Ғұрыптық кешендердің тарихи кезеңдердегі этносемантикалық сабақтастығы

  • 18.12.2014
  • 1307 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Арман ӘУБӘКІР,
Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының 
PhD  докторанты

Қазақстанның кез келген аймағынан үлкенді-кішілі ғұрыптық кешендер және олардың басты атрибуттары тас мүсіндер (көне түрікшесі бәдіздер) жиі кездеседі.  Де­генмен, культтік кешендер Орталық Қа­­зақстанда молынан ұшырасады. Ака­демик Әлкей Марғұланның айтуынша, тас мүсіндер Торғай өзені мен Ұлытау төңірегінен бастап, бүкіл Сарыарқаның жонымен күншығысқа қарай созылып, Алтай, Тарбағатай тауларына барып тіреледі. Оңтүстікте тас мүсіннің көбірек кездесетін жері Қаратаудың екі жақ бөктері, Бурылтау, Талас тауларының жазық іргесі, Алатаудың жазық алаң­дары.

Тас мүсіндер таулы өлкелердің жазық алаңдарында, өзен-судың (Талас, Шу өзендері) бойында кездесетіндігі анық­талған. Тау мен су көшпелі қауым үшін қасиетті ұғымды білдірді, сонымен қатар, тау баурайында мүсін жасауға тау-тас керек болады. Расында да, зерт­теу жұмысымыздың барысында, ғұрыптық кешендер негізінен тау не­месе шатқал баурайында,  өзен немесе терең арық бойында, ат шаптырып, ас беруге қолайлы жазық алаңқайда орнала­сатындығын аңғардық. 
«Орталық Қазақстандағы тас мү­сін­­дердің топографиялық орнала­суында бірталай өзгешелік бар.  Олар кө­бі­несе қола дәуірінің ескерткіштері сақталған жерлермен қанаттас сақталып отырады. Қай жерде қола дәуірінің тас шарбағы кездессе, соның қасынан Түрік қағандығы кезінде орнатылған тас шарбақтар мен  тас мүсіндер қатар тұ­рады. Атасу, Қар­қаралы, Беғазы, Баян­ауыл тау­ларында сақталған тас мүсіндердің көпші­лігі осы түрде кездеседі. Бұл, әрине, Түрік қағандығы кезінде  жасалған тас шарбақ пен тас мүсіндердің қалыптасып өркендеуіне қола дәуірінің тастан жасалған ескерткіштері зор әсер еткенін көрсетеді» дейді Ә.Х.Марғұлан [1]. Расында, қола дәуірі ғана емес, кейінгі сақтардың, сарматтардың, ғұндардың обалары мен қорғандарында көне түрік дәуі­рінің ескерткіштері көптеп кезде­сетіндігі қайран қалдырады. Бұдан шыға­тын қорытынды, түрік дәуірінің көшпелі қауым өкілдері өздерінің байырғы ата-бабаларының жатқан жерін білуі, ата-бабалары жатқан жерге өздерінің де жерленуін қалауы бек мүмкін. Жоғарыда атап өтілгендей, табиғаттың тамаша жер­лері қасиетті ретінде балануынан бөлек, аруақтар мекені болғандықтан да ғұрыптық кешен орналасқан жердің киелі орын ретінде ұлықталуы заңды құбылыс.
«Орталық Қазақстандағы тас мүсін­дер қашан да болсын таулы бұйраттардың шығысқа қарай көсіліп жатқан жазық алаңында немесе өзен аңғарларының тау жақ етегінде кездеседі. Мұндай алаң­дар ежелгі мал өсіруші тайпалардың қызықтап әуестеген жерлері болған. Ха­лықтың ұлы мерекесі, өлген адамына ас беру, ат шаптыру, балуан күрестіру қашан да сондай жазық алаңда өткізілетін болған. Сондықтан, ондай жерлер халық аңызынан белгілі орын алып, ел есінде сақталатын, тарихи – шарбақ тас, мүсін тастар тұрғызылып отырған.
Сыртқы құрылысы бойынша тас мүсін­дер екі түрде кездеседі: бір тобы граниттен жасалған төртбұрышты тас шарбақтың күншығыс жиегінде, екінші тобы үйген тас обалардың күншығыс жақ етегінде. Тас мүсіндердің бұлай кездесуі екі түрлі дәуірді көрсетеді: бірінші тобы VI-VIII ғасырлардағы Түрік қағандығы кезіндегі жұртшылық салтымен байла­нысты болса, екіші тобы VII-XIII ғасыр­лардағы Орталық Қазақстанды мекен­деген Қыпшақ тайпаларынан қал­ған ескерткіш екенін білдіреді» дейді Әл­кей Хақанұлы Марғұлан. Шынымен-ақ, тас мүсіндердің әр дәуірде әртүрлі жасалуы өте заңды нәрсе. Дегенмен, олардың  негізгі ортақ белгілерінің бірі – күншығысқа қаратылғаны. «Тегінде мұндай тас мүсіндер әрбір өлген адам­ның ескерткіші ретінде орнатылған, сондықтан олардың әр қайсысы әрбір өлген адамның келбетін бейнелейді деуге болады. Бұл сияқты жеке адамның келбетін бейнелейтін мүсіндер орхон жазуларында бәдіз деп аталған. Әрбір мүсінтас тұрған шарбақтардан шығысқа қарай созылып тік орнатылған тас бағаналардың тізбектері тұрады, олар­ды Орхон жазуларында бал­бал де­ген» деп академик Ә.Х. Марғұлан ең ал­ғаш­қылардың бірі болып балбал мен бә­діздің аражігін айырып беріп отыр. Осы күнге дейін Қазақстан аумағында бәдіз тас­тарды балбал деп қате атау үрдісі қалыптасқан. Содан соң бүгінге дейін көп­теген ғалымдар балбал тастардың функ­циясын түрліше жо­рамалдап, әр тарапқа тартып келеді. Академик Әлкей Марғұлан осыдан 70 жылдай бұрын бұл мәселеге түйінді шешімін айтып кеткен екен. Ол кісі: «Батырлар мен қолбасы көсемдер мүсіндерінің алдында самаладай тізіліп, балбалдар қатары суреттеледі. Ондай балбалдар саны кейде 200-ге дейін жетеді (Қазақстан аумағы бойынша 200-ге дейін жеткен балбалдар тізбегі анықталған, Моң­ғолияда 3 шақырымға созылатын 1000-дай балбалдар тізбегі болған – А.Ә.) Халық аузында сақталған тарихи аңыз­дар бойынша, ас беру тойына әрбір тайпалардың елшілері қатынасып, өлген адамның басына ескерткішті бірлесе отырып орнатқан, әр тайпаның өкілі салт бойынша бір-бір тастан қоятын болған. Демек, балбал тізбегінде қанша бағана тас болса, ол оны орнатуға қанша ру, қанша тайпа қатынасқанын көрсетеді. Әрбір тайпа өкілдері, әсіресе, атақты, не беделді адамдарының басына ескерткіш орнатуда көбірек жиналатын болған. Олардың көпшілігі құрмет көрсету үшін келсе, кейбіреулері бағыну белгісін білдіруге келген. Тас бағаналар тізбегінде мықты ұлыстар орнатқан балбалдар қашан да құрметті орында тұрады, демек, тарихи адамның портрет мүсініне жақын тұрады» деп балбалдар тізбегінің қызметін айтқан. Одан бөлек, ол кісі «Орхон жазуларындағы деректер бойынша Түрік қағандығының шарбақ­тарындағы бас балбалдар көбі­несе қыр­ғыз бен тардүш тайпа­ларынікі. Бұлар ол кезде ең мықты тайпалардан саналған» деп бас балбалдың өте маңызды адамның қоятындығы айтып өткен [1].
Әлкей Марғұланның айтуынша,  түрік дәуірінен қалған тас мүсіндердің ерек­шелігі, олар қашанда әскери қарулармен (қылыш, қанжар, жорық белбеу), құты сауытпен бірге суреттеліп отырады. Қол­басы алыптар не батырлар құты сауытын әдетте оң қолымен көтеріп, сол қолымен белбеуіне сүйеніп не қылыштың сабын ұстап тұрады. Хан, бек, биге арнаған мүсіндерді шеберліктің бір талай жоғарғы сатысына жеткізіп, олардың айбынды, байсалды сазығыр түрін жақсылап кел­тірген. Оларға тән ерекшелік басындағы алтын айдары, құлағындағы сырғасы, қолын­дағы аса таяғы, беліндегі кісесі. Көне дәуірдің безеушілері бұл айтқан тәп­тіштерді аса қадағалап, көңіл күйінің шалқуымен келістіре безеген [1]. 
Ғұрыптық кешендердің даралық сипатының қалыптасуы аруақты құрмет­теу танымымен тікелей байла­нысты. Б. з. д. V мыңжылдық тари­хы бар, бәлкім, одан әрі кететін тастағы петроглифтер, таңбалар, идео­грам­малар, пиктограммалар Ұлы түрік дала­­­сындағы қасиетті таулардан көп­теп кездеседі. Мұндай киелі орындар оңғанға (аруаққа) құрбандық шалып, ас беретін, Тәңірге мінәжат ететін жер ретінде қарастырылатындығын жоғарыда сөз еттік. Мысалы, Алматы облысындағы Таңбалы шатқалында күн дидарлы Тәңір бейнесі, құрбандық шалып, Тәңірге табыну рәсімі тәрізді көріністер айқын сақталған. Тасқа таңбалар мен бейнелерді түсірудің өзі абыздардың (бақсылардың) қасиетті борышы болғандығын ескерсек, сонда абыз-бақсылардың рухани дәрежесінің беймәлім бір қыры да ашыла түседі.  Кейіннен абыздардың тасқа таңба салу өнері кемелденіп, бәдіздік (тасмүсін) және қолданбалы бұйымдардағы ең жоғары деңгейдегі шеберлікке ұлас­қанын бағамдаймыз. Академик Әлкей Марғұлан қазақ ғалымдарының ішінде алғашқылардың бірі болып Сарыарқадағы петроглифтерді зерттеп, топтастырып жи­нақ ретінде шығарған еді. Кейінгі кезде жар­тас суреттерімен жүйелі шұғылданып жүрген ғалымдарымыздың бірі – Зейнолла Самашев. Археолог Зейнолла Самашев «Петроглифы Казахстана» атты еңбе­гінде: «на горно-степных просторах Казахстана выявлены местнахождений петроглифов, десятки из которых представляют собой поистине древние святилища – долговременно функционировавшие сакральные центры сосредоточения духовной культуры человеческих сообществ. В этих своеобразных храмах под открытым небом, где благодаря наличию комплекса почитаемых объектов – скал с пригодными для нанесения рисунков, водных источников, жертвенных площадок и т.д., совершались различные культово-мистериальные действия, приуроченные, вероятно, к важнейшим событиям календарного или иного цикла в жизни конкретных социумов и связанные с их религиозно-мифологическими представлениями» – дейді [4]. Оның айтуынша, қазақ жеріндегі Ешкіөлмес, Баян Жүрек, Тамғалы, Құлжабасы, Сауыс­қандық, Арпаөзен, Қасқабұлақ, Қы­зылшын, Тектұрмас тәрізді таңбалы тастар кешені – бағы бабаларымыздың тәу ететін дала ғибадатханалары. Қа­зақ жеріндегі мұндай далалық ғиба­датханалардың ең ерте уақытқа тәні саусақпен санарлық. Атап айтсақ, олар: Ақтау қаласы маңындағы Қосқұдық I, Қосқұдық II кешендері, Ақтөбе облысына қарасты Шалқар ауданындағы Төлеубұлақ таңбалы үңгірлік кешені және Павлодар облысының Екібастұз ауданындағы Өлеңті шатқалы. Өлеңті кешенінің түбінде XIX-XX ғасырға дейін адамдар жерленген қазақ зираттарының болуы – бұл маңның мұндаға дейін қасиеттілік нышаны туралы түсініктің жойылмағандығын білдіретін тәрізді [4]. Ас беруге, ат шаптырып, үй тігуге қолайлы жазық дала, үш әлемді (жоғарғы, ортаңғы, төменгі) біріктіруші заңғар тау,  тау жыныстарынан сүзіліп шығып тазаланған, өзі де мәңгілік тазалықтың белгісі, тіршіліктің нәрі – өзен, тарылған тынысқа оттегін беріп, сая болар қасиетті ағаш – бұлардың бәрі де мыңжылдықтар бойы ғұрыптық кешендердің өзгермей, баз қалпынан еш айнымай келе жатқан «сыртқы құ­рылымдары». Тау шатқалдарындағы таңбалы ғибадатханалардан да біз әл­гіндей ерекшелікті аңғарамыз. Қазақ жеріндегі таңбалы тастардың ең ерте уақыты жөнінде белгілі археолог Зейнолла Самашевтың пікірі мынаған саяды: «Предположительное самые ранние символические знаки на наклонных площадках низких гротов-навесов могли появиться в мезолите, может быть, и еще раньше – в полелите, но не позже эпохи неолита» [4] дегенге саяды. Ғалымның сөзінен көріп отырғанымыздай, тас дәуіріндегі адамзаттың алғашқы дүние­таным ошақтарының бірі қазақ жерінен табылып жатқандығы ұлттық мақтаныш сезімін тудыруы тиіс-ақ.                        
Геродот «сақтар жерінде адам табынатын тасқа түсірілген Тәңірінің табан ізі бар» деген. Расында, ондай тасқа түскен із Ұлытауда, Сарысу бойында, Теректі әулие тасында, Арғанаты тасында кездеседі. Бируни мен Казнивидің хабарлауынша, ондай тасқа түсірілген адам ізі қыпшақ пен Оғыз дәуірінде ерекше орын алады. Таңбалы тау шатқалдарында түрлі тайпалардың таңбаларының кездесуі – нақ сол жерде түрлі тайпалардың бас қосқандығын, олардың әртүрлі діни әрі ғұрыптық рәсімдердің бірлесіп атқарғандығын топшылауға жол ашады. Таңбалы тастардағы ру-таңба бел­гілері үлкен идеологиялық мәнге ие. Таңбалар рулардың ерекшеліктері, өзара туыстығы және тағы басқа мәселелерді анықтауға жәрдемдеседі [5] «…Таңбалы тас көшпелі дала руларының бірлік-пәтуасына айғақ, тұтастығына белгі, ант беріп ауыз бірік­тірген орны екенін аңғартады. Жай аңғартып қоймайды, далалық көшпелі рулардың ерте заманда-ақ топтасып бірі­ге бастағаны, ел болып бас құрағаны көрінеді» дейді этнограф Ақселеу Сейдімбек «Қазақ әлемі» атты еңбегінде [6]. Ғұрыптық рәсімдердің көрінісі антикалық дәуірдегі алтын, қола және темірден жасалған, ағаштан ойылған тұрмыстық заттарда, әшекейлерде, марқұмды жерлеу және еске алу кешендерінде кеңінен орын алды. Ежелгі түркілердің ең жоғары құдіреті көк аспандағы Тәңір болып табылады. Байырғы тайпалардың көсемдері, қаған­дары тәңіртекті делініп, көктің ұлы саналған. Археолог Әбдеш Төлеубаев «Тә­ңірге табынудың тамыры өте ерте замандардан келе жатыр. Аспан құдайын білдіретін Тәңір сөзінің «дингир» (тнгр) формасында сонау шумерлер заманынан келе жатқандығын ескеретін болсақ, онда Тәңір құдайына сену кем дегенде 5-6 мың жыл бұрын пайда болған діни жүйе» дейді [7]. Ғалымның бұл пайымдауына жоғарыда атап өткен таңбалы тастардағы Тәңір бейнелері мен зооморфты жануарлар бейнесін қосыңыз. Табиғат аясында өмір сүріп, көк пен жердің, тау мен тастың, су мен нудың (ағаштың) қадірін түсінген ата-бабаларымыз күнді тіршіліктің көзі ғана емес, Тәңірдің жер­дегі белгісі, көзге көрінетін бейнесі деп таныған секілді. Бұл наным бойынша Көк Тәңірі көзге көрінбейді, алайда өзінің Күн тәрізді құдіреті арқылы адамдарға, жан-жануарларға жылу, өмір сыйлайды. Адам баласы әуелі табиғат құбылыстарына қайран қалады. Осы орайда Шоқан Уәлиханов мысалға келтірген «Табыну – таңданудың аса биік түрі» деген Карлейльдің сөзі орынды-ақ [8]. Табиғат құбылыстары зерт­­­теліп қорытынды жасалады, сөйтіп, мың­жылдықтар бойы табиғаттың тынысынан білім алады. Сөйтіп, оны қажетіне жаратады. Еуразия кеңістігіндегі ежелгі көшпелі және жартылай көшпелі түрік тайпаларында Күннің культі өте ертеден басталады. Қола дәуіріндегі жерлеу орындарының үстіне салынған дөңгелек қоршаулар, сақтардың «мұртты» оба­ларының есіктерінің шы­ғысқа қа­ра­тылып қойылуы мен кейін­гі түрік даласындағы мүсінтастардың күн­­шығысқа қаратылып тұрғызылуы, мұн­даға дейінгі қазақ даласындағы киіз үй­лердің есігінің шығысқа қаратылып тігілуі арасында үлкен сабақтастық жатыр. Есік обасынан табылған күн дидарлы алғашқы алтын адамның да киімі қызыл және сары түстен болса, алтыннан құйылған жапсырмаларындағы зооморфты образдар – аң-құс бейнесіндегі киелі күштер орын алған. Алтын адамның тәжінің, алтын дулығасының артқы жағында тау басындағы арһар бейнесі құйылып, бас киімге жапсырылған. Сақтардан да, Қос өзен (Тигр мен Ефрат) аралығындағы мәдениет иелері шумерлерден бұғы, арһар бейнелі өнер туындылары көптеп ұшырасады. Шумерлерде, тіпті, жартылай адам, жартылай бұғы кейіпті ғажайып өнер туындылары ертедегі танымнан хабар береді. Ең ерте дәуірдегі петроглифтер санатындағы Өлеңті таң­балы шатқалында көркем бейнеленген бұғы бейнесін ұшыратамыз. Таңбалы тастардағы құрбандық шалу, аңшылық және басқа ғұрыптық дәстүрлер көріністерінде ең көп кездесетін де – бұғы, арһар бейнелері екендігі ойландырады. 629 жылы Мың бұлақта (Меркіде) буддалық монах Сюань-цзян болған. Ол: «Цянь-цюань елді мекені 200 ли аумақты алып жатыр, оңтүстігінде басын қар шалған тау, қалған үш жағында теп-тегіс дала жатыр. Мұнда жер дымқыл, тоғайы қалың, көктем айларында, гүлдері безендірілген жібек мата секілді. Бұлақтардың саны мыңға жетеді. Сон­дықтан, ол жер осындай атауға ие. Әрі онда көл бар. Түрік кағаны жыл сайын осында келіп жазғы ыстықтан паналайды. Бұл жерде бұғылардың саны көп, олардың біразының мойнына қоңыраулар тағылып безендірілген. Бұғы­лар адамдарға көндігіп кеткені соншалықты, олар үркіп қашпайды. Түрік қағаны бұғыларды жақсы көр­гендіктен, оларды өлтіруге тыйым салған. Бұғыны өлтіргендер кешіріл­мес­тен жазаланады. Осыған орай бұғы­лар табыны сақталып тұрған» деді. Бұғыларға зияндық істеуге тыйым салыну­дың себебі, көне геноалогиялық түсінікке сәйкес бұғылар киелі саналған. Көне наным бойынша бұғы сәуле шашқан мүйізімен Күнді алып жүреді және түрік кағандары бұғыдан тарайды деген де наным болған көрінеді.
Ежелгі ғұн дәуірі, Көк түріктердің заманы, тіпті, кейінгі Моңғол империясына дейінгі түрік жұртының қағандары таққа отырып, ел басқарған орталығы Ор­хон бойындағы жазиралы кең алқап, бүгінгі Моңғолия аумағы екендігі баршаға мәлім. Осынау дүниенің төрт тарабына құлаш созған империяның астанасында киіз туырлықты жұрттың классикалық үлгі­дегі Тәңірге, киелі рухтарға, ата-баба оң­ға­нына табыну кешендері өмірге келген еді. Мұндағы қағандарға, билеуші тап өкіл­деріне арналған ғұрыптық кешендердің құ­рылымы (бәдізтас, қорған, барық, ба­қа­тас, қойтас, бітіктас және т.б.), се­ман­­тикалық мән-мазмұны, қорғау және сақ­тау, қайта қалпына келтіру мәселелері то­лықтай шешімін тапты деп айту әлі ер­те. Дегенмен, бұл тарапта тың ізденістер мен ғылыми жаңалықтар, қызықты бол­жам­дар да баршылық [9]. Көшпелі ата-баба­ла­рымызға тиесілі ғұрыптық ке­шен­дердің клас­сикалық нұсқасы Түрік қаған­дығы дәуі­ріне тән екендігін баса айтуымыз керек.   
Ерте антикалық дәуірдегі зооморфты дүниетаным Түрік қағандығы кезіндегі ғұ­рыптық кешендерден де жеткілікті дәре­жеде көрініс табады. Сақтардың әлемге та­нылған «аң стилінің» сабақтастығы VI-VIII ғасырлардағы ғұрыптық кешендерден де байқалады. Қазіргі Моңғолиядағы Түрік қағандығының астанасы болған Өту­кендегі қағандарға арнап салынған ғұ­рыптық кешендердегі тасбақа, арыстан, қой тәрізді мүсіндермен қатар, тауешкі таңбасы, Күлтегін ұстынындағы құс бейнесі және тағы басқа зооморфты кескіндер ғалымдар тарапынан зерттелу үстінде. Алайда, ғалымдар тарапынан бұл зооморфты бейнелердің тамыры тым тереңде жатқандығына жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбей келеді. Білге қаған, Күлтегіндердің әулеттік таңбасы – тауешкі [5]. Сақтар дәуірінде көп бейнеленетін арһар мен бұғы да, кейінгі қағандардың әулеттік, бәлкім, рулық таңбасы тауешкі де тауды мекендейтін аңдар санатынан болып табылады. Шатқал, үңгірлердегі петроглифтерден соң ерте дәуірлерге жататын ғұрыптық кешендердің маңызды бір түрі – бұғытас кешені. Өте ыждаһаттылықпен әрі аса үлкен шеберлікпен салынған бағаналардағы бұғы бейнелері – бүгінгі ою-өрнектердің де бас­тауы тәрізді. «В Центральной Азии «оленные» камни появляются в самом начале 1 тыс. до н.э. и по стилистическим особенностям, сделанным на них изображениям, генетически связаны с культурами эпохи бронзы этого региона. Особенно их много в Монголии, где их зафексировано более 500 экземпляров. Здесь «оленные» камни встречены как в погребальных, так и в поминальных комплексах. Значительно меньше их в Забайкалье, Тыве, Алтае и Казахстане и севсем единицы обноружены в Северном Причерноморье. Они антропоморфны и, даже если изображение лица человека и пояса со всеми атрибутами на этих столбообразных камнях порй чрезвычайно схематичны или же вообще отсутствуют, но как раз «оленные» камни могут помочь восстановить духовную культуру прошлого» [10] деп Н. Боковенко бұғытастың миссиясын тура айқындап жазып отыр. Қола дәуіріне тән бұғытастар Қазақстан жерінде сирек кездесетіндігі турасында айтқан Н. Боденконың пі­кірін жоғарыда келтірдік. Адам­заттық өнердің және дүниетанымның бастапқы қалыптасу кезеңінде қола дәуірі үлкен рөл атқарады. Қола дәуіріндегі Қазақстан аумағында ең белгілі табыну кешенінің бірі «Беғазы-Дәндібай мәдениеті» деген атпен бел­гілі. Әлкей Хақанұлы Марғұлан бұл ескерткіштер кешенін зерттеуге ыждаһатты көңіл бөлген болатын [3]. Академиктың сұрыптаған материалдары негізінде Беғазы-Дәндібай мәдениеті мен Моңғолия жерінде жиі кездесетін бұғытас кешендерінің өзара ұқсастықты аңғаруға болады. Мысалы, бұғы­тастар да, Орталық Қазақстандағы жалпақ бағана тастарда да (тастың ең жоғарғы бөлігінде) күн, ай белгілері ұшырасады. Бұл Еуразия кеңістігіндегі көшпелі тайпалардың ортақ дүниетаным негізінде дамығандығын айғақтай түсетін жайт.       
М.П. Грязнованың айтуынша, дала­лық эпостар, аңыз-әңгімелер, батыр­лардың ерлігін жырға қосу көшпелі қоғамда екі түрлі өнердің үлгісін өмірге әкелді. Олар: зооморфты және антропоморфты. Расында, бұғы тастардан уақыт өте келе зооморфты сипаттан ақырындап антропоморфты үлгіге ауы­су процесі аңғарылады. Бұғы тас­тар кейінгі дәуірлерде марқұмның бет-пішіні, дене сұлбасы кескінделетін бәдіз тасқа ауысқанын көреміз [10].           
Бұғының тауды мекендейтін аң екен­дігі белгілі. Ежелгі түрік тайпалары тау мен алып ағашты ежелден қасиетті деп білген. Обалардың, баскиімдердің, ошақтардың (күн­нен негіз алған от культі бөлек тақы­рыптың жүгі), баспаналардың (жылжымалы күйме, киіз үй) және тағы басқалардың тау сипатты (күн бейнесімен де ұқсастық аңғарылады) болып келуінің мәнісі тауды қасиетті деп санағандығында болса керек. Тау іспетті шоқтеректің (байтерек) киеліге телінуі бекерден бекер емес. Жер асты, жер үсті, көк аспанды байланыстырушы тау және шоқтерек (алып ағаш) көк түріктер дүниетанымы бойынша құрметті орынға ие екендігі туралы қытай жылнамашылары да мол деректер жазып қалдырған. «Моңғолдың құпия шежіресінде» Шыңғыс хан бастаған топтың кезекті бір жеңістен кейін әулие ағаштың түбінде аяқтары талғанша, аяқкиімдері жерге желінгенше билегендері жазылады [11]. Бұдан бөлек, шумерлердің де, сақтардың да ескерткіштерінде киелі ағаш кескіндері өте жиі көрініс та­бады. Этнограф Қалиолла Ахметжан қару-жа­рақтардың құрылысын, ою-өрнек­терін жа­сауда «өмір ағашы» танымы қолда­ны­­латыны туралы жазады. «Бұл көне тү­сінік бойынша әлем үш бөлікті тік, төрт бөлікті көлденең құрылымдардан тұрады. Тік бағытта (вертикаль) әлем үш қабаттан: жоғары (аспан, құдіретті күштер дүниесі), ортаңғы (жер беті, адамдар, жануарлар) және төмеңгі (жер асты, жер асты тіршілік иелері) дүниелерден құралады. Көлденең бойынша әлем төрт бөлікке: дүниенің төрт тарабына бөлінеді. Бұл әлем бейнесінің тернарлық құрылымы көшпелі халықтарда өте ерте дәуірлерде пайда болған, үш бөлікті космостық моделді скиф-сақтардың мифологиясында кездестіреміз. Мифо­ло­гиялық космостың кеңістіктік-уақыт­тық моделі оның бел ортасы саналатын, үш дүниені бойлай өтетін әлемнің осі (кіндігі) арқылы бекітіледі. Көне мифтерде осы кіндік сызықты белгілейтін бірнеше рәміздер қалыптасты» [12] дейді Қ. Ахметжан. Осы символдардың негіз­гісі – «әлем ағашы», «өмір ағашы» бейнесі. Бұл ағаш әлемнің үш дүниесін, төрт тарабын жалғастырып тұрады деп түсіндірілді. Әрмен қарай Қ. Ахметжан былайша сөз қозғайды: «Әлемдік ағаш «бәйтерек» дүниенің сакальды центрінде (кіндігінде) орналасқан да, үш дүниені жалғастыра тік жоғары бағытталған. Сондықтан, дәстүрлі дүниетанымда тік бағытталған заттардың бәрі сакральды болып, әлем ағашына изоморфты (ұқсас бейне) болады да, тік тұрған заттың бәрі (өсіп тұрған ағаш, діңгек, адалбақан, бақан, адам денесі және тағы басқалар) әлем ағашының алломорфты рәміз саналды. Ағаш сапқа орнатылып тік бағытталған қару да дәстүрлі мәдениетте әлемдік ағаштың символына айналып, ол да әлемдік ағаш сияқты медиативтік функциясын атқаратын. Сондықтан, қарудың (әсіресе, айбалта, найза, күрзі сияқты ғұрыптық мәнде қолданылатын қарулардың) басындағы өрнектер – «әлем ағашы, өмір ағашы» өрнегінің түрлі варианттары. Қарудың сабы да «әлем ағашының» діңі ретінде (сап көбіне ағаштан жасалады) сол мәндес өрнекпен әшекейленген» [12]. Бұл пікірге өз тарапымыздан қосарымыз, билеушілердің және бақсылардың қолын­дағы асатаяқ та «әлем ағашының» кіші­рейтілген моделі екені түсінікті. Үш әлемге билік жүргізетін қаған да, үш әлемнің тылсымын ұғатын бақсы да аса таяқ ұстауға құқылы саналған тәрізді. Бақсылардың жын­дарды бағындыратындығын, рухтармен тілде­сетін­дігін есіңізге алыңыз. «При зачист­ке почвы вокруг могильной ямы одного из курганов рабочий-землекоп приподнял лежавшую в земле небольшую каменную плитку, и под ней сверкнули золотые горлышки какой-то посуды. Расчистив землю вокруг них, мы обнаружили, что здесь, в специально выкопанной ямке (размером 30х30 и глубиной 25 сантиметров), были поставлены на серебряном блюде четыре золотых сосуда» [13].
Л.А. Евтюхова Оңтүстік Сібірден құ­пия қоймалардың ондағы алтын ыдыс­тар табылғандығын жазады. Оның «Южная Сибирь в древности» атты еңбегінде: «Продолжая зачистку почвы по соседству с тайником, мы обнаружили ещё один тайник в такой же ямке. В нем лежало сильно помятое, согнутое пополам золотое блюдо и завёрнутые в войлок украшения поясного набора и конской сбруи из золота, бронзы и серебра. Надо сказать, что совсем рядом с последним тайником проходил грабительский подкоп в могильную яму; если бы он прошёл на 20 сантиметров левее, то мы уже не нашли бы лежавшие здесь замечательные вещи. Внимательное изучение почвы под курганной насыпью привело нас к новому открытию тайников в другом кургане, где также в стороне от могильных ям были обнаружены два тайника с ценными вещами. Открытые в тайниках вещи впервые знакомят нас с выдающимися образцами художественного производства из металла, сделанными руками местных кыргызских мастеров. Рассмотрим эти находки. В первом тайнике, как сказано выше, мы нашли четыре золотых сосуда. Один из них в форме узкогорлой бутылки с крышкой, весом 593 грамма, имеет одинаковую форму с глиняными сосудами, найденными прежде в других кыргызских чаатасах. Этот сосуд особенно ценен тем, что на дне имеет процарапанную древнетюркскую надпись на орхоно-енисейском алфавите. Она и следующая за ней прочитаны С.В. Киселёвым и в переводе означают: «Бэгское серебро мы дали». На другом золотом гладком сосуде в форме кувшинчика местного производства есть такая же надпись, гласящая: «Золото… дар Ача». Обе эти надписи чрезвычайно интересны, так как вскрывают данническое, зависимое положение народа от аристократии» [13] делінген. Келтірілген мысалдан оқып отырғанымыздай, алтын ыдыстардағы жазулар бұл «құпиялы» қорғандардың абыздарға тиесілі ғұрыптық кешендерге келетіндігін аңғару қиын емес. Ыдыстағы жазулар да осыған меңзейді.
Өткендегі Түрік қағандығының ғұ­рып­тық кешендерінен жерлеу орындары табылмады. Осыдан қағандық орталығының өзге аймақтардан дара сипаты аңғарылады. Алтай, Енесей, Талас ескерткіштерінде мұндай бірізділік байқала бермейді. Сақ, ғұн дәуі­ріндегідей ғұрыптық кешен мен жерлеу орны кейде бір жерде тоғысса, марқұмның кей жерлерде еске алу орны бөлек салынып, жерлеу нысаны бөлек әзірленетін тәрізді. Мәйітті өртеу ғұрпы жиі қолданылған, сондықтан, ғұрыптық кешендерден адам сүйегі табылмады деген көзқарастағы ғалымдар тобы бар екені жасырын емес. Ғұрыптық кешендердегі ең маңызды ескерткіштің бірі – бәдіз тас. Сақтарда да марқұмның бейнесін мүсін етіп қашау дәстүрі болған. Бірақ, бұл өте сирек кездеседі (Жетісу обаларынан бар-жоғы үш мүсінтас табылған). Есесіне, ғұндар мен сарматтардың ескерткішінен мүсінтастарды жиі ұшы­ратуға болады. Қоладан, алтыннан құйылған көсемдердің, абыздардың бас мүсіндері туралы тарихи деректер мен нақты артифактілер де жеткілікті дәрежеде табылып жатыр. Бәдіз тастар қазақ даласына Ислам діні келгенге дейін орнатылған. Кейін діни танымның кейбір өзгерістеріне байла­нысты бәдіз тас­тардың орнына құл­пы­тастар тұрғы­зыла бастайды. Тү­рік қағандығы тұсында мүсінтас қою дәстүрі кемелденген деңгейге көтерілді. Сақ обалары кейде шеңберленіп, кейде төртбұрыш формасында жалпақ тас­тармен қоршалып отырды. Тіпті, бағана тастармен қоршалған да обалар бар. Түрік қағандығы кезеңіне тиесілі ғұрыптық кешендерден шарбақтастардың көркем үлгілерімен ұшырасамыз. Тау шатқал­да­рындағы халыққа белгілі ежелгі таң­­балар, суретті әңгімелер, көне жазу­лар, сақ, ғұн обаларындағы сирек те болса, табылып жатқан көне жазулар – жазу, жазбаша ақпарат беру тарихымызды тереңдете түсері анық. Түрік қағандығы кезінде бітік тастарға тұтастай жыр-дастандардың таң­балануы кездейсоқ болмаса керек. Мың­жылдықтар бойы қалыптасқан жазу дәс­түрінің бірегейленген үлгісін Білге қаған, Күлтегін, Тонықұқ эпикалық жырларынан да айқын көреміз. Бір ғажабы, осы күні де байырғы түрік бабаларымыз тәрізді марқұмға жоқтау айту, ескерткіш қою, ас беру дәстүрі жалғасын тауып келеді. Күл­тегін жырларын бір жағынан бітік тастағы жоқтауға балауға болады. Ауызша айтпады демесеңіз, мұнда да оғланның ерлігі, игі істері әңгімеге арқау етілген. Анадолы түріктерінде қайтыс болған адам­ға «топырағы мол болсын!» деген ті­лек айтылады екен. Сақ қорғандары да мейлінше биік етіп (тау үлгісінде) көте­ріледі. Неғұрлым топырағы биік болса, марқұмның о дүниедегі мәртебесі жоғары, мерейі үстем болады деген наным түрік ағайындарда сақталыпты. Ал, алғашқы алтын адамды табуға мол үлес қосқан  археолог Бекмахамбет Нұр­мұхамедов сақ қор­ғандарының биік­тігіне орай әулеттің де беделі, мәртебесі айқындалады деп есептейді. Жыл сайын марқұм басында ас беріліп, топырақпен оба көтеріліп отырған. Әр жылы сақ оба­сының беті бір қабат топырақ үйіліп, беті түрлі тастармен көмкеріліп, жабылып шы­ғады. Есік қорғанындағы алтын адам алты метр биік обадан табыл­ғандығын айта кеткен жөн [14]. Біздіңше, сақ қорғаны кезіндегі обалардың қызметі түрік қа­ғандығы кезінде балбал тастармен (тас бағана) ауыстырылды. Тас баға­налар қағанның әлеуметтік дәре­жесін ғана емес, ел алдындағы абы­ройы­нан хабар бе­реді. Әрбір ру-тайпа көсемі балбал тастар орнатып, дүниеден қайтқан қағанға өз ықыластарын білдіріп, құрметтерін көр­сеткен деген болжам жасаймыз. Балбал тастарды орнатуға байланысты ғалымдар ұстанымының сан тарапқа тартқан пікір қайшылықтарына қарамастан (соғыста өлті­рілген жаудың саны, ат байлайтын бағаналар және тағы басқа болжамдар), қола дәуірі, сақ, ғұн обаларымен жүргі­зілген салыстыру нәтижесі бізді осындай ойға тоқтауға итермелейді. 

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Маргулан А.Х. Сочинения в 14 томах. Т.3. Петроглифы Сарыарки. Гравюры с изображением вольчего тотема. Т.4. Каменные изваяние Улытау. /Сост. Д.А. Маргулан, Д. Маргулан /. Алматы. 2003.-50с. + вкл 246 с.    
2. Марғұлан Ә.Х.  Ұлытау төңірегіндегі тасмүсіндер // Ежелгі мәдениет куәлары. – Алматы, 1966. – 8-52 бб.
3. Маргулан А.Х. Бегазы-дандыбаевская культура Центрального Казахстана. – Алматы, «Наука», 1979. – 360 с.
4. Самашев З. Петроглифы Казахстана. – Алматы, «Өнер», 2006. – 196 б.
5. Самашев З., Базылхан Н., Самашев С. Көне түрік таңбалары. Древнетюркские тамги. – Алматы: Abdi company, 2010.  – 167 б. 
6. Сейдімбек А. Қазақ әлемі. Этно-мәдени пайымдау: оқу құралы. –Алматы, «Санат», 1997. – 464 б. 
7. Төлеубаев Ә. Қазақстан археологиясының қола және ерте темір дәуірі мәселелері. I том. – Алматы, «Service Press», 2013. – 99-123 бб.
8. Қазақ бақсы балгерлері. Құрастырғандар: Дәуренбеков Ж., Тұрсынов Е. – Алматы, «Ана тілі», 1993.  – 20-53 бб. 
9. Самашев З., Базылхан Н., Баяр Д.  Древнетюркские каменные извания Евразийских степей // Мәдени мұра. Культурное наследие. № 1 (22) қаңтар-наурыз. 2009. –Астана.  – С. 30-39. 
10. Қазақ даласының көшпенділері: Еуразиядағы скиф-сақ дәуіріндегі этноәлеуметтік-мәдени үрдістер мен қарым-қатынаста халықаралық ғылыми конференциясының материалдары. – Астана, Президенттік мәдениет орталығы, 2008. – 134-146 бб.
11. Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері. I том. Моңғолдың құпия шежіресі. –  Алматы, «Дайк-Пресс», 2006. – 104-111 бб.
12. Ахметжан Қ. Қазақтың дәстүрлі қару-жарақ этнографиясы. Алматы, «Алматыкітап», 2006. 56-60 бб.
13. Евтюхова Л.А. Каменные изваяние Южной Сибири и Монголии // Материалы и исследования по археологии СССР. – М.,1952. №24. – 71-120 сс.
Акишев А.К. Искусство и мифология саков. – Алматы, «Наука», 1984. – 176 c

Алдыңғы «
Келесі »