Елбасы: «Нұрлы жолды» жүзеге асыруға мемлекеттен орасан зор қаражат бөлінеді

  • 18.11.2014
  • 302 рет оқылды
  • Пікір жоқ

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  Бас прокурор Асхат Дауылбаев пен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровты қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметінен.

Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында қабылданған, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған партиялық бағдарламасы аясындағы жұмысты күшейтудің маңыздылығына тоқталды.

– Өткен жылдар ішінде елімізде парақорлықтың тамырын жою тұрғысынан алғанда біраз жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, заңға өзгерістер енгізу, шенеуніктер мен кәсіпкерлер арасындағы байланысты азайту арқылы сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмыстары қатайды. Лауазымы мен еңбегіне қарамастан барлығын да жауапқа тартатын заң қолданысқа енді. Жалпы, бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізілуде, оның нәтижесі көрініп тұрғандықтан, қоғам тарапынан оң баға беріліп отыр, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік қызметшілер жұмысын мінсіз әрі адал атқаруы үшін мемлекет тарапынан қажетті жағдайлар жасалып жатқанын атап өтті.

– Бүгінде олар материалдық және әлеуметтік кепілдіктермен қамтылған, сондықтан біз олардан адал қызметтің үлгісін көрсетіп, заңнаманы сақтауды талап етуге құқылымыз. Бұл, әсіресе, елімізде мемлекеттен орасан зор қаражат бөлініп, «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыру жөнінде ауқымды жұмыс жүріп жатқан қазіргідей кезеңде айрықша өзекті. Сондықтан Бас прокуратура мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп жұмыс істеген жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті біздің республика ТМД-да бірінші болып «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңды қабылдағанын атап өтті.

– Осы заңды қабылдау кезінде мен ешкімге жеңілдік болмайтынын және ешкім де жазадан құтылмайтынын айтып, бүкіл халыққа мәлімдеме жасадым. Мемлекет тиімді басқарушыларды тәрбиелеп шығару үшін көп уақыт пен қаражат шығындайды. Ал олар сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол берсе, жұмсалған сол барлық күш-жігер мен шығын босқа кеткен болып шығады. Халық осыны түсініп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлескен ымырасыз күреске мүдделі болғаны жөн. Қазақстандықтар арасында бұл мәселеге немқұрайлы қарайтындар болмауы тиіс. Ең бастысы, жұртшылық жемқорлық көріністеріне төзбей, ол жөнінде хабарлап, сол бойынша ілкімді шаралар қабылдануы керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.      

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

ҚазАқпарат

Алдыңғы «
Келесі »