Алматы метрополитені желтоқсан айында 20 миллионыншы жолаушысын қабылдайды

  • 01.12.2014
  • 253 рет оқылды
  • Пікір жоқ

2014 жылдың желтоқсан айының үшінші онкүндігінде Алматы метрополитенінің қызметін пайдаланған жолаушылардың саны 20 миллионға жетеді. Бұл туралы бүгін Алматы метрополитенінің ашылғанына үш жыл толуына орай «Байқоңыр» метростансасында өткен мерекелік шара барысында қала әкімі Ахметжан Есімов мәлім етті.

«Алматы метросында жолаушылар легі жыл санап, көбейіп келеді. Алғашқы жылдары метро қызметін пайдаланған жолаушылардың саны тәулігіне 13-14 мыңдай болса, қазір олардың саны тәулігіне 24 мыңға жетіп отыр. Енді осы желтоқсан айының үшінші онкүндігінде 20 миллионыншы жолаушы метро қызметін пайдаланады деп күтілуде. Ал жаңадан салынып жатқан «Сайран» және «Мәскеу» метростансалары іске қосылған соң, мамандардың есептеуінше, жолаушылар саны екі есеге жуық ұлғаяды. Өйткені, халық тығыз орналасқан Абай даңғылы мен Ы. Алтынсарин көшесі маңындағы ықшамаудандардың тұрғындары да метро қызметін пайдалануға қол жеткізеді», – деді Ахметжан Есімов.

Сонымен қатар, қала басшысы «Сайран» және «Мәскеу» екі метростансаларының құрылысы осы айда толық аяқталатындығын жеткізді. Сөзі дәлелді болу үшін, Ахметжан Есімов журналистер қауымымен бірге метро пойызы арқылы тұңғыш рет жаңадан салынып жатқан екі стансаны кезек-кезек аралап, ондағы істелініп жатқан жұмыстармен танысты. Бір айта кететін жәйт, бұл стансалардың бұған дейінгі стансалардан бір ерекшелігі, олар шағындау және қосқабатты болып келген. Яғни, жолаушылар кәдімгі теміржол бекеттеріндегі секілді, пойызды екінші қабатта отырып та тоса алады.

Қала басшысы өз сөзінде атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толатындығын және олардың жұмыс кестесінен ауытқымай, дер кезінде  жүргізіліп жатқандығын айтты.  

«Біз осы екі стансаны аралап көрдік. Екеуінде де құрылыс жұмыстары осы айдың ішінде толығымен аяқталады. Содан, сынақ жұмыстары басталады. Стансалар осы сынақ жұмыстарының аяқталуына қарай, біртіндеп қолданысқа берілетін болады. Бұл жерде асығыстық танытуға болмайды. Өйткені метро – ерекше транспорт. Сондықтан, ең бастысы жолаушылардың қауіпсіздігі толғымен қамтамасыз етілуі тиіс», – деді А. Есімов.

Айта кетелік, Алматы метрополитені өзінің 20 миллионыншы жолаушысына қымбат бағалы сыйлықтар әзірлеуде.  

ҚазАқпарат

Алдыңғы «
Келесі »