Маған Қазақстанның жалпыхалықтық сенімі зор қуат берді – Н.Назарбаев

  • 01.12.2014
  • 69 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Маған Қазақстанның жалпыхалықтық сенімі зор қуат берді. Бүгін Астанада 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу аясындағы басты іс-шаралардың бірі – «Бір Отан! Бір тағдыр! Бір Елбасы!» мерекелік концертіне қатысып, онда сөз сөйлеген ҚР Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.

Өз сөзінде Елбасы Н.Назарбаев осыдан 23 жыл бұрын 1991 жылдың бірінші желтоқсанында Қазақстанның Тұңғыш Президенті болып сайланғанын, сосын осы тарихи күннен 15 күн өткен соң еліміздің тәуелсіздігі жарияланғанын атап өтті.

«Бүкілхалықтық дауыс беру барысындағы маған көрсетілген  жалпыхалықтық  сенім ерекше жігер, зор қуат берді. Міне, осыдан бері 23 жыл бойы біз өз еліміздің тәуелсіз даму даңғылымен жүріп келеміз» – деді Мемлекет басшысы.  Сонымен қатар, Елбасы тарихи кезеңмен салыстырғанда аса қысқа уақыт аралығында Қазақстан әлемге танымал елдің біріне айналғанын атап өтті.

«Тәуелсіздік жылдарында бүгінгідей бақытты адамдардың жаңа толқыны өсіп жетілді. Олардың алдында әлі де үлкен асулар, жаңа жетістіктер күтіп тұр», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы жастарға қарата айтқан сөзінде.

Еске сала кетейік, былтыр бұл атаулы күн «Қазақстан  – 2050» ұранымен өткен болса, биылғы шара «Мәңгілік Ел» ұранымен өтіп жатыр.

Айта кетейік, мерекелік шара  кешқұрым  «Астана Опера» опера және балет театрының алдында Елбасының  қатысуымен жаңа жылдың басты шыршасын жағу салтанатына ұласады. «Бақыт құсы» деп аталатын басты шыршаның биіктігі 25 метрге созылған. Мұнымен қоса бүгін елорда тұрғындары мен қонақтары «Елбасы жолы» киноэпопеясының жалғасын тамашалайды. Бұл көркем туынды «Қазақстан» орталық концерт залында көрсетіледі.

ҚазАқпарат

Алдыңғы «
Келесі »