«Нұрлы жол» – жастардың жолы- Н.Сәндібаева

  • 01.12.2014
  • 388 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жыл сайынғы Жолдауын әр отбасының, әрбір мекеменің, ұжымның асыға күтуі бүгінде қалыптасқан дәстүрге айналды десек те болады. Бұл жолы да Ұлт көшбасшысының еліміздің рухын асырып, күш-қуатын бір арнаға тоғыстырған, алыс-жақын болашағамызға нақты бағдар берген «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы да қазақстандықтардың тарабынан зор қызығушылық туғызды.

Осы ретте Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің оқытушысы,  педагогика ғылымдарының кандидаты Назира Сәндібаеваның Елбасы Жолдауына қатысты ҚазАқпаратқа берген пікірін оқырман назарына ұсынбақпыз.

 

«Дәл қазіргі кезде бүкіл әлем қызыға да, қызғана да көз тастап, жіті назарда ұстап отырған еліміз, тәуелсіз Қазақстанның  өсіп-өркендей түсуі, «Мәңгі елге» айналуы –  біздің басты мұратымыз, біздің ең негізгі мақсатымыз. Қазақстанның дербес, қуатты және ілгерішіл мемлекетке айналып, әлемдік додаларға түсуі, маңызды шаралардың бастамашысы болып, мемлекеттер арасында өзіндік беделге ие болуы Тұңғыш Президент  –  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясаты мен шебер басшылығы десек артық емес. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты кезекті Жолдауы да асқан қызығушылықпен қабылданып, лезде қолдауға ие болды. Жолдау дәл бүгінгі уақыттың қажеттілігін нақтылап, бүкіл әлемнің жаңа сын-қатерлерге, жаһандық қаржы-экономикалық дағдарысқа ұшырап жатқан кезінде Қазақстан үшін қиындықтарға төтеп беру жоспарын ала келді», – дейді ол.

Н.Сәндібаеваның атап өтуінше, «Нұрлы жол» Жолдауындағы көліктік, энергетикалық, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды, шағын және орта бизнесті дамытуға арналған Елбасы тапсырмасы халықтың әл-ауқатын жақсартып, жастарымыздың жарқын болашаққа сеніммен аяқ басуына ықпал етері сөзсіз.

«Өзіміз куә болғандай, өте қысқа мерзімдерде жүзеге асырылған шаралар мен өтіп жатқан тарихи маңызы бар оқиғалар желісі бұған айғақ болар. Елбасы  –  халықтар бірлігінің  символы, еліміздегі үдемелі жетістіктер мен озық идеялардың, жобалардың авторы, сындарлы саясаткер ретінде әлемге танылып ұлттың мүддесін көздеп, бабалар өсиетін орындап келеді», – деді ғалым.

Ол сөзінде Жолдауда индустрияландыру бағдарламалары аясында базасында ғылымның экономика салаларына мамандар дайындаумен айналысатын 10 жоғары оқу орнына  2017 жылға дейін 10 миллиард теңге бағыттай отырып, аталған ЖОО-лардың материалдық-техникалық базасын қалыптастыру қажеттігі айтылғанын еске салды және бұл білім ордаларының сапасын арттыру бағытындағы ұтымды шешім екендігін баса айтты.

«Қазақстанда табысты жұмыс істеу үшін жағдайлар жасалып, әкімшілік реформа жүргізілді, Үкімет пен атқарушы биліктің жаңа құрылымы жұмыс істеуде. Әрбір саланың жұмыс жүйесі жолға қойылып, арнайы бағдарламалармен жүзеге асырылып жатыр. Бұл біздер үшін білекті сыбанып, «адал еңбектің тәтті жемісін» жеуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, 140-тан астам ұлт өкілдері тұрып жатқан Қазақстанда этносаралық саясаттың негізі ол – қазақ елінің, қазақ халқының қонақжайлылығы. Жалпы, біздің қазақ – елдегі тыныштықтың ұйытқысы. Қазақстанда барлық этностарға тату-тәтті өмір сүріп, өздерінің барлық ұлттық құндылықтарын насихаттауға мүмкіндік берілген. Бұл да қазақ халқының кіршіксіз көңілінің жемісі», – деді Н.Сәндібаева.

Оның айтуынша, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне ерекше ықыласын білдіріп, әрдайым өзінің қамқорлығын көрсетіп отыратын Елбасымыздың Қазақстан халқына «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты кезекті Жолдауы ұлт болашағы – қазақ жастарының қалыптасуы мен дамуына аса зор мән беретіндігін көрсетеді.

«Тәрбие мәселесіне көп көңіл бөлетін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміз қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты. Ең алдымен, біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар – болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары» – деп, Қыздар университетіне ерекше статус беріп, біздің миссиямыздың маңыздылығын атады. Өз кезегінде университетіміз Динар Нөкетаеваның басшылығымен барлық жағдайды жасап, қыздардың кедергісіз толық білім алуын, еуропалық кеңістікке шығуын межелеп отыр. Университет Елбасымыздың, партиямыздың жаңа саяси бағыттарын ұстана отырып, көптеген жетістіктерге жетері анық. Еліміздің дамуы мен өркендеуіне бағытталған Елбасы Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты кезекті тарихи Жолдауы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті ұжымының қызу қолдауына ие болып, ертеңге деген сенімін нығайта түскені айқын», – деді педагогика ғылымдарының кандидаты.

ҚазАқпарат

Алдыңғы «
Келесі »