Мінуардың жан әлемі

  • 18.12.2014
  • 571 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Төреғали ТӘШЕНОВ, 
ақын, ҚР Мәдениет қайраткері

2003 жылы Бақыт Сарбалаұлы басшылық ететін «Қазақ Елі» газетіне қосымша жұмысқа тұрғам. Өмірінің соңында осы газетте жұмыс істеген ақын Нұрлан Мәукенұлы таяуда қайтыс бол­ған-ды. Мен келгенде редакцияда көзге жас көрінгенмен, елуді еңсеріп қалған Қалбай Әділ мен пайғамбар жасындағы марқұм Шаншархан Төрегелдиев бар екен. Алдында жарық көрген екі-үш мақалам көңілінен шыққан болса керек, танысқан бетте Қалбай жылы қабақ танытты. Шаншархан ағам «өзіміздің каратауец екенсің ғой» деп, бірден әңгімеге үйіре жөнелді. 


Ал, осы газетте төрт-бес жылдан бері қызмет ететін үшінші адам – ақын Мінуар Әкімханов, атын естігенім болмаса, көрме­ген кісім. Бірге қызмет ететін болсақ та, біраз уақытқа дейін көре алмай жүрдім.  
Бір күні күткен кісім де келді.  Түр-келбеті қазақтан гөрі татарға келіңкірейтін, бой-басын таза ұстайтын, үсті-басы тап-тұйнақтай, алпысты алқымдаған ақсары кісі екен. Таулы өлкенің адамы – Нарынқол, Кегеннің қазағы болып шықты. Басында ылдым-жылдым, қушыкештеу көрінген, таны­са келе байқағаным,  шымшыма тілі бол­ғанымен, қарапайым, табиғаты момындау кісі болып шықты. Бәрінен де шынайы күлкісі ұнады. Марқұм Шаншархан ағам таңдай жібіткісі келгенде кейде шындап, кейде шым-шымдап отырып қалтаңның түбін қаққызбай тынбайтын, Мінекең  болса бір күні оңашада майдалап отырып-ақ мезірет жасатқызды. Содан бері де, міне, бақандай он жылдан асып кетіпті. 
Талант топырағына тартып туады деседі. Мінекең туған, өсіп-өнген Сарыжаз – жері көркем, саясы салқын, аласа таудың қапталы қалың қарағайлы, дәрілік өсімдіктің түр-түрі өсетін өңір.  Бұрынғы Нарынқол (қазіргі Райымбек) ауданының Сарыжаз ауылын айтып отырмыз. Бұл ауылдан Нұртан Төлепбергенов, Райхан Мәженқызы, Серікжан Қажи, Ғалымжан Мұқанов марқұм шыққан. Бесеуі де Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше кітаптардың авторлары. Өмір бойы колхоздың қойын бағып өткен әкесі Әкімханның сүйегі осы ауылда жатыпты. Жасы 80-нен асып бақилық болыпты жарықтық. Ал, анасынан… бар болғаны екі жасында көз жазып қалыпты. Өң-түсін есіне түсіре алмайды. Мінуар ақынның көздерінен кей-кейде айықпастай мұң сезілетін,  сол мұң белгісіз бейнедегі анаға деген сағыныш дерті екен де.  Өзімнің әкем Әліп те бес жасында  әкесінен айырылған, суреті де қалмаған. Сондықтан, ондай сағыныш-мұңды жан-жүрегімізбен болмаса да, сырттай сеземіз.  Айтпақшы, Мінекеңнің түр-келбетінің татарға ұқсайтынындай бар екен, жастай кеткен анасы татар қызы болып шықты.  
«Көрмедім түр-түсіңді ес білгелі,
Даусың да «ұлым» деген естілмеді.
Жатырсың жат өлкенің                            топырағында,
Басыңа апармады ешкім мені. 
Тұрағың бүгін мүлдем қалды бұрыс,
Орнатты көкірегіме қайғы қуыс.
Қарайып қырда жатқан қабіріңе,
Салмадым топырақ та жалғыз уыс.
Жетпіске желіп ұрып, келдім кеше,
Қым-қуыт қиындықты жеңдім неше.
Осынау ұзақ жолда жолықпадың,
Жүрсің сен қай жерінде жердің, ше­ше?» – дейді ол аяулы анасы Ұлманға арнаған өмірлік өлеңінде. 
Ағалардың аялы алақанын көрген ақындар қандай бақытты десеңізші.  Мұқа­ғали мен Төлегенге жыр абызы Әбділдә Тәжібаев көп қамқорлық көрсеткен. Ал, сол Мұқағали туған мұзарт өлкеде ат жалын тартып мінген Мінуар ақынның қасиетті қара өлеңге тұшынып,  жыр пырағының жалына бекем жармасуына дүлдүл ақын Әбу Сәрсенбаевтың ықпалы зор болыпты. Өзі оны былай өрнектейді: 
«Жұмыс құрып қалғандай өзге қылар, 
Болғанымды қарашы сөзге құмар.
Ах, ұрып, нені армандап өткенімді, 
Ойымнан қағаздағы сезген ұғар.
Өткендей сүзгісінен жез қалбырдың,
Артыма біразырақ сөз қалдырдым.
Аралап өскен жердің өр-еңісін,
Дүниенің қызығына көз қандырдым.
Мықтыға жүрсең де дос теңегелі, 
Ағынға қарсы жүздің деме мені.
Есімнен кетпейді әсте жыр 
                жарыста,
Аяулы Әбу ақын демегені».
Әбу ақын туған әкесіндей аялап, жоғары білім алуына, «Тұңғыш» атты жас ақын­дардың жыр жинақтары сериясы бойынша алғашқы кітабының жарық көруіне септесіпті. Сонау 1965 жылы басталған аға мен інінің достығы Әбу ақын о дүниелік болған 1995 жылға дейін жалғасқан екен. Бірі – ауылда, бірі – Алматыда тұрса да, шынайы сыйластық жібі ешуақыт үзілмеген.  
«Ақынмен бірге өтседе аз-ақ жылым,
Есімде «Ұлым» дейтін ғажап жылы үн.
Жұлдыз боп тас төбеңде тұрады Әбу,
Байытқан өшпес оймен қазақ жырын», – дейді ол тағы бір өлеңінде әкесіндей Әбуге. Бұл да ақындардың бәріне бұйыра бермейтін бақыт. 
Мінуар ақын – қазақ поэзиясына сонау жетпісінші жылдары келіп қосылған буынның өкілі. Ол заманның қолына қалам ұстағандарының бәрі  Қасым ақынды пір тұтып өскен.  Мінуарға да өктем үнді Қа­сым ақын жасынан жақсы таныс болды. Өлеңдерін айтып отырмыз.  Шоқ шайнаған дауыл Қасымның соңынан адуын Мұқағали ағасы шықты. Өзінің жерлесі. Кезінде Мұқағалидың өзі қолтаңбасын жазып берген екі бірдей кітапты 40 жылдан астам уақыт жеке мұрағатында сары майдай сақтап келеді. «Қарлығашым, келдің бе?» кітабын ақынның үйіне барғанда, ал, «Мавр» кітабын ауруханаға халін сұрай барғанда қолтаңбасымен беріпті. Мұқаң «Маврды» ұсынарда: «Әй, қызталақ, ар­қаңды тос», – деп, кітаптағы қолтаңбаны Мінуар інісінің арқасына қойып тұрып жазып беріпті. Сол Мұқағали қызмет еткен аудандық «Хан тәңірі» (бұрынғы «Советтік шекара») газетінде Еркін Ібітанов ағасымен бірге бұл да көп жылдар қызмет істеді. Талай жасты жазу өнеріне машықтандырды, талай тағдырларды танып-білді. 
Тоқсаныншы жылдардың соңында, ер жасы елуден асқан шағында Алматыға қоныс аударды. Ауылда жүріп шығарған «Тұңғыш», «Шалқия», «Жырға сапарға» Алматыға келген соң «Жалғыз арша», «Айғайтас», «Қош келдің, қоңыр күз», «Нарынқол нақыштары», «Кеусен» атты жыр кітаптары қосылды. 2003 жылы Райым­бек ауданының Құрметті азаматы атанды. Осы жерде Мінекеңнің қаламдас ағаларына тигізген пайдасын айта кетелік, ол – марқұм жазушы Нұрқасым Қазыбеков пен көзі тірі қаламгер Эрнест Төрехановтың Райымбек ауданының құрметті азаматы атануына қол ұшын бергені.  Аталған ауданның сол кездегі әкімі Қаһарман Күдеров пен мәслихат хатшысы Мәдениет Ұнасбаевпен ұзақ жыл сыйлас болып еді, өтінішін жерге тастамады. Нәтижесінде қос қаламгер атақ алып, мерейленді. 
Ендігі аз сөз, Мінекеңнің поэзиясы жөнінде. Артық айтты демеңіз, қай кітабын парақтасаңыз да тұнып тұрған таза, мөлдір көркемдікті кездестіресіз. Әсіресе, табиғат суреттерін кестелі жыр тілінде сөйлеткенде, ақындық өрім­дері тіл үйірілтеді. Көк тіреген Хан Тәңірінің етегінде табиғатпен ту­ған­­нан етене өмір сүрген ақын сол тұмса табиғаттың өзіндей кіршіксіз та­залыққа, сулулыққа, қайсарлыққа, асау­­­лыққа ынтық. Содан да қаламы кө­сіліп сала береді. Соңғы жылдары жиі кітабы шығып жүрген ақынның қай жинағынан болсын оқырман көңілін нұрға шомылдырар, жауһар болмаса да жауһарға жетеқабыл жырлардың жиі куәсі боласыз. Сөйтіп, Мінуар ақынның уа­қытын  бекерге жырға жұмсамағанын, қасиетті Өлең бағында өзіндік орны бар екенін бағамдайсыз. Енді ше, махаббат туралы өлеңдері мазмұнды, табиғат туралы толғаныстары тебіреністі. Дала мен қала өмірінің қалтарыс-бұлтарысы, тіршілік-тынысы. Адам жанының тұңғиық жұмбақ сыры, жүрегінің лүпілі. Соның бәрі балталасаң бұзылмайтын шымыр ұйқастармен өрілген. Мәселен, «Нарынқол нақыштары» кітабында туған дала көрінісін, зеңгір көк аспанын, қарағайлы орманын, тау-тасын, өзен-өзегін, сай-саласын, қырат-ойларын, жықпыл-жыраларын, қыс­қасы саңлақ суретшінің түрлі-түсті бояуы­ның реңімен сызылған көрінісін көз алдымызға жайып салады. «Шалкөде», «Айғайтас», «Жалғыз арша», «Шалқия» сынды қасиетті Хан-Тәңірі баурайының көрікті, сұлу жерлерін тамаша поэзия тілімен тегіс түгендеп шығады. Бір деммен оқылатын «Сені іздедім» өлеңі бар-жоғы он шумақтан тұрады. Он шумақ осы өлеңде жиырма шақты жер-су аттары кездеседі. Ақын атауларды құр тізбектеп шықпаған. Өлең: 
«Жан едің ғой ой бөлісер бір сенген,
Дедім дәйім, күліп бірге жүрсе елмен.
Тау мен тасты араладым армансыз,
Нарынқолда жоқсың қазір білсем мен! – деген әдемі түйінмен аяқталады. Туған жерінің ой-қырқасын жалаң суреттемей, алағызған сезіммен еліктіре, астас­тыра, ойнақы әрі ықшам түрде суреттеп шығуы – Мінуар ақынның құйылып түскен  семсердей өтімділігі, шеберлігі. Әрине, шағын мақалада ақын поэзиясын талдап шығу мүмкін  емес. «Теңіз дәмі тамшыдан білінеді» дегендей, там-тұмдап болса да шынайы ойымызды айттық.  Терең қамтып, толық талдау – болашақтың еншісінде. Ол сол келер уақытқа төтеп беретін ақын. 
Біздер алғаш танысқалы да он жыл заулап өте шығыпты. Мінуар ақын да  70 жастың қыр арқасына мініпті. Өзі айтқандай, жетпістің отын аман жаққан ақ самайлы, күміс терін өлеңге төккен ақын  сеңгірлі сексенді жат санамас та, жасқанбас та. Алда да шалқар шабыстан танбай, мәуелі поэзия бағының жыр жемісін теріп жей беріңіз Мінеке, дегіміз келеді. 

Алдыңғы «
Келесі »