Бейімбеттің биігі (Әдеби толғам)

  • 18.12.2014
  • 1143 рет оқылды
  • 6

Жолтай Әлмашұлы,
филология ғылымдарының 
кандидаты

Бізге қымбат бір шындық
(Қаламгер шығармаларындағы кезең 
картинасы)

ХХ ғасыр басынан бері қарай қанатын кеңге жая түскен қазақ әде­биеті жайлы кеңінен толғап әңгіме қозғай бастасақ, сөз жоқ, бір-біріне ұқса­майтын екі түрлі әдеби бағытты (проза саласы бойынша) тез-ақ аңғаруға әбден болады. Бұл екі бағыттың екеуі де өз дәуірінде қолына қалам ұстаған барша қаламгерлерге үлгі ұсынды, өнеге көрсетті, бағыт-бағдар берді. Біз бұл пікірді соншалық сенімді көңілмен, барынша нық оймен айта аламыз.


Бұл екі бағыт-қандай бағыт?
Оның бастау-бұлағында кімдер тұр?
Енді, осы тұрғыда аз-кем сөз тар­қа­тып, салалап айта кетелік.
Өзінің жазба әдебиеті жан-жақты өр­кен­деп, алғашқы толымды көркем шығар­малары өмірге келіп, сүрлеу-соқпағы салына бастаған ұлт әдебиетінде әңгіме-повестерді былай қойғанда, тереңнен ой қозғаған кесек романдар да туындады. Ең алғашқы романдар – «Қамар сұлу», «Қалың мал», «Жолдастар», «Тар жол, тайғақ кешу», т.б. жарыққа шыққан ХХ ғасырдың 20-30 жылдары ішінде бұрынғы қазақы жазба стилін өзінше дамытып, еуро­палық нашықта ой өрбіткен, ой ағыны мен сезім тереңіне үңіліп, өзгеше көркем дүниелер жаза білген жаңашыл қалам­гердің бірі – Мұхтар Әуезов еді. Қаламгердің «Қор­ғансыздың күні» атты алғашқы әңгі­месінен бастап-ақ жазылу машығы ерекшеленіп шыға келді. Оны әуелгі кезде бірсыпыра сыншылар дұрыс қа­былдап, енді бір тобы түсініңкіремей, сын айта бастағаны да жасырын емес-ті. М.Әуезов өзінің алған бағытынан еш айныған жоқ, ең аяғында «Абай жолы» секілді кең көлемді роман-эпопея жазып шықты. Мұнда да сол өзіне тән әдіс пен стиль қатаң сақталып қалып отырды. Біз Әуезов ұстанған соны бағыт турасында бұдан бұрынғы мақала-зерттеулерімізде біршама сөз етіп, талдап-негіздеп жазған болатынбыз («Әуезовтің жұмбақ әлемі», А., 2005ж). Ендігі сөз-қазақы жазу машы­ғынан алшақтамай-ақ, көп жүрегінен мей­лінше орын алған ұлттық нақыштағы қаламгерлер тобы туралы, яки, екінші бағыт хақында болмақшы. Бұл бағыттың бастауында тұрған, әрине, бәрімізге де етене жақын, аз да саз, қысқа әңгімелердің шебері – Бейімбет Майлин. 
Бейімбет шығармашылығы жайлы осы күнге дейін аз жазылған жоқ. Ар­найы түзілген ғылыми-зерттеу еңбектері де жетерлік. Жазушы лабораториясын жіті көзбен сүзіп өткен филолог-ға­лым­дарымыз да баршылық. Біз ондай сүйекті-сүйекті еңбектер туғызған ғалым-зерт­теушілеріміздің ой-пікірлерімен дең­гей салыстырып, пікір таластырып және өзі­мізше жаңалық ашуды да мұрат тұт­падық. Ойлаған ой, діттеген мақсат – ХХ ғасыр басында ұлт әдебиетінде қалыптасқан екі бағыттың бірінің көрнекті өкілі бола білген қарымды қаламгер шығармаларына терең үңіле отырып, жазған туындыларының замана шындығына үндестігін баса айту еді. Тағы да айтарымыз – бүгінгі арналы қазақ әдебиеті дейтін алып өзеннің бастау-бұлағында тұрған екі алыптың, екі бағыт ұстанған қос сөз зергерінің өз кезеңіндегі ықпал-әсерін молынан аша түсіп, кейінгі әдебиетшілерге де ой тастай кету. Біз сол себепті де алдымен М.Әуезов шығармаларына көңіл көзімен үңілдік, өзімізше ой білдіруге тырыстық. Ал, ендігі кезек – Бейімбет Майлин жайында болмақ.
***
Бейімбеттің жазушылық  биігі дегенде алдымен ойға оралатыны – ол өз дәуірінің қатпар-қыртысына терең үңілген және сол кезеңнің қатал сыншысы бола білгендігі. Егер, артында қалған мол мұралары – әңгімелер топтамасын парақтап отырсаңыз, еш қиындықсыз-ақ кешегі аласапыран күндер шындығы көз алдыңызға дөңгеленіп келе қалады. Жоқ, Бейімбет уақыт шындығын ғана суреттеп бере алған қаламгер емес, ол өз әңгімелері арқылы сол сұрапыл күндерді ащы әжуалап, сын садағына алған жазушы. Былайша айтқанда, өз заманындағы асыра сілтеу мен қисық-қыңыр істерді өмір суреттері арқылы астарлап күлкі етуші. Келеке етуші!
«Сексен сом» әңгімесін алайық.
Кедей, жатақ Егеубайдың құлағына жайсыздау хабар жетті. Оны жеткізуші – Тынымбай. Кеше болған жиналыста тағы да салық жинайтыны айтылыпты. Әр адам басына – сексен сом. Міне, осы салықты ести сала, Егеубай ой құшағына көміледі. Онсыз да қарызға белшесінен батулы. Онсыз да сіңірі шыққан кедей. Ау, өкіметке несін бермек? Жаңа өмір дегеніңнің сиқы осы ма? Жанын қоярға жер таппай қиналған сорлы Егеубай… Ақыр аяғында оны комиссия шұғыл шақырып алып, «қолыңда бір атың мен сиырың бар екен, соның бірін өткізесің» дейді. «Ол қымбатырақ қой» деген уәжіне «артылғанын аласың» деген жауап алады. Егеубайда не қауқар бар, жалғыз атын өз қолымен комиссияға жетелеп алып келеді… Былай қарасаңыз, жәй ғана әңгіме. Ондай жағдайлар қай кезеңде болмаған және кімнің басында болмаған. Алайда…
ХХ ғасыр басындағы «жаңа өмірдің» ең сұмдық ісі – кедейлерді осылай қыс­паққа алғаны емес пе! Әуелі артель, сосын колхоз… ақыр аяғында малға кім ие, дүниеге кім кепіл деген мәңгілік сауал ел басына туды. Бай бар байлығын жоқ етті! Кедей мол дүниеге ие бола алмады. Замана астаң-кестең. Ешкім жауап бермейді, ешкім де кінәлі емес… Кеңес өкіметін көтермелеу ме? Жоқ! Байларды сынап-мінеу ме? Ол емес. Кедей-жатаққа күлу ме? Ол да емес. Шығарманың құпиясы не? Ол – уақыттың өз суретін, шынайы бейнесін бере білгендігінде. «Сексен сом» әңгі­месі, міне, сондай кездің кермек шын­дығын алдыңызға тартатын ащы мыс­қыл, өткір әжуа.
 
***
Кейінгі уақытта әдебиетшілер арасында «Кешегі ашаршылық жылдарының ащы шындығы көркем шығармаларда тек қазір ғана жазыла бастады» деген атүстілеу пікір қалыптаса бастапты. Бұл – ұшқары ой. Ашаршылық қырғыны туралы сол кездің өзінде-ақ қалам тербеп, жанды сурет жасай білген қаламгер  – ол Бейімбет. Жазушының «Айт күндері» деген шағын әңгімесі бар. Жұрт айттап жүреді. Кейбір дүниесі барлар құрбандыққа мал шалып жатады. Былай қарасаңыз, мамыражай заман. Әркім өз бетінше тірлік жасауда.
Үй көлеңкесінде ақ текесін терлеп-тепшіп сойып жатқан Молдағалидың қасына Уәли келеді. Сол сіңірі шыққан Уәли:
– Сен маған тоқтыңды сатшы, – дейді.
– Ақша дабай.
– Күзде аларсың.
– Болмайды.
Уәли кеткен соң Молдағали текенің терісін жұдырықтап жатып:
– Аштан өлейін деп жүріп, айтта несі бар екен, алдап апарып сойып бір тоймақ қой, – деп күледі.
Міне, «біреу тоңып, біреу тойып секіріп» жатқан заман сиқы. Әрине, аш адамға айт не керек, құрбандық не­менеге керек. Қу қарынның қамын ойлағаннан өзге не ой болсын басында!
Аш, жалаңаш жүрген кісінің бір басынан қандай кемшілік, қандай білместік іздеуге болады? Тіпті, оның аузынан шыққан сөзін де, ойлаған  ойын да талқыға салуға бола ма? Егер талқыға сала алатын болсақ, онда адам деген кім? Ол тіршілік қиындығында һәм аш-жалаңаш қалған жағдайда алдымен нені ойлайды? Нені айтады? Нені тілейді? Міне, бұл әңгіме бізді осындай ойларға жетелеп әкете алғандығымен де құнды. Сосын да, Уәлидің әлгі әрекетіне күле алмайсың. Қайта Молдағалиды іштей жаратпай тұрасың.
Бұдан басқа бір әңгімесі – «Күлпаш» деп аталады.
Күйеуі Мақтым – өте кедей. Үйде ішіп-жейтін түк те жоқ. Жалғыз ұл – Қалидың қарны қабысып қалған. Мақтым азық іздеп, үйден шығып кеткелі қанша күн. Әлі хабар жоқ. Осы екі арада сіңлісі Раушан келіп: «осы үйден өлігің шыға ма, тиіп ал ана Жұмағазыға» дейді. Жұмағазы-40-50 қарасы бар, бір ауылдың байы. Сіңлісінің жанашыр сөзі Күлпашты қатты ойландырады. Аштықтан, жоқ­тықтан құтылудың жалғыз жолы-осы. Бай адамға барса, жағдайы жақсарады. Одан өзге не керек! Ар, намыс, махаббат ойына да кіріп шықпайды. Оны ұмытқалы қанша уақыт! Ақырында, сол Раушанның дегеніне көніп, Жұма­ғазыға тоқал боп барады. Мақтым мен Қали үйде қалып қояды. Алайда, арада бірер ай өткенде алабұртып, ойға түсіп, бір-екі түйір етті алып, өзінің бұрынғы отына келсе… күйеуі мен баласы аш­тықтан бұратылып пеш түбінде құ­шақтасқан күйі жан тапсырыпты… Сол бір жылдарда қолдан жасалған аш­тық зобалаңы, міне, осылайша бір отбасының шаңырағын ортасына тү­сірді. Күлпаш жалғыз қалды. Енді, оған басқа таңдайтын жол да жоқ. Жалғыз сүйенері – Жұмағазы…
Шағын ғана әңгімеде Б.Майлин ашар­шылық жылдарының ащы шындығын сол қалпында, дәл суреттеп, алдыңызға молынан тарта салғандай. 

***
Айранбай етікші бейнесі («Айранбай») бір жағынан күлкілі, ал, бір жағынан расында да мына өмірдің тым қатыгез, опасыз екендігін дөп басып көрсете алған. Өзінің жақыны Кемелбайдан бір кішкене қайыс сұрап ала алмаған соң, өзгеден не қайыр күтпек?
Өз қатыны – Раушанды сол үйге жұмсап жіберіп, құрқол келгенін көргенде ішінен үгітіліп, ашу-ызаға булығуы заңды да. Әңгіме соңында, сол Айранбай ойға беріліп, осыдан бір жеті бұрын ауданнан елге келіп сөйлеген инспектор пікірін амалсыз қоштағандай болды. «…Кедей еңбегін бай жеген, инспектор сөзі рас…» Содан соң, қатынына «енді сен Кемелбайдың үйіне барма, құдай аштан өлтірмес» деп сөйлейді. «Кәмуниске жазылғандарды қазына асырайды дейді ғой, кәмуниске жазыламыз…» 
Шығарманың түйінінде Айранбай «Кө­кек» әнін шырқап отырады.
Осы көркем дүниеде былай қарасаңыз шығармаға өзек бола қоярлықтай оқиға да жоқ. Өмірдің бір сәттік көрінісі ғана. Ал, бірақ, сол қарапайым өмір – Бейімбет үшін өте маңызды тақырып. Терең ойға бастайтын тақырып.
Дәл осы секілді тапқырлық оның «Түйебай» әңгімесінен де байқалады.
Шығарманың лирикалық кейіпкері (яғни, автордың өзі ме) Түйебай деген момындау, кедей отбасының баласымен молда алдына барып сауат ашпақшы. Молда өте қатал, сәл кешіксе дүрелеп, жанға батыра ұрады. Әсіресе, Түйебайды…
Сол Түйебай бір жолы қатты таяқ жейді де «енді шоқынып кетсем де молда алдына бармаспын» деп серт береді. Сол сөзінде тұрады. Арада біраз уақыт өткенде лирикалық кейіпкер байдың малын бағып жүрген сол Түйебайды ауыл жақта жолықтырады. Бұл ат үстінде, ал Түйебай… жаяу.
– Қойды неге ат мініп бақпайсың?-деген сауалға:
– Ат бермеді, – деп жауап қатады.
Жазушы әңгіме соңында осы Түйе­­байдың ат бермегені үшін байға қыр көрсетіп, «аштан өлсем де мал бақ­паймын» деп айта алмағанын тұс­палмен сездіреді. Қаламгердің астарлы мысқалы осы! Оны оймен ғана сезіне аласың.
Адамдар арасындағы теңсіздік! Біреу бай, ал, енді, біреу – кедей. Бай байлығына басып, күпінеді. Кедей кіжінумен тірлік кешеді. Сондай кіжінушілердің бірі – осы Түйебай…
Ал, мінезі… Ол өз алдына бөлек әңгіме ғой.
***
Кедейшілік кісіге не істетпейді!
Жоқшылық, шіркін кей-кейде кісінің ақыл-ойын матап, көзін шелдендіріп, басып айналдырып қоятыны да өтірік емес. 
Бейімбеттің Салқамбайы («Салқам­бай тоба қылды») тап осындай жағдай­ды бастан кешкен бейбақ. Қызы Күләш 14-15-ке толғанда оған сырттан көз тігушілер көбейеді. Анаусы да, мынаусы да ақша ұсынып, «осы қызыңды бізге бер» дейді. Салқамбай әуелде бұл шаруаны ыңғайсыз көрсе де, ақша үстіне ақша қосып айта бастағандарға елітіп, қалай көнгенін де байқамай қалады. Сөйтіп, Мәлік деген бай кісіге 500 сомға тоқалдыққа береді…
Артынан үстінен арыз болып, сотқа шақырылады. «Қызыңды неше сомға саттың?», «Астыңдағы алаяқ атты қайдан алдың?» деген секілді мың түрлі сұрақтардың астына алады. Сасып қалған Салқамбай «ойбай-ау, мың, екі мың сомнан алған байлар әлі үйінде отыр ғой» деп соғады. Сондағы естіген жауабы: Әй, отағасы-ай, аңқау екенсіз ғой. Мың түгіл, он мың алса да,  байларға білінуші ме еді… Олар сен құсап алаяқ ат мінбейді. Міне қалғанда  да, олардың малы көп, қайдан алдың деп кім байланыспақшы…
Бәлелі әңгімеден әзер деп құтылған Салқамбай үйге қайтып келе жатып: «Байға құда болу, байға қол арту менің не теңім еді» деп қинала сөйлейтіні бар…
Тағы да әділетсіздік! Тағы да әлдінің істеген әр ісі оң, әлсіздің бар ісі де теріс.
Жазушы тірліктің ең бір қиылысқан жерін, күшті мен әлсіздің, бай мен кедейдің, бар мен жоқтың ара-жігін ажырата, кісіге ой сала баян еткен.

***
Біз, шамасы, осы күнге дейін жазушы Б.Майлинді өз дәрежесінде, өз деңгейінде һәм өз биігінде сөз ете алмай келе жатырмыз-ау! Егер, Бейімбет шығармалары (мейлі әңгімелері, мейлі көлемді дүниелері) тереңінен талданып, мейлінше байқампаздықпен жазылар болса, міне, замана шындығы сонда жасырынып жатыр. Кезең кеселін, уақыт «ауруын» дәл осы Бейімбеттей ешкім де көрсете алған жоқ. Күні бүгінге дейін Бейімбет әлемі өз құпиясын ашпай келе жатқаны – жазушының кінәсі емес, ол біздің салғырт мінезіміз. Кешегі ХХ ғасыр басындағы барша ауыртпалықтар мен асыра сілтеушіліктер түп-түгелімен Бейім­бет шығармаларынан ойып орын ала білген. Оны көру үшін, әрине, жіті көз керек. Зерек ақыл керек. Байқампаз  ынта қажет. Біз бұл мақалада реалист-жазушының бірді-екілі әңгімелеріне ғана тоқталып өттік. Солай бола тұрса да, Бейім­беттің осы күнге дейін байқалмай келе жатқан бір құпиясы – заманмен үндес­тігі һәм кезеңнің куәгері екендігі ашыла түссе деген ниет болды.
ХХ ғасырдың бас кезіндегі ел өмірінің ақ-қарасын ажыратып, қатпарлы құпия­сын молынан аша түскіміз келсе, ең алдымен Бейімбет Майлинді оқиық. Тереңдеп, түсініп оқиық. 

Замананың шынайы келбеті
(Жазушының шығармаларындағы 
әйел теңдігі)

Әр қаламгер өз заманының, өз дәуірінің үлкенді-кішілі мәселелеріне сергек қарап, жіті құлақ түріп, жазған шығармаларында сол мәселеге өз көзқарасын білдіріп отыруы заңды құбылыс. Алайда, бұл екінің бірінің қолынан келе бермесі тағы да ақиқат. Ой мен ниет дұрыс болғанымен оның жүзеге асырылуы, әрине, әрқалай. Біз білетін жазушы Бейімбет өз дәуірінің көзі мен құлағы бола алған десек, бұл сөзіміз шындық аулынан алшақ кете қоймас.
Б.Майлин шығармаларындағы кеңінен орын алған тақырып – әйел теңдігі.
Кеңес өкіметіне дейін де, тіпті, кеңес дәуірінің алғашқы жылдарында да қазақ мұсылман әйелдерінің өз сүйгеніне бара алмай, еркінен тыс дүниеге сатылып кете беретін жағдайлары кеңінен орын алғаны белгілі. Он екіде бір гүлі ашылмаған жас қыздар елуден, тіпті, алпыстан асқан ересек еркектерге тоқалдыққа барып жатты. Бармасына болмады. Көнбесіне амалы жоқ-ты. Міне, осы тақырып – Б.Майлин дүниелерінен берік орын алып, көркем тіл­мен жан-жақты көрсетілді.
«Зейнештің серті» деген әңгімесінде әуелі Асылбек деген еркекке алданып, енді болмағанда соған тиіп кете бармақшы қыздың (он бес жасар) аяқ жағында ес жинап, «қой, мұным болмас, өз абыройым үшін күресейін» деп сотқа арыз беруі, сот мүшелерінің бұл ісін қолдауы іспетті жағдайлар бірінен соң бірі тізбектеледі. Мұндай өз намысын өзі қорғап, жоғарыдан әділдік іздеу секілді істер – қазақ даласында некен-саяқ. Жазушы жаңа дәуірмен бірге қазақ қыздарының сана-сезімінің ояна түсіп, өз тағдырын өздері ойлай алатын дәрежеге көтеріле алғанын айтпақ болған.
«Қайнаға өтірік айтады» әңгімесіндегі ауыл қыз-қырқындарының жаңа заманға ұмтылып, оқу-білім алуға өз еркімен бас қоюы тағы да уақыттың соны лебін байқата алады. Осы шығармадағы Биқасап қатынның «қатындар оқуды қайтеді» деген қайнаға сөзіне қарсы шығып:
– Қайнаға бекер айтады, біз оқы­маймыз деп ешкімге сөз бергеміз жоқ! Оқытушы болса неге оқымайық! Мына қатындардың бәрі де оқимыз деп отыр… – деп сөйлеуі психологиялық өзгерістерді байқата түскендей. Осы бір кішкене өмір суреті арқылы қаламгер қатындардың санасындағы сілкіністі, өзгеше тіршілікке ұмтылысты барынша дәл аңғартқан. Және жәй ғана аңғарту емес, сол күнгі отырыста еркектер жеңіліп, әйелдер жеңіске жеткенін көрсетіп береді.
Бұл тұста жазушы әңгімесін екі­жақты түсінуге де болатындай. Алдымен, Кеңес өкіметі талабына сай қазақ әйелдерінің еңсе көтеруі, ерлермен терезесі тең болуға ұмтылуы, өз арын өзі қорғап, өз сөзін өзі сөйлей бастауы секілді жалпыға тән жаңалықтардың бой көрсеткені. Сосынғы ой – жазушы жаңа өкімет атын малданып, қазақ әйелдерінің тым еркінсуі, тайраңдауы, ойына не келсе, соны айтуға бейімделе бастауы, қысқасы, елдегі бұрыннан қалыптасқан ізгі тәртіптердің бұзылуын ащына жеткізуі. Өзіңіз ойлаңыз, суреткер қай жағына басымдық береді? Осы әңгімелерді жазудағы алтын діңгек – асыл ой қайсы?
Милицияға жұмысқа тұрған Құрымбай серінің («Құрымбайдың жігітшілігі») ендігі бар арманы – ел аралап, қай үйде сұлу, пішінді, тартымды қыз болса, соларды әурелеп, өмірді сүргісі-ақ келеді.  Бірақ, қай ауылды араласа да, істің сәті түспейді. Не қыз шешесімен жатады, не болмаса көрші үйге кетіп қалады. Әйтеуір, реті келе қоймайды.
Кезекті бір ауылға жол түсіп, Құрымбай бастап, Кебекбай атқосшы қостап, қона жататын кезді жазушы әдемі үйлестіріп, мейлінше шыншыл етіп суреттей алған. Бұл үйде Нұржан шал мен бәйбішесі Меруерт бар. Алайда, Құрымбай үшін олар қызық емес. Екі көзі – сұлу қыздары Күләшта. Арманы да, аңсары да сол.
Түн болады. Төсек салынады.
Құрымбай енді түн төсегінде қарап жатсынба қызға ысырылып жа­қын­дайды. Онысы елден таса, жұрттан жасырын әрекет те емес. Тіпті, ауыл­найдың өзі де осыған тілеуқор. Алайда, жасынан ерке, еркін өскен қыз – осы Күләш. Ақылы да барынша толысқан қыз. Ол Құрымбайды балағаттап, тулап, айқайға басып, у-шу жасамайды. Тек қыз ақылына салып:
– Мен тілемеймін, – дейді.
– Сіз менің сөзіме түсінбей жатырсыз. Мені елдегі жабайы жігіттің бірі деп ойлайсыз. Оныңыз қате, – деп, Құрымбай қыз жүрегін жаулай түсіп: «мен іс адамымын, мен әйел затын теңгеруге қарсы емеспін…» деп соғады. Қыз оны осы сөзінен ұстайды.
– Жұмыс адамысыз ғой, ұйқыңыздан қалмаңыз, барып жата қойыңыз, – деп Күләш жігітті сөзбен матап тастайды.
Жігіт жеңілді. Өз ісінің әбес екенін түсінді. Кері қайтты. Ауылнайдың:
– Іс бітті ме? – деген сауалына: 
– Болмады, – деп күрсіне жауап бере­ді.
Ең қызығы – ертеңіне үй малын есепке алып жатқанда, ауылдағы дәу­летті Кәрім, Дәуіт дегендерді тізімге жаз­бай, Нұржанның (Күләштың әкесі) екі-үш қойына шұқшияды.
Жол жүрейін деп жатқан кезде Күләш Құрымбаймен бетпе-бет кездесіп қалады. Қыз:
– Түндегіге ашуландыңыз білем, – дейді.
– Жоқ, ашуланған жоқпын.
– Ашуланбасаңыз, айып алуыңыз­дың жөні қалай?
– Қайдағы айып?
– Айып емей немене, байлардың жүз­деген қойын көрмей, біздің үйдің екі қойын жазып кетіп отырсыздар, төрелігіңді былай қоялық, мұның тіпті жігітшілігіңе лайық емес қой, – деп, қыз жігітті ұялтады.
Арбаға отырып, елден ұзап бара жатқан Құрымбай «ну, маладец қыз екен, әттең оқымай қор болған екен» дейді.
Әңгіменің соңында ауданнан салық қағазы келгенде, дәулетті Дәуіттің 15 қойына да салық салынғаны белгілі болады. Әкесінен осы жайлы естігенде, шәй құйып отырып Күләш та іштей: «қалай да жігіт екен, жарады» деп риза пішін байқатады. Осы әңгімені егжей-тегжейлі баяндап отырған себебіміз – мұндай ауыл қызының санасының өсіп, ер жігіттермен терезесі тең болып сөз-уәжден жеңілмей, еркін сөйлесуі өте нанымды әрі тартымды суреттелгенін ашып айта кету еді. Әдетте, біз теңдік туралы сөз қозғағанда қыздың еркекті беттен алып, аузына не келсе, соны сөйлеуі деп ұғамыз. Ол, тіпті де, дұрыс емес. Тең болу деген – ерлер мен әйелдердің ақылының таразы басына түсуі деп ұғу қажет. Егер, әйел ақылды болса, еркекті парасат-пайымымен-ақ өзіне табындырады.
Біздіңше, Күләш – сондай бейне. Ол тіпті төсек үстінде жатып та ынтығып, үздігіп ұмтылған сері жігітті сөзімен тоқтатты. Тіпті, оны айтасыз, сол Құрымбайға ақыр соңында өз базынасын да орындатты.
«Күлшара жеңгей» әңгімесінде бәй­біше-тоқал мәселесі қозғалады. Бірақ, мұндағы оқиға басқа әңгімелерден өзгеше. Күл­шараның Бақа қайнысы (Жексенбай) араға түсіп, күйеуі өлген жас жесірді то­қал болуға көндіреді. Өзіне емес, әрине. Ана Күлшара жеңгесінің байына, яғни, ағасына…
Сондағы Күлшараның айтатыны:
– Байым алмаймын десе, «мен зорлап алдырдым»…
Әңгімені оқу барысында түсінгеніміз-әлгі алаяқ Жексенбай тоқал алып беретіні үшін Күлшараның үйінен бір сиыр, «әкімдердің аузын алуға» деп тағы 50 сом жымқырған.
Ең соңында тоқал мен бәйбіше арасында айқай-шу шығып, көзі көгерген тоқал ауылнайға шағым түсіріп жатады.
Қазақ даласында ежелден келе жатқан бәйбіше-тоқал мәселесі болса да, мұнда «өзі келіссе де» бәрібір екі әйелдің басы «бір қазанға сыймайтынын» ұғындырғандай болады. Мұның арғы жағында тағы да махаббат, сүйіспеншілік деген асыл сезімдер қылаң береді. Ондай сезімдер жұмыр басты пенде үшін қашанда аса қымбат қазына екендігін паш етеді.

***
Өз дәуірінің тамыршысындай болған Бейімбет Майлиннің әйел теңдігі тақырыбын қозғайтын ең сүйекті шы­ғармасы – «Раушан-коммунист» деген повесі. Біз бүгінгі заманда даурыға айтып, мінбелерден көтеріліп, қайта-қайта тілге тиек етіп жүрген «гендерлік саясат» шаруасын Бейімбет жазушы сол ХХ ғасырдың бас кезінде-ақ көтеріп, көркем дүниесі арқылы оқырманына ой сала білгені байқалады. Сол замандарда, әрине, Раушандар аса көп болған жоқ. Раушан – азшылық. Алайда, заман ондай белсенді, өткір, өз пікірін дәлелдеп шыға алатын білімді қыздарды да сахнаға шығарды.
«Раушан-коммунист» қазіргі кезде кейбір сыншылар айтып-жазып жүргендей, тек қызыл саясатты жыр­лаған, коммунистік режимді көрсетуге арналған көркем туынды емес. Оның астарына тереңдей үңіле білген кісі жазушының жасырын емеурінен бай­қай алады. Мұнда қазақ әйелінің ер­кін­дікке ұмтылуы, өз абыройы мен беделін қорғау жолындағы талпынысы, қысқасы, қоғамдағы әйел адамдардың да өз орны бар екенін ашық та айқын суреттеген. Әрине, шығарма сол ке­зеңдерде жазылғандықтан да ара-тұ­ра саясатқа жығыла сөйлеу, кей тұс­тарында әйел қараңғылығы һәм еркек­тердің зорлық-зомбылығы сияқ­ты кө­рі­ністер де қылаң беріп отырады. Ал, тұтастай алғанда – «Раушан-ком­мунист» ай­­тары бар сүбелі шығарма. Жа­зу­шының бұл туындысы туралы аз жазылған жоқ. Әйтсе де, талдап-таратып айтылар тұстары да жетерлік.

Ғашық болу ғаламаты
(Қаламгердің хикаяттарындағы сүйіспеншілік сипаты)
Бейімбет Майлин – қазақ прозасын­дағы өзіндік жазу тәсілі бар, ешкімге де ұқсамайтын, айтары айшықты, ойы орнықты қаламгерлердің бірі. Кісі өмі­рінің сан-салалы қатпарларын молынан ашуға өз туындыларында барынша күш салды. Сондай өрнекті де өзекті сала-жігіт пен қыз арасындағы сүйіспеншілік мәселесі.
Жазушының бұл тақырыптағы алғаш­қы шығармаларының бірі-«Шұғаның белгісі».
Бұл өзі өте шағын, бас-аяғы жұп-жұ­мыр, айтар ойы анық қысқа повесть. Ең қызығы – Бейімбет осы шығармасын Ке­ңес төңкерісіне дейін-ақ жазып қой­ған. Содан да болар, мұнда қызыл сая­сат жоқ, партия жоқ, қазақ елінің мамыра­жай өмірінің жанды суреті дерсің!
Қаламгердің осы туындысы екі кісінің арасындағы әңгіме түрінде өрбиді. Салт аттының бірі – жас жігіт те, екіншісі – егде кісі, әңгіме айтушы адам. Әңгіменің та­қы­рыбы – өзінің бір кездері досы болған Әбдрахман деген оқыған жігіт пен сұлу қыз Шұ­ға арасындағы махаббат. Өзі ауқатты жерден шыққан Шұға сұлу жасы он алтыға толғанша ешбір жігітке көз салмай, ешкімді менсінбей жүрген бұла мінезді қыз. Міне, осы қыздың тыныш өмірі қаладан келген білімді жас – Әбдрахманды көріп, нілдей бұзылады. Неге? Өйткені, оны шын сүйіп қалған болатын-ды. Осы жағдай ел ішінде құлақтанып, ақыр аяғында іс насырға шабады. Әбдрахман Шұғаны шын сүйді. Бірақ, ел арасындағы пысықай, өзі өсек-аяңға өте құмар Айнабай деген алаяқ өз қызын сол Әбдрахманға бергісі келеді екен. Өзінің қызына көз салмай, танысы Есенбектің қызы – Шұғаға ынтыға қалғаны Айнабайға ұнамаған. Ақыры дегеніне көндіре алмасын сезген соң Айнабай Әбдрахманның үстіне ауданға арыз жолдайды. Сылтауы: «Тү­рік­терге жасырын ақша жинап жүр…» Әбдрахманның күйіп-жанған жү­регі мұндай бықсық әрекеттерге назар аударып, көңіл тоқтатып қарауға мұрша берер емес. Ақыр аяғында сол арыз себеп болып, Әбдрахманды жоғары жаққа айдап әкетеді. Бұны естіген Шұға төсек тартады. Барлық ақ-қарасы тексереліп біткенше, арада біраз уақыт өтіп, Әбдрахман қай­тадан оралғанша Шұға ішқұсалықтан ау­ру­ға шалдығады да, ақыры қайтыс болып кетеді…
Үзілер алдында Шұғаның жазып қал­дыр­ған хатында мынадай өлең жолдары бар:
– Жолыңа құрбан қылып ем жан мен тәнді,
Дариға, айтылған серт болмай қалды.
Көре алмай ақтық минут дида­рың­ды,
Арманда жан тапсырған мен бір зарлы!…
Осылайша, сұлу Шұға құсалықпен өмірден өтті де, артында махаббат аңызы қалды. Ал, жерленген жерін мұндағы ел «Шұғаның  белгісі» деп атап кетті. Осы шығармасын жазған кезде жазушы Бейімбет небәрі 21 жаста екен. Былай қарасаңыз, әлі жап-жас, тіпті ақыл-ойы толысып та үлгермеген деуге болады. Алайда, мына повесті оқып отырсаңыз, ол ойыңыздан айнисыз. Бейімбеттің ерте есейгеніне куә боласыз. Тіпті, шығарма ішінде жазушының өте бай­қампаз екенін, кейіпкерлер мінезін дөп басып жаза білетінін, ол аз десеңіз шын сүйіспеншілік дегеннің қаншалық қымбат әрі асыл сезім екендігін де аңғарта алған. Жалпы, Бейімбет шығар­маларына тән ерекше қасиет – ол өмірдің өзін сол қалпында көшіріп отырғандай әсерде боласыз. Онда өтірік қосу, қиыннан қиыстыру һәм жоқты бар деп айту секілді әдет мүлде жоқ. Сосын да, қай тақырыпты қозғаса да, ол шынайы, таза әрі шыншыл болып шығады.
Біз сөз етіп отырған шағын повестегі негізгі мәселе – Шұғаның ішқұсалықтан өлуі емес. Екі жастың – Әбдрахман мен  Шұғаның жаңа өмірге, өзгеше тірлікке ұмтылуы шынайы көрсетіліп қана қоймайды, мұнда ескі мен жаңа тартысы айшықталады. Оны тағы да замана тұрғысында, тіршілік жағдайында емес, адамның ішкі жан дүниесіндегі жаңару бейнесінде көрсете алғандығы. Ғашықтық тақырыбы, әрине, атам заманнан бері қарай қай ақынды да, қай жазушыны да толғандырған, бұл салаға қалам тербегендер кемде-кем болар. Әйткенмен, Бейімбеттің өрнектеуіндегі махаббат пен ғашықтық ойыңды қозғайды, кеудеңе ыс­тық сезім ұялатады, жан дүниеңді дел-сал етеді. Бұл, әрине, шынайылықтан!
***
Қаламы жүрдек суреткер сомдаған Раушан бейнесі («Раушан-коммунист») өзіне дейінгі ешбір көркем шығармадағы образдарға ұқсамайтын, басқаша кес­теленген, ойлы да тартымды тұлға! Жазушының осы туындысын әлдебір жазбаларда біздің бірқатар сыншыларымыз атүсті атап, ылғи да Кеңестік дәуір ықпалымен туған дүние ретінде қарастырумен келеді. Расында солай ма? Біздіңше, жоқ.
Көлемі шағын бұл повесті Бейімбеттің отызға тақаған шағында қағазға түсірген екен.
Негізгі оқиға – Раушан мен Бәкен арасында өтеді. Екеуі әу баста бір-бірін ұнат­қан, жарасты отбасын құрған адамдар. Өмірлері де жап-жақсы басталыпты. Алайда, жаңа Кеңестік уақыт келе ел ішіндегі қатын-қалашты өкімет ісіне  тарту жайы қолға алынады. Әйелдерді жинап, жиын өткізіледі. Белсенділерді сөзге тартады. Қысқасы, әйел мен еркек арасында теңдік орнауы тиіс. Ол теңдік тек отбасында ғана емес, қоғамдық жұмыстарда да көрініс табуы қажет. Өзі ұнатып қосылған жары болған соң Бәкен Раушанның жиналысқа қатысқанына қарсы емес. Тіпті, өзі алып барып жүреді. Сондай бір жиында Раушан аяқ астынан көзге түсіп, ауылнай болып сайланып шыға келеді. Міне, бар тартыс пен дау-дамай сосын басталады.
Қатыны ауылнай болған соң, мөр де осы үйде. Ауылдың шал-шауқаны енді Бәкенді оңашалап сөйлесіп, өтірік һәм жалған қағаздарға мөр бастырып алуды көздейді. Тіпті, Бәкеннің намысына тие:
– Қатыныңа айтқаныңды өткізе аласың ба? – деушілер де табылды. Солардың бірі – ауыл ақсақалы Демесін. Ол Бәкенді айналдырады. Үстінен Итемген деген біреу арыз жазыпты, қызын малға сатты депті. Соны жоққа шығару қажет. Демесіннің бұл сөзіне аңқау Бәкен иланып, «көмек беремін» дейді. Ол ол ма, күйіне сөйлеп:
– Қатынның қойнындағы мөр сіздің керегіңізге жарайтын болса, бастырып берейін. Сізге қызмет қылмағанда кімге қылмақшымыз, – дейді.
Міне, осы тұстан бастап, тайталас өрбиді. Әрине, өкімет сеніп тапсырған жұ­мысты Раушан барынша таза, адал атқарғысы келеді. Ал, Бәкен болса, еркектік намысқа шауып… Қысқасы, екеуінің арасында жоқ жерден ұрыс-керіс туындап, ең соңында Бәкен үйден кетеді. Басқа бір үйге барып, бүк түсіп жатып алады. Раушан қанша жалынса да, үйіне оралмайды.
Шығарманың соңына таман оқыған қазақ қызы Мәриямның арқасында Раушан Орынборға оқуға аттанады да, ел іші мінезі жұмсақ Бәкенді ауылнай етіп сайлап жібереді. Сөйтіп, сауатсыз еркекті алдап-сулап, әбден былыққа батырады. Ақыр аяғында Бәкен істі болып, абақтыға жөнелтіледі.
Абақтыдан оралған Бәкен енді Деме­сіндер бастаған ауылдағы қылмыс­кер­лер ісін әшкерелеу үшін губернияда шы­ғатын газет басқармасына келіп оты­рады. Бар ойы – бүкіл көзімен көрген былықты ашып бермек. Міне, осы жерде Бәкен бая­ғы оқыған келіншек Мәрияммен қай­та жолығады. Мәриям Раушанның оқу оқып, қайтып келе жатқанын айтады. Мұ­ны естіген Бәкен Раушанмен кездесуге ынтыға түседі.
– Қарағым, ақтық өтінішім болсын: ма­ған соны бір көрсетесің бе? – дейді Бәкен.
Көркем туынды Раушан мен Бәкеннің кездесіп, бір-біріне соншалық ықыласпен қарап тұрып, өткен күндерін еске алуымен аяқталады. Раушанның:
– Жүдейін депсің ғой, – деген бір ауыз сөзі Бәкеннің жан-жүрегін жылытады. Бү­кіл қателігі мен кемшілігін көз алдына елестетеді.
Осы шығарманы өте байыппен оқыған кісі мұндағы шынайылықты байқамауы еш мүмкін емес. Жазушы бұл жолы да ақиқатқа арқа сүйеген. Ауылда өскен сауатсыз қатынның – Рау­шанның «тар жол, тайғақ ке­шу­лі» тағдыры арқылы бүкіл қазақ әйел­дерінің өмір-салтын алдыңызға тар­­тады. Рас, қанша өсек сөзге ерсе де Бәкен ең соңында өз қателігін түсі­неді. Тіпті, сол кезде Раушанды шын сүй­генін де аңғарады. Бұл – Бәкен секілді ес­кілікті кісілердің де рухани оянуы. Өзін-өзі тануға ұмтылуы. Қалай десек те, осы «Раушан-коммунист» повесі өз кезе­ңіндегі өмір көрінісін шыншыл­дықпен суреттеген, ойыңды қозғап, қиялыңа қанат бітіретін туынды деуге әбден-ақ болады.
***
Жазушы Бейімбет Майлин жазып қал­дырған екі повесть – «Шұғаның белгісі» мен «Раушан-коммунист» идеялық жағы­нан бір-біріне ұқсас туындылар. Екеуінде де шынайы сүйіскен екі жас… бір-бірін қия алмайтын, қимас та сыйлас көңілдер… Әрине, солай болмаса, бұл екі туынды жазылмас та еді.
«Шұғаның белгісіндегі» Шұға, расын айту керек, күрескер қыз деңгейіне көтеріле алмаған. Жалған жаламен ұс­талып кеткен Әбдрахманды іздеу, кү­ту орнына ішқұсалыққа ұрынды. Жанын азапқа салды. Сөйтіп, кесел жамап, ақыры көз жұмды. Тіпті, Әб­драх­манның өзі де солай. Шұға үшін күресу орнына, тым тартыншақ, тым үркек. Өмірдегі кішкене қиындыққа бола мойып қалады. Беті қайтады. Ал, «Раушан-коммунист» повесіндегі Рау­шан да, Бәкен де олай емес. Бұлар жаңа заманды түсініп, өз деңгейінде қабылдай алғандар. Раушан оқу қуып, Орынбор барып қайтса, ал, қателігі үшін түрме көріп оралған Бәкен де енді басқа адам. Ол ашылған. Өз мінезіндегі кемшілікті өзі түсінген. Ендігі бар ойы – кінәлі топтың бар айла-әрекетін әшкере қылу. Бұл ретте біз жазушы Б.Майлиннің әр жыл сайын өсіп, қаламы ұшталып, барынша шеберлене түскенін байқай ала­мыз. Ең бастысы – Бейімбет жастар ара­сын­дағы махаббатты, сүйіспеншілікті шы­­­найы суреттей алады.  Оны боямасыз көр­се­теді. Өмірдің өзіндей етіп баян ете біледі. Мұндай шеберлік күні бүгінге дейін өміршең. Қазіргі қаламгерлеріміз әлі де үлгі аларлықтай өнеге. Әсіресе, тағы бір елеп айтарлығы – осы екі хикаятта да махаббат, сүйіспеншілік тақырыбы алдыңғы кезекке шығып, оқырманды соған ынтықтырып отырса да, тереңнен ойлап қараған кісіге жазушының тағы да өз кезеңіндегі асыра сілтеу, кісіге жасалатын қиянат һәм асып-төгілген артық мінез кемшіліктерін алдыңызға тартады. Біз қазақ даласындағы әртүрлі ылаңды, байлар мен кедейлер арасындағы әділет­сіздікті, тіпті, пенденің пысықтығы мен пасықтығы іспетті өмірі бітпес талас-тартыс жайын молынан аң­ғара түсе­міз. Сөздің тоқ етер түйіні-жазушы Б.Май­линнің шығармаларындағы келіс­ті сала тағы да іштей үндестік пен сүйіс­пенші­лікке келіп тоғысып жатады. Ол адамдарды жан дүниедегі ізгі ойларға, ізгі сезім­дерге құлақ асуға үгіттейді. 

Түйін

Сөз зергері Б.Майлиннің артында қал­ған мол көркем мұраларын қайта­дан па­рақтау кезінде біз байқаған ерекше­ліктерді енді санамалап айтып кетелік.
Ең алдымен, жазушы Бейімбет – өмір­ді әсірелеп, көркемдеп жатпай-ақ сол мөлдір, тап-таза қалпында көшіре са­лудың асқан шебері бола білді. Алайда, оның осындай шыншыл, табиғи жазу әдісін кейбір сыншылар мінеп көрсетіп, «қарабайыр дүние» деп жазғаны да рас. Дей тұрсақ та, бұл Майлинге тән жазу мәнері болып қала бермек. Екіншіден, оның шығармаларын оқып отырып, өзі өмір сүрген кезеңнің шынайы келбетін, таза табиғатын көз алдыңызға бірден елестете аласыз. Үшіншіден, жазу­шының жеңіл, ойнақы әзілдерінің өзі замананың ащы да ауыр жүгін арқалап тұр деуге болады. Төртіншіден, Майлин сол аласапыран уақыттың тамыршысы, сыншысы, мінеушісі, былайша айтқанда барша қоғамдық кеселді ащы мысқылмен сын садағына алушы. Бесіншіден, Бейімбет шығармаларының өте қарапайым тіл­мен жазылуы халықтың жүрегіне жа­қын, түсінуіне оңай, тіпті ел ішіндегі шындықты «өз тілімен» баян еткендей әсерде боласыз. Алтыншыдан, ол әйел теңдігі мен махаббат – сүйіспеншілік жайынан сөз қозғағанда біржақты кетпейді, көзді жұмып алып, тамсана бермейді, әрбір оқиға-суретті баяндау сәтінде ас­тарлы келеке, жеңіл юморға да кезек беріп отырады.
Ең бастысы – Бейімбет қаламгер шы­ғар­малары біз үшін дәуір шындығын, уақыт үнін һәм қоғам қателіктерін де без­бендеуге барынша көмек бере алатын құнды дүниелер. Олай болса, ендігі жерде біз Бейімбет Майлин шығармаларына қайта үңіліп, басқаша көзқараспен оқуымыз қажет. Солай еткенде ғана Бейім­беттің тығылып жатқан құпия тылсымы өз сырын аша түспек.
Біздің әзірге түйген ойларымыз  осы!

 

Алдыңғы «
Келесі »

6 Пікір бар

  1. Жазушы Майлинге жаңаша көзқарас керек екені рас. Мына мақала сол ойдың үстінен түсіпті. Риза болып оқыдым.

  2. Жолтай, сен осыдан оншақты жыл бұрын Әуезов туралы өте жақсы монографиялық кітап жазып ең! Сол еңбегің тіпті докторлық диссертацияға татитын еді. “Әуезовтың жұмбақ әлемі” деп аталушы ма еді? Доктор болдың ба?Ал, мына зерттеуің де нысанаға дөп тиетіндей! Майлинтанушылар баршылық, бірақ сенің ойларың қызықтау, жеке кітап етпейсің бе? Тілектеспін!

  3. Бұл мақала таза зерттеу емес, Ары кеткенде әдеби эссе! Ғылыми еңбек барлық шарттарды сақтап жазылады.

  4. Осындай ойсалар мақалалар жазыла берсе, ол артық па?

  5. Майлиннің әлемін толық ашып көрсету үшін үлкен өре керек! Бейімбет ашылмай жатқан арал іспетті қаламгер. Осы күнге дейін оның шығармаларының бетін қалқып келеміз! Жолтай-қаламгердің көңіліне келмесін, ойлары жақсы-ақ, алайда зерттеу мақала өте терең болғаны абзал! Жазушының жазушы туралы толғана жазуы бір басқа, ал ғалымның ғылыми тілмен өрнектеуі бір басқа! Жолтайдың бір ойы есімде қалды.Майлин әңгімелері-өз заманының бар шындығын әжуалаушы, сынап-мінеуші,мысқылдаушы деген ойы…

  6. Несі бар, жап-жақсы мақала! Айтар ойы айқын, Майлинтануға қосар пікірі бар екенін байқадым. Майлинді жан-жақты зерттей берейік!

Пікірлерге тыйым салынады.