Алпауыт компаниялардың табысы кеміп жатыр, бұдан не аңғарамыз?

  • 24.11.2014
  • 420 рет оқылды
  • Пікір жоқ

АҚШ – әлем көз тігетін өзгеше бір дүние. Өйткені мұндағы жағдайға қарап әлем өз «көштерін» түзейді. Долларды басып шығарушы және оның толыққанды иесі болып тұрған елдің құдірет күші осындай.

Өткенде бұл алпауыт елде қор бир­жаларындағы эмитент – компа­ниялардың үшінші тоқсан қоры­тындысын шығарды. Әлем көз тіккен осынау оқиғаның нәтижесі ешкімді де қана­ғаттандырмады. Өйткені басқаны былай қойғанда «Коко-кола», «Мак­доналс» секілді әлемге кең тараған компаниялар табысы мүлде кеміп кетіп­ті. Мұны кей­бір сарапшылар «құрдым» басталғаны деп атады.

Қызық, Ресей Федерациясына санк­ция жариялағанға дейін Батыс түгелдей дерлік азғантайда болса, даму көрсет­кішін тіркеген еді. Енді міне, санкция жұмыс істей бастағалы Ре­сейдің дамуы шегерілгенімен АҚШ бастаған батыс алпауыттарының да кейін шегінуі қарқынды жүре бас­тағандай. Сонда қалай Батыс өзіне-өзі ор қазған боп шыға ма?

Әлемдік қор биржаларындағы құнды қағаздар бағасы айтарлықтай түсті. Бас­қаны былай қойғанда ең білімді санала­тын алпауыт Уорен Баффеттің өзі 2,5 миллиард доллардай ұтылғандығын мойын­дады. Әрине, Баффеттің ұтылысы жайлы кейінірек арнайы мақала жазамыз. Бұл жолы тек өткен тоқсанның «ақшалылар аңтарылған айлар» бол­ғанын дәлелдеп, жағдай неліктен осын­дай көрініс тапты деген сұраққа жауап іздейміз. Өйткені бұл сұрақтың нақты жауабын алу Қазақстан үшін де «ой­салар» болары сөзсіз.

Біріншіден, текетірестер мен сак­циялар адамзат тарихында ешқашанда біреуді тежеуші келесісін дамытушы тетік бола алмаған. Себебі олар «таяқтың екі ұшы бар, бірін бассаң екіншісі маңдайыңа тиеді» деген аксиома бойын­ша жұмыс істейді. Оның себебі әлем мемлекеттері бір-бірінің тұтынушысы, сатып алушысы. Сатып алушы жақ мүм­кіндігі шектелсе, оның әсері өндірісші жаққа да тиеді. Осыны біле тұрып Батыс саясаткерлері санкцияларды неліктен қыспаққа алудың жалғыз жолы ретінде қарастырды деген сұрақ алдан шығады. Оның жауабы біреу, ол – дәл қазіргі таңда Батыс мемлекеттеріндегі саясат тізгінін ұстағандарда экономикалық білімнің аздығы. Мұны Батыс алпауыт кәсіпкерлерінің өз мемлекеттері ұстан­ған саясатқа наразылық білдіруінен-ақ байқауға болады.

Екіншіден, онсыз да үлбіреп тұрған Батыс экономикасынан ақшалы инвес­торлар қашып жатқаны өміріміздің ақиқаты. Олар негізінен, даму қарқынын үдете түскен Қытай мен Оңтүстік-шығыс Азия қор биржаларынан «пана тапқан». Міне, өткен үш ай осы Азияны паналау­шыларды көбейтіп жібергендей. Яғни, Нью-Йорк қор биржасындағы эмитент компаниялардың акциялары өтімсіз қағазға айналып кеткен. Өткізушілер көбейсе, тауар құны түсетіні белгілі. Міне, негізінен, осы екі себеп «ақша­лы­ларды аңтарылтқан айлар» болуына басты қоздырғыш күштей әсер етті.

Ақшалылар аңтарған айда шикізаттар мен алтынның бағасы да бір түсіп, бір көтерiліп, яғни ауытқымалы жағдайда болды. Қазір әлемнің барлық ақшалы қалтасы ертеңге сенімсіздікпен қарайтын жағдайда өмір сүруде.

Осылардың бәрін ой елегінен өткізіп отырып, қалай десек те жыл аяғына дейін осы «итырғақ жағдай» оншалықты өзгере қоймайды, қор биржаларында ақшаның тұрақтамауы азда болса тыйы­лады, шикізат, әсіресе, көмірсутектерінің бағасы қайтадан өсімге ұмтылады деген қорытынды жасаймыз. Өйткені ақша­лылар қоларында байлығын валюта күйінде ұстау оларды құнды қағаздарға салғаннан әлдеқайда қауіпті екенін біледі. Ал құнды қағаздарда болған ақша жыл аяғында тиын-тебен болса да табыс табуы әбден мүмкін.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» Қазақстан биыл сыртқы әсерді онша сезбейтіндей «өмір сүре алады». Әрі-бері­десін біз үшiн басты қажеттілік мұ­най бағасы қайтадан біршама көтеріледі. Сондай-ақ жыл соңына дейін Ресей рублі тұрақтылық деңгейін табады. Мұны біз нақты әлемдік жағдайдың Қазақстандағы мүмкіндікке қатысты есебін шығару арқылы болжадық. Не боларын уақыт көрсетер. Ескерте кетейік, Үкіметтің тиісті министрлері мен Ұлттық банктің жобасы біздің осы болжамнан онша алыс емес. Ал келер жыл үшін онша уайым­дауға мүлде негіз жоқ.

businessnews.kz.

Алдыңғы «
Келесі »