Олжас Сүлейменов Қазақстанның заманауи тарихы хақында

  • 19.04.2012
  • 1017 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Дастан Сәтбай,
тарих ғылымдарының докторы

Белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов тарихи көзқарастарының бөлігін оның Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихына қатысты пікірлерінің кешені құрайды. 60-шы жылдардың басында Отандық тарихтың негізінен көне және орта ғасырлары кезеңін зерттеуге жүйелі түрде ден қойған ақын аракідік, жол-жөнекей Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихының негізгі оқиғалары мен кезеңдеріне қатысты пікірлерін білдіріп отырды. Бұл оның алғашқы өлеңдері мен өткір публицистикалық мақалаларында бейнеленді. Олар негізінен ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ халқының жалпы тарихи тағдырына, мәдениеті, өнері мен әдебиетіне, қазақ зиялыларының қоғамдағы орнына, ұжымдастыру, репрессия жылдарына, Ұлы Отан соғысы мен тың және тыңайған жерлерді игеру науқандарына, тоқырау жылдарына, респуб­лика мен КСРО басшыларының жекелеген тұлғаларының қызметін бағалауға, Қазақстанның қазіргі заман тарихын кезеңдерге бөлу, желтоқсан оқиғасына және посткеңестік Қазақстан тарихына қатысты болды.
О. Сүлейменовтің Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихына деген көзқарастарының негіздеріне үңілу, Қазақстанның ХХІ ғасырдағы тарихи тағдырына, әлеуметтік-экономикалық, саяси бағыт-бағдарын бажайлауға жәрдемдесері хақ. Барлық мамандарды қанағаттандырып отырған сапалы жазылған жаңа Қазақстан тарихы оқулығына зәрулік те кәсіпқой тарихшылар тарапынан О. Сүлейменовтің тарихи тұжырымдамаларына деген қызығушылықты арттыратыны сөзсіз.
О. Сүлейменовтің ХІХ-ХХ ғасырлардағы Қазақстан тарихына көзқарасына тән нәрсе – эмоциональдық көзқарастардан жоғары тұрып, барынша объективтілікке ұмтылатындығы. Оған тарихи ризашылық пен шаттану немесе қайғырып, салы суға кету сезімдері жат. А. Пушкин тілімен айтқанда, «уайымы да нұрлы». «Менің Шоқаным» атты шағын мақаласының өзі қазақ халқының тарихындағы аса күрделі кезеңді кешенді түрде ұғынуға септігін тигізер еді. «ХІХ ғасырда халық бөтен отбасындағы өгей ұл болды. Халықтың ұлдары деп атауға лайықсыз оның ақсақалдары, қымбат тарихи уақытын сұлтандық немесе болыстық қызметтер алу үшін өзара қағазбасты ұрыс-керістермен өткізумен болды. Жазғыш немесе урядник, тым құрығанда, салық жинаушы болғысы келді. Жас Шоқан «сауаттылық далаға өсек-аяңды көбейту үшін келді» деп жазған еді. Далада жаулар еш уақытта осыншалықты көп болған емес және олардың саны хат таныған әрбір жаңа орташаның есебінен де көбейіп отырды. Патша өкіметі ақша төлеп отырған округтегі жалғыз қызметті алу құқына ие болу үшін жүздеген және мыңдаған адамдардан олар да қалысқысы келмеді. Халықтан жоғары көтеріліп, асып-тасыдым деп есептеген бұл адамсымақтар өздерінің адамгершілік және ұлттық борыштарын ұмытып, өздерінің арын сатты, халықтың ар-намысын саудаға салды. Отанымыздың басына түскен қайғы-қасіретке солар кінәлі. Қағазбасты ұрыс-керістер ас­тын­да қорқынышты істер жүріп жатты: Шоқанның, Абайдың, Сәкеннің, Ілиястың, Бейімбеттің… ажалдарына солар кінәлі» [1].
Отаршылдықтың Далаға үлкен қасірет алып келгені рас, бірақ отаршылдармен ауызжаласқан жергілікті мансапқорлардан халықтың көрмеген қорлығы да аз емес. Ұлттық дертке айналған бұл құбылысты О. Сүлейменов қазақ үшін көкейтесті етеді. «Мен академиямыз шығарған «ХІХ ғасырдағы Қазақстан тарихы құжаттарда» атты екі томдықты қарап шыққан едім. Мұрағаттан үлкенді-кішілі Дала билеушілерінің бірінің үстінен бірі жазған мыңдаған арыз-шағымдардан, өсек-аяңдарынан, жапқан жалаларынан басқа құжаттар табылмады. Бұл жолдан өтпей Шоқан сұлтан бола алмайтын еді. Егер сұлтан болған жағдайда Шоқан бола алмайтын еді. Сөйтіп ол ондай мүмкіндіктен бас тартты. Ол оның жауларының бірі сипаттағанындай «Аса таза және аса адал адам» болып қалды. Ол болашақтың адамы еді – өткенде өмір сүрді [1]. Алайда, жаңа тарихи жағдайды түсінуге келгенде ақынға барынша объективтілік тән, отаршылдықтың бұғау болуымен қатар, оның ғасырлар бойғы тарихи томағатұйықтықты жеңу кезеңі болғанын да есте ұстайды. «ХІХ ғасырда Ресейдің отары болдық. ХХ ғасырда біз бірге бақытсыздыққа ұшырадық, жеңіске де жеттік, тізерлеп бүгіліп қайта тұрдық, сөйтіп тәуелсіздікті де Ресейдің қолынан алдық. Мұны есте ұстауға тырысуымыз керек. Біз метрополия ретінде Ресейсіз – күнімізді көре аламыз. Ресейде отары ретінде – бізсіз күнін көре алады. Бірақ болашақта тарихи өзара тәуелділіктің тірі тамырларымен байланысып қалған егеменді мемлекеттер ретінде біз бір бірімізсіз өмір сүре алмаймыз» [2, 112-113 б.]. О. Сүлейменовтің ойынша, Ресей мен Қазақстанды өткен тарихи отаршылдық кезең қарсылас емес, табиғи одақтас етуі тиіс. «Пушкалар мен Пушкиндердің келгені де шындық» [3, 164 б.].
1917 жылғы Қазан төңкерісінен бастау алған кеңестік тарихтың мәнін, болмыс-бітімін, қайшылықтарын түсінуде де О. Сүлейменовтің қысқа да нұсқа пікірлері кәсіпқой тарихшыларды бей-жай қалдырмасы анық. «Романтикалық арман – монархияның қираған құландыларында бір дегеннен принциптік жағынан мүлдем жаңа пролетарлық, шынайы адами, халықтық мемлекеттік бірлестік құру жүзеге аспай қалды. Бюрократиялық құрылым бұрынғыдан алынған болып шықты. Тіпті, ескі чиновниктік институттардың жаңа атаулары да құтқармады. Ақыр соңында сөз жамылғылар ұшып кетіп, халық комиссарлары қайтадан министрлер деп атала бастады. «Алтын погондар», «Генералдар», «Генералиссимустар» да қайтып оралды. Одақтас республикалардың Сталиндік схемасының «біртұтас» және «бөлінбейтін» дейтін сызбалармен сәйкес келуі кездейсоқ емес» [4].
О. Сүлейменовтің ойынша, 1917 жылғы оқиғалар тапты тапқа қарсы қойып, қанды қырғынға жол берген – әлеуметтік революция. Орыс социалистерін революцияның мұраттарынан тайдырған пендешілік билік үшін күрес болды. Орыс большевиктері марксистік ұрандарды сөз жүзінде басшы­лыққа алғанымен, іс жүзінде одан мүлде алыс еді. Революция жылдарын 1917-1921 жылдардың хронологиялық шеңберімен шек­теп қоюға болмайды. Ол тоқтаусыз жүр­гі­зілген эксперимент болды. Түптің түбінде большевиктер шығыстық үлгідегі жаңа феодалдық мемлекет құрды. В.И. Ленин «марксизм догма емес, іске басшылық» дегеніне қарамастан, ілім догмаландырылды. «Билік көксеушілік Ресей социалистерін қоғам дамуының объективті заңдарын елемей, енді ғана капитализмге аяқ басқан Ресейді басқаша атауға болмайтын жаңа үлгідегі феодалдық даму жолына түсірді, – дейді О. Сүлейменов. – Сталин күшті феодалдық мемлекет құрды. Орта ғасырлардағы Шынғысхан мен Тимурдың астам державаларынан оның айырмашылығы неде? Тек терминдерінде, ұйымдық зымияндығында, мимикриясында. … Ғылыми социализм утопия емес. Маркстің теориясы осы ғылымның басы ғана. Ол өзінің дамуында тоқтап қалды. Оның жекеленген көрегендік қағидалары кемелденген капитализм елдерінде жүзеге асырылуда» [5, 22-23 б.].
О. Сүлейменовтің кеңестік тоталитарлық жүйенің орнығуына қатысты пікірлері де осы бір құбылыстың мазмұнын ашуға жәрдемдесе алады. Әдетте, тарихшылар кеңестік тоталитарлық жүйенің табиғатына талдау жасағанда, субъективтілік факторларға баса назар аударып, оны тудырған сыртқы геосаяси факторларға жеткілікті мән бермейді. Герман фашизмін тудырушы факторлардың бірі ретінде 1929 жылы АҚШ-тан басталған әлемдік экономикалық дағдарыс дұрыс аталып өтеді де, оның КСРО-ға қатысты салдарларына үстірт қарайды. О. Сүлейменовтің ойынша, әлемдік экономикалық дағдарыстың КСРО-ға да нақты теріс ықпалы болды. Дағдарыс «ол кезде алып цунамидың толқындарындай бүкіл әлемді шарпыды. Америкадан қарқын алған екпін, Еуропа мен Азияны шайып өтті. Не себептен біздің тарихшылар 30-шы жылдардағы КСРО-дағы апатты тасқынды сол әлемдік бақытсыздықпен байланыстырмайды? Сол жылдардағы аштық пен жоқшылық билікке фашистік тәртіптерді алып келді және нығайтты. Тарыққан бұқара Гитлердің де, Сталиннің де репрессиялық биліктерін қолдады» [6, 22 б.].
Қазақ халқының басына төнген аштық мәселесіне келгенде де, О. Сүлейме­нов тек Сталиндік саясатты әшкерелеумен шек­тел­мей, оның терең тарихи әлеуметтік-экономикалық себептеріне назар аударды. ХІХ ғасырдан бастау алған дәстүрлі экстенсивті мал шаруашылығының созылмалы дағдарысы ХХ ғасырдың бірінші жартысында шырқау шыңына жетті. «1929 жылғы энциклопедиялық анықтамалардың куәландыратынындай, Кеңес Одағындағы қазақтар 6 миллион 200 мың болған. Елдегі ең ірі түркі тілдес халық! Салыстыру үшін: өзбектер ол кезде 4 миллионға жуық болды. Қорқынышты аштық неліктен өзбектерді айналып өтті? Өйткені олар бұрыннан, тіпті көшпелі болып жүріп те мал шаруашылығымен қатар, егіншілікпен белсенді түрде айналысты. Жартылай көшпелі экстенсивті мал шаруашылығы ХХ ғасырда экономикалық жағынан тиімсіз болып қана қойған жоқ, сондай-ақ ұлттық апатты өндіріс тәсілі болып шықты. Сталиннің адал нөкерлері жүргізген саясатты әшкерелеумен шектелмей, біздің 30-шы жылдардағы аштық қасіретінен алуға тиісті сабақтарымыздың бірі осы. Бірақ біздің ғалымдар да, саясатшылар да сабақты ұғынған жоқ. Экстенсивті мал шаруашылығы өндірістің жетекші ұлттық саласы болып қала берді, әлі күнге дейін солай болып отыр… Мен үшін бір нәрсе анық – ұлт тек бір ғана малшылар мен қызметшілерден тұра алмайды», – дейді О. Сүлейменов [7].
О. Сүлейменовтің Кеңес Одағындағы 1937 жылғы репрессия тарихына қатысты көзқарастары да назар аударуды талап етеді. Қызыл Армияның ұлттық бөлімдерін таратудан басталғанына баса назар аудара келе, ақын: «1936 жылы ұлттық бөлімдер таратылды. Менің әкем қызмет еткен атты әскер полкы барлық сержанттары мен офицерлерінен айырылды. Соғыста емес, 1936 жылдың аяғында. Біреулер түрмеге отырғызылды, енді біреулері атылды. Осылайша республикалардағы 37 жыл дайындалды. Тарихтың бұл беттерін біз біле бермейміз. Бізде бірде-бір ғылыми немесе көркемдік-зерттеу жұмыстары жоқ» [2, 329-330 б.], – деп тұңғыш қазақ атты әскерінің тағдырына қатысты мәселеге аялдай кетеді. О. Сүлейменовтің ұғымында халықтың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қасіретін қуғын-сүргін науқанынан бөліп алуға болмайды. Бұл – бір тізбектегі қасіреттер. Ақын, Қазақстандағы Кеңестік Сталиндік кезеңнің қызметін сараптай келе, халықты тұлғалық қасиетінен айырып, әлеуметтік-психологиялық жағынан біржолата тұралатқан Сталиндік үш соққыны айрықша атап көрсетеді. Біріншісі, ұжымдастыру және ол тудырған аштық. Бұдан кеңес халықтарының ішінен айрықша жапа шеккен украиндықтар мен қазақтар. «Аштық – халықты бұзады» – бұрыннан белгілі мақал. Аштық – этностың сандық қана емес, сапалық дамуына әсер етеді. Моральдық-адамгершілік мінездемесіне де. Дауылдай ұйытқып шиеленіскен, қалай да тірі қалу инстинкті ғасырлар бойы тәрбиелеген тұлғалық қасиеттерді – ар, ұят, қайғыға ортақтасу, ізгі сезімдерді өртеп, аяқ асты етеді… Нақ осы қасиеттер адамдарды хайуандардан ерекшелендіреді. Олардың жетіспеушілігі ұжымдастырудан кейінгі қуғын-сүргін жылдарында айқын сезілді» [8]. Екінші соққы Сталиндік репрессия болды. Бұл жылдары О. Сүлейменовтің ойынша, кеңестік республикалардағы билік пен зиялылардың сұрқай топтары өз халқының дарынды өкілдеріне қарсы соғысты бастады, негізгі себебі – көре алмаушылық пен қызғаныш. «1936-1937, 1938 жылдары дарынсыздардың қызғанышы әрбір кеңестік этностардың шығармашылық әлеуетін өшіріп жатты. Мәскеуде де, Алматыда да, Тбилисиде де ғалымдар, жазушылар, чиновниктер босаған пәтерді алу үшін әріптестерінің үстінен арыз жазып отырды» [8]. Үшінші соққы, ақынның ойынша, Сталин арандатқан соғыс болды. 1937 жыл болмағанда, 1941 жыл да болмас еді. Сталин «1938 жылы генералдардың қастандығынан қорқып, Қызыл Армияның бүкіл басшы құрамын рота командирлеріне дейін құртып жіберді. Оның жаңадан болған командирлері – кешегі лейтенанттар мен капитандар – соғыстың алғашқы екі айында бес миллион солдаттың өлгені бар, тұтқынға түскені бар, төрт миллионынан айырылды. Тек күзгі лайсаң, жолсыздық, ал сонан соң, бұрын-соңды болмаған қардың жаууы мен генерал «Аяз» немістердің Мәскеуге жылжуын кідіртті. Бұл жаппай мобилизациялау жолымен асығыс жиналған, үйретілмеген миллиондарды майданға айдап кууға мүмкіндік берді. Бүкіл әлеммен бірнеше құрлықтарда соғысқан Гитлер бейбіт тұрғындарын қосқанда, 8 миллион, Сталин 27 миллион, Жуков естеліктерінде айтқандай 35 миллион адамнан айырылды» [8]. Бұдан әрі қарай Сталиннің саяси технологиясының адам шығынына есептелгенін еске сала отырып, О. Сүлейменов салыстыру үшін Қазақстан шығынының 350 мың адам болғанын, ал соған сәйкес, АҚШ шығынының 150 мың, ал Англия шығынының 200 мыңды құрағанын алға тартады. Ақынның ойынша, «осы үш ұлттық апат біздің жалпыкеңестік тарихымыздың сталиндік кезеңінің толық сипаттамасы. Осы апаттарды ғылыми, мемлекеттік және көркемдік тұрғыда ұғынбайынша болашақ қауіпсіздігімізді ақылға сай етіп жоспарлау мүмкін емес» [8].
О. Сүлейменов – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстанның жеңіске қосқан үлесін нақтылау мәселесіне келгенде де мұқияттылық танытады. Жауға атылған он оқтың тоғызы Қазақстанда дайындалды деген дәйекті кезінде Д. Қонаевтың баяндамасына енгізген О. Сүлейменов екенін басқа тұрмақ, тарихшылар да біле бермейді. «Жеңіс мүшел тойларының бірінде, мен Д. Қонаев үшін баяндама дайындауға қатысқан едім. Көптеген ғылыми әдебиеттерді оқып шықтым. Қазақстан соғыс жылдарында оқ-дәрілер жасалатын – қорғасын, мыс, цинк және басқа түсті металдардың бүкілодақтық көлемінің 97 пайызын өндірген екен. Металлдар, хром, марганец және басқалар туралы айтпағанның өзінде. Баяндамада айтылған: «Жауға атылған он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалынды» деген формула сол кезде дүниеге келді» [9].
О. Сүлейменовтің ойынша, соғыс жылдарында қазақ халқының ұлттық мінез желісі де ерлік пен гуманизмнің биік талаптарына жауап беріп, үлкен сыннан лайықты өтті. «Қазақстанға бірде бір фашистік бомба түскен жоқ… Бірақ сан жағынан шағын қазақ халқы Ұлы Отан соғысы майдандарында Англия мен Американың адамдарын қоса есептегенде, оларға қарағанда, көп шығынға ұшырады. Басқа түскен қасірет дәрежесі біздің халқымызға тән қайғыға ортақтасу сезімінің кемелдігін айқындайды» [10, 20 б.]. Кәсіптік тарихшылар мен саясаткерлер тарапынан барлық уақыттарда және әлі күнге дейін Кеңес халқының Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске деген баға біркелкі болған емес. О. Сүлейменовтің берген бағасына объективтілік пен орнықтылық тән болып, Ұлы Жеңістің мемлекеттен гөрі, халықтың сипатын аша түсуге септігін тигізері хақ. «45 жылғы Жеңіс – бұл Пиррдің жеңісі болды. Жиырма жеті, кейбір мәліметтер бойынша отыз бес миллион адам құрбан болды. Қазан төңкерісінен кейін Кеңес Одағында 60 миллионға жуық адам өз ажалынан өлген жоқ. Лагерьде оққа ұшты, аштан өлді. Осындай момақан да көпкөнбіс халқы болған Сталиннің жолы болды. Бірақ халқының көсемдерге жолы болмады» [10, 330 б.].
О. Сүлейменов кеңес басшылығы тарапынан жүргізілген Қазақстандағы аграрлық-экстремистік тың және тыңайған жерлерді игеру саясатының жергілікті халық үшін зиянды салдарларын да атап көрсетеді. «1954 жылдан бастап Ресейден, Украина мен Беларуссиядан келген еріктілер Орталық және солтүстік Қазақстандағы жайылым жерлерді жыртып тас­тады. Мал шаруашылығы – жерді егіншілікке пайдалануға болмайтын жартылай шөлейтті және шөлді аймақтарға ығыстырылды. Осылайша, ондаған экологиялық апатқа ұшыраған, мәдени артта қалған, тек қана қазақтар тұратын аудандар пайда болды» [7]. Ақынның ойынша, ұлттар да адамдар сияқты бір-бірінің қасіретіне ортақтаса білуі керек. Қазақстандық орыстар, украиндер, немістер мен ұйғырлар және т.б. халықтар өздерінің қазақ бауырларының қайғысын жүректеріне жақын қабылдаса, қазақтар тарапынан да үлкен жылылыққа ие болып, жалпы жағдайды түзеуге көмектеседі. Сондай-ақ мемлекет те қарап қалмауы тиіс.
Соғыстан кейінгі жылдардағы кеңес тарихын шартты түрде: – «кейінгі сталинизм» – «жылымық» – «тоқырау» жылдары кезеңдеріне бөлу схемасы да О. Сүлейменовтің ой-толғамдарына сәйкес келмейді. «Мен еліміздің тарихын екі кезеңге бөлемін,- дейді О. Сүлейменов. – Біріншісі, 1953 жылға дейінгі лениндік-сталиндік кезең. 1956 жылдан бастап баяу да болса қайта өрлеу кезеңі басталды, ол біркелкі емес, іркілістер үзілістермен жүрді, бірақ жүрді. Елмен бірге халық та есін жинады. Әдебиеттегі біздің ұрпақ өздерінің шығармашылық міндеттерін, елін қайта өрлеу бағытында ілгерілетуден, ар-намысын қайтарып беруден көрген алғашқы ұрпақ еді» [11]. Көріп отырғанымыздай, О. Сүлейменов кеңес елінің тарихын шағын кезеңдерге бөлмей, ең негізгі екі эволюциялық дәуірін алып отыр. Екінші кезең – 1953 жылдан 1985 жылға дейінгі аралықты қамтиды, сондықтан ақынның кеңестік Қазақстанның «тоқырау жылдары» дейтін кезеңіне күрделі көзқарастары тарихшылар тарапынан да байыпты зерттеу нысаны болуы тиіс. Өйткені, қазіргі Қазақстан ғана емес, Ресей тарихшыларының бұл құбылысқа беріп отырған бағаларынан, О. Сүлейменовтің беріп отырған бағасы және кезеңдерге бөлу мерзімдері принциптік жағынан ерекшеленеді. «Бұл құбылыс Ресейдің кейбір аймақтарында, әсіресе, өңдеуші аймақтарында байқалған шығар, бірақ өндіруші Қазақстан Республикасында тоқырау болған жоқ. 60-70 жылдар – Республика агро-өнеркәсібінің қарқынды дамыған уақыты, шахталар, тың, кен орындары мен зауыттар бүкіл Кеңес Одағына жететін қуатпен жұмыс істеді. Қазақстанда тоқырау тек 1985 жылдан кейін басталып, нәтижесінде көптеген өндіріс орындарының іс жүзінде тоқтауына алып келді» [12].
Бұдан әрі қарай О. Сүлейменов «тоқырау жылдарына» деген тұжырымдамаларын тағы да нақтылай түседі де, кеңес жүйесінің басқару практикасына басқа қырынан келіп, оның кеселді табиғатын, пайдаланылмай қалған мүмкіншіліктеріне, субъективтілік факторларға, күрделі микро адами элементтерге назар аударды. «Мен үшін және әріптестерім үшін 60-шы, 70-ші жылдар шығармашылық жылдар болды. Бұл ондаған жылдық соғыстар мен сталиндік зорлық-зомбылықтардан кейінгі елдің қайта өрлеу уақыты еді. Егер партия – басшылардың алмасып отыруы заңдылығына күш салғанда, қайта өрлеу жалғасқан болар еді. Елді құртқан өмірлік билік құру институты. Бес жыл – бұл табиғи цикл. Бес «санының» ежелгі замандардан құдайландырыла бастауы кездейсоқ емес. Адам да бес саусақты… Тарихымызды бес жылдықтарға бөлгенімізбен, біз бұл заңдылықты бұздық. Сталин билігінің алғашқы бес жылдығы шығармашылықты болды. Жұмысшы табының салтанат құруы үшін шаруаларды, зиялыларды жою жылдары кейін басталды. Алайда, қоғамдағы таптардың өзара тәуелсіздігі заңын бұзғаннан гегемон ұтты ма? Хрущевтің алғашқы бесжылдығы қайта өрлеудің басы. Одан әрі – ядролық жарылыс, келесі жаһандық сынақтар. Л.И. Брежневтің алғашқы бесжылдығы КСРО тарихындағы ұлттық жалпы өнімнің ең жоғарғы көрсеткіші. Онан әрі қарай тоқтаусыз төмендеу болып, моральдік қаусауға дейін жетті. Андропов пен Черненконың пешенесіне табиғат ана бесжылдықтарды жазбады да» [13]. Ақынның ойынша, «тоқырау жылдарында» ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп дамуының баяулағанына қарамастан, Қазақстан Одақ көлемінде өзінің орнын нық сақтап тұрды, сонымен қатар, мәдени құрылыста үлкен табыстарға қол жетті. «Екі он жыл /60-шы жылдардың басы – 80-ші жылдардың басы/ біздің тарихымызға көп ұлтты кеңес мәдениетінің қайта өрлеген кезеңі ретінде кіреді. Бұл «мәуелі» жылдарда… Өнер мен ғылымның барлық салаларында қаншалықты таланттар шықты десеңізші» [14, 16 б.].
О. Сүлейменов кеңес басшылары Н.С. Хрущев пен Л.И. Брежнев қызметтеріне берген бағаларында да сырт көзге байқала қоймайтын жәйттерге назар аударады. Қазіргі тарих ғылымы мен қоғамдық пікірде 1964 жылдың қазан айында Н.С. Хрущевтің орнынан алынуын Л.И. Брежнев пен М.А. Сусловтың және т.б залым­дық қастандығының нәтижесі ретінде ғана қарастырады. Бұл логика бойынша, Брежнев қасқой қаскүнем, ал Хрущев оның құрбаны. Бар болғаны осы. О. Сүлейменовтің ойынша, Хрущевтің орнынан алынуы әлемді ядролық соғыстан аман алып қалды. Өйткені, тарих көрсеткеніндей, тоталитарлық елдерде көптеген тағдырлы шешімдер жоғарғы билік иесінің жеке көңіл күйіне байланысты қабылданатын. Мұны бүгінде кішкентай солтүстік Корея көрсетіп отыр. Кеңес басшысы Н.С. Хрущев психологиялық жағынан ұстамсыз болып, оның болжауға болмайтын мінезі жаңа ядролық соғысқа ұрындыруы мүмкін еді. Ақынның пікірінше, келесі сондай дағдарысты Н.С. Хрущев психологиялық жағынан көтере алмас еді. «Хрущев ондай тест-сынақтан өте алмас еді. Ол білімі таяз және шамданғыш адам болды, – дейді О. Сүлейменов. – Мен, Хрущевтің шығармашылық зиялылармен болған екі кездесуінде де болдым. 1962 жылдың 17 желтоқсанында және 1963 жылдың наурыз айының басында. Оны іс-жүзінде көрдім – аса көрнекті жазушылар және суретшілермен қалай сөйлескенін. Ол оларға айқай салып, үстелді ұрғылады. Еліктеу үлгісі ретінде фамилиясы Махиня есімді шахтердің өлеңдерін келтірді. Ол физиктерді сутегі бомбасының күшін көптеген есе арттыруға мәжбүрледі. Жаңа жер үстінде, атмосферада жасалған сынақ жарылыстар батыс әлемінің ғана емес, бұл «бұйымның» кеңестік авторларының да зәре құтын қашырды. Мұндай сынақтар – адамзатқа қарсы бағытталған атомдық соғыстың актілері болғаны барлығына да айқын болды. Сынақтарды жалғастыра бергеннің өзі жеткілікті еді. Сөйтіп, жердегі тіршілікті де тоқтатуға болатын» [15].
Атақты ғалымдар А.Д. Сахаров, И.В. Курчатовтың ядролық сынақтардың зардаптары туралы өте сақтықпен айтқан ойларының өзі Н.С. Хрущевтің зығырданын қайнатты. А.Д. Сахаровтың ядролық сынақты тоқтату туралы ұсынысын Н.С. Хрущевке білдіргенде, кеңес билеушісі: «Ең оң саясат – күш қолданумен жүргізілген саясат. Егер, Сахаровтың айтқанын тыңдай берсем, онда мен нағыз «аңқау» болған болар едім» [16, 178 б.] – деп дүрсе қоя берді. Хрущев – бұдан да күшті соғыс құралдарын дайындауға үстін-үстін тапсырмалар берумен болды. О. Сүлейменовтің пікірінше, егер Рой Медведев деңгейіндегі тарихшы болса, осы тұстағы Л. Брежнев пен оның «тобының» ұнамды қызметін көруге болар еді. «Байбаламға берілген» Хрущевты сабасына түсіруде бұл «топ» – тосқауыл механизмі болды. 1963 жылғы кезекті кеңестік сынақтан кейін, әлемнің барлық ғалым физиктері БҰҰ-на хат жазып, жер үстінде, ауада және су астында ядролық сынақтарды тоқтатып, ондай соғыстарды жер астында кем дегенде жүз метр тереңдікте ғана, шектеп жүргізуді талап етті. «Батыс бірден қол қойды. «Топтың» Жоғарғы Кеңес Президиумының төрағасы ретінде Брежневтің КСРО-ның атынан өзінің қолын қоюға Хрущевті көндіргеніне сенімдімін» [15] – дейді О. Сүлейменов.
Н.С. Хрущевтің валюнтаризмінен Кеңес елі ғана емес, бүкіл әлем зардап шекті. «Салқын соғыстың» ауыр салмақтарын Қазақстан халқы өз иығымен көтерді. Ядролық сынақтар Семей полигонында ғана емес, республиканың он бір елді мекенінде, – көпшілігі Батыс аймақтарында жүргізілді. Әдетте, мамандар Арал теңізінің құрғауы жөнінде ұзақ-сонар құрғақ ғылыми-экономикалық талдамалармен әуестеніп кетеді. О. Сүлейменов Арал теңізі «Салқын соғыстың» құрбаны», – деп бірден қысқа қайырады: «1962 жылы оған үкім шығарып қойған Хрущев еді. Қайсысының ядролық арсеналы күштірек және жеткізу құралдары алысырақ ұшса, КСРО-АҚШ текетіресінде басымдыққа сол ие болатын. Ядролық жарысты күшейту және құрғақ зымыран отыны үшін қажетті шикізат – мақта өндірісінің деңгейін күрт өсіру талап етілді. Әскери доктринаның осы бір екі міндетінің екі ұшы да Қазақстанға соққы болып тиді. Хрущев – мақтаны Өзбекстанда егілетін, бір-ақ дақыл етті. Сөйтіп, бұл республикаға мақта егістігі үшін Шымкент облысының бірнеше оңтүстік аудандарын жомарттықпен беріп жіберді. Стратегиялық бірдақылды – сумен қамтамасыз ету үшін, Сырдария мен Амударияның сулары ағатын бірнеше жаңа су қоймаларын салу жоспарланды. Бұл шешімге КОКП Орталық комитетінде Д.А. Қонаев қарсы шығып, сол үшін 1962 жылдың 16 желтоқсанында орнынан алынды. 1964 жылы Брежнев келіп, Қонаев қызметіне қайта тағайындалды, бірақ Аралды жою механизмі іске қосылып кеткен еді…» [2, 367 б.]
Аралды құтқару керек болды. Ол үшін КСРО Ғылым академиясы солтүстік өзен суларының бір бөлігін Аралға бұру жобасын ұсынды. Бірақ, жоба – орыс «патриот» жазушыларының қарсылығынан іске асырылмай қалды. «Біздің суларымызды бөтен жерлерге бермейміз». Басқа сөздермен білдірілгеніне қарамастан, олардың көкейіндегі ой осылай естілді, – дейді О. Сүлейменов. – Бір қызығы, сол айтыс-тартыстан кейін екі он жылдық өткеннен соң, Ресей ғалымдары бұл мәселені қайта көтеріп отыр. Мұқият жүргізілген өлшемдер ағын судың шағын бөлігін, айталық, Обь өзенінің бір бөлігін бұрғаннан орта Азияның ғана емес, артық текше километр сулармен мидай батпаққа айналған Солтүстік Ресейдің экологиясына да пайдасын тигізбекші» [2, 367-368 б.].
О. Сүлейменовтің Қазақстанды нақ осы жылдары басқарған Д.А. Қонаев туралы пікірлері де ақынның қазіргі заманғы Қазақстан тарихының осы беттеріне деген тұжырымдамаларын толықтыра түседі. «Қазақстанды – Қазақстан еткен Қонаев еді. Яғни, экономика мен мәдениетте шынында да көп нәрсеге қол жеткізген Қазақстан өзімен санасуға тұратын республикаға айналды. Қазақстанды сол кезде сол жүйеде «дербес» ету үшін қайсар қыңырлық көрсету керек еді. Қонаев оны көрсетті, сондықтан оны екі рет орнынан алды. Бір күнде, тағдырдың бумерангі солай болды. Бірінші рет 1962 жылдың 17 желтоқсанында оны Хрущев, ал 1986 жылдың 17 желтоқсанында қайта құру басшылығы орнынан алды» [17]. Айта кететін жәйт, тоқырау жылдары мен қайта құру кезеңіне қатысты Д.Қонаевтың көзқарасы О. Сүлейменов көзқарастарымен үндес келеді [18].
2006 жылы «желтоқсан оқиғаларының» 20 жылдығы қарсаңында Қазақстан тарихшылары оны қайта қарап, «көтеріліс» деп бағалау мәселесін көтерген еді. Алайда, 1996 жылы осы оқиғаның 10 жылдығына орай, О.Сүлейменовтің тап осындай баға бергенін өкінішке орай ұмытып кетті. «1985 жылы Горбачев Бас хатшылыққа сайланды. Сөйтіп, саяси Бюроны жаңарта бастады. «Карттарды» жанжалдармен, жемқорлық және басқа да басшылық күнәлар тағумен шығарып сала бастады. Ескі гвардияның ең соңынан 1986 жылдың желтоқсанында Қонаев отставкаға кетті. Оның кетуі қазақ жастарының көтерілісін туғызып, біздің тарихымызға – «желтоқсан оқиғалары» деген жеңілдетілген атаумен енді» [19].
Қазақстан тарихының қолдан жасалынған «өзекті» проблемаларының бірі – қазақ халқының жүздік құрылымы. Бұл тарихтың өзі ұсынған халықтық ұйымдасудың қалыпты түрі. Оған кейбір зиялылардың кеселді қарайтынына қарамастан – саясаттандыруға болмайтын соқыр сенімдердің бірі. О. Сүлейменовтің түсіндірулері бұл мәселені барынша жұмсартып, ұлт болып қалыптасуға септігін тигізеді. «Этностардың үшке бөлінуі қазақтарға ғана тән емес. Үлкен, кіші және Ақ Русьті еске түсіріңіз, әртүрлі елдердің геральдикасындағы үшбірлікті еске алыңыз. Егер білгіңіз келсе, үш бірлік – Шумер, Египет заманынан келе жатыр, – дейді О. Сүлейменов. … Иә, біз түсіндірсек, жеңілденеміз, яғни, адамдар бұл мәселеге оңай, надандық жайлаған соқыр сенімдерсіз қарайтын болады… қажетсіз реніштерімізді жасырмай, бір бірімізбен едәуір жеңіл қатынасамыз» [20]. О. Сүлейменовтің Қазақстан тарихының тәуелсіздік жылдарындағы жүріп өткен жолдарына, елдің саяси элитасына, қоғамдық психологиясындағы ментальдық өзгерістерге қатысты сыни пікірлері де өзінің өзектілігін жоймақ емес. Сондай-ақ, О. Сүлейменовтің қазіргі Қазақстан тарихындағы саяси және мәдени үрдістерге қатысты пікірлері билікті де, оның оппоненттерін де ақырына дейін қанағаттандырып отырған жоқ. Біздің ойымызша, мәселе, Бас қаһарман О. Сүлейменовтен гөрі, оның төңірегіндегі мәселелерде. О. Сүлейменов жастық шақтан таңдап алған «аласартпай тауларды – асқақтатсам даламды» ұстанымынан бір елі де ауытқымай – тапжылмай тұр. Керісінше, оның маңайындағы мәдени-саяси ахуал мен қоғамдық пікірлердің үнемі өзгеріс үстінде тұрғандығында. Сон­дықтан, О. Сүлейменовтің имиджі бұдан 20-30 жыл бұрынғыдай қабылданбақ емес. О. Сүлейменов 70 және 80-90-жылдардың шебінде кеңестік кезеңнің және қайта құрудың, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының саяси бұрқасындарын бастан кешті. Оның республикадағы имиджінің қалыптасуында саясат аз рөл атқарған жоқ. Алайда, қазіргі кезеңнің күрделілігі сонда, О. Сүлейменовтің тұлғалық мәдениетін саяси контексте қарауға болмайды. Ол – А. Солженицын немесе А.Сахаров тұрпатындағы саяси қайраткер емес және оған ұмтылған да емес. Оның өзі мойындағанындай – «мен саяси күрестер үшін жаралмағанмын». Сондықтан, О. Сүлейменовті ел ішіндегі немесе ТМД ке­ңіс­тігіндегі саяси «жанжалдарға» тарту не­месе әркімнің «өз лагерінен» көруге тыры­сушылық әрекеттерінің барлығы мағынасыз. Жаһандық тұрғыдан да солай. Оны жаһандық «жанжалдарға» тарту да мүмкін емес, атап айтқанда, О.Сүлейменов – Батыс өркениетіне немесе орыс мәдениетіне жақындығы үшін сынау қандай мағынасыз болса, Шығыс мәдениетіне іш тартатындығы үшін сөгу де сондай мағынасыз. Өйткені, оның барлық шығармалары мен қоғамдық қызметінің негізгі тақырыбы мен мазмұны этникалықтан, ұлттылықтан, өркениетшілдіктен жоғары – Тұлғалық және Мәңгілік бастаулар.
О. Сүлейменов – Еуразияның негізгі халық­тары түркілер мен славяндардың ежел­гі және орта ғасырлардағы тарихын концептуалды зерттеумен шектелмей, Қазақстанның жаңа және қазіргі заманғы тарихына қатысты құнды ой-толғамдарын білдіріп, республиканың қоғамдық ғылыми ортасында қызығушылық туғызып отырды. Ақын тұжырымдамаларының күрделілігіне, ішкі тартыстылығына қарамастан, жалпы алғанда, Қазақстан тарихшыларының тұжырымдары мен нәтижелеріне қайшы келмейді. Керісінше, кейбір қалтарыста қалып бара жатқан мәселелерге назар аударып, кем-кетігін толықтыруға септігін тигізеді. Атап айтқанда, О. Сүлейменовтің пайымдары, тарих ғылымындағы кейбір эмоционалдық элементтерден арылуға жәрдемдесіп, тарих ғылымының мәртебесін көтеруге септігін тигізеді. О. Сүлейменовтің Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихына көзқарастары – болашақ сапалы оқулықтар дайындау барысында кәдеге жарайтыны айдан анық.

Алдыңғы «
Келесі »