Телесериалдардың тәлімі қандай?

  • 18.12.2014
  • 245 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Телесериал профессор М.Барманқұловтың айтуы бойынша бас-аяғы бүтін жеке-жеке фильм­дер топтамасы.  Олардың әрқайсысы белгілі-бір  оқиғаға құрылады. Оларды ортақ кейіпкерлер біріктіреді,оқиғалар мен сюжеттер бірінен-біріне  жалғасып жатады. Онан соң әрбір серия тақырыптық желіге байланып, үлкен бір идея сомдайды. Мұндай шығармашылық теледидар табиғатына да қолайлы. Себебі, сериалдың хронометражы 30-40 минут шамасында болатын жеке фильмдерін телебағдарламаның кез-келген жеріне ендіруге  болады. Екіншіден әрбір фильм, оқиғасы шиеленіскен, қызықты жерінен бітіп қалады да көрермен соның жалғасын күтуге мәжбүр болады. Мұның өзі көрерменді тарту тәсілі болып шығады. Бүгінгі күні теледидардың басым көрсетілімі телесериалдар болатыны осыдан болса керек.


Әлем елдеріндегі сияқты, қазақстандықтар да шетелдік фильмдерді қарауды күнделікті өмір дағдысына айналдырған. Әсіресе, түрік сериалдары немесе корея телехикаялары өз ұлтымыз көрермендеріне майдай жағып, судай сіңіп келе жатқанын жасыруға болмай қалды. Ол дұрыс та. Өйткені, Корей халқының үлкенді сыйлау, кішіге ізет, досқа адалдық дейтін адами қасиеттерді жағымды да шынайы көрсете біледі.Сонымен қатар, фабуланы көп боямаламай шынайы етіп көрсетуге тырысады. Яғни, кинодраматургтер көркем фильмнің сценариін  өмір шындығына барынша жақын етіп жазған. Осының өзі Корей сериалдарының құнын көтеріп тұрады. Ал, Түрік киношығармашылығы тектілік пен ұлтты ұлықтайтын биік идеяларды жырлайды.  Мұнда да шындықты ту ету тенденциясы бар.  Демек, бұл елдердің телетуындыларынан қазақ көрермендері игі әсер алады.
Соңғы кездері үнді картиналары  да қазақ көрермендерінің жан сарайына тереңдеп бара жатқандай. «Келін» десе екі қазақтың үшеуі ішкен  асын жерге қоя салып, сол фильм туралы әңгімеге қызу кірісіп кетеді. Мұның  асып бара жатқан ағаттығы жоқ. Қайта құптарлық  себептері бар. Ол еларалық ұғынысқа бастайтын ойсалар кинобаян эпизодтарының әсерлілігі.  Онан соң, қоныс-өрісі мүлде бөлек  халықтардың қарапайым тірлігінің ұқсас жақтары да жоқ емес. Олардың жанымызға жақын салт-ғұ­рыптарына, бізге беймәлім менталитетіне зер салып, өзіміздің танымдық көкжиегімізді ке­ңейту мүмкіндігі болғаны әрине жақсы. Сонымен, үнді киносы қазақ жұртшылығына көп­тен таныс екенін білеміз. Бірақ, бұрынғы кино­ленталар үлкен экранға арналғандықтан оны халық кинотеатрлардан көретін. Содан ба, әлде, сол заманның кино жасау мектебі мықты болды ма, әйтеуір, сол үнді киносына тай­лы-таяғымыз қалмай баратынбыз. Меніңше, екін­шісі дұрыстау  болар, ол кездің киноиндус­триясы күрделі болғанымен, шығармашылық құндылығы, идеялық ұстаным­дары жоғары еді. Қалай болғанда да ол кездегі көрермендердің әсер­ленуін бүгінгімен мүлде салыстыра  алмайсыз. 
Ия, баяғы «Господин -420» (Бродяга) картинасынан басталатын адамның жүрегін сыздатып, жанарынан жас сорғалатын, ли­рикалық шиеленісті сюжеттерге құрылған,   үнді шедеврлерін қазақ қариялары әлі ұмытқан жоқ. Ал, қазіргі көрермендер сол бір аға-аталары, әже-апаларының сезім сәттерін бастан кеше ала ма?  Жоқ!  Оның екі себебі бар. Біріншісі бүгінгі жастар «боевик» көреді, «үрей» сериалдарын тамсана тамашалайды. Бұл енді бала-немерелеріміздің еншісіне жазылған. Десек те, үнді киноларының ке­ше­гісі мен бүгінгісінің арасы жер мен көктей екенін айтпасқа болмайды. Көркемдік жа­ғынан да, идея көтеру жағынан да екі басқа дүниелер. Мұны талдап түсіну қажет-ақ. Енді, осы қазіргі үнді картиналарының шығармашылық болмысына зер салайық. Ой елегінен өткізер болсақ, өміртаным тұрғысынан алғанда бұл кино­туындылардың өнегелі жағынан гөрі керағар  ықпал-әсерлері басым. Алысқа бармай-ақ, осы  қазір жалғасы жүріп жатқан  «Келінді» саралап көрейік. Сценарлық жүйе бойынша, кей жерлерінде образдардың сомдалуы сенімге сыймай қалады. Яғни, кинокейіпкер болмысы, өзінің өмірдегі прототипіне ұқсауы жағынан күдік туғызады,  дәлірек айтқанда өмірде дәл сондай адам кездесуі мүмкін бе деген дүдәмал ойға қаласыз.   Әңгімелеп отырған  фильм драматургиясының қазығы – Каляни-кем­пірдің түрі өзгермесе де, мінезі теріс айналып шыға келетін сәттер бар. Біздің ұғымымызда не­ме­реден артық жан болмайды емес пе!? «…Жан беруге көнер ем, сен аман бол немерем», – деп жүрген  халықпыз. Қандай халық болса да, немеренің тәттілігін жоққа шығара қоймас. Ал, мына, фильмде бала кезінен бауырына басып, бүкіл бұзық қылықтарын, еркелікке балап, кешіре жүріп, ешкімге кейітпей, қорғаштап келген немересі  Жәгиштен  бір сәтте ат құйрығын шорт кесіп теріс айналады да, Ананди-келінге жан-жүрегімен құлап түседі, қайран қаласыз! Жарайды бұл сценарий авторының «Даналық пен әділдік  қариядан тарайды» деген ұлы идеяға кино желісін желкеден тартып иіп әкелгені делік. Ендеше, мұның несі үлгі. Біздің қазақты баласы мен немересінен бездірмек түгіл,  оларды  жамандап көріңіз!.. Екінші бір эпизодта Жәгиштің екінші әйелі, дәрігер-студент бола тұра өз бетімен ота жасайды. Мұның өзі үлкен бір шиеленісті жағдай ретінде көрсетіледі. Алдымен, оны аурухана басшылары «ит талаған терідей» етеді. Ол дәрігерлік этиканы бұзған болады, ұстаздарын ұятқа қалдырып, аурухананың атына кір келтірген, аса тәртіпсіз студент деп танытады. Тіпті, оқудан шығару мәселесі қойылады…  Келесі бір эпизодта ол нағыз адами дәрігер  болып шыға келеді! Мұндағы себеп, студент-дәрігердің ота жасаған адамы сол аурухананың қамқоршысы (біздіңше құрылтайшысы)  екен. Оқиға желісі бойынша, әлгі құрылтайшы  науқас ауруханаға түскенде, жұмыс орнында бірде-бір маман-хирург болмай қалады да, студент ота жасауға мәжбүр болады. Сонда, өз қамқоршыларына көмек көрсететін ешбір дәрігер табылмай қалып, тағдыры студентке қарап қалуы– мүлдем күлкілі. Жарайды мұны да елемей-ақ қояйық. Қызық болғанда,  кеше ғана «оқудан шығарамыз!» – деп зілдене зіркілдеген  дәрігерлер, енді, сол студент-дәрігердің алдында құрдай жорғалап қалады. Қоғадай жапырыла жампарсып құрметтеп жарыса мақтағандарын қайтерсіз! Жоқ, бұл біздің кинодраматургия талаптарына сай емес.  Осы эпизод арқылы  фильм авторлары аурухананың дәрігерлерін тура  мағынада мазаққа айналдырады.  Бұл да сценарий авторының  өрескел қателігі деп  бағалаймын.    
Үнді кинематографияны сынап талдауды осымен тоқтатайық. Енді, өзіміздің киномыз туралы айтар болсақ, біздің кино мектебіміз олардан әлдеқайда озық екені даусыз. Жақында «Алдар-көсе» сериалы телеэкранға шыға бастады. Оған тартылған актерлар құрамы жастар екен, өз рольдерін жақсы алып шыққан.  Әсіресе, бозбала – Алдардың ролін сомдаған  актердің түр-әлпетінен қуақылық нышаны көрініп тұрғаны – режиссер (Д.Махаматдинов) талғамының тамаша жемісі десе болғандай.   Жас таланттың актердің (Д.Серғазин)  қуақы бетқұбылту шеберлігі жақсы қабылданады. Жүріс-тұрысы да қазақ даласында өскен баланы меңзейді, аңыз жанрына жарасып-ақ тұр… Телеэкранға  жарқ етіп шыққан жас талант деп айтуға әбден болады.  Мұның өзі режиссерлық топ жасаған кастингтің сәтті шыққан нәтижесі. Жалпы, фильмнің режиссурасы  тәуір… Десек те, біз әңгімелеп отырған бала Алдар туралы фильмдер тізбегінің айтпасқа болмайтын әттеген-айы да жоқ емес. Фильмдегі екі эпизод қарныңды аштырады. Біріншісі – Алдар жаюлы тұрған  өз жейдесін өзі атып салады да, әйеліне ішінде өзім болмағаныма шүкір, деп көрер көзге  Қожанасыр болып қалады!? Алдар мен Қожанасырдың    болмыстары да, ақыл парасаттары да екі бөлек емес пе? Алдар ақылды қу, Қожанасыр аңқау, бірақ, ақылды, сөзден ұтқыр жан. Рас, екеуі де халықтық пер­сонаждар, содан да екеуі де адал парасат иелері. Бірақ,  бұл екеуінің іс-әрекеттері бірдей не ұқсас деуге құқық бермейді. Ал,  киноэкран арқылы  екеуінің әрекеттерін бұлай алмастырып көрсету ауыз әдебиетіне қиянат жасау болып шығады!
Онан соң, тағы бір эпизодта – Алдар көсе Райымбек деген байды алдап кетеді. Жарайды Алдар алдамаған бай аз шығар, бірақ, халқымыздың атақты батыры, ардақты ақылгөй  әулиесінің атын ақымақ байға бергені қалай?!  Фильм авторларына қазақтың қыруар аттары жетпеген бе? Шындап келгенде бұл екеуі қазақ киносының беделін белінен шойрылтатын мәселелер. Өйткені, киноның өзі ақылшы, үлгі өнеге таратушы екенін ешкім жоққа шығармайды. Осы себептен де аталмыш сериалдың авторы ма, редакторы ма, қайсысы болса да, оларды қазақ фольклорынан бейхабар, ұлттық рухымызға жаны ашымайтын шығармашылар деп айтпасқа амалым жоқ!  

Қосылған Әбжанов,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті, филология ғылымдарының 
кандидаты

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. М. Барманқұлов.  «Денги или  власть»  Алматы  1997 ж.
2. З. Қабдолов. «Сөз өнері» Алматы 1992 ж.
3. Kinoidia.org/Load/indijskij_serial_kelin_ne­vest­ka_anandi_onlajn_besplatno/1-1-0-1.
4. thefilmkz.net/komedia/2728-aldar-kose te­­­le­serial-2011-2012.html.

Алдыңғы «
Келесі »