ТҮРКІ-ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІНІҢ ТАРИХИ КЕҢІСТІГІНДЕГІ ҚОЖА АХМЕТ ИАССАУИ ДАНАЛЫҒЫ

  • 18.12.2014
  • 715 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Кемеңгерлік қасиет Алла Тағаланың адамзат баласына беретін сыйы. Сол қасиетті қадірлеп, оның өрісін кеңейту тұлғаның қасиеті. Тұлғаның өз қасиетіне жауапкершілігі алдымен халықтың, ұрпақтың өміріне қажет нәрсе. Өзінің бойындағы қабілеті, қасиеті, даналығы ха­лықтың игілігі үшін дарығандығын түсінген адам Алланың сеніміне ие адам. Сондықтан да, ата-бабаларымыз дін мен ғылымның құндылығын, оны халық бойына таратып отырған зиялы адамдарын құрметтеген, олардың идеяларын пайдаланып отырған. Ал, халықтың сенімінен шығып, елдің ұйытқысын сақтап, рухын көтерудегі тұлғалардың түсінігі, өмірлік ұстанымдары діннің талабынан, ұлттың қалауынан аспаған. Ұлттың қалауы дегеніміз – мемлекеттің мүддесі деңгейіндегі ұлт қажеттіктері, ұрпақтың рухани қажеттіліктері. Бұл түркі-қазақ мәдениетінің өрісіндегі зиялылықтың рухын, тарихи дәстүрін салмақтай түспек. 


Кемеңгерлер рухы қоғаммен қатар өмір сүрсе ел мұратына жетеді. Себебі, кемеңгерлік қасиет жоғарыда айтып өткеніміздей халық­тың ізгі өмірі үшін адамның бойына беріліп отырмақ. Тарихи уақыттың қатаң талабы мен қиын жолын таразылап, ізгіліктің мәнін түсіну, со­ған қарай бағыт алу бұл тұлғалардың болмысы. 
Түркі-қазақ топырағындағы ізгі қасиет­тердің үлгілеріне толы даналықтың дара құбылысын қалдырған тұлғалардың бірі Қожа Ахмет Иассауи. Сол тарихи уақыттан, бүгінгі, біздің заманымызға жетіп отырған,  қасиетті бабаларымыздың жазып қалдырған рухани мұраларының атауының өзі  ұлты­мыздың өмір сүру дәстүрінің рухын бейне­лейтін мәндерге толы. Ұлттың рухы оның дүниетанымы мен өмір тәжірибесін тарихи және мәдени ұғымдарда. Мәдени ұғымдар ұлт­тың тұлғалану болмысының көзіне айналып отыратын тұлғалық идея. Тұлғалық идея кемең­гердің ізгі қасиеті, даналығы арқылы келеді. Ізгі қасиеттер негізінде, даналық өрісінде орын алған бабалар сөзі ақиқат рухын негіздеп отыратын дүние.  Қазақтың өмірінде игі істің бағытына айналған дүниетанымдық ұғымдардың идеялық желісі осында.
Қожа Ахмет Иассауи бабамыздың мұра­ларына тоқталсақ онда діннің, сол арқылы адамның, ұрпақтың рухын сақтап отыратын ақиқатты дүниелерді танимыз.
Мінажат қылды міскін Қожа Ахмет,
Иә, Алла, бар пендеңе рақым ет.
Сорлы Ахмет сөзі әркез көнермес,
Жер астына кірсем де мен, ол өлмес.
Әм қор болмас қара жұртта 
            қалып та-ай,
Әспеттеген оқыр оны жалықпай.
Оқығанды жебер рухым киелі,
Қиямет күні шапағатым тиеді.
Құдай маған нәсіп етсе жұмағын,
Құлық қойған жұртқа шапқат 
            қыламын [1, 20].
Кемеңгерлік, тұлға бойындағы ізгі қасиет­тер тарихта мәңгі адамзаттың мұрасына айналады. Алла Тағаланың құдіретінің ақиқаты тұлға бойындағы әулиелік қасиет әр кез ұлттың өмір сүру жолында ұрпақ өмірінің мәні мен мазмұнын реттейтін күш. Халықтың арман тілегі, өрісті, талғамы биік түсінігі, ізгілігі, елдігі тарихта әулие, кемеңгер адамдардың дүниеге келуіне себеп болып отырса керек. Халқының ізгі өмірін, ұрпақтың игілігін ойлаған бабаларымыздың тұлғалық деңгейлері олардың өмірінде. 
Дұғада боп жүрсе үнемі бұрыннан,
Өлген кезде беріледі нұр иман.
Хикметтерім кетті тарап жалғанға,
Кім естімей өлсе – сол жан арманда.
Өйткені, ол дертке дәрмен күш берер,
Ден қоймаған кісі бармақ тістелер.
Даналығым – дүниеге жыр дастан,
Дарқандансам, гүлге оранар сырласқан.
Мендік ақыл – өсиет сөз қаласа,
Білмегеннің ой – өрісі аласа [1, 21]. 
Даналық адамның жан азығы, ақыл-ойдың қуаты. Даналығын бүкіл ғаламның иесі Ал­ла­ның ақиқатынан бастап өрбіту ол Пай­ғам­­барымыздың және оның Сахаба­ларының ізгі қызметі. Адамзат өміріндегі қасиетті адамдардың ізгі қызметі игілік болып сақ­талады. Рухани мұраның игілігі мәңгі ұрпақ ырысына, ұлт болмысының рухани өрісіне жарап отырады, оның мәңгі өмір сүруі рухани мұраның ақиқатпен жазылуында, ақи­қатпен өлшеніп отыруында. «Құранның қасиеті» оның бойында барлық жаратылыс бар, жаратылыстың ақиқаты бар. Сондықтанда, Алла Тағаланың құдіреттілігін, жаратылыс бойындағы даналықты біліп, оның ұрпақ түсінігіне жеткізудегі әулие бабаларымыздың қасиеті, ғалам жаратылысының иесі Алланың адамзатқа берген ізгілігінің қасиетін ұрпақ түсінігіне жеткізіп отыруында. 
Ислам діні түркі жұртына өзінің ізгілігін таратты. Исламның ізгілігі адамзат мәде­ниетінің дамуына ықпал етті. Түркі әлемінде ислам дінінің өкілдері қасиетті тұлғалар әулиеліктің рухын қалдырды. Ислам дінінің халық бойына тегістей тарап, оның ұлт мәдениетінің одан әрі дамуына ықпал етуіне себеп болып отырған ұлттың бойындағы рухани қасиеттер. «Тәрбиесіз өскен талантқа амал жоқ» – деп түркі ғұла­ма­ларының өздері жазып кеткендей,  бірер ғасырдың шеңберінде  ұлттың бойындағы қасиеттер мен діннің қасие­тін қатар ұғынып және сақтап отырған, оның болашағына да қызмет ететін мұраларды қал­дырған ойшылдар қазақ топырағында кезекпенен дүниеге келіп отырды. 
Рухтың тірегі рух, кемеңгерлік дана­лықтың көзі. Зиялылықтан күш алған қоғам өмірінде рух пен парасаттылықтың, сана мен ойдың, сенім мен білімнің ар-намыстың рухы сақталады. Сондықтанда, Алла Таға­ланың құдіреті жаратылыс ақиқатын, діннің қасиетін насихаттайтын әулие адамдар тарих алдындағы борышын адал атқарады. Олар ұрпақтың жан әлеміне азық болуы үшін рухани мұраны келер уақыт ішінен дүниеге келетін ізгі адамдарға табыстап отырған: 
Хикметтерім – шәкірттердің ырысы,
Кірмес миға, болса кімнің кір іші.
Кереметім – келген пәрмен Сұбханнан,
Ұлы түбін Құран десін ұққан жан.
Тағылым сөзім сұлтан ғой бұл ғаламға,
Тақыр шөлді гүлбақ қылар табанда [1, 21]. 
Алла Тағала адам баласын жаратқанда оған өзін, халқын, ұрпағын ізгілікке бастап, қауымына қуаныш әкелетін игілікті иеленуге көп мүмкіндік берген. Соның негізгісі әулие адамдар. Бұлар Алла Тағаланың өз құлдары үшін жаратқан адамдары. Осындай құдірет иесінің жолымен жүріп отырған әулие бабаларымыздың өмірі, олардың өмір сүрген қоғамы өз қасиетін тарихта мәңгі сақтап отырмақ. 
Адамның өмірінің философиясы, ұлттың тағдырынан туып отырған даналық, бұл қасиетті «Құран сөзінен» алынған білім. Жаратылыс ақиқатын дұрыс танып білу, адам рухын дұрыс қадірлеп отыру, «Құран» білімі арқылы ғылымды дұрыс игеру өмірдің даналығын қалыптастырады. Жаратылыс рухын, құдірет ілімін, «Құран» даналығын ұғыну үшін өмір болмысындағы құдіреттілік даналығын ұғыну бар. Бұл дегеніміз білім арқылы ақылды жетілдіру. 
Діннің даналығы ұлтты сақтайды, ұлттың сақталуы адамзаттық құндылықтардың сақталуы. Дін даналығы арқылы ұлттың сақталып отыруы діни тұлғалардың тарапынан өмір мәндік құндылықтардың насихатталып отыруында. Түркілердің түсінігінде өмірдің мәні ерлікте, ал, ерлік дегеніміз отанды қорғау, өзіңнің бойындағы жақсы қасиеттерді тани білу. Ерлік пен жалғасатын ұлттың өмірі, аға ұрпақтың өнегесі халықтың өмір мәндік түсінігі. Ислам дінінің  түркі халықтарына тарауы, ұлттың өмір мәндік идеясының  мәнін тереңдетіп, өрісін кеңейте түскен. Соның бір мысалы Қожа Ахмет Иассауи бабамыздың даналығы: 
Хикметімді жайсаң ғашық жаранға, 
Айтың ділі Әминадай адамға.
Қайда көрсең қу менен сұм жалақтап,
Пәк таппадым жеті ықылым адақтап.
Хикметімді аңғарғанға айтыңыз,
Қара қылды қақ жарғанға айтыңыз [1, 21].
Адамның рухани өмірінің, болмысының мәнін айқындап, рухын сақтап, қадір-қасиетін арттыратын имандылық. Рухани адам халқын сүйіп елін құрметтейді, баласын елдікке тәрбиелеп, діліне адал болады. Ол адамгершіліктің түп қазығы ділінде деп түсінген елдің дәстүрі.  Бұндай қоғамда жеке адамды да, халықты да тұлғаландыратын қасиеттер ел мен ердің тұтас ұлттық мұраты­нан бастау алып отырады. 
Ұлттың мұраты – тәуелсіз ел болу. Ал, тәуелсіздіктің басы ұлттың, ұлт өкілі же­ке адамның  рухының таза, ой өрісінің кең, сенімінің түзу болуында. Түркі кемең­герлерінің рухани мұралары осы бағытта жазылған. Қожа Ахмет Иассауи бабамыздың өзі де айтып кеткендей, қасиетті мұра ол ұлттың қазынасы, халықтың игілігі үшін жазылған дүние. Сондықтанда, оның ең басты қызметі ұрпақ ішінен зиялылар рухын оятып, оларды ел мүддесіне қызмет етуге бағыттап отыруында. 
Зиялылық адамның бойындағы рухани қасиеттерінің көрінісі, сол рухани қасиеттерінің халықты әділеттілік жолына, игілікке бағыттап жетелеп отыратын идеяға, адам қызметінің тұтас негізіне айналуы. Ар – иманға ұйыған адамның рухы, өмірдің мәнін ислам діні арқылы түсініп, кемеңгерлердің өсиетінен білім алатын адам зиялылықтың қасиетін дұрыс түсініп, талабын тани білмек. Зиялылықтың ақиқатын дұрыс тану, бұл адамның ұлт алдындағы, игілік жолындағы тазалығы, жауапкершілігі. Сондықтанда, хикметті түсіну ол адамнан рухани тереңдікті талап етеді. 
Адамгершілікпен келген білім, иманды­лықпен мақсатына жететін адам нағыз зиялы адам. Зиялы адам болу үшін зиялы өмір қажет. Зиялы өмір ол «Құран сөз­дері», пайғамбарымыздың өсиеті, дінге адал сахабалардың өнегесі. Бұл жөнінде Қожа Ахмет Иассауи бабамыз былай деген:
Нағыз ғалым тас тесекте байланар,
Жиһанға ілім жайса, көңілі жайланар.
Өзін білсе – Хақты біліп баққаны,
Құдайдан қорқып, ынсап-ұят тапқаны.
Өсиетімді өңшең дана дүр біліп,
Мақсатына жетсін сөзін жыр қылып.
Хикметім – ісім менен сөзім шын,
Еске тұтсам, Алла, есіркер өзіңсің  [1, 23]. 
Рухани мұра алдымен халықтың жан дүние­сіне жақын, оның өміріне қызмет етіп отырады. Түркілердің рухы оның дүниетанымында, өмір сүру салтында және оның ғалымдарының кемеңгер болуында. Шынайы ғалым болудың басты шарты, түркі зиялыларының ақиқаттың мәнін діннен танып білуінде. Алланың берген мүмкіндіктерін дұрыс пайдалану ғылым, сол ізгілігі мол жолға ғалымның өзін өзі дұрыс бағыттай білуі, халықтың ұғымды білім алуына жағдай жасай алуы. Адамның ой өрісінің де шегі бар, біздің көзіміз қанша ұзақтықты қамтыса, адам ойыда адамзаттық кеңістік пен уақыттан аспайды. Бүкіл әлем болмысының табиғатын, ақиқатын қамтитын ой, ақиқат «Құран сөзі». Қасиетті «Құран» сөзінен сабақ алған түркі кемеңгерлері ғылымның адамзат игілігіне ортақ қызметін дұрыс пайдаланып отырған. Ғылым дамуы үшін рухани ортаның маңыздылығын көрсете білді. 
Ұлттың рухани ортасын қалыптастыратын дін, сол діннен білім алған, ғылым мен ілімді қатар меңгерген кемеңгер адамдардың ізгі даналығы Қожа Ахмет Иассауи бабамыздың мұрасының басты қасиеті де тарихи мәніде осында:
Алла деп алып білім, тәлім көрдім,
Анадан қайта туған сәби болдым.
Арылып күнәсінен пәни жолдың,
Адалдық мақамына қайттым міне [1, 29].
Кемеңгерлер, батыр бабаларымыз жауапкер­шілікті өздерінен жоғары ұстап, сол жолда рухани тазалыққа, тереңдікке қол жеткізе алған адамдар. Рухани тазалық адамның қасиетін сақтап, кемелін арттырады, рухани тереңдік халыққа да, ұрпаққа да екі өмірдің игілігіне жол ашатын дүние. 
Адамның жер бетіндегі тіршілік атаулы­сының ішінде жаратушы иесіне жақын болуының себебі, оның бар күші, бар қасиеті жан әлемінде болуында, адам жанының мәңгілігінде. Адамның адамгершілігі, иманды­лық, рухани байлығы, зиялы әрекеті алдымен өз жанының өміріне де жағдай жасай білуі. Ол қайырымды болу, ізгі өмір сүру, халқыңмен бір болу, имандылықты өзіңнің, ұлтыңның, адамзаттың тағдырын шешетін білім көзі екендігін ұғыну. Ислам діні жаратылыс ақиқатын, адам өмірінің мәні туралы идеяларды нақты түрде таратып, түсіндіру үшін адамзат баласына жіберілген ең соңғы дін екендігін осыдан да ұғына аламыз. Әулие бабамыз хикметтерінде былай деген:
Басында әркімнің бұл жалған өтер,
Баянсыз – жатпай жиған малда бекер.
Қарындас, атаң-анаң қайда кетті?
Ағаш ат әлі-ақ бір күн саған жетер.
Хақты сүй, пендешілік қамын жеме,
Кісінің, қыл көпір тұр, малын жеме.
Қарындас қатын – бала кімнен қалмас,
Қожа Ахмет, сынды, сорлы сағың неге?!
Белгісіз қалды енді қанша ғұмырың,
Берік бол, жалғыз Хақты барым де де.
Адамның асыл тегі су мен күл ғой,
Күл болмақ қайта айналып жалын дене? [1, 50]. 
Дүниеқұмарлық, алааяқтық, жалқаулық бұның бәрі неден шығады және адамның өмірін неге әкеліп соқтырады? Өмірдің бар қызығы байлықта деп ұғу түптеп келгенде адам санасын билейтін нәрсе. Бұндай жағдайда адамның рухы әлсірейді, бірлігі ыдырайды, түсінігі тайыздап, көзқарасы өзгеріп отырады, түптеп келгенде адам өзінің адами қасиетінен қол үзіп алуы мүмкін. Сондықтанда, адамдық мән оның жан дүниесінің негізінде. Қазақ зиялысы Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, «Әр жұрттың қанына біткен өзімшілдік, тұрған жерін, өскен елін, өз тұқымым басқадан артық болса екен деген құрғақ тілек, құрғақ сезім ең төменгі дәрежедегі надан адамда да бар. Бұл қасиетті сезім емес; жерін, үйірін сағыну, жеріне тарту хайуанда да бар. Үйренген тамақ, жеген жерін жақсы көру – табиғаттың еріксіз каноны. Ұлтты сүюдің ең төменгі дәрежесі осы» [2, 3].  
Ата бабаларымыздың елді қорғаудағы, ұлтына, адамзат баласына ортақ игілігі мол мұраларды қалдырып отырудағы деңгейі рухани қызметінің терең әрі өрісті келуінде. Оған бірғана себеп болатын нәрсе, тарихтағы ұлттың тұлғалық қасиеттерінің сақталып отыруы және ислам дінінің пайда болуы, тарихи өмір мен діннің шарттарын үйлестіре алған кемеңгер тұлғалардың өмір сүруі. Түркі ойшылдарынан, қазақ билері мен жырауларынан қалған даналық дүниелер ұлтты  сақтап отырды. 
Интеллектуалдық өріс адамның діни сауат­тылығында, діни сауаттылықтың халық­қа тигізер пайдасы адамның қай өмірде болсада иман­дылықтың қасиетін тани білуінде.  Адам өмірінің мәні дүние болмысының заңдылығы арқылы реттеліп өлшеніп отырады. Әулие бабаларымыздың қасиеті өмірдің мағынасын, дүниенің болмы­сының өлшемін даналықпен түсінді­руінде.
Түркілік дүниетаным өрісі өзінің терең мағынадағы жан-жақты қырларымен ерекше, мифологиялық, діни, ғылыми және философиялық білімдерге, мәдени жәдігерлерге толы. Ата-баба рухын құрметтеп, оның дәс­түрін жалғастыру түркілердің  ұлттық мәде­ние­тінің белгісі. Ұлы тарихты жасаған түркі батырларының, ғұлама ғалымдарының, әулие ойшылдарының дүниелері, түркілік философияның қалыптасу негіздері мен даму өрісін сақтап отырған.  
Үмбетхан СӘРСЕМБИН,
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің, Әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Иассауи Қожа Ахмет. Даналық кітабы. Алматы: Халықаралық Абай клубы, 2009. – 312 бет. 
2. Жүсіпбек Аймауытов. Ұлтты Сүю // Ақиқат №6, Маусым, 2013.

Алдыңғы «
Келесі »