Қаржы қалтада қала бере ме?

  • 19.11.2014
  • 269 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазақстанда халықтың қаржылық сауатын көтеруге бағытталған тағы бір ұйым – Қаржылық қызметтерді дамытудың Ұлттық қоры құрылғаны кеше белгілі болды

Алматылық журналистердің басын қосып, баспасөз жиынын өткізген аталмыш қор төрағасы Михаил Кленчин оның қоғамдық емес, Ұлттық қор деп атағанын былай деп түсіндірді.

– Жақында Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев еліміздің жаңа эконо­ми­калық саясатын жариялады. Мұны іс жүзіне асыру – қар­жылық сауа­ты­мыздың жоғары болғанын қажет етеді. Көпшілік бұл ұғымды банк не­месе құнды қағаздар нарығы де­ген түсінік­пен ғана байланыс­тыра­ды. Шын мәнісінде, мүлдем олай емес. Қаржылық қызмет көр­сету – бұл кең спектрді қамтитын ауқым­ды шара. Біз мұнымен бетпе-бет кездесіп отырмыз. Біз екі тарап ара­сындағы түсін­бестіктің себеп­терін сырттай бақылап жүр­міз. Бізге түсініктісі – қоғам мүшелері қар­жы нарығынан өзіне тиімді тұстарды дер кезінде пайдаланып қалуға дайын емес, ал екінші тарап мұның осы олқы тұстарды бас пай­дасына пайдаланып кетуге дайын тұра­ды. Біз, осы тұста екі жақтың да мүддесіне нұқ­сан келтірмей, мәсе­лені өркениетті жолмен шешуге дайынбыз. Себебі қаржы­лық ұйым­дарға да, тұтынушыларға да екі ара­дағы түсінбестікті сауатты жолмен рет­тейтін тетік өте қажет, – дейді Михаил Кленчин.

Қор төрағасы 2013 жылдың соңы мен 2014-тің басында несие та­қы­рыбында наразылық көбей­геніне тоқталды. Оның басы әуел­гіде әлеуметтік желілерден баста­лып, соңы сотқа дейін жетті. Тұ­тыну­шылар несие пайызы жоға­ры, банк өнімдері күр­делі, шарттар түсініксіз дейді. Қаржыгерлер бұ­ған қаржы туралы сауаттың аздығы себеп болғанын айтады. Мәселен, банктердің бірі жүргізген зерттеуде әрбір үшінші қазақ­стандық өзінің қаржылық сауатына көңілі толмай­тыны жеткізіледі. Бұл текетірестің қорытындысында халық несиеге мұқият қарап, қаржы институттары халықтың қар­жылық сауатын арттыруға көңіл бөле бастады.

Жақында банктердің бірі бұл мақсатқа 1 миллион доллар бөлді. Ал мемлекет несие нарығын бақы­лауды күшейте бастады. Былтырғы жылдың соңында Ұлттық банк төрағасы несие бойынша жоғары шекті көлемін 56 пайыздан азайту қажеттігін айтқан. Мұнымен қатар, халық ең көп тұтынатын несие түрі — тұтынушылық не­сиесінің өсімі 30 пайызға дейін азайтылды. Әрі тұтынушы несие алған кезде ай сайын­ғы төлем табысының 50 пайызынан аспауы керек. Бұған дейін бұл талаптар жоқ еді.

Тағы бір қызықты факт, елі­міз­дің батыс өңірінің тұрғындары өздерінің қаржылық білімдеріне сенімді, қанағаттанарлық деп есептесе, оңтүстік облыстарындағы жұрт­шылық бұл сфераға келгенде қорқынышқа бой алдырады. Ха­лық­тық банктерде сақтау­лы депо­зиттерінің көлемі 11 трлн теңгеге жет­кен. Бұл көп сияқты. Алайда қаржы сарапшылары бірнеше трил­лион қаражатты қазақстандық­тар үйде сақтап отыр дегенді айта­ды. Жақында банктердің бірі жүргізген зерттеу көрсеткендей, елімізде әрбір үшінші қазақстандық артық ақшасын үйде сақтауды жөн көреді. Өйткені халықтың 94 пайызы 5 миллион теңгеге дейінгі депозитке мем­лекет кепілдік бере­тінін білмейді. Нәти­жесінде тағы бірнеше триллион қаржы қалтадан шықпай жатыр. Жақындағы «смс дүрбелең» кезінде депозиттегі 250 млрд теңгені салымшылар кері қайтарып алды. Қазірге дейін оның 100 миллиарды банктер­ге қайтса, 150 миллиард теңгесі қолда қал­ды. Қаржыгерлер бұған алаңдаулы. Өйткені депозитте сақтау қауіпсіз. Пайыз қосылады. Қатты өспеген күннің өзінде инфляцияға жұтыл­майды. Әрі банктер депозитке салған қаражатты айналымға түсіре алады. Егер депозит көлемі өссе, банктер шағын және орта бизнесті өз күшімен несиелендіре алады. Мемлекетке алақан жаю азаяды. Бұл әрі банктер үшін пайда. Өйт­кені 2008-2009 жылғы дағдарысқа дейінгі әлемдік нарық­тан ұзақ мерзімді, арзан қаржы келіп жатқан жоқ. Сондықтан банктердің күні үйде сақтаулы қаражатқа түсіп тұр. Алайда халық банктерге әлі де күмән­мен қарап отыр. Қаржыгер­лер сауаттандыру арқылы халықтың бұл күмәнін жоюға ниетті.

businesnews.kz.

Алдыңғы «
Келесі »