде не дейміз? Жалпы, баюға ұмтылу ниетінде (болшевиктік көзқарастарды былай қойғанда) жаман ештеме де жоқ. «Ке­дейдің байға, байдың қүдайға жетсем дегені», тіптен, әлеуметтік прогрестің ең мықты деген қозғаушы күштерінің бірі екені де белгілі емес пе?  Олай болса, жо­ғарыдағыдай дәулет, байлық жолдарын  қуғандарға дүниеқорлар деп кінә тағу әділетті бола қоя ма екен? Сондықтан, олардың бұл қылығын адал, адами дүниежандылық десек болмай ма?! (Бұл жөнінде қараңыз: Гаухар Исаева. «Казахстан: рэкет, мошенничество, сутенерство». Алматы,  Аль-Фараби, 1995). Олай болса, жоғарыдағыдай дәулет, байлық жолдарын қуғандарға дүниеқорлар деп кінә тағу әділетті бола қоя ма екен? Сондықтан, олардың бұл қылығын адал, адами дүииежандылық десек болмай ма? Ал, байлық мақсатындағы ойтілек, пейіл, қанағат дегеннен жұрдай, қоғамдағы заңдарға қарсы жолдармен, өркениеттілік, адамгершілік принциптерінің талапта­рынан мүлдем алшақ, қасқырша шауып бас салып, тіптен, ну тоғайдағы (джунглидегідей) әлсіздің күштіге жем болатын тәсілімен іске асып жатса, оның аты тойымсыз, арам, жыртқыштық – дүниеқорлық делінсе әділетті болмай ма?! Қашанда негативті жәйттерге, көріністерге келгенде, алдыңғы жүлдені бермейтін рес­публикамыз, әлде де ТМД-да көш басында келе жатқандаймыз. Ал, қазіргі біздің өтпелі кезеңдегі жағдайдағыдай, аяқ астынан, яғни, 2-3 жылда-ақ, ұрлап-жырлап, алдап-арбап, қорқытып-үркітіп пара алып, неше түрлі үйлер салып, коттедждер салып, астана облыс орталықтарынан бірнеше жерден пәтер сатып алып, оларды жалға беріп (ешбір салық та төлемей)… байлығын қоярға жер таппай енді сатып алуға тіптен тікұшақ, ұшақ іздеп, жеркөкке сыймай, аран дегеніңіз ашылған үстіне ашылып, «ашыққаннан құныққан жаман екенін», әсіресе, билік тұтқасындағылар жаппай дәлелдеп, әйгілеп жатса, оның аты жоғарыда сөз етілген екінші анықтамаға, яғни, адами дүниежандылық дегенге ешбір ауызың бармайтын жыртқыштық, нәпсісіздік   емей   немене?   Жалпы,   өтпелі   кезеңдік жыртқыштық дүниеқорлықпен большевиктік билікқұмарлық бір-бірінен ажырамас біртұтас құбылыс болса керек-ті. Сондықтан да, жыртқыштық дүниеқорлық дегеніміз – большевиктік билікқұмарлық, ал, большевиктік билік­құмарлық дегеніміз – жыртқыштық дү­ние­қорлық десек қозғалып отырған мә­се­ленің бірталай жағы түсінікті бола ма деймін.
Дүние-байлық деп есі кеткендер, негізінен өте сараң болып келеді.
Солай аталып қалам ба деп, жыртқыштық-дүниеқорлық жолына түскендер: той жаса­ғанда, құда түскенде, ас бергенде, өлік жөнелткенде көрер көзге тек мақтану мақса­тымен дүниеңізді «шашып» жібергені болмаса басқа уақыттарда кедей-кепшіктерге, мүсәпірлерге рақым жасау дегеннен жұрдай тегінде. Себебі: еңбексіз, қылмысты жолдар мен табылған, жиналған дәулетте адамдылық исі ешқашан болмаған, бол­­майды. Оған нақтылы бір ғана мысал,   1917 ж, Қазан төнкерісінен кейінгі байлардан жыртқыштықпен тартылып алынған, жиналған большевиктік дү­ниеқорлық дәлел емес пе? Сол себепті де АҚШ-тың Мәриленд университетінің профессоры Мансур Олсен «саяси бюроны мемлекеттің байлығын үнемі та­лаушылыққа салған отырықшыл бандит» («Известия» 1995, 18-сәуір), деп өте әділ атаған. Большевиктер партиясының қаймағы – саяси бюро осындай болған соң, өзгелерінің кім екені белгілі емес пе? Соның нәтижесінде КОКП орталық комитетінің бас секретарынан бастап, аудандық бірінші хатшыларға дейін патшалардың, хандардың жағдайында өмір сүрді де, қалың ел, Ресей профессоры Д. Волкогонов айтқандай «XX ғасырдағы крепостнойлықта, ке­дейлікте, құлдықта, жалпы сорлылықта күн кешті. Ал, КСРО ыдырап, КОКП тараған соң барлық сатыдағы «көсем­дерге» жасалынған ерекше жағдай «жойыл­­ғаннан соң» олар қараптан қарап оты­рып жұмақ тұрмысынан айрыла сала ма, сондықтан жалма-жан қой терісін жамылып, әкім болып шыға келіп: «біздің де күндіз-түні ойлайтынымыз халықтың қамы» дегенді жалғастырып, бұлбұлша сайрап тек жеу, жұту дегеніңізді он,  жүз, тіптен мың есе үдетті емес пе? Ойлағандары тек халықтың қамы болса, неге көпшілік ел-жұртпен басшылар арасындағы тұрмыс жағдай айырмашылығы қазірде де жермен көктей, жұмақ пен тозақтай. Себебі Кеңес өкіметінің кезінде бар байлық мемлекеттікі, халықтікі делінгенімен, ол тек номенклатура деп аталған паразит үстем таптың қолына шоғырланды. Енді болса, бұрынғы партократтарымыз, бандократтарға (әп жыландарға) айналып мемлекеттік мүліктерді мейлінше тездетіп өз меншіктеріне көшіруде. Адамзат тарихында ешбір елде, ешбір жерде ешқашан болмаған түпсіз аран Кеңес Одағындағы кей­бір дүниеқоңыздардың көмейінен ашылып сала берді. Большевиктік, өтпелі кезеңдік жыртқыштық дүниеқорлық үдеп тұрғанда материалдық жоқшылықта отырғанда, көп балалыларға жаны ашымайтынын 74 жыл көзіміз көргенде, өзі туған халқы осылай аш құрсақ жалаңаш-жалпы отырғанда Ресейден, басқа мем­ле­кет­терден артистер шақырып, олар­дың толық қалталарын одан әрі де қа­лындатып жатқан әсіре қызылдар – дү­ниеқоңыздықтың жаңарған бір түрі. Ал, нысапты адами дүниежанды байлар қашанда, қай елде де бар. Олар мешіттер, шіркеулер, мектептер, ауруханалар, кітап­ханалар, мұражайлар, жетімдер үйлерін салдырып қана қоймай, оларға ауық-ауық материалдық жәрдемдер беріп отыр ғой.
Тағы бір айта кететін жәйт. Дүниемүлікті, байлық атаулыны кейбір адам бақыттың бір түрі деп келген. Бізде бүгінгі күнде осы ойға, тіптен, зиялы атаулылардың да көпшілігі ден қойған сияқты. Материалдық жағдай орташа болса да (мұның да деңгейін анықтаған ешкім жоқ) алтынды металдың бір түрі деп қана есептеген, валютаны қағаз деп қана қараған, байлық атаулыны қазақ атамдай «қолдың кірі» деп санаған қанағатшыл адамдар да өзін бақыттымын деп білген. Рас, ондай адамдар қашанда аз болған. Кейінгі 3-4 жылда пайда болған миллионер, миллиардер адамдардың барлығы дерлік өздерін бақытты санамайтындығы, байлық – бақыттылықтың белгісі еместігін дәлелдесе керек-ті. Нравалық, адамдық көзқараспен қарағанда, әр түрлі жан түршігерлік амал айлалар мен миллионер болып алып, арамнан жиналғанын іші білетіндер: «ақыры не боламын!» – деп қайғырып ұйықтай алмай депрессияға, жүйке дерттеріне ұшырап жүргендер, міне, бақытсыздардың бұларда бір тобы.
Байлыққа да, билікке де құнықпайтын, тіптен, оларға қызыға да қоймайтындар бақыт­ты ғана емес, ұлы да ма деймін. Се­бебі, жер бетіндегі ұлы деп есептелінген адамдардың, тіптен, ешбірінің артында аса материалдық байлық та қалмаған ғой. Айта кететін бір жәйт, ел басқарғандар, зиялылар қашанда адамзат тарихында дүние-мүлік деп өліп өшпегендіктен адамгершілік үлгісін көрсете білген ғой. Жыртқыштық дүниеқорлық жаппай орын алған қоғамда адамгершіліктің (сөз жүзінде ғана болмаса) исі де болмайтындығы заңды! Және де мұндай қоғамда жақсы келешек болады деу, жұқалап айтқанның, өзінде нағыз утопия. Жыртқыштық дүниеқорлық жолына жаппай түсушіліктің түбі үлкен трагедияға апарады-ау. Дана халқым: «өзі тоймастың көзі тоймас», «жақсы арына құл, жаман – малына құл», «жақсыны арман аздырар, жаманды құлқын тоздырар», «құзғын ас таңдамайды», деп мұндай қорқаулардың түбі жақсылыққа әкелмейтінін бұдан жүздеген жылдар бұрын-ақ ескертпеп пе еді? Қанша уақыт өтсе де осы аталы сөздер неге ескірмейді? Бұл сұраудың төңірегінде ойналатын басшылар бар ма? Бар болса, неге онша сезілмейді? Арамдық пен жыртқыштық дүниеқорлық арасындағы ажырағысыз табиғи, органикалық біртұ­тастық та көңіл бұратын жәйт (Әлбетте екеуінің арасында айырма да болар, ол жағын философтар аңықтар). Бала-шағаға жетерлік тамақ, ас, киім-кешек, үй-жай мәшине болған соң, соған қанағат етсе, ешкімді алдамаса, арбамаса, пара беруге мәжбүрлемесе, біреуге қол ұшын бергені үшін ақша, алтын дәметпесе. Жалпы, қазағымның: «өз нәпсісін жеңген батыр» деген аталы сөзінің астарында да, адалдықта жатқан жоқ па? (Айтпақшыдай: «ақ жүрсең, тоқ жүресің, домаланып көп жүресің!» дегенде мақалымыз бар ғой).
«Дүниеге тойдым жетеді!» дегенді екі­нің бірі айта бермейді. Дегенмен де, өзі­нің бар қабілетін халқына, көпшілік үшін жұмсадым деп жүргендер «барына қанағат тұтпаса», ел-жұртта өсіп келе жатқан ұрпақ та азғындық жолға түсе бермей ме? Оның арты не болады? Сократ айтқандай: «тәні де, жаны да ластанған адамдардан тұратын қоғам» орнайтындығы даусыз. Капитализмді «іріген, шіріген қоғам» деп жүргенімізде, өзіміз сондай болып шықпадық па? Ақыры бірер процентті байлар болмаса, әлеуметтің көпшілігінің әл-ауқаты төмен. Жоғарыда айтылған дүниеқорлық ниетіміз бұдан ары жалғаса берсе, ірігеннің де, шірігеннің де әкесі сонда болар.
Тегіс дүниеге ерекше қызығып, оны қуып кете берсе, іргелі ел болуымыз да неғайбыл бола ма деймін. Себебі, айуандық тойымсыздық жолына түскен кісілер үшін «ел, отан» деген ұғымдар болмайды. Тек «байлық», «дәулет» деген нәрселер өмірдің мақсатына айналады да, сол жолда кімді де болса сатуға барады. Абай атамыз: «тегінде адам баласы, ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деп дәлелді-ақ жазған, бірақ, оны есіне сақтағандар тым аз болып отыр.
Байлығының, табысының көзін біліп, одан салық алып отыру үшін іргелі мемле­кет­тердің барлығында декларация жақсы жолға қойылған. Бізде ол әзірге өмірге он­ша енбей отыр. Жоғарыдағылар: «арам жолмен байып жатқандар тойып алсын!» деп отырған болулары керек. Ны­сап­сыздардың тойғанын күтсек, адам баласының көзінің топырықтан бас­қаға қана­ғаттанбайтынын есептесек, сірә, көп күтеміз ғой. Сайып келгенде дүниеге тойым­сыздық жер бетіне мың­даған қанды трагедияларды, Рим, Британия, Ресей, КСРО империяларын туғызды. Бұлардың тарихына үңілсек, аш­көздікке салынған үлкен мемлекеттер де топырағына да тоймаған.
КСРО ыдыраған соң, егемендік алғаннан кейін бізде кейбір адамдардың пейілі өзгеріп, дүниеқорлық дерті қаулап өсті. Себебі, біріншіден, кезінде қанша жерден жек көрсек те, капитализм өмірімізге дендеп еніп, қолдан келгендері жан-жақтан қамтып қалу үстінде, қысқасы кейбір адамдардың арасында «билік қайда болса, дүние-мүлік сонда!» деген солақай принцип етек алып барады. Екіншіден, бәрі бір орталыққа бағынып отырған кезде, ашығын айтайық Мәскеуге жазып жүріп, әйтеуір бір шырылдаған шындықтың түбіне жетіп, сирек болса да әділетті шешім қабылданатын еді… Үшіншіден, «социалистік» деп аталған қоғам «буржуазиялық» деп аталған қоғам асып бара жатқан түгі де жоқ. Олай болатыны социализм о баста миллиондаған адамның қанымен орнаған ар-ұят, иман, адамгершілік, ақиқат, әділеттілік … деген өте сирек еді. Төртіншіден, адамзат тарихының мыңдаған жылдардан бері қарай қалыптасқан нравалық гуманистік талаптары коммунизм құрушылардың моральдық кодексімен алмас­тырылып өмір сүргендігімізден «советтік» делінген адамдардың көбінде бұрмаланған, бұзылған мінез-құлық, көзқарас, принциптер қалыптасты. Ұрлап, пара алып отырып (қолынан ұстап алмасаң) «шімірікпей» ұр­лаған, алған жоқпын, «көрмедім» деу ауызша, телефон арқылы берілген бұйрықтарынан, нұсқауларынан мүлдем бас тарту, түрлі супер топастарды әлдебір таққа отырған туыс, ағайын, жекжаттың арқасында «жасырын» қолдап, көкке жеткізіп отырғанын мойындамау… сөйтіп, артында сенері болған соң ойына келген көргенсіздікті оңды-солды жасау. Мұның бәрін жасырып, жапқанымен, айдан анық көрінген де, қазірде де көрініп отыр. Гете айтқандай: «Сама эпоха чудовищно громоздит свои преступления и представляет их напоказ». Бұл ойға ешкім ештеңе қоса алмаса керек-ті. Тек, апырау «өзімнен кейін не болса сол болсын!» деген психология үстемдік ете берсе: «өліп-тіріліп, ар-ұяттан безіп, нысап дегеннен жұрдай болып жинап жүргеніңіз бір күні қатты шашылмас па екен? Болу да, толу да түбінде бір асып төгілуде болмаушы ма еді? Мыңдаған өмір жылдарынан алынған осындай ұлттық данышпандық ойларымызды да шынымен ұмыттық па? Бұлтылдатпай айтсақ, жалпы «советтік» деген құрылым табиғатты да, қоғамды да, адамның ойлау жүйесін де, мінез-құлқын да мүлдем бүлдіріп, аздырып, уландырып біткен. Соның нәтижесінде, осының бәрінің бастаушысы, іске асырушы болған КОКП биліктен кеткенімен, қой терісін жамыла қойған оның әртүрлі дәрежедегі, сұрқиялықтан алдына жан салмаған кө­семдері «билікте тұрғанда жыртқыштық-дүниеқорлық дерті­нен айығуда» мүмкін емес, «Қорыққан бұрын жұдырықтайды» дегендей билік басына құзғын қарғалардай үймелей толып алған тоғышарлар: «ерте жарықта қамтып қалайық» деген пиғылын ашықтан ашық іске асыруда. Қашанда өзінің қабілетіне, күшіне сенген адамдар мұндайды ешқашан істемесе керек-ті. Біздегі қалыптасып, орын алған большевиктік, необольшевиктік, дүниеқорлық тарихта еш­бір болмаған құбылыс. Адамзат тарихында өтпелі кезеңде әркім-ақ қамтып қалғанға тырысқан. Бірақ, дәл біздікіндей көрсеқызар, қомағай, тәсілмен, өз мемлекетінің ішінде оты­рып алып байлықты жұта беру деген ешбір елжұрттың тарихында кездеспеген кесел.
Адамнан да, көз жастан да, қарғыстан да құдайдан да именбейтін, қорықпайтын (тегінде: «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген сөз бекерден шықпаған ғой), жендеттердей болған, айығуы қыйынға айналған жыртқыштық-дүниеқорлық жолына түскен айдаһарларға жол беріп, билікте отырғандар (жемтіктес, сыбайлас болғандықтарынан ғана болу керек) бүкіл республиканы зұлым­дық ордасына айналдырар ма екен деген де қауіп ел ішінде жоқ емес-ті. «Адамның құлқы түзелмей, құлпы түзелмейтінін» еске алсақ, өркениеттілік, прогресс атау­лыларға біз бұрылған сайын, олар алыстап бара жатыр ма? Қалай? Дегенменде, зиялы қауым тегіс, қалың ел-жұрт, большевизм әкелген жер жүзінде болмаған дүниеқорлықтан ауылын алыс ұстаса, ат төбеліндей болған дүниеқорлық жолына тү­сіп, дәулет азғындығының даңғылымен кетіп бара жатқандар нені бүлдіріп жіберер дейсің?
«Үмітсіз – шайтан» деген емес пе.
«У мен дерт» кітабынан, 1997 ж.

 

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Коргалган такырып тын такырып.дуниежандылыкка топырак шаша беру кате екенин ашып корсеткен деп ойлайм.десекте Сакеннин тили киындау ма калай тусинбеген тустарымда болды.бирак бастысы ар нарсенин шегин билген дурыс екендиги жане адалдан болу керектиги айтылган.окитын тусиниги дурыс казакка керек багыт айтылган

Пікірлерге тыйым салынады.