Маңғыстауда қос кәсіпорынның тұсауы кесілді

  • 05.12.2014
  • 220 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Маңғыстау облысындағы «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында екі нысан тұсауын кесті, – деп хабарлайды "Егемен Қазақстан".

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында айтылған индустриялық инфрақұрылымдарды дамыту тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Ақтауда «КаспийТасЖол» ЖШС иелігіндегі жол құрылыс материалдарын шығаратын инновациялық зауыт пен құрылыс индустриалдық комбинаты іске қосылды. Құрылысына 195 млн.теңге көлемінде қаржы жұмсалған «КаспийТасЖол» зауыты жол құрылысына қажетті өнім шығарумен айналыспақ. Сағатына 160 тонна өнім шығаруды жоспарлаған зауытта 25 адам жұмыспен қамтылған. Өнімі «Шетпе-Қызан» тас жолының бір бөлігіне қажетке жарап үлгерген зауыт алдағы уақытта республиканың өзге өңірлерінен тапсырыстар алуды көздеп отыр.

Ал осы күні іске қосылған құрылыс индустриалдық комбинатының өнімдері облыс төңірегінде салынып жатқан құрылыстарға пайдаланылатын болады. Жобалық құны 600 млн. теңгені құрап, бүгінде 60 адамның жұмыс орнына айналып үлгерген жаңа комбинат құрылысқа қажетті материалдарды дайындау арқылы өңірде тұрғын үй құрылысының жандануына үлес қосады деп күтілуде. Сондай-ақ, келешекте аталмыш арнайы экономикалық аймақта құрылыс саласына қажетті құбыр және плита, мұнай саласына қолданылатын құбыр өнімдерін өндіретін нысандар іске қосылатын болады.

baq.kz

Алдыңғы «
Келесі »