Бүкіл Қытайды үш ғасыр билеген мажурлар және дағұр-Солұндардың (Евенкілер) аянышты тағдыры

  • 18.12.2014
  • 828 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әлімғазы Дәулетхан,
Ғылым және білім министрлігі Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, 
тарих ғылымдарының 
кандидаты

Қоғамдық ғылымдар саласында әр ел ғалымдары әр дәуірде, әр түрлі атпен дәйектеп келген аты шулы патшалықтың бірі Чиң патшалығы болатын. 1644-1911  жылдар аралығында бүкіл Қытайға билігін жүргізген бұл патшалықты құрып негізін қалағандар бұған дейінгі Қытайды билеген әулеттік патшалықтар сияқты ешқашан да Қытай нәсілді халықтардан  шыққан емес. Арғы жағын айтпағанның өзінде әйгілі Тәбғаш хандар билеген «Таң патшалығы» (618-907) ыдырағаннан кейін шаңырақ кө­терген Лияу (907-1125) қара қытай немесе Кидан патшалығын құрғандар Тұңғұс текті тобалар мен хұндардың арасынан шыққан кидандар еді. 1032-1227 жылдар аралығында салтанат құрған «Батыс Шия» мемлекеті негізінен таңғұттардың билігіндегі патшалық болды. 1115-1234  жылдар аралығында салтанат құрған «Жиң» (Алтын) хандығы да тұңғыс-таңғұт-тибеттіктер мен қытайлардың билігіндегі патшалық еді.


Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары бүкіл әлемнің жартысын билеген дәуір­дегі Қытайдың жағдайы бір­шама түсінікті. Ресми тарих бойынша айтқанда 1279-1368 жылдар ара­лығында салтанат құрған «Юан патшалығының» негізін қалап ғасырға жуық билік жүр­гізген де  Құбылай мен оның тақ мұра­герлері болатын. Құбылай тақ мұра­герлері арасындағы билік таласы мен олардың моңғолдық дәстүрден қол үзіп қытайланып, қы­тайшыл болып кетуінің салдарынан биліктен айырылып қалды. Билік қы­тайлар құрған Миң хандығының қолына өткендей болғанымен Қытай бір тұтас империялық қуатынан айрылып бірнеше иелікке бөлініп, өз ара қырқысып жатты. Бұл аралықта Халқа моңғолдары мен Жоңғариялық моңғол тайпалары да күшейіп Миң хандығы бақылауынан әлдеқашан шығып кеткен болатын.
ХV ғасырдың бас кезінде ұлы қорған­ның Шығыс солтүстігіндегі тұңғұс текті Жұржұттар бас көтеріп, зор күшке айналды. Жұржұттар дегеніміз, біздің эрамыздан бұрынғы 200-жылдар шамасында Хұндардың құдіретті билеушісі Мете қаған талқандап, жойып жіберген прото моғол-тұңғыстардың ұрпағы болатын. Олардың аман қалған біраз бөлігі У Хуаң, Шәнби тауларын паналап, өсіп-өніп ол таулардың атымен Ухуаң-Шәнбилер деген атпен Қытай Орда жазбаларына түскен. Біздің заманымыздың басында Хұндардан бақ тайды. Хан патшалығы оңтүстіктен, шығыс солтүстіктен Ухуаң-Шәнбилер, батыстан Үйсіндердің сұра­пыл соққысына тап болып күйрей жеңілген хұндар батысқа үдере қоныс аударған тұста бос қалған ұлы қорғанның сыртындағы бүкіл өңірге Ухуаң сәнбилер келіп орнығып қалды. Қытай жазба деректерінде б.з. ІІІ-V ғасырынан бастап бұл халықтардың аты Шидан-Кидан түрінде және Жуан-жуан, Жужан (бауырымен жорғалаушылар, құрттар т.б.) түрінде кемсітілген мағынада қағазға түсе бастады.
Жужан (Жуан-жуандар) VІ ғасырдың орта шеніне дейін түріктерді темір қо­рытушы құлдар ретінде бодандықта ұстап келді. Ал, түріктің ел қағаны 552-жылы көк түрік қағанатын құрардан бұрын жужандардың 50 мыңдық адамын өзіне қосып алып Жужан патшалығын тізе бүктіргеннен бастап бір бөлім жужандар бағынбай батысқа үдере көшіп Қап тауына дейін шығандады. Жаңа жерде оларды ауарлар (жер ауып келген дегенді білдіреді) деп атады. Ал, шығыста өмір сүретін Жужан-Жұржыттардың бір бөлегі ұлы қорған маңына, шығыстағы байырғы ата-мекеніне ығысып кетті. Жылдар өте келе Жужан-Жүржіттердің жан саны көбейіп күшейе бастайды. 1616-жылы олардың басшысы Нұрқаш (1559-1626) елінің басын қосып, «Соңғы Жин» хандығын құрады. Астанасы Хатуала (Шинйаң) қаласы болады. Ал, 1636 жылы оның баласы Хуаң­тайжий патшалығының атын «Чиң» (1) деп атап, астанасын Бейжин қаласына көшіреді. Содан бастап, ол бүкіл Қытай жерін өзіне бағындырып, 1644 жылы әйгілі «Чин патшалығын» құрып шығады. Тарихта оның аты бірде «Манжу го», бірде «Манчиң хандығы», бірде Манжур-Қытай патшалығы, кейде Қытай богда хандары деп түрліше аталып келді. Осы арада Чиң патшалығының «Бүкіл Қытайды бірлікке келтіруі» деген тіркеске аздап түсініктеме бере кетудің қажеттілігі туады. Өйткені, Қытай тарихшылары әр кезде жазған тарихи, әдеби оқулықтар мен ресми тарихтарында және әр түрлі сөздіктерінде ғылымға да, тарихи шындыққа да үйлесе бермейтін ұлы держауалық пиғылда жазылған анықтамалар мен түсініктемелер жиі беріледі. Басқасын былай қойғанда соңғы 15-20 жылда жазылған тарих оқу­лықтары мен сөздіктерінде [2] мынадай мазмұндар қайталана беріліп жатады. 1994 жылы құрастырылған «Тарихи білім сөздігінде: «Чиң патшалығының алғашқы кездегі шекарасы батыста Памир тауынан өтіп, терістікте Балқаш көлінің солтүстік жағасына жетіп, солтүстікте Сибирямен тұтасты, шығыс терістікте Хилұңжияң (Уссурий өзені) өзенінің солтүстігіндегі сыртқы Хинган тауы мен Куне (Сахалин) аралына дейін барып жетті…» [3] деп ашық жазады.
Баршаға мәлім болғанындай, бұл дәуірде Манжурлар құрған «Чиң патшалығынан» мүлде тәуелсіз әлде неше мемлекеттер өз алдында дербес, терезесі тең мемлекеттер ретінде өмір сүріп жатпап па еді? Басқаны айтпағанда, 1679 жылға дейін ұйғырлар Жаркент қаласын астана еткен құдіретті «Жаркент-Саиидия хандығын» құрып шығыста Құмұлға дейінгі аумақта бір тұтас мемлекет болып тұрмап па еді. Ал, Чиң патшалығының алғашқы кезінде-ақ Қытайдың батыс солтүстігін тұтастай билей бастаған уалалар (кейінгі ойраттар) құрған жоңғар хандығы қалайша Чиң патшалығына бағынышты делінбек? Қытай тарихшыдары мен филологтарының мәселені бұлай қоюында алысты көздеген ұлы держауалық мақсат бар болатын. Атап айтқанда, мәселе біз қарастырып отырған Шығыс Түркістан жерін басып алған 1758-1759 жылғы отарлық жаулаушылықты ақтап алудың тарихи негізін қолдан жасауға ұрыну әрекетінде жатыр. Чиң патшалығының бұл реткі жаулаушылық жорығы қытайдың ресми тарихында «Чиң патшалығының Шиңжияңды бірлікке келтіруі» немесе «…Чиң династиясының (1616-1911) Тәңір­тауының оңтүстігі мен солтүстігін қай­тадан бірлікке келтіруі (1759 жылы), деп жазылуын қалай түсінуге болар екен? Бұған қандай тарихи дәлел, нақтылы құжат пен жауап беруге болады? 1759 жылға дейінгі мыңжылдықта қытайлар немесе Чиң патшалығы қашан, қай жерді иелеп, билігін жүргізген екен? Тәуелсіз көршілес елдер арасындағы барыс-келіс, алыс-беріс, сый-сияпат, тарту-таралғы ұсыну дегендер ежелден қалыптасқан дипломатиялық үрдіс қой. Кейде, тіпті, қалыптасқан гео­саяси жағдайға қарай бір елдің басшыларының екінші бір елден әскери көмек сұрауы да әбден қалыптасқан еларалық қалыпты жағдай. Біз бүгінгі қалыптасқан мемлекеттік шека­ралардың дауын қоздырайық деп отыр­ған жоқпыз. Әйтсе де, ол шека­ралардың қандай әділетсіз, қанды со­ғыс­тармен қалыптасқанын жақсы біле тұра күштілердің сызған сызығымен ғана жүріп, солар астамшылықпен жаздырған тарихты малданып отыра алмаймыз.
Чиң империясының Орда тарихшы­ларының бірі Вей Юан «Қасиетті соғыстар» деген кітабында бұл басқыншылық соғыс­тарды: «…Империяның беделін көр­сеткен, варварларға сабақ болған әрекет болды. …Жоңғария мен Қашқарияны күшпен империяның құрамына қосып алу заңды әрекет, өйткені Қытайдың бұл территорияларға ие болуға ерекше тарихи құқы бар» [4] – деп мадақтайды. Мінеки, империяның астам тарихшысы осылай асқақтап сөйлейді. Ал, осы им­пе­риялардың (қытайлық, шетелдік) жер-жебіріне жете жамандап, лағнат айта­тын коммунистік Қытай тарихшылары неге әділетті сөз айта алмайды? Олардың «әді­летті» сөздері мынадай болып шығады: «… Мемлекетіміз шекарасының маңайын тыныштандыру, мемлекеттің тұтастығы мен тыныштығын бұзуға тырысқан бұза­қыларды тәртіпке шақыру мақса­тынан туындаған әскери әрекет» [5]. Бұ­ған не деуге болады?
Қытай жылнамалары мен қоғамдық ғылымдарында сонау ерте заманнан бері еш өзгеріссіз қолданылып келе жатқан, тарихи шындыққа мүлде үйлеспейтін, Қытай империясының көршілеріне жасаған шап­қыншылық жорықтарын ақтап, заң­дастыру үшін ойлап табылған «жазалау жорығы» және «бүлікшілерді тыныштандыру әрекеті» деген сөз тіркестері бар. Бұл тіркестер 2000 жылдың алдындағы Орда хаттамаларында қалай қолданылса, билік басына келгеніне жарты ғасырдан асқан коммунистік Қытай елінің тарихшылары да дәл солай қолданып келе жатқанына таңдануға болар еді. Бірақ, ұлт мәселесінде, ұлттардың азаттық жолындағы қанды күрес тарихын жазуға келгенде  құлдық, феодалдық, капиталистік, социалистік қытайдың саяси көзқарасында еш айырма болма­ған­дығына көзіміз жеткендіктен, ендігі жерде оған таңдана алмаймыз. Комму­нистік қытай  тарихшылары Чиң импе­риясының қанды қол диктатор патшасы Гау Зұңның (Орда жыл есебі бойынша Чиан Лұң деп аталған, 1736-1795) жария, құпия жарлықтарынан бізден көрі мол хабардар. Залым патшаның жарлығымен миллионнан астам жоңғар қалмақтары қылыштан өткізіліп, бүкіл Жоңғар даласы  бір-ақ жылдың ішінде қаңырап бос қалды. Ендігі жерде қазақ халқы «Шығыстың сары айдаһары» атанған тойымсыз Манчиң патшалығы мен тікелей шекараласып қалды. Қазақ хандығына да қауіп-қатер төне бастады деген сөз. Бос қалған Жоңғар даласы үшін Чиң патшалығы мен қазақ хандығы арасында іштей теке-тірес басталды. Әзіргі қытайдағы қазақтардың  арғы ата-бабсы ХVІІІ ғасырдың соңына ала өзінің ежелгі ата-мекені болған Алтай-Тарбағатай, Іле өңіріне  біртіндеп жылжи қоныстануын бастаған болатын. Гау Зұң патшаға керегі «адамсыз Жоңғария, адамсыз Қашқария» еді. Ол сондықтан ішкі Қытай мен қиыр шығыстағы Манжур-Моңғол ру-тайпаларын Жоңғарияға жаппай қоныс аудартуға белсене кірісіп кетті. Іле, Тарбағатай, Алтай тарихында әр дәуірде әр түрлі рөл ойнаған көші-қон жөнінде аздап тоқтала кетудің реті бар сияқты.
Чиң патшалығы бүкіл Шығыс Түр­кістанды басып алғаннан кейін 1762 жылы өзінің ең жоғарғы әскери-әкімшілік билік органы болған «Іле Жияңжүн мекемесін» құрады, ол патшалық Ресейдің генерал губернаторлығы сияқты мекеме еді. Ұлан-байтақ территорияны тек тұрақты әскермен ұстап тұру қиындығын сезген Гаузұң патша бала-шағасымен тұрақтап тұратын әскериленген елді-мекендер құруға жарлық береді. Сөйтіп, 1763 жылы алғашқы Дағұр-Солұн (Евенкілер) қосыны Манжуриядан жолға шығып, 1764 жылы көктемде шамамен 1214 адам Ілеге жеткен [6]. Ал, екінші реткі қоныс аударушылар 1765 жылы жазда Ілеге келіп жетеді. Бұлар Іле Жияңжүн мекемесіне төте қарасты атты батальон болып жасақталып «Батхын Солун-дағұр Йықы» (батальон) деп аталады [7]. Содан бастап Солұн-дағұрлардың Іле-Тарбағатайдағы әскери-жандармдық өмір тарихы басталады. Бұл өңірде әр кезеңде басталған жергілікті халықтың ұлт-азаттық көтерілістері тұсында Солұн-дағұрлар отаршыл патшалықтың ең сенімді қарулы күші ретінде  пайдаланып отырылды. Патшалық Ресей қазақтарды қалай пайдаланған болса, Чиң патша­лығы оларды дәл солай пайдаланып жергілікті халықты аяусыз қанады әрі қарулы бақылау орнатып отырды. Бірақ, осы бір шағын ғана бақытсыз халық Манжур-Қытай отаршылдарына қол шоқпар бола жүріп, ең ақырында ұлт ретінде жойылып қытайланып кетті. 1911 жылғы әйгілі «Щиңхай төңкерісі» арқылы монархиялық Манчиң хан­дығы аударылып тасталғаннан кейін билік толығымен қытайлар қолына өтіп Манжұрлар биліктен бір жола шеттетілді. Олар ендігі жерде жалдамалы аудармашы, сақшы, тыңшылық жұмысқа жегілетін болды.
Әсілі тұңғұс текті Манзу (Манжулер) 1644 жылы құрған Чиң патшалығының барлық жоғары лауазымды әскери, әкім­шілік қызметкерлері негізінен Манзулар болғанымен кеңсе қызметкерлері, ғылым-білім саласы, қатардағы әскерлер мен кішігірім офицерлер қытайлықтар болды. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан былай қарай бұл үрдіс айқындала түсті. Біз, сондықтан, Чиң патшалығы Манжу-Қы­тай  папатшалығы деп, ал, Шығыс Түркістандағы билікті Манжу-Қытай отаршылдығы деп атау тарихи шындыққа  сай келеді деп қараймыз. Манжур-Қытай билігі дәуірі дегеніміз Шығыс Түркістан жерін 1759 жылғы бірінші реткі жаулап алудан басталып, 1912жылы монархиялық Манчиң хандығы аударылып тасталғанға дейінгі 153 жылды қамтиды. Бұл дәуір қытайдағы қоғамдық ғылымдарда «Чиң династиясы дәуірі» деп аталады. Шығыс Түркістандағы «Чиң династиясы дәуірі» кей жағдайда 1759 жылдан 1864 жылға дейінгі ғасырға жуық уақытты қамтитын отарлаудың алғашқы кезеңі ретінде қарас­тырылса, 1864 жылдан 1912 жылға дейінгі 48 жылды отарлықтың екінші – соңғы кезеңі ретінде қарастырылады. Жалпылама бұлай қарастыруда тұрған еш нәрсе жоқ сияқты көрінгенімен 1864-1880 жылдар аралығында Шығыс Түркістанда болып өткен аса маңызды тарихи өзгерістердің мәні әдейі елеусіздендіріліп тасталғандай болатыны да ақиқат. Сондықтан, алдағы бөлімдерімізде  ол туралы  арнайы тоқта­латын боламыз. Біз, әзірше, 153 жылдық «Чиң династиясы дәуірі» дегенді үш ке­зеңге бөліп қарастырмақшымыз. Нақты­лап айтқанда ол: бірінші кезең – 1759-1864 жыл аралығындағы Манжур-Қытай отаршылдығының ең ауыр, ең қара түнек кезеңі, яғни отарлық жүйенің қалыптасып, орнығуы мен жергілікті халықтың үлкенді-кішілі қарсылығын аяусыз басып-жаншу арқылы біршама тыншу кезеңі болды. Екініші кезең – 1864-1880 жылдар ара­лығындағы бүкіл халықтық, бүкіл Шығыс Түркістандық ұлт-азаттығы көте­рілісі барынша күшейіп Шығыс Түркістан аума­ғында отаршыл Манжу-Қытай үстем­дігін аударып тастап үлкенді-кішілі дербес хандықтар билік құрған кезең. Үшін­ші кезең – 1878-1880 – жылдары генерал Зо Зұңтаң басқарған Манжур-Қытайдың шап­қыншы армиясының қанды қырғынынан кейін бүкіл Шығыс Түркістанды екінші рет қайта жаулап алуынан бастап 1912 жылғы «Шиңхай көтерілісі» арқылы монархияның аударылып тасталуымен аяқталды. Бірақ, Шығыс Түркістан халқы қытайлық отар­шылдықтың милитаристік дара билігі ке­зеңін бастан өткеруге мәжбүр болды. Біз бұл бөлімде осы үш кезеңде дүниеге келген ұйғыр әдебиетіне жалпылама мынадай сипаттама беруді жөн көреміз.
Бірінші кезеңге тән басты ерек­шелік – негізінен қоғам өмірінде, саяси, экономикалық жақта кейбір өзгеріс­тердің барлыққа  келуінен байқалады. Ендігі оқу-ағарту саласында Манжуша, Қытайша оқу талап етілді. Қытайлармен көбірек араласқан Құмұл, Тұрпан, Қашқарларда сол тілдерде білім алған алғашқы оқымысты зиялылар тобы пайда болды. Ал, Алтышаһардағы білім іздеген жастардың біразы Бұхара, Үнді, Кабул, Ирак қатарлы елдерге барып оқып, Исламдық білім негіздерін жетік меңгеріп халқына өнер-білім дәнін шаша бастады. Соның нәтижелерінде Тұрпан, Күшәр, Қашқар, Жаркент, Хотан қатарлы қалаларда оқу-ағарту, дәрігерлік ілім, қол өнері, көркем өнердің дамуы байқалды. Алайда, отаршылдық бұғау тұмшалаған қоғамда өзгеріс, жаңару дегендер тек  шартты түрде ғана айтылмаса, түбірлі жаңғыру мүмкін емесі белгілі. Шығыс Түркістанды басып алған Чиң патшалығы әлемдік даму үрдісінен барынша артта қалған, тежеусіз әскери билікке сүйенген мешеу феодал озбыр өкімет болды. Шығыс түркістандықтармен  бұл отаршыл билік арасындағы негізгі қайшылық кейбір тарихшылар дәріптеп жүргендей таптық қайшылық емес, ұлттық қайшылық, езілген ұлттармен отарлаушы өктем ұлттың арасындағы бітіспес қайшылық болатын. Шығыс Түркістанның езіліп-қаналған халқы қат-қабат зорлыққа тап болды. Олар Манжу-Қытайлардың, сосын олардың жергілікті итаршылары болған феодал бектермен, байып құдайын ұмытқан  діни жоғары жіктегілердің аяусыз қанауына тап болды.
«Шиңжияңның жергілікті тарихы» атты оқулықта жазылғандай 1850 жылдардан бы­лай қарай  отаршыл өкіметтің халықтан  жинап алатын  алым-салығы 65 түрге жеткен. Адам өмір сүріп, тіршілік етуге қанша нәрсеге мұқтаж болса соның бәрінен салық алатын жағдайға жеткен. Мәселен, мақта бажы, сауда бажы, шәй бажы, кездеме бажы, жан басы бажы, жер бажы, шөп бажы (жайылым), тұз бажы, азаматтық бажы, әскерлік бажы, су бажы, астық бажы, қан бажы, бастықтар бажысы, шерік бажы, т.б. Бұған жергілікті атарман-шабармандар өз бетімен жинайтын бажыларды қосқанда халықтың күн көріс көзі мүлдем бітеліп өлуден басқа жол қалмайды.
Құлдырауға бет алған Чиң империясы Шыңжаңда тұратын әскерилер мен мансаптыларды қаржыландыруға шарасыз қалғандықтан 1862 жылдан былай қарай «жылу жинау» дегенді ойлап тауып, ұйғыр, дұңған ауқаттылары өкіметке ақшалай жылу тапсырса мансабын жоғарлатуға, жаңа мансап беруге ресми рұқсат беретін болды. Сөйтіп, мансапты сатып алу заңдастырыла бастады. Ол туралы мынадай дерек келтіруге болады: «Шиңжияңдағы мансап сатып алу істерін ақыры Чиң патшалығы үкіметі іштей құптады. Әрі «ұйғырлардан жылу бергендерді сыйлау ережесін» жариялап, әр дәрежелі мансаптың сатылу бағасын анық белгіледі» [8]. «Күн бір жауса, терек екі жауады» демекші мансап сатып алған  обыр итаршылар өз халқына қасқырша шауып, қан қақсатты. Біз қарастырғалы отырған Чиң патшалығы отаршылдығының ал­ғашқы кезеңінде осындай зорлық-зом­былықтарға шыдай алмаған ұйғыр хал­қы 1764 жылғы Үштұрпандықтардың кө­терілісінен бастап 1864 жылғы Іле шаруалар көтерілісіне дейінгі бір ғасырда көптеген үлкенді-кішілі көтерілістерге шығуға мәжбүр болды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Тарихи білім сөздігі, Шиңжиянның халық баспасы, Үрімжі, 1994, 851-852 б.б. (884б.) 
«Чиң Қытай сөзі, қытайдың «Шинхуа Зыдиян» атты сөздігінде  бұл таңбаға 7 түрлі түсінік берілген. Негізгі мағынасы – тұнық, мөлдір, таза-пәк, адал,кіршіксіз т.б. Нұрқаш құрған «Соңғы Жин» патшалығына оның мұрагері Хуаңтайжы әдейілеп Қытайдың осы сөзін таңдап өз патшалығына ат етіп алған.
2. Шиңжиянның жергілікті тарихы, Шиңжиян жоғары мектептері бір тұтас қолданатын оқулық, Үрімжі, 1999, Шиңжиянның қысқаша тарихы, Үрімжі, 1983, тарихи білім сөздігі, Үрімжі, 1994, т.б.
3. Тарихи білім сөздігі, Үрімжі, 1994, 852-853 б.б. (884 б.)
4. Вей Юан, Шең Ужи (Қасиетті соғыстар), Тайбей, 1962, 125 б.
5. Шиңжиянның қысқаша тарихы, Үрімжі, 1983, 437 б. (618 б.)
6. Гобул Бардын, Шиңжияңдағы Дағұр ұлты, ұлттар баспасы, 1998, 39 б.
7.  Сібе ұлтының батысқа көшуінің жалпы баяны, ұлттарды зерттеу журналы, 1981, №2.
8. Шиңжияңның жергілікті тарихы, оқулық, Шиңжиянның Дашуе баспасы, 1999, Үрімжі, 426 б. (618 б.).

Алдыңғы «
Келесі »