«БАЛЫҚ АУЫЗ, БАҚА ТІЛДЕС» ТІЛІ ШҰБАР, ДІЛІ ЖЕТІМДЕР БҰНЫ ТҮСІНЕ МЕ?

  • 18.12.2014
  • 484 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Мұқият Қойшыбайұлы,
Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық өлке тану мұражайының ғылыми қызметкері

Адымын ауылда  ашып, ат жалы­на жармасып, сағым қуалап өс­кен  адамды қаланың бір қалыпты сүрең­сіз тірлігі кейде  жалықтырып жіберетіні шындық. Бітіріп жатқан түгің жоқ. Алайда, қарбаластықтан мұр­ныңа су жетпей, шапқылайсың да жүресің. Аракідік  жұмыстан соң қа­сы­ңа жұ­байыңмен балаңды ертіп,  кешкі серуенге шыққаныңмен оның да жаныңа силайтын ләззаты шамалы. Күнде көріп көзің жауыр болған тас қала.  Жатып кеп ауылды аңсайсың. Ауыл басқа,  қала басқа. Ауыл шіркін алтын ұя ғой.  Ауылда кімнің үйіне барам, –  деп бас қатырмайсың.  Көрші-қолаң, бәрі туысқаның сияқты.  Қалаған  уақытыңда кіріп  шығасың. Әйтеуір, уақыт талғамайсың. Бала біткен, тіпті, үй бетін көрмейді. Адымы жеткен жерге сүрініп жығылып, сол үйге түнеп шығады.

Ал,  қала да ше? Бәрі керісінше. Түс  таныстарыңмен аман-сәлемің дұрыс. Көршіңнің үйінің  өзіне  шаруаң болғанда ғана бас сұғасың. Онда да кінәлі адамдай есігін еппен қағып,  рұқсатын аласың. Бейберекет есігін қағуға дәтің бара бермейді. Е-е, Қашанғы көршіңнің есігін қаға бересің?! Содан келіп не істейсің?! Баяғы үйдегі теледидарға телміресің. Ондағы түрік пен орыстың  сериялдарынан жалығып, жаңалық қараған боласың.  Оның да шекесі қызып жатқаны шамалы. Қырып кетіпті, ақша жеп қойыпты, өртеніп өліпті, зорлап кетіпті, асылып  ана дүниеге аттаныпты, – деген жаңалықтардан құлағың жауыр болады. Жағаңды ұстайсың.  Көңілге болмаса құлазып қаласың…  Содан соң, кешқұрым қа­ла­лықтардың жайлауы балконға шы­ғасың. Үйіңнің алдынан арлы-берлі өткендерге назарың ауады. Ата сақал ауызына біткен, мешіттердегі жамағаттың санын көбейтіп, үйдегі бала-шағаға ақылшы болатын аға­лары­мыздың өзі шолақ шалбар киіп, есінеп-құсынап  теңселіп бара жатады. Алтынға оранған шашы бұйра, жалаңбас әжелер… Оларды айтпаған күннің өзінде,  әсіресе,  жастарға қарап қарның ашады. Көрші қыз-қырқын, жігіт-желеңнің әрекеті ойыңды қам­шылайды. Олар болса  үлкендер бар-ау, – деп те қымсынбайды. Қолына ілін­генін үстіне іліп, ойына келгенін істейді. Жастықтың желігі шығар! – дейін десең,  бізде бозбала болған сияқ­ты едік.  Бізде көршінің қызына ға­шық болғамыз. Алатаңға кірпік ілмей бармақ тістеп ойланып; 
 Көрші бойжеткен,
Сенде бір сұлулық бар бойды еріткен.
Күндіз көрсем түнімде тұрып алдың,
Көз алдымда көлбеңдеп көк көйлекпен, – деп өлеңде шығарғамыз.  Бірақ,  бүгінгі жастар сияқты жұрт көзінен қымсынбай айқаса кетпеуші едік. Сол жазған өлең­дерімізді кейіпкеріне оқып бергенше асық болып, соларға  жолығудың оңтайлы сәтін күтіп, жұрт көзінен таса жерлерді  торуылдаушы едік. Ондай сәтте ол шіркіндер де келе қойса ғой. Зарықтырып, сабырың таусылғанда келіп,   қолынан бір ұстатып кеткені біз үшін айға бір барып келгенмен барабар еді-ау! Ал, қазір ше?! Бәрі өз бағасынан айрылған сыңайлы. Менің қылықты қарындастарыммен талғамсыз бауырларыма бәрібір сияқ­ты. Болашақ ұрпақтардың ата-ана­сы болатындардың бүгінгі жағдайы осындай. Ішің ауырмай қайтсін. Тіпті, жақын көршім ана бір қарындастың қылығы менің жынымды келтіреді. Намысымды жер етеді.  Түр десе  түр, бой десе бойы бар. Сымбатты, қарақат  көздері мөлдіреген, әп-әдемі сұлу қыз. Қазақтың қара домалағы құрып, не болмаса қырылып қалғандай,  қашан көрсең қайдағы бір басы көзін жирен сақал басқан орыс жігітінің құша­ғында өміріне риза балқып тұра­ды. Қолдан келер шара жоқ. Егер, оның орнында қара домалақ қазақ жігіті болғанда  сыртынан сүйсініп,  ішімнен соларға бақыт тілемес пе едім. Ал, мына көріністі көріп қаным басыма шабады. Өзіммен-өзім бұлқан-талқан боламын. Менің мұндай  қылығымды көрген  әйелімнің жүйкесі сыр беріп, – жұртта шаруаң қанша? Жайыңа жүрмейсің бе, – деп шамданады. Кейде сол үшін жазығы жоқ ол байқұсты ұрсып,  өкпелетіп те аламын. 
Бала күнімнен қазақылық бойына сіңген менің ұстанымыма қайшы келген мына қара көз қарындасымның болашағын  ойлап кейде түнімен дөңбекшимін. Мүмкін,  біреулер ойлайтын шығар! Осының жұртта жұмысы қанша? Сіңген тамағын ішіп, жайына жүрмей ме  екен, – деп. Кешірерсіздер! Мен өйте алмаймын. Қазақтың әрбір қара көзі менің қарындасым! Болашақ ұрпақтарымның анасы. Ертең елге тұтқа болатын ұлдарымның сүйікті жары. Сіз осыны түсінуге тиіссіз…  Ой Құдай-ай, ана қыздың ата-анасы, аға-бауырлары сонда  қайда қарап отыр?! Бай­қамай қалды дейтін емес, күнде көрем. Сонда не, көрседе көрмеске салып, шар­шаған үкі құсап көзін жұмып отыра бере ме?! Жарайды, махаббат, бауыр еті баласының талғамы деген күннің өзінде ертең «Менен тарған тұқым еді», –  деп, өзге бір ұлттың  қуыршағын құшағына алып,  қалай мейірленбек. Қалай басынан сипап, ықыласын аудармақ.  «Қанымның тазалығы, арымның тазалығы», – деп шырылдаған болаттай берік ата дәстүрім қайда қалды? Мен осыны түсіне алмаймын. Ұзақ ойға шомып, өткен тарихыма көз жүгіртемін. Бабаларыма  қиянат жасап жүргендей күй кешемін. Әрі-беріден соң мына бір тосын жағдай  көз алдымды кес-кестей  береді…  
Иә, осыдан бірнеше жыл бұрын.  Яғни, Қытай халық республикасы Іле қазақ автономиялы облысы Текес дейтін ауданда орын алған оқиға еді. Мен сол жылы 11-сыныпты тәмамдайтын  кезім болатын.  Ал,  негізінде осы ауданнан екі жүз шақырым ауылда өмір есігін ашқан  қара домалақтың бірімін. Бірақ,  осы ауданда тұратын апа-жездемнің үйінде жатып оқимын.  Біз тұратын шағын ауданда көршілеріміздің басым бөлігі  өзге  ұлттың өкілдері. Арасында жиыр­ма түтінге жетер-жетпес қазақтар  тұ­ратын едік. Біз аз болғасын да қа­зақтар бір-бірімізбен туысқандай жа­­қын араласамыз. Бір күні көрші­міз­дің менен екі, үш жас үлкен қызы күйеуге қашып кетіпті, – деп естідік. Қанша дегенмен қарға тамырлы қа­зақ­пыз. Құтты болсын айтып, бар­ған жерінде бақытты болсын! – деген  із­гі тілекпен сол үйден төбе көрсету әуелден  қанымызда бар қасиет. Ести са­лы­сымен апа-жездем сонда кетті. Неге екенін барғандарынан, келгендері тез болды. қабақтары түсіңкі, түрлері бір түрлі абыржулы. Көңілге болмаса сасып қалдым. Көп бөгелместен жездемнен не болғанын сұрай бастадым. Жездем аз-кем маңдайын ысқылап тұрды да, – Балауса бәрімізді жерге қаратты, – деді күрсініп (ол қыздың аты Балауса еді).  Мен үнсіз сұраулы көзбен жездеме қарадым. Жездем сөзін қайта сабақтады. Түрінде ашудың табы байқалады. – Ана шүйке бас қазақтың баласы құрып қалғандай Қытайға тиіпті! – деді жерге қарап. Менің де өзегім солқ ете қалды. Ашуым өксік болып алқымыма тығылды. Орнынан қозғалып бара жатқан жездемді тоқтатып: 
– Масқара, енді не болады? – дедім жыламсырап. 
Жездем: – Не болатынын өзің ет құлағымен естисің! – деді де жұмысына кетті. 
Арада бір, екі күн өткенде көршіміз барлық көрші-қолаңдарын үйіне шақыр­ды. Апа-жездем мені де алып барды. Үй  толы адам. Жақын маңдағы  иісі қазақтың бәрі шақырылған. Туыс-туған, аға-бауыр, қайын жұрты, нағашы-жиен атаулының барлығын  қалдырмаса керек. Ес білген бала-шағаның да қарасы көп. Дауыл алдын­дағы тыныштықтай ешкімде үн жоқ. Әркім өз ойымен арпалысып отыр. Бұл тыныштық көпке бармады.  Жас  ша­масы елудің жуан ортасына ілінген, осы ауданда беделді қызметте отырған  Балаусаның әкесі, көрші ағамыз орнынан тұрды. Әдетте жаны жайсаң, түрі жылы адам сияқты еді. Бірақ,  қазір  түрінен ондай белгі байқалмайды. Сұрланып алыпты. – Айналайын ел – жұртым, өздеріңізде естіп жатқан шығарсыздар. Мені тірідей өлтіріп кетті. Мен ғана емес-ау, сіздерді де жерге қаратты. Бәріміздің намысымызды қорлады (Неге екенін қызының атын аузына алмай әңгімесін осылай бастады).  Жастайынан үлдемен-бүлдеге орап өсірдім. Бетінен қақпадым. Бар айыбым әліппені Қытай тілінде танытып едім. Онда да жаман оймен Қытайша оқытпадым. Қатарынан қалмасын, болашақта өз нанын қиналмай тауып жесін деп едім. Қайдағы бір базарда доңыздың етін сатқан Қытайға тисін демеп едім. Әттең,  бәрі керісінше болды. Соның жемісі, міне, бүгінгі жағдай. Бұл кешірілмеуге тиіс. Мен мынадай шешімге келдім. Араларыңызда ме­нің барлық жақын-жанашырларым отыр. Сондай-ақ, молдамызда осында. Біз ақылдаса келе ол баланы шіріген жұмыртқа деп таныдық. Бұдан былай бізден тараған ондай тұқым жоқ. Сіздердің де ондай қыздарыңыз жоқ! – деп санаңыздар. Ешкім де босағасынан аттатпасын. Көшеде көрсеңіздер бетіне тура қарамаңыздар. Ата-бабасының ардақты дәстүрімен алтын дініне  тү­кір­ген адамды ешқашан аяуға болмайды. Мына бала соған лайық. Амал не,  қолдан келсе атып-ақ тастар едім. Оған мына елдің заңы жол бермейді. Сондықтанда, осындай шешімге кел­дік. 
Жұрт біткен үнсіз. Менің өнебойым мұзап барады. «Тірі өлік» – деп әлденеше рет ішімнен күбірледім. Отырғандардың барлығы осы өкіммен келісетін сияқты. Мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін Балаусаның анасының  да қабағы  қатулы. Түрінен ешқандай қобалжу байқалмайды. Қара тастай қатып отыр. Көрші ағамның соңғы сөзі қатылдау шықты. Тағы да мүлгіген тыныштық орнады. Кіріп-шы­ғып жүрген келіншектер дастархан жәйді. Дастархан жайыла салысымен  сы­­быз­ғының үніндей қоңыр дауысын көте­­ріңкіреп,  молда ағамыз аруақтарға бағыштап құран оқыды. Құран оқылып бол­ғасын шәй құйыла бастады. Шәй ішіп отыр деген аты болмаса «У» жұтып жатқан сияқтымыз. Жиналған жұрттың  бәрі өздерін кінәлі сезінгендей,  бірінің  бетіне бірі қарай алмайды. Қоғамның түсініксіз тұстарын енді-енді көре бастаған менің бала жүрегім қарс айрылып барады. Көрші аға-тәтемді аяғаным соншалық аяқтарын құ­шақтап зар еңірегім келді. Амал не? Міне, бұл жағдай менің есімнен кетпек емес. Әлі күнге санамда. Ойлаған сайын рухым артып, бойыма ұлттық намыс нұр болып құйылады. Әлемдегі әр қазақ ата-дәстүріне осылай қараса,  бізді ешқашан жау алмас еді-ау! Бірақ, арамыздағы «Балық ауыз, бақа тілдес» тілі шұбар, ділі жетімдер бұны қайдан ұқсын!!!

Алдыңғы «
Келесі »