Кейбір қазақстандықтар бірнеше акция сатып алумен ғана шектелуде

  • 17.11.2014
  • 315 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазақстандықтардың кейбірі отандық эмитент акцияларын бірнеше данадан ғана алып жатыр. Брокерлер күнделікті жұмысында бір, үш, бес акция сатып алу туралы өтініштерді рәсімдейтінін айтады.

Негізі, активтерді сатып алу бойынша төменгі шек жоқ, тек ең жоғарғы шегі нақты белгіленген. Қазіргі «Халық IPO» науқанының ережесіне сай, 14 мың акция сатып алуға түскен өтініштер толыққанды қанағаттандырылады. Ал KEGOC компаниясына 7 миллион 70 мың теңгеден аса сомасын инвестициялайтын азаматтарға қосымша рәсім күтіп тұр – акциялар «ірі ойыншылар» арасында бөлінеді.

Бұл ретте халықтық IPO-ға қомақты қаржысын салғалы отырғандардың ойы мәлім – экономикалық жағдай сәтті болса, олар үлкен дивидендтерге кенеледі, ал акциялардың бірнеше данасын ғана алушылардыкі азғантай болатынын ескеру керек. Брокерлер өзара мұндай инвестицияларды «акцияларды естелікке алу» деп атайды.

– Мүмкін азаматтар осылайша құнды қағаз нарығын байқап көрмек шығар, бұлар сақ инвесторлар, оларға бағалы қағаздар нарығы әзірге таңсық дүние. Сол себепті олар ірі сомасын тәуекелге бұйырғысы келмейді де, танысу үшін үш-төрт акция сатып алады. Бұл адамдарды түсінуге болады, – дейді «Асыл инвест» АҚ сауда департаментінің директоры Мұхит Сейдахметов.

Сонымен қатар маман мұндай салымдардан мардымды дивиденд күтудің қажеті жоқтығын атап өтті:
– Инвестор брокерге акция сатып алғаны және сатқаны үшін ақы төлейді, оның сыртында биржа комиссиясы бар. Осындай бірқатар шығындарды ескерсек, бірнеше ғана акция алу тиімсіз, тек өз қалтаңыздан ақша шығарасыз. Дегенмен, бұл да тәжірибе ғой, өз қолымен істеп, байқап көру үшін көп адам солай бастайды.

Businessnews.kz.

Алдыңғы «
Келесі »