Айдар Әлібаев: Ұлттық қордың қапшығын ашу – мәжбүрлі шара

  • 10.12.2014
  • 294 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Күздің соңғы айында мемлекет басшысы күтпеген жерден Қазақстан халқына жолдауын жариялады. Бірақ президент жолдауындағы ең басты ерекшелігі оның кенет жария етілуі емес, Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізді алдағы бірнеше жылда ауыр кезең күтіп тұрғаны туралы ашығынан мойындауы. Еске салсақ, экономикалық тұрақсыздық кезеңін өту үшін президент экономикалық саясаттың жаңа бағытын жариялады және де алдағы үш жылда жыл сайын Ұлттық қордан $3 млрд бөліп отыруға рұқсат берді.ҚазТАГ орталығы «Қаржы тұтыну одағы» қоғамдық бірлестігі басқармасының төрағасы Айдар Әлібаевтан мемлекет басшысының жолдауына баға беруін сұрап жүгінген еді.

Президент неге Ұлттық қорды ашты?

– Айдар Байдәулетұлы, жақында мемлекет басшысы халыққа кезекті жолдауын жариялады. Сіз оны қалай бағалайсыз? Сіз үшін онда нендей жаңа және күтпеген нәрсе болды?

– Біріншіден, мені таң қалдырғаны — кезекті жолдаудың асығыстықпен жасалуы. Бұл мені еліміздегі, әлемдегі және ТМД аумағындағы жағдайдың даму сипаты президентті осындай асығыстық жолдау жасауға итермеледі-ау деген ойға жетелейді. Жолдаудағы мен үшін ең қызығы Н. Назарбаевтың Ұлттық қорды ашуға рұқсат бергені. Соңғы жылдары біздің жоғарғы шенеуніктердің, кімі болмасын және қандай мақсатқа болмасын, Ұлттық қордан қаражат сұрағанда президент олардың барлығына үзілді-кесілді «Жоқ!» деп жауап беретін еді ғой. Бейнелеп айтқанда ол осы «қапты» байлаулы күйінде және өзінің жеке бақылауында ұстап отырды ғой. Сондықтан да біздің көптеген шенеуніктер ол қордан қаражат алудан үміттерін үзген де болатын. Және кенет, мемлекет басшысы ол қаптың аузын ашып, экономикаға ақша бөле бастады. Менің жеке басым үшін елбасының жолдауындағы ең мәнді және күтпеген шара осы болды.

— Сіз қалай деп есептейсіз, президент бұл қадамға неліктен барды? Ұлттық қорды ашарлықтай Қазақстанның экономикалық келешегі жақын жылдарға соншалықты нашар ма? Немесе басқа да факторлары бар ма?

— Меніңше, оның әрекетін бірнеше себептермен түсіндіруге болады. Олардың біреуі — ішкі себептер. Елдегі экономикалық жағдай алаңдаушылық тудырып отыр: инфляция өсуде, ашық және жабық жұмыссыздықпен күрестің жақсы ұсыныстары жоқ, төлем балансы нашарлайды, ақшаны сыртқа әкету арта түседі, инвестициялар төмендейді, сырттан қарыз алу мүмкіндігі азая түседі. Әрине, біз халықаралық қаржылық нарықтан оқшаудамыз, бірақ Ресейге салынған батыс санкцияларының жанамалап болса да бізге әсері бар. Мұның барлығы қазақстандық экономикаға және елдегі ақшалай ұсыныстарға теріс ықпал етеді. Біз шын мәнісінде 2015 жыл табалдырығында тұрғандықтан, шын мәнісінде сайлау алды кезеңде тұрғандықтан, билік келешекте азаматтардың қолдауына ие болудың шараларын қабылдауда, себебі халық сенімі ақпан айындағы кезекті девальвациядан соң сәл бәсеңсіген еді. Бұл ретте девальвациялық қауіп қайтадан өсіп келеді, ал алда президенттік және парламенттік сайлау жақындап келе жатқаны себепті билік теңгені тағы құлдырата алмаса керек. Десек те қазірдің өзінде ұлттық валюта бағамына қысым болып отырған объективті факторлар пісіп жетілді. Ол күрт арзандап бара жатқан мұнай бағасы, ол рубльдің айтарлықтай әлсіреуі, ол антиресейлік санкциялардың жанама әсері, ең соңында, ол мемлекеттік басқарудың тиімсіздігі, атап айтқанда, ақшаны басқарудың тым нашарлығы. Басқаша айтқанда, бір жағынан теңге бағамын қайтадан әлсіретуге қажет шарттар айдан анық, екінші жағынан кезекті электоралды науқан жақындап келе жатуы себепті тағы да девальвация жүргізу қауіпті. Сондықтан биліктің қолынан экономиканы қолдау үшін Ұлттық қордың қаражатын ел ішінде жаратып, саяси ұпай жинаудан басқа амалы жоқ.

— Ал ол шара Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді?

— Бұл қадам теңге бағамына оң ықпал етіп, банктерге, ШОБ-ларға қолдау болып, инфрақұрылымды жартылай жаңартуға мүмкіндік береді: ТКШ, жолдар, оқу және медициналық мекемелерге. Сол арқылы Ұлттық қор қаражаты қаржы тапшылығы сезілетін салалардың барлығын қамтиды. Осы тұрғыдан Ұлттық қорды ашу — ерікті емес, мәжбүрлі шара.

Қарапайым неоколониализм

— Сіз осы қадамға барудың бірнеше себебі болды деп айттыңыз. Олардың біреуін — ішкі себебін — сіз атадыңыз. Ал сыртқы факторлар бар ма?

– Сөзсіз, сыртқы фактор ішкі фактордай айқын болмауы мүмкін, бірақ ол бәрібір бар. Шын мәнісінде Ұлттық қор қаражаты батыс елдерінің қаржылық тетіктеріне азғантай пайызбен салынып қана қойылған жоқ, шын мәнісінде, еріп барады. Бірақ ең әбестігі — біздің ақшамыз біздің елімізге қайтып келгенде пайызы көптеу болып келетіндігінде. Сол арқылы Ұлттық қор қаражаты Қазақстанға екі рет соққы береді.

— Сіз не демекшісіз?

— Өзіңіз білетіндей, Ұлттық қор қаражаты мұнай және шикізат компанияларының салық төлемдері есебінен қалыптасады. Ол қаражаттар тікелей біздің экономикамызға құйылмаса да, инфрақұрылымның дамуына барудың орнына батыс елдердің құнды қағаздарына, бірінші кезекте мемоблигацияларға салынған. Айтпақшы, ол ерікті түрде жасалып отырған анық нәрсе емес. Мен ол салымдар ерікті-мәжбүрлі түрде жүргізіліп отыруын жоққа шығармаймын. Белгілі бір келісімдер бар шығар, онда Ұлттық қор қаражаты батыстың құнды қағаздарына салынуы керек деп нақты көрсетілген болуы мүмкін.

— Яғни сіз, Қазақстан да, көптеген дамушы мемлекеттер сияқты батыс мемлекеттерінің неоколониялық жүйесіне тартылған деп ойлайсыз ба?

— Иә. Мен қазір ғана айтып отырған нәрселер, ол — неоколониялық саясаттың бір тетігі ғой. Мынадай жағдайды елестетіп көріңізші: адамда миллион теңге болсын. Ол сол ақшасын бір банкке 10 пайыздық кірістілікпен салып, екінші банктен барып 20 пайыздық сыйақымен басқа несие ала ма? Сіз ондай қылықты қалай бағалаған болар едіңіз? Оны ақылсыздық деп айту тым жұмсақ. Ал шын мәнісінде Ұлттық қор қаражатымен мемлекет солай істеп отыр емес пе? Ол қор қаражатын батыс облигацияларына, шартты түрде айтқанда, 1-2 пайызбен салады, ал біздің компаниялар мен банктер жаһандық капитал нарығына шығып, 7 және одан да көп пайызбен ақша қарызға алады. Оған тегін емес қытайлық несиелерді айтсақ, және ол тек өздеріне пайдалы шарттармен ғана беріліп отыр.

— Ақылға сыйымсыз жағдай ғой: өзіміз қаламасақ та, біз Ресей мен Қытай сияқты, батыс елдерінің мемлекеттік шығындарына демеушілік жасап отырмыз емес пе? Оның ішінде Батыс пен Шығыстың геосаяси қарама-қарсылықта тұрған фонында батыс елдерінің әскери шығындарына да демеушілік жасап отырмыз ғой?

— Ол солай болып отыр. Яғни, біздің ақшаларымыз біздің мүдделеріміз үшін емес, олардың мүдделері үшін жұмыс жасауда. Ол аз десеңіз, біз Ұлттық қор қаражатын батыстың қаржылық тетіктеріне салғаннан шығын көріп отырғанымыз былай тұрсын, ол ақша онда еріп бара жатқаны былай тұрсын, ол ақшаны сол америкалықтар болса да қайда болса сонда пайдаланып жатқаны былай тұрсын, бәлкім біздің идеологиямызға, өміртанымымызға және біздің саясатымызға сай келмейтін мақсаттарда пайдаланып жатқаны былай тұрсын, оған қоса, тағы қайталап айтамын, олар осы қаражатты біздің елімізге екінші рет бізге тиімсіз шартпен пайызы жоғары етіп әкеледі! Сөйтіп Ұлттық қордың ақщалары бізге пайда әкеліп қана қоймай, бізге қарсы жұмыс істеп отыр. Бұл жағдайды түсіне білу президентті Ұлттық қордың қаражатын ел ішінде пайдалану шешімін қабылдауға итермелеген факторлардың бірі болды деп ойлаймын.

Қытайдың мысалы – көмек, ал Украина тәжірибесі – сабақ

— Ал мүмкін бізге Қытайдың мысалына ерген дұрыс болар?

– Неге ермеске. Қытайлықтар валюталық қорларды АҚШ мемоблигациясына салу саясаты неге әкеліп соғатынын әлдеқашан түсінді. Қытайлар өз тауарымен бүкіл әлемді, соның ішінде Америка Құрама Штаттарын толтырғасын, соның нәтижесінде Қытайда доллардың орасан резервтері қордаланып қалды. Бірақ олар оны қалай пайдаланады? Иә, бұрын олар америкалық құнды қағаздарға белсенді салынды. Алайда олар ФРЖ (Федералды резерв жүйесі – ҚазТАГ) мен Вашингтон саясатының тұтқынына айналу мүмкін екендерін дер кезінде ұға алды. Қытай басшылығы америкалықтардың кез келген сәтте қулық жасай алатынын және ондай жағдайда Қытайдың дымсыз қалатынын түйсіне алды. Сондықтан соңғы 7-10 жылда қытайлықтар бүкіл әлем бойынша, әсіресе Африкада, Оңтүстік-Шығыс Азияда, Латын Америка мен Орталық Азия өңірінде әртүрлі активтерді сатып алу жағынан агрессивті әрі аса тиімді саясатты жүргізіп келеді. Олар кен орындарын, жерлерді, ірі инфрақұрылым нысандарын сатып алуда: порттарды, темір жолдарды және тағысын тағын. Қытайлар өте ақылмен жасап отыр, себебі, біріншіден, олар ықтималды қатерлі валюта – доллардан құтылады, және, екіншіден, шынайы материалды активтерді сатып алады.

– Дегенмен президенттің Ұлттық қор қапшығын ашу шешімінің себептеріне қайта оралайықшы. Президентті осы қадамға баруға итермелеген тағы қандай себептер бар?

– Әрине, Украинадағы жағдай өз рөлін атқарды. Өкінішке қарай, посткеңестік кеңістікте шиеленістің ошағы пайда болды, оның үстіне қарулы қақтығыс түрінде. Оған қоса бұрынғы КСРО-ның бірде-бір мемлекеті бұдан сақтандырылмаған, және ешкім де Украинада болған нәрсе қандай да бір пішінде басқа посткеңестік мемлекеттерде қайталанбайды деген кепілдік бере алмайды. Сол себепті президенттің Ұлттық қор қаражатын ел ішінде пайдалану шешімін қабылдауында украиналық фактор маңызды рөл атқарды деп санаймын. Нәтижесінде біз не болды, соған иеміз: келесі жылдан бастап Қазақстанның мұнай ақшалары белсенді түрде экономикамызға ағылады. Десек те аздаған мөлшермен болса да, олар елде қазір де қолданылады. Әлбетте, мен соңғы инстанциядағы ақиқатқа үмітті емеспін. Және өзім атап өткен Ұлттық қор қаражаттарын қолдану себептері ол – менің жеке көзқарасым.

Ұлы «талан-тараж»

— Жақсы. Жеребе тартылды. Бірақ сіз Ұлттық қордың ақшалары саяси институттардың, мембасқарудың төменгі сапасы мен шектен тыс жемқорлық жағдайында тиімді түрде «талан-таражға салынбай», тиімді игерілетініне сенесіз бе?

– Мемлекеттік шараларды жүзеге асыру проблемасы ол – тәуелсіздіктің барлық жылдары бойы ақыры шешімі табылмаған проблема. Біздің аузымыз осыдан ылғи күйіп келді. Өкінішке қарай, бізде, бір жағынан, тамаша бағдарламаларды жазу, жасап шығару және түзу өнерін меңгерген тәжірибе қалыптасқан. Бұл көрсеткіш бойынша біз, бәлкім, әлемде бірінші ел шығармыз. Бірақ барлық проблема істі жүзеге асыруға келгенде, біздің тығырыққа тірелетінімізде. Мүмкін мен аз хабардар шығармын, бірақ мен біздің экспорттап келген және өзге елдерде жақсы танымал шикізатымыздан басқа, «Made in Kazakhstan» деген сапалы өнімді көріп отырған жоқпын. Басқа жағынан алғанда, тағы да сол, өкінішке қарай, қазақстандық ұшақтар, планшеттер, паровоздар, автомобильдер өндірісі бойынша да жақсы мысалдар атауға болмайды. Олар жай ғана жоқ. Сөйтеміз де, біз қайтадан көзделген жоспарларды жүзеге асыру проблемасына тірелеміз. Жақсы, президент Ұлттық қор қапшығын ашты және оның ақшалары кететін негізгі бағыттарды белгілеп берді. Бірақ қаражатты жай ғана бөлу аз ғой. Қайта мен шенеуніктердің жолдауды оқығанда немесе тыңдаған кезде, ұлы «талан-тараждан» дәмеленген күйі көздерінің жанып, алақандарының қалай терлеп кеткенін көз алдыма елестете аламын.

– Ал сіз жолдауды жүзеге асыру үдерісін қалай көріп отырсыз? Ол асығыс тәртіпте жүргізілмей ме? Және бұл не нәрсеге әкелуі мүмкін?

– Солай жүргізіледі деп санаймын. Электорат кезеңі жақындап келе жатқасын, Ұлттық қор қаражатын экономикаға құю қауырт тәртіпте жүретін болады. Тіпті жолдаудың өзі де асығыс, ал оның форматы – стандарттан тыс болды емес пе. Сосын, оның бір жылда екінші мәрте болғаны және жыл соңына қарай жария етілгені ел мен әлемде болып жатқан дүниелердің төтеншелігін аңғартады. Былайша айтқанда, осы төтеншеліктің бәрі жолдаудың асығыс жүзеге асырылуына жұмыс істейтін болады. Бірақ бізде тіпті, барлығы стандарттық режімде болып жатса да, ақша үнемі ұрланып жатады ғой. Мен қателесіп отырғанымды қалар едім, бірақ Ұлттық қордан алдағы үш жылда бөлінетін қаражаттар жемқорлықтың құрамдас бөлігін ұлғайтады. Егер біздің қарапайым практикамыз ол – 20-30 пайызға шегіну болса, онда ол бұл жолы 50 және одан да көп пайыздарға жетудің барлық мүмкіндігіне ие.

– Бірақ мемлекет басшысы бөлініп жатқан ақшалардың жұмсалуын бақылайтын арнайы комиссия құруды бұйырды ғой…

– Иә, президент арнайы комиссия құруды бұйырды, және бас прокурормен кездесу кезінде Ұлттық қор қаражатын пайдалануға деген бақылауға назар аударды. Бір жағынан, бұл өте дұрыс, бірақ, басқа жағынан, — бұған дейінгі барлық тәжірибе оның тиімсіз жұмыс жасайтынын көрсетіп отыр. Ол комиссияға кіретін адамдарды атаңыз, мен сізге бірден оның жұмысы қаншалықты тиімді болатынын атап бере аламын. Соңғы жылдары әр түрлі комиссиялар болды емес пе, соның ішінде жемқорлыққа қарсы күрес бойынша. Ақыр соңында, барлығы ведомствоаралық талдауларға келіп саяды.

— Ал біздің жағдайда не нәрсені күтуге болады?

– Біздің жағдайда елден активтер мен қаражаттарды тасып шығарудың ұлғаюын күтуге болады, себебі үлкен ақшаны Қазақстанда ешкім де ұстамайды. Қарап отырсаң бір қарағанда парадоксті жағдай келіп шығады: болашақта «талан-таражға» салынбай тұрып, елге кіргізілген Ұлттық қор ақшалары шетелге қайтара шығарылады. Бірақ егер бұрын олар батыстық қаржылық құралдарға салынған болса, енді жекелеген жолдастардың оффшорлық шоттарында жататын болады. Әрине, қаражаттың қандай да бір бөлігі экономикаға дейін жетеді, бейнелі түрде айтқанда, қандай да бір шашырандылары елде қалады деп көз жұма қарағанымызбен, бірақ жанама түрде: біреудің ағатайы тендерді ұтып алады, біреудің апатайы әлдеқандай жолмен ол ақшаның бір бөлігін алып шығады. Бірақ тіпті ондай жағдайда да көңіл көншітпейтін қорытынды жасауға тура келеді: Ұлттық қор ақшалары ел үшін салмақты да жағымды әсер ете алмайды. Сосын бізде мембағдарламаларды жүзеге асырудың қалай жүретінін ескере отырып, экономикаға дейін жететін қаражатқа сапалы нысандар салынады немесе қазаншұңқыр деңгейінде, яки одан да нашар – қағаз күйінде қалмайды деп сенімді болуға болмайды. Ал барлығы шенеуніктерде өздерін жазасыздай сезіну бар, себебі пара беріп құтылуға болады немесе жай ғана жақсы бір саяси қорғанға ие болу жеткілікті. Қайта Ұлттық қордың қаражаты билік үшін оң әсерін береді, өйткені олар дәл электорат кезеңінде бөлінетін болады және девальвациялық қатерлерді төмендетуге мүмкіндік береді. Сөйтіп олар кері әлеуметтік салдар жайлы ескертеді, және де сайлауалды және сайлау кезеңдерін еркінірек өткізуге мүмкіндік береді.

Жетістіктің кілті – реформаларда ма?

– Бірақ сіз жағдайдан шығудың қандай жолын көріп тұрсыз? Мемлекеттік бастамалар мен президенттің тапсырмалары тиімді орындалуы үшін қалай жасауға болады?

– Мен бұл туралы осымен нешінші мәрте айтып отырмын. Бір ғана шығу жолы бар: саяси жүйенің түр-пішінін қайта өзгерту қажет. Оның үстіне мен велосипедті қайта жасап шығарып отырған жоқпын. Еліктеу емес, нағыз саяси бәсекелестік қажет. Үкіметті құрушы ретінде халықтың мүдделерін қалыпты білдіретін парламент керек. Министрлер заңнамалық биліктің алдында жауаптылыққа тартылуы қажет. Олардың парламент алдында тоқсан сайын есеп берулері қажет. Егер министрлер алдарына қойылған міндеттерді орындамаса, оларды отставкаға жіберу керек. Яғни, дамыған мемлекеттерде қалай жасалады. Одан өзге, әкімнің сайланатындығын енгізу қажет. Ал қазір бізде қалай болып отыр? Әр өңірдегі әкімдік өздері басқарып отырған аумақтарды дамытумен айналысу үшін қойылса да, бизнес дамуының, тіпті жалпы басқа да барлық салалар дамуының басты тежегіші болып отыр. Келесі ескеретін тұс. Соттарды, расында, тәуелсіз ету қажет. Бірақ судья өз шешімін қабылдау кезінде телефон құқығын емес, заңның әрпін басшылыққа алуы тиіс екенін әр адамға қалайша дәлелдеп отыруға болады? Одан да зорын айтайын – бір қарағанда қарама-қайшы көрінетін нәрсе. Бүгіндері судьялық корпустың кәсібилігі басты зат емес. Әлдебір судья кәсіпқой деп жатады ғой. Алайда егер ол шешімдерді өз кәсібилігіне қарап емес, кімнің көп беретініне қарап қабылдайтын болса, оның не қажеті бар. Сол себепті де мен сотта психологиясы толығымен девальвацияланған зор тәжірибелі судьямен емес, мейлі жақында ғана дипломын алып, үлкен тәжірибеге ие болмаса да, адал да қарапайым жігітпен немесе қызбен кездескім келеді. Себебі егер олар адал адамдар болса, олар жай ғана заңды ашады да, шешімдерді соның негізінде қабылдайды.

– Ал жергілікті өзін-өзі басқару проблемасы ше?

– Бұл картинаны толықтыру үшін қосқым келіп отырған соңғы нәрсе еді. Бізге жергілікті өзін-өзі басқаруды қайта құру жай ғана өмірлік маңызға ие. Бірақ аудандық көлемдегі мәселелерді мемлекет басшысы шешпеуі тиіс. Ал қазір қалай болып жатыр? Мысалы, сантехниктер шұңқырды көмуге ұмытып кетсе – адамдар президентке жазады. Неге? деп сұрағың келеді. Өйткені, жергілікті билік жұмыс істемейді. Бұл мембасқару жүйесінің тиімсіздігін білдіреді. Газ немесе су үзіліп қалады – адамдар президентке хат жазады. Яғни билік құрылымының өзі барлығы бір ғана адамның қолына топталғандай құрылған. Дегенмен, жалғыз адамның бүкіл проблемаларды шешуге қауқарсыз еместігі бәріне айдан анық емес пе. Сондықтан жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту қажет. Мінеки дәл сол мәслихаттарды алыңызшы, олар тек қағаз жүзінде ғана бар емес пе. Онда депутаттар мен шенеуніктер тек бір мақсатпен келеді – өз мүдделерін «қорғаштау» үшін. Болды. Нәтижесінде былай болады: егер облыстық, қалалық немесе аудандық мәслихаттың депутаты билікке адал көзбен қарайтын болса, онда ол оның орнына тендерге қол жеткізеді. Яки егер оның баласында немесе туысында бизнес болса, онда қаржы полициясы немесе салық органдары басқа да бақылаушы мемқұрылымдарды айтпағанда, оның істеріне артық араласып жатпайды.

— Ендеше не істеу керек?

– Осынау барша теріс байланыстарды қиратып, жай ғана өркениетті және адал қарым-қатынастарға көшу керек. Сонда бізде тым жақсы билік, тиімді үкімет және, ақырында, сапалы жолдар болады. Әзірге ондай жоқ, елдегі ахуал өткірленуін жалғастыруда. Және билік мұны түсініп отыр. Алайда мен алдағы уақытта әлденендай ғажайып орын алады-ау деп үміттенбеймін. Бірақ, десек те, проблеманы түсіну алдағы сайлаулардың өзінде көрініс беруі тиіс деп ойлаймын.

— Сұхбатыңыз үшін рахмет!

businessnews.kz

Алдыңғы «
Келесі »