Ұлттық қордың қаржысы талан-таражға түспеуі тиіс

  • 24.11.2014
  • 330 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты жақында жариялаған Жолдауы – әлемде төніп келе жатқан экономикалық қауіп-қатердің алдын алуға бағытталған әрі өте дәл мерзімінде жарияланған маңызды құжат дейді «Айқынға» сілтеме жасаған businessnews.kz.

 

Стратегиялық жоспарға сай мұнда дамудың алдағы онжылдық негізгі межесі ұсталып отыр. Осы қадам арқылы еліміз әлеуетті мемлекеттердің өзі кездесіп, қиындығын тартып тұрған кедергілерді еңсеріп өте алады. Мұндай пікірді кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен «Қазақстан – 2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының отырысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек білдірді.

– «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол» жаңа эконо­микалық саясатын жариялаған биылғы Жолдауы – ел мүддесі мен ұлт мұраты үшін дәл уақытында жасалған ұтқыр қадам. Елбасымыз атап өткендей, жаһандық геосаяси тұрақсыздық, даму қарқынының төмендеуі әлемнің озық 30 елінің қатарына қосылуды мақсат еткен еліміз үшін ай­рықша талаптар қоюда. Қазақстан Пре­зиденті ғаламдық тығырықтан елді аман сақтап, оның алдағы уақытта серпінді әрі толассыз дамуын қамтамасыз ететін нақты стратегиялық бағдарды әлем лидерлерінің алды болып ұсынды. «Ертеңін ойлаған ел озар» демекші, қазіргідей жаһандық сынақтар жағдайында экономиканың мүлдем жаңа сапалы құрылымын «Нұрлы жол» ұсынып отыр. Жаңа экономикалық саясат бұл бүгінгі сынақтардан сүрінбей өтудің ғана жобасы емес, ол – алдағы он­даған жылды қамтитын еліміздің сапалы дамуының кешенді жоспары. Болашақтың инфрақұрылымына жасалған инвестиция. Мұнда ең бастысы, Үкімет бағдарламалар мен тапсырмалардың тыңғылықты орын­далуына барынша мән беруі қажет. Егер еске түсірсек, 1990 жылдардағы азиялық тоқырау уақытысында, 2007 жылғы дүниежүзілік қаржы дағдарысы кезінде Президент Н.Назарбаевтың өте ұтымды жоспарының арқасында мемлекет барлық қиындықтарға лайықты түрде төтеп берді. Ендігі кезекте кездескен дағдарыс сәтінде біз қайта тың екпінмен еңбек етіп, дамудың келесі сатысына шығуымыз қажет.

Елдегі белсенді партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, азаматтық қоғам өкілде­рінің басын қосатын алаң – «Қазақстан – 2050» демократиялық күштердің жалпыұлт­тық коалициясының отырысына Пре­­мьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, «Ақ жол» партия­сы­ның төрағасы Азат Перуашев, Қазақстан патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымов, «Бірлік» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали, Қазақстан коммунистік халық партиясының хатшы-үйлестірушісі Жамбыл Ахметбеков қатысты. Басқосуда Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев «Нұрлы жол» жаңа эко­номикалық саясатты іске асыру бойын­ша Үкіметтің атқарып жатқан әрекетін ба­ян­­дады. Оның айтуынша күндіз-түні ты­нымсыз жұмыс істеуге көшкен үкіметтегілер жыл соңына дейін 2015 – 2019 жылдарға ар­­нал­ған инфрақұрылымдық дамыту мем­ле­кеттік бағдарламасын қабылдап үлгеруі қажет. Өте қомақты қаржы бөлінетін жоба осы кезге дейін атүсті ғана жөнделіп келген қазақстандық ірі-ірі автожолдарды түгелдей жаңалап, қыруар жаңа жұмыс көзін қалып­тастырады деп күтілуде.

– Елбасының тапсырмасы бойынша төрт жылға жоспарланатын бағдарламаны дайындап шығу үшін ауқымды жұмыс жүр­гізіп жатырмыз. Инфрақұрылымды дамыту өңірлерді көтерумен қатар атқарылады – дейді Үкімет басшысының бірінші орынба­са­ры.

Еліміздегі негізгі 5 автожолды салу­ға әрі жаңғыртуға 321,3 млрд теңге жос­­пар­лануда. Басым бағыттар ретінде Орталық-Оңтүстік, Орталық-Шығыс және Орталық-Батыс бағыттары таңдалды. Анықтап айтқанда, 1300 шақырымдық Астана-Алматы, 950 шақырымдық Астана-Өскемен, 1600 шақырымдық Астана-Ақтөбе-Атырау-Астрахань, 712 шақырым­дық Алматы-Өскемен, 2890 шақырымдық Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Павло­дар жолдары жоспарда бар. Жол құрылысы жобаларын жүзеге асыру жаңа 200 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ал қаржыға келсек 2015 жылы 178 млрд және 2016 жылы 143,3 млрд теңге бөлуді қамтама­сыз етеміз. Бұдан бөлек «Самұрық-Қазына» қорын капиталдандыру арқылы Каспийдегі айлақ инфрақұрылымына және темір жол құрылысына 46,2 млрд теңге жұмсалады. Оның 19,8 млрд теңгесі 2015 жылы, ал 26,4 млрд теңгесі 2016 жылы беріледі. Сонымен бірге Шу-Алматы-1 бөлігіндегі екінші темір жол құрылысына 27,7 млрд теңге, Боржақ­ты-Ерсай темір жол желісіне 6,7 млрд теңге қарастырылады.

Қазақстан Президентінің халыққа арна­ған Жолдауында келесі басымдыққа ие саланың бірі – тұрғын үй құрылысын қар­қын­дату. Мемлекет басшысы өз сөзінде Үкіметке жоғары сападағы көпқабатты үй салуды жеделдетіп жүргізіп, оны халықтың қажетсінген бөлігіне 3-4 пайызбен аренда­лық нұсқада таратуды тапсырған еді. Қазіргі кезде бұл жұмыстың да болашақ сұлбасы анықталып қалыпты. Б.Сағынтаевтың мә­лім­­деуінше, тұрғын үй құрылысына 250 млрд теңге бөлініп, жобамен 1,5 млн шаршы метр баспана тұрғызу межеленуде. Ал ол пәтерлер кімдерге таратылады?

– «Жаңа бағдарлама бойынша салына­тын пәтерлер ең бірінші кезекте әкімдікте кезекте тұрғандарға беріледі. Біздегі мәлі­мет­ке сәйкес жергілікті әкімдіктердің кезе­гінде бүгінде 300 мыңдай адам бар. Са­наттары бойынша бөліп айтқанда оның 376-сы – Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 43638-і – жетім балалар мен ата-аналары­ның қамқорлығынсыз қалғандар, 130 303-і – халықтың әлеуметтік аз қамтылған бөлігі, 124 мыңы – бюджет саласының, мемлекет­тік қызметтің және әскери сала қыз­мет­керлері, 752-сі – жалғыз баспанасы апатты деп танылған тұрғындар. Дегенмен біз бас­паналардың қандай тәртіппен бөлі­не­тін­дігін, кімдер үміткер бола алатын­ды­ғын нақ­тылауымыз керек. Сонымен бірге Ел­басы атап өткен жастарды да ұмытпауы­мыз қажет. Қазір осы істердің шешімін табу үшін күнде тынбастан айналысып келеміз. Әзірге тұрғын үй салудың жаңа механизм­дерін әзір­леуді аяқтап келеміз. Бағдарламаға тиісті өзгертулер желтоқсан айында енгі­зіледі. Ал 2015 жылдың 1 қаңтарынан елі­міздің барлық өңірінде жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша құрылыс басталады. Жалдамалы баспана түсетін аудандарға инженерлік желілер тарту және құрылысты жобалауға 35 млрд теңге бөлінеді. Президент тапсырмасына сәйкес 1 қаңтардан құры­лысты бастаймыз және жылдың соңында алғашқы пәтерлерді беруіміз керек» — дейді Бақытжан Сағынтаев.

«Ауқымды жобаны аяқтау үшін бірінші вице-премьердің баяндауынша, Ұлттық қордан бөлінетін 145 млрд теңгеден басқа да көздерден қаржы-қаражат тартылады. Мә­селен, мемлекеттің 2013-2014 жылдарға арналған «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасына 29 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылғандықтан ол толығымен жұмсалады. Қазақстанның ипотекалық компаниясы қор нарығында 2017 – 2019 жыл­дарға арналған 50 млрд теңге сома­сындағы облигацияларды орналастырады. Бұдан бөлек, басқа да қаржы көздерінен көпқабатты үй құрылысына 25,8 млрд. тең­ге тартылады. Белгіленген мақсатқа бағыт­талатын қаржының жалпы көлемі 250 млрд теңгені құрайды. Ал жалдамалы тұрғын үй құрылысы бағдарламасының операторы бо­лып «Қазақсанның ипоте­калық компа­нияы» АҚ бекітіледі. Қосымша 1 млн шар­шыметр тұрғын үй салынады» — деді Үкі­мет басшысының бірінші орын­басары.

Ал бағасына қатысты әртүрлі әңгімелер бар. Сағынтаевтың айтуынша, қарапайым халықтан бөлек, облыс әкімдерінің өзі осы сұраққа күн сайын Үкімет кеңсесіндегілерді мазалайды екен. Әзірге Астана мен Алматы қаласы үшін салынған пәтерлердің бір шаршыметрі үшін 185 мың теңге, яғни 1000 АҚШ доллары шамасындағы баға ұсы­нылуда. Ал аймақтар үшін 150 мың теңгені бекітуді межелеп отыр. Оның үстіне инже­нер­лік жүйе мемлекеттің есебінен жүретін­діктен бұл баға барлық тарапты қанағаттан­дыруы керек. Егер аталған ұсыныс жер­­гілікті әкімдіктің көңілінен шығып жат­са, құрылысы аяқталған үйлерді мемле­кетке сатып алуға үкіметтегілер қарсы емес. Ол кейін баспанаға мұқтаж жандарға тиісті шарттармен таратылады.

Мемлекет басшысының Жолдауда Үкі­мет­ке жүктеген және бір міндеті – елімізде білім беру деңгейі мен рейтингісі жоғары 10 жоғары оқу орнын іріктеп алып, индустрия­лық бағдарламаны дамыту мақсатында олардың базасында жаңа материалдық-техникалық базаны жасақтау. Белгіленген ЖОО-ның базасын күшейту мен білім, ғылым нысандарын тұрғызуға және зілзала­ға шыдамдылығын күшейтуге 10 млрд теңге қарастырылып отыр. Дегенмен ескеретін жайт, үздік оқу орындарын анықтау байқау негізінде жүзеге асады. Сағынтаевтың мә­лім­­деуінше, Білім және ғылым министрлігі бүгінде 11 ЖОО-ны үздік ретінде ұсынып тұр. Бәсеке барысында мұның оны таңда­лып алынып, тиісті жұмыстар басталады.

Үкіметтің Президент тапсырмасын тың­ғы­лықты жүзеге асыру барысында жоспар­ла­ған жұмысымен жан-жақты танысқан коалиция мүшелері өз ой-пікірлерімен де бөлісті. Ал отырыста «Нұр Отан» партия­сы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ең бастысы, Елбасының елге деп Ұлттық қордан бөліп отырған өте қомақты қаржысы парақорлардың кесірі­нен талан-таражға түсіп кетпеуін қатаң ескертіп, саяси ұйымның оны қадағалауға жұмылатындығын жеткізді.

– Болашақ қоры саналатын Ұлттық қор қаражаты келешектің игілігіне жараты­луы тиіс, – деді Бауыржан Байбек. – Елбасы пәрменімен жиналған қор қаржысы кезінде кейбір саясаткерлер мен экономистер ұсын­ғандай таратылып кетсе, бүгінгідей орасан әлеует болмас еді. Осынау ауқымды жобаға бөлінетін қаржының тиімді жұмса­луын қадағалауды Мемлекет басшысы арнайы құрылатын комиссияға, «Нұр Отан» пар­тия­сына атап тапсырды. Сондықтан «Нұр Отан» партиясының сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі бағ­дар­ламасында көрсетілгендей, партиялық, қоғамдық бақылауды күшейту арқылы халық игілігіне арналған мемлекет қаража­ты­ның шашаусыз жұмсалуын жүзеге асыру – басты міндет. Елдегі ең беделді саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың басын қосатын Деморкратиялық күштердің жалпыұлттық коалияциясы Парламент пен мәслихат депутаттарын тарта отырып, маңызды міндетті орындап шығуға жалпы қоғамды жұмылдыратын ашық алаңға айналуы тиіс. Бұған коалицияның әлеуеті, беделі мен мүмкіндігі жетеді. «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатты іске асырып, еліміздің биік белестерді бағындыруына жағдай жасау, қажетті қоғамдық бақылаудың нәтижелі болуы коалиция мүшелеріне, біз­дер­дің барлығымызға үлкен жауапкершілік жүктейді.

Бауыржан Байбек өз сөзінде жол құры­лысына бөлінген қаржының кемі 1 млрд доллары жұмысшылардың жалақысына жұмсалатындығына тоқталды. Ауқымды бағдарлама шамамен 200 мыңдай жаңа жұмыс орнын құруға тікелей ықпал етеді. Ал жолға жоспарланған қаржының келесі бір бөлігі жергілікті бюджеттерге салық ретінде түсіп, тұрғылықты халықтың әлеу­меттік мұқтаждығын шешуге бағытталады. Әрине, мұның барлығы «Нұрлы жолдың» қамқорлығын елдегі әрбір азаматтың сезі­нуіне өз ықпалын тигізетіндігі айдан анық. Ол үшін Жолдаудағы ауқымды жоспар­лардың сапалы да мазмұнды жүзеге асуы қажет. Демократиялық күштердің жалпы­ұлт­тық коалициясы осы мақсатта күш бірік­тіруге келісіп, арнайы Үндеу қабылдады.

ҚазАқпарат

Алдыңғы «
Келесі »